жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Фариза Оңғарсынова "Жыр- менің жалғыз тарланым" әдеби- сазды кеш
«Жыр – менің жалғыз тарланым» атты ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби жыр кешінің сценарийі
Мақсаты: Поэзия патшайымы Қазақстанның халық жазушысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмір жолын, өнерін, өр мінезін, асқақ рухын оқушыларға насихаттау. Поэзия әлеміне, сөз өнеріне сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекілігі: ақынның суреті, слайд, цитаттар.
Барысы
Көрініс:
Ортада әйелі мен күйеуі отырады. Отағасы қолында домбыра, отанасы қолында кесте.
Әйелі: Отағасы, бүгін бір ғажап түс көрдім. Түсімде саялы бақтың ішінде қыдырып жүр екенбіз. Айналамызда албырап пісіп тұрған алма ағаштары. Мен сол алмаларға қызығып біреуін ағаштан үзіп алғым келді. Бір уақытта көзіме бір алма ағашы түсті. Ол ағашта алманың орнына том – том болып кітаптар ілініп тұр екен. Сол кітаптардың арасында қып – қызыл алма көздің жауын алатындай болып тұр екен. Мен қуанып кетіп, сол алманы алып, рахаттанып жеп жатқан жерімде оянып кеттім.
Отағасы (күліп): Ай, тәйірі – ай. Алла бұйыртса, екеуміз армандап жүрген қып – қызыл алмадай қызымыз дүниеге келеді екен. Қызымыз жай қыз емес, том – том кітаптарды жазып қалдыратын ақын ба, жазушы ма болатын сияқты.
Әйелі: Айтқаныңыз келсін, отағасы, айтқаныңыз келсін!
(Фаризаның өз даусы)
Кадрдан тыс дауыс (Абзал) : Қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан қазақтың ерке, ақын қызы Фариза туған елін өз жырларына қосып, әр қазақтың жүрегіне салмақты ой сала білген, қайталанбас дарын иесі. Оның өлеңдері арқылы күш алып болашаққа нық сеніммен аттанған бүгінгі ұрпағымыз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы алдында тағзым етеді.
Жүргізушілер ортаға шығады: Рысдәулет, Элдана, Берік,Аяулым
Рысдәулет:Армысыздар құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар!
Эльдана:Бүгінгі әдеби кешімізді жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген
Аяулым: Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған
Абзал: «Жыр менің жалғыз тарланым» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер!
Эльдана:Экранға назар аударайық.
Слайд сөзі:
Атырау
облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында
1939 жылы 25 желтоқсанда өмірге келген.
Фаризаның әкесі Оңғарсын Иманғалиев —
оқыған, елге қадірлі азамат. Қазіргі
Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын
ұйымдастырған. Ал анасы Қалима Иманғалиева
арабша хат танып, қазақ халық ауыз
әдебиетін жақсы білген.
Ақын
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық
институтын бітіріп, мектепке мұғалім
болып жұмысқа кіреді. Кейін облыстық
"Коммунистік еңбек" газетінің
редакциясына әдеби қызметкер болып
орналасады. 1968-1970 жылдары сол кездегі
"Лениншіл жас" газетінің Орал,
Гурьев және Ақтөбе облыстары бойынша
меншікті тілшісі болып жұмыс істейді.
Қазір бұл газет "Жас Алаш" деп
аталып жүр.
Бұдан
кейін 1970-1978 жылдары аралығында қазіргі
"Ұлан", сол кездегі "Қазақстан
пионері" газетінің бас редакторы
қызметін атқарады. 1978-2000 жылдары қазіргі
"Ақжелкен", сол кездегі "Пионер"
журналының бас редакторы, 2000-2004 жылдары
Қазақстан Республикасы парламенті
мәжілісінің депутаты болған.
Фариза Оңғарсынованың "Сандуғаш"
атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1966 жылы жарық
көрген. Бұдан кейін 1969 жылы "Маңғыстау
маржандары", 1972 жылы "Мазасыз шақ",
1973 жылы "Асау толқын", 1983 жылы
"Сұхбат", 1985 жылы "Дауа" атты
кітаптары жарық көреді. Ақын әйелдер
махаббаты мен арманы, жанының құпиясы
туралы көп жазады. Сондай-ақ, Әлия мен
Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына
дастандар арнаған. Туындыларының басты
қыры — әйелдер бейнесінің жай емес,
қазіргі заман талабының биік өресіне
лайықтап жырлауы.
Шығармашылығы тән басты қасиет — ақынның шындық алдында бас июі. Мұны 1979 жылы жарық көрген "Сенің махаббатың" жинағындағы "Сырласу мен ақын әйелдің анасымен диалогы" атты поэмасынан көруге болады.
2014жылдың 23 қаңтарында ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады.Ақын өмірден мәңгілікке көз жұмды.Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
(4 жүргізуші ортаға шығады)
Жүргізуші Эльдана : Рысдәулет сен білесің бе? Фариза апамыз нешенші сыныпта оқып жүргенде өлең шығарған?
Жүргізуші Рысдәулет: Мүмкін 8-9 сынып оқып жүргенде шығарған болар
Жүргізуші Эльдана: Ол кісі өзіне әсер еткен жағдайларға байланысты өлең шығаратын болған екен. Ол 5-сыныпта оқып жүрген шағында 5-6 ұл-қыз болып үйге қайтып келе жатады. Сол кезде ақынның құрбысы Ләззат өзіне тиіспек болған Хайролла есімді ұрыншақ баланы қатты итеріп жіберіп, жерге құлатады. Осы сәтте:
"Жылтың-жылтың
бала,
Хайролланы қара.
Ләззатқа
жеңіліп,
Құлап қалды жаңа", —
деп өлең шығарған екен.
Жүргізуші Аяулым: Иа, сонда қасында жиналғандар "Өлеңді өзің шығардың ба?" деп сұраған екен. Осы оқиғадан кейін сыныптастарының жақындары Фариза Оңғарсынованың анасынан "Сенің кішкентайың өлең шығарады екен ғой" деп сұрайды. Мұны білген анасы қатты қуанып, ертең үлкен ақын болады деп болжаған екен. Ал Фариза Оңғарсынова өзі сол түні болашақта ақын болармын деген оймен ұйықтаған екен.
Вальс би
(Аяулым мен Абзал шығады)
Жүргізуші Аяулым : Фариза Оңғарсынованың әкесі еліне сыйлы, ашық - жарқын адам болған. Ол әкесіне арнап көптеген өлеңдер шығарған.
Жүргізуші Абзал: Фариза апамыз әкесінен жастай қалып, анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, сұлу адам болған. Фариза анасы арқылы ертегі, аңыздарды кішкентайынан бастап құлағына құйып өседі.
Ақынның бірнеше өлеңдеріне арқау болған – аналар тақырыбы.
(мәнерлеп оқуға арналған әуен)
Әке туралы ой (Аруна)
Бесікте жаттым уілдеп, сол бір
сұрапыл соғыс күндерде,
қан кешіп біздің әкелер сонау
батыста жырақ жүргенде.
"Жан папа" деген бір ауыз сөзді айта алмай
қалғандар көп қой, бір мен бе?..
Жиырмада, қыздар, жайқалған гүлдей
көз тартып бейне жанасың,
сол жиырма жаста құшақтап мені
қалыпты жалғыз анашым.
Тұңғышым деген мына мен шіркін
кенжесі де боп қалыппын,
жаза алмай жүрек жарасын.
Үмітпен әр кез алданушы едім
Келер деп менің папам да
(балалық жүрек сезбеді оның
кеткенін мәңгі сапарға).
Өсірді мені сол ана гүлдей мәпелеп,
ержеттім, тұрдым қатарда.
Бақытты балғын сәбилер бүгін
жетелеп жүрсе әкесін,
қызыға қарап, күрсіне қарап,
жанынан үнсіз өтесің.
Еркелік көрмей, мейірім нұрын
аңсаған көңіл мың толқып,
елжіреп кетеді екенсің...
Әкеме (Мирас)
Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана - тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.
«Перзент сөзі» өлеңі» (Аружан)
Әкем – менің тәңірім, пайғамбарым,
ұмтылатын биігім, сайран бағым.
Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,
біліп алған, япыр - ау, қайдан бәрін?!
Күшті де жоқ, дәл ондай жер бетінде,
сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!
Батыр, дана сол ғана. Асығамын
әкеме ұқсап тезірек ержетуге.
Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,
көріскенде қуаныш шашты денем.
Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,
анашымды әкемше жақсы көрем.
«Анама» өлеңі» (Мөлдір)
Кеудеңде мені тербеттің,
Жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ержеттім,
Еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,
мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
тұрғандай сезем жанымда.
«Адал бол, - деуші ең – жұлдызым».
сақталды сөзің жадымда.
«Игі еңбек түбі осы - ау», - дер
көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер,
Мәңгілік Күндей анашым!
Құралай Ағабек : Мама әні
9-сынып жүргізушілері: Фариза Оңғарсынова өлеңдерін кішкентайымыздан оқып, рухани сусынданып келеміз. Экранға назар аударайық. Біз білетін , тыңдап отырған өлеңдердің жалғасын қолдарыңызға берген гүл ішінен жауап табылады.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана - тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,
мен үшін бірақ данасың.
Кеудеңде мені тербеттің,
Жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ержеттім,
Еңбегің бекер кетпеді.
Әкем – менің тәңірім, пайғамбарым,
Ұмтылатын биігім, сайран бағым.
Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,
Біліп алған, япыр - ау, қайдан бәрін?!
Армысыңдар,
туған жер, туғандарым,
Кезіп жердің
тау – тасын, нулы орманын
Келіп
тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен –
Мені
алысқа сендерден қуды арманым.
9-сынып жүргізушілері: Жарайсыздар. Көп рақмет.
(4 жүргізуші ортаға шығады)
Жүргізуші Рысдәулет: Ақын өмірінде қайталанбас серікке айналған өлең оның жүріп өткен жолдары, өмірдің бар мәні – сайын даланың жазира жолдарына шашылған жыр жауһарлары сияқты.. Намысы – найза, серті-семсер, төзімі-тоң, жігері-жалын, ата-баба дәстүрін ұстанған ақын Фариза көтерген жүк те жеңіл емес.
Жүргізуші Аяулым: «Атыңнан айналайын туған өлкем!» деп, сағыныштан алып-ұшқан, табиғат-ананың ауа әнін құшқан ақын-жүрек, атаның құнын кешетін, ағаның қолын шешетін, кешегі ездікті айтатындар санатынан емес,ертеңгі елдікті айтатын - ел үшін туған батыл-жүрек.
Жүргізуші Эльдана: Әркімнің туған жері, туған өлкесі бар. Туған жерге , туған елге деген махаббат әр адамның жүрегінен орын алады. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған. Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдері арқылы бере білді.
Жүргізуші Абзал:
«Ауыл десе , жайлайды жанымды үміт,
Сонда ғана атардай таңым күліп.
Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат
Мені мәңгі тартатын сағындырып »деп туған ауылына деген махаббатын өз өлең жолдарында білдіреді.
Би : «Жайықтың толқындары»
(Абзал мен Аяулым шығады)
Жүргізуші Абзал: Фариза апамыздың өлеңдері әр тыңдаушының жүрегіне терең ой салып шабыттандырады. Қаншама жанды қара өлеңмен жұбатып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген сондай қайталанбас тұлға, поэзия падишасы ақын Фариза Оңғарсынова адалдық, намысқойлық, жаны да , ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көрінген ақын.
Жүргізуші Аяулым:Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының «Халқының жүрегінде» арнау өлеңін Расул Жапаров оқиды.
Қайғыдан күңірентіп ғасыр жүзі,
Шаттықты қасіреттің жасырды ізі.
Дариға,Фариза да өтті өмірден,
Қазақтың қайта тумас асыл қызы.
Ұқсайтын Махамбетке өткірлігі,
Жасқанған, жабырқаған жоқ бір күні.
Туғанда таңдайына өлең тамған,
Қонған жан көкірегіне Хақтың нұры!
Айтқаны – елдің мұңы, елдің жыры,
Заты қыз демесеңіз-Ердің бірі!
Танылып тұратұғын тұрпатынан,
Қырғидай қағып түсер алғырлығы.
Бұйрыққа бой ұсынып Хақтан келген,
Ол кетті бабалары кеткен жолмен.
Мәңгілік мекендеуге орын алып,
Қаһарман ер Қабанбай жатқан жерден.
Түбінде бір ажал бар тірі жанға,
Өлім жоқ алайдағы ұлыларға!
Өшпейді ешқашан да Фариза аты!
Халқының жүрегінде жүрер мәңгі,
Өлеңмен жазып кеткен шариғаты!...
Жүргізуші Эльдана:
Өлім жоқ алайдағы ұлыларға!
Сүрінбес шапқан аты жыры барда,
Сөнбейді жаққан оты ұлы барда! – дегендей келесі
ән «Мен қазақтың ұлымын»
(Рысдәулет пен Аяулым шығады)
Жүргізуші Рысдәулет: Фариза апамыздың соңында тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды.Ол-мәңгілік! Ғасырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсер, егемен еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналар.
Жүргізуші Аяулым:
Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.Мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иеміз.
Хор
Жүргізуші Эльдана: «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби жыр кешіміздің қонақтарына сөз береміз.
1.Мектеп-лицей директоры
2............................................................................................
3...........................................................................................
Жүргізуші Рысдәулет:Қазақстанның халық жазушысы Фариза апамызға арналған әдеби кешіміз өз мәресіне жетті.
Қош сау болыңыздар!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген