жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала "Алашқа 100 жыл"
«Алаш арыстарының асыл сөздері»
Ақтөбе қаласы,
№23 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
филология ғылымдарының магистрі
Баекина Аяжан Елеусізқызы
Бүгінде қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай-қайсысы болсын, ұлтқа барын салып қызмет етуді басты мұрат еткен.Соның бірі «Ұлт ұстазы», Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1926 жылы Қызылорда қаласында баспа бетін көрген «Әдебиет танытқыш» еңбегінде әдебиет туралы «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауызша шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша «әдебиет», қазақша «асыл сөз» дейміз» деп жіктеп береді. Адамға рухани қажеттілік – сөздің асылы ғана дегенге саяды. Яғни Ахаңның бұл сөзін бастама ретінде алып отырған себебім – өзім тіл маманы болғандықтан Алаш зиялыларының аузынан шыққан, көкірегін жарып шыққан тамыры терең, мағынасы кең асыл сөздерінің бірсыпырасын жинақтап, талдап көрсек деген ой болатын. Әрине, Алаш зиялыларының асыл сөздерін жіліктеп, майын тауысып, жілікше шағу мүмкін емес, «олардың нақты саны мынадай» деп те тұжырым жасауға болмайды. Осы тұрғыда Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі 25 Алаш арыстарының қанатты сөздері мен ой-толғамдары топтастырылып, жинақталған кітаптың жарыққа шыққанын мақтанышпен айта аламын. Бұл істі атқаруда еңбек сіңірген жүрегі «Алаш» деп соққан қазақ азаматтары Серік Жолдасбай мен Берік Уәли және Еркін Ерланұлы ағаларымызға айтар алғысымыз шексіз.
Күллі әлемде, әдебиет пен саясатта, жалпы қоғамда түрлі ғұламалардың, қайраткерлер мен саясаткерлердің қанатты сөздерін цитата ретінде беру, әңгімеге арқау ету дәстүрі ежелден бар. Біздің де атқамінерлер мен зиялы қауым өкілдері Мұстафа Кемал Ататүріктің, Махатма Ганди мен Джорд Вашингтонның, Ф.Рузфельттің, атағы алысқа кеткен шетелдік жазушылар мен ғалымдардың астары терең, мағыналы сөздерін жиі пайдаланып жатады. Бірақ, кейде сондай астарлы, мағыналы сөздғр айтқан ғалымдар өзімізде жоқ па деген ой туындайды? Неліктен өзіміздегі қазынаны назардан тыс қалдырып алып жатамыз? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенге саятын іс бұл. Бәлкім, бұл жағдай қайраткерлердің қоғам, саясат, мемлекет сияқты маңызды тақырыптарға қатысты айтқан пікірлерін дер кезінде жинақтай алмағанымыздан да туындап жатқан шығар.
Жалпы қазақ афоризмдері жайында құнды еңбек жазғандардың бірі – ақын, рәмізтанушы, аудармашы Ербол Шаймерденұлы. Ол «Қазақ афоризмдері» деп аталатын еңбегінде афоризмге мынадай сипаттама береді: «Оның басты шарттары – өмірлік құбылыстар мен адамдардың іс-қимылына, мінезіне деген көзқарастағы анықтық, ой шындығына адалдық, пікір жинақтап қорыту мен түйін жасаудағы логикалық жүйелілік және ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Ол – өмір тәжірибесін барынша ықшам (түр) әрі өте жинақы (мағына) кескіндеу құралы. Бұл жүйеде, әдетте, образдан гөрі ойға көбірек салмақ салынады, суреттеуден гөрі салыстыруға, өрнектеуден гөрі ойласуға басымырақ көңіл бөлінеді».
Жалпы «ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалықты» 1913 жылы жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің беттерінен жиі кездестіреміз. Мәселен, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзінің өзі неге тұрады? Шын мәнінде қанша жерден білімді болып тұрса да, жеме-жемге келгенде адамның мінезі басты рөл ойнайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Өкінішке орай, біздің саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдеріне Әлекең айтқан «мінез» жетіспей жататыны жасырын емес. Әйтпесе олардың білімі кешегі өткен асылдардан артық болмаса, кем емес еді ғой. Айтпақшы, Ататүріктің «Мен диктатор емеспін. Менде күш бар екендігі айтылып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Менің ойға алып, орындамаған нәрсем жоқ. Өйткені, мен зорлықпен және мейірімсіздікпен әрекет етуді білмеймін. Мен адамдарды ренжіту емес, олардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалаймын» деген аталы сөзі бар. Бұл арада Ататүріктің «күшімен» Әлекеңнің «мінезі» бір-бірімен қабысып отырғанын байқауға болады.
Сонымен Әлихан Бөкейханның кезекті афоризміне кезек берсек. Ол: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді. Әлекеңнің аталған сөзі соңғы кезде жиі тілге тиек етіліп жүр. Демек бұл афоризмнің мағынасы «өмір тәжірибесін барынша ықшам (түр) әрі өте жинақы (мағына) кескіндеу құралы» болып табылады. Айтпақшы, Ә.Бөкейханұлының бұл сөзі Джордж Вашингтонның «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлауымыз керек?» деген сөзімен үндесе ме, қалай өзі? Жалпы алғанда бір-бірінің орнына қолданса, артықтық етпейтін сияқты. Өкінішке қарай, Әлихан «хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзінің мағынасын дұрыс түсінбей жүргендер бар.. Бұл арада Әлекең хан ұрпақтарының қазақтың алдында қарыздар болғанын айтып отыр. Өйткені ғасырлар бойы қараша халық төбесіне көтерген хан ұрпақтары шен-шекпенге сатыла бастаған-ды. Осы сөзін іс жүзіне асырған ол жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыруға әрекет етті.
Сонымен қатар Ахмет
Байтұрсынұлының асыл сөздері де жеткілікті.
Оның «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай
һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға
кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында
жұмыс істеу керек», «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша
тәрбиелесең, құл болмақшы», «Қазақ жазушылары өзі-нің
шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек» деген сияқты
көптеген қанатты сөздері бар. Сондай-ақ, Ақаңның «Ақ болсын, қызыл
болсын, маған бәрі бір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана
жақтаймын» деген тамаша сөзі бар. Міне дәл осыған ұқсас сөзді
Иранның діни көсемі Аятолла Хомейни «Мен дінім үшін шайтанмен де
жұмыс істеуге әзірмін» деп жазып қалдырған екен. Осы ретте Аятолла
Хомейнидің «дінім үшін» дегенін «ұлтым үшін» деп түсінсек артық
болмайтын сияқты. Жалпы қос рухани көсем - А.Байтұрсынұлы мен
Аятолла Хомейнидің сөзінен ұлты үшін кез келген тәуекелге бара
алатынын байқаймыз. Мәселен, Ахаң «Қазақ мүддесін көздейтін
үкіметті ғана жақтаймын» десе, ал Иранның діни көсемі діндар бола
тұра «дінім үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» деп ағынан
жарылады.
М.Дулатұлын білетіндер оның өте шешен, ділмар адам болғанын айтады.
Жиналған жұртты ұйып тыңдатарлық қасиет М.Дулатұлына атаның
қанымен, ананың сүтімен дарығаны анық. Олай болмаса небәрі жиырма
бес жасында «Оян, Қазақ» деп, жұртын қараңғылық қапасынан алып
шықпас еді ғой. Міржақып 1907 жылы «Қазағым менің, елім менің! Ең
алдымен қазақ халқы – Ресейге тәуелді халық. Оның ешқандай
правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» деп ашынса, арада он жыл
өткенде «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл
едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ.
Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған
жауыз үкіметтің өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас
қара сапарға кетті» деп алты алаштан сүйінші сұрайды. Сондай-ақ
алаш ардақтысының «Автономия алу – мемлекет болды дегенмен бірдей.
Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз. Бірақ «боламыз»
бен «болудың» екі арасы – жер мен көктей. Сондықтан «боламыз» деген
соң, болуға аянбай қам қылу керек», – деген сөзі
атақты.
Жалпы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының қанатты сөздерінен кейін Ж.Аймауытұлының сөздеріне назар аудару қажет. Өйткені Аймауытұлының афоризмдері өте әсерлі шыққан. Мәселен «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі», «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақын-датып тәрбиелеу керек», «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын», «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген қанатты сөздері өзге жұрттың қай ойшылынан кем? Ж.Аймауытұлы Түркияны бекерден бекер «Ұлтшыл жұрттардың» қатарына қосып отырған жоқ. Осы ретте Ататүріктің «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз», – деген сөзі еске түсіп отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Алаш арыстарының арасында көпшілік біле бермейтін көптеген тұлғалар бар. Солардың бірі қазақтың тұңғыш заң магистрi, Алашорда өкiметi-нiң мүшесi, анығында министрі Жақып Ақбаев. Ол Қарқаралыдағы халық манифесiнде «Мен сендердiң мұң-мұқтаждарыңды жоқтау үшiн әдейi қызметтен босап, басымды азат етiп келдiм» деп айтқан. Жалпы жас күрескердiң халықтың “мұң-мұқтаждарын жоқтамай-ақ” жоғары шенді қызметiнде тып-тыныш жүре беруiне болар едi. Әйтсе де ол ең бiрiншi орынға өзiнiң мансабын емес, қазағының мәселесiн қойды. Сондай-ақ оның «Мемлекеттiк Думаның пәрменiнсiз қазақтар бiр сүйем де жер бермейдi, қарсылық көрсетуге дайын. Күш жұмсайтын болсаңдар, мен осы жер үшiн өлуге бармын», – деген афоризмін әсте назардан тыс қалдыруға болмайды.
Былайғы жұрт Жанша және
Халел Досмұхамедұлын ағайынды деп ойлауы бек мүмкін.
Әйтсе де олар ағалы-інілі бауырлар емес.
Бірақ Жанша және Халелдің арасында татулық, бауырға бергісіз достық
қарым-қатынас болған. Міне осы «екі достың» бірі Жанша
Досмұхамедұлы «Біз тап-қа, жікке бөлінбейміз. Біз өзге халықтармен
қатар өмір сүре отырып Қазақ автономиясын құруға тиіспіз» десе,
Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы
сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең,
бұл – күйініш» деп, тіл туралы тұщымды пікірін білдірген.
Ұзын сөздің қысқасы, алаш айтқан асыл сөздер біздің саясаткерлер
мен зиялы қауым өкілдерінің арланбай айтып жүруіне болады.
М.Ататүрік пен Ф.Рузвельттен мысал келтіргенде өзін зор сезініп, ал
алаштың қанатты сөздерін ауызға алғанда өзін қор сезінуді қою
керек.
Себебі, Алаштың сөзі – бүгінгі ұрпаққа аманат. Алаш айтқан сөз жер, тіл, дәстүр және ұлтымыздың басты құндылықтары болды.
Ендеше, барымызды бағалайық, қолда бар алтынның қадірін білейік, Алаш арыстарының асыл сөздерін жүрегіміздің түкпіріне жайғастыра, көңілге тоқи білейік. Ұлтымыздың ұлы тарихынан сыр шерткен Алаш идеясының 100 жылдық мерейтойы құтты болсын, ағайын!
Енді осы орайда «әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» дегеннің кебін кимейін деп, онсыз да көрінгенге жыр арнап қалам тербеп жүргесін бүгінгі Алаш азаматтарын еске алу шарасында, ұлы мерекеде бір жыр шумақтарын арнамау өзіме сын, әрине. Ол менің қолымнан келетін азаматтық борышым, ата-баба алдындағы адал ұрпақтық парызым деп білемін.
Соқты «ұлтым» деп Алаш ұлдың жүректері,
Бір болды мақсаты мен тілектері.
Кейінгі ұрпақ сезінер ме жүрегімен,
Арыстардың сонда қалай күнелткенін?!
Торлағанда халықты азапты мұң,
Жанын салды оятпақ боп қазақ ұлы.
Әлихан, Міржақып пен Ахметтер
Болмаса, туар ма еді азатты күн...
Ұйқысыз түн өткерді елді ойлаумен,
Көзін ашты халықтың кенді ойлармен.
Алаш туын биікте ұстап мәңгі
Халқы үшін бетпе-бет келді ажалмен.
Тәуелсіздік таңы атып, туды азат күн,
Бірлігінің арқасында ұлы Алаштың.
Арыстарын ұмытпау, ұлықтауы-
Азаматтық борышы әр қазақтың.
Алаш ұлы! Мың тағзым өр рухыңа,
Бой түзеді ел рухани жаңғырып!
Алашымның арыстары өлмейді,
Қазақ барда, елім барда Мәңгілік!
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Серік Жолдасбай. «Алаш арыстары айтқан асыл сөз» (Мақала). «Жебе» газеті, 2013 жыл

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген