Квест ойындары арқылы балалардың сөйлеу тілін дамыту

Тақырып бойынша 31 материал табылды

Квест ойындары арқылы балалардың сөйлеу тілін дамыту

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада мектепке дейінгі ұйымдарда квест ойындарын қолдану арқылы балалардың сөйлеу тілін дамыту қарастырылады. Квест технологиясы ойын және зерттеу әрекетін біріктіріп, баланың белсенділігін, шығармашылық қабілетін және тілдік коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Материалдың қысқаша нұсқасы

КВЕСТ ОЙЫНДАРЫ АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ

Қаликешова Асира Тоқтарқызы

Аннотация: Мақалада мектепке дейінгі ұйымдарда квест ойындарын қолдану арқылы балалардың сөйлеу тілін дамыту мәселесі қарастырылады. Квест технологиясы ойын және зерттеу әрекеттерін біріктіріп, баланың белсенділігін, шығармашылық қабілетін және тілдік коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Балалардың сөздік қорын байытуға, байланыстырып сөйлеу қабілетін жетілдіруге және өз ойын еркін білдіру дағдыларын қалыптастыруға оң әсер еткенін көрсетеді.

Тірек ұғымдар: квест ойындары, сөйлеу тілі, ойын технологиясы, коммуникативтік құзыреттілік, эксперименттік жұмыс, педагогикалық инновация.Начало формы


Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасындағы балалардың коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде әртүрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды қарастырады [1].

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында балалардың сөйлеу әрекетін дамытуда ойын, жобалау және зерттеу әдістерін қолдану оның ішінде квест элементтері енгізілуі ұсынылады.

Сөйлеуді дамыту тұрғысынан квест ойындары бірнеше маңызды функцияны орындайды. Біріншіден, мотивациялық функция - ойын сюжеті мен тапсырмалары баланың қызығушылығын арттырып, табиғи тілдік белсенділікті тудырады. Екіншіден, танымдық функция - бала жаңа ұғымдарды меңгеріп, оларды сөйлеу барысында қолдануға дағдыланады. Үшіншіден, коммуникативтік функция - топтық әрекет кезінде балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, тілдік мәдениетті қалыптастырады. Төртіншіден, тәрбиелік функция - квест ойындары арқылы баланың жауапкершілік, ынтымақтастық, өз ойын еркін жеткізе білу қасиеттері дамиды.

Сөйлеу тілінің даму деңгейі баланың ойлау жүйесіне, оқу әрекетіне дайындығына және әлеуметтік бейімделуіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тілін дамытудың тиімді әдістерін іздеу - педагогикалық ғылымның өзекті мәселесі болып отыр. Соңғы жылдары білім беру саласында балалардың сөйлеу тілін дамытуға арналған инновациялық технологияларды қолдану кеңінен қолға алынуда. Солардың бірі – квест ойындары. Квест ойындары – ойындық іс-әрекеттің заманауи түрі, балалардың қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытатын, сонымен қатар қарым-қатынас пен сөйлеу әрекетіне белсенді түрде тартатын әдіс. Мұндай ойындар балалардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, сөйлеу тілін дамытудың табиғи ортасын құрады [2].

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту, олардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Себебі сөйлеу тілі - тұлғаның танымдық әрекетінің негізі, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасаудың басты құралы. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тіл дамыту жұмысында квест ойындарын қолданудың педагогикалық мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыда негіздеу - бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Педагогикадағы «квест-технологиясын» оқу үрдісіне қолдану ХХ ғасырдың аяғынан бастап белсенді дамыды. Квест технологиясының мәні - белгілі бір сюжеттік бағыттағы тапсырмалар жүйесі арқылы баланың танымдық ізденісін және сөйлеу белсенділігін дамыту.

Квест - ағылшын тілінен аударғанда «іздеу» немесе «оқиға» дегенді білдіреді. Кез келген оқиғаны іске асыруда іздену арқылы жүзеге асыратын ойын, тапсырмалар. Квест ойынына қатысқан ойыншы бала практикалық тапсырмалар арқылы белгілі бір мақсатқа жетеді. Жалпы мағынада бұл ұғым кез келген кедергілерді жеңу арқылы мақсатқа жетуді көздейтін сюжетті білдіреді. Мұнда бала мақсатқа жету үшін сұрақтарға жауап береді, диалогқа түседі, логикалық шешім табады. Квест ойынының құрылымында мотивациялық, ізденістік, әрекеттік және рефлексивтік кезеңдер бар. Әр кезеңде сөйлеу әрекетінің барлық түрлері - тыңдау, түсіну, жауап беру, әңгімелеу және байланыстырып сөйлеу іске қосылады. Бұл процесте педагог тілдік үлгі, бағыттаушы және серіктес рөлін атқарады [3].Конец формы

Сөйлеу тілі - адамның қоршаған ортамен қарым-қатынас құралы және ойды жеткізудің негізгі формасы. Мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тілінің дамуы олардың психологиялық дамуының барлық жақтарымен байланысты. Баланың сөздік қорының байлығы, грамматикалық құрылымдарды меңгеруі, байланыстырып сөйлеу қабілеті оның интеллектуалдық деңгейін, танымдық белсенділігін айқындайды. Балалардың сөйлеу тілін, логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін және топтық жұмыс дағдыларын дамытуда квест ойындардын пайдалану тиімді [4].

Квест ойындарының ерекшеліктері: мақсатқа бағыттылық - ойын барысында балалар тапсырмаларды орындап, белгілі бір мақсатқа жетеді (мысалы, «қазына табу», «жасырын хатты табу»). Сюжет пен рөлдер - әр бала белгілі бір кейіпкердің рөлін атқарады (ізкесуші, саяхатшы, ғалым т.б.). Деңгейлік тапсырмалар - тапсырмалар кезең-кезеңмен қиындайды, әр деңгей өткен сайын балалар жаңа білім мен тәжірибе алады. Іздеу және зерттеу әрекеті - балалар берілген белгілер арқылы қажетті нысанды, жауапты немесе затты табады. Командалық өзара әрекет - ұжымдастық пен бір-біріне көмек көрсету қалыптасады. Квест ойындарының түрлері:

  1. «Сиқырлы әріптер әлемі» - әр тапсырмада әріптер арқылы сөз құрап, жасырын суретті табу.

  2. «Қазына іздеу» - балабақша ауласында немесе топ бөлмесінде жасырылған хаттар мен белгілер арқылы қазынаға жету.

  3. «Табиғаттың достары»-экологиялық бағыттағы квест, өсімдіктер мен жануарлар туралы жұмбақтар мен тапсырмалар.

  4. «Ертегілер еліне саяхат» - әр кезеңде белгілі бір ертегі кейіпкерінің тапсырмасын орындау.

  5. «Зерттеушілер сапары» - қарапайым зерттеу жүргізу арқылы сөйлеу тілін дамыту.

Квест ойынының атауы. «Сиқырлы әріптер әлемі» квест-ойыны.

Мақсаты: Балалардың дыбыстар мен әріптерді ажырату, сөз құрау және дұрыс айту дағдыларын дамыту.

Қажетті құралдар: әріп жазылған карточкалар, конверттер, суреттер, сиқырлы таяқша.

Кезеңдері: Кіріспе: Тәрбиеші «Сиқырлы елдің ханшайымы» рөлінде балаларға хат береді: «Біздің әлемдегі әріптер жоғалып кетті, көмектесіңдер!»

І кезең: «Дыбысты тап» - балалар берілген суреттегі сөздің алғашқы дыбысын анықтайды.

ІІ кезең: «Сөз құра» -табылған әріптерден жаңа сөздер жасайды.

ІІІ кезең: «Құпия қорап» - қораптағы затты сипап, оның атын табады.

Қорытынды: Барлық тапсырманы орындаған соң «Әріптер елі» балаларға алғыс айтады.

Нәтижесінде: балалар әріп пен дыбысты таниды, байланыстырып сөйлеу дағдылары дамиды.

Квест ойынының атауы: «Сиқырлы сөздер еліне саяхат». Ересек топ.

Мақсаты: Балалардың сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеу мен тыңдалым дағдыларын дамыту, топпен әрекеттесу арқылы тілдік белсенділікті арттыру.

Міндеттері:

- балалардың заттар мен құбылыстарды сипаттау, салыстыру қабілеттерін жетілдіру.

- сөйлем құрау барысында сын есімдер мен етістіктерді дұрыс қолдануға үйрету.

- бірлескен тапсырмалар арқылы тыңдау, сұрақ қою және жауап беру дағдыларын қалыптастыру.

Қолданылған инновациялық формат: «Интерактивті QR-квест» – квест кезеңдері цифрлық элементтермен (планшет, интерактивті тақта немесе телефон арқылы QR-код оқу) біріктірілген.
Әр QR-кодты ашқанда балаларға бейнежазба немесе дыбыстық тапсырма шығады.

Квест ойынының атауы: «Зерттеушілер сапары»

Мақсаты: балалардың сөйлеу тілін дамыту, зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыру, және логикалық ойлау мен танымдық белсенділігін арттыру.

Қатысушылар: Ересек топ балалары.

Заттық дамытушы орта: суретті карточкалар (жануарлар, заттар, табиғат құбылыстары). Дыбыстық белгілер (әріптер жазылған дөңгелектер). Кішкентай колба, мұз, жылы су, т.б. (тәжірибе үшін). Интерактивті құрылғы немесе ойыншық-робот.

Ойынның құрылымы мен кезеңдері:

1. Кіріспе бөлім – «Зерттеу сапарына шақыру»

Тәрбиеші: Балалар, бүгін біз «Жас зерттеушілер» боламыз! Табиғаттың құпияларын ашып, түрлі тапсырмаларды орындаймыз. Әр тапсырмадан кейін бізге «сөйлеуші белгілер» беріледі. Соңында оларды біріктірсек, жасырын сөз шығады!

Мақсат: қызығушылықты ояту, тақырыпты таныстыру.

2. Негізгі бөлім – «Зерттеу станциялары»

Ойын 3–4 станциядан тұрады:

1-станция: «Дыбыстар әлемі»

Тапсырма: суреттегі заттардың атауын айтып, олардың басқы дыбысын табу.

  • Мысалы: алма, арба, аю → дыбыс [А].

  • Дыбысты анық айтқандарға «сөйлеуші белгі» беріледі.

2-станция: «Сөз шеберлері»

  • Балаларға сурет карталары ұсынылады.

  • Тапсырма: 3–4 сөзден тұратын сөйлем құрау.

  • Мысалы: «Күн жарқырап тұр», «Құстар ұшып кетті».

3-станция: «Табиғатты зерттейміз»

  • Тәжірибелік тапсырма: судың қандай күйге енетінін көрсету (мұз, бу, су).

  • Балалар өз ойларын сөзбен жеткізеді.

4-станция: «Сөйлеуші робот» (интерактивті тапсырма)

  • Тәрбиеші балаларға жұмбақтар оқиды, жауап дұрыс болса - роботтың дауысы арқылы мақтау шығады.

3. Қорытынды бөлім - «Сөйлеуші сөздің сыры»

Балалар барлық белгілерді біріктіріп, жасырылған сөзді табады (мысалы: «тіл», «сөйлеу»). Балалар бір-бірлеріне мадақтау айтып, өздерінің жұмыстарының нәтижелерін әңгімелеп береді.

Тәрбиеші қорытындылайды: бүгін сендер нағыз зерттеушілер болдыңдар! Зерттеу мен сөйлеу - екеуі де адамды ақылды етеді.

Бұл квест ойынын ойнау барысында балалар жаңа ұғымдармен, табиғат құбылыстарының атауларымен, іс-әрекет сөздерімен танысты. Бұл олардың белсенді және енжар сөздік қорын кеңейтті, сөздерді мағынасына қарай дұрыс қолдануға үйренді және сөздік қоры молая түседі. Байланыстырып сөйлеу дағдысының дамуында квесттегі диалогтар мен тапсырмалар балаларды өз ойын жүйелі жеткізуге, сөйлем құрауға, логикалық тізбектілік сақтауға баулиды. Нәтижесінде монологтық және диалогтық сөйлеу дағдылары жетіледі [4].

Дыбыстық мәдениет пен фонематикалық естудің қалыптасуында «Дыбыстар әлемі» секілді станцияларда балалар әр дыбысты анық айтуға, сөздің дыбыстық құрамын ажыратуға жаттығады. Бұл дұрыс артикуляция мен дыбыс мәдениетінің дамуына әсер етеді. Коммуникативтік белсенділіктің артуына тікелей ықпал етті. Топпен жұмыс, пікір алмасу, ортақ шешім қабылдау кезінде балалар өзара тыңдай білу, сұрақ қою, жауап беру, диалогке түсу мәдениетін меңгереді. Ойлау мен елестету қабілетінің дамуына квесттің зерттеу және модельдеу элементтері балалардың ойлау икемділігін, қиялын, себеп-салдар байланысын түсінуін арттырады - бұл сөйлеудің мазмұндық жағын байытады. Квест-ойын арқылы баланың лексикалық, грамматикалық және фонематикалық қабілеттері дамиды; сөйлеу белсенділігі, тілдік сенімділігі артады; бала өз ойын еркін, дәйекті және түсінікті түрде жеткізе алады [5].

Ойымызды қорытындылай келе, тәжірибелік жұмыстар барысында квест ойындарының балалардың сөйлеуін дамытуда ерекше рөл атқаратыны анықталды. Олар балалардың сөздік қорын байытып қана қоймай, диалогтық және монологтық сөйлеуін дамытты, фонетикалық дағдыларын түзеді, сөйлеуге деген қызығушылығын арттырды. Квест ойындарын жүйелі түрде қолдану – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тіл дамыту жұмысын жетілдірудің тиімді жолы.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. – Астана: 2022.

  2. Ошкина А.А. “Квест-игра как культурная практика…” 2018.

  3. Баймұратова Б.Б, Баймұратова Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшеліктері. — Алматы: Мектеп, 1970

  4. Шевалье А.Ю. “Квест-игра как форма организации образовательной деятельности дошкольников”. 2025.

  5. Жиенбаева С.Н «Мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тіліндегі дыбыстық қалыптасудың ерекшеліктері» // KazNPU. Арнаулы педагогика бюллетені, 2022 (мақала)



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
21.10.2025
65
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі