жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
"Жақсы сөз - жан азығы" 2 сынып
Сабақтың тақырыбы: «Жақсы сөз – жанға жайлы»
Мақсаты: балалардың жақсы сөз туралы туралы түсініктерін кеңейту, адам өмірінде жақсы сөздің маңызы мен қасиеті туралы айту.
Міндеттері:
-
сөз сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп қана қоймай, оның мінездемесі де болып табылатындығын ұғындыру;
-
-сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім – білік, мәдениет, әсемдік – асыл қазына екенін меңгерту;
-
Қайырымдылыққа, ізгілікке тәрбиелеу;
Мұғалім сөзі:
-
«Шаттық шеңбер»
-
Балалар, бәріміз ортаға шығып, «жылылық шеңберін» құрайық. Әрбіріміз қасымызда тұрған досымыздың жақсы қасиеттерін ізгі сөздермен, көтеріңкі көңілмен, күлімдеген көзбен жеткізейік.
-
Сен нағыз доссың, ең әдемі қызсың, мейрімдісің, өте ұқыпты баласың, адал доссың, қайырымдысың, әдептісің, өнерлісің, еңбекқорсың, ақкөңілсің.
-
Жарайсыңдар, балалар! Әрбіріңнің достарыңа деген жылы лебіздер естіп, қатты қуанып тұрмын
Олай болса балалар бүгінгі біздің «Жақсы сөз-жанға жайлы» атты сиқырлы сабағымызға қош келдіңіздер!
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас-жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз-шер толқытса шығады.
Жақсы сөз жанға қуат береді. Әрине жақсы сөз көңіл құлпын ашатын кілт емес пе? Жақсы сөйлеп, адам көңілін елжіретіп, жақсылыққа жорудың өзі жақсылықтың, ырыс пен берекенің бастамасы болмақ. Ой мен тәнді жігерлендіретін, семіртіп те сергітетін, сүрінсең анаңның ыстық алақанындай жылытатын, қанатыңа жан бтіріп, қыран боп ұшсаң асқақтата биікке шарықтатып, қашан болмасын жанға жылу сыйлайтын ол ел зердесіне айналған-жақсыдан шыққан жақсы сөз. Шын пейілмен айтылған жақсы сөз өзіңе де, өзгеге де қуаныш әкеледі. Солай емес пе балалар, кімде қандай ой, пікір бар, ортаға салайықшы:
- Сөз сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінездемесі де болып табылады. Сондықтан кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады. Қазақ халқында -
Өнер алды – қызыл тіл;
Тіл – тас жарады, тас жармаса – бас жарады-деген мақалдары бар.Осының өзі сөздің құдіреттілігін көрсетпей ме?
- Шынында, адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарар рөлі баға жеткісіз. «Жылқы кісініскенше, адам сөйлескенше» дегендей, адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасып, өзгені де сөзі арқылы танып, өзін де сөз арқылы танытады.
-Барлығымыз да жылы сөзді естігіміз келіп тұрады.Қалайда сөздің адамға жағымды әсері зор екені даусыз. Біздің халқымыздың "Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады" деген тамаша мақалы да жағымды сөйлеудің қаншалықты керемет күшке ие екендігін аңғартады
-Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп-тұқияннан бері жасалып, қорланып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы. Сондықтан да сөзді шашпа-төк тегін дүние көріп, оңды-солды талғаусыз айта берсе, жұғымы, қадірі болмайды. Білімпаздар айтқандай «Сөз қадірі – адамның өз қадірі, сөзі құнсыздың өзі құнсыз».
-Жақсы ой, жылы лебіз, жақсы тілек адамды шаттандырады, қуантады, бақытты етеді. Ауыр сөз, жағымсыз әрекеттер адамның көңіл түсіреді, мұңайтады, оны уайымға салады. Бір – бірімізге жақсы, жылы сөдер көп айтылса, өмір мейірім мен қайырымға толы болып, қуаныш пен шаттыққа кенелтеді. Сондықтан да барлық уақытта бір – бірімізге жүрекке жылы тиетін жақсы лебіздерді жиі айтып жүрейік.
- Орынды сөйлеу, қисынды сөйлеу - ол да бір дара бақыт. Сондықтан әр елден шыққан арғы - бергі заман даналардың, сөйлеудің маңызын аса жоғары бағалап, ой толғамағаны жоқ десе болады. Ұлы ақын Абай атамыз:
Өткірдің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмас, - деп тамсана бағаласа, түріктуыстар: "Оң сөз - өзен тоқтатар" деген мақалмен түйіндеген. Әрине сөйлей білу - үлкен өнер.
Мұғалім сөзі : Рахмет балалар! Яғни сіздердің жастарыңызда сөз қадірі өте күшті екенін аңғардық.
Ой қозғау.
Әңгімелесу.
- Қандай кезде жақсы сөздерді қолданасыңдар?
- Жақсы сөз естігенде қандай сезімде боласыңдар?
- Жаман, дөрекі сөз естігенде қандай сезімде боласыңдар?
- Жақын адамдарыңа қандай жақсы сөздер айтқыларың келеді?
-«Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді халқымыз. Жақсы сөз естісең, жаның
жадырайды. Жақсы сөз ашу шақырмайды, жүрегіңді жылытады. Тек қана
жақсылыққа жеткізеді, бақытқа кенелтеді, қуанышқа
бөлейді.
Енді балалар мен сендерді үш топқа бөлемін.Мен сендерге жағдаяттар беремін, сол жағдаяттарды пайдалана отырып көрініс көрсетесіңдер.
1-топ:Сабаққа кешігіп келген оқушы мен мұғалім арасындағы әңгімеден үзінді.
2-топ:Тұтынушы мен сатушының дүкендегі сыпайы қарым қатынасы.
3-топ:Емханаға келген дәргер мен науқас арасындағы диалог.
Жақсы сөз жанға қуат, ырысы мол,
Көңілге қаяу салмас, жылысы сол.
Жақсыдан шыққан әрбір сөздің басы,
Ақыл менен парасыттың бастауы ол
Шынында жақсы сөз ол-жарым ырыс,
Жылы-жылы сөйлесең жақсы ол іс.
Жақсылардан шыққан жақсы сөздер,
Бүгінде болар бізге өнеге, ырыс.
Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де,
Көңілді шүйгітер де, ой күдерге,
Тұс-тұстан құлындатып, шұрқыпратып,
Жібек жал, сәйгүлік ой өрбітер де.
Көрініс «Жақсы мен жаман»
Адам: Мәукен
Гүл: Аружан
Үлкен гүл: Ақерке, Мерей, Дана
Жаман шөп: Иманғали, Мәукен, Нұрбек, Мұхтар
Бала: Айдын
Адам атызға бір топ гүл әкеліп отырғызды. Құнарлы жерге отырғызылған ол күннен-күнге тамыр жайып, гүлдеп өсе берді. Гүл бәрін де сүйетін: мөп-мөлдір суды да, тап-таза ауаны да, күннің нұрын да. Айналаға еркелей, құмарлана қараудан әсте жалықпаушы еді. Ол осынау тірлік иесі болғанына, өзін отырғызған адамға да риза еді. Бір күні:
- Әй, сен, көп асқақтама! Мен тірі тұрсам, әлі өмірге келгенің өкінетін боласың, – деген шіңкілдек дауысқа жалт қараса, дәл төменде түрі ұсқынсыз шөп басын қылтитып тұр екен. Гүлдің көңілі ортайып, бір түрлі жабырқап қалды. Ештеңе дей алған жоқ. Көздері жасаурап кетті. Бірте-бірте солып, сарғайып бара жатты. Амалсыз жанындағы өзінен біршама үлкендігі бар гүлге басын сүйеді.
- Жабырқама! Сабыр ет! – деп жұбатты ол.
- Адамдар оны «арам шөп» деп атайды. Өз құлқынынан басқаны ойламайтын жауыз шөп. Әлі-ақ құтыламыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой. Гүлдің көңілі біраз көтеріліп қалды.Әлгі гүлдің айтқаны рас боп шықты. Ертесіне адам келді де, арам шөпті жұлып тастады. Гүл қайтадан құлпырып өсе бастады. Алайда көп нәрсені ұққандай болды. Өмірде жақсылар да, жамандар да бар екен.
Мұғалім сөзі:
Жақсы сөз – жақсы тілек,
Болайық ізгі ниетті.
Жақсы ойлап кісіге,
Тілейік үлкен – кішіге
Қыраулы қыстың қарлы боранындай ызғарлы, қатал сөздерден гөрі көктемнің жайма шуақ күндеріндегі жылы лепті, көңілге еркелей кіретін жылы сөздер санаға тез жетіп, талас-тартыссыз орын алады. Шіміркентіп ашуландырмайды, көңіл жайлауына қонып тербетеді. Оның жылы сөзін де іштей қайталайсын.
Әсем сөйлеуге, көп тыңдап, көп оқып, халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе, айтқыштық пен терең ойдың інжу маржандары мақал, мәтелдерді жетік біліп, сырына үңілу, кітапты көп оқу арқылы жаттығып төселеді. "Жүздің көркі - сақал, сөздің көркі - мақал" деген мақал соны білдірсе керек.
Әр түрлі тілек білдіретін сөздер жазылған кеспе қағаздарды үстел үстіне жазып, көрінбейтіндей етіп жайып қояды. Балалар кезегімен шығып кеспе қағаздардың біреуін таңдайды. Кеспе қағазда жазылған сөзді қатыстырып тілек айтады.
Бейнебаянға назар аударайық.
Жақсылығымыз жақын болсын. Кейде адамдар «Жақсылығым алдымнан шықпайды», - деп ренжіп жатады. Жақсылық сатусыз жасалады. Жақсылық - өлшеусіз құндылық. Жақсылықты ұқпаған адам күндердің күнінде ұғатын болады. Тек, асықпау керек. . Бір – бірімізге жақсы, жылы сөдер көп айтылса, өмір мейірім мен қайырымға толы болып, қуаныш пен шаттыққа кенелтеді. Сондықтан да барлық уақытта бір – бірімізге жүрекке жылы тиетін жақсы лебіздерді жиі айтып жүрейік. Осымен бүгінгі «Жақсы сөз-жанға жайлы» атты сиқырлы сынып сағатымыз аяқталды, келесі кездескенше еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын ағайын!
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген