Тәуелсіздік
- бұл менің
бостандығым
Тәуелсізбін танып тұрмын
өзімді,
Ұшырамын қанат байлап
сөзімді.
Ешкім енді көкірегімнен
итеріп,
Ешкім енді шұқымайды
көзімді.
(Т.Медетбек)
Тәуелсіздік-«тұлпар мініп, ту
алып», ел қорғаған батыр бабаларымыздың арманы. Тәуелсіздік-талай
ғасырлық ұлттық арман мен мақсаттың ұштасып, жеткен жетістігі. Йә,
тәуелсіздік-мәңгілік елдің мәңгілік ұраны.
Қай ел, қай адамзат баласы
болсын, бостандық пен бейбітшілікті қалайды. Бізге де бір кездері
ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, қазақ елі әлемге
танылды. Ұлттық белгілерімен көз тартатын рәміздеріміз бекітіліп,
шекарамыз бекемделді. Өнер мен білімге қалай игеремін десе де,
жастарға даңғыл жол ашылып, мүмкіндіктер берілді. Тізгіні тиіп,
төрімізге озған тәуелсіздігіміз 32 жылды артқа тастап, еліміз
еңсесін көтерді. Бұл туралы еліміздің президенті Қасым-Жомарт
Кемелұлы тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойында «Тәуелсіздік
бәрінен қымбат» атты мақаласында егжей-тегжейлі тоқталып өткен
болатын. «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен
құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» бөлімдерінен тұратын мақаласында ел
басшысы осы тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз бен
кемелдену кезеңдерінде біріге атқарылған ауқымды жұмыстарды саралап
көрсеткен. Сондықтан бұл мақаланың мәні мен маңызы ерекше
болды.
32 жыл! Бұл ойлап қарасаңыз,
аз уақыт емес. Кешегі шырылдап дүние есігін ашқан сәби бүгін орда
бұзар отыз жастан асты деген сөз. Ұлы жазушымыз М.Әуезовтің «Ел
боламын десең, бесігіңді түзе» деген ғибратты сөзі бар. Елбасымыз
ел бесігін бірге тербетуді бір тудың астына жиналудан бастады.
Тарихымыздың қиын-қыстау кезеңдерінде мал мен жанын сауғалап, ел
асып кеткен қандастарымыздың тарихи ата жұртына қайта оралуына
барлық мүмкіндіктерді жасады. 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан
аралығында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен өткен
құрылтай – осы игі бастаманың айқын дәлелі еді. Құрылтай күндері
«Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми
конференция өткен болатын. Сол конференцияда Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта
баяндама жасады. Қорыта айтқанда, бұл құрылтай шет елде жүрген
қазақтарға олардың арқа сүйер іргелі елі бар екенін таныта білді.
Осыдан кейін «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы түзіліп, жырақта
жүрген бауырларымыз елге қарай бет түзеді. Елге ел қосылып,
мемлекеттің демографиялық көрсеткіштері өсті. Тағы бір айта кететін
жетістік, өзге елдегі халқына көңіл бөліп, елге жинап алу ісіне
айтарлықтай қаржы бөліп, заң қарастырған әлемдегі үшінші мемлекет
болдық.
Бұл жылдарда білім саласына да
аса үлкен көңіл бөлінді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе
бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік» деп Абылай
ханның алаңдаған дәуірін еске түсірсек, өнер мен білім игеруде
халқымыз көп қиындықтарды бастан кешкен. Қазақ зиялы қауымының
өмірі мен шығармашылығына үңілсек, осындай қиын-қыстау кезеңдердің
куәсі боламыз. Бірақ, тәуелсіздік жылдарында білім саласы
айтарлықтай дамыды. Қазақ мектептері мен балабақшалар көптеп
ашылды. Мемлекеттік тіліміздің де мәртебесі көтерілді. 1991 жылмен
салыстырғанда, қазақ сыныптарында білім алушылардың саны 40 пайызға
өсті. Білім мен ғылым жолын қуған жастарға қолдау көрсету
мақсатында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асты. Мұның бәрін
тәуелсіздігіміздің толағай табыстары деп айта
аламыз.
Ақ білектің күшімен, ақ
найзаның ұшымен елді қорғап, дала төсін қанға бояған қас
дұшпандарына қарсы шыққан батыр бабаларымыздың бүгінгі бейбіт күнге
қосқан үлесі қаншама! Ұлттық тарихымыздағы ұлы тұлғаларды ескеріп,
қаншама бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бұл да тәуелсіздігіміздің
айтулы жетістіктері деп айта аламыз. Халқымыздың адамзаттық, ұлттық
және рухани құндылықтарын қалыптастырып, оны дамыту істері де қолға
алынып, жалғасын тауып жатты. Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған
күннен бастап, әрбір күніміз маңызды саналады. Себебі, ел іргесі
тіктеліп, еңсесі көтеріле берді. Ел басқару ісінде жүрген білімді
де көреген қайраткерлердің салиқалы саясатының арқасында ауыз
толтырып айтатын табысты жұмыстар аз болмады. Ұлттық шекараны
айқындау, ұлттық теңгені шығару, рәміздерді белгілеу, елшілік
жұмысын қалыптастыру, Ата заңымызды бекіту, жаңа ел ордасын тұрғызу
, ішкі және сыртқы экономиканы дамыту, барлық салада қырағылық
танытып, еңбек ету бір адамның қолынан келмейді. «Жұмыла көтерген
жүк жеңіл» демекші, бұл отыз екі жылдық жетістік бірлік пен
ынтымақтың арқасында келді. Демек, елім деп соққан жүрегі бар әрбір
қазақ осы мерекенің иесі деп ойлаймын. Қасиетті де киелі
тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
“Ынтымақ» жалпы орта мектебінің
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекенова Улжан
Лесбекқызы