Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Кемел Тоқаев
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Мен таныған жазушы...
(Эссе)
«Кемел Тоқаев оқиғаларды ойдан шығарып,
жасанды тартыс құрып, шығарма жазған емес.
Ол қатпары көп жымысқы қоғамның тұңғиық
сырына жіті үңіліп, жүрегінен өткізіп барып,
өркештеніп отырып жазады»
Рафаэль Ниязбек
Жиырмасыншы ғасыр – тарих бетінде күллі адамзат өмірін күйреткен катаклизмдер мен қан төгістерге толы таңба болып қалды. Әсіресе, халқымыздың тағдырнамасында екінші дүнижүзілік соғыс жылдары қалдырған жараның орны әлі жазыла қойған жоқ. Ұлы Отан үшін болған майдан тек жаумен арпалысқан жанның күресі емес, бұл әр солдаттың ары мен намысының, жігері мен сенімінің де күресі еді. Майдангерлердің кеудесіне қуат бітіріп, рухының шырақшысы болған тағы бір құдіретті қару бар. Бұл атқан оқтан да қатерлі – қаламның қуаты болатын. Кескілескен күресте қаруымен бірге қаламын серік етіп әдебиет әлеміне жаңа жанр алып келген, артына өшпес аманат қалдырған ақтаңгер жазушының бірі – Кемел Тоқаев.
Соғыстан оралған әр адамның есімі - елеулі, еңбегі ерен, естеліктері -құнды. Бірақ, жазушы жанының амандығын қанағат қылып қойған жоқ. Оқ пен оттың ортасынан аман оралған оның өмірі сұрапыл соғыстан кейін де күреске толы болды. Ол тыңға түрен салып, дерек пен дәйектен тұратын детектив жанрына қалам тербеді.
Жазушы өмірі сындарлы сынаққа толы болды, жетімдіктің зардабын тартып, алапат аштық жылдарының да салқынын сезді. Кескілескен ұрыстарда талай мәрте ажалмен бетпе-бет келіп те көрді. Қайыспас қайсарлығының арқасында 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі атанып, ерлігі үшін медальдар мен марапаттарға ие болды. Бірақ оның ең үлкен жеңісі – жүрек түкпірінде тәпсірленген шындықты ұрпаққа мәңгілік мұра етіп қалдыруы деп білемін.
Меніңше, Кемел Тоқаев – өмірге жүректің көзімен қараған жазушы. Ол бір басына жетерлік тауқыметті жазып, өз өмірінің өрнектерін қағазға түсірсе де әдебиетте атын қалдырарлықтай талант иесі еді. Алайда, ол өзі жүріп өткен жолдағы қаһармандарды тани алған, олардың жан-дүниесіне ене отырып оқиғаларды шебер өрбіте білген ұлы суреткер.
Сонымен, қаламгердің туындылары үйреншікті қазақтың классикалық шығармаларынан несімен ерекшеленді?
Біріншіден, ол болған оқиғаларды боямасыз бейнелейді. Көркем әдебиетке тән әсіре сипаттау мен бұрмалаушылық оған мүлде жат. Мәселен, автордың «Солдат соғысқа кетті» атты кітабында Қызыл Армияның өшпес ерліктері туралы деректермен бөлісіп, оның ішінде танк десантының оқиғаларын бозбала жауынгердің атынан баяндайды. Неміс «фаустниктерінен» көп жапа шеккен Кеңес танкішелерінің жантүршігерлік тағдырлары мен қолданған стратегиялары осы кітапта бүкпесіз ашылған. Кітапты оқып отырып, 1943 жылдың жазында Оңтүстік майданда ерлік көрсеткен жанкештілердің бейнесі көз алдыңа келеді. Ұрыс даласында қаза болған майдандастарының ортасында қалған бозбаланың ішкі күйзелісін бойыңнан өткізесің. Жазушының мұншалық шынайы да шебер, оқырманның ойы мен жүрегін тебіренте жазуының жалғыз сыры бар. Ол - өзі де ұлы шайқастың ортасында шыңдалған солдат болуы.
Жауынгерлік жолын қазақ халқы үшін ерлік алаңына айналған Сталинград шайқасынан бастаған ол - дәуірдің өзі ұсынып тұрған тақырыптарды кейіннен қағазға түсіріп, әдебиетімізді байытты. Бір ғана "Ұясынан безген құс" атты психологиялық романның прототиптері өмірдің өзінен алынған. Ал, «Болашақ туралы ойлар» повестер мен әңгімелер жинағында тек соғыс тақырыбы ғана емес, қазақтың құқық қорғау қызметкерлерінің өміріндегі шытырман оқиғалар да кездеседі.
Ол әдебиетке ғана емес, ұлттық баспасөзге де үлес қосқан қаламгер. Оның жазған мақалалары қазақ публицистиканың қазынасына айналса, кітаптары – жасөспірімдерге арналған әдебиетіміздің қоржынын молайтты. Қара сөздің сардары «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазып, дарынды драматург екенін де дәлелдеген болатын.
Жазушының қай шығармасында болмасын қазақы рухтың асқақтығы айқын көрініп тұрады. Бұған қоса, Кемел Тоқаевтың жазу стилінен – постмодернизм кезеңіндегі шетел жазушыларының шиеленіске толы оқиғалардан тұратын туындыларына тән жаңашылдықтың лебі еседі. «Сарғабанда болған оқиға» атты детектив жанрында жазылған кең тынысты шығармада – милициялар мен тергеуші мамандардың жұмбақ жағдайды зерттеп, кәсібилігін танытуы баян етілген. Шығарма әлемді мойындатқан әрі әлі де оқырманын жоғалтпаған Шерлок Холмстың шытырман оқиғаларынан асып түсетінін мойындау керек. Осы тұста бір өзекті мәселені қозғап өткім келеді. Ізгі қоғамның іргетасы – кітапқа құштар, білімді ұрпақтан қаланса керек. Сондықтан жастарымыз - адамдық пен адалдыққа, отаншылдық рухқа баулитын жазушымыздың кітаптарымен таныс болып өссе деймін. Дегенмен, Кемел Тоқаев шығармаларының насихатталуы кем екенін де байқадым. Мәселен, қаламгердің есімі мен шығармашылығы мектеп бағдарламасында қамтылмаған. Ал шет елдік бестселлерге құмар жастар даңқты жазушының есімін білсе де, оқырмандарға оның еңбектері қолжетімсіз болып шықты. Бұл ақпарат ғасырында өмір сүретін біздің қоғам үшін үлкен сын. Автордың шығармалыры жаңа дизайнмен қайта басылып, оқырманмен қайта табысуы керек. Егер әр қазақ баласы Кемел атамыздың шығармаларымен шыңдалып, бойына азаматтық рухты сіңіріп өссе – келешегіміздің де кемел болары сөзсіз.
«Қаламмен жазғанды - қанжармен өшіре алмайсың» дейді дана халқымыз. Кемел Тоқаев – шығармаларымен күллі ғасырдың жүгін арқалаған жазушы. Қаруымен Отанын қорғап, қаламымен оқырманын қуантқан тау тұлғаның есімі – ел жүрегінде мәңгі жатталуға тиіс!