жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ХАЛЫҚҚА БІЛІМ БЕРУ ІСІ
ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ХАЛЫҚҚА БІЛІМ БЕРУ ІСІ
Аннотация.Мақалада Қазақстандағы кеңестік биліктің білім беру жүйесін қалыптастыру шеңберіндегі Ақтөбе өңіріндегі білім беру ісінің тарихы қарастырылған. Білім беру жүйесінің қалыптасуы, білім беру ошақтарының құрылуы мен қалыптасып, дамуы мәселелері көтеріеді. Сонымен бірге сауатсыздықты жою, әйелдерге білім беру мәселелері де талданады. Білім беру жүйесін қалыптастырудағы орын алған қиыншылықтар және олардың білім беру ісіне тигінзген кері әсері көрсетіледі.
Түйін сөздер: Білім беру, сауатсыздықты жою, ұлттық мектептер, Халық ағарту комиссариаты, губерниялық халыққа білім беру бөлімі.
Кіріспе
Қазан төңкерісінен кейін билікке келген большевиктер әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірмен қатар мәдениет пен білім беру саласында да реформалық өзгерістерді жүзеге асырды. Білім беру саласында үлкен қиыншылықтарға қарамастан кеңестік негіздегі білім жүйесін қалыптастыруды қолға алды. Бұл ретте алдымен сауатсыздықты жою, жалпыға бірдей бастауыш білім беру жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Аталған міндетті жүзеге асыру мақсатында большевиктер жаппай сауатсыздықты жою мен халық ағарту саласында кешенді және батыл шараларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл шаралар кезең-кезеңмен және үлкен қиыншылықтармен жүзеге асырылды. Бұл ретте БОАК 1918 ж. 16 қазанда «Бірыңғай еңбек мектебі туралы» ережені, 1918 ж. 31 қазанда «Ұлттық азшылық мектептері туралы» қаулы, 1919 ж. 26 желтоқсанда «РКФСР халықтары арасындағы сауатсыздықты жою туралы» декретті қабылдап, Ұлттық азшылық мектептері туралы қаулының Қазақстан үшін маңызы ерекше болды. Сондай-ақ, білім беру мен халық ағартудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру үшін 1917 ж. қарашадағы декрет бойынша бастапқыда РСФСР ОАК жанынан ағарту бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, кейін ол Ағарту халық комиссариаты деген мәртебе алды.
Жергілікті жерлердегі білім беру ісінің жүзеге асырылуы
Аталған қаулылар мен декреттер негізінде республикада және жергілікті жерлерде мектептер мен сауат ашу курстары ашылып, халық ағарту жұмысына сауатты адамдар тартыла бастады.
1919 жылдың қарашаайында Ақтөбеде мұғалімдердің алғашқы съезі өтеді. Съезд жаңа мектептің негізгі мүддесін анықтады, оны дамыту жолдарын белгіледі. Қазақтың мемлекеттік мүддесіне сай қайта құру және ауылдық жерлерде жаңа мектептер ашу міндеттерін қойды. 1920 ж. облыста - 254 мектеп, 380 мұғалім, 11 076 оқушы болса, жетім балалар үшін 27 балалар үйі ашылып, онда 3000 панасыз балалар тәрбиеленеді [«Ақтөбе» энциклопедиясы … 131-132 бб.].
Кеңестік билік Ақтөбе жерінде білім беру ісін дамытуға айрықша көңіл бөле бастайды. Партия мен үкіметтің халыққа білім беру жөніндегі нұсқаулары зиялы қауымды мектеп ісін қайта құруға, саяси-ағарту жұмыстарын өрістетуге шақырды. 1917 жылы 7 қарашасында Ақтөбе уездік халыққа білім беру бөлімі жанынан халыққа білім беру қазақ бөлімшесі ашылды. 1919 ж. Ақтөбе уезінің қазақ болыстарында 42 мұғалімі бар 41 мектеп жұмыс істеді. 1920 ж. 11 ақпанында Ақтөбеде Д.А.Фурмановтың төрағалық етуімен Ақтөбе жергілікті партия, кеңес және кәсіподақ ұйымдарының Түркістан майданы саяси бөлімі өкілдерімен бірлескен мәжілісі болып өтті. Мәжіліс қазақтарды серіктестік және кәсіподақтық қозғалысқа тарта отырып, орыс және қазақ халықтары арасында саяси жұмысты күшейтуге, партия мектептері мен сауат ашу мектептерін ашуға шешім етті.
Губерниядағы халыққа білім беру ісі қиыншылықтармен жүзеге асырылды. Халыққа білім беру ісін қаржыландыру мәселесінің үлкен бөлігі жергілікті орындарда, ал қалған бөлігі, яғни 17 мектеп мемлекеттік бюджет есебінде қалды. 1920 ж. 1 сәуірінде материалдық базаның болмауы және жергілікті бюджеттің әлі құрылмағандығына орай жергілікті жерлердегі мұғалімдердің барлығы жұмыстан шығарылды. 1920 ж. шілде айындағы Кеңестердің 3 губерниялық съезінде губерния бойынша 118 мектеп, жергілікті жерлер есебінен 64 мектеп ашу және оларға керекті 280 оқытушыны мемлекет қамтамасыз ететіні туралы қаулы қабылдады. Осы кезден бастап жаңа мектеп құру бағытында қызу жұмыстар жүргізіле бастайды. 1921 ж. сәуір айынан бастап жұмыстан шығарылған оқытушылар губернияның түкпір-түкпірінен іздестіріліп, мектептер оқытушыларға толтырылды. 1922-1923 оқу жылында губернияда барлығы 183 мектеп жұмыс істеді, оның ішінде орыс мектептерінің саны - 84, қазақ мектептерінің саны - 99 болды. Орыс мектебінде барлығы 250 адам білім алса, қазақ мектептерінде 7495 оқушы оқыды [АОММ, 3-қор, 205-206 бб.].
Губерниядағы халыққа білім беру ісіне кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында орын алған ашаршылық кері әсерін тигізген секілді. Зерттеушілер губерниядағы қуышылық пен аштықтың салдарынан біраз мектептер еріксіз жабылып, 1920-1921 жылдары Ақтөбе губерниясында 900 мектеп болса, 1922 жылдың қыркүйегінде бұлардан небәрі 130 мектеп қалғандығын көрсетеді [Тәжібаев М.К., 1999. 38 б.]
1922 жылдың 15 қазанында «Сауатсыздықты жою жөніндегі» губерниялық төтенше комиссия ұйымдастырылып, губерниялық партия комитетінің жанында тұрақты жұмыс жасай бастайды. Бұл 1923 жылдан бастап губерниядағы мектеп құрылысының қарқын алуына септігін тигізеді. Көптеген елді мекендер мен қалалық жерлерде «Сауатсыздықты жою» мектептері ашылды. Мысалы, Ташкент темір жолының Ақтөбе бөлімшесіндегі Ленин атындағы клубында ересектер арасында «сауатсыздықты жою» ұйымы осы уақытта жұмысын белсенді жүргізіп отырды. 1923 ж. 19 қарашасында осы мектеп курсын тәмәмдаушылардың рәсімі өтеді. Губернияда 1923 ж. 1 қазанында «Сауатсыздықты жою жөніндегі» 46 мектеп тұрақты жұмыс істеп, ол 920 оқушыны қамтыды. 1925 ж. губернияда сауатсыздықты жоюдың 97 тұрағы қызмет көрсетіп, сауатсыз 2389 адамды қамтыды және олардың ұлттық құрамы 1209 қазақ және 1180 орыс азаматынан құралды. Бұлардың ішінен оқуды бітіргендігі жөніндегі куәлікті 1583 адам алды. 1927-1928 оқу жылында Ақтөбе губерниясындағы 328 бастауыш және орта мектепте оқушылардың саны 20170 адамға жетті. Бұл мектептерде 368 мұғалім еңбек етті. Айта кетерлік нәрсе, ауылдық жерлерде орта мектеп болған жоқ. Екі орта мектеп болғанымен, олардың өзі губерния орталығы Ақтөбе қаласында ғана жұмыс жасады [Тәжібаев М.К., 1999. 39 б.]
Сауатсыздық жою шарасы бұдан кейінгі жылдары да жалғасты. Мәселен, 1935 ж. Ақтөбе облысына Халық Ағарту Комиссариаты тарапынан 1935 ж. 45 мың сауаты жоқ және 5 мың сауаты төмен адамдарды оқыту жоспары түсірілсе, ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ересектер мектебінде 40 575 адам оқып, оның ішінде сауаты жоқтар 29 361 адам және сауаты аздар 11 214 адам болған. Толық емес мәліметтерге қарағанда қазақтар 24 532, орыстар 11 699, ерлер 22 372, әйелдер 14 030, БКП(б) мүшелері 640, комсомолдар 664 адам болды. Әлеуметтік жағдайы бойынша: жұмысшылар 8613, қызметкерлер 415, колхозшылар 22123, басқалар 925 адам болды [АОММ, 13-қор, 41 б.]. Бұл мәліметтерден сауатсыздықты жоюдің 30-жылдары да жалғасқандығын, әлі де болса адамдарды қамту деңгейінің төмендігін көруге болады. Сондай-ақ сауатын ашу немесе оны жетілдіруде әйелдердің үлесінің аздығын көруге болады.
Мұрағат құжаттарында сауатсыздық жою науқанының материалдық қамтамасыз етілуі, мектептерді ұйымдастырудағы қиыншылықтар жөніндегі мәліметтер кездеседі. Оның ішінде 1934-1935 оқу жылында оқулықтармен қамтамасыз етілудің қанағаттанарлық деңгейі, көктемгі дала жұмыстарына байланысты тарап кеткен адамдардың оқуды жалғастыруы үшін оқулықтарды өздерімен бірге алып кетуі салдарынан, олардың бір бөлігінің тозуы секілді жағдайларды атап көрсетеді [АОММ, 13-қор, 42 б.].
Білім беру саласын қаржы жағынан қамтамасыз ету мәселесіне қосымша 1924-1928 жылдары мемлекеттен білім беруге бөлінген қаржыға көз жүгіртсек, мынадай мәліметтерді байқаймыз (төменде):
|
Жылдар |
Бөлінген ақша |
Адам басына бөлгенде (1 адамға) |
|
1924-1925 |
268774 |
69 тиын |
|
1925-1926 |
499333 |
1 рубль 28 тиын |
|
1926-1927 |
690985 |
1 рубль 77 тиын |
|
1927-1928 |
769000 |
1 рубль 97 тиын |
Бұның өзінен жыл сайын халыққа білім беру саласына бөлінетін ақшаның жыл сайын аз да болса өсіп отырғандығын көруге болады. Бұл ретте жыл сайын қамтылатын адамдар санына байланысты қаржы көбейіп отырғанымен, адам басына шаққандағы қаражаттың мардымсыз екендігін байқауға болады.
Кеңестік билік білім беру ісінде өскелең ұрпақты социалистік рухта тәрбиелеу міндетін қоя отырып, әйелдерге жаппай білім беруді де қолға алды. 1927-1928 оқу жылында Губерниялық халыққа білім беру бөлімінің алдына сауатсыздықты жою, қазақ қыздарының мектепке бару мәселесі қойылды. 1927-1928 оқу жылында ауылдық мектептерде оқитын 6385 оқушының 13%-і ғана қыздар болса, Ақтөбе қаласы бойынша барлық оқушылардың 45%-ын қыздар құрады. Қалада оқитын қазақтардың арасында қазақ қыздары 22%-ті құрайды. Жоғарыда айтылғандарды сараптағанда бізге қыздардың, әсіресе жергілікті халықтың қыз балаларының мектепте өте аз орын алатындығы көрінеді. Қазақ қыздарының мектепке бармауының Инспекторлық зерттеу барысында екі себебі анықталған. Олар: 1) Мектептердің сапасының жоқтығы. 2) Ата-аналардың мектептегі мұғалімдерге сенбейтіндігі. Сонымен қатар, ауылдағы үйлердің бытыраңқы орналасуы, қыста қыздардың жылы қыс киімінің болмауы қыздардың мектепке бармауына біршама әсер етеді. Инспекторлық қадағалау барысында кедей шаруалардың қыздарының сабаққа белсенді қатысатыны анықталды. Осы жылдары әйелдердің саяси және мәдени белсенділігін көтеру жолында сауатсыздықты жою-ең басты міндет болып саналды. 1927-1928 оқу жылында губерния бойынша 453 әйел, оның ішінде Ақтөбе уезі бойынша – 177, Темірде – 145, Ақтөбе қаласында – 131 әйел оқыды. Жарты жылдың ішінде оқуды 113 әйел бітірген [АОММ, 3-қор, 11-16 бб.].
1926 жылдан бастап Губерниялық атқару комитеті орталықтан жырақ орналасқан аудандардан ұлттық – мәдени пунктер құрылысын салуға үлкен мән бере бастайды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1927 жылдың күзінде Ақтөбе қаласынан 280 шақырым қашықтықта орналасқан Қарабұтақ ауданының Көрпе қыстағында және Темір қаласынан 95 шақырым қашықтықтағы Алтықарасу аудандарында екі ұлттық-мәдени пунктер ашылды. Бұл пунктің құрамында болыстық атқару комитетінің ғимараты, дәрігерлік және мал емдеу орындары, мектеп болды. Сөйтіп, осы жылдары ең алғаш рет даланың алыс түкпірінде социалистік мәдени орын жұмыс істей бастады. Алда әлі де Қарабұтақ ауылынан интернат құрылысын салу жоспарланды [АОММ, 63-қор, 22-23 бб.].
Қорытындылай келе аталған кезеңде Ақтөбе губерниясындағы сауатсыздықты жою мен халыққа білім беру ісінде қиыншылықтарға қарасмастан бірқатар шаралардың атқарылғандығын айтуға болады. Бұл ретте алдымен өңірдегі кеңестік биліктің ширек ғасыр ішіндегі білім беру жүйесі сапалық және сандық тұрғыда қалыптасқандығын айта аламыз. Төңкеріске дейінгі кезеңнен бірнеше есе асып түсті. Халыққа білім берудің жаңа жүйесі қалыптасты. Жалпыға бірдеу міндетті бастауыш біліммен қамтамасыз ету міндеті қойылып, ол кейінгі жылдары жалпыға міндетті орталау және орта білім беруге ұласты. Сондай-ақ ересек адамдар арасында сауатсыздықты жою мен әйел адамдардың білім алу мәселесін көтерді. Алайда кеңестік билікті өскелең ұрпақты коммунистік рухта тәрбиелеуді қолға алды. Оқу-тәрбие ісінде партиялық-таптық қағида басты ұстаным болып қалыптасты.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Ақтөбе. Энциклопедия. –Ақтөбе, 2001. 748 б.
2.АОММ, 3-қор, 1-тізбе, 46-іс.
3.АОММ, 13-қор, 4-тізбе, №304-іс.
4.АОММ, 3-қор, 1-тізбе, 158-іс.
5.АОММ, 63-қор, 2-тізбе, 7-іс.
6.Тәжібаев М.К. Ақтөбе облысының тарихы (1864-1991). Ақтөбе, 1999. 280 б.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген