400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

«Жыр – менің жалғыз тарланым!» (Ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған поэзия сағаты)

Материал туралы қысқаша түсінік
қосымша білім беру педагогтері, сынып жетекшілер, үйірме жетекшілері, сынып сағаты, әдебиет
Материалдың қысқаша нұсқасы

«Жыр – менің жалғыз тарланым!»

(Ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған поэзия сағаты)


Поэзия сағатының мақсаты:

  1. Фариза Оңғарсынованың өмірімен таныстыру, ақын шығармаларының идеялық-

көркемдік мазмұнын ашу.

  1. Өлеңді мәнерлеп оқу дағдырарын жетілдіру;

  1. Талантты тұлғаның қайталанбас қасиеттерін оқушылар арасында насихаттау;

Оқушыларды өмірді сүюге, поэзияны сүюге баулу.


Көрнекілігі: ақын портреті, арнайы слайдтар, ақын шығармаларының жинағы.


Тақырыптық слайдтар:

  1. «Жыр менің жалғыз тарланым!» (сабақтың мақсаты мен бөлімдері)

  2. «Қазақтың ақын қызы - Фариза» (өмірбаяны, қызметі, шығармалар жинағы)

  3. «Замандастар көзімен» (Фариза туралы)

  4. «Фариза» деп жырлайды жүрегіміз (Фаризаға арналған өлең-жырлар)


Поэзия сағатының бөлімдері:

1-бөлім «Қыз болып ойнамадым қуыршақпен...»

(Фариза Оңғарсынованың өмірбаянынан мәліметтер).

2-бөлім «Өлең, мен сені аялап өтем!»

(Ақын шығармашылығына шолу).

3-бөлім «Қазақтың осы қызы алабөтен»

(Фариза туралы естеліктер).


Поэзия сағатының барысы:

Kөnip болып жалғасқанмен  келешекке

Жіңішке қыздың жолы не десек те.

Тумаппын жаман ер боп тым құрыса

Қалпағын кейбіреудің жұлып алып.


                                   Фариза Оңғарсынова


І БӨЛІМ «Қыз болып ойнамадым қуыршақпен...»

(Фариза Оңғарсынованың өмірбаянынан мәліметтер).


Мұғалім: Фариза Оңғарсынова есімін естігенде жыр сүйер қауымның елең етпей қалғаны болған емес. Поэзияға келумен оның көркемдік әлемінен ойып алудың арасы жер мен көктей. Мұның біріншісі – бірталай қаламгерлердің еншісі болғанымен, екіншісі – сирек те болса шынайы таланттардың заңды ырыс-несібесі, ақындық тағдыры сыйлайтын бәсіре-бағы, өзіне тиесілі сыбағасы.  Фариза ақынның поэзиялық-көркемдік әлеміне мейлінше  ден қойғаныңды, өте-мөте сүйетіндігіңді бүгіп қалу еш мүмкін емес. Фариза ақынның мына бір жырына көз жіберсек:     

Жыр –

                      Менің жалғыз тарланым,

                      Аялап өтер ардағым,

                      Талықсып атар таңдарым

                      Айымдай жалқы арман үн,- дейді.

Фариза Оңғарсынова өзінің қауырсын қаламымен ақ жүрегін өлеңмен, кісілік келбетін әлдеқашан түгендеген ақынның бipi.


№ 1 слайд «Жыр менің жалғыз тарланым!» (сабақтың мақсаты мен бөлімдері)


Мұғалім: Ф.Оңғарсынова «Өзім туралы»

Қыз болып ойнамадым қуыршақпен,

Ерке еді мінезім де де қыңырсоқтау.

Тайқитын дөкей деген балалар да,

«Бұл шатақ шығарады, ұрынсақ» деп.

Қыздардай білмедім мен қылымсуды,

Доп қудым балаларша трусимен.

«Осыным өзгелерден бөлектеу» деп

Сонда да аяулы ана қызық сүйген.

Сондағы бала мінез, қайсар қылық,

Көрмеген мені ешкімнен тайсандырып.

... болдым да саған ғашық ойда жоқта

Менде бір пайда болды байсалдылық.


№ 2 слайд «Қазақтың ақын қызы - Фариза» (өмірбаяны, қызметі, жинақтары)


Сұхбат: Фариза Оңғарсынова:

«Әдебиетке келуіме біздің үйдің қайғысы себеп болды»

– Туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз. Ата-анаңыз қандай жандар еді? Отбасында қанша бала өстіңіздер?

– Туған жерім Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысының ортасында жатқан Нарын құмының ішінде. Әкем Оңғарсын – қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған, оқыған, елге қадірлі болған адам. Анам Халима арабша хат танитын, он баланы дүниеге әкелген, өле­-өлгенше бес уақыт намазы мен оразасын қаза жібермеген, ауыз әдебиетін жақсы білетін кісі еді. Балаларының біразы жас­тай қайтыс болған, мен ең кішісі едім. Әкем есімде жоқ, менің кішкене кезімде жүрегі ауырып қайтыс болған. Анам бертінірек, 1970 ­жылдары дүниеден өтті.

– Атыңызды Фариза деп кім қойды? Сол ат қою оқиғасын еске алсаңыз.

– Әкем балық шаруашылығында басшы қызметкер болғандықтан, біздің үйіміз Каспий теңізінің жағалауындағы Манаш ауылына көшіп келіпті. Сол ауылда Нәсимолла деген татар молда бар екен. Әкем мен туғанда сол молданы шақыртып, өзі мінетін Бозжорға деп аталатын атын беріп, менің есімімді қоюды сұрапты. Фариза – «бірегей» деген сөз екен.

– Сіздің балалық шағыңыз соғыс жылдарына тап келді. Сол кезеңге ойша саяхат жасасаңыз, қандай оқиғалар еске түседі?

– Менің өскен жерім – сусыз, тері сүйреткендей тақыр аймақ, себебі, асты тұнған байлық – мұнай, газ болғандықтан жердің бетінде көк шөп шықпайды. Каспий теңізі тартылып бара жатыр. Су жоқ. Бала күнімнен ауыл адамдарының ішетін су іздеп, жағатын отын іздеп, тыным көрмейтін мазасыз тірліктерін көріп өстім. Өзім кішкентай болсам да соларға жаным ашитын.

– Еңбек жолыңыз қалай басталып еді? Қазақ зиялыларының көпшілігі – кешегі ауыл балалары ғой. Сол ауылдан Алматыға келу тарихыңызды білгіміз келеді...

– Атырау педагогикалық институтын бітірген соң, Балықшы ауданына қарасты (қазір ол ауданды таратып жіберген) ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істедім. Одан кейін «әдеби орта ғой» деп сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа кірдім. Ол жерде Меңдекеш Сатыбалдиев деген ақын, Тілек Дәулетов, Әміреш Жұмағалиев секілді жазушы-журналистер еңбек етеді екен. Жылдан аса жұмыс істеген соң мені Шерхан Мұртаза ағамыз өзі бас редактор болып отырған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстары бойынша меншікті тілшісі болуға шақырды. Жыл жарымдай сол жұмысты атқардым. Одан соң Алматыдағы мектеп оқушыларына арналған республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің, ке­йін «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы болып қызмет істедім. Бұл кезде менің өлеңдерім республикалық танымал газет-журналдарда басылып, ақын ретінде белгілі бола бастаған едім. Алматыға келуімнің тарихы осы.

– Ең алғашқы жазған өлеңіңіз қандай еді?

– Алғашқы жазғаным 5-сыныпта бірге оқитын бір баланы келемеж етіп шығарған сегіз жол өлең болатын. Әрине, оны өлең деп айтуға келмес. Бірақ аздап ұйқасы, ырғағы бар нәрсе болғандықтан, қасымдағы құрбыластар өлең деп қабылдапты және үйлеріне «Фариза ақын екен» деп айтып барыпты. Олардың аналары менің шешеме келіп: «Сенің кішкентайың өлең жазады екен ғой?!» – депті. Әйтеуір, не керек, сол күні мен ақынмын деген оймен ұйқыға кеткенім есімде.

– «Өлең, мен сені аялап өтем...» дейсіз. Сіздегі поэзияға ғашықтықтың түп-бастауы неде жатыр? Әдебиетке келуіңізге себеп болған жайттар бар ма? Сізді ақын еткен не күш, не құдірет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, ақындық, композиторлық ешқандай оқумен, үйренумен келмейді. Бұл екеуі де – табиғаттың беретін қасиетті сәулесі. Мен мектепке бармас бұрын мұғалім болып істейтін 22 жасар апайым ауырып қайтыс болды. Оның алдында 9-сынып оқитын ағайым да аз ғана ауырып дүние салған. Осының бәрі біздің үйге, әсіресе анама үлкен қайғы-қасірет әкелді. Мен анамды жұбатайын деп кіп-кішкентай болып «Батырлар жыры» кітабын, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырларын үйді басыма көтеріп оқи беретінмін. Сонда анам жасын тыйып, мені тыңдайтын. Кітап оқуға, әдебиетке келуіме біздің үйдегі осындай қайғы себеп болды-ау деп ойлаймын.

– Фариза апа, Сіз қазақ поэзиясына жаңа көзқарас әкелген, өн бойында өр рухтың жарқылы ойнаған, айналасында сәруар сезімнің самалы ескен ерекше әлемі бар ақынсыз. Сізді ең алғаш ерекше әсерге бөлеген қандай кітап?

– Біржан мен Сараның айтысы. Оны мен мектепке бармай тұрып оқығанмын. Аға, әпкелерім үйде көп кітап ұстайтын. Айтыс деген (атын ұмытып қалаппын) үлкен кітап болды. Құлмамбет пен Жамбылдың айтысында қызығып оқитынмын. 
Сараның (бұл айтысты Әріп ақын жазыпты деп жүр ғой біреулер) түйдек-түйдек жыр шумақтарын рахаттана оқығаннан мен алғаш рет ер-азаматтардан кем түспейтін қыздар да болады екен-ау деп таңданғанмын.

– Сіздің күйшілік те қырыңыз бар. Бірнеше өлеңдеріңізге ән жазылған.

– Музыканы жақсы көретінім рас. Мектепке бармай тұрып-ақ домбыра тарттым, кейін мандолин тартып үйрендім. Мектебіміздің домбыра оркестрінің белсенді мүшесі болатынмын. Жан-дүниеңді тебірентетін қазақтың халық әндері, одан кейінгі белгілі композиторларымыздың ғажайып әуендері қазіргі жастарға жат болып бара жатқанға ұқсайды. Қазақтың әні, күйі – керемет қазына ғой. Ал бүгінгі ән деп жазып, оларды айтып жүрген «әншілер» сарт-сұрт ырғақтан басқаны білмейді. Біз қаншама американдық немесе француз боламыз деп және соны абырой көріп тыртыңдағанымызбен, бәрібір олардай бола алмаймыз. Себебі, біз – қазақпыз. Алла Тағала жаратқан әрбір ұлт өзінің тамырын, өзегін сақтауы керек. Олай болмаса даланың қаңбағындай күй кешері сөзсіз. 

– Сіздің өміріңізде Мұқағали және оның поэзиясы қаншалықты орын алады? Оның сізге арнап жазған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» өлеңінің жазылу тарихы қандай?

– Мұқағали поэзиясының менің өміріме ерекше әсер берген кездері жоқ. Жалпы қазаққа және ақындарға Мұқағали поэзиясы қандай құнды болса, мен де сол деңгейде бағалаймын. Ал қайтыс боларының алдында ауруханада жатып «Фаризаға» деген өлеңін жазып, маған поштамен жіберген еді. Мен сол хатты алған күні Жазушылар одағының жұмсауымен халықаралық жиынға қатысу үшін Баку қаласына ұшып кеттім. Мен сол жақта жүргенде Мұқағали ақын дүние салыпты... Ал маған ақындық жолымда қатты әсер еткен – Біржан мен Сараның айтысы және Төлеген Айбергеновтың поэзиясы.

– Отбасылық өміріңіз жайлы айтып берсеңіз...

– Айбар атты ұлым бар. Келінім Анара екеуі үш перзент өсіріп отыр. Үлкендері Анита жоғары оқу орнын биыл бітірді, өзі менің бауырымда өскен болатын. Інім Асқардың баласы Алмасты екі жасында мен бауырыма басып едім, ол да үйлі-баранды азамат болды. Одан Ахметжан, Аслан, Алсу деген немерелерім бар. Бұлардан басқа жастай қайтыс болған жалғыз ағамның ұл-қыздары да өз перзенттерімдей менің айналамда. Олардың да әрқайсысы шаңырақ көтеріп, ұрпақтарын өсіріп отыр. Осының бәріне шүкіршілік айтамын.

Сұхбаттасқан: Бауыржан Қарағызұлы

ІІ БӨЛІМ «Өлең, мен сені аялап өтем!» (Ақын шығармашылығына шолу).


Мұғалім: Ақындық - киелі өнер. Өнер жолы - ауыр жол. Ақынның әлеумет алдындағы арқалар жүгі ауыр. Таң қаласың, еріксіз бойлай түсесің, ақындығына бас иесің. Ақынның сырласы да, досы да - поэзия.


Камила: Ф.Оңғарсынова «Өлең»


Дара күндерімнің,

Нала түндерімнің

Серігі болғаның үшін,

Сенімі болғаның үшін

Мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,

Біреудің жасып мұңынан,

Жүрегім сыздаған кезде,

Жаным мұздаған кезде

Мен сені аялаймын.

Біреудің күлкісін көріп,

Бақыттың түр-түсін көріп,

Шаттанып қалған шағымда,

Жеткендей арман-сағымға,

Қуаныштан дірілдеп денем,

Алдыңа күлімдеп келем.

Ажалмен айқасқан сәтте

Қыршыннан жас көз ілгенін көріп,

Өткінші сезімдерді көріп.

Кешегі «доспын» дегеннің

Минутта жерінгенін көріп,

Кімнен өш аларымды білмей,

Кімдерге кінә тағарымды білмей,

Алдыңа лапылдап келем,

Жарылуға жақындап келем.

Өмірдің өткелдерінен

Қиындық көп көргеніммен,

Өртеніп от басқаныммен,

Өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып

О баста көріскенің үшін

Өлең, мен сені аялап өтем!


Мұғалім: Туған жер! Туған дала! Туған ел! Бұл ұғымдар – ақын жырындағы ең қасиетті, ең қастерлі ерекше жалынды леппен жырланатын, асқақ шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Оның өлеңдерінің барлығы дерлік туған далаға  деген перзенттік махаббаты басқа тақырыптағы өлеңдерінің арасынан ерекшеленіп, өзге өлеңдерді өзіне көгендеп жатады.

Туған жер, туған ауыл қымбат маған,

                     Ешкімге бұл сезімді былғатпағам.

                     Мен оның өзім ғана сезінетін

                      Қacmepлi қасиетін жырлап бағам.

                     Ол жерге деген менде сезім бөлек,

                    (жатпасын келгенімде өзімді елеп!)

                     Ал оның қасиетін сезу үшін

                   Тек менің жүрегім мен көзім керек!


Аружан: Ф.Оңғарсынова «Туған жер»


Сағындым туған жердің көгал белін,
желпіген беттен сүйіп самал желін.
Асқар тау, шалқар көлің болмаса да,
көрікті-ақ көрінесің маған керім.

Елестер көз алдымда құм Нарын да,
асыр сап ойнаушы едім құмдарыңда.
Тап салған жас қияқтай туды өзіңде
жұпыны менің тұңғыш жырларым да.

Жағалау бұлдырайтын сағым ойнап,
Каспийім толқын атса балық ойнап,
қармақ сап шабағыңа, ауық-ауық
суына шомылушы ем салып ойнақ.

Соңымда қалыпты ғой сол бір күнім,
алыстан сағыныштың өрдім гүлін.
Жүректе қимасымдай сақтап келем
сол шақтың пәктігі мен мөлдірлігін.


Айлана: Ф.Оңғарсынова «Туған жер»


О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай,

Балапандай талпынып ұшамын мен.

Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін

Мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мына өмірге құштарлығым

Сені жақсы көруден басталған-ау.

Кешірме сен

Жат қылықпен жаныңды жараласам,

Бар сырымды бүкпесіз саған ашам.

Мен ел кезіп кетермін отансыздай,

Үмітіңді ақтауға жарамасам.


Нұрай: Ф.Оңғарсынова «Туған ел»


Аймалайды өпкен желі,

Нұрға оранып  көк пен жері.

Бала сағым бұлдырайды

Гүлмен ойнап бөктердегі.

Қаз-үйректің таныс әні,

Ерке өзенмен табысады

Бір-бірінен күле қашып

Ақ толқындар алысады.

Терек, қайың жымыңдасып,

Самал желмен тұр ымдасып.

Жапырақтар тербеледі

Бір-бірімен сыбырласып

Гүл жамылған өлкедегі

Бұталар да ән төгеді.

Күн шуағы аймалаған,

Елім неткен көркем еді!


Камшат: Ф.Оңғарсынова «Сағындым»


Жырымды алғаш тыңдаған

Ауылымды сағындым.

Қош айтып қол бұлғаған

Бауырымды сағындым.

Ақша бұлты жарасқан

Аспаныңды сағындым.

Қуыршақ ойнап таласқан

Достарымды сағындым.

Еркелеткен жасымнан

Ағаларды сағындым.

Мейірім төккен асыл жан –

Жан анамды сағындым.

Таң нұрымен даланың

Жайнағанын сағындым.

Әнші құстар таң әнін

Сайрағанын сағындым.

Жазғы кеште тербеткен,

Самалыңды сағындым.

Кеше ғана сенде өткен

Бала күнді сағындым.


Мұғалім: Кемел шақта адамның, басқан ізге қайта 6ip көз тастауы, туған ошаққа оралуы - заңдылық сияқты. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдері туған.

Туса да қилы-қилы басыма күн,

Осында сан қуанып тасығаным.

Әйтеуір 6ip рахат күтетіндей

Мен ылғи ошағыма асығамын.

Бұл жолдардан ағынан жарылып тұрған ақын ceзімі  байқалады.


Аяла: Ф.Оңғарсынова «Жаулықтар»


Жүргенде жанымды арбап жыр бұлағым,

Өтіпті зымыраумен сұңғыла күн.

Бүгінде армандаймын бір көруді

Анамның сыр шертіскен құрбыларын.

Ұқсайды өмір кейде түстенгенге,

Адамға оны бөгер күш берген бе?

Бір сәлем берсем-ау деп асығамын

Анамның қолынан шай ішкендерге.

Баяғы келіншектер жүзі еліктей,

Жүр ме екен әлі күнге тізе бүкпей?

Көздері сиреді ме олардың да

Анамнан қалған күміс білезіктей?..

Қою шай, тамызары шырын қаймақ,

Күлгенде жанарлардан Күн райлап.

Талықсып жалғыз аяқ, түйе сауып,

Жүретін едіңдер-ау құлын байлап.

Аялап ата-енені гүл ғып керім,

Білмедім дәл сендерше кім күткенін...

Жалғыз өз үйің емес, ертеменен

Аштыңдар бар көршінің түндіктерін.

Өсіріп ұл мен қыздың тау ғып бәрін,

Бұл күнде жүрсіңдер ме саулық та мұң?

Қорқамын көзден ұшып барады-ау деп

Сендердің ардай аппақ жаулықтарың.


Амина: Ф.Оңғарсынова «Киіз үй»

Киіз үй... көп болыпты-ау кірмегелі...

Сығалап түндігінен күн кемері.

Жаныма бір рақат әкелетін

Жұпары боз жусанның іргедегі.

Үй, дала – нәр алуға қос анамнан

Тағы да келем аттап босағаңнан.

Баяғы шаңырақ – күн сәулесіндей,

Алдымнан тағы менің тоса ма арман?

Кідірдім босағада

Төрге өтпедім.

Келгендей көмейіме жөргек демім.

Жұтыпты жүйрік ғасыр сенен жырақ

Қызыңның үкі таққан он көктемін.

От шашып жанарынан, шыдам жылап,

Белдеуде елеңдеп тұр бір арғымақ:

Бір сергіп қалсын деді-ау қайран ауыл,

Тәуекел! Азар болса тұрам құлап!

Жеңеше, шилерді ысыр, түр іргені –

Кеңітсін, кеудемді ашсын іңір желі!

Шалқиын шабыттанып жүргенімде

Тас үйдің тарлығынан түңілгелі.

Кеңістік. Білмейтіндей жасқауды құр.

Жер – киіз. Шаңырақ – көк. Жақсы-ау ғұмыр!

Шаршап ем ылғи жерге тұқыртудан

Еңсеммен сезейінші аспанды бір!


Айжан: Ф.Оңғарсынова «Оюлар»


Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!

Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.

«Келе ғой, қошақаным, өзіме» деп

әжем кеп сипағандай шашымнан жай.

Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,

Тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.

Жан бітіп жайраңдайды жан-жағымнан

Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.

Аңсаумен күнім өтті қанша менің,

Желбауда, басқұрда ма аңсау емім.

әжемнің көзіндей бұл оюларды

таба алмай дала кезіп шаршап едім.

Елестеп көз алдыма сол шақтарым,

Келгендей құлағыма аңсатқан үн.

Түрінен текеметтің көріп тұрмын

әжемнің тарамысты саусақтарын.

Шебер көп бұл заманда кілең керім,

Болмайтын ажыратып түр-өңдерін.

Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан

әжемнің оюындай, жыр-өрнегім...

болардай басқұр, өрнек маған медет,

белгісі балғын шақтың қарар жебеп.

Сүйеніп тұскиізге тұрып қаппын

Көз жазып оюлардан қалам ба деп,

Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп...


Мұғалім: Туған Отанын - Қазақстанын сүйген, оған барлық ыстық жүрегімен берілген ақын сол елдің тыныштығын, бейбіт өмірін ойдан шығара ала ма?! Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше.

Жүрек сенсің, Отаным, қоғамым да

Мейлі күлдір, күрсіндір, ора мұңға, -

Мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,

Сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да.


Сағыныш: Ф.Оңғарсынова «Қазақстан»

Тыңда, шалқар дүние, тыңда аспаным,

әлемдегі сан тілді жылдастарым!

Даңққа өрлеп, шуақты шыңға асқаным –

Шырқайды асқақ Ерліктің жыр-дастанын

Мен туған ел – сәулетті Қазақстан!

Жұлдызды сәт құшқанда шалқы, далам!

Шалқы, далам, бас исін даңқыңа адам!

Тауы – заңғар, кеңдігі – жарты ғалам,

Жер шарының көгілдір картасында

Шолпаны жарқыраған

Мен өскен ел – дәулетті Қазақстан!

Шаңырағы шыңдармен тайталасып,

Тастағанда түндігін айқара ашып,

Сығалайды Күн менен Ай таласып,

Еркіндіктің бесігі – бақытты атау

Күнге өрлеген қанатты Қазақстан!

Оймен серпіп ғасырдың мұзды ызғарын

Дана ұлдары тыңдатқан жұлдызға әнін,

Ойлап елдің түнде де күндіз қамын

Мерейі үшін халықтың кезген талай

Қиындықтың щатқалды шың-құздарын.

Мейіріммен аялап, шыңға өрлетіп,

Мақтан еткен талантты ұл-қыздарын

Қырандардың тұғыры Қазақстан!

Екпініміен еңбектің жарысқан ән,

Құлақ түріп даңқына алыс ғалам.

Достық туы желбіреп қырмандарда

Даламызда сан тағдыр – табысты адам.

Тәуелсіздік нұрымен арайланып,

Болашаққа алаңсыз ғарыштаған

Ұлы Достық отауы – Қазақстан!


Мұғалім: Солай біздер қоштастық балалықпен,

Біз күткенбіз әкені, ана күткен.

Күту қиын, адам бұны ұқпаған,

Солдат көрсем, әлі күн тұрып қалам,

Әкем емес екен деп қадалып мен... –

Ақын қыз соғыс зардабын, соғыстан оралмаған талай әкелер мен ағалардың, қыршын кеткен жастардың тағдырын айрықша бір сүйіспеншілікпен жырлайды. Әкесі мен анасын пайғамбарға теңеп, оларға деген перзенттік алғыс сезімін білдіріп, өз борышын өлеңмен өреді.


Маржан: Ф.Оңғарсынова «Перзент сөзі»


Әкем – менің тәңірім, пайғамбарым,

ұмтылатын биігім, сайран бағым.

Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,

біліп алған, япыр-ау, қайдан бәрін?!

Күшті де жоқ, дәл ондай жер бетінде,

сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!

Батыр, дана сол ғана. Асығамын

әкеме ұқсап тезірек ержетуге.

Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,

көріскенде қуаныш шашты денем.

Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,

анашымды әкемше жақсы көрем.

ол тұрғанда сезінбей қатер демін,

хандардың да қалпағын әпермедім.

Әділ шешім айтатын барлық істе

біздің үйде бас қазы- әкем менің.

Әкем барда , арқам кең, жоқ алаңым,

бәрі орнында: шаруаң, қора, малың.

Төрт жағымыз құбыла. Мен өскенде

Қиындау ау әкемдей бола аларым.


Қарақат: Ф.Оңғарсынова «Анама»


Кеудеңде мені тербеттің,

жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ер жеттім,

еңбегің бекер кетпеді.

Өмірде мынау ең жақын,

аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,

мен үшін бірақ данасың.

Мейірім төккен нұр жүзің

тұрғандай сезем жанымда.
“Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым”,

сақталды сөзің жадымда.

“Игі еңбек түбі осы-ау” дер

көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер

мәңгілік Күндей, анашым!


Мұғалім: Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры.

Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", – дейді.

Оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл - ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз - ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамының жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады.


Күншуақ: Ф.Оңғарсынова «Адам даусы»


Ей, адамзат!
Қара жерге гүл еккен,
Қара орманды күл еткен!
Тыңда менi жүрекпен!
Тыңда менi, сан жұрттар!
Кең әлемде кеуделерде тарлық бар,
тұтастық бар, қалдық бар,
бар әлемде, қара жердiң бетiнде
соғыс жайлы жарлықтар.
Дүниеде ұзын қолды үстем бар,
шарасыз бір күштер бар,
махаббат бар, құрлықтар бар, түстер бар.
Жанартау бар, жарылу бар, дүмпу бар,
Сәндi үйлерде күңкiл бар.
атпай, аспай құрту бар.

Адалдық бар, мейiрiм бар, зорлық бар,
қайратыңды қайнатады қорлықтар.
ұлылық бар, даналар бар, мұрат бар,
шың аталған қырат бар.
Бiрақ соның бәрiнен
биiк тұрған бiр күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол – нәзiктiк,
мәңгi шуақ, нұры – құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол тiрлiктiң қуаты –
ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ!

Мұғалім: Фариза Оңғарсынова қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелді. Махамбет жырларынан нәр алған ақын өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланды. Ол ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісінің арқасында бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналды.

Ерасыл: Ф.Оңғарсынова «Ақын»


Ақынның нәзік жүрегі

Самалдан тоңар гүл еді.

Халқының махаббатымен

Ақсұңқар құстай түледі.,

Ел ғана – тұғыр, тірегі.

Әділет үшін жан салып,

Алдыңда тұрса қанша алып –

Шындыққа жетпей тынбайды,

Қияметтерге қарсы ағып,

Баурайды сонда бал шабыт.

Сұлулық пенен пәктіктен

Рахат күткен, бақ күткен

Шығып кеткенше ақтық дем

Арпалысып өтер қасқайып

Күңкілмен, бұқпа сақтықпен.

Аялап туған ел, жерін,

Өнерін, тілін, ерлерін

Қастерлер көк туындай,

Аяла, халқым, суынбай

Бұхардың мұрагерлерін!


Мұғалім: Фариза ақын өлеңінде адамдардың қоғамдағы орны, борыш пен парыз, жақсылық пен жамандықтың күресі сияқты келелі мәселелерге өз көзқарасын білдіреді. Оның «Адам деген – уақыттың сыңары, заманының ұланы, шырқап салар жыр-әні, көкке өрлетсе – қыраны, аяласа – ну бағы, жерге салса – тулағы. Заманының да ұлы емес, уақытың да түк емес! Адамдарды өмір сыны жеңбесе, тіршіліктің екпініне ермесе» деген жолдарында осындай келелі ой, қоғам алдындағы борышты сезунішілік жатыр. Сондықтан да адамдар, ақын  түсінігінше «Өзіне берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріне жақсылық жасай білуі керек», - дейді.


Айым: Ф.Оңғарсынова «Жақсылық туралы жыр»


Ей, жарық күн, нұрыңды шаш далама,

Шаш нұрыңды қарттарға, жас балаға.

Ызғар сіңген жеріме шуақ керек,

Мұқтаж оған ауыл да, астана да.

Сәулеңменен себеле үміт демін,

Жер бетінен жылыссын күдіктерім.

Адамдардың сатқындық, сұмдығынан

Қалжыраған жерімді жібіт менің.

Күңгірттенбей, көтерсін шыңым басын,

Қарттарымның ұзартқын ғұмыр жасын.

Қорқыныш пен үрей жүр кеуделерде,

Қу бәрін де – соңына бұрылмасын!

Кетсін тағы шарықтап алысқа үнім,

Қонақтасын ырыс пен табыс күнім.

Ұл-қыздары көтерсін қол ұстасып,

Қазағымның елдік пен намыс туын.

Жарқырасын шуақ боп алғашқы үміт,

Жүректерді жүрекпен жалғастырып.

Адамзатқа бірлік бер, тыныштық бер –

Ынтымақтан туындар бар жақсылық!


Амина: Ф.Оңғарсынова «Оркестр»


Әлем.

Дыбыс әлемі.

Қуатты ырғақ.

Қуатты ырғақ тірлікті мұрат қылмақ.

Қай заманнан, қашаннан адамзатта

Жер атты бір-ақ құндақ.

Бір құндақта ырғақтар қақтығады,

Бөлісе алмай тірлікті – тақ-мұраны.

Жер бетінде алмасар күз, көктемдей,

Алмасады жоқтау мен шаттық әні.

Бірақ өмір – көкорай, шуақ күндер,

Жұлдызды әлем, шолпылы бұлақ, түндер.

Шақырады сағымдай өмір-өрге,

Шақырады ертеңге қуатты үндер.

Қайрат құйып жандарға ғұмыры – мұң,

Тіршілікке ұрандай жырым, үнім.

Паш етемін ұрпаққа, кең әлемге

Заманымның, елімнің ұлылығын!

Меңіреу күш соқса да тасқа жанын,

Тынбайды өмір – мәңгілік асқақ ағын.

Шырқайды адам тіршілік салтанатын,

Жеңістердің қайтадан бастап әнін!


Мұғалім: Фариза апамыздың бірқатар өлеңдері өздерің сияқты балаларға арналған. Балаларға арнап та бірнеше өлеңдер жазған екен. Ендеше соны тыңдап көрейік...


Арай: Ф.Оңғарсынова «Ұстаз»

Заводта болсаң, күнбе-күн

көрінер еді табысың.

Дәрігер болсаң, түрлі емің -

сырқаулы жанның бағы шын.

Ал сенің еңбек жемісің

өзгеше тіпті басқадан:

ол - өзін арнап ел үшін

осынау жүрген жақсы адам.

Жақсы адам - елдің тірегі,

байлығы туған халықтың,

шапағын шашар үнемі

көгінде тұрған жарық күн.

Сан жастың қамын шертесің,

тағдырын ойлап толғанып.

Әр үйдің бір-бір еркесін

үйреттің өзің қолға алып.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,

шәкіртсіз өмір - сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің

бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің,

жанымнан жалын жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің,

әр сәтің тұрған бір ерлік!



Сағи: Ф.Оңғарсынова «Достар әні»


Ақ, қарамыз, сарымыз

Тату доспыз бәріміз.

Достық жайлы ән салып,

Шырқатайық, кәне, біз.

Жүзімізге қарайық,

Бал күлкілі  баламыз.

Бізге қымбат күн шуақ,

Бізге қымбат анамыз.

Күннің нұрын сүйеміз,

Қырдың  гүлін  сүйеміз.

Ойыншықтар біздерде

Көп болғанын  қалаймыз.


Інжу: Ф.Оңғарсынова «Тәрбиеші»


Ән салғызып, билетіп,
Ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
Ойната да біледі.
Қызық-қызық ертектер
Біздерге оқып береді.
Жылауық та, тентек те
Сол апайға көнеді.
Бастап бізді далаға,
Серуенге де шығады.
Біз шомылсақ жағада
Байқап өзі тұрады.
Кішкентаймыз әлі біз,
Үлкендерге сенеміз.
Бұл тәтені бәріміз
Сыйлап, жақсы көреміз.
Естіп кейде қаламын,
Тәрбиеші апайды
"Қамқоршысы баланың"
Деп ауылда атайды.


ІІІ БӨЛІМ «Қазақтың осы қызы алабөтен» (Фариза туралы естеліктер).


№ 3 слайд «Замандастар көзімен» (Фариза туралы)


------------------------------------- дәстүрлі ән үйірмесінің оқушысы (домбырада ойнайды)

«Фаризаға» әні

Сөзін жазған: Мұқағали Мақатаев

Әнін жазған: Әбиірбек Тінәлиев


Фариза! Фаризажан, Фариза қыз!

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Біздерді де іздейтін жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Сен мені білесің бе, білесің бе?

Жаралмаған жан екем күресуге.

Жылай жүріп, өтірік күлесің де.

Жүресің де қоясың, жүресің де.

Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып

Тастағысы келеді күресінге,

Фаризажан, сен соны білесің бе?..

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп, тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің.

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяқ басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын.

…Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,

Жия бергім келеді, жия бергім.

Мандайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?

Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.

Енді қалған өмірдің құрдымында,

Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!

Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,

Көбейтсеңде қаншама мыңды-мыңға.

Айналаға қарайық анық барлап,

(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ).

Не туралы жазсақ та, Фариза ақын,

Бағыштайық бәрін де халыққа арнап…

Фариза!

Фариза ақын, Фариза қыз!

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,

Подвалдағы архивтен табылармыз…


Арнұр: Ф.Оңғарсынова «Мақатаев туралы жыр»

Бір өзі мұхит сынды жағасы арман,

Ағысы жағасына жара салған.

Толқыны тасқындаса, тау қопарып,

Жабықса, жусаннан да аласарған.

Сыздатып кеудесін жыр, таңдайын - ән,

Бетке алған сұрапылды қандай ұлан?

әйтеуір алқам-салқам жолға шықты

киелі Хантәңірінің баурайынан.

Бал күндер тақым салған тайға күрең,

Жүдек кез наны тапшы, айраны кем...

Бұрылып қош айтысты Қарасазбен,

Аршалы сайларымен, сайранымен.

Көз салды балалыққа тағы барлап,

Тұрғандай жолын таудың әні жалғап.

Алыста – көз ұшында бір ғажайып

Көгілдір әлем тұрды жанын арбап.

Сол әлем жұмақ па бір, жай ма бөтен,

Дәл сондай жер бетінде қайда мекен?

Ай мүйіз арқар ойнап, жүйрік қашып,

Күн құшқан Абайлардың жайлауы екен!

Жай ойнап жүрегі оның жауындаған,

Селдетсе – сескенердей дәуір, ғалам.

Ей, әлем! Құшағыңды аш, тербет жанын –

Келеді Қарасаздан дауыл балаң!

Қалмайсың ол дауылдан сауың да аман,

Ақын ба жыр дертімен ауырмаған!

Сұрапыл сары балаңның сарынына

Құлақ сал, жауыр далам, дауыл-далам!


Сұрақтар: «Жауабын кім біледі?»


  1. Фариза Оңғарсынова апамызды көрдіңдер ме, ол кici жайлы жазған өлеңдерді  білесіңдер ме?

  2. Фариза аламыздын қазақ қыздары жайлы жазған өлеңдерін білесіңдер ме?

  3. Сен өзіңді қандай бойжеткенмін деп ойлайсың?

  4. Тектілік деген ұғымды қалай түсінесіңдер?

  5. Фариза апамыздың өлеңдерінен ол кісінің  мінезінің қандай екенін байқадыңдар ма?

  6. Қазіргі кезде біздің  салт-дәстүріміз  өзгеріп бара жатқан жоқ па? Сіздің ойыңыз қандай?

  7. Фариза апамыз қай жылы, қай жерде дүниеге келген?

  8. Фариза ақынға қай ақын өлең арнаған?

  9. Фариза ақынның қандай ерекше қырларын білесіңдер?

    1. ақындық

    2. ұстаздық

    3. жазушылық

    4. аудармашылық (Чили ақыны Неруданың өлеңдері)


Қорытынды сөз: Қазақ поэзиясы биік шыңдарға жалғасып келеді. Мұқағалидың, Жұмекеннің, Төлегеннің, Фаризаның, т.б. жүрек сазымен жазылған қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы поэзиясы - өлмейтін поэзия.

Қорыта айтқанда, бүгінгі поэзия сағатымызды көрнекті жазушы Әкім Таразидің «Ұлы адам, үлкен адам еш уақытта «мен ұлылыққа қызмет етіп жүрмін» деп ойламайды. Ол өзімен өзі алысып әуре. Өзінен өзі күнде  жеңіліп, қиналады. Өзін өзі күнде жеңіп, қуанады. Фариза да сол адамдардьң қатарында» деген сөздерімен қорытындылағым келеді.  

Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатындығына сенеміз!

30


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
3 ұстаз жүктеп алған
20 ақпан
1597
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі