жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Жаңартылған білім беру аясында дарынды оқушылармен жұмыс істеу жолдары
№104 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
Жаңартылған білім беру аясында дарынды оқушылармен
жұмыс істеу жолдары
Халықты халықпен,
Адамды адаммен теңестіретін – білім.
М. Әуезов
ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен бастауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», - деп атап көрсеткеніндей, қазіргі заман талабына сай білім сапасын арттыру жолында ұстаздардың құзыреттілігін қалыптастыра отырып, кәсіби дәрежелерін ақпараттық технологияларға сай көтеріп дамыту – еліміздің білім беру саласындағы басқы мақсаты.
Ұрпағы білімді халықтың болашағы жарқын болады. Адам көздеген мақсатына жету үшін оның тәсілін, жүрер жолын жақсы білу шарт. Сонан соң барып, оны меңгеруге кірісуі қажет. Әрине, осының бәріне табандылық керек. Ұлы Абай «Отыз екінші сөзінде»: «Көңілің өзге нәрседе болса, санаңа ешқандай білім мен ғылым қонбайды. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім, ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз, білімді адам көп нәрсені біледі және қабілеті, дарыны арқылы басқа белгісіз нәрселерді өз бетінше аша алады », - дейді.
Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіндегі негізгі талап бағытын Н.Ә.Назарбаев:«Бәсекеге сай білімді де өркениетті елдің ұрпағын дайындау»,- деп атап айтқанындай, біздің басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарытып, қоғамдық құндылықтардың аса маңыздысы - білімде екенін дәлелдеу. Мұның дәлелі – білім, өз кезегінде, мемлекеттік, қоғамдық және жеке тұлғалық құндылықтарға ие. Жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу барысында, жан-жақты жетілген шығармашыл жеке тұлғаның ұлтжанды азаматтық қасиеттерін қалыптастыру екендігінде.
Ендеше, бүгінгі жас ұрпақтың алған білімін, тәрбиесін өмірлік қажеттіліктеріне сай қолдана білуге үйрету – оқу тәжірибе үрдісінде танымдық, құндылықтық, шығармашылық пен тұлғалық қасиеттерді жүзеге асырады. Осындай қасиеттерден тұлғаның рухани дамуының негізі қалыптасады, жан-жақты ғылымның саласын меңгере отырып, шығармашылық қабілетін қалыптастыру арқылы өзін-өзі дамытады.
Міне, ұлттық құндылықтарымыз білім мен тәрбие беруде ұрпақ бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастырып, егемен еліміздің тәуелсіздігін, ынтымағын, тұтастығын бар жан-тәнімен сүйетін тұлға тәрбиелеуге зор мүмкіндік береді, олардың болашақта ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтайтын саналы да парасатты болып өсуінің бір кілті ұстазда деп білеміз.
Иә, «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман»,- деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ еліміздің ертеңі екені даусыз.
Дарындылық – белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі. Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталған. Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Адамның психологиялық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабілеттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтерінің еңбектерінде кездеседі. Қабілеттілік пен дарындылық мәселесі - Орта Азия мен Қазақстан ойшылдарын да толғандырған мәселе. Мысалы, Әл-Фараби «Бақытқа жету трактаты» еңбегінде этикалық мәселелермен қатар, адам қабілеттілігіне білім беруде түрлі озық әдіс-тәсілдерді қолдану жолдарына көңіл бөледі. Абай «жетінші қара сөзінде» баланың ақыл-ойы, қабілеттілігі туралы мынадай пікір айтады: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, таппайды. Біреуі білсем екен деп, не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл не?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көз көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені». Баланың білсем екен, үйренсем деген талабын ұштайтын, жеке ерекшелік қасиет, қабілеттерін ескере отырып оларды біліммен, іскерлік, дағдымен қаруландыратын, танымдық ой-өрісін және шығармашылық әлеуетін дамытатын мұғалім-ұстаздың ерекше мақсатты қызметінің қажеттілігі жоғары.
Сондықтан қай уақытта да дарынды тұлғаны дамыту өзекті мәселе болып келеді. Бүгінгі күні өзекті мәселе:
-
шығармашыл, даралық қасиеті бар тұлғаны дамыту;
-
тума және жүре қалыптасатын дарындардың қабілетін ашу;
-
лидерлік, тұлғалық, даралық қабілеті бар оқушылардың
шығармашылық потенциалының кең ашылуына жағдай жасау.
Бір сөзбен айтқанда, «Бұлақтың дер кезінде көзін ашу» болып табылады.
Белгілі психолог Н.С.Лейтес дарынды баланың негізгі қасиеттерін көрсетеді. Дарынды балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдерге төмендегідей талаптар қойылады:
- кең пейілді, нақты болу;
- интеллектуалды дамуының жоғары болуы;
- іскерлігімен, қызықтыратын тақырып ауқымы кең болуы;
- белсенді, тынымсыз, мінез-құлық икемі;
- әзілдесе білуі;
- өзін-өзі жетілдіру барысында көзқарасын өзгертуге әзір болуы;
- өзіндік дүниетанымдық көзқарасы болуы.
Олай болса, дарындылық -
белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам
қабілеті дамуының жоғары деңгейі. Ғалым В.Крутецский өзінің
математикалық қабілеттіліктің құрылымын зерттеген еңбегінде: «Егер
қабілеттіліктер деген ұғымды жеке психикалық қасиеттер деп
түсінсек, онда дарындылық дегенді адамның ерекше қабілетінің
жиынтығының бірлігі деуге болады»,- деп тұжырымдады.
Дарындылық ұғымымен қатар шығармашылық, талант, данышпандық
ұғымдары да бар.
Шығармашылық - өзінің
жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік
жасайтын, жеке тұлға бойындағы қабілеттіліктің, білім мен
біліктіліктің болуы.
Талант - қабілеттіліктің ең жоғары
деңгейі.
Данышпандық - қоғам өмірінде тарихи маңызы бар, шығармашылықпен сипатталатын дарындылықтың жоғары деңгейі.
Дарынды балаларға білім беруді әр ғылымның бүгінгі дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан қоғамға ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу - ерекше қиын іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу - ұстаз парызы. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің басты талабы.
Дарынды оқушыны шығармашылыққа жеткізудің ең басты жолдары:
Мақсаты:
*Табиғи дарындылығы, қабілеті бар оқушыларды анықтау;
*Бейімі мен қызығушылықтарына байланысты білім-білік дағдыларын дамыту;
*Шығармашылық қабілеттерін дамытып, шыңдау арқылы ғылым жолына бағыт-бағдар беру;
*Потенциалды қабілеттерін жүзеге асыруға қолдау жасау.
Міндеттері:
- мектеп оқушылары арасынан табиғи қабілетті оқушыларды анықтау, сол оқушылардың арасынан дарынды оқушыларды шығару;
- мектептің білім беру ортасында дарынды және қабілетті балалардың дамуына жағдай жасау;
- дарынды балаларды дамыту және оларға қолдау көрсету. Білімдерін көрсету үшін әртүрлі пән олимпиадаларына, ғылыми жоба қорғау сайыстарына, интеллектуалды, шығармашылық сайыстарға қатыстыру.
- дарынды, қабілетті оқушылардың өзіндік ойлауларын, шығармашылықтары мен белсенділіктерін дамыту, ынтасын арттыру мақсатында оқыту мен оқудағы жаңа әдіс- тәсілдерді, инновациялық технологияларды жүйелі қолдану.
Жаңалығы:
- оқушы – танымдық іс-әрекет иесі;
- өзінің даму аймағын кеңейтуші;
- білім алу үрдісінің белсенді мүшесі;
- өзіндік ой-пікірі,сыншыл көзқарасы бар,үйренуші,зерттеуші;
- ойлау ,сөйлеу,жазу үрдісінің дамуын қадағалай алады.
Нәтижесінде:
*Әр жұмыс түрлері талданып, сараптама жасалып отырады;
*Дарынды балаларды мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларға қатыстырып, қабілеттерін дәлелдеу;
*Әр дарынды баланың ынтасын, дарындылығын қамти отырып, шығармашылық жұмыстарын таратуға мүмкіндіктер беру;
*Осы жағдай дарынды баланы бақылауға, дұрыс бағыт беруге, жеке тұлғалық дамуына мүмкіндік туғызады;
*Жас ерекшелігін ескере отырып, қабілетіне қарай баланы жүйелі дамытып, қолдау көрсетіп отырса, келешек жастардың мемлекетімізге әкелер үлесі зор болады.
Элизабет Кюблер-Росс:
«Әлемді сүйіспеншілікпен өзгертуге болады. Егер әр істі сүйіспеншілікпен, шын жүрекпен жасасаңыз, міндетті түрде жетістікке жетесіз», - деп, атап көрсеткеніндей, инновация мен ғаламдастыру қатар жүріп келе жатқан бүгінгі таңда мектептегі жеткіншектерге білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеру – жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін ұстаздың ғана жұмысы жемісті болмақ. Осы орайда Абай атамыздың: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға,Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» – деген ұлағатты сөздері ойыма оралады. Әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып жатса, ұстаздың еңбегінің ақталғаны. Ол үшін ұстаз хабарлау, түсіндіру, әрекеттендіру, шабыттандыру тәсілдерін біртұтас ішкі үйлестікте қолдану керек. Сонда ғана қазіргі заманда әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың тиімді факторларының басты тірегі болып табылатын адам капиталы сапалы дайындалады. Бүгінгі күнде мен де «инемен құдық қазғандай» тынымсыз еңбегімнің жемісін көріп жүрген ұстазбын.Өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам ғана шәкірт санасында терезе болып ашылып, жүрегінде мәңгі сақталмақ. Өйткені XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністермен ерекшеленеді. Заман талабына сай дені сау, ой-өрісі жетілген, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – менің мұғалімдік міндетім деп есептеймін. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Оның негізгі басты мақсаты – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, білім беру саласында жүргізілген әлемдік зерттеулердің нәтижелері тиісті кәсіптік қасиеттерге ие болуда.Оқыту мен оқу үдерістерінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игере отырып, күнделікті дәстүрлі сабақтарымда жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеме енгізіп, сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қана қоймай, оқушылардың шығармашылық қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастырамын. Мен үшін оқушылардың ойын дамытуда, белсенділігі мен дербестігін қалыптастыруда шығармашылық жұмыстарды тиімді жүргізе білудің маңызы ерекше. Оқу үрдісінде жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін ұтымды қолдану – менің шеберлігімді шыңдап, біліктілігімді арттырудың бірден-бір жолы болып табылады. Оқытудың басты ерекшелігі – оқушылардың қарым-қатынасы арқылы тілін дамыту, оқушының дамуына жағдай жасау, оқушы оқушымен, топпен, ұжыммен, мұғаліммен қатынаста болуына жағдай тудыру. Сондықтан топтарды ұйымдастыру кезінде оқушылардың өзара қарым-қатынасын ескеріп, олардың бір-бірімен білім алмасуын, жеке тұлғасын дамытуға ықпал жасауына көңіл бөлемін. Оқушылар сабақта тек тыңдаушы ғана болмай, әрекет үстінде болса, олардың алған білімдері нәтижелі болады, ал мен бағыттаушы боламын.
Сондықтан да қазіргі заманауи мұғалім – ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Ол – «мен» менталитетін қалыптастыра отырып, білім мен тәрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттауды есте ұстайтын тәлімгер. Ол үшін мұғалімнің өзі жеке тұлға деңгейіне көтерілуі қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін менде өз сабақтарымда оқушылардың қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушыны қалыптастыруға тырысамын. Сонымен бірге әрбір оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту арқылы алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кезкелген уақытта пайдалана білуіне барынша жағдай жасаймын.
Құрметті Әріптестер, жас ұрпақты білімге, ғылымға шақырып, қандай нәрседен қашық болып, қандай нәрсемен жақын болу керектігінің сара жолын салып, анықтап берген ағартушыларымыз – Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты даналарымыздың қалдырған іздері – қазіргі интеллектуалдық ұлтты қалыптастыратын ұстаздарымыздың бағдаршамы, темірқазығы. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», – деп қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, осы ұлы данышпандарымыздың салып кеткен сара жолдары жаңа формацияның ұстазын қалыптастыратыны анық. Мен де осы жолмен ұстаздық еңбегімді жалғастырып келе жатқан ұстаздардың бірімін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Бала құқығы туралы конвенция». БҰҰ Бас Ассамблеясы
20.11.1989 жылы қабылдаған;
2. «Білім туралы» ҚР Заңы. 27.07.2007 жылы қабылданған;
3. «Бала құқықтары туралы» ҚР Заңы. 8.08.2002 жыл;
4. «Кіші жастағы оқушылардың шығармашылық қабілетін анықтау».
Алматы. 1999ж. Б.Ш.Тұрғынбаева.
5. Қазақстан Республикасы Конституциясы. 2005ж.
6. «Қазақстан Республикасында 2015жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы». Астана. 2004.
7. «Педагогика тарихы». Алматы. 1984ж. Қ.Бержанов, А.Мусин.
8. «Педагогикалық энциклопедия». І,ІІ,ІV том. Москва. 1966г.
9. «Педагогика». М.Жұмабаев. Алматы. 1993ж.10. « Абай қарасөздері» Алматы.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген