жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала "АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ"
Ерболаева Лязат
Айгалиевна
Ұстаз болу – бала күнгі арманым еді. 4-сыныпқа келгенде (ол кезде 4-сынып жоғарғы сынып болып есептелетін) қазақ тілі пәнінің мұғалімі «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Сол кезде ойланбастан бала көңіліммен : «Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын» деп жазып едім. Сол бала күнгі арманым мен әке арманы қабыл болып, осы күнге жеттім деп ойлаймын.Әкем марқұм «Мұғалім болыңдар», «Шіркін, мұғалім деген жақсы ғой» деп отырушы еді. Сондықтан болар бір отбасынан төртеуіміз бірдей ұстаздық мамандықты таңдағанымыз.
Сонау 1979 жыл еді... Ол кезде аттестатты бермейді, себебі ол кезде шопандар, сауыншылар, трактористер бригадалары бар. Сонда 2 жыл еңбек етесің, содан кейін ғана аттестатты қолыңа ұстататын. Бір сыныпта жақсы оқыған екі, үш оқушы ғана оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сол бақыттың бірі маған бұйырғанына әлі күнге дейін ризамын. 1979 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ақсу қой совхозындағы ауданға, облысқа мәлім Ю. А. Гагарин атындағы орта мектептің 10-сыныбын жақсы аяқтап, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ бөліміне оқуға қабылдандым. Сондағы өзім мен ата-анамның, бауырларымның қуанғанын айтып жеткізу мүмкін емес... 1983 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, Талдықорған облысы, Ақсу ауданының Қарасу орталау мектебінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Танымайтын, бұрын көрмеген жерде мектеп директоры Досаев Тұрсынбек ағай ерекше бір жылылықпен қарсы алды. Ауылдың шағын мектебі болса да мен ол мектептен көп нәрсені үйрендім: сынып жетекші, пионервожатый, комсорг, профком,оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі сияқты жұмыстарды атқара жүріп әрі ұйымдастырушы, әрі мұғалім ретінде қалыптастым.
1979 жылы отбасы жағдайына байланысты Сарқан ауданы, Сарқан қаласындағы небір жақсылар мен жайсаңдарды, ғалымдар мен ақындарды тәрбиелеп шығарған үлкен қара шаңырақ – Абай атындағы мектеп-гимназияға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналастым. Сол кездегі мектеп директоры Дүйсенбинова Жансая Даниярқызы аса бір жылылықпен қарсы алып, үлкен сенім артты. Бәлкім, ұлы ақынның аруағы қолдаған болар, әрі өзімнің бала күннен бойыма ата-анамнан сіңген қасиет – еңбекқорлығыммен қабыса келе менің ұстаздық жолымдағы жұлдызды сәттерім басталғандай еді. Сол кезде аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебі: 1500 - ге тарта оқушысы, 100-ге тарта мұғалімі бар жаңа орта мені өзіне үйіріп әкете берді.Сынып жетекші бола жүріп шәкіртпен бірге қуанып, шәкіртпен бірге өстім. Тынымсыз еңбектің арқасында оқушылар мені, мен оқушылырды жақсы көретін жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болдым. Сол кезеңдердегі өткізілетін мазмұны терең байқаулар, педагогикалық оқулардың аудандық, облыстық, республикалық кезеңдеріне қатысып, жүлделі І, ІІ,ІІІ орындарды иеленуім менің мектеп ұжымы мен аудан мектептерінің арасындағы абыройымды асқақтатты. Атап айтсам: М.Мақатаевтың мерейтойына орай өткізілген «Халқымның жүрегінде жыр-дастаным» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияда облыстық білім басқармасының І дәрежелі дипломы, «ХХІ ғасырдағы орта білім сапасы: ізденістер, проблемалар, даму көкжиектері» атты екінші облыстық педагогикалық оқуда облыстық білім департаментінің ІІІ дәрежелі дипломы, жеткіншек ұрпақты оқытудағы табысты еңбегі үшін облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы, «Ғ.Мүсірепов – көркемсөз зергері» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған мазмұнды баяндамасы үшін облыстық білім департаментінің мақтау қағазы, Ы. Алтынсариннің 100 жылдығына арналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің «Жүзден жүйрік» байқауында облыстық мұғалімдер кәсібін дамыту институтының құрмет грамотасы, «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауында облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы, облыстық педагогикалық оқудағы шығармашылық белсенділігі үшін облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы, «Бала – өмірдің гүлі» атты І Республикалық оқушылар фестиваліндегі жасөспірімдерді оқытудағы еңбегі үшін «Бейбітшілік әлемі» президентінің алғыс хаты, аудандық «Жыл мұғалімі» байқауында бас жүлде, «Білім беру технологияларының нәтижеге бағдарланған білім берудегі ерекшеліктері» атты аудандық педагогикалық оқуда І орын, «Білім сапасын арттырудағы игі істер мен ізденістер» атты аудандық педагогикалық оқуда ІІІ орын, аудандық қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің байқауында І орын, «Көңілі – күй, жүрегі – жыр Мұқағали» атты аудандық байқауда ІІ орын, жыл сайын оқушыларды ҰБТ-ға жан-жақты даярлап, нәтижеге жеткені үшін аудандық білім беру бөлімінің құрмет грамоталарымен марапатталып отырдым. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, түрлі байқаулар мен семинарларға қатынасып, шығармашылығымды шыңдай түстім. Соның нәтижесінде 24.10.15 жылы «Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі» төсбелгісімен марапатталдым. Бұның барлығы менің мектеп пен ауданның білім сапасының өсуіне қосқан үлесім деп мақтанышпен айта аламын.
Осындай байқауларға өзім ғана қатысып қоймай, шәкірттерімді де бірге ала жүріп ата-ана алғысына бөлендім.Ұстаз үшін шәкірт пен ата-ананың қуанғанынан артық бақыт бар ма?... Еңбек еткен жылдарымда оқушыларымды КҒА, «Дарын», «Жарқын болашақ» және қазақ тілі мен әдебиетіне арналған түрлі бағыттағы оқулар мен пәндік олимпиадаларға қатыстырып келемін. Олар: Ескендірова Айнұр – облыстық Жамбыл оқуының, республикалық «Шаңтимес» байқауының ІІ орын иегері; Ахметова Нұргүл–ҮІІІ республикалық КҒА-ның ІІІ орын жүлдегері, «Алтын белгі» белгісінің иегері; Есенбеков Алмат – облыстық «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Жас ақындар» бағытының ІІІ орын иегері; Жетпісбаева Әсел – облыстық «Жарқын болашақ» олимпиадасы мен Республикалық «Ы. Алтынсарин» олимпиадасының 70% жеңілдік иегері. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Алматы қаласында мұғалімдік қызмет атқаратынын мақтанышпен айтқым келеді. Бекболат Мөлдір – «Бала – өмірдің гүлі» атты І Республикалық оқушылар фестивалінде Алтын дипломмен, аудандық «Дарын» байқауынан бас жүлде, облыстық «Дарын» байқауында жерлес ақынымыз Ә. Абайділданов жайлы «Жүрек сырын жырмен өрген» атты ғылыми зерттеу жұмысы қазылар алқасының шешімімен жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Шаймуратова Гүлжан – аудандық «Ілияс оқуларының» жүлдегері, С. Демирель атындағы университет олимпиадасының жеңімпазы, «Алтын белгі» белгісінің иегері. Қазіргі таңда таңдаулы оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінің І курс студенті. Тағы бір талантты шәкіртім – Бейсенхан Самал. Облыстық Махамбет оқуларының «Ел құтқарар ер едім» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом, облыстық ХІ Дельфиялық ойындарының «Журналистика» бағыты бойынша ІІ дәрежелі диплом, облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының «Тілші-әдебиетшілер» конкурсы бойынша ІІІ дәрежелі диплом, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тарихқа тағзым» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауында ІІІ дәрежелі диплом және 40 000 мың теңге сыйлықты иеленді, Сулейман Демирель атындағы университет олимпиадасының 100% жеңілдік, ішкі ГРАНТТЫ ұтып алып өз білімін дәлелдеді және «Ерекше үлгідегі» аттестат иегері атанды. Қазіргі таңда екінің бірінің қолы жете бермейтін Сулейман Демирель атындағы университеттің филология факультетінің І курс студенті. Енді зейнеткерлікке 3-4 жыл қалғанда дайындап жүрген екі оқушым бар. Олар: 9-сынып оқушысы Серғалы Гүлім – аудандық «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Жас ғалымдар» бағыты бойынша бас жүлде, облыста Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлыққа ие болды, сондай-ақ облыстық КҒА- ның жүлдегері және ғылыми жобасы ҚР КҒА-ның ХХҮІ облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясының тезистер жинағына енді; 6-сынып оқушысы Бектемисова Фатима екі жыл қатарынан аудандық Ілияс оқуларының ІІ орын иегері болып жүр. Фатиманың болашағынан үлкен үміт күтемін.
Бұл 34 жылдық ұстаздық жолымдағы аты аталған санаулы ғана шәкірттерім. Олар республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. 34 жыл... Бұл бәз біреулер үшін аз болып та көрінуі мүмкін. Ал мен үшін қатардағы қарапайым мұғалімнен ұлағатты ҰСТАЗ деген атқа ие болу жылдарым. Алайда осынша жетістіктерім бола тұра аудандық білім бөлімі тарапынан осы уақытқа дейін білім және ғылым министрлігінің марапатын немесе «Ы. Алтынсарин», «Оқу ісінің үздігі» сияқты марапаттарға ұсынылмауым әрине, мені қынжылтады. Бірақ менің басты мақсатым – өзімнің шығармашылық ізденісімді тоқтатпай, шәкірттерімнің талабын шыңдай беру.
Халқымыздың ұлы ағартушысы, тамаша педагог Ыбырай Алтынсарин: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы, тамаша жақсы педагогика құралдары да, оқытушыға тең келе алмайды»,- деп, ұстаз туралы келелі ой түйген, өйткені пәнді меңгеру бар да, оны оқушы санасына жеткізе сіңіру бар. Сонда ғана мұғалім оқытушы дәрежесіне көтеріле алады. Адам баласы ізденуді, оқуды тастаған сәттен бастап бәрінен сырттадым дей беруі керек. Сондықтан өмірге деген сеніміңді жоғалтпа. СЕНІМ – жеңіске жеткізетін үлкен күш.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген