жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
М. Әуезовтің «Шатқалаң» әңгімесіндегі омонимдес қосымшалардың мағыналық сипаты
Кулсейтова А.К.
И.Ф. Халипов атындағы №1 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
М. Әуезовтің «Шатқалаң» әңгімесіндегі омонимдес қосымшалардың мағыналық сипаты
Бір түбірден кемінде екі сөз тудыратын, дыбысталуы бірдей, мағынасы мен қызметі басқа-басқа аффикстер (жұрнақтар) омонимдес аффикстер деп аталады.
К. Аханов «Грамматика теориясының негіздері» атты оқу құралында омонимдес қосымшалардың қатарына, түркі тілінде, соның ішінде қазақ тілінде, етістіктен есім сөз (көбінесе зат есім) тудыратын -қ (-ық, -ік) аффиксін жатқызады. Сол сияқты -с (-ыс, -іс) жұрнағын (Біржан мен Сараның айтысы; Ақанмен айтысты), -т (-ыт, -іт) жұрнағын (құмарт, кеңіт; іркіт, сырқат; қуант, жинат), -н (-ын, -ін) жұрнағын (шегін, талпын; толқын, боран, түйін); -қы (-кі, -ғы, -гі) жұрнақтарын (сүзгі, бұрғы; күлдіргі, жинақы; кешкі, түнгі; сырғы, атқы) көрсетеді. Сонымен қатар -ғыш (-гіш, -қыш, -кіш) жұрнағын (ілгіш, қысқыш; көргіш, білгіш) омонимдес жұрнақтар деп атайды. [3. 126.]
Ал, А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі (морфология)» оқулығында омонимдес жұрнақтар деп мыналарды көрсетеді.
-шы, (-ші): атшы, түйеші, тігінші; жаншы, өрші, дөңбекші; байқашы, аяшы; келші, келсінші; бармақшы, келмекші.
-қ (-ық, -ік, -ақ, -ек) жұрнағы: қазық, бұйрық, сұрақ; артық, бөлек, сирек, жалтақ, селтек; кешік, ашық, кезік; жабық, қызық.
Осындай омонимдес жұрнақтардың қатарына -ын (-ін, -н), -ыт (іт, -т), -ыл (-іл, -л), -с (-ыс, -іс), -лық (-лік, -дық, -дік) т.б. жұрнақтарды жатқызады. [2. 84.]
Жазушы шығармасы тілінде кездесетін мына омонимдес қосымшалар қарастырылды: -шы, (-ші), -қ (-ық, -ік, -ақ, -ек), -лық (-лік, -дық, -дік), -ғы (-гі, -қы, -кі), -у. Бұл қосымшалардың қаламгердің «Шатқалаң» әңгімесінде қолданылу деңгейі қандай дейтін болсақ, оны төмендегі тілдік деректер арқылы айқындауға болады.
Әңгімеде омонимдік сипат сөзжасам қосымшасы мен сөзтүрленім қосымшалары арасында кеңінен орын алған. Омонимдес -қ (-ық, -ік, -ақ, -ек) қосымшасы мынадай жағдайларда қолданылған.
Заттық мағынада: Түпсіз тұңғиық қараңғылықтың ішінде біртүрлі бір, жабысқақ дымқыл салқын түн сызымен бірге, әлденеше көгеріп базданған шірік исі де білінеді. [1. 66.] Тесік екінші жаққа шығып қапты. [1. 66.] Сол жағында есік болу керек еді. [1. 66.] Одан әрі үлкен тесік – үңгір. [1. 67.] Маңындағы тақтай ма, сырық па бірдемелерді тарс-тарс еткізіп қаға құлағанда өз дабырынан өзі шошыды. [1. 67.] Бұл есік ашық. Жабығы, бұның аржағындағы есік болатын. [1. 68.] Төменіректе, кеудесінің тұсында алты атардың жалғыз көзі де осы саңылаудан сығалап тұр еді, бір күшті дене сыртқы есікті сықырлата басып тұрып, сол сырт жағындағы бастырығын алды. [1. 69.] Айтақ, айтақ, – деген болды. [1. 71.] Бұл жолы қасқырда жазық жоқ еді. [1. 72.] Сары адырға қарай айдап шығып, ерікке қоймай қуып жетіп, құр қол күйінде үзеңгі бауын ағытып алып, ұрып жығып қалған еді. [1. 72.] Жатқан жері баздың ішіне түсетін есікке жақын еді. [1. 72.] Апыр-топыр бір ойнақ. [1. 72.] Енді ояна беріп жаңағы әбігерді есітті де ақырын сүйретіле кеп, сыртқы есікке ілінді. [1. 72.] Қаужаңдап жүріп, бір үлкен сырғауылдың сынығын әкеп, сыртынан оны да бастырық қып есікті мықтап тіреп жауып қойды. [1. 72.] Аттарынан түсе сала бір-бір сынық сырық тауып терезеге келісті. [1. 73.] Мойны қашықтан шығып, тер басып келген емендей қатқан сұлу тор жорға ат сумаң етіп шыға келді. [1. 75.] Бізге бір тілдессе, жөн-жосығымызды есітсе, содан барып біз колхозға кірсек дейміз. [1. 78.] Әлде тәңір бұйрығы әкелді ме, қайта өзіме? [1. 79.] Бәрі жан-жақтан қамап тұрып, Шәлтікке тағы да бірнеше сұрақ берді. [1. 80.] Сыртынан бағанағы сынық сырықпен тіреу салды. [1. 80.] Берді енді қалжақты қойып, бұлармен түзу сөйлесе бастап: [1. 82.] Барлық келуші бар, Қасен бар, бәрі де орта есіктің тұсындағы төбесі ашық қашарға жақындап келді. [1. 84.] Дәметкен күндегі машығымен қосақтағы қойдың төр жағына түсіп үш қойды сауып болып, енді ақ ешкінің біріне қарай жылжып келіп, желінін ұстай беріп еді, шошып кетті. [1. 85.] Жаппақ түгілі сезікке алғанда да мүлде қарсымын, – деді. [1. 90.] Ендігі дабырдың бәрін Самат тоқтатып, тез-тез, қатты-қатты бұйрық етті. [1. 94.] Көп сезіктерін, күдігін ірікпестен айтады. [1. 95.] Сот бірнеше машықты сұрақтар бере-бере кеп ақыры осы, жаңағы айтқан Қатпа сөзі мен оның алдында бұл айтқан ақпардың барлығын өз қолымен протокол қылып жазып шықты. [1. 96.] Айша мынаның мына сұрақ, мына қылығының бәрін енді ғана ойлай бастады. [1. 97.] Міне, тап жауының бір ұшығы осында. [1. 89.]
Сындық мағынада: Өз демінен бөлек дыбыс білінбейді. [1. 67.] Еден орнындағы сирек тақтайлардың бірі екен. [1. 67.] Бұл есік ашық. [1. 68.] Бекінуі берік. [1. 68.] Үнсіздік ортасында тастай суық, зілдей ауыр ашу айқайы, қатал айқай саңқ етті. [1. 70.] Ажымды сұрғылт жүзді, бурыл сақал, имек шал Шәлтік, өткен түн таң алдында осы базда жалғыз жатқан жерінен шошып оянды. [1. 71.] Талды өзектің түні суық келеді. [1. 71.] Бойын бір тоқтатып алса да енді сергек жатыр еді. [1. 72.] Есік алдына көйлек-дамбалшаң келген Қатпа, арық шұбар бетінің барлығына ұйқы ұялап тұрған күйде бір көзі жұмулы, бір көзін сығырайта ашып, бұны танып, сирағын қасып тұрды. [1. 73.] Аттарынан түсе сала бір-бір сынық сырық тауып терезеге келісті. [1. 73.] Қараса терезе сынық. [1. 73.] Түсі суық, бір жат жандар. [1. 76.] – Жәркенің жесірін көзі тірісінде сасық Алтыбай алғанын көріп пе ең? [1. 79.] Сыртынан бағанағы сынық сырықпен тіреу салды. [1. 80.] Жаңа келген адам болса да, осы көпке қайырымы, қабағы бөлек анау Самат еді. [1. 80.] Бірақ бұл әншейін, дарымайтын құрғақ сөз. [1. 81.] Бұл ферманың газет оқитын көзі ашық, жиынға барғыш сергек жұмыскерінің бірі Берді еді. [1. 83.] Барлық келуші бар, Қасен бар, бәрі де орта есіктің тұсындағы төбесі ашық қашарға жақындап келді. [1. 84.] Өзің қызық екенсің-ау... [1. 89.] Ол Саматпен нық таныс, қымбат бағалы ферманың барлық ісінен толық хабардар еді. [1. 91.] Бірақ түрлері бұзық. [1. 92.] Мынау адам көрмеген апат, қаза осындай мықты, берік топтың ісі. [1. 96.] Үні нық, байлауы берік, екі сөзге келетін емес. [1. 102.]
Омонимдік сипатты қазақ тіліндегі есім тудыратын -у жұрнағы мен етістік категориясына жататын қимыл есімнің -у жұрнағын да көруге болады. Мысалы есім тудырушылық қабілетін төмендегі сөйлемдерден анық аңғаруға болады:
Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр [1. 66.]. Сонау биіктегі кішкене сәуле, терезе болмыс қазір басқа жаққа аунап кеткен сияқты [1. 66.]. Сонда да көзі саңылауға қадалуда еді [1. 69.]. Сол байлауын шешпестен тәуір еститін оң жақ құлағының тұсындағы сеңсеңін тымақтың ішіне қарай жымырып тұрып, басын олай-бұлай бұрып құлағын анда-мұнда төсеген болды [1. 71.]. Сол-ақ екен, анау-мынауды қойып, өз басының ендігі ерлігін қаңтара тұрып, колхозға қарай салып еді [1. 72.]. Екі қасқырды баз ішіне байлап сап келдім, – дей беріп еді, анау аяғын тыңдамады [1. 73.]. Жолшыбай «қамаулы қасқыр» дегенді естігеннен кейін анау екеуі басқа ешнәрсені сұраған жоқ [1. 73.]. Әсіресе биіктеу келген түзу біткен мұрын мұның дөңгелек бетінің жарастығын, келісімін толықтырып тұрған тәрізді [1. 75.]. Құлайғыр тағы тепсініп кеп, Шәлтікті ызғарлы үнмен тергеу алды [1. 76.]. – Жоқ шырағым, мен өткіліктен өтіп, сонау Қытайдан текке келгем жоқ [1. 79.]. – Мен мынау шал әкеммен ашығып қайыр тілеп жүріп, ақыры міне колхоздан пана таптым [1. 79.]. Жаңа келген адам болса да, осы көпке қайырымы, қабағы бөлек анау Самат еді [1. 80.]. Сыртынан бағанағы сынық сырықпен тіреу салды [1. 80.]. – Қолыңмен колхоздың жұмысын істеп, басыңды ұмытып кетпе, басыңмен оқу біл, білім ал, көзіңді аш дейді ғой Самат [1. 82.]. Маған келген қаза ғой мынау [1. 86.]. Аяжан әлдеқалай байлау жасаудан аулақ сөйледі [1. 92.]. – Уа, тілеуің берсін... [1. 94.]. Қорытынды да, байлау да сол, осылар тегіс тезінен ұсталып, тергеуге алыну керек, – деген [1. 96.]. Содан босана салысымен тұтанған ашу, уланған оймен өлімге басын нық байлап ап бағанағы мылтықты іздеген еді [1. 98.]. Істеріңіз тергеуге алынды [1. 99.]. Мынау бандылар істеген кешегі іс туралы ол мені соттатыпты, – деді [1. 101.]. Үні нық, байлауы берік, екі сөзге келетін емес [1. 102.].
Ал мына сөйлемдерде етістіктің қимыл есімі категориясын жасаушы тұлға ретінде көрініс тапқан. Мысалы, Айша осыдан аз бұрын осы баз ішінде өз ықтиярымен өзі қозғалуға жарайтын күйге жеткенде басына жарым бостандық алғандай шүкірлік етіп еді [1. 67.]. Енді алты атардан құр оқ шығару ғана емес, жауын жайратуға да жарайтындай [1. 68.]. Және тың тыңдауға құлағын да кептей берді [1. 69.]. Бекінуі берік [1. 68.]. Сонда да көзі саңылауға қадалуда еді [1. 69.]. Ендігі қозғалысында алысу ниеті емес, жығылған, сөнгеннің белгісі бар [1. 70.]. Бұл екіленуінің себебі: жасындағы бір ісі есіне түскен еді [1. 72.]. Келгендердің бет-пішіні жат болудан басқа, тақымдарына қыстырып алған мылтықтары да бар екен [1. 75.]. Кейбір қойдың маңырауы дәл бірдеме туралы қадағалап жабысып, жауап тілеп, сұрақ беріп тұрған маңырау сияқты [1. 84.]. Әр бұрыш, әр қорадан бірінен бірі іліп әкетіп жатқан амандасу әні сияқты көп қой-ешкілердің маңырауы басталды [1. 84.]. Әйелдер есі шығып, шын шошынып, күйінуден зар қақсады [1. 85.]. Қасен бір ауыз сөз сұрауға жарамай, бар пәленің зор көлемін бір-ақ түсініп, салмағына шыдамай белі майысып кеткендей боп жерге шөгіп, жүресінен отыра қалды [1. 86.]. Басын қос қолдап ұстап, жас балаша еңіреумен отыр [1. 87.]. – Бұл іске айыпты кісілер колхоздың өзінде болмау керек [1. 91.]. Аяжан әлдеқалай байлау жасаудан аулақ сөйледі [1. 92.]. Мұнымен ұстасу да қиын ғой [1. 92.]. Қорытынды да, байлау да сол, осылар тегіс тезінен ұсталып, тергеуге алыну керек, – деген [1. 96.]. Содан, мұнымен істесуге жаңадан ғана басқа жақтан келген жас тергеуші Мұрат деген жігіт бар еді, соны шақыртып алды [1. 96.]. Аяғында Самат фермасында қойлар қаза табу, сол арқылы Қасен, Саматқа жауыздық жасау – барлығы да біріккен ақылдың ісі екен [1. 103.]. Қатпаның Айшаға мылтық беруі Сүгірдің сұрауынан туған [1. 103.]. Осы ақыл, қарекеттің барлығы жалғыз бұл іс емес, бұдан көп бұрын әсіресе көп колхозшыны откочевник қып, тентірету тұсында Қатпа, Сүгір, Садыров боп отырып нық байласқан әдіс, тәсілдер еді [1. 103.]. Сүгірдің бұл үшінші келуі болатын [1. 103.].
Қазақ тілінде омонимдес қосымшалардың қолданылу шеңбері мен саны жағынан молырақ кездесетіні -шы, -ші қосымшасы: 1) бейімділік, мамандық, кәсіпке байланысты, адамға қатысты зат атауларын тудырады: балықшы, етікші, қуғыншы т.б; 2) заттық ұғымның белгілі бір қимылын білдіретін сөздер тудырады: жан-шы, аунақ-шы, дөңбек-ші т.б; 3) бұйрық рай (үш жақта да) тұлғасына жалғанып, тілек, жалыну мәнін білдіреді: кел-ші, бар-шы, келейін-ші, барсын-шы, барсаң-шы: 4) қимылдың мақсаттық мәнінің тиянақты түрде жүзеге асатындығын білдіреді: бармақ-шы, келмек-ші.
М. Әуезовтің «Шатқалаң» әңгімесінде аталмыш қосымша мынадай мағыналарда кездесті:
1) Бейімділік, мамандық, кәсіпке байланысты, адамға қатысты зат атауларын тудырады, жалпы заттық мағынада: Жей ғой мә, мына менің қатқан ...ді, – деп арт жағын өрмекшінің артындай боп дүңкиіп тұрған көн шалбарының бұтын салдырлата қағып-қағып қалды. [1. 72.] Осымен тағы бір-екі есікке түртініп жүріп, аяғы екі колхозшыны тұрғызып ертіп келді. [1. 73.] Бейсенбай мен Садық еді, пішенші бригадасынан. [1. 73.] Колхозшы шал аштан өлсін деп пе еді? [1. 74.] Бақташы бар ма, боталысы нешеу? [1. 78.] Өзімдей еңбекші бейнетқордан теңімді таптым. [1. 79.] Оның қасына бірінші ферманың ең үлкен қырықтықшысы ударник Аяжан да келе жатқан. [1. 81.] Осылардый боп мезгілімен тұрған сауыншы, қырықтықшы қатындар, малға баратын шабандар да әр үйден шығып, жалғыз-жалғыз созылып сол қашарға таман беттеп келе жатыр еді. [1. 81.] Осы ақыл, қарекеттің барлығы жалғыз бұл іс емес, бұдан көп бұрын әсіресе көп колхозшыны откочевник қып, тентірету тұсында Қатпа, Сүгір, Садыров боп отырып нық байласқан әдіс, тәсілдер еді. [1. 83.] Қарашы тіпті қалай-қалай сөйлейді, біздің колхозшы қатындар! – деп Берді шын сүйсінеді. [1. 83.] Жайшылықтағы сауыншы әйелдің көбі осы кезде сол қырықтыққа ауысып жүр еді. [1. 85.] Екінші, кеңес өзінің колхозшы батырағына сенеді. [1. 88.] Енді Самат, Сатай мен Бердіге түйені қарауды тапсырып, бүгінгі күзеттің бәрін тамам сауыншы, қырықтықшы қатындар алды. [1. 94.] Түйеге жоқшы белгіленгенмен Самат сол өздері аттанған жаудың алдынан түйені де табармыз деп сенген еді. [1. 94.] Қасеннің пышағы Айшаның жотасынан қадала бергенде, Самат жан ұшырғандай атып кеп пышақты қолға жармасып, Айшаның қазасына арашашы болды. [1. 98.]
2) Ал мына сөйлемдерде -ушы, -уші құранды қосымшалы сөздердің құрамында келіп қимылдық мағынада жұмсалып тұр.
Белінен қасқыр аттаса тұра алмай қалады деуші еді. [1. 73.] – Жалғызбын, жалғыз емей, өзім қарауылшықпын, мені кім бағушы еді?.. [1. 77.] Кім болушы еді? [1. 77.] Айша сол сыр қайнатушы маман әйелдің бірі болған еді де. [1. 84.] – Қатпа Айшаны ылғи жесірім-жесірім деуші еді. [1. 92.] Бірақ Шәлтік телефон сырын білмеуші еді. [1. 93.] Содан, мұнымен істесуге жаңадан ғана басқа жақтан келген жас тергеуші Мұрат деген жігіт бар еді, соны шақыртып алды. [1. 96.] – Айналайын-ай, бәсе, сен жау болушы ма едің?.. [1. 98.] Соның артынан баз ішіне Қатпа бастаған үш милиция және тергеуші Мұрат кіріп-кіріп келісті. [1. 99.] Алғаш кездескенде Қатпаның бойында берерлік мылтық болмай, артынан осы тәсілмен әйел ата білуші ме еді, Сүгір содан алсын, – деп жіберген еді. [1. 103.]
3) Төмендегі сөйлемдерде бұйрық рай тұлғасына жалғанып, сұрау, тілек, жалыну мәнін білдіреді.– «Баршы, бар деп» қолды-аяққа тұрғызбады Қатпа. [1. 75.] Бассаңшы аяғыңды. [1. 80.] Қарашы тіпті қалай-қалай сөйлейді, біздің колхозшы қатындар! – деп Берді шын сүйсінеді. [1. 83.] – Жаным, айтсаңшы енді білгеніңді, – деп Саматтың шыдамы таусыла бастады. [1. 89.] – Бері ап келші бермен, – деп Дәметкен жұлқынып кеп винтовканың бірін мойнына салып алды. [1. 94.] Мені қолды-аяққа тұрғызбай, баршы-баршы, – деп осы базға түнделетіп айдап жіберген сен едің-ау. [1. 102.]
Омонимдес қосымшалардың бірі -лық (-лік, -дық, -дік) жұрнақтары. Ол қосымша мына сөйлемдерде негізгі, туынды түбірлерге жалғанып есім мағынасында жұмсалған. Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. [1. 66.] Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі. [1. 66.] Айша осыдан аз бұрын осы баз ішінде өз ықтиярымен өзі қозғалуға жарайтын күйге жеткенде басына жарым бостандық алғандай шүкірлік етіп еді. [1. 67.] Бағанағы қатаң беріктік енді алас ұрған дегбірсіздікке басты [1. 69.] Барлық ақыл, сезімі ешнәрсені болжатпастай боп соққан, тұтқиылдан шыққан алай-түлей құйын ішіне түсіп кеткендей болды. [1. 69.] Үнсіздік ортасында тастай суық, зілдей ауыр ашу айқайы, қатал айқай саңқ етті. [1. 70.] Күн шығар-шықпаста Шәлтік даурығып кеп бастықтың орынбасары Қатпаның есігін қақты... [1. 72.] Есік алдына көйлек-дамбалшаң келген Қатпа, арық шұбар бетінің барлығына ұйқы ұялап тұрған күйде бір көзі жұмулы, бір көзін сығырайта ашып, бұны танып, сирағын қасып тұрды. [1. 73.] Бастық бұйырды деп айдып жіберген. [1. 73.] Әсіресе биіктеу келген түзу біткен мұрын мұның дөңгелек бетінің жарастығын, келісімін толықтырып тұрған тәрізді. [1. 75.] Батыр-ау, не сұмдық? [1. 75.] Шәлтік енді бір тыныс алғандай боп, кішкене қиялдап әңгімені бейбітшілікке, әншейінге айналдырғысы келгендей болды. [1. 76.] Анау жирен байталға мін де колхозыңның бастығы бар ғой?.. [1. 78.] Жайшылықтағы сауыншы әйелдің көбі осы кезде сол қырықтыққа ауысып жүр еді. [1. 85.] – Жаным-ау не сұмдық? [1. 85.] Мынаны көр, – десіп, бәрі де әр жерден, өздері өз болып көрмеген сұмдық бір қаскөйліктің ізін тауып жатыр. [1. 85.] Қаза көрген қой, ешкінің бәрі қазірде ерекше бір жауыз-зұлымдықтың айғағы боп белдері бүкшиіп, жүндері үрпиіп анда-санда жалынғандай маңырай түсіп бөлек тұр. [1. 87.] Самат біраз үндемей тұрып, жаңағы сияқты сөздердің бәрін де тыңдап-танып алып, ақыры өзі барып, барлық қой, ешкі, қошқарлардың жараларын көрді. [1. 87.] Большевиктік қырағылығың қайда? [1. 89.] – Қасен өйтіп құрбандық ететін кісі емес. [1. 90.] Мен жауаптылық қарызымды ұмытпаймын. [1. 90.] Сөйлескен, аудан орталығында кеңесі бар әскери киімді, ер пішінді, кесек денелі жігіт Паншин еді. [1. 91.] Бірақ іштегі ойдың тынышсыздық толқыны күшті еді. [1. 91.] – Немене? Не болды? – дегенде, шал орындыққа отырар-отырмастан: [1. 92.] Аралық станциялардан Паншин кеңсесін сұрап, құлағы сол жақта тұр. [1. 93.] Дәл осы секундте далада, базға жап-жақын жерде көп мылтық түн тыныштығын қақ жарып батыр-бұтыр етті... [1. 99.] Оның қазіргі түсінігі өзге көпшіліктің бәрінен озған бір ерекше қырағылық сияқтанды. [1. 101.] Сол сәтте Айшаға да өз жайының барлық бүгінгі қорлық азабы ап-айқын боп ашыла кеткен еді. [1. 101.] Садыровтың ұсталуы Сүгір мен Қатпа ісіне көп анықтық кіргізді. 103 Аяғында Самат фермасында қойлар қаза табу, сол арқылы Қасен, Саматқа жауыздық жасау – барлығы да біріккен ақылдың ісі екен. [1. 103.]
Ал мына сөйлемдерде етістіктің есімше категориясының қосымшасынан кейін жалғанып, қимылдық мағынада қолданылып тұр. Ақшыл сарғылт бетінде күнге күйгендік пен араласқан жұқалау қызыл бар. [1. 75.] Енді бәрібір не де болса қыларлық айла жоқ. [1. 76.] – Қасен жабылмайды, өйткені бас бұзарлыққа жол берілмейді, жолдас... [1. 90.] Колхозшылар тегіс бір кеудеден «ойпыр-ай, не дейді?» – дегендей жағасын ұстарлық сұмдық естігендей гу етісті. [1. 101.] Алғаш кездескенде Қатпаның бойында берерлік мылтық болмай, артынан осы тәсілмен әйел ата білуші ме еді, Сүгір содан алсын, – деп жіберген еді. [1. 103.]
Қазақ тілінде -ыс, -іс, -с жұрнағы да жалғанған сөзінен омонимдес сөздер тудырады. Екі тақтайдың бойын баспай, басы айналған бетінде аяғын қуысқа қарай басыпты. [1. 67.] Бәсе, мен де адамның баласы едім ғой... – деп жүрегі орнына түскендей боп, аз тыныс алып, алты атарды көкірегіне басып отырып қалды. [1. 68.] Шәлтік енді бір тыныс алғандай боп, кішкене қиялдап әңгімені бейбітшілікке, әншейінге айналдырғысы келгендей болды. [1. 76.] Баяғы туысым бір деген ниетпен келіп ем. [1. 80.] Қой, осы анаған барайын, – деп, қой фермасының қонысына қарай, Саматқа қарай беттеп жорта жөнелді. [1. 80.] Колхоздың көп табысының бірі сүт болғандықтан, мұның қойы екі сауылады. [1. 85.] Өзгелер, жалпы барлық ферма сияқты әлі күнге «не болады?» деген дағдарыста еді. [1. 92.] Қалған сөздерді өзге атыс, алыста бұ да естіген жоқ. [1. 95.] Сондықтан араларында байланыс, қатынас нық еді. [1. 95.] Бұл сөйлемдерде аталмыш омонимдес аффикс түбір етістікке жалғану арқылы заттық мағынада жұмсалса, мына сөйлемдердегі қарас, жүріс, шығыс, келіс, т.б. сөздерінің құрамында қимыл есімнің қызметінде жұмсалып тұр. Үңіліп ішке қарасты. [1. 73.] Жүрісі бос жүріс болмапты. [1. 79.] Әкесін Сүгір алып шығысымен Айша тағы да айналасын сипалап, әлгіде қолынан түсіріп алған алты атарын іздеген. [1. 96.] – Е, масқара шелей, бұларың қай тұрыс?.. [1. 100.] Енді амалсыздан атының жүрісін бәсеңдетті. [1. 103.] Колхоз дүниесінің өте шебер, өте жауыз қаскөйі боп, көпке шейін жылан жүрісін білдірмей сорып келген үш борсық, сыбағалы жазасын осылайша тапқан еді. [1. 103.]
– Өзге дүниені көрмеске, саған ермеске ант еткем. [1. 68.] Сіріңкесін қайта-қайта тұтатып тұрып Айшамен мынадай сөзге кірісті. [1. 79.] Өзгелер де аттанысты. [1. 80.] Сөзі болса қаруын қолынан алып, ұстап алып отырып сөйлес. [1. 93.] Мына сөйлемдерде етістікке етіс категориясының аталмыш жұрнағы жалғану арқылы жасалған. Осы жұрнақ арқылы етістіктен жасалып, сындық мағынада қолданылуы да кездесті. Түрі асығыс, хабары шұғыл сияқты. [1. 92.]
Шығармадан омонимдес -ғы (-гі, -қы, -кі) жұрнағына мысалдар келтіретін болсақ, олар мыналар:
Заттық мағынада: Сары адырға қарай айдап шығып, ерікке қоймай қуып жетіп, құр қол күйінде үзеңгі бауын ағытып алып, ұрып жығып қалған еді. [1. 72.] Тыстағылардың тықыры жақындап қалды. [1. 69.] Енді қасқырдың құтылып кеткені үшін шалды ажуалап күлкіге айналдырды. [1. 73.] Бағанадан бергіміз әшейін. [1. 78.]
Сындық мағынада: Астыңғы қуыстың ішімен еңбектеп, сол есік бар деген жаққа қарай ақырындап жылжи бастады. [1. 67.] Төменіректе, кеудесінің тұсында алты атардың жалғыз көзі де осы саңылаудан сығалап тұр еді, бір күшті дене сыртқы есікті сықырлата басып тұрып, сол сырт жағындағы бастырығын алды. [1. 69.] Бұл баз тұрған жер, қой фермасының жазғы қонысының бірі болатын. [1. 71.] Енді ояна беріп жаңағы әбігерді есітті де ақырын сүйретіле кеп, сыртқы есікке ілінді. [1. 72.] Әрі қарап, бері қарап жүріп, ақыры баз ішінде төменгі шұңқырды тімтініп, тіміскіленіп топырақ атып бұлқан-талқан боп жатқан екі қасқырды көрді. [1. 72.] Беттерінің көзінен төменгі жерінің бәрін орамалмен таңып алған. [1. 75.] Бұл уақытта Айша да арғы есіктен бері қарай басайын деп бір қарап қалып еді. [1. 75.] Сот бірнеше машықты сұрақтар бере-бере кеп ақыры осы, жаңағы айтқан Қатпа сөзі мен оның алдында бұл айтқан ақпардың барлығын өз қолымен протокол қылып жазып шықты. [1. 96.] Бірақ Самат пен Қасен мұның соңғы сөздерін жөнді естіген де жоқ. [1. 100.] Мынау бандылар істеген кешегі іс туралы ол мені соттатыпты, – деді. [1. 101.]
Қорыта айтқанда М. Әуезовтің «Шатқалаң» әңгімесіндегі омонимдес қосымшалардың қолданылу деңгейі алуан түрлі. Мұнда қолданылу өрісі жағынан жиірек кездескен -шы, -ші және -ық, -ік жұрнақтарын атап өтуге болады. Мысалы, -шы, -ші жұрнағы есім жасаушы сөз тудырушы жұрнақ қызметін атқарумен қатар, етістіктерге жалғанып, тілек, жалыну мәнін білдіретін сөз түрлендіруші жұрнақтар қызметінде қолданылса, -ық, -ік қосымшалары ындық мағынада, әрі заттық мағынадағы туынды сөздер жасауға қатысатындығын анықтадық. Бұған қосымша өзара омонимдес -лық (-лік, -дық, -дік), -ғы (-гі, -қы, -кі), -у жұрнақтарының шығарма тілінде мағыналық қолданылу сипатын анықтайтын нақты тілдік деректер келтірілді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М. Әуезов. Шығармалар, 2-том. Алматы, «Жазушы», 1967.
2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі, Морфология, Алматы, 1992.
3. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері, Алматы, 1972.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген