жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Манас және қазақтың эпикалық дәстүрі"
«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Батыржан Кенжетаев атындағы Новонежин орта мектебі» ММ
«Манас» жыры және қазақтың эпикалық дәстүрі
Орындаған: Қаби Гүлдерай
Сынып: 8
Жетекшісі: Дуйсенбаева Эльмира Омирузаковна
2019 жыл
Мазмұны
Абстракт (аңдатпа)........................................................................................ 3
Кіріспе........................................................................................................... 6
І тарау. Алаш ұранды алып Манас ...........................................................
Манастың зерттелу тарихы..................................................................
М.Әуезов және «Манас» .....................................................................
Шоқан және «Манас».........................................................................
ІІ тарау. «Манас» жыры және қазақ эпосының сюжеттік бірлігі мен өзгешелігі..................................................................................................
Қорытынды.............................................................................................
Пайдаланылған әдебиеттер.................................................................
Аңдатпа
Бұл ғылыми жұмыс 500 мың өлең жолдарынан тұратын және көлемі жағынан барлық танымал әлемдік эпостардан асып түсетін «Манас» жыры мен қазақ елінің батырлық жырларындағы үндестік пен өзгешеліктерді, олардың сюжеттік бірлігін, ортақ желілерін, тұрақты мотивтерін тереңірек ашып көрсететін және туысқан екі халықтың арасындағы байланыстарды кешенді түрде қарастыруға арналған зерттеу еңбегі болып табылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Біз, жастар, Мәңгілік қазақ Елінің ұрпағымыз. Біздің міндетіміз – төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды, өткен тарихымыз бен халық мұрасын жетік біліп, өз көзқарасымыз бен тұжырымдарымызды дәлелдей алатын, еркін ойлайтын, ішкі дүниеміз рухани бай, жүрегіміз ізгілікке толы, өз елінің паториоты болып өсу. Тамыры терең, тарихы бар, өмір айнасы – әдебиеттен сусындай отыра, соның ішінде ауыздан ауызға таралып, бүгінгі күнге жеткен ертегі, аңыз, эпостық жырлар арқылы туған еліміздің салт-дәстүрінен, тарихы мен мәдениетінен мағлұмат алу. Осы орайда, ғылыми жоба ретінде мен тамыры тереңде жатқан әдебиеттің ғажап үлгісі болып табылатын, оқушылардың бірі білсе, бірі біле бермейтін «Манас» жырын қазақтың эпикалық дәстүрімен алып қарастыруды жөн көрдім. Бұл ғылыми жобаны жазудағы мақсат-міндеттерім:
Қырғыз халқының «Манас» жыры мен қазақтың эпикалық дастандарын сараптай, салыстыра қарау арқылы оны ғылыми зерттеу нысанына айналдыру. Бауырлас, ағайынды екі ел әдебиетінің түпкі тамырына көз жүгірте отыра, эпостық жырларындағы үндестік пен сарындылықты көрсету.
«Манас» жыры арқылы қырғыз халқының менталитетімен, өмірлік ұстанымымен таныстыру; зерделі, құймақұлақ халқымыз тудырған ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде қолдану
Эпостық жырлар туралы білімдерін айқындау
Батырлар бейнесі арқылы елжандылық сезімдерін қалыптастыру. Зерттеу әдісі: аталған жұмыстың мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін зерттеу барысында ғылыми, көркем әдебиеттермен жұмыс, жинақтау, салыстыру, іріктеп жүйелеу, сипаттап баяндау әдістері қолданылды.
Ғылыми жұмыс жаңалығы: қырғыз елінің «Манас» жыры мен қазақтың эпикалық дәстүріндегі үндестіктер мен өзгешеліктер туралы біршама зерттеу еңбектері жазылғанымен, мектеп бағдарламасында «Манас» жыры туралы және оны қазақтың батырлық жырларымен үқсастығы жайында арнайы тақырыптар қарастырылмаған. Сондықтан мектеп білім алушыларының арасында бұл жырды білетіндер кемде кем. Компьютер мен технологиялар қарқынды дамыған заманда оқушылардың кітап оқуға, соның ішінде халық ауыз әдебиет үлгілерін оқуға деген танымдық-қызығушылықтарын арттыру және олардың бойына паториоттық сезімдерді қалыптастыру мақсатында мен осы ғылыми жобамен айналысуды жөн көрдім. Себебі: екі елдің эпостық жырларын тереңірек зерттей келе, ашқан жаңалығым – «Манас» жыры мен қазақ елінің батырлық жырлары оқушылар бойына «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын, атап айтқанда, ұлттық бірлік, бейбітшілік, келісім және қазақстандық патриотизмді бойларына қалыптастырады. Ал бұл құндылықтар бүгінгі таңда өте маңызды талаптардың бірі, әсіресе «рухани жаңғыру» аясында.
Ғылыми жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысында жасалған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларды мектепішілік арнайы курстарда, әдебиет пәні бойынша үйірмелер жұмысында, дәріс оқығанда, пән бойынша семинарларда, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама ретінде пайдалануға болады.
Ғылыми жұмыстың құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе
Орта Азия мен Қазақстан халықтарының аса бай эпостық мұраларының ішінде өзінің көлемімен де, көркемдігімен де тарихи құндылығымен де ерекшеленіп тұратын жырдың бірі – «Манас».
Қырғыз халқы өмірінің көп ғасырлар бойындағы елеулі оқиғаларының көркемдік шежіресі, дәуірлер ақиқатының жаңғырығы тәріздес осы «Манас» жыры – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр. Ол кез келген классикалық эпостар секілді көп заманның түрлі наным-сенімдерінің шындығын жинақтай алған туындылардың бірі. Сонымен қатар, эпоста қырғыз халқының одан көп бұрынғы эпикалық дәстүрінің ізі байқалады. Соның бір көрінісі – қырғыздардың қоныстас, мүдделес түркі халықтарымен, бірінші кезекте қазақ халқының құрамына кейінірек кірген, VII-VIII ғасырларда-ақ жеке ел, мемлекет сыпатында жүрген ірі тайпалармен бейбіт күнде тату ағайын, соғыс кезеңдерде одақтас болып бір қосылып, бір ыдырап отырған шағының ақиқаты елес беруінде жатыр.
Туған жерін қызғыштай қорғап, туған елін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын барақатты өмірге бастайтын жеңімпаз батыр бейнесін шалқар шабытпен жырлайтын абыз жыраулардың мәртебесі қашанда жоғары болған. Күллі көшпелі жұрттың ортақ мұрасы «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама», «Манас» секілді ұлы эпостарымызда Байкалдан Балқанға, Алтайдан Альпіге дейін жортқан жауынгер жұрттың шаңды жорығының сүрлеу суреті ғана емес, халқымыздың өр рухы, терең даналық толғамы қатар сақталған. Сол себепті түркі халықтары әлемде теңдесі жоқ телегей-теңіз эпос тудырды, ақындығымен даңқы шығып, адамзат мәдениетіне асыл қазына сыйлай алды. Сол жауһарлар ішінен Гиннестің рекордтар кітабына енген «Манас» жырының түгел түркі үшін бағасы айрықша зор екені белгілі.
Эпос - болғанның көшірмесі емес, болуға тиісті арман, үміт құбылыстарды, тарихи оқиғаларды халықтың өзінше түсініп бағалауының көрсеткіші.
І тарау. Алаш ұранды алып Манас
Ақбас Алатау баурайында бір түйенің өркешіндей бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз тарихтың ұзын салқар керуенінде үзеңгілес те үндес жүрген. Тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Соның бірі де бірегейі – «Манас» дастаны.
«Манас» – қырғыздың ұлы эпосы ғана емес, түркі халықтарының эпикалық мұрасының да алып шыңы. Телегей теңіз бұл жырдың көлеміне әлемде бірде-бір эпикалық ескерткіш теңесе алмайды. Мәселен, Сағымбай Орозбақовтан жазып алынған жырдың көлемі 250 000 жолдан тұрады. Бұл Фирдоуси «Шахнамасынан» 2 есе, Гомердің «Илиадасынан» 16 есе көп. Бұған Саяқбай Қаралаевтан жазып алынған Манастың баласы мен немересі суреттелетін «Семетей», «Сейтек» жырын қоссаңыз, тауды шайқайтын, теңізді тебірентетін, орманды мүлгітетін ақындықтың айшықты құдіретін тани аласыз.
Энциклопедиялық сипаттағы, эпикалық тыныстағы эпостың арғы бастаулары тым тереңнен тамыр тартады. «Бұрынғыдан қалған сөз: Қарахан, Оғыз ханнан кейін Аланча хан ұрығынан Байғұр, Ұйғыр дегендер болған екен» деп есте жоқ ықылым заманнан шежіре бастайтын жыр Манасты:
«Артық туған Манастың,
Арғы атасы Қарахан.
Қараханнан тараған,
Теңдесі жоқ Оразай.
Кіндік қаны тамған жер,
Алтай деген жер екен», -
деп таныстырады.
Осылайша арғы алтайлық тамырдан бастау алып, түпкі тегін Қарахан, Оғыз ханмен байланыстыратын алып Манас шамырқанған бір сәтінде:
«Атам – Жақып, Манаспын,
Арғы ұрығым – Алашпын!» –
деп ұлы бабасына сиынады.
«Манас» жырының өзінде түгел түркіге қатысты қаншама тарихи оқиға, жер-су аттары, тегі бір кейіпкерлер бар десеңізші. Егер «Манас» эпосын адамзат ақыл-ой қазынасына қосылған алып мұра десек, осы жырдың өң бойында батыр бабаларымыз туралы өмір-деректердің өріле өрнектелгенін байқаймыз. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түркінің бірлігі дәріптеледі.
МАНАСТЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Қырғыз халқының «Манас» эпосы – адамзаттың ұлы рухани мұрасының бірі. Сағымбай Оразбақұлының айтуынан
жазып алынған неғұрлым толық та оңды нұсқасының жарыққа шығуын елеулі оқиғалардың бірі деуге болады. «Манас» жырының алғашқы томы 1978 жылы, соңғысы 1982 жылы «Қырғызстан» баспасынан жарыққа шықты. «Манастың» барлық нұсқаларының сарынын да, сапасын да талдап ажырату оңай іс емес. Сондықтан да туысқан қырғыз халқының сан ғасырлық өмірінің рухани ескерткіші болып табылатын осы эпостың жариялануы зерттеушілердің, ғалымдардың көп еңбектенуін талап етеді. Алғаш рет «Манас» жырының әдемі бір бөлігін қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1856 жылы қырғыз еліне барған сапарында жазып алып, Ресейдегі барлық зиялы қауымға таныстырған еді. Ғалым эпостың «Көкетай ханның ертегісі» деген шағын үзіндісін жатқа түсіріп, оны орыс тіліне аударып шықты. Жырдың жалпы тұлғасын, қырғыз халқының тарихтағы орнын дәл тұжырымдап берген. Шоқан Уәлиханов «Манаста» қырғыз халқының барлық миф, ертегі, аңыздарының наным-сенім, әдет-ғұрпының, тұрмыс-тіршілігінің энциклопедиялық жиынтығы бар екенін аңғарды.
Манас туралы алғашқы сөз ғалымның «Ыстықкөл күнделігі» еңбектерінде кездеседі. Бұл саяхатқа ол 1856 жылы полковник М. Хаментовскийдің экспедициясы құрамымен барып, Ыстықкөл төңірегін зерттеу, картаға түсіру жұмысына қатысқан еді. Осы сапарында ол Ыстықкөл маңайындағы Ақсу, Зауқы өзендерінің бойындағы қырғыздардан естіп, жазып алған болатын. Алайда, нақты қай манасшының аузынан жазып алғаны белгісіз, Шоқан Уәлиханов ол кісінің есімін атамайды.
Кімнен естісе де, ғалым «Манастың» бір ғана нұсқасын бір жыршыдан естіп жазып алғаны мәлім. Соның өзінде ұзақ дастанды түгел қамти алмайды. Оның орысшаға аударған тарауы «Көкетай ханның өлімі және оған берілген ас» (қырғызша нұсқасы «Көкетай ханның ертегісі») деп аталады.
Манас туралы ой-пікір Ш.Уәлихановтың қырғыздарға қатысты барлық еңбектерінде сөз болады. Әсіресе, Жоңғария очерктерінде ғалымның «Манас» жайлы пікірі молынан берілген. Мұнда ол Манастың бір жағы Шу мен Талас, екінші жағы Әндіжан мен Самарқантқа дейінгі ноғайлы батыры екенін, ханнан емес халықтан шыққанын, батыр болып өсу жолын, 12,13,15 жасындағы ерліктерін баяндайды.
Ғалым, әсіресе, Манас бейнесін жасаудағы, оның ерлік істерін суреттеудегі көркемдік нақыштарға, ұлттық бояуларға баса назар аударады. Манастың сүйікті жары – Қарахан қызы Қаныкейдің сұлулығын бейнелеу жырды өзгеше танытатын көріністің бірі екенін айтып, оның жасын, шашын, тісін, аузынан шыққан жұпар иісін суреттеуде қазақ эпостарына жақындығын байқайды.
Ш.Уәлихановтың арнайы тоқталатыны – «Бөкетайдың асы». Бұл -жырдың ең бір тамаша тарауы. Мұнда ноғайлының баласы Боқмұрын Ыстықкөлден Қара Ертіске, Алтайға дейін өрлеп барып, әкесіне ас береді. Осы аста Манас пен оның достары да болады. Олар дұшпандарының қысымына шыдай алмай соғысады, ақыры жеңеді деп суреттеледі. Негізінен, ғалым жырдың бір ғана нұсқасымен таныс болғандықтан, «Манас» жырының шығу кезеңі туралы нақты пікір айта алмайды. Тек ноғайлыға қатысты көп әңгіме, аңыздардың орын алуына байланысты ол бұл жыр XIV-XV ғ.ғ. шыққан болар деп жорамалдайды /кеңес ғалымдары жырдың алғашқы негізі IX-X ғ.ғ. шықты деген тоқтамға келді/.
Шоқан Уәлихановтың «Манас» жөніндегі еңбегі - туысқан екі халықтың тарихында мәңгі алтын әріппен жазып қалдырған шығармашылық мол табысы. Әлем әдебиетіндегі ең ұлы эпостардың бірін тұңғыш ашып, зерттеу объектісіне айналдырды және қағаз бетіне бірінші болып түсірді, ұлы тілдердің біріне бірінші рет аударды. Ғалымның «Манас» жайлы еңбегі кейінгі дәуірде де өз жалғасын тапты.
1
.2.
М.ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ «МАНАС»
Осынау ғажайып мұраны зерттеуде атақты әдебиетші, жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов өлшеусіз үлес қосты. Кеңес үкіметі тұсында тағдыры талқыға түскен «Манас» жырының әлем әдебиеті төріндегі орнын айшықтап, эпостық құндылығын, қырғыз халқының мәңгі өлмес рухани мұрасы екенін дәлелдеп, қорғап берді.
Мұхтар Әуезов «Қырғыздың батырлық эпосы Манас» деген монографиясын 1930-ыншы жылдарда жазып, еңбектің үш нұсқасын жасады. Бұл монография М.Әуезовтың 1959 және 1962 жылдары шыққан «Өр жылдар ойлары», «Уақыт және әдебиет» атты кітаптарында жарық көрді.
Монография манастану тарихында өте күрделі қызмет атқарды, эпостың көптеген ерекшеліктерін талдап берді, зерттеушілік мәдениеті мен тереңдігінің үлгісіндей ғибрат қалдырды. Ол осы зерттеуінде жырдың пайда болуы мен дамуында манасшылардың рөлі жайында тұжырым жасайды. Эпостың ең ірі орындаушылары Сағымбай Оразбақов пен Саяқбай Қаралаевтың айтқыштық өнеріне ерекше зер салады. Зерттеуші, ең алдымен, манасшылардың өзін екі топқа бөліп қарайды. «...Импровизаторлық таланты күшті, шабыты тасып төгілген жыршылар жаттап алған жырларын өзгерте, өз жанынан қоса отырып айтатын болған. Ал енді біреулер тек естігендер мен жаттап алғандарын ғана айтқан» (М.Әуезов «Уақыт және әдебиет» 1962, 180-б.)
Монография жазудағы М.Әуезовтың түпкілікті мақсаты – «Манастың» халық қиялынан таралған, елдің арман-үмітіне бөленген шынайы табиғи тұрмысын мінездеу мәселесі. Ол жырдың басты қаһармандарына байланысты өрбитін оқиғаларға қатысты көп қызықты ойлар айтады. Әсіресе, жырдың негізгі желісі болып табылатын «Ұлы жорық» төңірегіне молырақ тоқталады. Эпос оқиғалары мен тарихи істер арасынан байланыстар іздейді. «Манас» деген сөздің мағынасына да зерттеуші ой жүгіртеді. Бұл есімді ғалым «шаман тиңірлерінің бірінің есімі немесе сол кезде Орта Азияда көп таралған манихеизмнен шыққан болуы тиіс» дейді (М.Әуезов «Уақыт және әдебиет» А., 1962, 406-б.)
Ұлы ғалым «Манас» жыры мен Орхон ескерткіштеріндегі жазбалардан эпикалық дәстүрдің тұрақты белгілерін байқайды. Орхон жазуындағы Күлтегіннің жорықтарын суреттейтін тұстарында «Манастың» оқиғалық негіздерінен үндестік тапқандай болады. Әсіресе, жырдың барлық нұсқаларында соғыс суреттері берілетін батырлардың жекпе-жегі, кейіпкерлердің портреттік мінездемелері, қаһармандық ерлік қасиеттерін сипаттайтын тұстардың ұқсастығы айқын. Табиғат көріністері, халықтар мен елдерді таныстыру, халықтық мерекелерді, ойындарды, салттарды, ырымдарды көрсету, батырлардың дүниеге келуі, өсу, ер жетуі, қалыңдық іздеу рәсімдері, ата-ананы сыйлау, достық пен жаулық туралы халықтық ұғымдарды сипаттау – осының бәрі қырғыз эпосы «Манас» пен қазақтың эпикалық дастандарында кездесетін ортақ желілер екенін М.Әуезов ерекше атап айтады.
«ШОҚАН ЖӘНЕ МАНАС» КІТАБЫ
«Манас» жырының ғажайып құпиясын ашып, Шоқаннан басталып, М.Әуезов еңбегі арқылы жалғаса түскен тамаша дәстүр тарихшы, этнограф, археолог, әдебиетші-академик Әлкей Марғұланның монографиясынан жалғасын тапты. Оның «Шоқан және Манас» кітабы «Манас» жырын жазып алу тарихы, «Жырдың мазмұны, сюжет құрылысы», «Жырдағы ерлік бейнелер, ел аттары, олардың тарихи негізі», «Манас» жырының қай кезде шыққаны туралы » деген төрт тараудан тұрады. Осы жырды зерттеп отырып, Орта Азия халықтарының тарихына ортақ қаншама құбылыстар заңдылығын ашады.
Монографияның алғашқы тарауында автор Манастың ғасырлар бойында зерттелу жайын қарастырады. Шоқан Уәлихановтың қолжазбасының табылуын, «Манастың» шығу тарихын, қай заман туындысы екенін тұжырымдай келіп, жұртшылық назарын ескі «түркі» жазуының ғылым үшін, тарихты тану үшін айырықша маңызды екенін айтады. Сондай-ақ, бұл еңбекте «Манас» жырының қаһармандары, олардың тарихи негізі туралы мәнді, ғибратты әңгіме қозғалған. Автор бас қаһарман - Манастың өмірбаяны мен ерлік істері суреттеріне талдау беріп, жалпы түркі халықтарының эпосындағы ортақ заңдылықтарды сөз етеді. Атап кетерлік мәселе – автор «Манас» қаһармандарының тегін іздегенде, кейінгі кезде ғана анықталып, тексеріліп болған «Орхон-Енисей» тас жазуларының дәлелдемелеріне арқа сүйейді.
Кітапта сөз болған ірі ғылыми проблеманың бірі – «Манас» жырының қай кезде шыққаны туралы мәселе. Ол бір дәуірдің туындысы емес, ол – көп заманның оқиғаларын, көп ғасырдың аңыздарын, эпикалық сарындарын тұтастырып айтқан жойқын эпопея. Оның сюжет құрылыс мың жыл ішінде Орта Азия көлемінде болған оқиғалардан тізіліп, көп ақындар ұрпағы соны сәулетті түрде ежелгі заманның алып ірі Манастың төңірегіне топтастырып айтқан. Жырдың оқиғалық негізі VII-IX ғ.ғ. Орта Азиядан Сібірге дейін ұлан-байтақ өлкеде өткенін, әр дәуірдің ақындары белгілі жағдайларға байланысты сол ескі түбір сарынды құбылтып, өзгертіп толықтырып, өз кезінің қасиетіне жақындатып жырлағанын кітап авторы сенімді баяндайды.
Міне, академик Әлкей Марғұланның «Шоқан және Манас» атты еңбегі қамтылған архивтік материалдар молдылығымен, талдауларының ғылыми дәйектілігімен бағалы. Алайда, телегей-теңіз жырдың барлық келбеті танылып, сыры мен шыны толық сарқылып ашылды деуге болмайды. Жырдың түрлі қырлары арнаулы зерттеулердің тақырыбы бола бермек.
Қазақ және қырғыз халықтарының эпикалық дәстүріндегі үндестік пен ұқсастықтың сан тарау болып келетіндігі өте қызғылықты құбылыс. Алайда, бұл мәселе кеңірек сөз етуді, сол салыстыруларды керек етеді.
ІІ тарау «Манас» жыры және қазақ эпосының сюжеттік бірлігі мен өзгешелігі
Фольклор шығармаларының өзіне тән өзгешеліктері мен ұқсастықтарын анықтаудың қызғылықты да жемісті жолдарының бірі – түрлі елдер мен халықтар ерекшелігін бір-бірімен салыстыру, олардың ортақ желісін, орайлас үндестігін тарихи-типологиялық тұрғыдан қарастыру болып табылады.
Ауыз әдебиеті байлығын тану мен бағалаудың ұтымды, ғылыми тәсілдерінің бірі – туыстас халықтардың мәдени мұраларын салыстырып қарау, олардың ұқсастықтары мен өзгешеліктерін айырып көрсету. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, «Манас» жыры қырғыз халқының айтулы рухани мұрасы. Басты қаһарманы – Манас батыр. Бұл эпоста қаһарманның дүниеге келуі, өмір жолы, күресі, ата-тегін жырлауда қазақ эпостық жырларымен үндестік байқалады. Нақты айтатын болсақ, мал-мүлікке ие болатын, нәсілді жалғастыратын перзентті аңсау, «әулиелерден» бала тілеу түркі жырларының көбінде ұшырайтын көрініс. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Ер Сайын» секілді эпикалық жырлардан да осыны көре аламыз. Мысалы: «Манас» жырында қарт Жақыптың ұлсыздығы үшін наласы былайша берілген:
Бес түліктен мал жидым,
Бес шақа пұлша арам жоқ.
Ақыретке бет алсам,
Атакелеп артымнан
Налып қалар балам жоқ... (1-кітап,17-б).
Ал «Алпамыс батыр» жырында Байбөрі қарт баласыздығына былай налиды:
Алмадың, құдай, жанымды
Бір баланың жоғынан,
Ағайын жейді малымды...
Бір баланың жоғынан...
Зорлық қылды маңайым
Әкім қыла сөйлейді
Баласы көп ағайын...
Сондай-ақ, бір перзентке зар болып жүрген ата-анаға әулие-әмбиелердің рақымы түсіп, болашақ батырдың дүниеге келу тәсілі де осы Манас жырында да, қазақ эпостарында да ұшырасатын құбылыс. Мысалмен дәлелдейтін болсақ, «Алпамыс батыр» жырында Байбөрі мен Аналық әулиелер басына түнеп, Жаратқан иеден перзент тілеп, зар қағып жүргенде таң ата түс көреді:
...Менің
атым Шашты Әзіз,
Қыламын
десең ықылас,
Жарылқады
Жаратқан,
Ей,
бишара, көзіңді аш!
Ұлыңның
аты Алпамыс,
Қызыңның
аты Қарлығаш,
Атса,
мылтық өтпейді,
Шапса,
қылыш кеспейді,
Қалмақтармен
болар қас.
Түрегел
де қолың жай,
Болады
өзі өмір жас!»
-деп, диуана аян береді. Расымен де, тоғыз ай, он күн өткенде Аналық
Әмірімен
Алланың
Арыстай
қылып ұл тапты.
(қазақ ауыз әдебиеті https://bilim-all.kz/olen/4895)
Баланы мінәжәт етіп, тілеп алуға болады деген түсінік ертеден келе жатқан ырым. Міне, Байбөрі мен Аналықтың перзент аңсаған әрекетін төмендегі жүйеден көруге болады:
Жебеуші
күштерге жалбарыну
Әзірет
сұлтанға бала тілеп аттану
Баласыздықтың
зары
Әулиеге
түнеу, садақа үлестіру
Шашты
Әзіз әулиеге сапар шегу
Намаз
оқып, мінәжәт ету
Таң
ата диуана келіп, аян беруі
Алпамыстың
дүниеге келуі
Аналықтың
қабылан етіне жерік болуы
«Қобыланды батыр» жырында да осы көрініс дәлме-дәл қайталанады:
Бір
бала көрмей Тоқтарбай,
Қайғыменен
қан жұтып,
Ақылынан
адасқан.
«Шөл
иесі сұңқар қияқсыз,
Еш
нәрсе көрмей
дүниеден
Өткенім,-деген,-тұяқсыз».
Тоқтарбайдың
зарына
Қалың
қыпшақ қайысқан.
Әулие
қоймай қыдырып,
Етегін
шеңгел сыдырып,
Жеті
пірге танысқан... («Қобыланды батыр»
жыры)
Негізінен, эпос зерттеушілері баласыздық зарын рулық-патриархалдық феодалдық дәуірдің дәстүріне байланысты түсіндіреді. Патриархат үстем болған бергі кезеңнің бәрінде атадан қалған мал мүлік ұлға тиесілі болған. Рулық өмірдің жалғануы да тікелей сол рудан таралған мұрагердің бар немесе жоқтығына қатысты еді.
«Манас» жырында Жақыптың, оның он екі қатынының осындай зарығып жүргенде түс көргені жырда кеңінен әңгіме етіледі. «Манаста» түс көру мен түсті жорытуға көп мал сойып, ел жинайды. Жалпы түске сену – түркі- моңғол фольклорындағы өте көне ұғым көрінісі. Оның арғы түбірі бір есеппен ескі анимистік түсініктерге де алып баратынын көреміз. Жақсы түс көрсе сүйсініп, жаман түс көрсе шошынып, құдайы берушілік күні бүгінге дейін орын теуіп келген әдет. Ал түсті елді жиып отырып жорыту бұны құдірет санаған, ежелгі ұғымның ыдырамаған кезінен елес бергендей. Жақыптың түсінде көріп, қолына қондырған құсы өзгеше сипатталады.
Аспандағы қанатты.
Айбатына ұша алмайды.,
Жерде жүрген аяқты,
Желіп шығып қаша алмайды.
(І – кітап, 7-б)
Батырдың ғажайын жағдайда дүниеге келуі барлық жырларда түгел тізіліп, жүйелі баяндала бермейді. Оның себебін жырдың айтылу дәстүріне, нұсқаларына, не қысқарып, не ұлғайып отыратын табиғатына байланысты.
2.1 Алғашқы ерлік
Қаһармандық эпостың көбіне тән ерекшеліктердің бірі – батырдың ерте есеюі, алыптықты жастайынан танып, ерлік көрсетуі. Манастың батыр ретінде жедел жетілуі ежелгі дәстүрмен берілген. Оның алдағы кезде алып болатынын жыр бірден-ақ әсерлеп баяндайды:
Он бестегі баладай
Көтергенде салмағы...
Ол емшек сүтін бұйым көрмей, бала анасын жалмап танады:
Оң емшегін салғаны
Әуелгісі сүт шықты
Екіншісі су шықты
Үшіншісі қан шықты
Шыдай алмай осыған
Бәйбішеден жан шықты...
(Манас жыры, 1-том, 69-б.)
Осындай әсірелеп суреттеу құбылысы «Алпамсы батыр», «Қобыланды батыр» жырларында да бар. «Сол уақыттарда Алпамыс ойнауға бала таба алмай алаңдап келе жатып, бір өрмек құрып отырған кемпірдің ұйықтап жатқан баласын көріп: «Әй, бала, тұр, ойнаймыз!-деп түртіп қалғанда, бала ұрғанын көтере алмай өліп қалыпты»
немесе:
Алты жасқа келгенде
Арыстан туған Қобылан
Қазынадан қамқа киеді.
Өзімнің еншім болсын деп,
Тобылғы меңді торы атты
Енші қылып мінеді...
(«Қобыланды батыр» жыры)
Эпикалық жырларда, сондай-ақ, жиі ұшырасатын тәсіл – батырлардың алып қайраты. Орыс тіл маманы, зерттеушісі Виктор Максимович Жирмунский өзінің зерттеулерінде, болашақ батырдың ғажайып туысына ерекше мән бере түсіндіреді. Оның айтуынша, қаһармандардың ерекше жағдайда дүниеге келуі эпикалық аңыздаулардың көнелік белгілерінің тұрақты қайталанып отыратын түрі.
Манас – жас та болса саны көп қалмақтан қаймықпай, өжет ерлік көрсеткен батыр. Қалың қалмақты жалғыз өзі баудай түсірген жерінің суреті қазақтың «Мұңлық-Зарлық» жырындағы соғыс картинасын дәл елестеткендей болады:
Айбалталап шоқысын
Ойып кетіп баратыр
Алты-бестен әр жерге
Сойып кетіп баратыр.
Өлтіргенін сан қылып
Қырып кетіп баратыр
Сазайларын қалмақтың
Беріп кетіп баратыр...
Осынша жойқын соғыс салған Манастың жасы не бәрі он бірде ғана делінеді. Осы жырды Манастың ерлік істері біртіндеп қомақтана түседі. Ол түрлі тарапта тұрған көп хандарды /Текес хан, Шорық хан, Әлеуке хан, Есенхан/ жеңеді. Қалың елдің ішінен соғысқа жарарлық адамды таңдап, кем-кетігі барларды, мүгедектерді ауылына қайтарып, Манас қырғыз қамын кең ойлайды:
Көбе құрсақ шалдарды
Кейінгі жаман балдарды...
Көңілге толмас жадауын
Алғы майып шолағын
Екі жүз мың қайтарды...
(Манас, 147-148 б.б.)
Батырдың алғашқы ерлігі ерте жастан көрінгендіктен, ол жауға қарсы шайқас емес, көбіне күш сынасу, кейде аңмен алысу түрінде баяндалады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:
«Қазақтың ері келді», – деп,
Көктім аймақ патшасы
Кезекті бұған береді,
Кәміл пірлер жебеді.
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады.
Кәміл пірлер сенгені,
Құрулы бақан басында
Екі бӛліп ұшырды
Ай астында теңгені...-
деп Қобыландының алғашқы ерлігін суреттейді. Ғылымда мұны «алғашқы ерлік» деп атайды. Осы бірінші ерлікті көрсеткеннен кейін ғана батырға үйлену құқығы бенріледі.
2.2 БАТЫРДЫҢ ҮЙЛЕНУІ
Эпостық жырлардағы тұрақты да ежелгі сарындардың бірі – қаһарманның батырлық үйленуі. Бұл жөнінде академик В.М. Жирмунский өзінің «Тюркский героический эпос» деген еңбегінде егжей-тегжейлі талдау берген. Қазақ, қырғыз эпостық дәстүрінде мұндай үйленудің нақтылы себептері түрлі болғанымен, жалпы бағытында өзгешелік аз. Қалайда қаһарман үйлену жолында сан түрлі кедергілерді жеңіп, соғыс болса, ерлік көрсетіп танылған. «Манас» жырында бір емес, бірнеше үйлену оқиғасы бар. Оның бәрінде де Манастың жеке басындағы ерлік қасиетін сынға алатын тосқауылдар кездеседі. Ол алғаш рет өзі тиіскен Шорық ханды жеңіп, қызы Ақылайды алады. Шорық оңай жау емес. Ол қырғыз елін тұрған жерінен ығыстырып жібермек ниетте болады:
Қиықтық қылған қырғызды
Қылышқа салып қырайын.
Қызылдан әрі өткеріп,
Қыр асырып тынайын.
Шорықтың ақылды қызы Ақылай түс көріп, әкесіне «Манаспен соғыспаңыз» деген екен. Ұрыста сан мың әскері қырылып, ақыры Манасқа бас июге мәжбүр болған Шорық қызының тілін алмағанына өкінеді. Ақылай Манасты өзі қалайды.
Сондай-ақ, Манас қалмақ ханы Қайыпты да бір ұрыста жеңіп, оның қызы Қарабөрікті өзіне қалыңдық етіп алады. Алайда оның заңды түрдегі әйелі тәжік ханы Темірдің қызы Қаныкей. Манасқа Қаныкейді таңдап, қалың мал төлеп алып берген - әкесі Жақып. Қырғыздардың айдап әкелген қалыңдық малын тәжіктер жер-көкке сыйғыза алмай әлек болады. Бұл жөнінде Шоқан Уәлиханов өзінің қолжазбаларында айтып кеткен. Қаныкейдің ақыл-парасаты, қимыл-әрекеті, түр-тұлғасы қазақ жырындағы Жібекке ұқсас:
Күлсе тісі жарқ етіп,
Күзгідей өңі жалт етіп
Көкектей үні шаңқ етіп,
Шылқ жібекке шырмалып,
Лағыл алтын жағасы
Оң шекеде қырланып...
Қазақ эпос жырларында да қалыңдық алу, жар таңдау кеңінен суреттеледі. Қазақтың қаһармандық жырларында батырлар қашанда өз жарларын үлкен ұрыс жүргізіп, жауын жеңіп барып алады. Бұған себеп, біріншіден, көшпенді жаугершілік өмірдің объективті шындығы, екіншіден, жырдың сюжетіндегі көркемдік тәсіл.
Қобыланды батыр Құртқаны алу үшін ай астында теңгені атып, мергендік көрсетіп, қырық бес көз Қызыл ермен сынасса, Алпамыс Гүлбаршын сұлуды алу үшін барлық қалмақтың мықтыларын жеңіп шығады. «Қамбар батыр» да Әзімбайдың жауын жеңіп, қалмақ әскерін қырғаннан кейін ғана үйлену тойын жасайды.
Дегенмен Алпамыс батырдың үйленуі өзгешелеу берілген. Оның бұрын айттырып қойған қалыңдығын іздеуіне «өрмек құрып отырған» кемпірдің баласын абайсызда өлтіріп алуы себеп болады. Ол кемпір: «Мықты болсаң қашып кеткен қайын атаң Сарыбайдың қызы Гүлбаршынды іздеп, неге тауып әкелмейсің?»-дейді. Сонан Алпамыс қалыңдық іздеуге аттанады. Қалыңдық іздеген батырдың алдынан неше түрлі кедергілердің кездесуі - эпос жырына тән қасиет.
2.3 БАТЫРДЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ ЖОРЫҚТАРЫ
«Манас» жырында аса маңызды орын алатын эпизодтардың бірі – оның қаһармандық жорықтары. С. Оразбақовтың нұсқасы бойынша, Манастың жорыққа шығу мақсаты – бостандық пен тәуелсіздік үшін күрес және қырғыз халқының бірлігін сақтау. Жырдың басында қырғыз халқы өздерінің саяси тәуелсіздігін жоғалтып алып, отаршылдыққа түседі. Ең бірінші қалмақтарға Манас қарсылық көрсетеді. Манастың алғашқы ерлігінен кейін қырғыз халқы оны хан етіп сайлайды. Міне, осы тұстан кейін Манастың қаһармандық жорықтары бет ала бастайды. Ол біртіндеп өз қарамағына Орта Азия халықтарын ала бастайды. Оразбақовтың айтуынша, Манас 10 жорық жасаған екен. (В.М. Жирмунский «Тюркский героический эпос», 48-54 б.б.). оның жаулары да сан алуан болып келеді: хандар, батырлар, палуан-күресшілер, дәулер, т.б. Оразбақовтың нұсқасында Манастың соғыс жорықтары кеңінен суреттеледі және үнемі жеңіспен аяқталып отырады.
Қазақ эпостық жырларында да басты кейіпкер батырлық жорықтарда, жекпе-жектерде шыңдала түседі. Оның нағыз сом тұлғасы ашылады, қайсарлығы танылады, айбаты айқындалады. Мәселен, Алпамыс батыр жас келіншегін еліне әкеле салып, ол жоқта елін шауып кеткен Тайшықтың соңынан қуа жөнеледі.
Сонда
Алпамыс сөйледі,
Сөйлегенде
бүй деді:
«Тайшық
алған жылқының
Ал
артынан кетейін.
Шаһимардан
жар болса,
Артынан
қуып жетейін.
Жете
алмасам, жан ата,
Жылап
жүріп өтейін!
Ата,
сенің сөзіңді
Күніге
естіп нетейін.
Атқа
салдым терлікті,
Дұшпанға
қылдым ерлікті...
«Қобыланды батыр» жырында Қобыландының жер қайысқан қалың қыпшақты бастап, Қазан ханға аттанып, Қазан батырмен соғысқаны баяндалады. Сондай-ақ, Қобыландының елде жоғын пайдаланып, батырдың елін жаулап алған Алшағырмен жекпе-жегі де жырда керемет суреттелген.
Алшағырдың
шаһарына
Туын
ұстап батырлар,
Қала
аузына кіреді.
Шаһарға
жақын келгенде
Батыр
Қобылан ақырды,
Нар
түйедей бақырды.
«Алшағыр!»деп
шақырды.
«Ау,Алшағыр,Алшағыр!
Сөзіме
құлақ сал,Шағыр!
Менің
атым Қобыланды
Әуелі
өзің алмай ш ық,
Алды-артыңды
қармай шық
Қалдырмастай
жалмай шық,
Арманда
қапы қалмай шық!
Баьырлардың іс-әрекетінде қара басының қамынан мейлінше жоғары елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп өтіп жатады. Сол арқылы халық іс жүзінде тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға өз көзқарасын білдіреді.
2.4 ҚАҺАРМАННЫҢ ҚАЙТЫС БОЛУЫ
Эпикалық шығармаларда қаһарманның қайтыс болуына да ерекше мән беріледі. Оның дүниеден өтуін баяндау арқылы қоғам қайшылығын, заман сазын, ел-жұрттың аман-мұратын жеткізуге ұмтылады.
Ә.Марғұлан «Көкетай ханның ертегісі» жырының мазмұнын талдай келіп, қырғыз халқының тарихына байланысты өте маңызды байқаулар айтады. Бұл жерде баяндалатын ел басшысы Көкетайдың қартайып өлер шағында елімен қоштасуы; Көкетай өлген соң билік үшін таластар, халықтың дана жолбасшы іздеуі, ас беруге даярлық ресімдері; Алатаудан Алтай, Қантайға дейінгі көш жолының суреттері; Енесей бойында «Түпкі ханға» барып, Көкетайға ас берудің түрлі көріністері, мал сойыс, ойын, ат шабыс, мереке салтанаты - бәрі де халық өмірінің аса қызғылықты тұстарын мәдениет ұғым-наным, әдет-ғұрып, дәрежесін бейнелейтін куәліктер ретінде қаралады.
Манастың өлімі эпикалық өмірбаянды, сонымен қатар бүкіл эпопеяны аяқтайды. Манас өзінің әскерімен бірге Бейжінге қарсы жорығында қайтыс болады. Қаралаевтың нұсқасы бойынша, таңғы намаз оқып отырған Манасты Қытай батыры Қоңырбай улы қарумен атады. Жалпы, осы жырда батырдың өмірден кеткен шағы толық баяндалады, тіпті оның жары Қаныкейге айтқан өсиеті мен арманы да жыр етіледі. Ал қазақ эпостарында мұндай баяндау сирек кездеседі. Көп жағдайда батырдың қайтыс болғаны жайында, оның баласы туралы жырда жай ғана сипатталады.
Мысалы, «Қырымның қырық батыры» жырында мұндай баяндау жоқ. «Көкшенің ұлы Ер Қосай» жырында батырдың өлгені былай жырланады: «Қосай әкесі өліп, жетім қалады. Сол уақытта Сарыбай деген бай болады. Алты ұлының ортасында оның Қарабек деген жалғыз қызық болады. Көкшеден Қосай үш жасында жетім қалады. Жасы бес-алтыға толғанда шешесімен еріп Сарыбай үйіне барады....»
Міне, бұл жырда Көкшенің өлуі сөз болмай, оның баласы Ер Қосай туралы ғана баяндалады.
«Манас» жыры мен қазақ эпостарындағы сюжеттік бірліктерде қарастырғанда осы екі халықтың мұраларындағы құсастық пен үндестіктерді және өзгешеліктерді де айқын аңғаруға болады. Ондай жетістіктерге тек салыстыру арқылы жете аламыз.
Қазақ-қырғыз эпостарындағы үндестік сан алуан. Көптеген зерттеушілер өз ғылыми еңбектерінде осы ұқсастық, өзгешелік жайында сөз етіп, түйіндер жасағанмен, бұл мәселе бүгінгі таңда әлі де ізденімдік зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.
ІII. ҚОРЫТЫНДЫ
«Манас» жыры мен қазақ эпостық жырларындағы үндестік пен сарындылықты зерттеген ғалымдардың еңбектерін қарастыра, талдай келе, қырғыз елінің «Манас» жыры мен қазақтың эпостық жырларында үндестік, сюжеттік бірлік, тұрақты мотивтер бар және ол екі халыққа да тән деп қорытынды жасауға болады. Атап айтатын болсақ, ол батырдың ерекше болып дүниеге келуі және оның балалық шағы (Манас дүниеге келмес бұрын әкесі түс көреді, Алпамыс, Қобыланды батыр жырларында да ата-анасы перзентсіз болып, әулие-әмбиелерді аралап, бала тілейді, түстерінде аян береді), батырдың алғашқы ерлігі (Манастың алғашқы ерлігі қалмақтармен жойқын соғыста аңғарылса, Қобыланды батыр көктім аймақ еліне барып, тенгені атады, мергендігін танытады), одан кейін батырдың үйленуі (Манас тәжік ханының қызы Каныкейге үйленуі, Қобыланды сынақтан өтіп Құртқаға үйленуі, Алпамыстың Гүлбаршынды жар етіп алуы), жауларымен шайқасы (Манастың өзіне қарсы шыққан хандармен айқасы, Алпамыс, Қобыланды батыр жырларында да жаумен шайқастары ерекше суреттеледі).
Сағымбай жыршының нұсқасы бойынша, «Манас» жыры үлкен он бөлімнен тұрады. Оларды төмендегідей тақырыптарға біріктіріп қарастырған:
Манастың дүниеге келуі және балалық шағы
Қаһармандық жорықтары
Алмамбетпен бауырласуы
Қаныкей сұлуға үйленуі
Манастың туысқандары жайлы эпизод
Көкетай ханға берілген ас.
Сондай-ақ, кейбір хандардың Манасқа қарсы жасаған қастандықтары туралы шағын-шағын тақырыптар бар. Ол фабула жағынан қазақтарға /жорықтарға/ ұқсас келмейді.
Сағымбай Оразбақовтың нұсқасында «Қаһармандық жорықтар» ерекше орын алады. Көкетай ханға берілген ас, батырдың үйленуі, туысқандар жайлы эпизодтар сюжеттік жағынан басты қаһарман бейнесімен тығыз байланысты. Осы бөлімдері арқылы жырда Манастың барлық мінезі ашылып отырады.
Манас – көркем тұлға ғана емес, ол халықтың сондай ер болар ма екен деген идеал мұратынан туған бейне. Идеалдық бейне пенделік міндерден құлан-таза, «жоғары» тұратыны баршамызға аян. Халықтың қиялынан туған қаһарманға тең келер кісінің болуы мүмкін емес. Сондықтан болашақ билеушіні қарапайым халықтың бар мұң-тілегін, арманын арқалаған, алауан түрлі адамгершілік қасиеттердің ең ізгілерін бойына сіңірген ұлы қаһарман ретінде көрсетеді. Егер «Манас» эпосын адамзат ақыл-ой қазынасына қосылған алып мұра десек, осы жырдың өн бойында батыр бабаларымыз туралы өмір-деректердің өріле өрнектелгенін байқаймыз. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түркінің бірлігі дәріптеледі. Тек қырғыз тарихына қатысты ғана емес, қазаққа байланысты да көптеген мәліметтер, деректер келтіріледі.
«Жолдас болған нойғыт бар,
Арқа сүйеген найман бар,
Қоныстас жүрген қоңырат,
Үйірлес жүрген үйсін бар,
Араласқан алшын бар,
Арғыннан Қарақожа бар», –
деген жолдар эпос пен этностың біртұтас ағза екендігін көрсеткендей. Сондықтан төл тарихымызды шетелдік жиһангерлердің жол жазбалары мен архивтерден ғана іздемей, қаһармандық жырлардан, алтын аңыздарымыздың арқауынан іздеу, жадыны жаңғыртудың бір құралы болса керек. Бұл орайда зерделі, құймақұлақ халқымыз тудырған ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде қолдану, ғылыми нысанға айналдыру – бүгінгі күннің талабы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Адамзаттың Манасы // «Манас және қазақ эпикалық дәстүрі» А., 1995
Ә.Марғұлан «Шоқан және Манас», А., 1995
Дархан Қыдырәл «Алаш ұранды алып Манас» мақаласы, «Егемен Қазақстан» 14.10.2014 ж. https://elbasy.kz/kk
«Манас» туралы маңызды зерттеу, el.kz сайты
Қобыланды батыр жыры, https://adebiportal.kz/kz/books/view/972
Алпамыс батыр жыры, https://bilim-all.kz/article/3845
Қырғыздың «Манас» эпосы және оның қазақ зерттеушілері», Бақтияр Сманов Ақиқат журналы, 17.06.2015
«Манас» жырының зерттелуі және түркі фольклорынан алатын орны» мақаласы, А. Әлібекұлы, arasha.kz 08.01.18
М.Әуезов «Манас» жайында мақаласы, 2016 ж https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/mauezov_manas_zhaiinda__3603
10. Манас : Қырғыз халқының батырлық дастаны : 4 кітап ; ауд.: Ә. Тәжібаев, Д. Әбілев, Ғ. Қайырбеков, С. Мәуленов- Алматы : Қазақтың мем. көркем әдебиет баспасы, 1962 . 2-кітап .– 268 б.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген