жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ертегілер арқылы балалардың тіл байлығын өсіру.
Ертегілер арқылы балалардың тіл байлығын өсіру.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде ертегілердің алатын орны ерекше. Ертегілерде халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі,сонымен қатар арман-тілектері де көрініп, балаларға мол рухани азық береді. Халқымызда «Ертегілер жақсылыққа жетелейді» деген керемет сөз бар. Бұл сөз тегін айтылмаған. Ертегілер барлық халық ауыз әдебиетіне тән жанр. Олар жас балалардың ақыл-есінің , мінез-құлқының жақсы жағынан қалыптасып, ой-санасының кеңеюіне тікелей әсер етеді. Ертегі тыңдап өскен бала жастайынан жақсылыққа, әдептілікке, кеңпейілділікке ұмтылып өседі. Ертегі тыңдап отырған әрбір бала, ертегінің ішіндегі бір кейіпкерге іштей еліктеп, тап сондай болуды қиялдап отырады.
Балалар ертегі кітапшаларында берілген суреттерді өте қызығушылықпен қарап, үлкендердің айтқан ертегілерін зейін қойып тыңдайды. Мұның өзі балалардың ертегілерге ұнамды көзқараста екендігін білдіреді. Ертегілердегі образдар өздерінің жан-жақты көркемдігімен, кішкентай балалардың түсінігіне сай қарапайымдылығымен балалардың назарын тартып, өзіне баурап алады. Ертегілердің көмегімен балалардың есте сақтау қабілеттері дамып, ақылы толысады. Олардың ой-қиялы, сезімталдығы дамиды. Балалардың ой-қиялының дамығанын әрқилы хайуанаттардың кесілген дене бөліктерін біріктіру арқылы ғажайып нәрселерді жасағандығынан байқауға болады. Сонымен қатар баланың сезімі, тіл байлығы өсіп, ой-санасы да дами түседі. Ертегілерді тыңдау, оқу баланың өз ана тілін қалыптастыруына көп көмек тигізеді. Ертегілерде әрқашан еңбексүйгіш, батыл жандар марапатталып, жалқау, қорқақ жандар өз жазасын алып отырады. Міне осыдан балалар тәрбиесіне оң әсер етіп, олардың болашақта еңбексүйгіш, батыл болып тәрбиеленуіне көмектеседі.
Ертегілерде өте тамаша табиғат көріністері де суреттеледі. Міне осыдан бала кең байтақ, көркем далаларды, шулы ормандарды, асқар тауларды, сарқырап аққан өзендерді елестетіп, одан өзі тамаша әсер алады.
Әрине халық ауыз әдебиетінде ертегілер өте көп. Бірақ олардың барлығы бірдей мектеп жасына дейінгі балалар ұғымына сай келе бермейді. Сондықтан біз ертегілермен жұмыс істегенде осы мәселеге ерекше көңіл бөлгеніміз дұрыс болады. Ең алдымен мектеп жасына дейінгі балалар ұғымына сай келетін ертегілерді таңдап алуымыз керек. Мұндай ертегілерге мына ертегілерді жатқызуға болады: «Шалғам», «Бауырсақ», «Жеті лақ» және т.б.
Әрбір ертегінің өзіндік идеясы болады. «Шалғам» ертегісі өте көп халықтардың ауыз әдебиетінде кезігеді. Бұл ертегі балаларды өзінше пікірлеуге, оқиғаларды өз ыңғайымен, реттестіріп, шатаспай баяндауға үйретеді. Күш бірл3кте деген нақыл сөздің мағынасын түсініп алуына көмектеседі. Ертегі кейіпкерлерінің басынан өткізіп жатқан ұқсас оқиғалар балалардың сөйлеу қабілетін дамытып, сөз байлығын өсіруге, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ертегіде болып жатқан бір-бірімен тығыз байланысты оқиғалар адамдар арасында да өрбуі мүмкіндігін түсініп алады. Қиын сәтте адамдар бір- біріне көмек қолын созу қажеттігін ұғынады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға ертегілерді көбінесе әңгімелеп айтып беру, сонымен қатар кітаптан оқып беру жолы арқылы жеткізуге болады. Дегенмен қазіргі кезде ақпарат технологияның дамуына байланысты мұндай әдіс тәсілдер тиімсіз болып жатыр. Әсіресе осы ақпарат технологиялары кең таралып жатқан кезеңде, компьютер экраны арқылы ертегілерді «жанды» түрде көрсету сияқты жаңа әдіс-тәсілдерге жол ашылып жатыр. Яғни тәрбиеші ертегіні әңгімелеп жатқанда экраннан осы ертегіге сәйкес слайдылар көрсетіліп отырса балалардың ертегі мазмұнын ұғынуы жоғарылайды. Әрине бұл жерде баяндаушы тәрбиешінің дене әрекеті, дауыс құбылтуы да экранда жүргізіліп жатқан көріністерге сай келіп тұрса нұр үстіне нұр болады.
Ертегіні оқып бастамас бұрын міндетті түрде оның тақырыбы айтылып, балалардан бұл ертегіні бұрын естігенін немесе естімегенін сұрау қажет.
Ал балалар естіген болса балаға тән мінезбен өзінің білетінін достарымен бөлісуге асығады. Балалардан тақырып арқылы ертегінің не туралы екендігін сұрауға болады. Мұндағы негізгі мақсат, ең алдымен балаларды ойлануға мәжбүрлеу, екіншіден еркін әңгімеге қатыстыру. Олар көбінесе өз деңгейінде пікір білдіріп, кейіпкерлерге мінездеме беріп бастайды. Мұндай әңгімелер көбінесе балаларда «көбірек ертегі тыңдау қажет екен»-деген пікірдің қалыптасуына көмектеседі.
Мектеп жасына дейінгі балалар бір ертегіні қайталап тыңдай бергенді ұнатады. Осыған сәйкес бір ертегіні бірнеше рет оқып беру мақсатқа сай келеді. Әрине мұндай кезде тәрбиеші: «Балалар, ертегі ұнады ма? Ертегі мазмұнын түсіндіңіз бе? Тағы оқып берейін бе?»-деген сұрақтарды қойып тұрғаны дұрыс болады.
Кейбір тәрбиешілер ертегіні бір рет оқып болып, балаларға әрқилы сұрақ қоюға ұмтылады. Бірақ балалар бұған дайын болмай қалады. Ертегіні толық түсінбеген болуы мүмкін. Сондықтан әрбір тәрбиеші баланы ертегінің мазмұнына кіргізуге әрекет жасау қажет. Бұл істе тәрбиеші ең алдымен ертегі мазмұнына сай келетін суреттерді пайдалануы керек. Бұл үшін стол үстіне түрлі тақырыптағы ертегі кейіпкерлерінің суреттерін жайып қойып балаларды жеке шақырып, оларға тыңдаған ертегінің мазмұнына сай келетін сурет таңдау ұсынылады. Суреттер баланың ақыл ойын дамыта түседі. Ертегі тыңдау уақытында көз алдыларына елестетіп үлгермеген кейіпкерлердің киімі, жүріс тұрысы суреттің көмегімен «жандана» түседі.
Мектеп жасына дейінгі балаларға ең пайдалы тапсырмалардың бірі тыңдаған ертегісі негізінде сурет сызуды тапсыру болып табылады. Сурет сызу барысында оларға толық ақпарат жетпей, тәрбиешілерден кейбір нәрселерді сұрап алуға талпынады. Осының нәтижесінде ертегі мазмұнына және де тереңірек енуге мүмкіндік ашылады. Сондықтан да балалардың сызған суреттерінен көптеген тың ақпараттарды анықтауға болады. Бұл арқылы біз балаларға қайсы кейіпкер ұнағандығын, оның балада қандай әсер қалдырғанын айыруға болады. Ертегі балаға қалай әсер еткен болса, олар сызған суретте анық көрінеді. Балалар өзі сызған суретті қиып алып, оларды әрқилы ойындарда пайдаланғанды ұнатады. Тәрбиешілер балаларға ертегі оқып беру барысында сол ертегі элементтері арқылы, олардың айналасындағы заттар туралы түсінігін кеңейтіп, олардың таным-түсінігінің дамуына әсер етеді. Баланың өзі де ақырындап осыларға икемделіп, ертегінің ішіне кіре бастайды. Ең алдымен суреттерді қарайды, соң ертегі кейіпкерлерінің есімдерін айтады. Ертегідегі кездесетін тірек сөздерді де жалғастыруға ұмтылып, аяғында ертегіні өзі айтып беретін дәрежеге жетеді. Кейін-ала бірнеше ертегіні салыстырып, ертегі кейіпкерлерлерін мінездеп айтып, тіпті кейбір кейіпкерлерге еліктеп бастайды. Кейіпкерлердің жеке қасиеттерін талдау қабілетіне ие болады.
Ертегілердің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі ондағы кейікерлер міндетті түрде ұнамды және ұнамсыз болып екі топқа бөлінеді. Ертегінің басты кейіпкері батыр, ақылды болса айналасындағылардың бәріне үнемі жақсылық жасап жүреді. Ертегіні оқып болғаннан соң балаларға «Егер,оның орнында болсаң не істер едің? Сеніңше ертегінің бас кейіпкері жақсы ма, жаман ба? Егер ол өз міндетін орындай алмай қалса не болар еді» сияқты сұрақтар тастап, оларды еркін пікірлеуге шақыру балалардың белсенділігін және де дамыта түседі. Тәрбиеші тарапынан шеберлікпен жеткізілген ертегі балалардың көңілін көтеруге, олардың бір біріне мейірімділікпен қарауына, бізді қоршаған дүние туралы түсініктерін молайта түсуіне көмектесетінін бір сәт те естен шығармауымыз керек.
Мектеп жасына дейінгі балалар көркем мәтіндермен негізінен есіту арқылы танысады. Сондықтан да тәрбиешілер мәнерлеп оқуға көп мән беруі тиіс. Мәтінді қабылдауға көмектесетін көрнекі суреттерді де дұрыс таңдау ләзім. Бұл жастағы балалар көбінесе айналадағы құбылысты тура күйінде қабылдауға бейім болып келеді. Сондықтан да таңдалған суреттер мейлінше шындыққа сай болуы керек. Мысалы: қоян қасқырдан үлкен болмауы, қарға торғайға ұқсап қалмауы және т.б.
Егер бала қойылған сұрақтарға толық жауап беру, мәтінді ұйып тыңдау қабілетіне ие болса, онда оның сөйлеу қабілеті қалыпты дамып жатыр деп есепеуге болады. Мәтінмен жұмыс істеу негізінен екі басқышта жүргізілуі тиіс: алғашқысы балалар бір мәтінді бірнеше күн бойы тыңдайды.Сосын мәтінге байланысты сұрақ жауаптарды түрлендіріп отыру қажет. Ертек мазмұнын әңгімелеу барысында балаларда дауысты құбылту мәселесін үйрету өте маңызды шарттардың бірінен саналады. Яғни әрбір кейіпкердің дауысын ұқсатып айтуға үйрету қажет деген сөз. Міне сонда ертегі өте әсерлі болады.
Жоғарыды айтылған пікірлерді жинақтай келгенде «Бізді ертегі не үшін қызықтырады»- деген заңды сұрақ пайда болады. Ең алдымен бала ертегі арқылы мысалға алынған хайуандардың мінез құлқын, қылық әрекетін, дауысын жақыннан үйрене түседі. Екіншіден кейбір мәтінде кездесетін өлең жолдарын белгілі бір әуенмен айтқызу арқылы балалардың әуендік сауатын дамытуға болады. Үшіншіден ертегілерді сахналастыру арқылы балалардың сөйлеу, хайуандарға дауыс беру қабілеттерін арттыра түсеміз. Бұлардың бәрін орындаудағы мақсат балалардың сөйлеу қабілетін және сөз байлығын арттыру болып табылады.
Қорыта келгенде балалардың сөйлеу қабілетін дамытып, сөз байлығын арттыруда ертегілердің алатын орны ерекше. Сондықтан да біз өз жұмысымызды жүргізу барысында ертегілерді көптеп қолдануымыз қажет деп есептеймін. Ертегілер балалардың сөйлеу қабілетін дамытуда ғана емес, оларда адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда да көмегі зор деп есептеймін.
Якупова Еркінай
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы,
Қарасу ауылы,
«Балапан» балалар бақшасы
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген