жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала. Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа белесі
Батырбкұлы Ернар – 3 курс студенті
Алматы сервистік қызмет
көрсету колледжі
(Алматы, Қазақстан)
Ғылыми жетекшісі:
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
оқытушысы: Б.С. Кунтуарова
Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа белесі
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Жазу дегеніміз – тақтадағы таңбалар, ойдың жемісі, тарих куәгері, ұлттық мақтаныш. Ұлтымыздың жазу тарихына көз жіберсек, алыстан мұнартып көне руникалық жазбалар көрінеді. Арысы жұмыр жердің, берісі күллі Азияның айбынына айналған ата-бабаларымызбен біз әрқашан мақтана аламыз. Тізеліні бүктіріп, басы барды идірген батырларымыздың ерлігі мен бектеріміздің даналығы бізге сол күйінде қаймағы бұзылмай көне жазулар арқылы жетіп отыр. Одан соң шығыс даласындағы философия, логика, математика, медицина, әдебиет салалары ерекше қарқынмен дамыған алтын ғасыр араб жазуларымен өзіне баурап алады. Ислам дінінің таралуымен қанатын кеңге жайған бұл жазумен біздің көшпелі халқымыз да медреселерде балаларына хат танытып, шығыстың озық мәдениетін игерді. Алайда осы бір шашыраңқы да шұбырынды жазуларды бір ретке келтіретін жаңа реформа 1912 жылы жарық көрді. Ахмет Байтұрсыновтың ұсынған жазуын халқымыз жақсы қабылдап, тез үйреніп «төте жазу» деп атады. Бұл әліппені қазақ халқы 1929 жылы латын әліппесіне көшкенге дейін пайдаланды. Ол графиканың қазақ тілінің дыбыс ерекшелігіне, үндесу заңдылығына негізделіп жасалғандығын осы күнгі лингвист ғалымдар дәлелдеп отыр.Қазақ халқы 1929 жылы латын графикасының негізіндегі жаңа алфавитті қабылдады.Осы жылдары еліміздегі түркі тілдерінде сөйлейтін басқа халықтар латын алфавитіне көшті. Латын алфавитінің сауат ашуда болсын, баспа ісінде болсын, араб жазуы негізіндегі әліпбиге қарағанда, әлдеқайда прогрестік маңызы болды. Оның құрамында 29 әріп болды. Әрбір әріп өзінің жеке тұрғандағы қалпын сақтайтын. Осы алфавит сауатсыздықты қысқа мерзім ішінде жоюға көмектесті. Кейін 1940 жылы қазақ халқы орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиді қабылдады. Орыс алфавитіндегі 32 әріп түгелдей қабылданып, оған қоса орыс тілінде жоқ дыбыстарды таңбалайтын 9 әріп алынды да, әріп саны 40-қа жетті. Оған екі таңба (ь-ъ) қосылды. Міне, содан бері кириллицамен жазудамыз. Сол кездегі қазақ жазуының мәселелерін көтеріп, оны шешу жолдарын Алаш зиялылары «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» баспасөз беттерінде жариялады. «Жазу тәртібі», «Тіл сақтаушылық», «Оқу мәселесі», «Школдарда ана тілімен оқыту», «Туған тілге» және т.б. осындай мақалалар мен өлеңдер жарық көрді. Осындағы жарияланған мақалалардың көздеген мақсаты біреу ғана еді. Ол – қазақ тілінің табиғатын бұзбау, акустика-артикуляциялық заңдылығын ұстау. Қазақ тілінің үйлесімділік заңын сақтау. Бәлкім, сол кезде зорлықпен кириллицаны енгізбегенде, қазір латын графикасына көшу қажеттілігі тумас та еді. [2]
Бүгінгі уақыттың өзі ұсынып отырған латын графикасына көшу талабы – ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі таңдалатын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру – қабылдау – тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші, т.б.), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет, т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс қадам болды. Әсіресе, жаңа жазуды жеделдетуді жастар ерекше қолдап отырғаны қуантады. Латын тіліндегі 44 дыбыс тек 26-ақ таңбамен оқылады. Ал, бізде мүлде керісінше, тіліміздегі бар-жоғы 28 дыбыс 42 әріппен белгіленген. Мұның жазу заңдылығына томпақ құбылыс екенін кез келген тіл ғалымы жақсы біледі. Оның үстіне, орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында жазу мен оқу талабы қазақ тілінің үндестік заңын қақпайлап, салдарынан тіліміздің байырғы болмысына нұқсан келгені жасырын емес. Демек, жаңа әліпбиге көшу мәселесі – ұлттық мүддеге негізделген болашақ ұрпақтың қамы.
Әліпби дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы, ал емле-ереже - әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Сондықтан әліпби түзілгеннен кейін ереже соған сәйкес болуы керек.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.[1 ]
Латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі бекітілді. Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латыншаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы осыған қатысты Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Сонымен Жарлық қабылданды. Қазақ тілі үшін жаңа тарихи белес басталды. Ендігі жүк ел Үкіметіне артылады. Елбасы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруды тапсырды. Енді ел болып, латын қарпіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуіміз керек. Жалпы бұл бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Елбасы бұл туралы 2006 жылы бастама көтерген болатын. Ал осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2012 жылы «Қазақстан-2050» атты халыққа Жолдауында нақты тапсырмалар жүктеді. Енді «Рухани жаңғыру» аясында қолданысқа енгізуді міндеттеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев: «...– 2022 жылдан бастап 1-сыныптан түгел соған көшсек, сонда ары қарай кете беретін болады. Бұл – үлкен саяси мәселе. Барлық елдерде солай болған. Бұған түсіндіріп, білдіріп, ешкімді біз кемітейін деп, ешкімнен ала қашайын деп жасап отырғаным емес. Бұл – қазақ тілінің мүддесі, сақтап қалуымыз үшін жасап отырған үлкен тарихи мәселе». Осылайша Елбасы бұл бастаманың уақыт күттірмейтін мәселе екенін айқындап берді. Енді тіл білімі ғалымдары тиісті ережелерін жасап, ғылыми-әдістемелік мәселелерді шешуге кірісті.
Бұл Ереженің бастапқы нұсқасын түзу жұмысы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында (Институт) атқарылды. Институт әзірлеген Ереже жобасы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде бірнеше мәрте қаралып, талқылаудан өткізілді. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміздің бірқатар өңірінде ересектер, оқушылар, сондай-ақ, оқытушы-филологтер арасында сынама-сауалнама арқылы тексеруден, республикадағы ЖОО-ның оқытушылары мен тілтанушы мамандарының тәуелсіз сараптамасынан өткізіп, Ережеге соңғы редакциялау жұмыстарын жасап, көпшілік назарына ұсынып отыр.
ЖАҢА ӘЛІПБИ НЕГІЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ МАЗМҰНЫ
1. Әріптердің емлесі
2. Түбір сөздердің емлесі
3. Бөлек жазылатын сөздердің емлесі
4. Бірге жазылатын сөздердің емлесі
5. Дефиспен жазылатын сөздердің емлесі
6. Бас әріптің емлесі
7. Қысқарған сөздердің емлесі
8. Кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі
9. Сөздердің тасымалдануы
Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамызды жаңғыртудың бір жолы. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізері сөзсіз.[3]
Латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңі 2020 жылдан басталса да, халық қол қусырып отырған жоқ. Латын қарпі қабылданғаннан бастап, ел арасында қызу қоланылып жатыр.
Жаппай латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ұлттық рәміздегі ел атауының жазылуына өзгеріс енгізілді. 2018 жылы 12 қыркүйекте Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиев пен мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің және "Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты" РМК өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Отырыста "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар" ҚР СТ 989-2014 стандартына енгізілетін №1 өзгерістерді мақұлдау туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес, ұлттық стандарттың бүкіл мәтінінде "Қазақстан" сөзін латын графикасымен "QAZAQSTAN" етіп өзгерту туралы өзгерістер қабылданды. Енді еліміздің елтаңбасының жаңартылған нұсқасында QAZAQSTAN сөзі қолданылады. [4]
Ағымдағы өзгерістерге жергілікті ұйымдар да дайындалып жатыр, қалада көптеген маңдайша жазулар мен атаулар латын әліпбиімен жазыла бастады. Олардың арасында «Қалай жазсам да, өзім білем" дегендей маңдайша жазуларда қателіктер де кездесіп жатыр.
Жаңа латын әліпбиін тез үйрену үшін іс жүзінде пайдалануды бастау қажеттігін түсіндім.Сол себептен колледжде оқытушылар латын әліпбиінде өткізіп жатқан іс-шараларға қатыса бастадым. Қазақ тілі сабақтарында оқытушымыз Күнтуарова Б.С. латын қарпін қолдана бастады. Алғашқы тапсырма ретінде жаңа сөздерді латын қарпімен жаздық.Сабағымыздың тақырыбы қазақтың тұңғыш ғарышкерлері (Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, А.Айымбетов) өмірбаяны және ғарыш айлағы жайлы болды.Сөздерді латын қарпінде оқу білім алушылар арасында аса қиындық туғызған жоқ. Себебі олар бұрыннан неміс немесе ағылшын тілін оқыған, яғни латын әліпбиімен таныс. Мәтіндерді оқу барысында апостроф қолданылған қазақ тіліне тән дыбыстарды оқу біршама қиындық туғызды. Алайда, бірнеше мәрте қайталағаннан кейін есте сақталып, оларды шатастырмай оқу оңай бола бастады.

Тәжірибеміздің келесі бөлімінде ғарыш тақырыбына байланысты берілген мәтіндерді дәптерге жазу керек болды. Латын әріптерімен мәтін жазу қиындау тапсырма болды. Себебі, қолымыз жаңа әріптерге бейімделмеген,бірақ та екі-үш сөйлем жазғаннан кейін үйреніп кетті.Оқытушылар мен білім алушылар орташа есеппен латын әліпбиінде жазылған мәтіндерді теру басында баяу болса, уақыт өте келе тәжірибенің арқасында жылдамдық арта түсті.
Тәжірбиеміздің нәтижесінде латын әріптерімен мәтіндерді жиірек жазып, көз бен қолды жаттықтыру қажет екендігін түсіндік. Латын әліпбиімен жазылған мәтіндерді де жиі оқып тұру қажет. Оны әдетке айналдырса, латын әріптерімен мәтінді оқып-жазу деңгейіміз көтеріліп, оны пайдалану жеңіл болады.Демек, егер латын әліпбиіне көшсек, бізге оны қабылдау ойлағанға қарағанда, жеңілірек.
Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз. Елбасының «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады!» деген сөзін жадымызға түйдік. Мемлекеттік тілдің жаңа даму сатысына жетелейтін латын графикасына көшу мәселесі – уақыт талабы тудырған тарихи, рухани қажеттілік. Қазіргі жазуымыз бірнеше буынның білім алып қалыптасуына, елге қызмет жасауына мүмкіндік жасады. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін, Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани санамызды жаңғырту керек. Ал жаңғыру – жазудан бастау алады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы “Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы”. //Солтүстік Қазақстан. № 122 (22139) 2017 ж. 1 б.
3.(https://egemen.kz/article/159685-tildinh-qoldanys-ayasy-kenheyedi)
4.(https://massaget.kz/mangilik_el/54102/)
5.(https://sputniknews.kz/society/20181124/8214829/astana-latyn-alipbiine-koshu.html

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген