жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Мақала Бастауыш мектепте лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту әдістемесі
Бастауыш мектепте лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту әдістемесі
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет саяси реформалар мен экономикалық дамуға ерекше мән бергенімен, дәл қазіргі уақытта білім саласын жаңарту мен рухани жаңғыру мәселелері күн тәртібіне қойылып отыр. Рухани жаңғыру арқылы ұлтымыздың тарихи санасына қозғау салып, тарихи тізбекке жалғап, бәсекеге қабылеттілік пен ұлттық біртұтастығымызды нықтап, жаңа заманға бейімделген шығармашыл тұлғаның дамуына ықпал етуде. Рухани жаңғырудың басты шарттарының бірі – білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу болса, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл туралы былай делінген: «... табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек... Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Мемлекетіміздің болашағы бала тәрбиесіне тікелей тәуелді болғандықтан, бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, білім сапасын жақсарту заң жүзінде жолға қойылған. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында: «Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды игеріп, ғылым мен практика жетістіктеріне негізделген білім алулары керек», деп жазылған. Сондықтан да, еліміздің ұстаздары оқытудың жаңа технологияларын белсенді қолданып, білім беруді ақпараттандырып, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге жалғану арқылы оқытуды сапалы да сауатты деңгейге көтеріп, жас ұрпақтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Еліміздің жас ұрпағын әлемдік өркениетке жалғап, білім, ғылым нәрімен сусындататын, оқытудағы жаңалықтармен таныстырып, бәсекеге қабылетті, шығармашыл тұлға дайындайтын білікті маман – мұғалім болғандықтан оларға қойылатын талап та өте жоғары. Сондықтан да мектеп мұғалімдері заман талабына сай әрдайым білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін шыңдап, зерттеушілік қабылеттерін дамытып, әдістеме саласындағы тың жаңалықтарды үнемі меңгеріп, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Осындай тынымсыз ізденіс үстіндегі білікті мамандар ғана қазіргі жаңартылған білім жүйесінің қыр-сырын дұрыс түсініп, оқушының санасына сіңіре алады. Қазіргі ұстаз білім үйретуші ғана емес, ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік, сараптамалық қабылеттерін де бойына жинаған бесаспап маман болуы шарт.
Қазақ тіл білімінің лексикология саласын оқыту аса маңызды қызмет атқарады. Лексиканы оқытудағы мақсат-оқушыларға тіліміздің сан қырлы сөз байлығын меңгерту, сөз сырына үңілту және сөздік қорымыздың небір өнегелі нақыл, мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері арқылы оқушыларды адамгершілік, ізгілік, имандылық қасиеттерге баулу болып табылады.
Оқушының сөздік қорының дамуы, сөздерді дұрыс және мағыналық тұрғыдан дәл қолдана білуге жаттығуы, бейнелі әрі әсерлі сөйлеу дағдысы, жазба жұмыстарында өз ойын анық та айқын жеткізе алуы,стильдік қателерді көп жібермеуі лексиканы жетік меңгеруден қалыптасса керек. Сондықтан да лексика тақырыбын меңгерткенде жаңа технология түрлерін сабақта қолдану арқылы оқушыларға адамгершілік, имандылық тәрбие бере отырсақ, мақсатымыздың бір баспалдығына көтерілген болар едік. Оқушыға тілдегі сөздердің мағынасы мен мәнін меңгертудің маңызы зор. Себебі өзі өмір сүріп отырған қоғам мен ана тілінің, тіл мен мәдениеттің өзара байланысын түсінуде оның ықпалы мол. Халықтың рухани мәдениеті мен салтын, халықтық педагогиканы сана-сезімдеріне сіңіре отырып, оқушы барлық адами жақсы қасиеттерге тәрбиеленеді. Қазақ лексикалогиясын меңгеру арқылы оқушы тілдің небір терең қабаттарындағы тылсым қырларын меңгеруге мүмкіндік алады. Сөз мағынасындағы түрлі мағыналық реңктерді меңгерген оқушының сөйлеу мәдениеті де, ақыл ойы да, сана-сезімі де, адамгершілігі де жоғары болмақ.
Әдіскер А.Айғабылов лексиканы оқытудың маңызын былайша дәйектейді: «Ана тілінде сөйлей білген адамның барлығы да сол тілдің заңдылықтарын, қыр-сырын, сыр-сипатын толық біле береді деуге болмайды. Сондықтан лексиканы оқытудың прафилактикалық маңызы зор. Оқушы сөз жүйесін түсіну арқылы оның айтылу (орфоэпиялық), жазылу (орфографиялық) нормасын саналы түсінуге, әр сөздің орынды қолданысын білуге, мәнерлі сөйлеуге, көркем әдеби тәлдің бейнелі әуезділігін, әсерлігін түсінуге дағды алады. Лексиканы оқытудағы мұндай талаптар жастарды дұрыс сөйлеу, ойын жеткізіп айта бәлуге тәрбиелеу мақсатын қояды, өйткені тіл заңдылықтарын, ережелер мен анықтамаларды үйрете отырып, тілдік фактіні меңгеру бар. Сондай-ақ оның күнделікті қатынас құралы ретінде қажет болатын қыр-сырын түсіндіру керек».
Лексиканы оқытқанда әрбір лексикалық категорияларды түсіндіру лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны қатар қойып салыстыру арқылы жүрсе ғана ұтымды. Былайша түсіндіру лексикалық мағынаны ашуға көмектесумен бірге, оқушылардың грамматикалық ұғымдарды дұрыс ажыратып, сөздердің қолданылу аясын терең түсінуге мүмкіндік жасайды. Лексиканы оқыту кезінде мұғалім оқушыларды сөздікпен жұмыс істей білуге үйрету керек. Сөздердің шығу тарихын, сөз мағыналарын сөздіктерді қолдана отырып меңгерту оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Әдебиет сабағында өткен тақырыптардың ішінен түсініксіз сөздерді тапқызып,сол сөздердің мағынасын сөздіктен таптырып отырса, пәнаралық байланыс жүзеге асып,оқушылардың белсенділігі артады.
Сөз мағынасын түсіндіргенде сөз бен ұғымды түсіндіру, сөз біткеннің бәрі мағына бере бермейтіндігін де айтып отырған жөн. Омоним, антоним, синоним сөздерді өткен кезде көбіне СТО технологиясының салыстыру әдісін және сол сөз мағыналарына тән ерекшеліктерді көрсету үшін топтастыру әдісін пайдалануға болады. Мұғалімнің көркем әдебиеттен мәтіндерді оқып, синоним сөздерді тапқызып, орнына басқа синонимдес сөздерді қойғызып, мәтіннің көркемдік ерекшелігіне талдау жасатқызуы да өз нәтижесін береді. Синоним сөздерді мағыналық реңкінің өзгеруіне қарай қойғызу, сөйлем ішіндегі синонимдерді басқа сөздермен алмастыру, оның өзгеру процесін дәлелдету тәрізді жұмыстарды орындатқан тиімді. Оқушы сабақта өздігімен жұмыс істемейінше, оның білімі берік болады деу қиын. Сондықтан лексиканы оқытуда оқушылардың өздігінен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін Ж. Қараевтың «Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының» маңызы зор. Баланың танымдық ойлау қабілетінің дамуына деңгейлік тапсырмалардың тиімді әсер ететіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Деңгейлік тапсырмаларға қатысты талаптардың мәні зор. Әр деңгейдің талап-тілегін қамтитын түрлі тапсырмалар арқылы оқушының білім көлемінің қай деңгейге сай келетіндігін анықтауға болады.
1 деңгей - оқушылық деңгейде өтілген тақырыптың ережесін, анықтамасын білу талап етіледі. Мысалы, антоним сөздерді теріп жазу тапсырылады.
1.Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа,
Жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа. (мақал).
2.Дос жылатып айтады,
Дұшпан күлдіріп айтады. (мақал).
3.Жоқ кездегі дос – дос,
Бар кездегі дос – бос. (мақал).
4.Жаңа дос жаныңда жүргенде,
Ескі дос есіңде жүрсін. (мақал).
5.Аз қайғыны ас басады,
Көп қайғыны дос басады.
(мақал).
Осы мақал, дана сөздерді оқу арқылы оқушы біріншіден, өмірдің екі жағын – ақ-қара, жаман-жақсы деген ұғымдарын терең түсініп, ой түйеді, достықтың өмірде алатын орны ерекше екенін, адал достық пен амал достықтық ара-жігін ажыратып, дос таңдауда қателеспеуге бейімделеді. Жаңа ортаға барып жаңа адамдармен достасқанда, ескі досты ұмыт қалдырмау керек екенін ұғынады.
2 деңгей - алгоритмдік деңгейде өз білімдерін түрлі өзгертілген жағдада қодана білуі,оқу материялын талдау іскерлігі талап етіледі.
Бір дыбыстан басталатын антоним сөздерді жазу.
Үлгі: Ж - жақсы, жаман. А -; Б -; С -; Ш -;
3 деңгей - ізденімдік деңгейде оқушылар танымдық-ізденімдік сипаттағы тапсырмаларды орындайды. Бұл деңгейде де берілген тапсырманы әр оқушы орындау барысында, өзіне мағыналы ой түйетіндей етіп берген жөн. Мысалы
- Достықтың неше түрі бар?,- деп бір данышпаннан сұрапты.
- Төрт. Бір дос бар, нәр беретін азықтай – оларды күнделікті қажетсінесің. Бір дос бар, дәрі іспеттес. Жаныңның шипагері бола алады. Бір дос бар, басыңа қонған дерт сияқты. Олар бірдеңе қажет болғанда өздері-ақ сені тауып алады. Сонымен қатар, достықтың ерекше түрі бар – ауа сияқты. Олар әрдайым көріне бермейді, бірақ та олардың әрқашан да сенімен бірге екенін біліп жүресің!
деген әңгімені ала отырып, мұғалім оқушыларға нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досымыздың қайғысы мен қуанышына, тоқ күні мен аш күнінде барге болып барлық істе қолдау білдіру деген сөз. Дос табу оңай, ал оны сақтап қалу қиын. Өзі шынайы дос бола білген адамның достарыда көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді. Күнделікті өмірде көңіліңе шапағат сәулесін шашып, сенің төрт құбылаңды тең ететін айналаңдағы достарыңның басы бұзылмағыны қандай жақсы. Мұғалім осыны түсіндіре отырып оқушыларға өмірлік тәрбие береді. Ал бұл орайда оқушыларға Жаман дос қандай болады? Жақсы досты қалай таңдаймыз? деген сұрақтарды қоя отырып, олардың ізденімдік, танымдық қабілеттерін арттыруға болады.
4 деңгей - шығармашылық деңгейде оқушылар өз бетімен зерттеушілік әдісті пайдаланып,білімдерін қалыптан тыс шығармашылық жағдайында қолдана білуге жұмыстанады.
Тапсырма. «Жақсылық пен жамандық» тақырыбында антоним, синоним сөздерді қатыстыра отырып, шағын әңгіме құрастырады.
Лексиканы деңгейлеп оқытудағы орындалатын тапсырманың түрлерін мынадай топқа бөлуге болады:
1.Білімділік тапсырма;
2.Проблемалық тапсырма;
3.Пәнаралық тапсырма;
4.Шешендік тапсырма;
5.Танымдық тапсырма;
6.Интеллектуалдық тапсырма.
Лексиканы деңгейлеп оқытудағы орындалатын тапсырманың әрқайсысы оқушылық, алгоритмдік, ізденімділік, шығармашылық деңгейлермен тығыз байланысты. Оқушылық деңгейде білімдік тапсырмалар; алгоритмдік деңгейде пәнаралық тапсырмалар; ізденімділік деңгейде проблемалық, шешендік; шығармашылық деңгейде танымдық, интеллектуалдық тапсырмалар орындалады.
Қорыта келгенде деңгейлік тапсырмалар орындау негізінде оқытудың тиімділігі:
-
оқушы өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады ;
-
оқушының жеке қабілеті айқындалады;
-
іштей бір-бірінен қалмауға тырысады;
-
тапсырманың күрделену деңгейіне сәйкес оқушының ойлау қабілеті артады;
-
сынып оқушылары толық бағаланады;
-
әр бала өз деңгейіне ,қабілетіне қарай бағаланады.
Демек, жаңа технологиялық әдіс -тәсілдерді пайдалану білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы.Оқыту үрдісінде оқушылардың білім қорын молайтуға,белсенділігін арттыруға,шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге көмегі бар.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген