400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
Оқушыларға
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі


Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаты








Абай шығармалары арқылы креативті тұлға қалыптастыру







(ғылыми жоба)





Авторы: Ильяс Жансая

Сыныбы:10

Секциясы: Әдебиет

Жоба жетекшісі: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі :Амреева К.З.











Алматы 2019-2020 оқу жылы

Мазмұны:

1.Аннотация____3-4

2.Оқушының күнделігі____5

3.Кіріспе____6-7

4.Зертеу бөлігі____8-15

4.1.Абайдың қарасөздері – жасампаздықтың мол мұрасы.____ 8-15

4.2.Өлең сөздің патшасы,сөз сарасы____15-19

4.3 Поэмаларынан философиялық тұжырым____20-21

5.Қорытынды____22

6.Жетекшінің пікірі____23-24

7.Пайдаланылған әдебиеттер 25





































Аңдатпа

Ғылыми жобаның өзектілігі: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауын тарту етті. Осы жолдауда: "Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда" - деп атап, көрсетті. Елбасымыздың Жолдаудағы мақсат, міндеттерін іске асыру - әр азаматша пен азаматтың парызы. Кретивті тұлға қалыптастыруды тек педогог емес, біз өзіміз болашақ ұрпақ жүзеге асыра аламыз.

Гипотезасы:Өмір жағдайларына тың көзқараспен қарап,өзіне керектіні алып, проблемалардың алдын алудың немесе шығудың жеңіл жолын таба алатын жастар біздің қоғамға ауадай қажет. Осындай адамдар арқылы біз жақсы жетістіктерге жете алар едік

Жобаның мақсаты: Абай шығармаларынан жасампаздықтың ұлттық құндылығымызға сай келетін,креативтілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған философилық тұжырымдарын анықтау.

- Бәсекеге қабілеттілік , заман талабына сай оқушы болып қалыптасуда Абай шығармаларының ұтымды тұстарын меңгеру өмірде қолдана алу.

Ғылыми жобаның міндеттері:

  • Абай шығармалары арқылы болашақ креативті тұлғаны қалыптастыру;

  • Абайдың философиялық ойларын жасампаздықпен ұштастыру;

  • Креативті тұлғаның қоғамдағы орынын айқындау;

Әдістері:

  • Іздену

  • Сұхбат

  • Мәліметтер жинау

Жұмыстың қортындылығы мен нәтижелігі:

Абай шығармаларының негізінде қалыптасқан

  • Тың ойлай білетін;

  • Нағыз адамгершілік,шығармашылық қасиеттерді бойына сіңірген:

  • Ойлаудың дәстүрлі схемасынан кете алатын;

  • Айрықша идеяларды таба білетін креативті тұлға.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: Зерттеу нәтижесінде жинақталған материалдар болашақта ақын Абайдың шығармашылығын әрі қарай зерттеп, зерделеймін деушіге көмекші құрал, сондай-ақ мектептің оқу әдістемелік жұмыстарына, таңдау курстарында кеңінен қолдануға енгізуге болады.Жұмыстың орындалу әдістері: Абай туралы терең танысу, деректер жинау, ғылыми ізденіс, зерттеу, талдау, салыстыру әдістері қолданылған.

Annotation


Relevance of a research project:

On the 5th October 2018 President of the Republic of Kazakhstan N.Nazarbaev sent a message to people of Kazakhstan about well-being, income and life improvement of Kazakhstan people. He emphasized in the message the educational model4K: creativity and teamwork.

Implementation of target ant and challenge said in the message is obligation of each Kazakhstan citizen.

The creative person formation is carried out not only by teachers and also by us, future generation.

Hypothesis: Our society needs youth, who take necessity looking at life conditions in a new way. And prevent problems, find an easy way to deal with problems. Thanks such people we could achieve great success.


The project aim: the essence of Abai works to form creative learner.


Science project task:

  • creative personality formation per Abai works;

  • to unite philosophy ideas with creativity;

  • to determine the place of creativity person in society.


Method:

  • to seek;

  • talking;

  • to collect the information


Conclusion and efficiency

Creative person according to Abai works

  • thinks new;

  • has truly moral, creative qualities;

  • finds unique methods.








Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Ильяс Жансаяның ғылыми зерттеу жұмысы жайлы


К Ү Н Д Е Л І Г І

(2019 жыл)



№

Атқаратын жұмыс тізімі

Мерзімі

Жетекші қолы

Нәтижесі

1

Ғылыми жұмыстың тақырыбын айқындау мақсатында ғылыми жетекшімен кеңесу, пікірлесу

Қыркүйек -желтоқсан, 2019 ж


«Абай шығармалары арқылы креативті тұлға қалыптасытыру» зерттеудің тақырыбы болып бекітілді

2

Ғылыми жетекшімен үнемі кеңесе отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Қаңтар-ақпан 2019 ж.


Жұмыстың мақсатымен, міндетімен таныстым. Орындау барысы туралы мағлұмат беріп, пайдаланатын әдебиеттерді көрсетіп берді.

3

Зерттеу тақырыбы негізінде интернет, баспа материалдарымен танысып, олардың ішінен қажеттілерін іріктеу

Наурыз

2019 ж.


Берілген материалдармен танысып, өзіме қажетті мағлұматты алдым.

4

Ғылыми жетекшіден кеңес алу

Сәуір 2019 ж


Қажетті материалдарды жинақтап, саралап-жүйеледім.





І Кіріспе

Фантастикалық ойларды ойлау,адам сенгісіз қиял ғажайыпты миға сидыру бұл талант деуге келеді. Адам баласы ойлау деңгейінің жоғары шнгіне жете алады. Біз ауызымыздың суы құрып,таңғала,таңдана қарап жатқан құрылғылар да, басқасы да адам ойының шырқау биікке шыққаннының көрінісі. Яғни, осы істерге арналған арнаулы бір ұғым – «креативтілік» ұғымы. «Креативтілік»- (латынша creation)- жасау, адам интелектінің жоғарғы деңгейі,жаңа нәрселерді ойлап табу қабілеті, яғни «жасампаздылық».[1,4б] «Креативтілік» дегеніміз тұлғаның ерекше ойлары. Бұл адам бойына сіңірілетін, проблемаларды шеше алу қабілеті. Интелектуалдық қабілеттер ішінде креативтілік ерекше бөлініп шығатын тип. Өзін-өзі танытатын тұлғаға тән батылдық, еркіндік, спонтандылық, тұтастылық, өзін-өзі қабылдау, айқын ақыл-ой, сана сияқты мінездік қасиеттер креативті тұлғаның айқын көріністері. Креативті ойлау ,креативті тұлға болу үшін бізге не керек? Жасампаздықты қалай қалыптастыра аламыз? Әрине тұлғаның дағдылары оқу арқылы,іздену арқылы қалыптасады. Адамдардың санасында креативті тұлғалар жайлы екі түрлі пікір бар:

1.     Альберт Энштейн секілді ғажайып жан.  Бұл типтегі креативті тұлғаның ойына ілесу мүмкін емес. Идеялардың қоймасы іспетті кез келген ситуацияда бірнеше нұсқа ұсына біледі. Бірақ қоғамнан тыс, даралықты жаны сүйеді.

2.     Шығармашылық мамандық иелері. Бұл типтегі креативті жандар өзге әріптестерінен батылдығы мен тәуекелшіл қадамдарымен ерекшеленеді. Киім дизайны, бейнелеу өнері, музыка, әдебиет салаларында қызмет ететін адамдардың абстрактілі көзқараспен жаңа дүниелер жасауы. Креативті шығармашылық қоғам үшін қызмет етеді.Креативтілік яки жасампаздық.

Жасампаздық еңбек- шығармашылық еңбек, іздену, жаңару, даму, өркендеу жолындағы еңбек. Ал жасампаз халық – осы даму, жаңару, өркендеу жолында еңбектеніп жатқан Қазақстан халқы. Ерінбей, талмай еңбек етіп өркендеу жолында Қазақстан креативті тұлғаларға мұқтаж.


  Зерттеу бөлігі


Абайдың қарасөздері-жасампаздықтың мол мұрасы


Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Өр Абайдың төтеген кім бетіне.

Ж.Жабаев

Гуманистік психологияның көрнекті өкілдерінің бірі Абрахам Маслоу:

-креативтілік пен өзін-өзі танытудың арақатынасын зерттеуде креативтілік тұлғаның жетістігін емес, ол тұлғаның өзін сипаттайды,- деген. 

Жалпы Р.Холлменн былай деді: «Креативтілік жаңа тәсілмен жүзеге асырылған қабылдау ағыны», Лассуэль: «жаңалықтар ашуға және оларды білуге қабілеті», Тейлор: «жаңа ұғымға тәжірибені көшіру». Роджерс: «Адам бойындағы креативтілік тек қиялмен ғана емес,адамгершілікпен де өлшенеді»

Көптеген зерттеушілер креативтіліктің анықтамасында тұлғаның ерекшелігіне немесе қасиетіне басты назар аударады. Иә, креативтілік ұғымы әлемде кеңінен таралған. Әлемдік деңгейдегі шетел философтары креативтілік ұғымының майын ішіп, жілігін шағып зерттеген. Шетел философтарының еңбектерін оқи отырып, ана тілімізде жазылған қазақ ойшылдарының еңбектерінен креативтілікті іздедім. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалары креативтіліктің нағыз ұлттық нұсқасы екеніне көз жеткіздім. Абай айтқан «толық» адам болу деген тұжырымы дәл қазіргі тілмен айтар болсақ «креативті тұлға» Философиялық ойларға тұнып тұрған Абай қара сөздерінің креативті жақтарын алып қарастырайық:

Қара сөздерді алғаш жазуға отырғанда,ақын: «....ойыма келген нәрселерді жаза берейін...., кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, дедім де,ақыры осыған байладым»,- деп қаншалықты қарапайымдық білдірсе де бұл жазбалар ғылыми танымдық және әдеби-көркемдік мәні өте зор, ақынның жалпы ақыл – ой өрісін, дүниеге көзқарасын танытуда баға жетпес мағлұмат беретін аса құнды қазына болып табылады. [3,4б]

Абайдың он жетінші сөзі қайрат, ақыл, жүрекке арналады. Осы үшеуі ғылымға келіп,әрқайсысы адамға керек екенін дәлелдеуге тырысады. Сонымен қатар, өздерін бірінші орынға қоюды сұрап, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсы да, жаман да қасиеттерін дәлме-дәл айта отырып, әділ төрелік жасайды. Ғылым үшеуінің кемшіл тұсы- алалығы екенін айта отырып, билікті жүрекке беруге мақұлдасады.

Абайтанушы Мекемтас «Абайға күрескер болмады деген кінә қою жөнсіз. Ол заманда қылыш асынып жауға шабудың кезі өтіп кеткен болатын. Сондықтан, Абай идеялық күрес жүргізді, халқын жаңа жолға қарай бастады»дейді. Абайтанудың білгірі айтқан бұл сөз қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тікелей үндесіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаев та «Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі ұлттық болмысы мен дүниетанымы өзгеріп, тіпті бұзылып бара жатқан қазақ қоғамын рухани, моральдық сауықтырудың бірден бір жолы – Абай іліміне оралу. Өйткені, ұлы ойшылдың бүкіл шығармашылық қызметінің басты нысанасы – адам. Патша отаршылдығының бүтін ұлтты ыдыратып, бөлшектеп жойып жіберуді көздеген жымысқы саясатының салдары мен қауіп-қатерін көзімен көрген ақынның басты мақсаты – арлы, адамгершілік қасиеті жоғары, еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен ұятты білетін, танымға құштар, игі жүректі адам тәрбиелеу болды. Ол өз халқын осыған шақырды. Бұл идея ақынның бүкіл шығармашылығына үзілмес желі болып тартылған.
Қазіргі біздің қоғам ең алдымен осындай адами ізгі қасиеттерге мұқтаж екені хақ. Жетпіс жылғы кеңестік езгі тұсындағы дініміз бен ділімізге нұқсан келуі, ана тіліміздің шеттетілуі, ұлттық болмысымыз бен мінез-құлқымыздың өзгеруі, т.с.с. рухани нәубетпен қоса, жаңа мыңжылдықпен бірге келген жаһанданудың, оның ішінде бұқаралық мәдениеттің ең теріс жақтарын тоқтаусыз бойымызға сіңіріп жатырмыз. Адамшылық жағыңды дамыту, ақылды, білімді адамды жоғары бағалау, адам болып өмір сүру, халыққа, қоғамға пайдаңды тигізу, адамды құрметтеу, адам мен табиғат бірлігі – бүгінгі таңдағы басты мәселе. Яғни, бұл заманда «іші алтын, сырты күміс» Абай сөздерінің қажеттілігі арта түседі. Мұның барлығы ойшылдың «Адам бол» қағидасының мазмұнын құрайды. Сондықтан, Абайдың сарқылмас мол мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан зерттеу заман талабы. Бұл ретте Мекемтас ағамыз бастаған абайтанушы ғалымдар Абайдың «Толық адам» ілімі – халқымыздың рухани тазару жолындағы теңдесі жоқ құралы деп санайды..

Абай жүректі, яғни адам-адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бұл біздің қазіргі басты мәселеміз болып отыр. Себебі, соғыстан да,аурудан да қашу жолы-бейбітшілік. Ал бейбітшілік үшін алдымен өзіңді,оны және келесі біреуді жақсы көре білуің шарт. Солай ғана адамдар арасында ортақ келісім орнайды. Елдердің бейбіт достастығы әлемді құлдыраудан қорғайды, қорғап қана қоймай, гүлденуіне көмек береді.

Осыған ұқсайтын тағы бір үлкен ұят-намыс мәселесін қозғайтын қара сөзі – отыз алтыншы қара сөзі. Қара сөз – ұят туралы. Өз кезегінде ұяттан,ардан безгендерді сыни тұрғыда сөз ете келіп, ұят және ұяттың түрлері туралы айтады. Ұяттың бір түрі-адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, ал келесі түрі- жасықтық, ынжықтықпен байланысты. Қазақ менталитетіне сай «ұят болады» ұғымына қарсы пікір білдіре отырып, «ұялмас нәрседен ұялған ұялу- ақымақтық әрі надандық болып саналады»- деген. Сонымен қатар, «ұят» ұғымы «креативтілікке» қарсы ұғым ретінде жүреді. Себебі, креативті ойлай білуші ойлардың шекарасынан аттап, қиял жетегінде ұят ұғымын сызып тастауы тиіс. Адам жаман қылықтарынан ұялу керек, ал бойындағы тамаша қасиеттерін ашып, өзін жаңа қырынанкөрсетуге ұялу – бұл жасампаздыққа барар жолынан жаңылуы. Менталитеттің «ұят» сөзін қалдыра алмаса, ойлаушының қиял шекаралары біртіндеп кеми бастайды. Мұндай ойлаушы креативтілікті бойына сіңіре алмайды. Себебі, адам креативті ойын жүзеге асыру үшін батылдық, тез шешім қабылдай алатын қасиет керек.

Үшінші қара сөз

Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.Абай бұл қарасөзінде әрбір жалқау кісінің іске қайратсыз, тамаққа тойымсыз, ойға шорқақ болатынын алға тартады. Жалқаулық-адамазаттың қас жауы.Жалқау адамның ойға алған ойы ешқашан іске аспайды.Демек,тұлғаның бойына креативтілікті дамытпас бұрын, адамның бойындағы жалқаулығымен күресу керек. Себебі креативті ой келе тұра, жалқаулығы бірге келсе келген ой жұмысқа айнала алмасы анық. Ал істелмеген істен, шықпаған нәтижеден ешқандай қайыр жоқ. [11,419б]


Алтыншы қарасөз

Қазақтың: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалы төңірегінде философиялық мəнде ой өрбіткен.

[5,4б]

Ақын мақалдың екінші жартысындағы «тірлік» деген ұғымды терең талдайды. Ол жай ғана қорқып, үркіп сүрген өмірдің ісін тірлік деп санамайды: «...Ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла да

алмайсың». Міне, тура осындай жолдар арқылы ол креативті тұлғаның бойында табылу керек адалдық жөнінде сөз қозғайды. Адал еңбек, адал термен келген іс әрқашан да тәтті, әрі жұғымды келеді. Дұрыс жасалған іс арқылы креативті тұлға қоғамға қажетті,пайдасы мол жұмыстармен қоғамды көркейтеді. Әрі көкірегің ояу, көзің ашық болағанның арқасында келесі бір адамға көмектесіп, жігерлі ұрпақ боласың. Еріншектікті ұмытып, ер атанып, қылған ісіңмен өзіңді де, өзгені де жақсы жаққа апарасың. Яғни, креативті тұлға алдымен адал өмір сүруі керек.

Алтыншы сөздегі ойын Абай жетінші сөзінде де қайталап: «Көкіректе сəуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» — деп жетілдіре түседі. Бұл — надандықтан сақтандырып, көкірекке білім, ғылым нұрын түсіруге шақыру.Адамды адами қасиеттен ажырататын тап осы надандық. Тіпті, Н.Назарбаевтың өзі де білімді ұрпақ-болашаққа бағдар болатын, жетістігіміздің себепшісі боларын айтқан. Креативті жастар –білімге ұмытылады,ал еліміздің болашағы осындай жастардың қолында. Мәңгілік Ел құруда да креативті жастар, біз көмектесеміз.

Он бесінші қара сөз

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Абайдың бұл сөзінен мағынасы неде? Тұлға болып қалыптасу да адам бойындағы салғырттық айтарлықтай кері әсер етеді. САлғырттықтан арылудың бір жолы осы Абай айтқандай адам өзінен күнделікті есеп алуға дағдылануы шарт. Әр күні мен не істедім?,бүгін қандай маңызды іс тындырдым?,ертең не істей алам деп өз –өзіне есеп беру деген сөз адам креативті ойлана алады деген сөз.Ал ой түзелген адамның ісі нық,бағдары айқын болады.

Он сегізінші сөз

Бұл қарасөзін ғұлама ойшыл мынадай келелі оймен тамамдайды: «…Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық». Абай адам бойындағы мақтанқұмарлық қасиетті ақымақтыққа балайды. Абайдың бұл қара сөзіндегі айтар ойы оның «өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген өлең жолдарымен ұштасып, нақты мысалмен түсіндіріп тұр. Ақыл адамға не үшін керек? Әрине жоқты барды,жаманды жақсыны түйсіну үшін .Ақылы толы адамның ғылым іздемекке көңілі ауады. Ал бойындағы білімі мен ақылы ажарлана түсу үшін адамға не жетіспейді? Әрине көркем мінез. Осы қасиеттер қандай адамның бойында тұрақтамақ? Айтпаса да белгілі даусыз арлыадамның бойында тұрақтамақ.

Он тоғызыншы қара сөзі

Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады. Он тоғызыншы қара сөзінен тұлға қалыптастыруға ілік іздеп көрелік.Естілердің айтқан сөздері деп отырғаны бүгінде біз үшін Абайдың айтып отырған есті сөздері.Абайдың он тоғызыншы сөзінен былай ой қорытуға болады..Тұлға болып қалыптасуда адам өмірде артына сөз қалдырған ,табысқа жеткен адамдардың өміріне, пәлсапасына , Ұлағатты сөздеріне мән беріп, өзінше қорытынды жасап, өмірде қолдана алуы шарт.
Абай өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы мен жаман ниеттерді, өзінің дүниетанымын көрсеткен. Абай «түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып»деуінде үлкен мән бар. Абай атамыз тәлімгер ұстаз болған еді.Ақын тәрбиеге көнетін жалпы халық емес, жеке адам, оның дара ерекшеліктері. Жеке адамға ақыл, мінез, іс, адамшылдықты сақтайтын ұят-намыс керек дегенді айтады. Ал осындай адамшылықты жүрекпен байланыстырады. Жүрек-адамның ішкі сезімі деген ұғымды қолданған.Абай халықтың жоғын жастанып,кемел жолға бастар жолды іздеді.Сол жолда аянбай тер төгіп,өз заманының сипатын,халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жаман ниеттерді, өзінің дүниетанымында бейнелейді.Артына қалдырған мол мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады.

Бүкіл әлемге белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған:
- Әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады
- Әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келеді
- Әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді
- Әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді
- Әрбір арсыз жалқаудан – сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ, жандар шығады.

Яғни, біз ойлаған креативті тұлағаны өзімнен қалыптастыру үшін мен жалқаулықты ұмытуым керек. Көп еңбектеніп, еңбекқорлығымның арқасында креативті тұлғаның алғашқы бөлігін қалыптастыра аламын.

Жиырма бірінші сөз:

Ғұлама жиырма бірінші қарасөзінде адам бойында кездесетін «Мақтан» сезіміне арнапты.[2,312б]

Мақтан сезімін екі түрге бөліп,біреуін жай, құр кеуде толтырар мақтаншақтық десе, екіншісін үлкен мақтаншақтық деген. Сонда Абайша үлкендік деген не? Үлкендік – адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Дәл осы қарасөзден креативті тұлға болып қалыптасу үшін біз осы Абай айтқан «үлкендік» мақтанын аламыз.

Ойымыз нақтырақ болу үшін табысты адамдардың өмір сүру дағдысына үңілсек, олар ар күн сайын өзіне есеп беріп, жеткен жетістіктері үшін өзін марапаттап, жете алмаған мақсатын тиянақтап жоспарлап, үздіксіз алдыға жылжу үшін жаңа мақсаттар тізбегін даярлап отырған.

Абай мақтаншақтар туралы айрықша мінездеме береді. Оларды үш түрлі топқа бөле қарастырған: алғашында ағайын ішінде атақты болғысы келетіндердің өзін-өзі мақтап жетпек болуы, екіншісі ел ішінде мақталсам дейтіндер ағайын арасында мақтау іздеуі, айтып жүрсін деп әдейі ұйымдастыруы, ал жатқа мақталғысы келетіндердің ел көзіне түсуге тырысуын әңгіме етеді.

Өзін-өзі мақтап, болмағанды бойына таңып отыратындарды Абай наданның наданы, өзі де адам емес деп бағасын береді.

Данышпан атамыздың осы ойы тым қатал емес пе екен?

Өйткені өзін-өзі мақтап отырғандар мен өзін біреуге мақтатып отыратындар тек қана биліктілер мен барлардың сүйікті ісі емес, адам баласының көпшілігі құмар қасиет секілді көрінеді маған. Демек,креативті тұлға бір жетістікке жеттім деп тоқталып қалуы дұрыс емес. Ол алға қарай ұмтыла беруі тиіс. Қолда бардың қадірін біліп, мақтан қумауы керек. Солай ол тағы да биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндіктер алады.

Отыз үшінші сөзі.

 Қазақтың қолы өнерлі адамын Абай əулие санайды. Мал — бір жұттық, ал өнер — мəңгілік. Бірақ Құдайдың берген аз-мұз өнерлі жандарының өзінде де қазақтық кеселдері болады. Оларды Абай санап береді:

1. Талапсыздық. Қолынан келгенге мəз, ал Құдайдың берген қасиетін əрмен қарай жетілдіру, ұштауға қыры жоқ. Осы білгеніміз де жетер деп, соған мақтанып, алыстан өнер іздеп, менен де артық бар-ау, солардан үйренсем деген ой жоқ. Бергенге мәз болып, жеткен жетістігімненары қарай асу дегенді білмейді. Ал креативті адам бір орында тоқтап қалмауы керек. Бір мақсатқа жетіп, орындап болған соң, білген орынға біле түссем, жеткен орыннан аса түссем еп талпына бастайды. Демек, креативті тұлғаға талапсыздық қасиеті керек емес

2. Еріншектік. Қолына бірер қара біте қалса, тоқмейілсіп, байлыққа бөккен кісімсіп, бойкүйездікке салыну. Мұндай адам бойындағы қасиетті жойып, жадағай болып қалады. Тапқан таянғанын құртып, жаңа бірнарсе алуға ұмтылмайды. Бір артық тапса, жетсе болды, келесі бір жолды ұмытып, еріншіктікке батып, ертең, ертеңмен бір істі соңына жеткізбеуде креативті тұлға ұғымына кері ұғым болып саналады.

3. Тамыршылдық. Сəл нəрсеге алданып, «жоғары шыққа» мəз болып, тамырым, досым десе ішкен асын жерге қойып, соның ісімен жүріп, өзінің алданғанын білмей, далбасамен өмір өткізу. Сөйтіп жүріп біреуге борышты болып, басы дауға қалып жүргені. Сірə, мұндайлар тамыршылдау адамгершілігін əрі іскерлік деп түсінетін болуы керек. Абай өнерлі жандарға сүйсіне отырып, олардың іс-əрекетіндегі жоғарыда айтылған қазақтың кеселдерінен жойылатын жолдарын көрсеткен . [4,720б]

Қырық екінші сөз

Қырық екінші сөз: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы» – деп басталып, адамзат баласының (қазақ деп алынған) жұмыссыздық, кедейшілік қырсығынан туындар қулықтары мен сұмдықтары туралы айта келіп, «Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де – осы» деп аяқталады. Жұмысы жоқтық адамның қайғысын ұмыттырып, тек тоқшылықпен жүруге үйретеді. Солай, адам қайғыны ұмытып, еріншектік басып, ойлануды қояды.

Абай заманы басқаға тәуелділік заманы еді. Бұрынғы көшпелі елдің өз тағдыры, өз заңы, өз адамгершілік құндылықтары бұрмаланып, басқа ел ыңғайына көндіріле бастаған, халқымыз соған әлі бейімделіп болмаған заман еді. Сондай өздеріне түсініксіз заманға бейімделіп кете алмай жатқан адамдар сан түрлі жолмен «қарын қамын» қамдаған болар. Абай секілді ойшылдар со заманда, зар заманда қазақ халқының бұрынға құндылықтарын жоқтап, «жатып қалған тайлағының жардай атан болғанына» мақтанып, «жоғалған тоқтысының бір отар қой болатынына» сеніп,  сол кездегі қазақтың адамгершілік құндылықтарын еске алған сандаған сөздері қалған. Абай әлем данышпандарын білмеді деуге кімнің ары барады. Фирдауси мен Низами сөздерін мысалға келтіріп, Сократ пен Аристотель ойларын дастанға айналдырған Абай кездесіп отырған заманына   назырқап әлгі сөзді айтыпты. Абай өз заманындағы билеушілер құлқы мен заман озбырлығы туралы, қазақ басына туындаған өгей заң мен қысым туралы  сөз қозғамайды.

Абай «ендігі жұрт» дегенде, болашақ жұртын ойламай отырды деуге болмас. Оған қазақ халқының бұрынғы бостандық заманын, елінің еңселі кезін жұрт есіне салғаннан пайда жоғын, қайта қазіргі қателерді көзге шұқып, қалай жөндеу қажеттілігі керектеу болған болуы керек.

Абай заманының суреттері, алдау мен арбау, барымта мен зорлық толқыны кеше ғана, Кеңес өкіметі құлап, Қазақстан Республикасы аяққа тұрып кеткенше басымызға қара бұлттай түнермеді ме? Оны ешкім де өтірікке шығара алмайды.

Демек «ендігі жұрт» аталып отырғандар басына заман тауқыметі түскен адамдар. Зорлықпен өз ғасырлар бойы өз тіршілігімен, өз тәжірибесімен елін ел етіп келгендер біреуге бодан болған кезде, жаңаға бейімделіп кетуге де ғасырлар керек болған болар. Сол кездің ел үшін соншалықты қасырет әкелерін сезген Абай дана елін бейімдеуге тырысқан болар…

Қорыта келе айтарым, Абайдың қара сөздері — оның өнертанымының өзегін құрайтын өзгеше өнер түрі. Олардың ішкі мазмұны бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі ашып, бірте-бірте  ауқымды кеңейе түсетін, Күннің нұрындай жарыса тарап жатқан ой сəулелері секілді. Адамның дүние есігін ашқанынан бастап, ақыретке кеткенге дейінгі аралықтағы өмір сырын жік-жікке бөліп, жүйелеп түсіндіреді. Жүйелеп түсіндіру арқылы адамды зиянды қылықтардан арашалап, болашақ креативті тұлғаны қалыптасыруда жұмыс атқарып кеткен. Онда нəпсі мен қанағаттың, бай мен кедейдің, ақ пен қараның, адал мен арамның көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын нəзік пернелері рентгенмен түсіргендей аса бір дəлдікпен дөп басып ажыратылып отырады .

Сөзінің басында елді жайлаған ауыр дерттің тамырын басып, нақ айтқан Абай, келесі кезекте сол аурудың қайдан, неден пайда болғанын, себебін анықтайды. Ал одан кейінгі сөздерінде оның емін өзі де ұсынатындай, емі дегеніміз креативті адам емес пе? Креативті тұлға өзін ғана емес, қоршаған ортасын түзеп, жаңа қоғам қалыптастырады.

Абайдың әрбір қара сөзінің мəнісін түсініп, тереңіне үңіліп қарасақ жасампаздылыққа тәрбиелеуде мол мұраның қайнар көзі жатқанын ұғынуға болады. Егер де ұлы ақынның «Қара сөздері» əрбір қазақтың жүрегінен орын алса, егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жастар əлдеқайда сапалы креативті тұлға болып қалыптасатынына сенімім мол. Абай шығармалары түгел дерлік зерттелмеген мұра деуге болады. Алайда қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған уақытында адам баласының тәрбиесіне ерекше мән беру басты міндет .

Өлең сөздің патшасы,сөз сарасы.

Түгелдей алғанда Абай шығармаларын текстологиялық зерттеу арқылы мен креативтілікті айқындауда айтарлықтай табысқа жеттім. Шығармаларды, қолжазбаларды темұқият қарап, дәйекті түрде Абай шығармаларының креативті тұлға қалыптастырудағы мысалдарын ұсынсам:



"Өлеңдер мен аудармалар"

-Алдымен, өлеңдер мен аудармаларға тоқталайын. Абай жаңашыл, креативті ақын. Ол тікелей жеткізбейді, жанама жолдармен ойларын айқындап, өзге тілден аударылған аудармаларын қазақ менталитетіне сай ете отырып ұсынған.

1954 жылғы басылымдардың сөзі А.Дельвигтікі ал музыкасы М.И.Глинканікі болған "Не осенний мелкий дождичек" деп басталатын орыстың халық өлеңін Абай аударған.

Негізгі түпнұсқасында:

Полно, брат молодец!

Ты ведь не девица:

Пей, тоска пройдет;

Пей,пей, тоска пройдет!-

деген шумақ негізінен қайыра бөлігі. Соны аударғанда да, Абай арақты мегзейтін "пей" деген сөзді алып тастаған. Яғни, "пей" деу арқылы арақты мегзеп, адамды бұзып отырған сөзді алып тастаған соң Абай "Өлең айт, үйге қайт " - деген сөздерді қосып, менталитетімізге сай үйлестірген. "Пей" деген сөзді сірә "пой" деп ауыстырған.

Креативті ойлау арқылы ол адамды аулақ жолға жетелейтін жолды ауыстырған. Өлең айтып, көңіл көтеру адамның санасын уламайтыны бәрімізге мәлім.

1894 жылы жазылған "Әсемпаз болма әрнеге" өлеңін алып қарайық.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де — бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!

Бұл өлең үміт етілетін жас талапкерлерге арналады. Туған адамына, халқына қадірлі адам болуды, қасиетті адал азамат болдың сипаттарын суреттеп түсіндіре келіп, қауымға пайдалы жан бол:

"Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!" делінген айқын жол нұсқалады.

"Көп наданнан" көңілің қалып түңілсе де, жас ұрпақтан түңілмегін, үмітіңді үзбегін, соларға сеніп, өсиет өнегеңді соларға арна. Міне, өлеңнің негізі мағынасы осында.

"Алдың - жалын, артың - мұз.

Барар едің қай жаққа?"

Абай бұл сұрақты адамзат баласына тікелей қойыпты. Егер бұл сұрақты түйсініп, жауабын іздер болсақ, көкірек көзі ояу, яғни жасампаз адам тығырықтан шығудың жолын іздеп табады.

Келесі өлеңі:

Ғылым таппай мақтанба,


Орын таппай баптанба,


Құмарланып шаттанба


Ойнап босқа күлуге,


Бес нәрседен қашық бол,


Бес нәрсеге асық бол,


Адам болам десеңіз.


өлеңінде “адам болам” деген жастарға бес зиянды нәрседен аулақ болып, бес асыл қасиетті бойыңа дарытпасаң, ғылымнан еш пайда жоғын өсиет етеді. Ғылымды бойға сіңірместен бұрын, дара да, дана ойлай білу үшін алынбайтын тәрбие қамалың болуы шарт. Дұрыс істі істеп, жаманнан жиренген қол үйреншікті ісін көзге үйретеді. Көз миға сигнал беруі арқылы адам миында зиянды әдеттен аулақ болғанының арқасында тек жақсы ойлап үйренген тұлға әр істен адал іс, табысты жұмысты іздеу жолында жасампаз бола бастайды. Міне, біз осылай креативті тұлға болу үшін не керек екенін түсінеміз.[10,159-171б] Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1986ж.) өлеңінен бастау алып, ақынның «Адам болам десеңіз» деген тезисі негізінде ары қарай желілеп таратылып, жыл өткен сайын күрделене түсуде. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айқын көрсетілген. Бірақ мен өзімше бір талдау жасадым. Өлеңде бір реттілік заңы байқалады. Мысалы: Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ... Бәрі осы өсектен басталады. Әңгіме болсын деп өсек айтамыз. Ал өтірік қосылмаса өсектің дәмі келмейді. Өсек пен өтірікті қатар айтқан адам мақтанудан да құр қалмайды. Осы үшеуі негізі еріншек, жалқау адамның әрекеті. Тірлігі бар адамның өсек айтуға да уақыты болмасы сөзсіз! «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын». Тағы да Абай!!! Жұмысссыз, жалқау адам «бекер мал шашпағанда» қайтеді. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой... Таудай талапсыз армандарға жету екіталай. Талап бар, енді мақсатқа жету үшін еңбек, жай еңбек емес, терең оймен ұштасқан еңбек керек. Осы үшеуі болған жерде нәтиже де болуы сөзсіз. Сол нәтижеге қанағат етіп, адамдарға қол созып, рақым ойлап қоюды да ұмытпау керек. Әрине, бұл тек менің өз ойым ғана...! Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М. Әуезов бұл өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытпай айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Осылайша Абай жас өркеннің бағдар түзер айқындамасы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды атайды. Абай атаған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [12,384б.], - деп нақтылай түседі. «Ыстық қайрат» - бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек [4, 119б.],- дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам қазіргі заман тілімен айтқанда креативті тұлға. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды және дінмен жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған «толық адам» концепциясы. негіздері бір екендігін өзінің қара сөздері мен өлеңдерінде жырлап өтеді. Осыдан жүздеген жылдар бұрын туған бұл тұжырымның сұранысқа ие болып тұруы да заңдылық. Креативтілікті сырттан іздемей-ақ Абайдың жазған өлең шумақтарының әрқайсысынан стратегия тудыра аламыз. Адам баласы өзін –өзі өмір бойы тәрбиелейді,өмір бойы ілім іздейді. Ал бұл тоқтаған жағдайда дағдарыс орнайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Абай мұрасы адамзат тәрбиелеуде дайын тұрған ақыл-ойдың азығы.

Байыптай қарасақ, адам мінезінің жақсыға да жаманға да тез үйір болатынын ақын ерекше ескерте келе, келешектің қадамы ең алдымен, арды, намысты ойлаудан басталады деген ойға жетелейді. Осы оймен тұстас, ол үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Адам бойындағы үлкен қасиеттің бірі – мейірімділік екенін атай келе, адамды сүю туралы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» көрсетеді, «адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді. Бар адамды тең көру, түсіне алу ,әр түрлі адамның ішіне үңіліп терең түсіне алу нағыз адамдықтың белгісі емес па.Абайөлеңдерінің әр шумағынан тәлім тәрбиенің лебі есіп тұрады.«Адасқанның алды - жол , арты - соқпақ...» - Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 7 шумақ. Бұл Абайдың өлеңді өндіре жазып, ақындық шеберлігін әр қырынан көрсете бастаған кезеңі. Үлкеннің ақылын алу, жақсының жанына еріп, жолдас болу ежелгі ел дәстүрі болса, осы қағиданы берік еске сақтап, адал азамат болу әрбір саналы жастың борышы деп түсінген Абай «өмір көші тура жолмен салдыртып жүре беретін керуен емес, кезінде ойланбасаң, кейін өкінерсің, өкінерсің де опық жерсің!»- деп жастарды ойға шомдырды. Ой түйіп алар болсақ тағылымы тоқсан тамырлы Абай сөздерінің өзі ессізден есті,есерден епті шығаруға сұранып тұр емес па.?



























Поэмаларынан философиялық тұжырым

Бұл үш поэманың бәрі де ақынның қазақ өмірінен, соның ішінде бұрынғы шығармаларындай, өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады. Бірақ, шығыс версияларына қарағанда Абай версиясы адамға көбірек ой салып, тәрбиені дәріптейді.

Себебі, креативті бола білу дегеніміз, тек шексіз ойлай білу емес, ол сонымен қатар адал, адамгершілікті бойға сіңіре білу екенін жоғарыда айта өткен болатынмын.

Бірінші поэмасы "мың бір түннен " алынған "Әзім әңгімесі". [6,303б]

Абайдың бастамасы: Бағдатта Мұстапа және Сана деген екі жігіт тұрады. Олар әкесі өлген, жетім, бірақ өте еңбекқор. Өсе келе Сана Шынашманға, Мұстапа Балсұраға кетеді. Мұстападан Әзім атты ұл туады. Ол медреседе оқиды. Ұлы ержете бастағанда Мұстапа дүние салады. Енді Әзім өз өнері мен еңбегінің арқасында бұрынғыдан да байи түседі.

Абай Әзім бойына адам, қоғамның қатардағы мүшесі қандай болу керек, оларға қандай қасиет қажет деген пікірін, өзінің адамгершілік қатысты түсінігі мен шарттарын сіңірген. Демек, адам қоғамға енбес бұрын алдымен адамгершілік, адалдық іспеттес қасиеттерді бойына сіңіруі қажет.1882 - 1903 жылдар аралығында жазылған Абайдың "Масғұт" поэмасы бирманың ертегісі еді. Абай оны өзгерте отырып, жаңа тың туынды алып шықты. Тегінде,  адам  баласы  адам баласынан  ақыл,  ғылым,  ар, мінез деген   нәрселермен  озбақ деген  хакім  Абайдың  сөзіне  бұл  поэмасы  дәлме-дәл  дәйекті    ғибрат  мысал  ретінде  берілген. Ежелгі  Харуан-Рашид  халифа    заманыны  кезінде,  Бағдат  шаһарында  Масғұт  атты  жігіт  көше  бойын  аяңдап  келе  жатып,  сұмақы  ұрының  дәрменсіз  шалды  тонап  жатқанын  көзі  шалып  қалады.  Ойланбастан  ұрыға  тап  беріп,  өзі  ауыр  жарақат  алғанына  қарамастан  шалды  бір  ажалдан  аман  алып  қалады.  Дән  риза  болған  шал  Масғұтты  тау    басындағы бір    ағашқа    ертіп  барып,  ондағы  өсіп  тұрған  үш  түрлі  жемісті  нұсқайды  да  :"Ағын  жесең-ақылыңнан,  сарысын  жесең-байлығыңнан,  қызылын  жесең-әйеліңнен  асып  түсер  пенде  болмас,  қалауыңды  алғайсың  балам"-деп  бір  тілегін  орындамаққа  бекінеді.

Демек, креативті ойлай білуші бір шешіммен тоқталып қалмауы тиіс. Тәуекелге барып, артының қайырын күту керек. Сонда ғана ойлаушы бір жетістікке жетуі мүмкін. Әркімнің сөзімен бір жүріп, ойыңды жан-жаққа жіберіп, адасудың орнына Абай дұрыс жолды өзің ойлап табуыңа кеңес берген.

Әрі креативті ойлай білетін автор Абай бирма ертегісі мен салыстыра алсақ, адамға басқа ой қалдырады. Себебі, "Масғұттың" бирма тілінде жазылған нұсқасын да Масғұт кәрі әйелдердің сүйіктісі болып, уәзірді өлтіріп орнына уәзір болады. Мұндай лас жолдан арылуды дұрыс шешімге айналдырған креативті ақын оны жалпы әйелдердің сүйіктісі қылғанымен, ол уәзірлікті өз еңбегімен алады. Адал жолмен талмай еңбек ету арқасында биікке көтерілуге болатындығын шығармаға осылай енгізіп, жасампаздыққа керек тағы бір қырын көрсетеді.































Қорытынды

Абай шығармаларынан философиялық тұжырым іздеу арқылы креативтіліктің жан –жақты қырларына үңілдім.Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында « адам мен адамгершілік , ұждан, мороль философиясына төтелей қатынасы бар көлемді , әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз» Абайдың шығармалары жөнінде әлі толық зерттеліп,тиянақты пікір тұжырымдалған жоқ. Әлі зерттелмеген бөлігінің бірі Абай шығармаларында кездесетін жасампаздықты , яғни креативтілікті зерттеу барысында кездестіре алмадым. [12, 384б]

Шулманның тұжырым жасап, адам баласының тұлға қалыптастыруда « бас,қол , жүрегі» Абайдың «нұрлы ақыл», « ыстық қайрат», «жылы жүрек » деген философиялық тұжырымымен дәлме –дәл.Демек Абай шығармаларының өзегі –креативті ойлауды қалыптастыру . Абай шығармаларынан ілік іздеп зерттеу барысында, Абай әлемінің шексіз екенін , әрі ой түйінін шешу де тереңде жатқанын түйсіндім. Егер Абайдың гуманистік ұғымына терең зерделеп үңілсек Әл-Фараби , Жүсіп Баласағұн, сынды ойшылдардың адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен астасып жатыр .

«Абайтану» ілімінің қазіргі көш басында жүрген абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтқан пәлсапасында «Абайдың қарасөздері әрбір шенеуніктің алдында жатуы керек, егер Абайды жүрегіне сіңіре алса...Ойлы көзбен оқи алса, онда ол өзін өзі тазалайды. Тазаланған адам жаман іске бара алмайды. Себебі, жүректе, кеудеде тұрған Абайдың ілімі оған жібермейді» дейді. Менің зерттеуімніңде басты өзекті мәселесі осған келіп тіреледі. Әр адамның саналы түрде істеген іс-әрекеті қоғамның дамуына ықпал етеді . Мектеп табалдырығында Абайды оқығанда біз оқушы ретінде Абайдың не айтпағын түйсіне алсақ,өзімізді тұлға ретінде «толық»адам яки креативті тұлға болып қалыптастыруымыз нақ.
Талабым, таяғым, жігерім, азығым,
Маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым, – деп жазыпты Жүсіпбек Аймауытұлы 1918 жылы «Абай» журналында. Дәл осы ұстаным бүгінгі күні де Абайға деген көзқарасты айқындайды. Жаңа мыңжылдық жолайрығында тұрған қазақтың жас ұрпағы әлемдік деңгейдегі ойшыл тұлғаға қаншалықты алыс немесе жақын болары да осыған байланысты екені хақ. Абай шығармалары тұлға болып қалыптасу үшін берері мол азық . Бұл зерттеуімнің басы ғана болмақ. Менің креативті тұлға болып қалыптасуыма Абай шығармаларындағы тұжырымдар үлкен септігін тигізбек.


Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы

мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы

Ильяс Жансаяның «Абай шығармалары

арқылы креативті тұлға қалыптастыру»

атты ғылыми жұмысына

Пікір

Оқушы Ильяс Жансаяның «Абай шығармалары арқылы креативті тұлға қалыптастыру» атты ғылыми жұмысын қазақтың біртуар тау тұлғалы азаматы, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармалары арқылы, заман талабына сай бәсекеге қабілетті, жан-жақты тұлға болып қалыптасуда үлкен маңыздылыққа ие екенін дәлелдегісі келген.

Ұлы ақынның шығармаларын тереңінен талдай отырып, әрбір қарасөзінен, өлеңдерінен, поэмаларынан жасампаздықтың ,ұрпақ бойына креативтілік қабілетті дамытуға негіз болатын астар іздеген. Оқушы зерттеуші ретінде Абай мұрасын сан-салаға жіктеп, олардың әрқайсысына дәлелді мысалдармен талдаулар жасаған. Ақын өлеңдерінде, қара сөздерінде, аудармаларында айтылатын терең ойды, үлгі-насихатты өз жасына лайықты зерделей алған . Абайдың философиялық ойларын шетел философтарынан кем емес екенін дәлелдей отырып, оқушы заманға лайықты креативті тұлға болып қалыптасу үшін Абай шығармаларының үлкен маңызы бар екенін зерттеген.

Алайда оқушының ғылыми жұмыс барысында әлі де жетістікке жету үшін тынбай іздену,үнемі зерттеу жұмысының маңыздылығын түсіну,өмірмен ұштастыру сияқты танымдық қабілеттерін жетілдіре түсуіне кеңес берем. Тақырып бойынша зерттеу жұмысымен айналысқанына аз уақыт болғанына қарамастан,оқушының Абай шығармаларын зерттеуде алға қойған мақсаттары айқын.Алдағы уақытта зерттеушілік қабілетінің дамитынын ескерсем Жансая бұл жобаны жоғары деңгейде зерттеп,әрі қарай дамытып,болашақта қоғамға пайдасы тиетін үлкен еңбектің жемісін көреріміз анық.

Жалпы алғанда ғылыми жоба өз дәрежесінде жасалынған деуге болады. Зерттеу жұмысының мазмұндылығы мен мәнділігін ескере отырып, жоғары дәрежеде бағалауға ұсынамын

Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Амреева К.З.



Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы

мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы

Ильяс Жансаяның «Абай шығармалары

арқылы креативті тұлға қалыптастыру»

атты ғылыми жұмысына

Пікір

Оқушының таңдаған тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселесі.Тұлға қалыптастыруда,ұрпақ тәрбиелеуде кретивтіліктің маңызы өте жоғары. Оқушы Абай шығармалары арқылы креативті тұлға тәрбиелеу мәселесін дұрыс көтеріп отыр . 10-сынып оқушысының деңгейіне қарап бағамдасақ тақырыпты таңдауы дұрыс,мақсаты айқын,заманауи, ұрпақ тәрбиелеуде сұранысқа ие болып отырған мәселелерді қамтыған. Абайдың қара сөздерінің мағынасын жақсы аша білген,өмірмен байланыстыра отырып зерттеу жасаған . Әдебиеттерді ,Абайтанушылардың пікірлерін ұтымды қолдана білген. Өлеңдері мен поэмаларынан жасампаздыққа бастайтын үзінділерді тауып ,тамаша талдай білген. Жалпы алғанда оқушы Абайдың «толық» адам тұжырымдамасын креативті тұлғамен керемет ұштастыра білген.

Зерттеу жұмысы тиянақты. Оқушының зерттеушілік қабілетін жоғары деуге болады.

Жалпы алғанда оқушының жобасын жоғары бағалаймын.

Алайда зерттеу жұмысын әлі де нақтылап ,жалғастыруды ұсынамын.



PHD докторы: Ж.Ерахметқызы

                                                                                                                                       

Əдебиеттер тізімі

 

1.Егеубай А. Ұлттық сананың ұлы құбылыстары (Асан Қайғы мен Абай) // Егемен Қазақстан. — — 2 шілде — 4-б.

2.Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық жинағы: ІІ т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, — 312 б.

3.Советханқызы Р. Абайдың «Қара сөздері» — білім мен тəрбиенің қайнар бұлағы // Ел. — — № 40 (116). — 2 қазан. — 4-б.

4.Абай. Энциклопедия / Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас ред.; Атамұра, 1995. — 720 б.

5.Қасқабасов С. Абай жəне ұлттық идея // Егемен Қазақстан. — 2005. — 2 шілде. — 4-б.

6.Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық жинақ жинағы. І т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы,— 303-б.

7.Тұрысбек Р. Абайдың мұраты // Жұлдыз. — 2013. — № 9. — 195 б.

8.Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 914–921-б.

9.М.Әуезов А.Құнанбаев .Мақалалар мен зерттеулер.-А,1967,171-б

10. Ғабдуллин Б. Абай және Сократ/ «Абай тағылымы», Алматы: «Жазушы», 1986. ­­­159-171 б.

11. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы : «Ғылым», 1975. – 419 б.

12. Абай Құнанбайұлы. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Раритет», 2008. – 384б.

13. Мұхамеджанұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: «Дәуір»,1993. – 224б.

14. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы: «Атамұра», 2011. Основные термины (генерируются автоматически): Абай, оса, VIII-IX, Алматы, бар, бес, бола, мена. Похожие статьи Матуридилік – Абай дүниетанымының негізі | Статья в журнале...

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
8 мамыр
321
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі