жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
«Желтоқсанда жандарын жалау еткен»
Тақырыбы: «Желтоқсанда жандарын жалау еткен»
Мақсаты: 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысып,тәуелсіздік үшін жандарын жалау еткен жандарды оқушыларға таныту,ерлік істерін үлгі ету. Желтоқсан оқиғасының неден бастау алып, оның не себепті қанды оқиғаға ұласқанын ашып көрсету. Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, елжандылыққа, тәуелсіздік ұғымын қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, қанатты сөздер. «Тәуелсіздік» монументінің, Желтоқсан құрбандарының суреттері,слайдттар
Түрі: Әдеби-сазды кеш
Жүргізуші мұғалім: Құрметті ұстаздар,оқушылар!Сіздерді келе жатқан 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. Желтоқсан әркімнің жадында, тарихи ғасыр жылнамасында мәңгі жазылып қалды. Өйткені, ол дүниені дүр сілкіндірген оқиға еді. Ол еркіндік пен теңдікті талап еткен ел ұландары – жас жігіттер мен қыздардың бас көтеруі еді. Ол империялық үстемдікке қарсы батыл бетпе - бет келіп, наразылық көрсетудің айқын белгісі болатын.
Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» атты жырын оқушылар мәнерлеп жатқа оқиды.
1986 жыл 16 желтоқсан. Бұл күні Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д. Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып,бұрын-соңды Қазақстанда болып көрмеген Колбинді Қазақстанның бірінші басшысы етіп 18 минут ішінде сайлады. Оған бүкіл қазақ жастары қарсы болды. Кешегі Кеңес одағы кезінде Қазақстанда бірінші хатшы болған 20 адам болса, оның үшеуі-ақ қазақ еді. Сондықтан қазақ жастары ұлттық құқықты көкседі. Олар: «Мейлі бірінші хатшы қазақ болмай-ақ қойсын, келіселік, бірақ ол Қазақстанның толғақты мәселелерін білетін, осында туып өскен адам болсын»,-деп, Демиденко мен Морозовты ұсынды. Бірақ олардың ұсынысы қабылданбады. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспауы түрткі болды. Жастар шеруі желтоқсан айының 17-18 күндері болды. Бұл күндері барлық алаңға шыққандар бейбіт мақсатпен шыққан еді. Ұлттық намыстан басқа ештеңе ойламаған жастар-студенттер, жұмысшылар «Ел мен жер біздікі, неге бізді басқа жақтан келген біреу басқарады?» деген сұраққа жауап іздеп шарқ ұрды. Кеуделерін намыс кернеген олардың жүздеп, тіпті мыңдап көбейе бергенінен қорыққан биік алаңдағы жастарды «Нашақорлар», тіпті «маскүнемдер» деп елге жалған ақпарат таратты.Жігіттер мен қыздарды қақаған аязда суық жерге жатқызып қорлады, қыздарды бұрымынан сүйреп, өлімші етіп соққылады. Үскірік атқан суықта мұздай су шашты. өзге ұлт өкілдерін қазақ жастарының ереуіліне қарсы қойды.Бұл оқиға сол себепті де тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды. Нәтижесінде 16-желтоқсандағы қанды оқиғада 8500 адам заңсыз ұсталды, 1722 кісі жеңіл және ауыр жарақат алды.
«Жастардың алаңға шығуы».Әдеби қойылым.
Осыдан 30 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға.
- Қыздар, мен газет әкелдім.
- Не жаңалық шығыпты?
- КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына В.Колбинді тағайындапты.
- Колбин деген кім екен?
- Қайдан келіпті?
- Колбин Ульяновтан келіпті.
- Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
- Біз демократияны талап етеміз.
- Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!
Бір жігіт жүгіріп келіп:
Бауырлар, алаңға жүріңдер. Қазақтың намысын таптап, қорлап жатыр. Жүріңдер! Өз елімізді өзге елдің адамына басқартуға жол бермейік, жүріңдер, -дейді.
Екінші жігіт: - Ой, мейлі, кім басқарса ол басқарсын, несіне барамыз?
Бірінші жігіт: - Ей, намысы барлар, ер соңымнан!
(Барлығы өре түрегеліп, ортаға шығады)
Дауыс: Естідіңдер ме?
Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сыйламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?
Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.
Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатаханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!
Әскери адамдар: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов» Первая рота за мной! Ура!
Ләззат: Әй, туғандар! Жігіт болсаңдар бері қарай! Қосылыңдар біздің қатарға!
«Нашақор» деп, «Ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір түнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Озбырлық күштен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер – Қайрат қыршын кеткен күн
Желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі – Қайрат Рысқұлбеков, ендеше Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.
Көрініс. «Қайраттың ақтық сөзі»
Тергеуші: Сен 18-і күні сағат 10-да қайда болдың?
Қайрат: Жолдастарыммен бірге.
Тергеуші: Жоқ, сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды! Сен кінәлісің оған!
Тергеуші: Сен өзің Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба? Жоқ па?
Қайрат: Жоқ, мен Савицкийді көргенім жоқ!
Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар!
Қайрат: Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдың мынау заманға,
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жалғанға.
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр.
(Күңіренген музыка жәй ойнап тұрады. Темір тор. Қайрат ауыр ой үстінде)
Милиционер келіп: - Айыпкер Рысқұлбеков кездесуге!
Қолыңды артыңа ұста!
Жүр!- дейді.(Сахна ортасында стол. Екінші беттен жылап анасы шығады. Екеуін бір - біріне жақындатпайды. Столдың екі басына отырады.)
Анасы жылап: - Қарағым - ау, балапаным - ау! Не күйге душар болғансың, балам - ау?
- Мама, жылама! Менің еш кінәм жоқ. Маған тергеуші 4 мың сом берсең ісінді жеңілдетемін дейді. Мен сіздерден босқа ақша алып қиналдырғым келмейді.
- Балам - ау, оны білмей отыр дейсің бе? Жанымды шүберекке түйіп осы кездесуге әрең жеттім емес пе? Мойыма, шындық жеңеді деп сен!
- Мама, сол шындыққа жете алмай кетем бе деп қорқамын. Жасамаған қылмысымды мойында деп қорлық көрсетіп ұрып - соғуда. Сау жерім қалмады.
(Сөзін аяқтатпай милиционер:)
- Кездесу аяқталды! Камераға жүр!- дейді
(Кетіп бара жатып Қайрат:)
- Мама, мен жаламен кетіп бара жатырмын!
(«Желтоқсан желі» күңірене музыка ойнайды. Анасы жылап, сахнадан шығады. Темір тордан қос қолдап ұстаған Қайрат:)
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр.
Сөйлесем дауысым жетпейтін
Кез болдың мынау заманға,
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!
Қош аман бол, артымда
Ағайын - туған азамат!
Артымда қалған ата - анам,
Ел - жұртым саған аманат!
Көрініс
Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.
Қайраттың хаты: Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтығы отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.
Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш күнәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың…
1986 жылғы 16 желтоқсанда бүкіл қазақ жастары тотаритарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Міне, осындай ұмытылмас оқиғадан бері 30 жыл өтті. Өмір-өзен толқындары сол кезден бізді алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды. Ол -дүниені дүр сілкіндірген қазақ қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет. Ендеше сол желтоқсанда жандарын жалау еткен боздақтардың рухын еске алайық (1 минут үнсіздік).
Арада қанша жылдар өтті. Қаралы күннің қасіреті алыстап, егемендік алған еліміздің көкшіл жалауы желбіреп, биіктей түсті. Ия, Тәуелсіздік шыңы бізге оңай келмеді. Қайраттай қайратты жастардың қанымен, Ләззаттай албырт арулардың үнімен, боздаған жоқтаған қасіретті ананың зарымен, ұландарына ақ тілек айтқан бабалардың батасымен келді.
«Желтоқсанда жандарын жалау еткен» атты композиция.(Әр әңгіме айтылып тұрған кезде сурет тұсына жарық түсіріледі) Оқушылар желтоқсан құрбандары Асанқызы Ләззат, Мұхаметжанқызы Сәбира, Рысқұлбеков Қайрат туралы сыр шертеді.
«Желтоқсан желі» әнін оқушылар орындайды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – әр қазақтың жан жарасы. Қалың тарихтың парақтарына қанмен жазылған бұл күндер жайында толғана да тебірене де айтуға болады.Президенттің жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен "Алтын жұлдыз" тапсырылды. Сабира, Ләззат, Ерболға "Ақтау жөніндегі анықтама" қағаздары берілді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды ақтау үшін барынша күрескен қайсар Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет сынды ағаларымыз көп еңбек етті.
М.Шаханов «Тәуелсіздік алаңы» «Төрт жыл кешіккен шындық» ,т,б желтоқсан алауын жалындатқан, жана алмай өшкен боздақтарға арналған жырлар оқылады.
Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер, желбіретіп, нық ұста.
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба рухына.
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағатты, өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ- болар елдің ертеңі.
Хор. «Біз-Отанның ұланымыз» әні.
Тәуелсіздік мерекесіне арналған Флэшмоб. Өнерлі қыздарымызды қошеметтеп қарсы алыңыздар!
Қайраттай қайсар ұлдарың
Қанымен келген еркіндік
Сәбира менен Ләззаттың
Арымен келген еркіндік
Желтоқсанның алғашқы
Қарымен келген еркіндік
Алтынайдай ананың
Зарымен келген еркіндік
Алаңда салған Шәмшінің
Әнімен келген еркіндік
Қиындықтың осындай
Бәрімен келген еркіндік!
Тәуелсіздік жырларын жеткіншектер жырлайды
Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы-Қайрат Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде өз есімін ел жадында мәңгілік жазып кетті. Он екіде бір гүлі ашылмай қыршын кеткен Асанқызы Ләззаттың, Сыпатайұлы Ерболдың, Мұхаметжанқызы Сәбираның, Ноғайбайұлы Қайраттың аңсаған армандары мен үміт-тілектері арқасында бұл күнде көк туымыз асқақ желбіреп тұр! Бір ғана өкініштісі, ол азаматтық үшін жан аямай алысқан сол боздақтардың бүгінгі бақытты сәтімізді көре алмауы. Қуанышты күннің шуағына куә болып, ортақтаса алмауы. Кешегі тарих қойнауына кеткен ХХ ғасырдың 1986 жылдың желтоқсанында болған оқиға ұлт тарихындағы азаттық үшін өткен күрестердің ең соңғысы еді.
«Желтоқсан желі» бейнебаяны көрсетіледі.
Ақтөбе облысында өткен І Халықаралық балалар мен жастар шығармашылығы фестиваль-конкурсында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған мектебіміздің әншісі,класымыздың мақтанышы Тынышбай Ақбөбектің орындауында «Қазақстан бақытты» әнін қабыл алыңыздар!
(Оқушылар сахнаға қолдарына түрлі-түсті шар,жалауша ұстап шығады,әннің қайырмасына қосылады)
Тәуелсіз 25 жыл! Туыңды биік ұстадың.
Көтерді халқың уақыттың қатал қыспағын.
Көшіңді бастап бақытты болашағыңа,
Жасай бер, жаса,Тәуелсіз Қазақстаным!
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Ашық тәрбие сағаты
«Желтоқсанда жандарын
жалау еткен»

Жүргізген:6а-класс жетекшісі Жармедетова Жанна Куанышбаевна
Талдысай орта мектебі
2016жыл
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген