"Елбасы-елдің тұтқасы" ашық тәрбие сағаты

Тақырып бойынша 11 материал табылды

"Елбасы-елдің тұтқасы" ашық тәрбие сағаты

Материал туралы қысқаша түсінік
1-желтоқсан тұңғыш президент күніне арналған ашық тәрбие сағаты 8-сынып оқушыларымен өткізілді. Маөсаты Елбасына деген құрмет-сезімдерін ояту, өмір жолынан деректер таныту, оқушылардың патриотттық сезімдерін арттыру
Материалдың қысқаша нұсқасы



«Елбасы-елдің тұтқасы»

1-желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президент күніне арналған сценарий
1- жүрг.

Бар әлемге шын танылдық міне, біз,
Елін сүйген Елбасы деп білеміз.
Тең аталып Қазақстан - Нұрсұлтан
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз.

Күнге беттеп бара жатыр көш жүріп,
Елдің даңқы бар жаһанға естіліп.
Елбасыны құрметтейтін ерекше
Армысыздар, ақ пейілді көпшілік!

2 -жүрг.

Азаттық пен елге қонды тосқан бақ,
Қазақ елін мойындауда дос таңдап.
Елбасының еңбегімен нұрлана
Қазағымның мерейі тұр аспандап.

Елі үшін олжа салып қиырдан,
Ықпаған еш ауыртпалық, қиыннан.
Мерекеңіз құтты болсын көпшілік
Елбасының құрметіне жиылған!

  1. жүрг. Ардақты ағайын, 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Яғни, өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан – мемлекеттік тарихының мерейлі күні саналуға орны лайықты.
    2- жүрг. Жоғары Парламенттің бекітуімен 2012 жылы 1 желтоқсан Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды. Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлік іс - шараға айналуға орны бар екенін шынайы сезіммен айтып өтуге тура келеді. Биыл міне, тағы да осы мерекені тойлағалы отырмыз.

    Елі үшін көтеріп нар жүгін де,
    Сенімі нық сезілетін үнінде.
    Аты озған дүниедегі дүбірде
    Нұрсұлтанмен кім мақтанбас бүгінде?!

    1 жүрг. Қазақстан Мемлекетінің Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік салтанатты жиын ашық деп жариялансын. ҚР Гимні орындалсын.

    2- жүрг. Қазақстан Мемлекетінің Тұңғыш Президенті күні мерекесіне байланысты құттықтау сөз ауыл әкімі Сабыржан Жарқын Қибатұлына беріледі.
    1-жүрг. Келесі сөз кезегі мектеп директоры Бейсенбеков Асыланбек мырзаға беріледі.

Хор: «Нұр аға»



1-жүргізуші:

Елбасының дүниеге келуі.

Шынымен-ақ шырылдаған нәресте үнін ести алмай өтеміз бе деп жүргенде анасы Райымбек бабаның басына барып зиярат етіп қайтқан түні түнде түс көреді.Түсінде буырқанып, дөңбекшіп жатқан теңізді көреді.Теңізге түседі су әуелі белінен, көкірегінен, содан соң мойнынан асады. Бір кезде басы көрінбей кетеді, тұншығамын деп қорқады, бірақ бір ғажабы еркін тыныстап келе жатады, аяғы теңіздің түбіне бір тиіп, бір тимейді. Келе жатып су түбінен мылтық тауып алады, Иығына мылтықты асынып алып, аршындай басып теңізді кешіп өтеді.
2-жүргізуші: Осы түсін ағайындарына жорытқанда «Алла жар болсын, түсің жақсы екен, құдай ұл береді сендерге» дейді. Шынында көп ұзамай анасы бойына бала біткенін сезе бастайды. Сөйтіп 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында осы елдің болашақ көшбасшысы өмірге келеді.Бұл халқының бағына туған бүгінде әлем таныған көшбасшысына айналған қазақ деген қайсар халықтың президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.

2-жүргізуші:

Нұрлы ғұмыр нұрлы мекеннен, жанарына нұр тұнған балалықтан, санасына сыр тұнған дала даналықтан бастау алады. Ойынмен еркелеп, еңбекпен есейіп, намысын жігеріне қайрап, тау өзеніне малтып, қыран қиялмен қияндарға қалқып өр мінезді ер мінезбен атастырып, жігіт болып толысады. «Батыр болар балаңды бетінен қақпа, белін бу» деген қағидамен қағу көрмей, еркін өсіп, ер жеткен бала Сұлтан батыр бабалардың басқан іздерімен балалықтың балдәуренін өткізіп, көнелерден жеткен көсем сөзбен сусындады.
1-жүрг.: Тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры!
Ел тынысын тереңінен танып кең,
Шарапаты бар адамға дарып тең.
Елбасының есімі бұл тарихта
Қалар анық өшпес алтын әріппен.

2-жүрг.:

Елбасының  жүрген жолына саяхат жасау –ол әрине, балалық шағынан бастау алады.

Ендеше, бала Сұлтанның қандай болғанына назар аударайық. Елбасының балалық шағы туралы шағын көріністі тамашалаңыздар.

Әжесі, Сұлтан, әкесі үшеуі далада күн шуағында отыр. Әжесі ішінен бісмілласын айтып диірмен тартып, ал Сұлтан оның қасында өзін қызықтырған сұрақтарын бірінен соң бірін қойып отыр. Әкесі соқаның тісін қайрап отырып, баласына сүйсіне қарайды.

Әжесі: Адам ата жаратқан иемнің тілін алмады. Сол үшін оларды жұмақтан қуып жіберді. Содан соң Адам атаның ұрпағы көбейді.

Әже: Ал біз қайдан пайда болдық? (диірменге бидай салып отырып)

Әжесі: Сен де сол Адам атаның ұрпағысың ғой! Менің құлыным жігіт боп қапты ғой. ( немересіне сүйсініп). Әр қазақ өзінің жеті атасын жете білуі керек.( Әжесі Сұлтанның Әкесіне қарап) Сен балама түсіндірсеңші соны.

Әкесі: Сұлтан мені тыңда да жадыңда сақта жарай ма?

Сұлтан: жарайды

Сенің арғы атаң жетінші атаң Айдар болған. (саусағын санап отырып)

Сұлтан : Айдар

Әкесі: Айдардан Мырзатай

Сұлтан : Мырзатай

Әкесі: Мырзатайдан Кембаба

Сұлтан : Кембаба

Әкесі: Кембабадан Еділ

Сұлтан: Еділ

Әкесі : Еділден Сабақбай

Сұлтан: Сабақбай

Әкесі : Сабақбайдан Назарбай

Сұлтан: Назарбай

Әкесі: Назарбайдан (Сұлтанға қарап )

Сұлтан: Назарбайдан Әбіш

(Әкесі баласына сүйсіне қарайды)

Әжесі: (қуанып) Айналып ғана кетейін,ал Әбіштен сені ғана берген зарықтырып, жаратқан ием. (Осы кезде аспаннан самолеттің дауысы естіледі)

(Сұлтан құлағын түріп, тыңдап дыбыс шыққан жаққа елең ете қалады. ) Төбеден самолет ұшып өтеді. Сұлтан атып тұрып, соңынан Алақай, самолет деп айғайлап жүгіріп кетеді. Әжесі соңынан : Ей,балам қайда кеттің? Астапыралла жаратқан ием жар бола гөр деп күбірлеп жүре береді. Әкесі де Сұлтан ,Сұлтан деп ереді.

2-жүрг.:

Қазақстан дейтін менің бар елім .
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған, 
Бұл далада атам қолға ту алған, 
1-жүрг.:

Бұл далада жылап келіп, уанған
Бұл даланы көріп алғаш қуанған
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!-дей келе мектебіміздің оқушылары арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оқушы кезеңдері туралы бірге білейік.

Көрініс қойылымы

(Сыныпқа Сұлтан қолына құмыраға салған гүлі бар), Сәлем жігіттер (деп мұғалімінің үстіне қояды.) Ерғали: О-о-о гүлді Арайға алып келдің бе?

Сұлтан Арайдың қасына отырып,артындағыларға бірнәрсе айтып жатады.

Ерғали тақтаға Сұлтан+Арай деп жазып айғайлайды. Барлығы қосылып Сұлтан-Арай ,айғайлайды.

Арай ашуланып тұрып, қолына бір-екі кітап алып, Сұлтанды итеріп жіберіп, тақтадағы Ерғалидың басынан бір қойып, жазуды өшіреді. Осы кезде сырттан бір оқушы Апай келе жатыр деп орнына жүгіреді. Барлығы сапырылысып, орындарына отырады. Арай тақтаның алдында қалып қояды. Мұғалім кірісімен Гутен так дейді. Барлығы бірге Гутен так

Мұғалім: сыныпта барлығы түгел, ауырып қалғандар жоқ. Олай болса үй тапсырмасын кім айтады. (Ерғали гүлдің артына басын жасырып, мұғалім еңкейсе, кері еңкейеді.) Кім айтады үй тапсырмасын қайталап сұраймын. ( Гүлді шетке қарай ысырып қояды.)Сыныпта тек ғана Сұлтан қолын көтеріп отыр.

Мұғалім: Әдеттегідей Сұлтан ғана ма? Жарайды Сұлтан келе ғой тақтаға шық.

Сұлтан тақтаға шығып немісше өлеңді зырылдата оқи бастайды.

Мұғалім: Жарайсың, Сұлтан! Журналға бағасын қояды. Сұлтан мәз болып орнына жайғасады.

Мұғалім: Ал ендеше үзіліске шығып келіңдер! Осылайша шымылдық жабылып көрініс аяқталады.

Көрініс:

Таңертеңгі шайдың кезі. Сұлтан: Жеңеше, мен бір керемет түс көрдім.

Анасы: Ол қандай түс, балам?(елең ете қалады)

Сұлтан: Мына Алакелдінің жотасына бір қап тұз арқалап шығыппын. Тұзды жотаға алып шыққаным сол, ауыл жаққа қарасам менің класым да, мектебім де, мектептегі балалар да осы Шамалған ауылының бәрі төме-е-ен жақтан көрінді. Соны өзім арқалап шығарған тұз толы қаптың үстінен қарап отырып көрдім.
Анасы: Балам сен өте үлкен адам болады екенсің, дәрежең жоғары болады екен, тұз деген жақсы нәрсе Алла тілеуіңді берсін балам. Мансабың жоғары, өрең терең, несібең аса мол, еңсең биік болады екен.
2-жүрг.: Ананың ақ тілегі қабыл болды. Нұрсұлтан көш бастады.

Қазақ елі желбіреп көк байрағың,
Гүлге оранды ауылың мен аймағың.
Нұрсұлтаның биіктерге бастады,
Ол көрсеткен нұрлы жолдан таймағын!

Ән: Елбасы орындайтын Трио

1-жүрг.:

Тәуелсіздік – рухы күшті ғажап күн

Артта қалды бодан болған азап күн

Елім, жерім қазағым деп тебіренем

Өйткені мен – тәуелсізбін, азатпын.

Қазақ халқының тұтқасын Нұрсұлтандай ер ұстағаннан кейін Қазақ елінің тарихының жаңа парақтары жазылды.

2-жүрг.:Ия, Елбасымыз жаңа тарихымызды асқан сүйспеншілікпен және зор жауапкершілікпен жалғастырды. Елбасымыздың төл туындыларының бірі- елордамыз, жас қаламыз, бас қаламыз – Астана.

Ән: Астана орындайтындар Ғалымжан Тоғжан Әбдіғапар Жансұлу

Сәнімгүл

Қазақтың барлық елмен тең болғаны,

Елбасы жер-жаhанды кең шолғаны.

Президенті-қазағымның қолбасшысы,

Президент-ұлт көсемі,ел қорғаны.

Нар тұлға күрделі де,жабайы да,

Ақжарқын әмбеге аян арайы да,

Президент-қазағымның Абылайы,

Туған ел толғандырған Абайы да.

Мың жығылып,мың тұрып көп тосқан күн,

Тар кезеңде ызамен дөп басқан күн,

Еліме Тәуелсіздік жолын ашқан

Президент-жебеушісі желтоқсанның.

Нұрсұлтан бастап шықса көшін алдан,

Туды сәт-ел аңсаған шешілді арман.

Жеткізді егемендік биігіне,

Қолында қайсар Алаш оты жанған.

Тілегі ата-баба шоғырланды,

Шыт жаңа өркениет жолын салды.

Астана-Елбасының тақ-тұғыры,

Арманы Абылайдың орындалды.

Осының келген десең қайдан бәрі,

Бабалар дәстүрінен алған нәрі.

Бірінші Президент таза қазақ,

Басына бақыт құсы байланғаны.

Емес қой қиял-аңыз ғаламаты,

Тарихтың бұл да айқын аманаты:

Елбасы-ең бірінші Президент,

Атанып Ата-қазақ қалады аты.

Нұрбану

Қазағымның көз жетпес даласы бар,

Даласының тағдырын данасы ұғар.

Бүгінгі биік даңқымызға,

Айтшы кәне, кімдердің таласы бар.

Қиын-қыстау күндерден өттік, міне

Әлем бізді танитын жеттік күнге

Көреген Елбасының арқасында,

Өзгеге көз сүзбейтін жеттік күйге.

Елім барда мен неге жасқанайын

Өсірдік топырақ түгіл тасқа да гүл.

Жас ұрпаққа жасалды зор қамқорлық,

Жетілдік, қанат қағып аспандадық.

Тәуелсіздік татқызды балын тәтті,

Елу елдің қатарын жақындатты.

Елбасының жасаған әр қадамы,

Халықтан қай кезде де қолдау тапты.

Қырмызы

Рухынан жақсылардың нұр саулаған,

Жанымды мейірімі құрсаулаған.

Жайсаң өлке, жайдары Қазақстан,

Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған!

Нұрына шомылдырып алтын күннің,

Республикам ертеңге талпындырдың.

Өзінен шабыт алып ақын қиял,

Шалықтап кең далада шалқып жүрмін.

Егемен елім десем, сенім кіріп,

Бойымды билеп кетер сенімділік.

Ешкімге ауыстырмас алтын Отан,

Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп.

Жақсылар жанын қиды қасіретпен,

Алаштың ерлері бар асыл өткен.

Арманым болмас еді-ау туған елім,

Гүл жайнап, қазақ болып тасып өтсем.

Өр Елім, маңдайыңнан жарық көрдім,

Бабалар өнегесін алып келдім.

Ескерткіш Елім үшін орнатпасам,

Мына жалған өмірге неғып келдім?

Гүлсезім

Елімнің атын айтсам - Қазақстан,

Жерімнің атын айтсам- Қазақстан!

Қойнауы қазынаға толған мекен,

Байлығым атын айтсам – Қазақстан!

Ел тарихы, жер тарихы – өзіміз,

Болашақтың қасиетті көзіміз.

Барлық ұлтпен бауырласып жетерміз,

Ақ-қараны тіліп тұрса сөзіміз.

Би: Күй шашу

Ән «Жаным қазақ» Ермекбай Мұхтар

1-жүргізуші:
Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың асыл мұраты еңселі ел болу еді.Елім деп еңіреп, « Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлап өтті ата-бабамыз. 1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет Қазақстан Республикасы пайда болды. 
2-жүргізуші: Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым –қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы- біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде. 
1-жүргізуші:Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап бүгінгі күнге дейін көрген жақсылығымыз , дербес Қазақстан мемлекетінің қуаттануы мен абаттануы ең алдымен Елбасының еңбегімен және көрегендігімен тікелей байланысты. Елбасы қазақ елінің әлемдік бәсеке дәрежесіндегі даму жарысына батыл араласып, қиын да күрделі, ауыр да абыройлы жолын ғасырлар тоғысында бастады және мың салалы мемлекеттік істі адастырмай дұрыс жолға қоя білді. 

2-жүргізуші:
Бұл- қазақ халқының маңдайына біткен бақыты мен мақтанышы, елдің бүгінгі жарқын өмір сүруіне жасалып отырған нақты кепілі. 
Ғасырлар тоғысында Елбасының арқасында мың құбылған, сан алуан толқындардың жетегіне ілеспей, ерекше дараланып алға оза шыққан бүгінгі қазақ елі өзіндік қалыптасқан сара жолы бар іргелі мемлекеттердің біріне айналып отыр. 

Диана

Қара Жер жаралғалы қазағымның,
Шын сүйіп, шын түсінген азабын кім?
Жүрекке қолды қойып ниет қылдым,
Жетті деп тарихымды жазатын күн.
Уақыттың диірмендей тасы айналад…
Ұл туса, бауырыңа бас аймалап.
Тағдырды Алла ғана нәсіп етіп,
Тарихты Тұлға ғана жасай алмақ!
Жанардың жәудіретіп нұрын ала,
Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала.
Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,
Күн шықты арай шашып құбылаға.
Күн шықты арай шашып аспаныма,
Дүния кілт айналды басқа ағымға.
Ол Ана ұл тумапты, нұр туыпты
Бүгінгі өзек болар дастаныма.
Ол ұлдың заты – Нұрдан, аты – Сұлтан!
Кеш туған зарықтырып уақытынан.
Жаралған жан әлемі Күлтегіндей,
Халықтың арман, тілек, бақытынан.
Қалауын қабыл қыл деп құс – көңілдің,
Асығы алшысынан түскен ұлдың.
Алладан мәдет тілеп жатқан шығар,
Бауырында Әбіш әкей Үшқоңырдың.
Адал боп ақыреттік жан-жарына,
Қарайлап қоңыр тірлік, мал-жанына.
Ұлтына тұтқа болар перзент сыйлап,
Ол да, әне, үнсіз жатыр Әлжан-Ана.
Жанардың жәудіретіп нұрын ала,
Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала.
Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,
Күн шықты арай шашып құбылаға.
Ел үшін Жерді шарлап ұшқан ұлым,
Ұлт үшін аямаған күш-дарынын.
Қазақта Ер тумайды енді Сіздей,
Жарылып кетсе де өті дұшпанымның.
Бабалар армандаған ізгі үмітпен,
Арылды дана халық жүз күдіктен.
– Нұраға, о не дейсіз? Біз дайынбыз!!!
Тарих тұр сахнадан Сізді күткен…

Бақнұр

Қазақстаным – Отаным гүлдей жайнаған,

Төсінде оның  тасқындап еңбек қайнаған.

Төскейі малға, астыққа толып қамбасы,

Еліміз дамып, жылжыды өрге арбасы.

Әнұран,Туы, Елтаңбасы бар азат ел!

Әлемге мәлім, өркендеп өскен ғажап ел!

Бой тікті қала Есілдің қос қапталынан,

Мақтанышыма мұрагер ұрпақ бола көр!

Көшбасшы өзі, тұтқасы елдің Нұр аға,

Қиялын баптап қондыра білген қияға.

Күн санап менің құлпырып жатса бай далам,

Қуанышы шіркін  кеудеме менің сия ма?

Мәңгілік  болсын тәуелсіздіктің тұғыры,

Күлкімен өтсін, бейбіт күнімнің ғұмыры.

Татулық пенен бірліктің туын көтеріп,

Арманшыл елдің лайланбасын тұнығы.

Маржан

Неткен дала япырау жатқан мынау далиып,

Бір жағында Көкшетау, бір шетінде Алтай ағиық.

Бір шетінде Қаратау- қарт тарихтың куәсі,

Бір шетінде Алатау- жасыл жаннат жерұйық.

Қарт бабам қанмен суарған бұл даланы

Қасиетін қадірін есейген соң жаңа ұқтық.

Жақсылықтан басқа оның түк келмейді қолынан

Мынау жұмыр жаһанға жалқы біткен жарықтық

Бәлкім, біздің бабалар басын тауға, тасқа ұрып

Дүлей дауыл кетсе кенет асқынып,

Дархан дала дастарханы желмен ұшып кетер деп

Төрт бұрышын төрт таумен қойды ма екен бастырып!?

Әсет

Үлгі-өнеге ұлтына ұлағаты,

Бәрі бауыр,

Жоқ жанның сірә, жаты.

Алты құрлық,төрт мұхит ар жағына

Алашымды әйгілеп тұрады аты.

Көзден, тілден сақтай гөр Елбасымды!!!

Самұрықтай бір аттап сан ғасырды,

Астана сап Арқаға,тұңғыш рет

Абылайдың арманын алға асырды.

Туын тікті Азаттық тұңғыш рет,

Кеудесіне ұя сап Күн кішірек.

Симпозиумда. Саммитте салиқалы,

Күллі әлемге ұсынған үлгісі көп.

Асқақтатқан Ақордам көкке айдарын,

Төле бидей төрінде төкті ойларын.

Тұңғыш рет БҰҰ-да желбіретті,

Қазағымның әнекей,көк байрағын!

Жаратылған Тәуелсіз бағына елдің,

Осынау кез шаңқай түс шағы дермін.

Қай құрлыққа ұшса да жүреді ойлап,

Ер Едіге сияқты қамын елдің.

Қадыржан

Қызғыш құстай қорыған аспан,жерін,

Қайда барса жанында жас пен кәрім.

Төбесіне көтеріп Көшбасшымды,

Төрткүл әлем түп-түгел тосқан төрін.

Жастайынан ұя сап жанына арман,

Артына ерген қазағы-қалың орман.

Ер Есімнен еншілеп елдік істі,

Әз Тәукеден тайсалмас тәлім алған.

Қайраткерлік қарымы қабыландай,

Сирек туған перзентті Тәңір ондай.

Өркениет көшіне оза шауып

Жалпақ жұртын бастайды жаны қалмай.

Бірлігінен қуат ап бүгінгі елдің,

Тыныштығын ойлайды Жұмыр Жердің.

«Қой үстіне бозторғай ұя салған»,

Қолымызға қонып тұр шынында ол күн.

Жанерке

Ақ жүзді,ақ маңдайлы,ер тұлғалы,

Сізді көрсем жүрегім бұлқынады.

Бір құдірет,бар Сізде баурап алар,

Елбасы ел иесі,ұлттың бағы.

Ағасыз,жылы жүрек,мейірімі мол,

Жатсынбай бар адамға бересіз қол.

Дағдарыс деп жатқанмен,Сіз ел үшін,

Қиын тұста қиналмай табасыз жол.

Қазағымның маңдайына жаратылған,

Ел үшін ұйқысыз-ақ таң атырған.

Тәуелсіз Отанымның мол бағына,

Тұлғасыз бақ,бақыт боп жаратылған.

Өзіңіздей болса екен жігіттерім,

Мендегі осылайша үміт-керім.

Көш бастаған көреген ретінде,

Ардақтап жатыр Сізді бүкіл елің.

Дін мен тіл қуат берсін бойыңызға,

Тәуелсіздік қашанда ойыңызда.

Нұр аға,қазағымның шамшырағы,

Бір Алла медет берсін жаныңызға.

Айжан

Оттан сақтап, оқтан қорғар берен боп,
Не болса да пешенемнен көрем деп.
Елің үшін түстің талай додаға,
“Күн астынан орын тауып берем!” – деп.
Емен құсап ерек біткен еренім,
Көз жетпеске ой жеткізген төрелім.
Сертке ұстаған семсер сынды жарқылдап,
“Халқым үшін жаным құрбан!” – деп едің.
Ірікпестен лықсып келген сезімді,
Жасырмастан жасқа тұнған көзіңді.
(Ұмытқан жоқ, ұмытпайды бұл халық!)
“Айналайын, елім!” – деген сөзіңді.
Қызғанады-ау, кейбіреулер бағыңды,
Ардақтауға ары жетпей нар ұлды.
Сіз жасаған еркін, бейбіт қоғам бұл –
Шүберекке түйіп жүріп жаныңды.
Ел билеудің қияметін сезем мен,
Елді бастап өткелі жоқ өзеннен,
Алып өттің, ел басына күн туып,
Етікпенен су кешетін кезеңнен.
Бардың қанша нартәуекел қадамға,
Түсініксіз көрінгенмен наданға.
Судың өзі жол береді екен ғой,
Жүрегінде от лаулаған адамға.
Сыншы көп қой біткен іске сынайтын,
Ғұмыр кештің ұлтың үшін ұнайтын.
Жатыр елім күндіз-түні той тойлап,
Құрметіне құрбан шалып Құдайдың.
Шартарапқа байлығымен байқалған,
Қазағымды бақытсыз деп айта алман.
Сара жолға түсті елім тәубә деп,
Жорға сынды төрт аяғы тайпалған.
Атажұрттың керегесі керіліп,
Оғыландар атқа қонды тебініп.
Армандаған, Сіз аңсаған дәуірдің,
Көкжиегі көз ұшынан көрініп.
…Бас иесіз көрген қызық мәнсіздей,
Ел бақытты Елтұтқасы бар Сіздей.
“Ер қадірін ел біледі”, – деуші еді,
Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!!!

1-жүргізуші:Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар: ол-бірлік. Елің қаншалықты қажет болса, Тәуелсіздік жемістерін,, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де сондай қажет. Бүгінде Қазақстан-әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі. Биылғы жылы ЭКСПО- 2017 көрмесіне қатысуға 100-ден астам мемлекет өтініш беріп,бес миллионға жуық адам келді.

2-жүргізуші
Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың шетелде, оның ішінде Парижде ән салған тұңғыш қазақ екенін бәріміз білеміз. Ал оның 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ екенін жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.ЭКСПО көрмесі кезінде қазақтың бір емес бірнеше халық әндерін орындаған. 
Енді міне ТМД кеңістігінде тұңғыш рет біздің елде өткенінің өзі қандай мақтаныш! 
1-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Жолдауы мемлекет дамуының жаңа бағыттарын айқындап берді. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенеміз.
Ән: Үшқоңыр орындайтын қыздар тобы

Күнсұлу

Төрелігін Нұрсұлтандай ағамның,

Мықтылары мойындады жаһанның.

Ту қадаған төбем шыңмен таласып,

Бейқұт, бейбіт бақ қонған жұрт атандым.

Жұлдыз біткен жерге түсіп ақшамда,

Елорданың атын жазды аспанға.

Қисайғанды қиуына келтіріп,

Кемеңгерлер ақыл табар сасқанда.

Тәуелсіздік баршамызға жарық күн,

Бауырмалды мінезімді таныттым.

Ұлылығын дәлелдеді Елбасы,

Қазақ деген қаны таза халықтың.

Ғалам заттың қал-құлт етіп шырағы,

Иман қашты қалқандай боп құлағы.

әлем мұқтаж игіліктің жолында,

қайнап жатыр қазақы рух бұлағы.

Бала демес тар өткелде тапса амал,

Қызыл тілмен талқандаған тас қамал.

Қазыбектер қара қылды қақ жарып

Он үшінде-ақ билік айта бастаған.

Біз кешпеген жерде қорлық қалды ма?

Адам болсаң қуан енді, қалғыма!

Келіп жатыр түгел төрт күл дүние

Төле бидің төңкеріліп алдына

Түйе байлап, би байлап бағына

Кірісті ме қонақ күту қамына

Ағалығын ағайына көрсетіп

Даналығын асырады тағы да.

Мұхтар

Көтеріп тәуелсіздік туын биік,

Келесіз туған елді сүйіндіріп.

Өттіңіз талай қиын асулардан,

Кеудеге сан ғасырдың сырын құйып!..

Жүрген соң қанатыңды көкке жайып,

Атағың жер жүзіне кеткені анық.

Ішінде аз жылдардың әлем білген,

Менің Ұлы Отаным неткен алып!

Қазақтың мойындатсаң алыптығын,

Байтақ ел,

Қолдап отыр халық бүгін.

Еңсесі биік осынау туған елді.

Жырлай бер,

Жырла сен де, шабытты үнім!

Бірлігін, қаншама ұлттың татулығын,

Айшықтап,

Ай-жылдарым жатыр бүгін.

Жебей гөр, Көкте Тәңір, Жерде халқы,

Қазақтың Нұрекеңдей ақылды ұлын!

Тебіренбей отыра алсын ақын қалай,

Еркелікпен ел бастаған,батырлар-ай!

Жалғасып құрлық,мұхит бір ниетпен,

Бөленіп тыныштыққа жатыр маңай.

Жылытқан небір ызғар жанарларды,

Келесіз,асқақтатып,

Ақ-Ордаңды.

Жасаған ерлік ісің,халқың үшін Тарихта,

Ел есінде қалар мәңгі!

«Қазақстаным» әні Кеңес Нұрхан

Би: Флешмоб «Алға , Қазақстан!»

Хор: Киелі топырақ

1-жүргізуші

Сыншы көп қой біткен іске сынайтын,
Ғұмыр кештің ұлтың үшін ұнайтын.
Жатыр елім күндіз-түні той тойлап,
Құрметіне құрбан шалып Құдайдың.


Шартарапқа байлығымен байқалған,
Қазағымды бақытсыз деп айта алман.
Сара жолға түсті елім тәубә деп,
Жорға сынды төрт аяғы тайпалған.

2-жүргізуші:

Атажұрттың керегесі керіліп,
Оғыландар атқа қонды тебініп.
Армандаған, Сіз аңсаған дәуірдің,
Көкжиегі көз ұшынан көрініп.


…Бас иесіз көрген қызық мәнсіздей,
Ел бақытты Елтұтқасы бар Сіздей.
“Ер қадірін ел біледі”, – деуші еді,
Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!!!

1-жүрг.: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді
Отан дейміз туған жер, атамекен
Биік тау, орман, тоғай көлімізді.

2-жүрг.:

Елімде бейбіт тыныш заман болсын,

Тілеймін әр адамға бақыт қонсын!

Барлығы бірге:Елімнің ел ағасын халқы қолдап,

Қазақстан жеріміз аман болсын!

1-жүргізуші:Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасыр­дың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, хал­қын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, тек­шіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат.
2-жүргізуші
Н.Назарбаев – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пай­даланып, ата-бабадан қалған асыл өнегені әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер.

1-жүргізуші:

Назарбаев – әлем мойындаған, жа­һан­ға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі за­манның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Ке­меңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.

Көк түріктің кіндігінен жаралғандар­дың ішінен озып туғаны да, түркі тектес халықтардың лидері де – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Олай болса бүгінгі мерекеге арналған «Елбасы-елдің тұтқасы» атты әдеби монтажды кешімізді аяқтауға рұқсат етіңіздер.

2-жүргізуші:

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет. Салтанатты кешті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты ұранымен аяқтаймыз: тұғырымыз – тыныштық, тілегіміз – татулық, тірегіміз – тұрақтылық болсын!

1-желтоқсан Президент күні тағы да құтты болсын.











































Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
18.12.2017
1471
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі