жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
мақала : "Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі"
Мақала
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі
«Біз ұлттық мүддені аспен де,
таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет».
Қ.Тоқаев.
Сонау ескі замандардан бергі, тіпті күні кешегі келмеске кеткен кеңестік дәуірге дейінгі ұланғайыр мерзім арасында Қазақ жерінің Ұлы Дала төсінде небір кемел ойлы кемеңгерлер мен даналыққа тұнған данышпандарымыздың ғұмыр кешіп, олардың көшпенділер өркениетіне өлшеусіз үлес қосқаны тарих беттерінде жазылған. Бұл – ақиқат!
Иә...
Осынау бейбіт күнге ел тізгінін ұстаған тұлғалардың орнықты шешімдері мен жанкешті қайраткерлігінің арқасында жетіп отырғанымыз тағы ақиқат. Бүгінде Алтай мен Атыраудың, Қыр мен Сырдың, Тәңіртау мен Қаратаудың арасында жатқан Ұлы Даламыздағы жанға жайлы тіршіліктің бәрі осының айғағы. Бұл ұлан-ғайыр жер біздің ұлттық мүддеміз. Бабаларымыздан аманат болып қалған асыл мұрамыз. Біз оны қасық қанымыз қалғанша қорғап, аялап, мәпелеп, сүйіп өтеміз. Осы орайда президентіміз Қ.Тоқаев мырзаның айтқан сөзі ойға оралады. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу – жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз». Өз жерімізді өзіміз қадірлеп, қасиеті мен киесін ұғына білмесек, келер ұрпаққа нені аманаттай аламыз? Тәуелсіз екеніміздің бір белгісі мекен еткен Атамекеніміз емес пе? Қазақтың ұлан байтақ жеріне көз тігіп отырған жандар қаншама.
Сондықтан өз жерімізді өзгенің сұғанақ сөзінен де, көзінен де қорғау керек. Әрбір азамат, әрбір тұрғын ең алдымен өзінен бастап елін , жерін қорғап, қастерлеуді қолға алу керек. Туған жерімізді, табиғатымызды , өзен-көлдерімізді таза ұстауға, оған зиян шеккізетін дүниелерді жасамауға міндеттіміз. Себебі біз, осы жердің ауасымен тыныстап, суымен шөлімізді қандырып, тіршілік кешіп жатқан жаймыз бар. Аталған құндылықтарымызды болашақ ұрпақтың санасына сіңіріп, тәрбиелеуіміз керек.
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қазақ елі қайта жаңғырып, ата-баба арманы орындалып, тәуелсіз таңымыз атты. Осы жолда түрлі қиын да қыстау белестерді бастан өткеріп, соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өттік.
Тарихқа көз жүгіртсек:
1991 жылы Желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет Қазақстан Республикасы пайда болды.Тәуелсіздіктің көк туының желбірі мен асқақтата шырқалған әуезді Әнұранымызды есту үшін қаншама жан қыршынан қиылып, қаншама қан төгілді десеңіңізші...
Қазірігі таңда біз, сол Тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің ерліктерін асқақтата айтамыз және жырлаймыз.
Тәуелсіздігіміздің бастауына Желтоқсан оқиғасы үлкен жол ашты. 1986 жылы қазақ жастарының көтерілісі тарихта алтын әріппен жазылды. Елін сүйетін , елдің қамын ойлайтын, елдің болашағына алаңдайтын патриот аға –әпкелеріміз өз өмірін құрбан етті. Не үшін?.. Кім үшін?..Тәуелсіздік үшін! Жарқын болашақ үшін! Қазақ елі үшін? Сол күні алаңға шыққан аға-әпкелеріміз өрімдей жас, өмірдің қызығын әлі көрмеген жеткіншектер еді. Қашанғы орыс халқының қол астында өмір сүреміз? Қазақты қазақ басшысы басқарсын деп ұрандады. Қазақтың халін қазақ түсінеді, халықтың жағдайын жасайды деп үндеді. Ел болашағы үшін алаңдады. Сол алаңға шыққан Ләззат апамыз, Қайрат ағамыз, Сабира, Нұртай тағы сол сияқты мыңдаған студенттер үлкен ерлік жасады. Күшті серпіліс туғызды. Қаншама адамның қаны төгілді. Мұны біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Осындай аға-әпкелеріміздің батырлығына, ұлтжандылығына бас иеміз. Осы тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған басты міндет.
Тәуелсіздік күні қазақ елінің тарихындағы ең атаулы күн, қазақ халқының сан ғасырлық армандарының орындалған күні. Иә, бұл мереке-ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке. Ежелден қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Мұнан 30 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы –Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан даланың мына дархан төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі,нақты нәтижесі дейміз.
30 жыл бойы біз күн сайын және сағат сайын өз жоспарымызды іске асырып, жаңа Қазақстан –өз арманымыз бен үмітіміздің мемлекетін құрып келеміз.
Тәуелсіздік алған мемлекеттің ең алғаш жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі-елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын сайлап алу болды.
Елбасымыз өз сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер-еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені,бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі»-деп, баға берген болатын. Қазақ елінің азаматы өз рәміздерін білуге, оны қастерлеуге және құрметтеуге міндетті екенін әрдайым жадында ұстаса деймін.
Тәуелсіздігімізді паш ететін тағы да бір нысанымыз Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік монументі». 1995 жылдың 13-шілдесінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Алматы қаласында Тәуелсіздік монументін орнату туралы» Қаулысы жарық көрді. Тәуелсіздік монументін Алматы қаласындағы Республика алаңына орнатуға шешім қабылдады. Бұл шешім сәулет, мүсін өнерлерін , көрнекті ғалым, мәдениет және мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздерінің үзінділерінен біріктірген біртұтас көркем туынды болып шықты. Бұл ескерткіш өскелең жас ұрпағымыздың бойына күш-жігер беріп, оларды патриоттық сезімге жетеледі.
Егемендік алғалы бері Қазақстан өзін әлемге әйгіледі, бейбітшілікте өмір сүретін мемлекет ретінде танытты. Елбасымыздың дәстүрлі жолдауында халқымыз үшін маңызды мәселелеріне көңіл бөліп, олардың орындалуына баса назар аударуда. Соның нәтижесінде елдегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып келеді. Республикамызды әлем елдері таныды, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді, ең бастысы Конститутциямызды қабылдап, шекарамызды берік бекітіп алдық. Ақ ордамыз Астананы ел ордасына айналдырдық. Ұлттық теңгеміз өмірге келді. Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық кодымыз пайда болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Міне, 30 жыл зу етіп өте шықты. Осы жылдар кезінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әуелде әрине қайта құру біршама қиын болды. Бірақ біз қайсар халықпыз, бәрін жеңдік, жетістікке жеттік. Зауыт-фабрикаларымыз іске қосылды, шет елдермен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Көршілес елдермен достық байланыс жасалды. Спорт, әдебиет пен мәдениет, өнер барлық жанр бойынша жан-жақты дамыдық. Бүгінде бізді барлық елдер таниды, біледі деп айта аламын. Шет елдермен шекарамыз берік, тереземіз тең, еңсеміз биік. Отанымыз-Қазақстан. Біз қазақ болғанымызды мақтан тұтатын бақытты жандармыз. Бүгінде біз саяси жүйесі тұрақты, эканомикасы дамыған, бәсекеге қабілетті елміз.
Әрқайсымыз осы тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңге жалғайтын , қазақ елінің ертеңі , болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді сезіне білейік. Біз ұстаздар қауымы патриот жастарды тәрбиелеп өсіруге, оларға болашаққа батыл қадам жасап, жол сілтеуге дайынбыз.
Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Мен тәуелсіз елімді мақтан етемін!
2

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген