жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Этникалық сана-сезімнің қалыптасуына қазақ зиялыларының ықпалы
Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігі
Оңтүстік Қазақстан облысы
М. Горький атындағы жалпы орта мектеп
Баяндама
Этникалық сана-сезімнің қалыптасуына
қазақ зиялыларының ықпалы.
Дайындаған:
Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі:
Найманова А. А.
2018 ж
Этникалық сана-сезімнің қалыптасуына қазақ зиялыларының ықпалы.
Кіріспе
«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, осынау ұлан-ғайыр кең жерде көшіп-қонып өмір сүрген, мал өсіріп күнін көрген қазақ деген өзі момын халықтың, өзі жаужүрек халықтың басынан нелер келіп, нелер кетпеді десеңші.
Сонау әріде «ақ табан шұбырынды» болып босып жүрсе, кейін патшалық Ресейдің боданына айналып, еркінен айрылып, езгісіне төзді. Қолдан жасалған ашаршылықтан қаншама қазақ көмусіз көз жұмса, көзі ашық, көкірегі ояу деген қаншама азаматтарымыз «халық жауы» деген жаламен атылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама боздақ атамекеніне оралмады. Абай, Шәкәрімдер дүниеге келген қасиетті мекен сынақ полигонына айналды, оның зардабын қанша мың адам әлі күнге дейін тартып келеді. Арал теңізінің тартылуы, Байқоңыр ғарыш айлағы - бұның бәрі экологиямызды ластап, адамдарды түрлі ауруларға ұшыратты. Орыстандыру саясатының арқасында тілімізден, дәстүрімізден, қазақы болымысымыздан айрылып қала жаздадық. Өз еліңде, өз жеріңде өз еркіңнің болмаудың қасіретін сезіндік.
Бүгін, міне, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке қол жеткіздік. Осы күнге куә болған бүгінгі ұрпақ қандай бақытты еді. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты қиын болса, енді оны сақтап тұру одан да қиын. Ғылым мен техниканың күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан мына заманында қатарыңнан қалмау, білімді, сауатты болу, патриот болу, сондай-ақ иманды болу біздің замандастарымыз үшін үлкен міндет.
Негізгі бөлім
«Өткенге салауат, бүгінге аманат» демекші , кешегі зобалаң жылдарға көз жіберіп сараласақ, кеткен қателіктер мен олқылықтардан үлкен сабақ алуымызға болады. «Түбін білмеген, түгін білмейді» дегендей «ұрпағы үшін,елі үшін, атамекен жері үшін» еңбек еткен, өмірін құрбан еткен арда азаматтарымыздың өмірі мен еңбектерін халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныстырып, насихаттау қажет-ақ. Дегенмен олар туралы әлі де көп нәрсе зерттелмеген. Себебі кешегі Кеңес өкіметі тұсында ақиқат теріске шығарылып, тарихымыз бұрмаланып келгені белгілі.
Тарихымызда еңбегі ерлікпен пара-пар қаншама ұлы тұлғаларымыз бар, оларды ұрпақтары танып білуге міндетті. Соның ішінде алашордашылардың алатын орны ерекше. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздері соның айғағы:
«Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті.Тарихтың қай кезеңінде болсын,олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген.»
2017 жылы – Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Бұл – ұлттық-демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының ұстанымдары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Бірақ азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлеріне көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмады. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда олар қанын да, жанын да аяған жоқ. Ғылыми деректерге сүйене отырып, ұлт зиялыларының алған білімі мен алаш қозғалыс ұйымдастыруға түрткі болған мәселелерге тоқталғым келеді.
« XX ғасырдың басында қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылады екен. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Санкт-Петербург қаласы атқарды. Бұл қалада Ә.Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), М.Тынышбаев (Темір жол көлігі институты), Х.Досмағамбетов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академия), Б.Қаратаев, Ж.Досмағамбетов, М.Шоқай (Санкт-Петербург университеті) сияқты ұлт – азаттық қозғалысында өшпес із қалдырған қайраткерлер білім алды.
Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрды. Бұл топтың қатарында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар бар еді.»
М.Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді: «Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд басшыларын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады. Олардың бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды, қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды. ..... мектеп салуға тыйым салынды, мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан Хазрет т.б), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес..... Қазақ елі міне осындай түсінікте өмір сүрді. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдену шегіне жетті. Осының бәрін көріп тұрып, өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым.»
Әрине, қазақ зиялылары этникалық сана-сезімнің қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Мәселен, 1917 жылы Орынборда өткен І және ІІ жалпықазақ съездерін белсене ұйымдастырды. Ауыл-ауылдарды аралап, баяндамалар оқып, үгіт насихат жұмыстарын жүргізді.
Бұқаралық ақпарат тарату үшін газет-журналдар шығарып, өздерінің мақалаларын, шығармаларын, жаңалықтарды жариялады. Әсіресе, А.Байтұрсынов редакторлығымен шығатын «Қазақ» газетін ерекше атап өтуге болады. А.Байтұрсыновтың өзі: «Газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» -деп көрсетті. Ахмет Байтұрсынов пен өзге де көзі ашық, сауатты, білімпаз серіктері біраз жыл шығарған сол газет кейін жабылып тынды. Әйтсе де, Ахметтің өзінен бастап, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, т.б. Алаш арыстары аталмыш басылымда айтарын айтып, кеуде кернеген ой-толғамдарын жария етті.
Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де А.Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұран салды. С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Ә.Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.
Оқу –ағарту ісіне кіріскен алашордашылар көптеген оқу құралдарын жазып шығарды. Мәселен, М.Дулатов бастауыш мектеп оқушыларына арнап «Оқу құралы», «Есеп құралы» деп аталатын оқулықтар жазды. Ж.Аймаутов педагогикалық оқу орнында қызмет істеп жүріп, жас ұрпақты жаңа жаңа рухта тәрбиелеуді көздеді. Сол үшін «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Психология және өнертану», «Комплексті оқу жолдары» атты елеулі кітаптар жазды. А.Байтұрсынов «Тіл қасиеті», «Тіл әуезділігі» сияқты көлемді еңбектері көркем сөздің құпия сырларын түсіндіруге тырысты. «Тіл тазалығы дейтініміз- ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау»- деп, оған ерекше мән берді. М.Жұмабаев «Бастауыш мектепте ана тілі», «Педагогика» атты еңбектерін жариялайды.
Қазақ зиялылары қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді. Ж.Аймаутов «Ақбілек» атты қазақ тіліндегі тұңғыш романды жазды. С.Торайғыров «Қамар сұлу» атты өлеңмен жазылған романды ұсынды. М.Жұмабаев поэзияның жаңа үлгілерін дүниеге әкелді. А.Байтұрсынов «Қырық мысал» жазса, Б.Майлин шағын әңгіме шебері болды және т.б. Сондай ақ, көркем әдебиет стилін, публицистика стилін, ғылыми стилін дамытты. Осының барлығы қазақ халқының ұлттық сана сезімін оятуға, бостандыққа, рухани азаттыққа ұмтылуға бағытталған.
Қорытынды
ХХ ғасырдың басында қазақ
халқының болашағы үшін күресіп, халықтың ұлттық сана-сезімін
оятуға ұмтылған, отаршылдыққа қарсы шыққан Алаш қозғалысының
тарихтағы орны мен маңызы зор. Ғұмыры қысқа болса да бұл қозғалыс
қазақ тарихында өшпес із қалдырған, ең бір айтулы тарихи кезең
ретінде сақталған.
Дегенмен, бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі
мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі
таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел. Алаш
қайраткерлерінің тәжірибесі Елбасы айқындап берген «Мәңгілік Ел»
патриоттық актысымен үндесіп жатыр.
Қазіргі таңда алаш азаматтарының өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген деректер анықталуда. Тәуелсіздіктің арқасында тарихшы ғалымдарымыз Кеңес өкіметі тұсында мүмкін болмаған архивтерге қол жеткізді. Соның арқасында Ж.Аймаутовтың бұрын соңды еш жерде жарияланбаған әңгімесі табылды, А.Байтұрсыновтың соңғы термесі Орынбор архивтерінен табылды. М.Жұмабаевтың 1938 жылы «атылды» деп көрсетілуі жалған екені, оның 1951 жылы Магадандағы Колыма азап лагерінде қаза тапқаны туралы деректер анықталды. Біз әлі де көптеген алашордалықтардың есімін білмейміз. Олардың есімдері мен ерліктері әлі жария болатынына сенімім мол.
Пайдаланған әдебиеттері:
-
К.Есенқызы «А.Байтұрсынов – ұлт көсемі»
-
З.Асабаев «Қазақты сақтайық»
-
С.Т.Нығметов «Мағжанның бастауыш мектепте оқу ісіне қосқан үлесі»

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген