ФИЗИКАНЫ ОҚЫТУДАҒЫ
ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК ДИДАКТИКАЛЫҚ
МӘНІ
Ғылыми
ұғымдарды қалыптастыруда пәнаралық байланысты жүзеге асырудың басты
мақсаты оқушыларды жан-жақты дамыту, оларға ғылыми көзқарас
қалыптастыру және бір пәннен алған білімін екінші пәнді игеруде
қолдана білуге дағдыландыру.
Е.
Аққошқаров өзінің «Физикалық ұғымдарды қалыптастырудың және
терминдерді меңгерту тәсілдері» атты еңбегінде: “Әрбір оқу пәні
бір-бірімен жүйелі түрде байланысқан және бірін-бірі толықтырып,
дамытып отыратын ұғымдардан құралады. Өйткені, жеке оқу пәні
шеңберінде тұйықталған, дараланған байланыс жүйелері толық білім
алуға, дұрыс көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
Оқушылардың ой-өрісін дамыту үшін пән ішіндегі байланысты пәнаралық
байланыс дәрежесіне көтерудің маңызы зор”-деп
көрсеткен.
Олай болса,
пәнаралық байланысты жүзеге асыру оқушылардың білімін жетілдіруге,
бір пәннен алған білімін екінші пәнді оқып үйрену барысында
пайдалана білу дағдысын арттыруда маңызы зор.
Соңғы
жылдары физиканың, астрономияның, математиканың, химияның,
биологияның және т.б. жаратылыстану пәндерінің өзара байланысы осы
пәндерді дәрістеуді қайта қарауды, білім беруді кең тұрғыдан
қамтуды, олардың терең байланысын оқыту процесінде тиімді
пайдалануды көздеуде.
Пәнаралық
байланысты әдіскер-ғалымдар екі түрге жіктейді:
1.Уақыттық
белгісі бойынша.
2.Мазмұндық
белгісі бойынша.
Уақыттық
белгісі бойынша пәнаралық байланыстарды болып өткен, ілеспелі және
келешекте болатын байланыстарға бөледі.
Мазмұндық
байланыстарды-факті жүзіндегі, ұғымдық және теориялық деп
ажыратады.
Оқушыларға
ғылым негіздерін игерту процесінде пәнаралық байланыстарды жүзеге
асырудың мынадай тәсілдерін көрсетуге болады:
1)жаңа оқу
материалын меңгертуде оқушылардың басқа пәндер сабақтарында алған
білімін пайдалану, мұнда пәнаралық байланысты жүзеге асырудың үш
кезеңі қарастырылады:
- жаңа
ұғымды қабылдауға оқушыларды дайындауда пәнаралық байланысты жүзеге
асыру;
- жаңа
ұғымды меңгерту процесінде пәнаралық байланысты жүзеге
асыру;
- жаңа оқу
материалын бекітуде және есептер шығаруда пәнаралық байланыстарды
жүзеге асыру;
2) пәнаралық
сипаттағы экскурсиялар өткізу, мысалы, физика және биология бойынша
табиғатқа топ серуен жасау;
3)
қорытындылау сипатындағы қайталау сабағын өткізу, мұнда әр түрлі
пәндерді оқып үйрену кезінде алған білім біртұтас етіп
біріктіріледі, мысалы, физиканы, химияны және биологияны оқып
үйрену процесінде энергия туралы алған білімін қорытындылау, соның
нәтижесінде оқушылар энергияның сақталу және айналу заңын толық әрі
терең түсінеді. Іргелі ұғымдар әртүрлі пәндердің өзара байланысқан
ұғымдарының жалғасымдылықпен қалыптастырылуы барысында ұзақ процесс
нәтижесінде меңгертіледі. Мысалы, “зат” ұғымын қалыптастыру
физиканы, химияны және биологияны оқыту нәтижесінде жүзеге асады;
бұл ұғым осы оқу пәндерін оқып игергенде ғана қалыптасқан болып
саналады.
Көптеген
әдіскерлердің зерттеулері мектеп оқушыларында іргелі ұғымдарды
қалыптастыру және дамыту берік бекіген пәнаралық байланыстарды
тағайындау нәтижесінде жүзеге асатындығын
көрсетеді.
7-8
кластарда физика мен химияны оқыту кезінде заттың құрылысы
жайындағы ұғымдарды қалыптастырудың негізгі кезеңдерін
қарастырайық:
I кезең
7- класта физиканы оқытуда.
Заттың құрылысы жайындағы
ұғымдарды молекулалық деңгейде қалыптастыру. Молекулалардың
қозғалысы. Дене температурасының молекулалардың қозғалыс
жылдамдығымен байланыстылығы. Молекулалар арасындағы өзара
әрекет.
II кезең
8- класта химияны оқытуда
Заттың құрылысы жайындағы
ұғымдарды атом-молекулалық деңгейде түсіндіру. Жай және күрделі
заттардағы молекулалар құрамы. Физикалық құбылыстар кезінде
молекула-лардың
сақталу және химиялық құбылыс кезінде бұзылуы. Молекулалардың
кинетикалық және потенциалдық энергиясы.
III кезең
8- класта физиканы оқытуда.
Заттардың
иондық құрылымы жайындағы ұғымдарды қалыптастыру.
Атомның ядролық моделі. Ядро
заряды және атомдағы электрондар саны. Денелердің электрленуі құбылысының мәнін,
металдрдағы және электролиттердегі электр тогының табиғатын,
өткізгіштердің кедергісін және т.б. түсіндіру кезінде заттың иондық
құрылымы жайындағы ұғымдарды нақтылау және жүйелеу.
IV кезең
9- класта химияны оқытуда.
Заттардың
иондық құрылымы жайындағы ұғымдарды дамыту.
Атомдардың
электрондық қабаттарының құрылымы. Атом ядросының құрамы.
Изотоптар. Молекулалар мен кристалдардың электрондық құрылымы.
Иондық және коваленттік байланыстар. Полярлы және полярлы емес
ковалентті байланыс. Иондық, атомдық және молекулалық кристалл
торлар.
Жоғарыда
көрсетілген кезеңдерден заттардың молекулалық құрылысы жайындағы
ұғымдар 7-класс оқушыларына физика сабақтарында қалыптастырылатынын
көруге болады. Бұл ұғым кейіннен 8-кластың химия курсында
дамытылады. Осының нәтижесінде оқушылар заттың атом-молекулалық
құрылымы жөніндегі ұғымдарды кеңінен меңгеретін болады. 8-класс
физика және химия, кейіннен 9-класс химия курстарында бұл ұғым
дамытылады және тереңдетіледі.
Заттың
құрылысы жайындағы ұғымдарды қалыптастырудың жалпы шарттарына
төмендегілерді жатқызуға болады: ұғымдық жүйенің негізін құрайтын
қалыптастырылатын ұғымдарды таңдау; ұғымдарды қалыптастыру және
дамыту үшін қажетті оқу материалының көлемін таңдау; сәйкес курсты
оқыту процесінде оқушыларға ұғымдарды қалыптастырудың және
дамытудың кезеңдерін анықтау; пәнаралық байланыстарды тағайындау;
ұғымдарды тиімді қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін
таңдау.
Физика және
математика курсының байланысы. Математиканың физикамен
айқын мысалының бірі – физикалық шамалар арасындағы функциялық
тәуелділікті және функциялар графигін пайдалануды көз алдымызға
елестетейік. Координат жазықтығын оқып үйренумен байланысты мектеп
оқушылары әртүрлі графиктерді сызып үйренеді. Бұл өз кезегінде
оқушылардың физикадан механикалық қозғалыс жолының, жылдамдығының,
сондай-ақ, аблқудың, қатаюдың графиктерін салуына өз игілігін
тигізеді. Сөйтіп, математикадан алған білімдерін оқушылар физикалық
білім игеруге пайдалана бастайды. Олар әртүрлі математикалық
шамаларды өлшеу, сан мәндерін дөңгелектеу туралы алған ұғымдарын
физикалық эксперименттер нәтижесін анықтауға (әртүрлі өлшеу жүргізу
барысында) қолдана алады. Сол сияқты, оқушылар екі айнымалысы бар
теңдеу туралы алған түсінігін және оны шешу жолындағы игерген
тәсілдерін, тура және кері байланыс, т.б. ұғымын физикада жиі
пайдаланады. Олар функция ұғымын игеріп, оның берілу тәсілдерін
меңгереді. Одан кері функция түрлерін оқып үйренеді, олардың
графиктерін сызып дағдыланады. Бұл дағдылар мен математикалық білім
физиканы игеру үшін қаншалықты қажет екені
түсінікті.
Физика мұғалімі
оқушылардың есептеу шеберліктері мен дағдыларын ойдағыдай
қалыптастыру мақсатында алдын-ала математика мұғалімдерімен
бірігіп, әдіс қолдануы қажет.
Физика және химия
курстарының байланысы. Физика мен химия ғылым
ретінде бір-бірін өзара толықтырып отыратыны мәлім. Өйткені, бұл
екі ғылым табиғаттағы құбылыстар мен процестерді өз тұрғыларынан
қарастырады. Физика мен химия үшін өте маңызды ортақ ұғымдардың
қатарына зат, масса, салмақ, энергия ұғымдары, сондай-ақ
энергияның, электр зарядының, электр өрісінің сақталу және айналу
заңы, т.б. жататыны мәлім.
Физика мен химияның
пәнаралық аса маңызды теориялық байланыстары екеуінде бірдей:
молекулалық-кинетикалық және электрондық теорияны, атом құрылысы
теориясын, т.б. оқып үйренуде айқын көрініс
алады.
Әдебиеттер
тізімі:
1.
Методика преподавания физики в 7 – 8 классе
средней школы. Пособие для учителя /Под ред. А.В. Усовой, М.: Просвещение,
1990.
2. Физиканы оқыту
методикасы 6-7. Тұп нұсқасының редакциясын басқарған В.П.Орехов пен
А.В.Усова. Алматы 1978.
3. М.Құдайқұлов,
Қ.Жаңабергенов Орта мектепте физиканы оқыту әдістемесі. Алматы,
1998.
4.
Методика преподавания физики в 8 – 10 классах
средней школы. /Под ред. В. П. Орехова, А. В. Усовой. М.:
Просвещение,1980.
5.
Бугаев А.И. Методика преподавания физики в
средней школе. Теоретические основы. М.:
Просвещение,1981.