Геймификациялық әдістер арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру

Тақырып бойынша 26 материал табылды

Геймификациялық әдістер арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру

Материал туралы қысқаша түсінік
бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту — қазір басты басымдықтардың бірі. Жаңа буын оқушыларының танымдық қызығушылығы, қабылдау деңгейі мен зейін тұрақтылығы заманауи әдіс-тәсілдерді қолдануды талап етеді. Осы тұрғыда геймификациялық әдістерді оқу үдерісіне енгізу — оқушыны тек қабылдаушы емес, белсенді әрекет етуші тұлға ретінде қалыптастырудың тиімді жолы болып отыр.Геймификация – оқу процесін ойын элементтерімен байытып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыратын, мотивацияны күшейтетін, тапсырмаларды орындауға деген ынтасын жоғарылататын тәсілдердің бірі. Әсіресе 4-сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сәйкес, ойын арқылы оқыту – мәтінді түсіну, ой қорыту, тұжырым жасау, ақпаратты саралау сияқты оқу сауаттылығына тән дағдыларды дамытудың оңтайлы жолы. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен халықаралық бағалау жүйелерінің (PISA, PIRLS) мазмұнына сай оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу қабілетін жетілдіру қажеттілігі ар
Материалдың қысқаша нұсқасы







МАЗМҰНЫ

I. КІРІСПЕ

II. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

1. ТҰЛҒА. ҚОҒАМ. ҚҰНДЫЛЫҚ.

1.1 Менің елім – менің мақтанышым

1.2 Адамгершілік – асыл қасиет

1.3 Ұлттық мұра

1.4 Мен кім боламын?

1.5 Отбасым – алтын ұям

2. ТАБИҒАТ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ

2.1 Табиғатты аялайық!

2.2Ғарыш әлеміне саяхат

2.3 Болашаққа бағдар

2.4Ауа-райы сөйлейді

2.5 Менің сүйікті жануарым

III. ҚОРЫТЫНДЫ

































КІРІСПЕ

Оқу-әдістемелік басылымның өзектілігінің негіздемесі: бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту — қазір басты басымдықтардың бірі. Жаңа буын оқушыларының танымдық қызығушылығы, қабылдау деңгейі мен зейін тұрақтылығы заманауи әдіс-тәсілдерді қолдануды талап етеді. Осы тұрғыда геймификациялық әдістерді оқу үдерісіне енгізу — оқушыны тек қабылдаушы емес, белсенді әрекет етуші тұлға ретінде қалыптастырудың тиімді жолы болып отыр.Геймификация – оқу процесін ойын элементтерімен байытып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыратын, мотивацияны күшейтетін, тапсырмаларды орындауға деген ынтасын жоғарылататын тәсілдердің бірі. Әсіресе 4-сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сәйкес, ойын арқылы оқыту – мәтінді түсіну, ой қорыту, тұжырым жасау, ақпаратты саралау сияқты оқу сауаттылығына тән дағдыларды дамытудың оңтайлы жолы. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен халықаралық бағалау жүйелерінің (PISA, PIRLS) мазмұнына сай оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу қабілетін жетілдіру қажеттілігі артып келеді. Бұл құрал осы талаптар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан да әдістемелік құралдың өзектілігі – бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын геймификациялық тәсілдер арқылы дамытып, олардың танымдық белсенділігін арттыру, мәтінмен жұмысты қызықты әрі тиімді ұйымдастыру жолдарын ұсынуында болып отыр.

Оқу-әдістемелік материалдың мақсаты:4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын геймификациялық әдістер арқылы арттыру, мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын қызықты әрі тиімді жолмен дамыту.

Жұмыстың ерекшелігі мен жаңалығы: Ұсынылып отырған оқу-әдістемелік құрал бастауыш білім беру мазмұнына сәйкес 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамытуда геймификациялық әдістерді кешенді түрде қолдануымен ерекшеленеді. Материалда ойын элементтері арқылы мәтінмен жұмыс жүргізудің құрылымы, кезеңдері және тиімді тәсілдері жүйеленіп берілген.Бұл еңбектің жаңалығы – геймификация құралдарын оқу сауаттылығының нақты компоненттерімен үйлестіре отырып, оқушының мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау, қорытынды жасау, ақпаратты талдау дағдыларын дамытуға бағытталған әдістемелік үлгілер мен тапсырмалар жүйесін ұсынуында. Сонымен қатар, құралда оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп, танымдық белсенділігін арттыратын, оқу үрдісін жандандыратын авторлық ойын формалары мен шығармашылық жаттығулар қамтылған.

Білім беру үдерісінде қандай көмек беретіні және күтілетін нәтижелер: Бұл оқу-әдістемелік құрал бастауыш сыныптағы білім беру үдерісін заманауи тәсілдермен байытып, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруда тиімді әдіс ретінде қызмет етеді. Әсіресе, геймификациялық әдістерді оқу процесіне мақсатты түрде енгізу арқылы оқушылардың оқу әрекетіне деген қызығушылығы мен белсенділігі артады. Геймификация тек көңіл көтеру құралы емес, білімді тереңдетудің, алған ақпаратты ұзақ есте сақтаудың, сыни ойлау мен шығармашылық қабілетті дамытудың қуатты құралы ретінде ұсынылады.Бұл құрал оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын (түсіну, саралау, салыстыру, қорытынды жасау, өз көзқарасын білдіру, дәлелдеу) қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ойын элементтері арқылы берілген тапсырмалар – оқушының ішкі уәжін оята отырып, білім алуға деген құлшынысын арттырады, сонымен қатар тұлғалық даму мен танымдық процестердің белсендірілуіне жол ашады.Құралда ұсынылған жаттығулар мен әдістемелік нұсқаулықтар мұғалімдерге оқу үдерісін түрлендіріп, оқушылардың оқу сауаттылығы бағытындағы нақты нәтижелерге жетуге бағыт береді. Әдістемелік материал саралап оқыту, дифференциация, оқушы деңгейіне бейімдеу, топтық және жеке жұмыс сияқты қазіргі білім беру талаптарына толық жауап береді.

Күтілетін нәтижелер:

1. Оқушылар мәтінмен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын меңгереді:

мәтінді түсіну, негізгі ойды табу, қосымша ақпаратты ажырату, логикалық байланыс орнату, өз ойын жүйелі жеткізу.

2. Сабаққа деген қызығушылық пен белсенділік артады:

ойын түрінде ұйымдастырылған тапсырмалар арқылы оқушылар өз еркімен, белсенді түрде қатысып, білім алу процесіне оң көзқарас қалыптастырады.

3. Танымдық дағдылар дамиды:

есте сақтау, зейін, ойлау, салыстыру, топтастыру, қорытындылау сынды дағдылар кешенді түрде дамиды.

4. Функционалдық сауаттылық қалыптасады:

күнделікті өмірмен байланысты мәтіндер мен жағдаяттар арқылы оқушылар ақпаратты қолдануға, одан мән-мағына шығаруға үйренеді.

5. Мұғалімдердің әдістемелік мүмкіндігі кеңейеді:

геймификациялық тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы мұғалімдер оқу үрдісін оқушыға бейімдей алады және сапалы нәтижеге қол жеткізеді.































1.1 Менің елім – менің мақтанышым

Мәтінді оқы:

Мен Қазақстанда тұрамын. Бұл – менің туған елім. Қазақстан — кең байтақ, табиғаты әсем, тарихы терең ел. Біздің елімізде таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де бар. Қазақ елі қонақжай, еңбекқор, батыр халқымен мақтанады. Мен өз елімді жақсы көремін, өйткені ол – менің туған жерім. Мұнда менің отбасым, достарым, мектебім бар. Біз Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Мен елімнің болашағы үшін жақсы оқып, пайдалы азамат болғым келеді. Қазақстан — менің мақтанышым!

1-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Қазақстан туралы мәтінде не айтылған?

2. Біздің еліміздің қандай рәміздері бар?

3. Қазақстанның табиғаты қандай?

2-тапсырма.Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қой.

Сөздер: Қазақстан, азамат, тату-тәтті, тәуелсіз, ормандар.

Менің елім – ............... Ол әлемдегі ең үлкен мемлекеттердің бірі. Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері ............... өмір сүреді. Біздің елде биік таулар, жасыл .............., кең далалар бар. Мен елімді өте жақсы көремін. Қазақстан – менің туған жерім. Біз ............ елміз. Әрбір азамат өз елін қорғап, оған қызмет етуі керек. Мен де болашақта еліме көмектесетін ........... болғым келеді.

«Суретті сәйкестендір» ойыны

Ойын шарты: көрсетілген суреттерді атауларымен сәйкестендіру қажет.

Достар, өзен, елтаңба, мектеп, тау, отбасы, ту

«Сөз тапқыш» ойыны

Ойын шарты: тақтаға немесе қағазға бір сөз жазылады. Оқушылар сол сөзге қатысты 3-4 сөз тауып жазу қажет.

Мысалы:

Мақтаныш — Отан, еңбек, батырлар, рәміздер

1.2 Адамгершілік – асыл қасиет

Мәтінді оқы:

Адамгершілік – адамның ең маңызды және ең әдемі қасиеттерінің бірі. Адамгершілігі бар адам айналасындағы адамдарға әрқашан көмектесуге дайын, мейірімді, сабырлы, шыншыл болады.Мысалы, біреу ауыр сөмке көтеріп келе жатса, оған көмектесу – адамгершілік. Қарт кісіге орын беру, достарыңмен сыйласу, өтірік айтпау, уәдеге берік болу – осының бәрі адамгершілікке жатады. Адамгершілікті кішкентай кезімізден үйренеміз. Бізге ең алдымен ата-анамыз, ұстаздарымыз дұрыс жолды көрсетіп, жақсы тәрбие береді. Олар бізге үлкендерді сыйлауды, кішілерге қамқор болуды, жақсы мен жаманды ажыратуды үйретеді. Адам бойында мейірімділік, адалдық, қамқорлық, ізгілік секілді қасиеттер болса, ол адамды бәрі құрметтейді. Мұндай адамдардың жаны да, сөзі де таза болады. Адамгершілік – кез келген істе, әрбір әрекетте көрінеді. Сондықтан біз әрқашан адамгершілікті бірінші орынға қоюымыз керек. Жақсы адам болудың жолы – алдымен жақсы істерден басталады!

1-тапсырма.Түсінгеніңді тексер: ауызша немесе жазбаша жауап бер.

1. Адамгершілік дегеніміз не?

2. Адамгершілікке қандай қасиеттер жатады?

3. Неліктен адамгершілігі бар адамды бәрі сыйлайды?

2-тапсырма. Төмендегі сөздерге мәндес сөздерді тап.

Сөздер: Қамқор, әдемі, ұстаз, құрметтеу, шыншыл болу.

«Дұрыс – бұрыс» ойыны. Төмендегі сөйлемдерді оқы. Мәтінге сай болса — «Иә», сай болмаса — «Жоқ» деп жауап бер.

1. Адамгершілік — жаман қасиет.

2. Адамгершілігі бар адам өзгеге көмектеседі.

3. Мейірімділік пен адалдық – адамгершілікке жатпайды.

4. Жақсы адам болу үшін адамгершілікті үйрену керек.

«Жағдайды бағала» ойыны (Рөлдік ойын)

Ойын шарты: мұғалім жағдаяттарды оқиды, ал оқушылар сол жағдайда не істеу керектігін айтады. Топпен немесе жұппен рөлге кіріп ойнауға болады.

Жағдаяттар:

Досың мектепке кітаптарын ұмытып келді. Не істейсің?

Автобуста бір қарт адам тұр, ал сен отырсың. Не істейсің?

Сыныптасың ренжіп отыр. Сен не істейсің?

«Адамгершілік гүлін өсір» ойыны

Ойын шарты: оқушыларға қағаздан жасалған гүлдің ортасы беріледі. Жапырақтарын олар өздері қиып немесе жазып жапсырады. Әр жапыраққа бір адамгершілікке қатысты сөз жазады. Нәтижесінде әр оқушының немесе топтың өз «Адамгершілік гүлі» болады.



М ысалы:

  • мейірімділік

  • адалдық

  • қамқорлық

  • шыншылдық

  • ізеттілік

  • сабырлылық























































1.3 Ұлттық мұра

Мәтінді оқы:

Әр халықтың өзіне тән ұлттық мұрасы болады. Ұлттық мұра – бұл ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық музыка, би, қолөнер, киім, тағам және тіл. Олар – халықтың байлығы, өткені мен болашағы арасындағы алтын көпір.Қазақ халқы ұлттық мұрасына ерекше құрметпен қарайды. Мысалы, наурыз көже, киіз үй, домбыра, қонақжайлық – бәрі де біздің бай мұрамыздың бір бөлігі. Домбырамен күй тарту, қонақты қарсы алу, үлкенге ізет көрсету – ата-бабамыздан қалған асыл дәстүр. Ұлттық мұра арқылы біз халқымыздың тарихын, рухани байлығын, салт-дәстүрін, шежіресін танимыз. Ол біздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды көрсетеді. Сол себепті біз ұлттық мұраларды ұмытпай, көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек.Ұлттық мұра – тек өткеннің үлгісі емес, ол – бүгінгі тәрбиенің, мәдениеттің негізі. Әрбір бала өз халқының мәдениетін біліп өссе, елін, жерін жақсы көреді. Мұндай бала еліне пайдалы азамат болып өседі. Сондықтан біз қазақтың салт-дәстүрін, тілін, өнерін қастерлеп, ұлттық киіміміз бен аспабымызды танып-біліп, үлкенге құрмет көрсетіп жүруіміз керек. Бұл – біздің парызымыз. Ұлттық мұраны сақтау – өз тарихыңды құрметтеу деген сөз.

1-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Ұлттық мұра дегеніміз не?

2. Қазақ халқы ұлттық мұрасына қалай қарайды?

3. Ұлттық мұраны сақтау не үшін маңызды?

2-тапсырма. Сөйлемді жалғастыр:

Қазақтың ұлттық тағамы – бұл…

Домбыра – бұл…

Ұлттық киімі - ...

Бала дүниеге келгенде жасайтын той - ............

«Қай мұраға жатады?» ойыны

Берілген сөздерді тиісті топқа бөліп жаз:

Сөздер

Тағам

Киім

Салт-дәстүр

Аспап

Шапан, тұсаукесер, сәукеле, сыбызғы, қобыз, наурыз көже, беташар, қымыз, қыз ұзату, бауырсақ, тақия.







«Суреттен тап!» ойыны

Ойын шарты: ұлттық мұраға қатысты суреттер көрсетіледі. Оқушы оның атауын айтып, ол қандай мұра түріне жататынын айтады.



«Сәттілік дөңгелегі» ойыны

Ойын шарты: кездейсоқ түскен сурет арқылы қазақтың қай ұлттық ойыны екенін тап.

Платформа: Wordwall



















1.4 Мен кім боламын?

Мәтінді оқы:

Адам өмір бойы бір іспен айналысады. Ол — мамандық. Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі маңызды қадам. Себебі адам өзіне ұнайтын істі атқарса ғана сол жолда жетістікке жетеді. Дүниеде мыңдаған мамандық бар. Мысалы, дәрігер – адамдарға көмектеседі, ауруларын емдейді. Мұғалім – бізге білім береді, өмір жолына бағыттайды. Құрылысшы – үй, мектеп, көпір сияқты ғимараттар салады. Аспаз – дәмді тағамдар дайындайды. Ал ұшқыш аспанда ұшақты басқарады. Әр мамандықтың өзіндік маңызы бар. Олар қоғам үшін өте қажет. Кейбір адамдар шығармашылықпен айналысады – ән айтады, сурет салады, кино түсіреді. Олар да өз өнері арқылы адамдарға қуаныш сыйлайды. Мысалы, суретші – сурет салады, актер – рөл сомдайды, әнші – ән айтады. Біздің ата-анамыздың да әртүрлі мамандықтары бар. Олар күн сайын жұмыстарына барып, еңбектенеді. Біз оларға қарап, еңбек етуді, мамандыққа жауапкершілікпен қарауды үйренеміз. Болашақта біз де түрлі мамандық иесі боламыз. Біреу дәрігер болғысы келеді, біреу мұғалім, енді біреу инженер не спортшы болуды армандайды. Ол үшін қазірден бастап жақсы оқып, білім алып, тәртіпті болуымыз керек. Мамандықты таңдау – жүрек қалауы. Егер біз өзімізге ұнайтын мамандықты дұрыс таңдасақ, өмір бойы сүйікті іспен айналысамыз. Жақсы маман – елдің тірегі. Сондықтан әр мамандықты құрметтеу – біздің міндетіміз.

1-тапсырма.Сұрақтарға жауап бер:

1. Мамандық дегеніміз не?

2. Мәтінде қандай мамандықтар аталды?

3. Мамандық таңдағанда нені ескеру керек?

4.Сен қандай маман болғың келеді? Неліктен?

2-тапсырма. «Қажетті мамандықты тап»

Жақша ішіне тиісті мамандық атауын қойып жаз.

(____) – балаларға білім беріп, болашаққа жол сілтейді. Олар – мектептегі ең басты адамдардың бірі.

(____) – үйлер, мектептер, көп қабатты ғимараттар салады. Олардың еңбегінің арқасында әдемі қалалар пайда болады.

(____) – түрлі тағам дайындайды. Ол мейрамханада немесе асханада жұмыс істейді.

(____) – сурет салып, өзінің қиялын бояу арқылы жеткізеді. Оның туындылары көрмелерде ілінеді.

(____) – ұшақты басқарып, жолаушыларды алысқа апарады. Бұл мамандық батылдық пен білімді қажет етеді.

Қажетті сөздер:

(мұғалім, құрылысшы, аспаз, суретші, ұшқыш)

«Мен кіммін?» ойыны

Ойын шарты: оқушы не мұғалім өзі таңдаған бір мамандықты сипаттайды, ал қалғандары оның кім екенін табады.

Мысал:

Мен адамдарды емдеймін. Ақ халат киемін. (Кіммін?) — Дәрігер

«Мамандықтарды сәйкестендір» ойыны

Ойын шарты: мамандықтарды суреттерімен сәйкестендір.













































1.5 Отбасым – алтын ұям

Мәтінді оқы:

Мен үшін отбасы – мейірімге, жылулыққа, махаббатқа толы ең қасиетті орын. Адам жарық дүниеге келген сәттен бастап отбасында тәрбиеленеді. Алғашқы қадам, алғашқы сөз – бәрі осы ортада басталады. Менің отбасым – өте тату. Үйімізде әкем, анам, мен және екі сіңлім бар. Әкем – еңбекқор жан. Ол бізді қамқорлықпен қоршап, әрдайым дұрыс жол көрсетеді. Анам – үйдің жылуы. Оның мейірімді дауысы мен дәмді тағамдары бізге қуаныш сыйлайды. Ал сіңлілерім – үйдің күлкі мен шаттығы. Біз бірге ойнаймыз, кітап оқимыз, сурет саламыз.Әр кеште дастархан басында жиналып, бір-бірімізге күн қалай өткенін айтып береміз. Бұл біздің жақсы дәстүрімізге айналған. Отбасымызда бірлік пен өзара сыйластық бар. Біз үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқор болуды үйреніп келеміз.Анам үнемі: «Бақыт – байлықта емес, татулықта», – дейді. Осы сөз бізге күш береді. Себебі отбасында түсіністік пен махаббат болса, ол үй – нағыз алтын ұяға айналады. Мен болашақта өз отбасымды дәл осындай жылы, тату, мейірімді етіп құрғым келеді. Отбасы – адамның тірегі, қорғаны, рухани байлығы. Сондықтан мен өз отбасымды мақтан тұтамын және оларды жан жүрегіммен жақсы көремін.



1-тапсырма. Төмендегі үлгі бойынша отбасы ағашын сал.

Әр тармаққа өз туыстарыңның атын және оларға деген қарым-қатынасыңды жаз. Қаласаң, олардың жасын, немен айналысатынын, жақсы көретін ісін де жазуға болады. Төменгі деңгейге өзіңді және бауырларыңды орналастыр.

2-тапсырма. «Менің отбасым» тақырыбында өз отбасың туралы шығарма жаз.

Төмендегі сұрақтарға жауап болу керек:

1. Отбасыңда кімдер бар?

2. Сен отбасыңа қандай көмегіңді тигізесің?

3. Отбасыңмен бірге не істегенді жақсы көресің?



«Дұрыс немесе бұрыс» Оқушылар әр сөйлемді оқып, сол пікірдің дұрыс немесе бұрыс екенін «» белгісімен белгілейді.


Дұрыс

Бұрыс

Бақыт – байлықта емес, татулықта



Демалыс күндері отбасымен уақыт өткізген дұрыс.



Ағам мен әпкем маған көмектеседі, мен оларға көмектеспеймін.



Егер ренжітсек, кешірім сұраудың қажеті жоқ



Әр отбасы мүшесі бір-біріне сыйластықпен қарауы керек.



Үй тазалығын тек аналар істейді.



Мен сіңліме сабағын оқуға көмектесемін





«Пойызға отыр» ойыны

3-кезеңнен тұратын сұрақтар мен тапсырмалар беріледі. Әр сұраққа дұрыс жауап берген сайын ұпай қосылады. Барлық сұрақтарға жауап берген соң жүйе жалпы ұпай санын көрсетеді. Ұпай неғұрлым жоғары болса –тапсырманы жақсы орындағанын білдіреді.



«Сәйкестендір» ойыны

Суреттер мен атаулар берілген. Суреттегі отбасы мүшесін дұрыс атауымен сызық арқылы сәйкестендір.























2.1 Табиғатты аялайық!

Мәтінді оқы:

Айналамызға көз жүгіртсек, табиғаттың бізге тарту еткен керемет сұлулығын көреміз. Көгілдір аспан, жайқалған жасыл шөптер, өзеннің сылдырлаған үні, орманның сыбдыры — бәрі де Жер-Анамыздың баға жетпес байлығы. Табиғат — біздің үйіміз. Ол бізге таза ауа, тұнық су, тағам мен дәрі-дәрмек береді. Сондықтан біз оны қорғауға, аялауға тиіспіз. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқыс тастап, ағаштарды кесіп, жануарларға зиян келтіреді. Бұл — табиғатқа жасалған қиянат. Егер әр адам табиғатқа қамқорлықпен қараса, жеріміз көркейіп, жан-жануарлар көбейіп, өміріміз де бақытты болар еді. Ол үшін біз қоқысты жерге тастамай, ағаш отырғызып, суды үнемдеп, жануарларға жанашыр болуымыз қажет. Табиғатты қорғау — тек үлкендердің емес, біздің де міндетіміз. Мектеп ауласын таза ұстап, сенбілікке қатысып, гүл мен ағаштарға су құю — осының бәрі табиғатқа деген қамқорлықтың белгісі. Әр көктем сайын гүлдер жер бетіне шуақ сыйлап жайқалып өседі. Құстар ән салып, тіршілік оянады. Ал осы көріністерді сақтап қалу — біздің қолымызда. Біз неғұрлым табиғатты сүйсек, ол да бізге мейіріммен жауап береді.Есіңде болсын: бір тал кессең, он тал ек! Әр отырғызылған ағаш – келешекке қалдырған аманатың.Табиғатты сүю — өз болашағыңды сүю. Ендеше, табиғатты бірге аялайық!

1-тапсырма. Көптік жалғауынсөздерге жалғап, сөйлемдерді толықтыр.

............. табиғатты қорғауы керек. ........... мен ............ ауаны тазартады. ............ ән салып, ............. тыныш өмір сүреді.

Сөздер: Адам, ағаш, жануар, гүл, құс

2-тапсырма. Қайың қандай пайдалы тұстары бар? Сұраққа жауап жаз.



Shape7 Shape6 Shape5 Shape4 Shape3 Shape2



«Алма теру» ойыны

Алмалардағы мысал сұрақтар мен тапсырмалар:

• Мәтіндегі табиғатты қорғау жолдарын ата.

• Құстар мен жануарларға қалай қамқор болуға болады?

• «Табиғатты сүю — өз болашағыңды сүю» дегенді қалай түсінесің?

• Сурет сал: табиғаттың сұлулығын бейнеле.

• Табиғат туралы 3 сөз жаз.

• «Табиғат — біздің үйіміз» деген сөйлемге түсінік бер.

• Қай сөйлемде су туралы айтылған?

• Табиғатты қалай қорғау керекпіз? Өз ойыңды айт

• Қоқысты қайда тастау керек және неге?

«Кім жылдам?» ойыны

Белгілі бір уақыт ішінде берілген әріптен басталатын табиғатқа қатысты мүмкіндігінше көп сөз жаз. Топтық жарыс ретінде өткізуге болады.

Мысалы:

«А» әрпі — ағаш, аң, ауа, арық, арша…

«Қ» әрпі — құс, қар, қоқыс, қайың…



«Сиқырлы қоржын» ойыны

Қоржын ішінде сөздер (немесе суреттер) болады. Әр оқушы біреуін таңдап, сол сөзге сөйлем құрастырады.

Қоржын сөздері:

Тазалық, су, орман, бақша, гүл, қарлығаш, жапырақ, құмырсқа, бөтелке.

Мысалы:

«Қоқыс» — Қоқысты жерге тастамау керек. Арнайы жәшікке салған дұрыс.

















2.2Ғарыш әлеміне саяхат

Мәтінді оқы:

Аспанға қарасақ, жымыңдаған жұлдыздарды көреміз. Олар өте алыс қашықтықта орналасқан, үлкен және ыстық аспан денелері. Жердің өзі де ғарыш кеңістігінде орналасқан ғаламшар. Ғарыш — шексіз, құпияға толы әлем. Онда Күн, Ай, жұлдыздар, ғаламшарлар және басқа да денелер бар. Ғарышты зерттеу – адамзат үшін өте маңызды. Ғалымдар зымырандар арқылы ғарышқа түрлі аппараттар мен ғарышкерлерді ұшырып, ондағы жағдайды бақылайды. 1961 жылы алғаш рет ғарышқа ұшқан адам — Юрий Гагарин болды. Ол Жерді айналып шыққан. Бұл адамзат тарихындағы үлкен жаңалық еді. Қазақстан аумағында орналасқан әйгілі Байқоңыр ғарышайлағы — дәл осы тарихи ұшырылым жасалған орын. Қазір де бұл ғарышайлақ әлемдегі маңызды зымыран ұшыру орталығы болып саналады.

Біздің елімізден де ғарышқа сапар шеккен батырлар бар. Олар — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов.

Тоқтар Әубәкіров — тұңғыш қазақ ғарышкері.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, ұзақ уақыт зерттеулер жүргізді.

Айдын Айымбетов — үшінші қазақ ғарышкері, ол 2015 жылы ғарышқа барып келді.

Ғарышкер болу – үлкен еңбек пен білімді талап етеді. Ғарышты зерттеу арқылы адамдар ауа райын болжайды, байланыс жүйесін дамытады және Жер туралы жаңа мәліметтер алады.

1-тапсырма. Әли мен Дана арасындағы диалогты оқы. Сұрақтарға жауап бер.

Әли: Сәлем, Дана! Сен ғарыш туралы не білесің?

Дана: Сәлем, Әли! Мен ғарышта жұлдыздар, планеталар, Күн мен Ай бар екенін білемін.

Әли: Дұрыс айтасың! Мен кеше «Ғарышкер күні» туралы деректі фильм көрдім.

Дана: Қызық екен! Сен білесің бе, бірінші ғарышқа ұшқан адам – Юрий Гагарин.

Әли: Иә! Ол 1961 жылы ғарышқа барып, Жерді айналып шыққан.

Дана: Ал біздің елімізден тұңғыш ғарышкер — Тоқтар Әубәкіров. Ол да ғарышқа ұшқан.

Әли: Иә, мен оны мақтан тұтамын! Болашақта мен де ғарышкер болғым келеді.

Дана: Мен де! Ғарышты зерттеу – өте қызықты іс!



Сұрақтар:

1. Диалогта Әли не көргенін айтты?

2. Юрий Гагарин туралы не айтылды?

3. Әли мен Дана нені армандайды?



2-тапсырма.Сөзжұмбақты шеш.



ғ









а











р











ы












ш







Сұрақтар:

1. Жер, Марс, Юпитер, Сатурн – бұның бәрі неге жатады?

2. Қазақстанның үшінші ғарышкерінің есімі

3. Аспан әлемін зерттейтін ғылым саласы

4. Ғарышқа ұшатын техника

5. Қызылорда облысында орналасқан «Байқоңыр» - ол?

Жауаптар:

1. Ғаламшар

2. Айдын

3.Астрономия

4. Зымыран

5. Ғарышайлақ



«Жасырын сөздер» ойыны. Кестеден ғаламшарлардың атауларын тап. Уақыт мөлшері қойылады.

«Боулинг» ойыны.Допты домалатып, кегляны (бөтелке) құлатып, тапсырманы орындау арқылы ұпай жина.



2.3 Болашаққа бағдар

Мәтінді түсініп оқы:

Болашаққа бір күн

Ерасыл — жаңалық ашуды армандайтын ақылды бала. Ол үнемі: «Егер болашаққа бір күнге барып келсем ғой…» – деп армандайтын.Бір күні ол ескі қоймадан атасының жасаған «Уақыт қақпасын» тауып алды. Құрылғының бетінде: «Келешекке тек жүрегі мейірімді адам ғана өте алады» деген жазу тұр екен. Ерасыл батыл шешім қабылдап, құрылғыны іске қосты. Кенет айналасында барлығы айналып, жарқ ете қалды. Ол көзін ашқанда 100 жыл кейінгі — 2125 жылда тұрғанын білді.

Қала танымас күйге енген:

Көліктер жермен емес, ауада жүреді.

Ғимараттар күн сәулесімен жұмыс істейді.

Ағаштардан таза ауа тікелей үйлерге таратылады.

Адамдар жерді ластамайды, қоқысты қайта өңдейді.

Балалар мектепке бармайды, олар білімді үйдегі ақылды тақтадан алады. Бірақ ең қызығы — әр бала аптасына бір күн табиғат күніне қатысады. Бұл күні олар орманға барып ағаш отырғызады, жануарларды қорғайды, өзен-көлдерді тазартады.

Ерасыл бір баламен танысып:

Сендер неге табиғатпен осынша тығыз жұмыс істейсіңдер? – деп сұрады.

Бала күлімсіреп:

Себебі өткен заманның адамдары табиғатты бүлдіріп алған. Енді біз оны қорғауға міндеттіміз, – деді.

Сол сәтте Ерасыл өзіне: «Мен өткен заманнанмын… Менің де Жерге көмектесуім керек!» – деді.

Бір күннен соң уақыт қақпасы қайта ашылып, Ерасыл өз уақытына оралды. Ол енді әр күні табиғатқа қамқор болып, болашақтың жақсы болуына үлес қосатынын білді.



1-тапсырма.Ерасыл болашақтан оралған соң не істеді деп ойлайсың? Оқиғаны жалғастыр.

_______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

2-тапсырма.Қиялыңдағы көлік туралы жаз. Тілдік құрылымдарды қолдан.

_______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________



3-тапсырма.Әр бос орынға сұраққа жауап беретін бір сөз немесе сөз тіркесін жаз. Сөйлемдерді көшіріп, толық жаз.

1. Болашақта адамдар үй тазалауға арналған (не?) ______ пайдаланады.

2. Әр оқушының жеке (қандай?) ______ планшеті болады.

3. Дүкендерде роботтар сатып алушыларға (не істейді?) ______ көмектеседі.

4. Көліктер (қайда?) ______ ұшып жүретін болады.

5.Адамдар алыстағы туыстарымен (немен?) ______ арқылы сөйлеседі.

6. Энергияны күннен, желден және (неден?) ______ алатын болады.



«Менің ақылды үйім»

Padlet-те «Менің ақылды үйім» тақырыбында жазба жаса.

Шарты:

1. Ақылды үйдің суретін сал немесе дайын сурет жүкте.

2. 3–4 сөйлеммен үйдің қандай мүмкіндіктері барын сипатта:

Қандай құрылғылар бар?

Адамға қалай көмектеседі?

Не үшін ыңғайлы?

Дайын болған соң сыныптастарыңның жұмысына пікір қалдыр.









2.4 Ауа-райы сөйлейді

Ауа райы – күнделікті табиғат құбылысы. Біз күн сайын таңертең терезеден қарап, ауа райының қандай екенін байқаймыз. Кейде күн ашық, жылы болады. Ал кей күндері бұлтты, жаңбырлы не қарлы болуы мүмкін. Ауа райы бізге көп нәрсе «айтады». Егер аспанда бұлт қалыңдап, жел күшейсе – жаңбыр жаууы мүмкін. Көктемде құстардың келуі мен ағаш бүршік атуы – жылынғанның белгісі. Қыста қар жауса, далада суық болады. Ауа райын бақылау арқылы адамдар киім таңдайды, шаруаларын жоспарлайды. Теледидар мен интернет арқылы біз ертеңгі күннің райын алдын ала біле аламыз. Табиғатты түсініп, ауа райының «тілін» ұғу – бізге көмектеседі. Ауа райы шынымен сөйлей алмаса да, бізге көп нәрсе «баяндап» тұрады.



1-тапсырма. Мәтінді оқы. Бос орынға тиісті сөзді қой.

2-тапсырма. Қарсы мәндес сөздерін жаз.

Жаз –

Ыстық –

Ылғал –

Желді –

Қараңғы –

Түн –



«Кеше, бүгін, ертең» ойыны

Оқушылар 3 сөйлем құрастырады:

1. Кеше ауа-райы…

2. Бүгін ауа-райы…

3. Ертең ауа-райы…

Мысал:

Кеше желді болды.

Бүгін күн ашық.

Ертең жаңбыр жауады.

«Диалог құрастыр»



Ауа райы туралы 2 адамның арасындағы диалог құрастыр.

Мысал:

Бүгін күн қандай?

Қатты жел соғып тұр.

Үсті-басыңды жылы киініп шық, жарай ма?





















































2.5 Менің сүйікті жануарым

Әр баланың жүрегінде ерекше жақсы көретін жануары болады. Біреуі мысықты ұнатады, енді біреуі қоянмен ойнағанды жақсы көреді. Ал менің сүйікті жануарым – ит. Оның аты – Ақтөс. Ол ақ түсті, құлағы салбыраған, көзі күлімдеп тұратын өте сүйкімді ит. Үйге біреу жақындаса, алдымен сол байқайды. Қауіп төнсе, үреді, ал таныстарымыз келсе, құйрығын бұлғап, қуанады. Ақтөс өте ақылды. Ол «отыр», «тұр», «әкел», «жақын барма» деген сөздерді жақсы түсінеді. Біз Ақтөсті кішкентай күшіктей кезінен асырап алдық. Сол кезден бері ол отбасымыздың бір мүшесіндей болып кетті. Әкем оған арнайы үйшікте орын жасап берді. Мен күнде оған су әкелемін, еркелетемін, серуенге шығарамын. Ақтөс менің шын досым. Менің көңілім жабырқау болса, қасыма келіп, жанымда отырады. Басын тіземе қойып, көзіме қарап жатады. Сондай сәтте оның мені түсінетінін сеземін. Ит – адамның адал досы екенін мен Ақтөстен түсіндім. Ол ешқашан мені тастамайды, әрқашан менің жанымда. Сондықтан мен де оған қамқор болып, жақсы көруге тырысамын.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, төмендегі сұрақтарға жауап бер.

1. Иттің аты кім?

2. Ақтөс қандай ит?

3. Ол қандай сөздерді орындай алады?

4. Иттің иесіне деген қарым-қатынасы қандай?

2-тапсврма. Сөйлемді жалғастыр

1. Менің сүйікті жануарым – …

2. Ол өте …

3. Мен оған … көмектесемін.

4. Біз бірге …

5. Мен жануарымды жақсы көремін, өйткені…

3-тапсырма.«Жануарлар постері» (топтық жұмыс)

Шарты:

Әр топқа бір жануар таңдатылады.

Оқушылар сол жануарға постер жасайды:

Аты

Тіршілік ортасы

Ерекшелігі

Не жейді?

Неге ұнайды?

Кейін постерді қорғайды.



«Бұл қай жануар?» ойыны. Үй және жабайы жануарларды анықта. Сәйкес келетін бағанға орналастыр.

«Мен қай жануармын?» ойыны

Оқушылар жұппен бөлінеді:

Біреуі – қимылмен көрсетуші

Біреуі – табады

Тек қимыл, мимика, дауыс арқылы көрсетеді, екінші оқушы жануардың атын табуға тырысады. Дұрыс тапқан жұпқа бір ұпай беріледі.

Қолдануға болатын жануарлар:

Ит

Мысық

Қоян

Құс

Түйе

Аю

Жылқы

Піл

Қасқыр

Тасбақа

Жылан

Балық















ҚОРЫТЫНДЫ

Оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту – білім берудің басты стратегиялық бағыттарының бірі. Әсіресе бастауыш буын, оның ішінде 4-сынып кезеңі – оқушының оқу әрекетінен дербес танымдық әрекетке көшуінің шешуші кезеңі. Осы орайда, геймификациялық әдістерді оқу үдерісіне енгізу – білім сапасын арттырудың, оқу дағдысын қалыптастырудың және оқуға деген қызығушылықты оятудың тиімді жолдарының бірі ретінде ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан өзектілігін дәлелдеп отыр.Геймификация – бұл оқыту процесіне ойын элементтерін енгізу ғана емес, оқу әрекетін баланың жас ерекшелігіне сай ынталандыру тетігі ретінде қолдану. Баланың ойы, қиялы, эмоциясы, тілдік қабілеті және логикасы ойын арқылы белсенді іске қосылады. Әсіресе 4-сынып оқушысы үшін қызығушылықты сақтау, зейінді тұрақтандыру, мәтін мазмұнын терең түсініп, өзіндік пікір айту – күрделі, бірақ маңызды дағдылардың бірі. Ал геймификациялық тәсілдер осы дағдыларды жеңіл әрі еркін меңгеруге мүмкіндік береді.Зерттеулер мен практика барысында байқағанымыздай, оқушылар геймификация элементтері енгізілген сабақтарға белсенді, ықыласпен қатысады. Олар ойынды тек көңіл көтеру құралы емес, білім алудың бір түрі ретінде қабылдайды. Мысалы, “Сиқырлы доп”, “Ойлан – тап!”, “Спиннер сұрақтар”, “Жасырын кейіпкер”, “Отбасы ағашы”, “Болашақ дикторы” сияқты әдістер арқылы оқушылар мәтінді түсіну, ақпаратты іріктеу, негізгі ойды табу, сұрақтарға жауап беру, өз ойын дәлелдеу сияқты оқу сауаттылығына қатысты дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, бұл әдістер сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, жазбаша және ауызша тілін байытады.

Әдістемелік құралда ойын элементтері оқу мазмұнына біртұтас кіріктіріліп, оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандыратын құрал ретінде қарастырылған. Бұл тәсіл оқу үдерісін шынайы мағыналандырып, оны бала үшін тартымды әрі мәнді әрекетке айналдырады. Геймификациялық тапсырмалар арқылы оқушылар тек мәтінді оқып қана қоймай, оны түсіну, құрылымдау, интерпретациялау және өз көзқарасын білдіру сияқты күрделі когнитивтік әрекеттерді орындауға дағдыланады. Мұндай ортада оқушы оқу мәтінін жай қабылдаушы емес, белсенді талдаушы, ізденуші ретінде қалыптасады.Сонымен қатар, бағдарлама аясында әзірленген ойын негізді жаттығулар оқушылардың рефлексия жасау қабілетін дамытып, олардың өз оқу жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл – тұлғаның оқу процесіндегі жауапкершілігін арттырып, дербестігін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Әсіресе, ойын арқылы оқу барысында туындайтын бәсекелестік, ұжымдық әрекет, жетістікке жетуге деген ұмтылыс – баланың жеке және әлеуметтік дағдыларын кешенді түрде дамытатын маңызды факторлар.

Зерттеу барысында геймификация әдістерінің оқу сауаттылығын арттыруда жоғары тиімділікке ие екені дәлелденді. Атап айтқанда, оқушылардың мәтін мазмұнын түсіну деңгейі, логикалық ойлау дағдысы, ақпаратты өңдеу жылдамдығы және креативті пайымдауы айтарлықтай дамыды. Бұл – ұсынылған бағдарламаның теориялық қана емес, практикалық құндылығының да жоғары екенін айғақтайды. Тұжырымдай келе, «Геймификациялық әдістер арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру»әдістемелік құралы қазіргі білім беру жүйесінде оқушыны жан-жақты дамытудың тиімді құралы ретінде ұсынылады. Оқытудың мазмұны мен әдістемесін жаңғыртып, оқу үдерісін бала психологиясына жақын әрі өмірмен байланысы бар жүйеге көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл білім алушының тілдік, логикалық және әлеуметтік қабілеттерін дамытумен қатар, заманауи қоғамда табысты болуына қажетті дағдыларды да қалыптастырады. Демек, бұл құрал – білім беру практикасына енуге дайын, тиімділігі дәлелденген, ғылыми негізі берік инновациялық шешім.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
08.10.2025
50
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі