Тағылымы мол кездесу
кеші
/Әлемнің үздік ақыны
М.Шахановпен өткен кездесу кеші жайында/
Талғар ауданы Гүлдала
ауылындағы № 21 орта мектебінің мәжіліс залында әдеби – поэзиялық,
музыкалық және мәдени, танымдық тұрғыдан ой салатын кездесу кеші
болды. Айтбаев Қуан Күшпелдекұлы басқаратын ұжым «Аңыз адам», ХХІ
ғасырдың ұлы рухани реформаторы Шаханов Мұхтар Шаханұлымен тағылымы
мол кездесу кешін ұйымдастырды. Бұл жарқын шараны ұйымдастыруға
мұрындық болған осы білім шаңырағының тәрбие ісінің орынбасары –
Үшкемпірова Динара Садыққызы. Кез келген ұжымның жетістігі оның
басшылығының біліктілігіне, іскерлігіне байланысты екендігі даусыз.
Динара Садыққызы «Рухани жаңғыру» аясында халықтың мектептен рухани
тәрбие алуына зор үлесін қосып келеді.
Халықаралық Калифорния Ғылым,
Индустрия, Білім және Өнер академиясының президенті Майкл Бахмутски
«Шаханов – бүгінгі әлемдік өркениет тағылымдарын пайымдауға өзінің
қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сан қырлы талантты философ –
ақын» деген екен. Сондай қайталанбас тұлғаның білім ордасы
саналатын мектебімізге келуі зор қуаныш болды. М.Шаханов жырлары –
жан – жүрегіңді тебірентетін дүниелер... Оның жырларын жыр сүйер
қауым ынта қойып оқиды, оның жырлары кітап бетінен оқырман жүрегіне
көшіп алды десек, сірә, қателеспесіміз анық. «Өз елі өз ерлерін
ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров
жырлағандай, ең алдымен өз арамызда жүрген дара дарындарды, тума
таланттарды бағалауымыз керек. Бүгінде еліміздің асқар таудай ел
ағасы жеті асудың бел ортасы – 75 жасқа толып отыр. Халқы үшін
басын қатерге тіккен, жау жүрек, қайсар тұлға, жалқы мүсін, елдің
ең сүйікті ақыны Мұхтар Шаханұлы бүгінде ел құрметіне бөленген,
жарқын ісі мерейлі азаматтардың бірі де бірегейі. «Жақсыны
көрмекке» жиналғандардың қарасы көп. Олардың қатарында самайын ақ
шалған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да болды. Қыстың шыңылтыр
аязы мен ауруханада ем алып жатқанына қарамастан кездесуге келген
ақынды көруге келгендердің құрметі ерекше. Қызылды – жасылды лента
тартылып, түрлі – түсті шармен безендірілген мектептің мәжіліс
залында ине шаншар орын қалған жоқ. Ақын өз жырларын шабыттана
оқығанда, оған қоса тағылымды ойлар айтқанда зал сілтідей тынып,
жігер мен рух беретін сөздеріне құрметпен қол соғып отырды.
Осылайша сан сауалға салмақты жауап қатқан ақын көпшілікке рухани
байлық сыйлады. Кеште талайлардың таңдайын тақылдатып
тамсандырған, халықтың мұзбалағының адал жүрегінен туындаған
өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Ұлттың азығына айналған жырларын
мектеп оқушылары Идришева Айсұлу, Байбосынова Дана, Джиндиева
Ақерке, Жолдасов Тоқтар, Дүйсенбек Алдияр, Садыкова Аяла, Айдосқызы
Меруерт, Сайлаубек Іңкәр, Балабек Аружан, Бақытғали Еңліктер
шабыттана оқыды. Мұхтар Шаханов ағамыздың кез келген той – жиын,
туған күн, басқосуларда шырқалмай қалмайтын «Жұбайлар жыры», «Туған
күн кешінде», «Гүлдәурен», «Мен саған ғашық едім», «Махаббат елі»
секілді әндері өнерсүйер қауымға өте жақсы
танымал. Осы әндер музыка пәні мұғалімі
Каирова Гүлнардың сүйемелдеуімен мектеп оқушылары М.Шахановтың
сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін
орындаса, «Мұрагер» әдістеме бірлестігі мұғалімдері М.Шахановтың
сөзіне жазылған М.Шахановтың «Туған күн кешінде» әнін
шырқады.
Кездесу кеші осылайша
жаңашылдықпен өріліп, тағылымды әңгімелермен тамаша өтті. Бір
сағатқа жоспарланған кездесу екі сағатқа жуықтап барып аяқталды.
Кешті аудандық қазақ тілі қоғамының басшысы, ақын Камнұр Тебей
мырза және мектеп директоры Қуан Күшбелдекұлы
қорытындылады.

Кеш соңында жиналған қауым
ақыннан қолтаңба алып, қимай қоштасты. Қашанда ел – жұртының қамын
ойлап, мемлекеттің дамуына үлес қосқан асыл азаматтарымыз аман
болсын деп тілейік ...
Талғар ауданы Гүлдала ауылы № 21 орта
мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Сембаева Алтынгүл
Сатымбайқызы