Материалдар / «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің тәрбиелік маңызы

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің тәрбиелік маңызы

Материал туралы қысқаша түсінік
Биыл қазақ әдебиетінің атасы, біртуар ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Абай – тұтас бір әлем, терең мұхит, ашылмаған жұмбақ.
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің тәрбиелік маңызы


Найманова Айгул Алибековна

«М. Горький атындагы жалпы орта мектебі» КММ

Шардара қаласы

Naimanova76@mail.ru


Биыл қазақ әдебиетінің атасы, біртуар ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Абай – тұтас бір әлем, терең мұхит, ашылмаған жұмбақ.

«Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес»] -деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев Абай атамыздың қалдырған әдеби мұрасының ғасырлар бойы мән-мағынасы, өзектілігі жойылмайтынын баса айтып кеткен.

Абай ұлттың, елдің алға жылжуын, өсіп-өркендеуін шын ниетімен тілеген адам, осы идеяны шығармаларында барынша дәріптеген. Ол өлеңдері мен қара сөздерінде үнемі адамдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа, іздемпаздыққа шақырады. Сол себепті ақынның өміршең идеялары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың [«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапқан. Рухани жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодымызды сақтау, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Ендеше ұлы Абайдың шығармашылығында да  ұлттық болмысқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты тағлымдық ой-пікірлердің мол екендігі белгілі.

Елбасы мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген. Ал Абай үнемі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттап отырған, мысалы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» өлеңдерін айтуға болады. Ол — ұлттың өсуін адал еңбекпен, оқу-біліммен, ғылыммен, өнермен байланыстырған, сондықтан өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды. «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» -дейді ұлы ойшыл.
Абайдың өлеңдерінде көтерілген мәселелер бүгінгі күні әлі де өзекті. Мәселен «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңіне тоқталайық. Бұл - 1886 жылы жазылған өлең. Абайдың жас жігіттерге, інілеріне айтқан ағалық ақыл-кеңесі. Мұнда достық, татулық, жар таңдау мәселесін сөз етеді.

Алғашқы шумағында ойын мен күлкінің, сыр мен сымбаттың ара жігін ажыратып, шынайы достық тек адал ниеттен құрылатынын атайды. Бозбалаға тән асыл қасиеттерді атап өтеді: сөз мәнісін ұға білу, шын сөзінде тұра білу, талаптылық, өнер, мінез, жақсы қылық.

«Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!» деп басталатын өлең жолдары қамшының сабындай бес күндік жалғанда күншіл, қиянатшыл болмай, бірін-бірі құрметтеп, өзара тату болып өтуге шақырады. Жолдастықтың қадірін жетесіз адам білмейді, нағыз ер сыр сақтай алады.

Жар таңдау мәселесіне келгенде, әйел адамның мінез көремдігіне назар аударуға кеңес береді: «Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!»

Әйел отбасының ұйытқысы, алтын қазығы. Ұрпағыңның тәлімді, ақылды болып өсуі, абыройыңның асқақ болуы көп жағдайда әйел адамға байланысты. Ақылды әйел ер азаматының білместігіне сабырмен қарап, ерін ұятқа қалдыратын әрекеттерге бармайды.
«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.»- деп жар таңдау өте маңызды қадам екенін айқын көрсетеді. «Үйлену –оңай, үй болу-қиын» дейді қазақ. Бүгінгі таңда жастар арасында шаңырақ көтеріп, артынан ажырасып жатқандар өте көп. Әке-шешесі тірі бола тұрып, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер қаншама?
«Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,» - деп көркі бар екен деп ер адамды көрсе қызар болмауға, нәпсіге ермеуге шақырады.

«Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданбасын, қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.» -деп әйел адамға сыпайылық, ізеттілікті, қонақжайлылық жарасатынын айтады.

«Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, риаз үстіндегі үй.» -деп шаңырақтың шайқалмауы, отбасының беріктігі ерлі-зайыптылардың екеуіне де байланысты.

Еңбек етпестен мол табысқа қол жеткізгісі келетіндер қазіргі кезде көбейіп кетті:

«Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.» -дейді. Алайда оңай олжа ешкімге жұғымды болмаған. Қалай келсе, солай кететіні белгілі. Ауыр еңбекпен, маңдай термен біткен малдың берекесі болады.

«Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі – арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.» деген жолдардағы сияқты, тырнақ астынан кір іздеп, қит етсе арызын ала жүгіретіндер де аз емес.

  Кейбіреулер жас балалардың арасына түсіп, абыройсыз болып жатады.

«Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.» - деп келтіреді ақын. Абай әрқашан ел бірлігін, достық, адамзат арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдықты көксейді. Ал өлеңнің мына жолдары ақынның ең негізіг ойы іспетті:
«Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!»
Абай өз халқын шексіз сүйеді, сондықтан адамдардың ұнамсыз мінездерін, әрекеттерін аямай сынау арқылы қоғамды түзетуді ойлайды. Абай Құнанбаевтың қалдырған мол мұрасы –тұнып тұрған ұлағат, тұнып тұрған даналық. Әсіресе бала тәрбиесінде маңызы зор. Сондықтан әрбір қазақ отбасы балаларын ақынның өлеңдерін жаттатқызып, мағынасын терең түсіндіріп отырса, ертеңгі күні бұл балалар намысшыл, әділ, ешкімнің ала жібін аттамайтын, сенімді, саналы ел азаматы болып өседі.

Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Еліміздің болашағы жарқын болсын десек, бала тәрбиесі мықтап қолға алынуы керек. Қазіргі кездегі ақпараттың ашықтығы, көптігі, қолжетімдігі енді ғана қалыптасп келе жатқан жасөспірім жеткіншектердің санасын улап, қатігездік, зұлымдықтың дәнін егуде. Біздің міндетіміз -мектеп қабырғасында әр оқушыға өз баламыздай жанашырлық танытып, Абай салған сара жолмен өнегелі тәрбие беру. Оқушы қызығушылығын дұрыс бағытқа, дұрыс арнаға бұру.




Пайдаланған дереккөздері:


1. http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

2. https://bilimdiler.kz/oyin_sayk/olender/340-atakty-akyn-sozi-altyn-hakim-abayga.html

3. https://www.zharar.com/1157-kunanbaev.html













Аңдатпа

Берілген мақаланың мақсаты А.Құнанбаев шығармашылығы мен елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелердің үндесетіндігіне көз жеткізу. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін талдай отырып, Абайдың өзі өмір сүріп отырған ортаның ұнамсыз мінездерін, әрекеттерін аямай сынау арқылы қоғамды түзетуді ойлағанын көрсету. Мақаланың өзектілігі – автор ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту үшін бала тәрбиесінде Абай шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығын көрсетуге тырысады.

Түйінді сөздер: тәрбие, мінез, өнер, өнеге, ақыл, отбасы, мұра;

Аннотация

Цель данной статьи- убедиться что творчество Абая Кунанбаева и вопросы, поднятые Елбасы Нурсултаном Назарбаевым в статье «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания» находяться в полном гармонии и единстве. Анализируя стихотворение «Джигиты, дорог –смех, не шутовство» можно понять, что Абай хотел исправить негативные проявления характера молодежи, в среде которой проживал сам. Актуальность статьи в том, что автор пытаеться подчеркнуть важность пропоганды Абая в воспитании подрастающего поколения в целях сохранения национального кода, расширения горизонтов национального сознания.

Ключевые слова: воспитание, характер, искусство, ум, семья, наследие, пример;

Abstract

The purpose of this article is to make sure that the work of Abay Kunanbayev and the issues raised by Elbasy Nursultan Nazarbayev in the article "Look to the future: modernization of public consciousness" are in complete harmony and unity. Analyzing the poem "Dzhigits, roads-laughter, not buffoonery", it can be understood that Abay wanted to correct the negative manifestations of the character of the youth in whose environment he lived. The relevance of the article is that the author tries to emphasize the importance of Abai propaganda in the education of the younger generation in order to preserve the national code, expand the horizons of national consciousness.

Keywords: education, character, art, mind, family, heritage, example;











ЖИ арқылы жасау
31 Желтоқсан 2020
1064
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі