жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Географияны оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері және жаңа технология элементтерін пайдалану арқылы өткізу
География сабағында дидактикалық материалдарды пайдалана отырып оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамыту
Зекенова
Гаухар Қасымжанқызы
№61 жалпы білім беретін орта мектебі
ІІ санатты география пәні
мұғалімі
Қарағанды
қаласы
Заман алға жылжып, қоғам өзгерген сайын жаңа мазмұнды оқу жүйесін қалыптастыру өмір талабы. Сондықтан да қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер жаңа технологияны пайдалану жолдары түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашуда. Осы орайда ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс - әрекеттің ғылыми - практикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мектепте оқу - тәрбие процесін дұрыс ұйымдастырудың бірден - бір жолы - ғылым негіздерінен білім берумен қатар, сол білімді алуға ынталылықты, яғни оқушылардың танымдық қызығушылығын ояту, өз бетінше ізденуін арттыру. Әрбір мұғалімнің шығармашылық жұмысы белгілі бір мақсатты көздейтіні сөзсіз. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырудағы негізгі мақсат - олардың шығармашылық қабілетін дамыту. Ал, бұл мақсатқа жету оқытудың көптеген міндеттерін шешуге мүмкіндік береді, яғни: • жаңа материалды берік және түсініп оқуына; • білімін өз бетімен оқып толықтыруға; • жоғары оқу орындарына жақсы дайындалған талапкерлерді беруге; • сол талапкердің таңдаған мамандығын шығармашылықпен игеруге. Мұғалімнің барлық қабілеті - оның шығармашылық жұмысынан көрінеді. Бұл тұжырым - психологияның негізгі принциптерінің бірі. Оқушының білім алудағы жоғары белсенділігін қалыптастыру үшін оқытудың әдістері мен тәсілдерін дұрыс қолдану - оқушылардың танымдық қабілетін дамытудың ең басты құралы болып табылады. Сондықтан да оқушының танымдық дамуын қамтамасыз ету үшін, оқытудың белсенді әдіс - тәсілдерін жиі қолдану өте қажет. Бірақ түрлі әдіс - тәсілдерді пайдаланғанда, оқушының бойында танымдық қабілеттің бар - жоғын ескеру қажет. Күрделі танымдық тапсырмаларды тек ғана қабілеті жоғары оқушыларға беру керек. Таным қабілетінің дамуына сай емес, оқушының мүмкіндігінен жоғары тапсырмалар, оқушының өз қабілеті мен күшіне деген сенімін жояды. Олай болса, оқушының танымдық қабілетін дамыту – ұзақ үрдіс деген қорытындыға келуге болады. Ол үшін мұғалімнің жұмыс жүйесі біртіндеп, жоспарлы және көздеген мақсатқа жетуге бағытталған болуы қажет. Баланың белсенділігі – бұл оның өмірлік қажеттілігінің көрінісі. Адамның жасайтын кез - келген іс - әрекеті, оның физикалық және рухани күштерін белсенді қалыпқа келтіреді. Сондықтан сабақ кезіндегі оқушы белсенділігі оның әртүрлі іс - әрекеті кезінде көрінеді. Кейбіреуінде қозғалыс белсенділігі, ал кейбіреуінде рухани интеллектуалды белсенділік жақсы дамыған болады. Бірақ жеке тұлға жан – жақты қалыптасуы үшін оның бойында белсенділіктің барлық түрі көрінуі керек. Оқушы белсенділігі тұлғаның қалыптасуының барлық кезеңдерінде дамиды. Психологиялық - педагогикалық зерттеулердің көрсетуі бойынша белсенділіктің бірнеше деңгейі анықталған, мысалы: ● көшірмелі еліктеу белсенділігі; ● ізденгіш - орындаушылық белсенділігі; ● шығармашылық белсенділігі. Оқушы белсенділігінің әртүрлі деңгейіндегі түрлеріне талдау жасау мұғалімге уақыттың әрбір аралығында оқушы қай деңгейде жұмыс жасап отырғанын білуге елеулі көмек береді. Бір сыныптағы оқушылардың танымдық қызығушылық деңгейі олардың жеке дамуына байланысты әртүрлі болады: ● қарапайым деңгей - бұл, оқушының сабақта берілетін жаңа мағұлматтарға, қызықты құбылыстарға қызығушылығы; ● орташа деңгей - бұл, оқушының заттар мен құбылыстардың қасиеттерін білуге, оның көзге көрінбейтін негізгі құрамын білуге деген қызығушылығы. Бұл деңгей бар алған білімін пайдаланып, ізденуді, жорамалдап табуды қажет етеді. Бірақ бұл қызығушылық жекелеген фактілерді ғана қамтиды. Баланың санасы оның заңдылығын анықтауға әлі де болса жетпейді. Зерттеулер көрсеткендей бұл саты, теориялық жағынан әлі жетілмеген төменгі сынып оқушыларына тән; ● жоғары деңгей - оқушының себеп - салдарлы байланыстың заңдылықтарын білуге, құбылыстардың әртүрлі ортадағы әсерінің жалпы заңдылықтарын анықтауға деген қызығушылығы. Оқушылар бойында танымдық қызығушылықты қалыптастырудың әдістерін пайдалану үшін мынадай оқу моделін алған тиімді: • Ой шақыру • Мәнін ұғыну • Ой толғау І. Ой шақыру сатысы: ● Бірінші әдіс: Жұптасқан миға шабуыл Екі оқушы берілген тақырып бойынша білетіндерінің тізімін жасайды. Уақыт 5 минут. Бұл көп оқушының әсіресе өз ойын жеткізіп айта алмайтын оқушылар үшін үлкен көмек. Көбіне жолдастарымен пікір алысу арқылы ол өзіне деген сенімділік пен бүкіл сынып оқушылары алдында жеңіл шыға алады. Жұппен жұмыс көп оқушыны бағалауға мүмкіндік береді. ● Екінші әдіс: Негізгі сөздер Мұғалім мәтіннен 4 - 5 негізгі сөздерді таңдап, дәптерге жазуларын сұрайды. Жұптарға 5 минут беріліп, миға шабуыл тәсілімен осы сөздің мағынасын ашуға жұмыстанып, ортақ қорытындыға келгесін, осы мағынада қолданылып тұр ма, мәтінмен салыстырып оқуларын сұрайды. ● Үшінші әдіс: Кластерлерге бөлу. Ең алдымен тақтаның ортасындағы дөңгелекке немесе дәптердің ортасына сөз не сөйлем жазу сұралады. Мысалы «Марко Поло» деген сөз. Сосын «ол не істеді?» деген сұрақ тастауға болады. Ол сөзді оң жағына дөңгелекшенің ішіне жазып негізгі сөзбен екеуінің арасын тіке сызықпен қосамыз. Енді біз оқушыларды оның не істегені туралы өз көзқарастарын айтуға шақырамыз. Бұл пікірлерді «ол не істеді» деген дөңгелектің айналасына топтастырып, жаңа дөңгелектерге жазып онымен қосуларын сұраймыз. Егер оқушы «ол саяхатшы болған» десе, «саяхатшы» деген сөз жаңа дөңгелекшеге жазылады. Егер оның саяхаты туралы жаңа мәлімет (қайда барды және т. с. с) болатын болса, онда ол сөздер «саяхатшы» сөзінен айналып жүретін серік - сөздер болады. Оқушылар кластерді орналастырып болған соң, олардан қай жерде ақпарат аз екенін көрсетуді сұраймыз. Егер олар бір нәрсеге күдіктенсе, сол жерге үлкен сұрақ белгісін қою керек. Содан соң ненің дұрыс болғанын, қай жері дұрыс емес екенін, қандай тұстары анықталды соған көңіл бөлуін сұраймыз. ІІ. Мәнін ұғыну сатысы: ● Бірінші әдіс: Мәтінді белгілеу Оқушылар мәтінді оқи отырып, карандашты пайдаланып, мәтіндегі ақпаратты төмендегідей белгілермен белгілейді: ● - белгісімен мәтіндегі өздері білетін ақпараттарды белгілейді; - - таңбасымен олардың түсінігіне қайшылық келтіретін тұстарын белгілейді; + - таңбасымен олар үшін қызықты, күтпеген ақпарат белгіленеді; ? – таңбасын осы ақпарат туралы әлі де толық білгісі келсе қояды. ● Екінші әдіс: Өзара сұрау. Екі оқушы мәтінді кезектесіп, әрбір абзацтан кейін тоқтап оқиды және оқылған абзац бойынша бір - біріне кезектесіп сұрақ қояды. ІІІ: Ой толғау сатысы: ● Бірінші әдіс: Жұптасқан миға шабуыл. Миға шабуылды жүргізетін жұптар, мәтінді оқыр алдында алдыңғы жазбаларына қайта оралып, мәтінді оқығанға дейін және оқып болғаннан кейін қандай түсінік болғанын салыстырады. Салыстыру нәтижесімен өзі үшін жаңа деп есептейтін алған ақпараттарының тізімін жасайды. ● Екінші әдіс: Кластерге қайта оралу. Мәтінді оқу алдында, яғни кластерлермен жұмыс жасағанда, олар ойларын негізгі тақырып айналасындағы айналып жүрген «серіктер» сияқты орналастырған еді. Олар түсінбеген жерлері мен өздері күдіктенген жерлерге «үлкен сұрақ» белгісін қойып кеткен болатын. Енді мәтінді оқып шыққаннан кейін оқушылар жұптасып немесе барлық сынып бірігіп, алынған ақпараттарды қайтадан кластер түрінде жазады. Сөйтіп сабақ соңында әрбір оқушы бүгінгі жаңа сабақтан өзінің не алғанын, не игергенін өзі қорытындылап өзіне өзі жауап бере алады Оқушылардың білімді өз бетімен игеруі үшін ең маңызды саты - түсіндіре отырып жаттығу орындау болып табылады. Барлық оқушы жұмысты дәптерге орындайды. Тақта алдына ешкім шықпайды, бірақ бір оқушы (мұғалімнің таңдауымен) орнынан тұрмай, дәптерге жазып жатқанын немесе картадан оқу арқылы дауыстап түсіндіре отырады, барлық сынып жазады немесе оның айтқанына картадан қарап ілесіп отырады, керек жерінде кескін картаға да сызып отыруға болады. Егер бұл оқушы тоқтап қалса екінші оқушы жалғастырады. Бұған басында жақсы оқитын оқушылар белсене қатысады, ал, қандай да бір уақыттан кейін нашар оқитын оқушылар да еркін және тез түсіндіре бастайды. Мұндай жұмыс кезінде оқушылардың ойлары ашық және барлық жұмыс бақылауда болады, ұжымдық жұмыстың қарқыны көтеріледі. Оқушылардың танымдық қызығушылығының деңгейін көтерудің тағы бір белсенді тәсілі проблемалық тапсырмалар беру. Оқушының айтқан көзқарасын қолдайтын немесе оны жоққа шығаратын элементтері бар сабақ - өзінен өзі оқушылардың танымдық қызығушылықтарын тудырады. Ал танымдық қызығушылықты тудыратын тапсырмалар-сабақта дидактикалық материалдарды қолдану. География пәніне арналған дидактикалық құралдар оқушылардың білігі мен дағдыларына талап, ағымдағы бақылаулар, оқушылардың логикалық ой – өрісін дамытуға арналған сұрақтар, қорытынды бақылаулардың тапсырмаларының ңұсқасы мен жауаптары беріледі. Бұл тапсырмалар оқушылардың табиғатты бақылауға, өз беттерімен талдау жасау дағдыларын жетілдіруге, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға көмектеседі. Берілген тапсырмалар тақырыпқа сай, оқушылардың танымдық белсенділігі мен пәнге қызығушылығын арттыратындай түрлендіріп , күрделене берілген. Проблемалық, ситуациялық, логикалық сұрақтар оқу материалын тиімді менгеріп, есте сақтауда көмектеседі. Дидактикалық материалдар тарауларды қорытындылауда, қайталауда пән мұғалімдері мен оқушыларға көмектеседі. Оқу бағдарламасы негізінде жасалғандықтан дидактикалық материалдардың тапсырмалары түсінуге қолайлы, орындауға ыңғайлы. Оқушылардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, дайын тапсырмалар беруде қолдануға болады. Дидактикалық материалдардың міндеті-оқушылардың білімді берік меңгеру үшін олардың өз бетінше орындайтын оқу қызметін дұрыс ұйымдастыруға көмектесу.Материалдарда берілген сұрақтарды үй тапсырмасын сұрағанда,сабақты бекіткенде және қайталау-қорытындылау сабақтарында қолдануға болады. Әр мектептің,сыныптың ерекшелігіне,оқушылардың дайындық дәрежесіне қарай мұғалім дидактикалық материалдарды шығармашылықпен пайдаланғаны дұрыс.География пәні ең қызықты, оқушылардың белсенділігін, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндігі жоғары пән. Дегенмен әрбір сыныптың танымдық қызығушылығының тәжірибесі мен даму дәрежесі әртүрлі. Ал әрбір сыныптағы әдіс пен тәсіл оқушылардың танымдық қызметінің белгілі бір деңгейіне есептелінеді. Сондықтан да оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту үшін сәйкес оқыту әдісін таңдай білу керек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Е.Қаженбаев. Географияны оқыту әдістемесі.
2. Е.Қаженбаев. Географиялық ойындар. Атырау, 2003 жыл.
3.Тәрбие құралы. №5.2008ж
4.Геграфия және табиғат. №4.2011ж.
5.География және табиғат. №1.2011ж.
6.Қараев Ж.А., т.б. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешеннің құрамы мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге және сараптауға қойылатын дидактикалық талаптар.
Алматы:. 1998. 7. А. Ж. Абылгалиева Қазақстанның физикалық географиясы. Дидактикалық материалдар Өскемен 2014

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген