жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ер есімі- ел есінде мәңгі сақталады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің магистранты
Муканова Гульмира Сагингалиевна
Ер есімі - ел есінде мәңгі сақталады
Қайсарлық пен қарапайымдылық
Отанға деген сүйіспеншілік аса қатыгез
сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты
Н.Ә.Назарбаев
Ұлы Жеңіске биыл 75 жыл толып отыр. Жеңіс! 1945 жылдың 9-мамыры күні дәл осы шаттық хабарды естіп тұрып, бүкіл әлем теңселіп кетті. Жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қақты... Кеңес Одағының тұрғындары 5 жыл бойы күндей күркіреген соғыста – 1418 күн мен түндерде, бүкіл жігерімен Жеңіске ұмтылған...
Бүгінде Жеңіс күні мерекесі -адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның мән- мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық жауыздықты жақсылық жеңген Ұлы күн!
Ұлы Отан соғысы ердің ерлігін, елдігін сынға түсірді. Сол ерлікті кейінгі ұрпақ біздер ұмытпайық! Қазіргі сәулетті өміріміз үшін жас жанын қиып, кеудесін оққа төсеген батырлар қаншама? Солардың есімін мәңгі есте қалдыру бәріміздің азаматтық борышымыз.
Ардагер ағалар еске алар өткендерді,
Өмір үшін өртеніп кеткендерді,
Ал бүгін мақтан етер ұрпақтары
Жеңіс алып еліне жеткендерді,-дегендей «Ерлік өлмейді, ер ұмытылмайды!» Ұмытуға хақымыз да жоқ! Себебі, сол қан майданда құрбан болғандар мен от жалыннан аман оралғандардың есімі, «Жеңіс, Бостандық, теңдік, Бақыт, Бейбітшілік» сөздермен қатар айтылады.
Осыдан 75 жыл бұрын, дәл осы күні таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.
1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты.
1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.
Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.
Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар.
Сонымен қатар өзіміздің жерлесіміз Боранның ерлігі Кеңес одағының батыры, минометшілер расчетінің командирі Боран Нысанбаев туралы айтпай өту мүмкін емес.
Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келген.1942 жылы 6 қаңтарда Есбол ауданының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, №137-атқыштар дивизиясының №770-полкінде минометші болған. Ол Орел облысы, Покровск ауданы, Лески ауылы үшін болған ұрыста жаудың атыс ұясын жойып, сол жерде 1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан.
Лески ауылын жаудан азат еткенде Боран денесінің жанында жаудың 28 жауынгерінің өлі денесі жатыпты. Ол майдан даласында Александр Матросовтан 17 күн бұрын ерлік жасап, жау ұясын кеудесімен жауып, беліне байланған гранаталарын дзот ішінде жарып үлгерген. Сөйтіп, өзі қаза тапса да дұшпандарын жер жастандырып, шабуылдаушы жауынгерлердің жолын ашқан. Жерлесімізге теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңес президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Боран Нысанбаевтың тарихын зерттеуге бұдан 40 жылдай бұрын зор еңбек сіңірген және қазақстандық қызыл ізшілдерді бастап ерлік жолымен жүріп өткен есболдық мұғалім Кенжеғали Қаюпов өзінің «Дауылпаз» кітабында жазғанындай «Боранның бейіті Безымянная деп аталатын терең сайдың қабағында тұр екен. Бұл сай Лескидің шығыс бетін тіліп өтіп жатыр. Бейіттің сол жағы «Ближный луг», «Безымянная», «Суходол» сайлары болып үш айырылады. Лески биік қабақ басында тұрған деревня» («Дауылпаз» 13 бет.) деп жазып қалдырған болатын.
Шынтуайтында, Ресейдің Орел облысы Покров ауданындағы Верхно-Жернов және Дросково селолары жұртшылығы мен шәкірттерінің өздерін қалың жаудың езгісінен босатқан, азат етушілердің бірі - қазақ жігіті Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев есімін ерекше осыншама жылдар бойына қадірлеп келеді. Олар әрбір мереке сайын Дросководағы мектептің ауласында тұрған жерлесіміздің алып ескерткішіне өздерінің азаттығы үшін қанын төгіп, жанын қиған қазақ жігітіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Дросковолықтар 13 ақпанды-өз жерінің, ал, 14 ақпанды бүкіл Покров ауданын неміс басқыншыларынан азат етілген күн ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Ер есімі - ел есінде мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес. Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді! Біз өз аталарымызды мақтан тұтамыз өйткені, олар біз үшін Отан үшін қасық қандары қалғанша күресіп, бізге жеңіс сыйлады. Бұл жеңістің басты себебі, әрине, халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отаншылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халықтарының ынтымағы мен достығы еді.
Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Ұлы Жеңістің негізінде біздің халықтардың бауырластығы, армия жауынгерлерінің, партизандар мен астыртын әрекет етушілердің қаһармандығы, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық күш-жігері жатыр. Біздің азаматтарымыздың көзсіз ерлігі мен табандылығы халықтардың фашизмді талқандау мен бейбітшілік орнатудағы күш-жігер біріктіру қабілетінің жарқын үлгісі болып табылады». Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Бұл күн – біздің халқымыздың жадында ұлы әділдік салтанат құрған ақ ниет пен еркіндіктің , зұлымдық пен зорлық-зомбылықтың күштерін жеңген күн ретінде мәңгі сақталмақ. Біз кешегі соғыста апат болған, жеңістің тәтті дәмін тата алмай кеткен боздақтардың көзі, мен-кешегі қанқұйлы жауды жеңіп, жеңіс туын желбіреткен, еліне аман оралған ардагерлеріміздің ұрпағымыз. Біз -бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның азаматы екендігімізді мақтан етеміз!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген