Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Егемендік жолындағы елімнің ерлігі Эссе
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Егемендік жолындағы елімнің ерлігі
Қазақстан бірлігі мен ынтымағы жарасқан тәуелсіз мемлекет. Қазақ елі – бейбітшілік мекені. Біз ата-бабаларымыз сыйлап кеткен тәуелсіздігіміздің арқасында бақытты өмір сүрудеміз. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанына биыл отыз жыл толып отыр. Көпшілігімізді «Отыз жылда мемлекетіміз қандай жетістіктерге жетті?», «Біз өз ұрпағымызға қандай елді аманат етеміз?», «Мемлекеттігімізді нығайтау үшін тағы да не істейміз?» деген сауалдар толғандырады. Осы орайда өткенге тағы бір сәтке оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды уақыт. Тәуелсіздіктің отыз жылын үш онжылдық кезеңге бөліп қарастыруға болады деп ойлаймын. Біз тәуелсіздіктің бірінші онжылдығын жаңа Қазақстанның іргесін қалау кезеңі деп атағанымыз дұрыс. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің рәміздері, төл теңгесі бекітіліп, елімізде билік жүйесі қалыптасты. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шет елдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданды. Шығыстағы көрші елдермен шекарамыз бекіді. Еліміз ядролық қарудан толықтай бас тартты. Елордамызды Сарыарқа төріне көшірді. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырды. Отандық бизнестің негізі қаланды. Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қоры құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол ашты. Соның нәтижесінде еліміздің еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Екінші онжылдық – керегесі кеңейген қазақ елі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикасы қарқынды дами түсті. Құрлықтағы барлық шекарамыз айқындалып, заң жүзінде бекітілді. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырылып, тарихымыз түгенделді, өшкеніміз қайта жанды. Апатқа ұшыраған Аралды құтқарып, күйі қашқан теңізді қайтара алды. Мемлекетіміз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болды. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тартылды. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі Елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да қарқынды дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биік, өсіп-өркендеген, мерейлі мемлекетке айналды. Шекара мәселесін біржола шешілді. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды көздедік. Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға үлкен мән берілді. Осы толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының және халқымыздың даналығы мен парасаттылығының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың ерен еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, қателеспеген болар едік.
Батыр бабаларымыздың аққан қаны, төккен терімен келген тәуелсіздіктің қадірін ұққан абзал. Себебі, кешегі тәуелсіздікті көксеп, желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Ел басына күн туғанда көзсіз батырлық танытқан батырлардың есімімен мақтана аламыз. Үлгі тұтамыз. Тәуелсіздіктің қадірін ұғынамыз. Сонымен қатар, қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген сөз бар. Тәуелсіздікке ауызбілігі берік халық қана қол жеткізе алатындығы осының дәлелі. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан ата-баба тілегі әрі орындалған арманы деуге болады. Себебі, мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен бірге көш түзеп, дамудың даңғыл жолымен жүріп келеді. Еліміз жыл санап көркейіп, кемелдену үстінде. Бұл әрине ең алдымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі мен қазақ халқының жайсаңдығының жемісі деуге болады.
Иә, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бес жүз жылға жуық уақыт аралығында ата – бабаларымыз азаттық үшін небір зұлмат замандарды бастан өткерді. Жоңғар шыпқыншылығынан бастап желтоқсанның жалыны шарпыған отты жылдар аралығында ашаршылық, қуғын-сүргін, сұм соғыс қаншама батырларымыздың бір арманға тоғысқан тағдыры еді.
Арман... Аққан қан... Төккен тер... Үміт... Сонда бұның барлығы кім үшін?! Әрине, келер ұрпақ үшін. Біз бейбіт елдің ұрпағымыз. Ата - бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген және бізге аманат етіп тапсырған. Аманатты ту етіп ұстау кезегі жалынды жастар мен білімді ұрпақ қолында. Өзінің туған елін сүю, тарихын білу, оны қорғау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда өз елін, жерін ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті біздің бойымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен қалыптасатыны анық.
Арыстандай айбатты, қырандай күшті қанатты бүгінгі ұрпақ, яғни мен елімнің гүлденуіне қандай үлес қоса аламын? Мен елімнің әрбір азаматы адал, еңбекқор, қайырымды, мейірімді, өз ісіне жауапты тұлға болғанын қалаймын. Себебі, мемлекеттің дамуы үшін рухани кемелденген тұлға болу, Абайша айтсақ, «толық адам» дәрежесіндегі тұлға болу аса маңызды. Егер қолымнан келсе мен біріншіден, жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлер едім. Білімді болғаннан бұрын тәрбиелі, иманды, адамгершілігі мол адам болса елін, жерін мәңгі сүйіп, қорғап, адал қызмет етеді деп ойлаймын. Екіншіден, бабаларымыздың рухани мол мұраларын насихаттап, жастарды кітап оқуға шақырар едім. Себебі, кітап адамның тілсіз досы, тәрбие құралы. Үшіншіден, еліміздің өркендеуіне өз білімімізбен ғана үлес қоса алатынымыз анық. Егер жас буынның өзі білім алуға ұмтылмаса, ешкім де, ешнәрсе де, тіпті ең дамыған білім беру жүйесі де оларды ешнәрсеге үйрете алмайды. Мен болашақта өз біліміммен елімнің өркендеуіне үлес қосамын. Отаныма адал қызмет етемін. Отан оттан да ыстық деген дана халқымыз. Әрбір адам өз жүрегіне ең бірінші дүниеге әкелген, ақ сүт берген анасын қойса, екінші орынға «Отан» деген ұғымды қоюы керек.
Сөзімнің соңында өз замандастарыма ата-баба аманатын ардақтап, ащы термен келген тәтті жеңістің мәңгілік болғанын қаласақ, жігерімізді ешқашан өлтімейік дегім келеді. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болуы өз қолымызда!