жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
"Жақсы деген немене, жаман деген немене?"
Тақырыбы: «Жаман деген немене, жақсы деген немен?».
Мақсаты: Балаларды «Жақсы», «Жаман» сөздерінің мағынасын түсініп,
орынды пайдалануға үйрету. Жақсы істер жасай білу
іскерліктерін дамыту, татулыққа, үлкендерді сыйлауға, кішіге
қамқор болуға тәрбиелеу, тілдерін дамыту.
Әдіс – тәсіл: Әңгімелесу, сұрақ – жауап, ойын.
Көрнекіліктер: Бейнелі суреттер.
Сөздік жұмыс: Жақсы, жаман.
Барысы: Балалар қонақтармен сәлемдесіп,шаттық шеңберін құрады.
Мейірімді жүрекпен,
Бөлісеміз бақытты.
Үлкенге де сіз, кішіге де сіз
Барша жұртты құрметтеп,
Бас иеміз біз.
-
Балалар, бүгінгі өзін – өзі тану оқу іс – әрекетінде біз адам бойындағы жақсы, жаман әдеттер, іс – әрекеттер туралы әңгімелейміз.
Қазір «Мен қандай баламын» деген ойын ойнаймыз.
Ойын шарты: Мен қолымдағы допты лақтырып «Сен қандай баласың?» деп сұраймын. Сонда сендер өздеріңнің қандай бала екендеріңді айтасыңдар. Ал ойынды бастайық.
-
Асылай сен қандай қызсың?
-
Мен сүйкімді қызбын.
-
Медина сен қандай қызсың?
-
Мен ақылды қызбын.
-
Рустем сен қандай баласың?
-
Мен жақсы баламын.
-
Жарайсыңдар, өте жақсы балалар екенсіңдер. Бойымызда осындай жақсы қасиеттер болғанына біз қуанып тұрмыз.
Енді орындықтарға отырып, «Әли мен Айя» мультфильмін көрейік. Мұқият қарап, назар аударыңдар.
Мультфильмді көру. Мазмұны бойынша сұрақтар қою.
-
Мультфильм қалай аталады?
-
«Али мен Айя»
-
Кімдер туралы мультфильм? 1 бөлімде.
-
Олар кімге не істеп көмектесті?
-
Айя апасына бауырсақ пісіруге көмектесті.
-
Ал Әли от жағу үшін ағаш әкеп берді.
-
Апасы мен атасы немерелеріне не деп алғыс айтты?
-
Рақмет, өркендерің өссін! Бұл жақсы іс – әрекет.
-
Дұрыс. Ал 2 бөлімде Әли не істеді?
-
Әли құсты атпақшы болды.
-
Әлидің бұл қылығы жақсы ма, жаман ба?
-
Әлидің бұнысы жаман іс - әрекет.
-
Құстарды атуға болмайды. Оларды қорғап, аялап жүру керек.
Олар – біздің досымыз.
Мультфильмді мұқият қарап , жақсы түсініп алыпсыңдар. Жарайсыңдар балалар. Ал енді барлығымыз орнымыздан тұрып, бой сергіту жасайық.
Не үшін? Қ.Мырзалиев.
-
Екі көзің не үшін керек?
-
Жақсылықты көру үшін!
-
Екі қолың не үшін керек?
-
Елге көмек беру үшін!
-
Құлақ деген не үшін керек?
-
Ақыл – кеңес тыңдау үшін!
-
Жүрек деген не үшін керек?
-
Барлығын да сүю үшін!
-
Тіл мен жағың не үшін керек?
-
Ақиқатты айту үшін!
-
Ал аяғың не үшін керек?
-
Шетте жүрсек.
Туған жерге қайту үшін!
-
Енді барлығымыз, тақтадағы суреттерге назар аударайық.
Тақтадағы суретпен жұмыс.
1. Балалар, суреттен кімді көріп тұрсыңдар?
-
Автобустың ішінде, бала атаға орын ұсынып тұр.
2. Ал мына суретте балалар шырын ішіп, қытырлақ нан жеп, олардың қорабын, қағазын жерге тастап, жан – жақтарына қоқыс лақтырып отыр. Бұл жаман іс – әрекет. Қоқысты жерге тастамай, қоқыс салатын шелекке, жәшікке салу керек.
3. Бұл суретте балалар топтағы гүлдерге су кұйып, шаң сүртіп жүр. Асел балыққа жем беріп жатыр.Самат үстел үстін сүртіп жатыр. Апай құстарға жем беріп тұр. Балалар апайға көмектесіп, жақсы іс – әрекет жасап жатыр. Гүлдер бөлмеге сән береді. Бөлменің ауасын тазартады.
4. Ал мына суретте балалар итті балшық суға салып, оны таспен ұрайын деп жатыр. Ит қиналып, қыңсылап жатыр. Бұл баланың іс-әрекеті – жаман. Жануарларды ұруға , жәбірлеуге болмайды. Оларға жанашыр, қамқор болуымыз керек.
5. Бұл суретте бала апаға жолдан өтуге көмектесіп жатыр. Біз үлкендерге көмектесуіміз керек. Жақсы балалар әрқашан көмектеседі.
6. Ал мына суретте Дамир талға шығып, құстың балапандарын алайын деп жатыр. Ал Айдана құстың жұмыртқасын алып көріп отыр.Бұл жаман – балалар. Құстарға, құстың ұясына, балапандарына тиісуге болмайды.Оларды қорғап, қамқор болуымыз керек.
- Ал енді мына көріністерге назар аударайық.
1. Көрініс: Аягөз қуыршақпен ойнап отырады. Ақмаржан келіп:
-
Аягөз, маған қуыршақты берші.
-
Жоқ, бере алмаймын, өзім ойнаймын.
-
Неге бермейсің ? Әкел.
-
Мен қуыршақты қәзір алдым, біраз ойнайын. Содан кейін беремін.
-
Жоқ, қәзір бер, менің де ойнағым келіп тұр. (екеуі таласып, қуыршақтың басын жұлып алады).
Екеуі кешірім сұрайды.
-
Балалар, ойыншыққа таласпай ойнау керек. Топтағы ойыншықтар барлығыңа ортақ, сондықтан шашпай, сындырмай ұқыпты ойнау керек.
Екі қыздың іс – әрекеті жаман іс – әрекет болды.
2. Көрініс: Анасы үйді сыпырып, белі ауырып қалады. Қызы келіп:
Қызы: Анашым сізге не болды?
Анасы: Белім ауырып қалды.
Қызы: Анашым, сыпыртқыны беріңіз сіз барып демалыңыз.
Мен үйді өзім сыпырып, жинап шығамын.
Анасы: Рақмет, қызым. Көп жаса! Бақытты бол!
-
Ал, балалар, бұл жерде қандай іс – әрекет көрдіңдер?
-
Жақсы. Қызы анасына үй жинап көмектесті.
-
Дұрыс. Әрқашан үлкенді сыйлап, көмектесіп жүру керек.
3. Көрініс: Балалар автобустың ішінде орындықта отыр. Аялдамадан қарт
кісі мінді. Балаларға жақындап:
Ата: Балалар, маған орын беріңдер.
Бала: Келіңіз, отырыңыз.
Ата: Рақмет балам. Мына қызға орын бермейсіңдер ме? Қыздарды сыйлау
керек. Ал мына кішкентай бала да отырсын. Екеуің сыйысып
отырыңдар. Рақмет, балалар! Өркендерің өссін!
Балалар: Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу – адамгершіліктің белгісі.
-
Ал, балалар, бұл көріністен не түсіндіңдер?
-
Балалар: Үлкендерді құрметтеп, орын беру керек. Кішіге қамқор болып,көмектесу керек. Бұл жақсы іс – әрекет.
Жарайсыңдар, бүгін жақсы мен жаманды жақсы ажыратып, айта білдіңдер. Енді маған кім айтады, қандай баланы жаман бала дейміз?
-
Ойыншыққа таласатын, үлкенді сыйламайтын,құстарды жәбірлейтін, қоқысты шашатын балаларды жаман бала дейміз.
-
Ал жақсы бала қандай болады?
-
Үлкендерді сыйлайды, кішіге көмектеседі. Құстарға тиіспейтін, тәртіпті, ойыншықтарды сындырмай ойнайтын баланы жақсы бала дейміз.
-
Ал енді жақсылық, әдептілік жайлы тақпақтарымызды айтайық.
Аягөз: Әдеп сақтап әрқашан.
Әрбір адам адамға,
Жасасақ бір жақсылық.
Қайтарады саған да.
Сүлейман: Жақынды, досты, аяла,
Қанатың сонда талмайды.
Жақсылық жерде қалмайды.
Барыңды жұрттан аяма.
Асылай: Жақсы деген немене?
Әдеп пенен өнеге,
Үлкендерді сыйлауың.
Ақыл – сөзін тыңдауың,
Кішіге берген көмегің,
Бойыңдағы өнерің.
Медина: Мені үлкендер әдепті деп мақтайды.
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал егер сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
Қорыту:
-
Бүгінгі оқу іс – әрекетімізде не істедік?
-
«Мен қандай баламын?» ойынын ойнадық.
-
«Әли мен Айя» мультфильмін көрдік.
-
Суретпен әңгіме құрадық. Көріністер көрдік.
-
Балалар сонымен «жақсы» деген не екен?
-
Ағаш отырғызған, гүл отырғызған жақсы. Кішкентайларға, үлкендерге көмектескен жақсы. Ойыншықпен таласпай ойнаған жақсы.
-
Ал «Жаман» деген не екен?
-
Ағашты сындырған жаман, құстарға тиіскен жаман т.б.
-
Ендеше алдағы уақытта жамандық жасамай, қолдан келгенше тек жақсылық жасап жүрейік.
Күтілетін нәтиже:
Білуі: Бала «жақсы, жаман» сөздерінің мағынасын ажыратуды білуі тиіс.
Меңгеруі: Бала бойына жақсы қасиеттерді меңгерту.
Жасай алуы: Күнделікті өмірде бойына сіңірген жақсы әдеттерді пайдаланып, адамдарға мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық жасай алуы керек.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген