Материалдар / Көккесене - тарихи орын

Көккесене - тарихи орын

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұғалімнің зерттеу жұмысы
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
10 Желтоқсан 2020
762
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Көккесене- тарихи орын.

Көгілдір  көк күмбезімен, ерекше   сұлулығы,  тұтас әсемдігімен  шебер  тұрғызылған бұл кесене кезінде  көргендердің  көзінің  жауын  алған. Ғимарат Айша  бибі, Алаша және Жошы хан күмбездерімен ұқсас, көркемдік нақыштарымен  үндес болған. Шыңылтырланған ақ сылақ пен көк сылақ, өзге де бояуларымен әрленген, төрт құбыласы сай өрнектер пропорция құраған. Осы жайлы орыс ориенталисі Е.Шмидт «Қырғыз даласының очерктерінде» тамсана баяндаған. Хиуа тағында 1645-1663 жылдары отырған  тарихшы Әбілғазы Баһадүр хан  өзінің 1661 жылы жазып шыққан, «Түрікмен  шежіресі» кітабында осы  мавзолей  жайлы алғашқы болып мәлімет берген. Заманына сай жеткілікті білім алған, араб, парсы, түркі тілдерін меңгерген, көп елді аралаған төл тарихшының осы еңбегін академик Х.Френ «Шығыстану ғылымының даңқын шығаратын үлкен іс» деп бағалаған.

Қазақ Совет энциклопедиясында төмендегіше жолдар  бар. «Оғыз – қыпшақ заманында (XI ғ) Сырдария жағасына (Қызылорда обл) Төменарық станциясының Солтүстік батысында тұрғызылған сәулетті күмбез. Көк кесене Мамыш бектің (алып Мамыш, Алпамыс) жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршын) қабіріне салжұқ – Хорезмшах заманы сәулет өнері үлгісімен (биік  мұнаралы)  салынған. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қалаған. Көк кесене Қарахан мазарына өте ұқсас. Қазір бұл тамаша ескерткіш түгел дерлік бұзылған. Көк кесенеге таяу жерде Баршын сұлудың әкімшілік құрған астанасы Баршын кенттің құлаған орны бар. (А, 1995, 6-т. 11-б). Сәулет өнерінің осы айтулы ғимаратының ертеден бар екендігін Балх қаласынан шыққан мұсылман әлемінің ірі ғалымы, кезінде саяхаттап Мауереннахр аймағын аралаған Махмуд ибн Вали өзінің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» атты еңбегінде «Большими городами (Туркестана) которые при Чингисхане были центрами его, являются Келуран, Каракорум, Кок кашене и Дашт и Кипчак» деп жазыпты («История Казахстана в персидских источниках»  V- том, А 2007 стр. 300). Ойраттардың қазақ жеріне алғашқы шабуылы заманында да Көк кесене мавзолейі жазба тарихта аталып өткен. Өзбекстан ғылым академиясының архив  қорында сақталған, Б.Ахмедовтің орысша аудармасындағы Масуд  Кухистанидың «Тарих-и Абу-л-хайр-хани» шығармасында Уз-Тимур-тайшы  әскерлері мен Әбілхайыр хан сарбаздарының соғысы алдындағы кездесуі (1457ж) жайлы төмендегіше хатқа түскен. «Когда дошли до местечка Дуржи Кутли Кийат в Нур-Тукайе, что рядом с Кок – Кашене перед ними, подобно горе, предстояло вражеское войско» («История Казахстана в  персидских источниках», V-т, А 2007, 238 стр). Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, Перовск уезінің бастығы полковник В.Каллаур 1901 жылы жазда Көк кесенені келіп, зерттеген. Ол толтырған 2 желтоқсандағы  №6 хаттамаға қарағанда кесене күмбезінің ішкі жағында айнала жазылған арабша жазбаларды кеңсе қызметкері Жайлыбаев көшіріп алған, фототаспаны А.Уткин түсірген. Каллаурдың айтуынша, ғимараттың артқы бөлігінде сағана болған, еденнен төмен түсер ауызғы жағы тасқа толып бітеліп қалған. Сағана үстінен мұсылман әулиелерінің мазарларына тән жасаулы құлпытас орнатылыпты. Каллаур анықтамаларынан ұғылатыны мавзолейді шашылған қыштан, қоқыстан тазартушы құлпытас орнатып ту қоюшы бұл жерде «Көк кесене ата» аты берілетін жаңа әулие орнын ашуға ойы бар, Сығанақ шырақшысы болса керек деп түсінік келтірілген. Каллаур зерттеулері кезеңінен бері көптеген ғалымдар мен өзге зерттеушілердің Көк кесене туралы еңбектері мен мақалалары жарық көргені мәлім. Осы жолдардың авторы да 2002-жылдың тамыз айында Қожамберді ауылындағы ақ, көк шеңгел, жыңғыл мен жантақ араласқан, тырбық бұталар арасындағы биіктігі – 2 метр, үстіңгі диаметрі – 10 метр, конус тәріздес төбешік болған ғимараттың орнын көруге арнайы барған. Ғимарат төбешігіне деңгейлес теріскей – батыс бетте өзара 10-15 м қашықтықта бір түзу бойында үш төбешік орналасқан екен. Соңғы төбенің бөгетке ұқсатарлық ұзындығы 150 метрге жуық, құйрығы одан әрі еңіске созылыпты. Бұл төбешіктер қайсыбір зерттеушілер пайымдағандай ғимараттар орны емес, кезінде кірпіштер, әшекейлі «изразецьтер» мен сырлы бояулар дайындайтын қосалқы құрылыс – өндірістік нысандар болғанын болжауға болады.

Көргеніміз бен түйгеніміз жайлы аудандық газеттің сол жылғы №42 санында «Қаратаудан көрінген Көк кесене» тақырыбында мақаламыз жарық көрген. Көк кесенеге таяу деуге болмас, әйтсе де археолог – ғалымдар Сырдария ауданы Қоғалы ауылының оңтүстік шығысында 4-5 км жерде Баршын кенттің орны болғанын сөз етеді. Қала орны жыңғыл, сексеуіл басқан аумағы шығысынан батысқа қарай бір, солтүстігінен оңтүстігіне қарай – 1,5 шақырымды құраған. Ондағы 1-төбе диаметрі – 200 м, биіктігі – 2 м, 2-төбе диаметрі – 300 м, биіктігі – 2,5, 3-төбенің биіктігі – 3 м, диаметрі – 300 м, 4-төбе диаметрі – 500 м, биіктігі 5 метр болғанын анықталған. Осы қала орнының археологиялық деректері XIII-XV ғасырлардағы адам өмірі нақты тіршіліктерін айғақтаған болса, моңғолдар шабуылынан бұрынғы замандардағы тыныс-тіршілік белгілері көмескі екен. Осы тұста қала орнының Баршын атымен аталуының басталу кезеңі жайлы сөз етуді кейінге қалдыра тұрайық. ҚСЭ-да (А, 1973, 2-т) төмендегіше мәліметтер бар. «Абулғазының көрсетуінше, оның Баршын аталуы Оғыз еліне даңқы жайылған жеті қыздың бірі Гүлбаршынның атымен байланысты. Гүлбаршын Қармыс байдың қызы, Мамыш бектің жұбайы, қабірі Сырдың жағасында, Көк кешен (Көккесене) деген атпен белгілі (Абулғазы, Түркімен шежіресі) осы дерек бойынша қазақтар Баршын кентті «Қызқала» деп келген және Баршынның атымен байланысты өзге де тарихи-географиялық атауларды есінде сақтаған. (Баршындария, Баршынкөл) Оның үстіне Баршын сұлу мен Алып Мамышқа арнап жыр шығарып (Алпамыс) ғасырлар бойы жырлап келген (176 б). Орайында ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан атамызға да сөз берейік: «Алпамыс» жырының ескі сюжеті мен құрылысы берік сақталған эпосты айтып қалыптастыруда ұйытқы болған оғыз елінен тарап шыққан қоңыраттар. Олар екі жерді қоныс етіп қалған. Бірі – Сырдария өңірі оғыздардың ескі жұрты, екіншісі – Жиделі-Байсын Амударияның бойы, Сыртқы оғыздардың мекені. Ерте дәуірдегі оғыздар, олардан кейін шыққан қоңыраттар жаз бойы Сарыарқаны, Торғай, Тобыл, Жайық бойын жайлап, қысқа қарай жылы жаққа, Сырдың, Амудария алқабына барып қыстайтын болған. Шайбани заманынан бері қарай солтүстікке көше алмай Амудария бойын қоныстанып қалды». («Ежелгі жыр, аңыздар», А 1985, 181-б) Қоңыраттар жайлы аз да болса, түсінік үшін қазақ халқының этногенезін зерттеуші филология ғылымдарының докторы Ә.Қоңыратбаев ағамыздың «Көне мәдениет жазбалары» кітабынан үзінді келтірейік. «Қазақ этногенезін құраған кәрі тайпаларының бірі – қоңырат (Қай, Қият). Қоңыраттар Орта Азияда Афрасияб кезінен бері тұрған. Олардың «Мыңдық» аталатын бөлігі (Әму, Байсын) өзбек этногенезін жасайды. Қият, Қайы Анатолия түріктері арасында да бар» (А, 1991, 141-б). «Алпамыс» жырының алғашқы сюжеті қайсы замандарда, қайсы өңірде бастау алған, болмыстағы басты оқиғалары қалай өрбіп, қалай аяқталғаны жайлы соңғы 25 жылдан аса мерзімде түрлі дереккөздері арқылы зерттеулер жүргізген едік. Нәтижесінде, «Алпамыс» батыр жырының тарихи – этникалық тегі («Ақиқат» ұлттық қоғамдық саяси журналы А, 2011 №5, 77-82 бб), «Деректер тоғысындағы тарихи шындық» («Айқын» газеті, №180 10.2013) «Алпамыс батыр» жыры, аңыз бен ақиқат («Сыр бойы» №68-69, 17.V.2014), «Алпамыс патриоттық көркем эпос» («Әлімсақ» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы, №7 (64), №8 (65)2014),  «Айғақ» газеті,  №27,  №28, №29,  2015) мақалаларымызды жарияладық. Жасыратыны жоқ, бірқатар филолог ғалымдар өз еңбектерінде Алпамыс – Гүлбаршын заманын кейінгі ғасырларға теліп сөз етеді. Басты қателік «Алпамыс батыр» эпосы сюжеттерін сол көне дәуірдегі тарихи оқиғаларымен байланыстыра, үйлестіре зерделемеушіліктен туындаған дейміз. Осындай қате тұжырымдарға жол берушілік себептерін, көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев оларға қатысты дереккөздерімен әдиебеттерді іздеп тауып, оқымаушылығынан болатынан айтып, өткір сынға алған еді. (Ә.Қоңыратбаев, I-том, А 2004, 513-515 бб). Әсте, Алпамыс батырды жауықтырған қалмақ елі емес. Қалмақтардың ата – тегі ойраттар XV ғасырдың алғашқы жартысында Тогон және оның ұлы Эсэн кезінде ғана халық ретінде белгілі болып қалыптасқандығы тарихтан белгілі. Шындығында, эпос сюжеті желісіне төмендегіше тарихи оқиғалар әсер еткен. Түркі қағанатындағы билікке 651-жылы Істенмэн Жабғының ұрпағы Бөрішадтың баласы Халлығ келеді. Тарих құжаттарында Қойлы (Қойлық) аталған ол, өзін Ышбара қаған деп жариялап, ордасын Талас өзенінің оңтүстігіндегі Мыңбұлаққа қондырады. Осы қаған «Он оқ тайпасы» көсемі ретінде шүршіттерге қарсы кеңінен соғыс жүргізіп, 652 – жылы Бесбалықты қайтарады және Тинчжоу бекінісін талқандайды. Осы жағдайлар Тай-Цзун (Эпоста Тайшық хан) императордың мұрагері Геоцзун кезінде қытайлар жағынан шұғыл қарсы соғыс қимылдарының жүргізілуіне соқтырады. Қытай сарбаздары 654 жылы түрік елі жерлеріне шабуыл жасап, далалық жерлердегі 10 мыңнан аса жылқыларды айдап әкетеді. Алпамыстың Гүлбаршынға үйленіп, әкесі Байбөрінің оған ұрысатыны осы кез болса керек. Өз өмірінің ұзақ жылдарын түркі халықтарының тарихын зерттеуге жұмсаған ғұлама ғалым, академик  Л.Гумилев сол кезең жайлы төмендегіше жазған: «Сосын Ышбара хан тылына алаң болмай таңдаулы жасағын Амудария бойынан Іле өзенінің алқабына әкеледі де, империя әскерінің ілгері жылжуын біржолата тоқтатады.» (Көне түріктер. А, 1993. 239 б). Алайда шекаралық аймақтағы Мише мен Бучжен аталған ағамандар бас болған түркілік тайпалар шүршіттермен одақтас болады. Қарсы беттегі бауырластарынан жаулық күтпеген түрік қағандығы әскерлерінен ағамандары мен тархандарынан 200 кісі қапыда тұтқынға түседі. (Шүршіттермен одақ құрған олармен шекаралас түркі тайпалары басшылары «Алпамыс батыр» эпосында қасына 40 қыз ерткен мыстан кемпір ретінде жырланады).

Түркі әскерлері 658 жылы Эбинор көлі және Куча жанында біржолата жеңіліс табады. Әйтседе, оңтүстіктегі оғыз тайпалары 656  жылы-ақ қытайлықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне шығады. Қарсылық қозғалысына 657 жылдан Ышбара қағанның қарындасы, Қазан салор алыптың әйелі Бисуду (ұзын бойлы Бөрлі сұлу) немесе «Түркімен шежіресінде» сөз болатын бектік қылған 7 қыздың бірі Сүндунбайдың қызы Алтын Гөздекі басшылық жасайды. Оның қасында Қармыш байдың қызы Мамыш бектің әйелі Баршын салор (Гүлбаршын), Қайы байдың қызы Жауылдыр – Бала алыптың әйелі Шабаты және Әбілғазы кітабында аттары көрсетілмеген төрт қыз болады. Алайда күші басым жау қолымен 662 жыл соңында болған соғыста қыздар бастаған әскерлер жеңіледі. Аттары жүйрік болған қыздар қашып құтылады. Сол жылғы арқада болған қатты суықтан қытай әскерлері де көп шығынға ұшырайды. (Л.Гумилев, Көне түріктер, А, 1993). Осы оқиғалардан соң, елдер арасында тыныштық орнап, қытай жағынан тұтқындыларға рақымшылық жасалады. Тұтқында болған 7 жылдан соң, Алпамыс батырдың Түркістан қаласы маңындағы Шаға өзені жағасындағы Жиделі қаласына оралатыны жайлы жырда толығынан көркем суреттелген. Сондай-ақ археолог ғалымдар зерттеу жүргізіп (К.Акишев, К.Байпақов, Л.Ерзакович, Древний Отрар, А.1972) VII –X ғасырларда жасаған деп тапқан, жанынан мол сулы бұлақ ағатын Баршын деп атаған төбесі де  бар, Жиделі қаласына келер алдында, жылқы бағып жүрген Тортай ағасына кездесіп, Алпамыстың өзара өлеңмен жауаптасқанында Қарахантау оронимі бірнеше рет айтылады. Осы оронимді жеке сөздерге жіктеп талдағанда шығатын қара Хан тау сөз тіркесінде қазіргі Кентау қаласының шығысындағы Хантағы аталған елді мекен жері нұсқалған дейміз. Қытайлықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған жеті қыздың сарбаздарды ұйымдастыру, басқару орталығы ретінде 656-657 жылдары Баршынкент қаласы орыны таңдалғаны анық. Осы  орынның «Мыңқалаға» және Хорезмге баратын күре жолдар қиылысында болуы және Гүлбаршынның төркін – жұртының (салор тайпасы құрамында болған кете-шөмекей рулары арғы аталары) сол өңірді мекендеуі де әсер етсе керек. Қытай сарбаздары Іле бойы, Шу өзені алаптары арқылы ізбе-із қуғындағандай жағдайда, ертеде өткен  Томирис апалары айла-әдісіне салып, қыздар оларды Бетбақдала шөлінде немесе Қызылқұмда адастырып кетуді ойластырғаны да сөзсіз. Бай – Бурабек ұлына Бәмсі – Бейрек деп ат қойған Қорқыт атаның заманын 300 жылдай кейінгі ғасырларға жатқызатын авторлар назарына нақты тарихи деректегі айғақтарды алға тартқымыз келеді. Әбілғазының «Түркімен шежіресі» кітабы мәліметтерінде абыздың әкесі Қайы тайпасынан шыққан Қара қожа, шешесі қыпшақ қызы екендігі айтылады. Данагөй абыз Қайы Инал ханның, інілері Дуйлы – Қайы және Көл Еркінің, Инал ханның баласы Тұманның ақылгөй уәзірі болыпты. Түрік қағанатының батыстағы билеушісі Устенмәннің шөбересі Нәліханның тайпалар қақтығысы кезінде 601 жылы қазаланғаны тарихта жазылып қалған. Оның қытай қызы Сян-ши атты әйелінен туған Тұман өте жас қалған. Әдепкіде Нәлі ханның інісі Дуйлы – Қайы, ол қазаланған соң немере  ағасы Көл тардуш Шад уақытша хан міндеттерін атқарыпты. Рашид-ад-Дин жазып алған әпсана бойынша да Қорқыт Ата инал Сар Ябғухан, Дойлы, Көл-Еркі хандардың ақылшы уәзірі болыпты. Мұхаммед Пайғамбардың замандасы ұлы абыз, Инал ханның кенже ұлына Тұман атын беріпті. Ғұлама ғалым Л.Гумилев Нәлі хан қазаланғаннан соңғы кез жайлы төмендегіше жазған: «Нәлі ханның інісі Басытегін өзінің енші аймағы Бұқарды көнбестігімен сақтап қалғысы келеді, қаза тапқан ағасынан қалған жеңгесін қытай қызы Сян Шиді әменгерлік жолмен алған Басы (қытайша Поши) сол әйелімен Қытайға келеді, бірақ бұл жерде ұсталады (604ж). Батыс түріктің ханы ақырында Нәлі ханның балауса ұлы Тұман (қытайша Дамань) болып шығады». («Көне түріктер»,  А, 1993).

Мұсылмандық діні жерімізде жеткілікті қанат жаймаған кезеңде өмірден өткен, әйтседе халық есінде сақталған Қорқыт абыз бен Гүлбаршынның бейіттері басына күмбездері орнатылуына қаражат пен күш жұмсап жанашырлық танытқандар кімдер болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Осы сұрақтар  төңірегінде айтылар сөз. Үстенмән Жабғы әскерлері соңында 555-556 жылдары аймағымызға келіп қоныстанған, негізінен қайы тайпасынан құралған халық (ғұндар қонысының солтүстік өңіріндегілер) тарих  деректерінде 10- ғасырға дейін  елеулі  көші –қон  қозғалысына түспеген. Тек, осы өңірден шыққан, Саманилер әулетінің Хорасандағы әскери басшысы болған Алыптегін, одан әрі 15 жылдан соң Қаратау, Сығанақ өңірін жайлаған руластары мен мұсылман дінін уағыздаған дін таратушыларын соңына ерткен Себуктегін Сырдың төменгі ағысы арқылы Хорезм өлкесіне өтіп, 977 жылы Ғазнауи сұлтандығының негізін қалағаны мәлім. Ғұлама ғалым, академик  Ә.Марғұлан төмендегіше жазған: «XI ғасырдың 20 жылдары Сыр бойындағы оғыздардың көпшілігі Амудария жағасындағы қоныстанып отырған қалың оғыз ортасына барып қосылады. Пікірімізше, Қармақшы ауданындағы монотейстік «Тәңірі діні» дәуірінде  жерленген Қорқыт мүрдесі бейіті Себуктегін билігі кезеңінде 977-997 жылдары мұсылмандық үрдісінде қайта жерленсе, Гүлбаршын мүрдесі бейіті басына тұрғызылған Көккесене мовзолейі 1017-1030 жылдары шамасында Махмуд Газневи ықпалымен тұрғызылған дейміз.

Қазірде Қожамберді ауылы тұсында жергілікті тұрғындар күшімен  «Гүлбаршын  ана»  стелласы  және Қожамберді батыр баба ескеткіші бой  көтерді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен Қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені  түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды» – деп жазылған Аксиомаға айналған осы сөздер, ұлттық мәдениетіміздің сақталып, одан әрі өркендеуіне жол ашатынына сенімділік тудырады.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ