жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала: Бала тәрбиесі
Бала тәрбиесі
«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген халық ұрпағының өсіп-жетілуіне, тәрбиесіне барынша жағдай жасауға тырысқан.
Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі, болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі білім тәрбие арқылы беріледі.
Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ... бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», - деп айтып кеткен ғой. Біздің данагөй халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін болашақ тәрбиесі деп түсінген. Сол себепті, жаман мінез, қылықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға - қырық үйден тыю» салған. Бұл және де біздің қазақ ұлтында бала тәрбиесінің бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, ол бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді.
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Иә, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Осы қағиданы нақты ұғынған Елбасы да «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп әрдайым айтып келеді.
Мұғалім білім береді… Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға –ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.
Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді. «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар. Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» депті педагог С.Макаренко.
Ата-ана жиналысқа келуге міндетті. Осы орайда ата-ананың міндетіне жататын біршама жауапкершілікті ортаға салайық. Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті; жүйелі білім алуына көмектесуге міндетті; ұдайы ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғалімімен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті; баланың өміріне, оның денсаулығына зиян келтіретін заттарды қолданбауын, олардың зиянды екенін түсіндіруге міндетті; «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.
Баланы жалғызсыратпау. Қазіргі өмір қат-қабат шаруаға толы. Көп балалардың ата-әжесі жок, әке-шешелері таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Сол себепті өте жастары күндіз балабақшада, мектеп жасындағылар сабақтан соң үйде жалғыз қалып, өмір сүруде. Жасыратыны жоқ, жұмысбасты ата-аналардың кешкі, түнгі демалысында да баласына тиісінше назар аударуларына уақыты, мұршасы жетпейді. Содан көп бала өз бөлмесінде өзімен өзі ойнайды, жалғыз отырады. Олардың ас дайындап, кір жуып, үй жинап жатқан анасынан сұраған сауалына да алып жатқан жауабы мардымсыз. Яғни, көп ата-ана жұмыстан кейін де жас баласымен отырып әңгімелеспейді, оларды ешнәрсеге үйретпейді, ойнатпайды, ертегі айтып бермейді. Жас баланың жүрегі таза айна тәрізді. Ол алдында тұрған, өзі көрген нәрсені, жағдайды тез қабылдайды, жақсы, жаманның не екенін өз бетінше айыра алмайды.
Баланы жазалаған дұрыс па? Бірқатар ата-аналар баласын жөнге салу үшін оларды әлі күнге дейін ұрады, оларға ұрсады, әртүрлі тиымдар салады. Этнограф Жағда Бабалықұлының айтуынша, дүниеде адамды ұрып-соғу тәрізді жазалардың жүз жиырма түрі бар. Ал баланы жазалау дегеніміз оны міндетті түрде таяққа жығу емес. Ата-ана тарапынан бір нәрсеге рұқсат бермеу, шектеу қою, өкпелеу, сөйлеспей қою да жаза түрлеріне жатады. Негізінде, жазалаудың тәрбиелік ықпалы болатын да жақтары баршылық. Мысалы, Сіз балаңыздың жеңіл-желпі бұзықтығына мән бермей, кешіре салсаңыз, ол өзінің осындай іс-әрекеттерінің елеусіз, жазалаусыз қалатынына сеніп, оны қайталай беретін болады. Сонан жеңіл-желпі бұзақылық үлкен тентектікке де ұласады. Алайда есте болатын бір жағдай, баланы үнемі қатал тәрбиелеп, оның әрбір әрекетіне жөнсіз ескерту жасай бермеңіз. Мұндай бала жасқаншақ болып өседі. Және де орынсыз айтылған сын-ескертулер баланың өзін-өзі бағалауын, өзіне деген сенімділігін де төмендетеді. Олар өскенде өз бетімен әрекет жасауға қорқады. Ата-анасы үнемі кемшілігін көріп, ұрсу ести берген баланың көп іске деген ынта-ықыласы мен құштарлығы да жойылады.
Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқаны анық.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген