15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Фразеологиялық тіркестердің, тұрақты теңеулердің, мақал-мәтелдердің құрамындағы мата атауларының этнолингвистикалық мәні
Фразеологиялық тіркестердің, тұрақты теңеулердің, мақал-мәтелдердің құрамындағы мата атауларының этнолингвистикалық мәні
Ана тіліміздің сөз айдынының тереңінде халықтың ғасырлар бойы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталы сөз, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер тұнып жатады. Олар халықтың қаншама ғасырлар бойында әр түрлі құбылысты өзара салыстыра, бейнелей суреттеу, бір-біріне теңей сөйлеу мақсатында, экспрессивті-эмоционалдық қызметте қолданылатын тілдік құрал – фразеологиялық тіркестер.
Фразеологизмдердің лингвистикалық сала болып қалыптасуына орыс тілі ғылымында В.В. Виноградов көп ықпалын тигізді. Ол француз ғалымы Ш. Баллидың фразеологизмдер туралы ойларын негізге ала отырып, орыс тіл біліміндегі фразеологизмдерді үшке бөледі:
1) фразеологиялық тұтастық;
2) фразеологиялық бірлік;
3) фразеологиялық тіркес;
Ғалым оның құрамына мақал-мәтелдерді, термин сөздерді енгізбейді [24, 211].
В.В. Виноградовтың классификациясына сүйене отырып, қазақ ғалымдары да қазақ тіліндегі фразеологизм түрлерін үш түрге бөледі:
фразеологиялық тұтастық (идиом);
фразеологиялық бірлік;
фразеологиялық тізбектер;
Тұрақты тіркестер – әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғартатын жинақылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құрал. Тұрақты тіркесті қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне қарай қолданады.
Фразеологиялық тіркестер арқылы атау барысында шындық белгілі дәрежеде өзгеріп, көркейіп беріледі. Оның себебі мұнда адамға тән эмоция, бағалау, іріктеп талғау т.б. қасиеттердің маңызы ерекше болады да, соның негізінде заттың, адамның кейбір белгілері, сапасы, қасиеті т.б. бөлініп алынады.
Қарым-қатынас және шындықты тану барысындағы бейнелеу құралы ретіндегі тілді маңызды әлеуметтік құбылыс деп қарасақ, оны тарихи даму үстінде қарауға тиіспіз. Соның негізінде ұлттық материалдық өндірісі мен мәдени-тарихи тәжірибесі ерекше белгілерін көрсететін атаулар түріндегі лексикалық бірліктер де нақтыланады. Осыған байланысты В.П. Жуков жеке сөздерге атауышытық қызмет, ал фразеологиялық тіркестерге бағалау қасиеті тән деп анықтайды. Осы пікірді З.Г. Ураксин де қолдап, «сөз белгілейді, фразеологиялық тіркестер бейнелейді» деп санайды.
Осыған байланысты ұлтымыздың этникалық мәдениетінің бір бөлігін құрайтын мата атаулары – халқымыздың рухани мәдениетінің ең құнды деректерінің бірі. Небір тарихи дәуірлердің куәгері іспетті халықпен бірге жасап келе жатқан, халқымыздың материалдық мәдениетін бейнелейтін тіліміздегі мата атауларының этнолингвистикалық табиғатын оларға байланысты фразеологизмдер, тұрақты теңеулер мен мақал-мәтелдерден айқын көруге болады.
Фразеологиялық тұлғалардың ерекшелігі әр ұлттың өзіне ғана тән ұғымын бейнелеуінде. Тілімізде ұлттық болмысымыз бен дүниетанымызды көрсететін киім атауларына қатысты тұрақты тіркестер өте көп. Мысалы, үлде мен бүлде ге орану (оранды, киінді, малынды. Не кием, не ішем демеді, ырысқа кенелді, төрт түлігі сай болды), төңірек көк ала шыт көйлек киді (жасыл боп жайқалды, әсемденді, көк орай шөп шықты), билік дәмін түсіне бастаған соң, ішінен қыбы қанды (жаны жайтабу, айызы қану, шаттану), жанды шүбірекке түю (қауіп-қатерге, тәуекелге бел буу), қап-қара мақпал түндей тұңғиық жанарлы көз (мақпал мата сияқты әдемі, қара түсті тұп-тұнық көз), жібек баулы қырандай (алғыр құс сияқты, қиынға барар кісі әрекеті туралы айтылады). Ол өзі – бұлт емес, Қаптың тауы, бір бөлек үлкен таудың бергі бауыры. Бергі таудың басында сол дәрі бар, Қырандай ап қайтармыз жібек баулы (Абай), мақпал қара (жылтыраған, мақпал мата сияқты әдемі қара түс, «көбіне жылқыға қарата айтылады») [ҚТФС] т.б. осы тәрізді тіліміздегі мата атауларына қатысты тілдік бірліктердің әлеуметтік мәнділік деңгейін көрсететін, халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі арқылы қалыптасқан этностың психологиясынан хабардар ететін осындай тілдік оралымдардың табиғатын этнолингвистикалық уәждері арқылы анықтауға болады. Әрине, бұл тіркестердің тууы заңды, өйткені халқымыздың дүниетанымына, оның мәдениетінің жоғары екенін дәлелдейтін философиялық астарлы мазмұнға бай, ғажап тіл екендігінің көрінісі. Осындай көркем тіркестер адамға қатысты оның көңіл-күйін, мінезін, іс-әрекетін бейнелеп, кейінгі ұрпаққа тілдің куммульятивтік қызметі арқылы жетіп отыр.
Сайып келгенде, тілімізде дүниеге келуі о баста киім атауларына қатысты туындаған тұрақты тіркестердің астарына үңілсеңіз, адамның болмысына (мінез-құлық, жүріс-тұрысы) байланысты танымдық ассоциацияға құралған.
Мысалы, Көн етіктіге бармай жүр,
Көк етікті алмай жүр – деген сөз бар.
Фразеологиялық сөздікте: «Көн етікті» - кедей. –деп берілген. Ертеде ауқатты, дәулетті адамдар, яғни, «мырза атанғандар»: сал-серілер т.б. етіктің қара көк түсін киген. Сол себепті, көп ерге шықпай, отырып қалған қызға «көк етікті келмейді, көн етіктіге бармайды» - деген мақал туған.
Мысалы, Бедері кеткен торқадан
Бек тоқыған бөз артық. Тура мағынасы: Торқа – қымбат мата, ал бөз – арзан мата есебінде жұмсалады. Яғни, тығыз етіп, бек тоқылған бөз – бедері кеткен торқадан артық деген мағынада жұмсалған. Ал, оның астарлы мағынасына келсек, өзі қандай әдемі, келбетті, ажарлы, сұлу адам болғанымен, істеген ісінің бәрі келеңсіз, ыждағатсыз, тиянақсыз, опасыз адамның мінез-құлқын бедері кеткен торқаға теңестірсе, ал сұлу болмаса да өзі қарапайым, кішіпейіл кісінің істеген ісі көңілге қонымды, тиянақты болса, бек тоқыған бөз артық дегені осы мағынада қолданылады.
Қорыта айтқанда, тілдің коммуникативтік қызметіне сәйкес сөз қолданыс тәжірибесінде фразеологиялық тіркестердің, мақал-мәтелдердің мазмұнындағы тұжырымдары тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілікпен тығыз байланысты екенін көрсетеді.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген