Ел
боламын десең- бесігіңді түзе
Бала
тәрбиесі-өте нәзік те өзекті, кезек
күттірмейтін маңызды мәселелердің
бірі.Бала тәрбиелеу еңбекқорлықты,белсенділікті,
зеректікті, жан-жақты талап ететін
жауапкершілігі мол іс.
Халқымыз
сан ғасырдан бері бала тәрбиесіне аса
мән берген. Баланың бас ұстазы-ата-ана.
Тәрбие тал бесіктен басталады демекші,
бала шыр етіп дүниеге келген сәттен
бастап, ата-ана алдында үлкен міндет
тұрады. Ол- саналы,білімді, адал да алғыр
ұрпақ тәрбиелеу.Бала-адамның бауыр
еті.Әр ата-ана ұрпағының жоғарыдан
көрініп,қоғамда өзіндік орны бар азамат
болуын қалайтыны анық. Өкінішке орай
бәрі біз ойлағандай бола бермейді.Тәрбиенің
бастауы-отбасында.Әке,ана және баланың
бірлігі-отбасының берекесі,ал
отбасы-қоғамның іргетасы.Отбасындағы
тәрбие баланың қалытасуында аса үлкен
маңызды орын алады. Бала тәрбиесінде
ананың рөлі ерекше, «Әйел-ұлтты
тәрбиелейді» демекші ананың әр іс-әрекеті
балаға үлгі, өнеге болуы тиіс.Ана баланың
бойына мейірім мен қамқорлықты, әсемдік
пен парасаттылықтың,ізгілік пен
биязылықтың дәнін егетіні сөзсіз.Ал,
әке-отбасының тірегі,қорғаны,шаңырақтың
қожасы,баланың ақылшысы әрі сыншысы.Баланың
алдында әке-асқар тау,алынбас қамал,
құламайтын қорған секілді. «Әке
тәрбиелеген есті болар, анасы
тәрбиелеген-епті болар» демекші, бүгінде
есті де епті ұрпақ тәрбиелей алуымыз
керек.
Ал
ол үшін ең алдымен тәрбиелеушінің өзі
тәрбиелі болу керек.Ата-ана күнделікті
өмірде еңбегі,адамдық бейнесі,жақсы
мінез-құлқы,дұрыс қарым-қатынасы арқылы
балаға үлгі. Өйткені,балапан ұяда не
көрсе, ұшқанда соны іледі.Бірақ,өкінішке
орай,бәрі ата-ананың ойлағанындай бола
бермейді.Кеше ғана алақанға салып
әлпештеп өсірген сәби күндердің күнінде
теріс жолға түсіп кетсе,ата-ана үшін
одан үлкен өкініш бар ма? Тәрбиенің қай
мезгілінде,біз өз баламызға деген
ықпалдан айырылып қалдық, қай тұста
олқылық жібердік? деген сауалдар
ата-ананы осы тұста мазалары анық.Бір
қария: «Қарнымның ашқанынан емес,қадірімнің
қашқанынан жылаймын» деген екен. Бүгінгі
өмір шындығы осылай деуге мәжбүр етіп
отыр.Қартайған шақта бармақ тістеп
қалмас үшін, ұрпақ тәрбиесіне салғырт
қарауға болмайды.
«Ел
боламын десең - бесігіңді түзе» деп
Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай,ел
болашағы-ұрпақ тәрбиесінде.Әкеден-ақыл,
анадан-мейір демекші,әкенің дұрыс
бағытын көріп, ананың аялы алақанын
сезініп өскен баланың болашағы жарқын
болмақ.Ел болып, ұрпақ тәрбиесін қолға
алайық!Ел сәні-атаға қарап өскен ұл,анаға
қарап өскен қыз.Елдің тәрбиелі ұрпаққа
артар үміті көп болмақ.Себебі,ұлт
болашағы-ұрпақтан.