Жас ұлан - кемел келешекке
жол ашады
Осынау
ғасырлар бойғы армандап жеткен Тәуелсіздігіміздің әр жылы — ғасырға
бергісіз тарихи кезеңдер.
Себебі,
Тәуелсіздік жолында еліміз үшін, оның болашағы үшін аса маңызды
қаншама шешімдер қабылданып,қаншама айтулы тарихи оқиғалар жүзеге
асты.
Бабалардан мұраға қалған жердің иесі,
егеменді елдің ертеңі – жастар.
Қазақстан
Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы
қарсаңында 2011 жылдың 6-шілдесінде «Елорда күніне» орайластырылып
жастар ұйымдары көшбасшыларынан бастамашыл топ «Бірыңғай « Жас
Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық
бірлестігі құрылды.
Өскелең жас ұрпақтың бойында
патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық,
беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен
болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат еткен
бұл ұйым
алдында үлкен жауапкершілік тұрды, бастапқы ұйымдастырушылық
деңгейінен өтті. Қазіргі таңда
«Жас
Ұлан» көзінде оты бар, өнерлі, дарынды, ақылды, ұшқыр, алғыр
балалардың рухани үйіне айналды. Алғашқы болып қабылданған
жасұландар бүгінде еліміздің белді жоғары оқу орындарын бітіріп,
«Жас Ұлан» идеяларын жалғастырып келеді. Ата- бабамыз тектінің
өміршең болатынын айтқан. «Жас Ұланның» ғұмыры ұзақ болатынына
сенім мол. Себебі, оның бойында тектілік те, тарих та, ізгі ниет те
бар. «Жас Ұланды» республиканың алдыңғы қатарлы, озық ойлы, ең
белсенді жастар ұйымдарының көшбасшылары құрып, тың идеялармен
азықтандырғаны. «Жас Ұланның» балалар бойында адамдық, әділеттік,
әдептілік, ізеттілік дәндерін себуді мақсат еткен ниеті де дұрыс.
Біз бақытты ұрпақпыз! Себебі біз – рухы биік еркін халықтың
ұрпағымыз! Себебі біз о шеті мен бұл шетіне жету үшін тұлпар тұяғы
тозатын, қыран қанаты талатын кең байтақ Қазақстанның азаматымыз!
Себебі біз – ел ертеңін сеніп тапсырған кемеңгер елдің
жастарымыз!
Бүгінде
аталған ұйым уақыт өткен сайын ширай түсіп, дамып келе жатқанына
көз жеткізе түсудеміз. «Жас қыран» деп аталатын төменгі буынға 1–4
сынып оқушылары қабылданса, ал жоғарғы сапына 5–10 сыныптағы
оқушылар алынуда. Құрылғанынан бастап шамалы уақыт қана өткеніне
қарамастан ұйымның сапына қосылған жас жеткіншектеріміздің қатары
көбейіп келеді. 6-дан 9 жасқа дейінгі балалар «Жас қыран» тобына
алынса, 10-16 жастағылар «Жас ұлан» төсбелгісін
тағынады.
«Жас
ұлан» ұйымының басты бағытына тереңірек тоқталатын болсақ, ол
жеткіншектерді парасаттылыққа үйретумен, ұлт рухын көтеріп, жігерлі
болуға баулу мәселесімен ұштасып жатқанын айта кету орынды. Ерінбей
еңбек еткеннің ісі зая кетпейтінін түсіндіру. Ең бастысы, өз елін,
жерін сүюге шақыру. Қоғамдық бірлестіктің ең басты міндеті де осы.
Бұл Елбасының жастар мәселесіне деген ерекше қамқорлығынан деп
түсінгеніміз абзал. Жастардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас
шығарып, бір ұйым болып бірігіп, игі істерге жұмылып еңбек етуіне
ықпал жасайтын айқын жоспары бар, салмақты бірлестік тәуелсіз елдің
жас ұрпағына қажет-ақ. Құрамына тек оқу үлгерімімен, үлгілі
тәртібімен көзге түскен үздік оқушыларды қабылдайтын ұйымның
діттегені елім деп еміренген, батыр да дана, ақылды да айбарлы,
ұшқыр да озық ойлы, саналы да үмітті ұрпақ тәрбиелеу болып отыр.
Бүгінгі кезде рухани дүниесі бай, ұлтын сүйетін, білімге деген
құштарлығы мол, дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейтін
жас азамат қалыптастыруда ұйымның атқарар жұмыстары көп екендігіне
көпшіліктің де сенімі мол.«Жас ұлан» тек балаларды, жасөспірімдерді
ғана емес, түбінде қоғамды тәрбиелейтін күші зор үлкен ұйымға
айналады деген сенім жоқ емес. «Біз, Республикалық бірыңғай «Жас
ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйының қатарына кіре отырып,
Отанымыз — Қазақстан Республикасының патриоты, Мемлекеттік
рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге, Туған еліміз, жеріміз,
Отанымызды мақтаныш етуге, ата-анамызды қадірлеуге, үлкенге құрмет,
кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты
өмір салтын ұстануға,табиғатты аялауға, «Жас ұлан» ережесін
бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымыздан талап етуге, біздің
жерлестеріміздің даңқты ерлігі, өнегесі негізінде ерлікке үйренуге
және Отанға шексіз қызмет етуге Ант етеміз!» Міне, бұл барыстай
бұлқынған, арыстандай айбатты жастардың, тұлымшағы желкілдеген
жеткіншектерінің, сенімді ұл-қыздарының Отан алдындағы бірден-бір
парызы. Ант еткені — «Жас ұлан» ұйымының балаларды қажетті
бағыт-бағдармен жетелейтінінің айқын айғағы іспетті. Жас
қырандарымыз, жас ұландарымыздың қанаты қайырылмасын, талмасын.
«Жас ұлан, қалыспа! Қырандай қарышта. Еліміздің абыройын асқақтатып
әлемге нық ұстайық байрағын!» деп әндететін «Жас ұландықтардың»
жігері мұқалмасын. Ертең әлемдік саясат аренасында Қазақстанның
күшін, мүмкіндігін танытып, ел абыройын биіктетіп қана қоймай,
әл-ауқаты мен әлеуетін, тұрмысын жақсартуға, экономиканы еселеп
дамытуға күш салатындар да осы – «Жас ұланның» өрендері болмақ!
Егемендігіміз бен елдігімізді ерекше ту еткен жас өркендеріміздің
алар асуы, шығар шыңы биік болғай!
Түркістан
облысы
Жетісай
ауданы
«№25 жалпы білім
беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік
мекемесі
Аға
тәлімгері: СЫРЛЫБАЕВА ҒАЛИЯ БЕРДИШУКУРОВНА