Материалдар / Эссе: Тәуелсіз елдің ұстазы

Эссе: Тәуелсіз елдің ұстазы

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұстаздық жолының ең керек, әрі еңбекті көп талап ететін жолы екенін көрсетеді. Баламен жұмыс жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
05 Желтоқсан 2021
272
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Эссе

Тәуелсіз елдің ұстазы

Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.

К.Д.Ушинский


«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау.»-деп, француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі қашанда еселі келеді. Өмірлерін білім мен ізденіс үстінде ұстайтын, білгенін білмегенге үйрететін, бар уақытын оқушылары үшін мектеп жолында құрбан етер аяулы жандардың өз жеке өмірдеріне де уақыттары болмай жататындығы өтірік емес. Мінездері түрлі-түрлі балалардың жүрегінен жол табу, олардың ішкі жан дүниесін түсініп, бірге білім шыңына көтерілу басқа-басқа, мұғалім үшін ол мүлде жат дүние емес.Бүгінде елімізде осы мамандықты жанына жалау еткен қаншама жастарымыз да бар.

«Ұстаз болу-ерлік». Бұлай деуімнің де бірден бір себебі баламен жұмыс жасауда көп сабыр мен төзімді қажет ететіндігінде. Баламен тығыз байланысы бар бұл мамандықта, балаға махаббат болмауы мүмкін емес. Өйткені, балаға мейірім болмаса, бұл жұмыстың да берекесі қашары сөзсіз. Қай заманды алып, бағаласақ та ұстаздарға деген құрмет жоғары болған. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы»,-демекші әр адам өздерінің өмірде жеткен жетістіктеріне алғашқы ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп бағалаған. Тіпті, ақыл-парасаты келіскен тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ыстық ізетпен еске алғаны мәлім.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»,-деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Ұстаз үшін баланың бойына білім дәнегін сеуіп, өмірден өз жолын тапқызып, үлкен жолға жетелеуден асқан бақыт жоқ дер едім. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүреді,әрі ізденуі тиіс. Қазіргі таңда, мұғалім тәжірибесін жаңамен ұштастыра білуі, кәсіби қызығушылығының жоғары болуы, танымы биік, бастаған әрбір ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми жұмыстармен етене байланысы бар маман болуы басты нышан. Бұрынғы заман мен қазіргі заман ұстаздарында өзгеріс жоқ деу қате.

Ш.А.Амонашвилидің «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойына да сүйіспеншілікті дарыта алмайды»,-деген сөзі босқа айтылмағаны белгілі. Қазақ елі өз алдына дербес ел болмай тұрып-ақ, қаншама білімді ұстаздардың болғанын айтпай кету мүмкін емес. Қазіргі кездегідей көп мүмкіншілік болмаса да, өз білгенін келер ұрпаққа өшпес іздей қалдыра білген олардың еңбектері ерен. Бүгінгі таңда ұлт санасының жетілуінде педагогтердің еңбегі елеулі орында тұрғаны анық. Менің ойымша, тәуелсіз елдің мұғалімі – рухани жағынан дамыған, білікті маман болуы керек. Қазіргі заман легіне қарай, техникалық құрылғыларды терең меңгерген, жер-жердегі болып жатқан қаншама тың ақпараттарды біліп, жасөспірімдерді де жаңа нәрселермен таңғалдыруда шеберлік танытатын тұлға болуы тиіс.

Ақылды ұстаз – назарынан ештеңені тыс қалдырмай, тәлімгерді білім шыңына жетелейді, бағыт-бағдар береді. Мен өзім де әркез ізденуден еш жалыққан емеспін, жалықпаймын да. Жаңа нәрселерге жаным құмар. Сол талпынған қаншама еңбектерім де нәтижесіз болған емес. Ұстаздық жолына деген махаббат, нағашы атамның қаны арқылы дарыған десем артық айтқандық болмас. Атам Тұрар Рысқұловтың ұрпағынан шыққан текті, сөзге шешен, білімді кісі болған.Тіл әдебиеттің маманы, нағыз жанашыры болған ол, қашанда жаңа жаңалықтарды білуге асығатын. Атамның әдебиетке деген ыстық ықыласы, менің де бойыма дарығаны сөзсіз. Ұстаз болу оңай дүние емес. Үнемі баланы қалай таңқалдыруға болады деп, ізденіп, әр баланың жүрегінде өзіндік бір із қалдыру, кез-келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,-демекші ел ертеңі болар жас ұрпақтың білім жолында ізденіп, қалыптасып, адамгершілік, туралық қасиеттерін өн бойына жинап, бір кірпіштей қаланып кетуінде, ұстаздың рөлі ерекше. Ұстаз – ол сенің екінші анаң, осы сөзді жадымызға түйіп өскен мына бізде, күні бүгінге дейін ұстаз бойынан мейірім іздейтіндігіміз өтірік емес. Ендеше, ұстаз мейірімді болуы тағы қажет деп ойлаймын. Баланың тілін табу, оның бойындағы болып жатқан небір түрлі өзгерістерді байқап, оған қолдау мен көмек беретін ұстаздардың қатарына өзімді де кіргізер едім.

Оқу бағдарламасының жылдан-жылға өзгеріуі, ұстаз үшін таңсық болмауы қажет. Өйткені, «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады»,-деп Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтып кеткендей, мұғалім тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы бар, танымы жоғары, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын өз ісінің шебері болуы тиіс.

Ұстаз болу – жұректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз бол – мінездің күн шуағы

Азбайтұғын адамның алтындығы.

- ,деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, жүрегі жалын, тілі өткір, өнерлі, батыл, білімді ұстаздардың көп болғанын мақтаныш етемін.

Бала күнінен ананың қанатының астында қорғанып өскен әр перзент, білім жолына қанат қаға бастағанда сескенетіні шындық. Балабақшаға апарған кездің өзінде де, балада адаптация жүретіні бар. Ол жатсынады, бөтен жерді, бөтен ортаны көргенде, өзін бейне бір басқа әлемге кіріп кеткендей сезінеді. Бұндайда балаға күндей жарқырап көрінетін бір жан болады. Ол – ұстазы! Сабаққа келерінде күлімдеп күтіп алып,кетеріңде киіндіріп шығарып салатын да сол ұстазың. Ауырғаныңда үйде анаң уайымдаса, мектепте уайымдайтын жалғыз жан, ол – ұстазың. Үйдегі бірінші анаң – өз анаң болса, мектепте екінші анаң ол – ұстазың. Осындай еңбегі ерен, көп махаббатты да, терді де, сабыр мен білімді де, жан-жақтылықты да қажет ететін ұстаздың жолы – ұлы жол.

Өткен күннің елегіне көз жүгіртсек, дәл бүгінгідей ұстаздарға іздену қиындық соқтырғаны анық. Қазіргі таңдағы жаңашыл мұғалімнің білім жолында ізденуінде еш кедергі жоқ деуге болады. Қаншама мағлұматтар, семинар, курстар, оқулықтар, мұржалар, кітапханалар шексіз деуге болады.Оның барлығына тек ниет пен құлшыныс болса да жетіп жатыр. Жаңартылған білім мазмұнымен балаға сабақ беруде ұстаздың тапқырлығы мен ізденуінде көп бағыт-бағдар жатыр. Сабаққа қызықты психологиялық ахуал тудыру мен жаңа сабаққа деген қызығушылықты ояту, өткен сабаққа креативті шолу жасау мен рефлексияны оқушыларға әсерлі жеткізе білу, балаларды бағалау мен олардың өз-өздерін бағалауында шеберлік таныту, үй тапсырмасы мен кері байланысты бір-біріне ұштастыра , бір қырық бес минутқа бәрін сыйдыра білу ұстаздың нағыз шеберлігінде деп айтар едім. Әр оқушының жеке психологі болу кез-келгеннің қолынан келе бермес дүние. Алдыңа келер әр бала үшін, ұстаз-жеке тұлға, білімді мотиватор,ақылды жанашыр.

Кез келген ұстазға оқушы жан сырын аша бермесі анық. Баланың сеніміне кіріп, жүрегіне жол таба білу де оңай шаруа емес. Соның бәріне де асқан шеберлік танытып, әр оқушы жүрегінен орын ала білетін ұстаздарымызға бас имеу мүмкін емес. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара қамқорлық пен сыйластық болуы керек деп ойлаймын. Бірін-бірі түсіне білмеген адам арасында көпір қалануы да екі талай. Менің өз өмірімнен айтар болсам, үлкен сынып болсын, мейлі, кішкентай сынып болсын барлығының менің жүрегімде жеке бір орындары бар. Олай деуімнің себебі: Үлкен сыныптар менімен ашық сырласа алады,маған сенеді, ал кішкентай бүлдіршіндерім мені құшақтап амандасады. Олардың маған деген махаббаттарын сезіну мен үшін үлкен бақыт. Әр сыныптың оқушыларының мінез құлқы, ішкі психологиясы, бәрі-бәрі маған таңсық дүние емес. Өйткені, мен сабағымды бастамас бұрын, әр оқушымның мінез-құлқына көз жүгірту арқылы психологиялық ахуалды қалыптастыруға көшемін. Бір оқушы көңілсіз отырғанында, елемей, жаңа тақырыпты бастап кету, менің ұстаздығыма сын. Әрине, мінсіз адам жоқ сияқты, мінсіз ұстаз да жоқ. Қателіктер де болып жататын кездері де болады. Бірақ, әр адам қателіктерден сабақ алуы тиіс деп ойлаймын. Әр сәтсіз сәт, бізге жаңа идеяларға бастама болуы қажет. Әр сәтсіз сәт, жаңа ойларға, биік шыңдарға апарар жол болуы керек. Кез-келген сынды да, сынақты да көтере білу қажет. Өйткені, ұстаздық жолында оның бәрі де кездесері сөзсіз.

Мәселен, тәжірибе алмасу кезінде көрсетілетін семинар сабақтарда сын айтылары сөзсіз. Ол сын орынды болады. Соны қабылдай білген, есінде сақтап, келесіде сол қателіктерді екінші рет қайталамай жұмыстанған ұстаз. Нағыз өз ісінің шебері болары анық.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға.

Абай Құнанбайұлы





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ