жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала Мағжан Жұмабаев (1893-1938)
Қарағанды қ.
№91 ЖББМ
әдіскер және қазақ тілі мұғалімі
Мырзагулова Гулим Жумабаевна
Мағжан Жұмабаев
(1893-1938)
Мағжан- ең алдымен, сыршыл ақын. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса, сырлы, көркем, сәнді жазады. Адамның жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз.
Шығармашылық – өмір жолы.
Мағжан - қазақтың ұлы ақыны. Жұмабаев Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданының «Молодежный» совхозы жеріндеі Сысықкөл мекеніңде іргелі, әйгілі шаңырақта дүниеге келген. Кәрім, Мұқамеджан молдалар, Данияр қажы, Ахитден мұғалім – болашақ ақынның тілін сындырып, хат танытқан, арабша, парсыша, түрікше, орысша оқытқан алғашқы ұстаздары. Алдымен Қызылжардан медресе де Хасен молдадан дәріс алған Мағжан Уфа қаласына барып медресе «Ғалияда» татар халқының ұлы жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтан оқыды. Өз ауылында молдадан мұсылманша сауатын ашады. М. Жұмабаев 1917 жылдан бастап “Алаш” қозғалысына белсене араласады.
1921 жылы Қызылжарда ”Бостандық туы“ газетінде редактор болады. 1922 жылы Ташкент қаласында, ”Ақжол газетінде“, ”Шолпан“ журналында қызметтер атқарады. 1923-1926 жылдары Мәскеудегі “Күншығыс” баспасында қызмет атқарады, әйгілі ақын Валерий Брюсов Жетекшілік ететін Әдебиет-өнер институтында оқиды. 1927 жылы елге оралып, Қызылжардағы педагогикалық техникумда әдебиет пәнінен сабақ береді. 1929 жылы Мажан Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға сотталады, ”Қызыл кресте“ істейтін әйелі Екатерина Пешкованың өтініш хатымен 1936 жылы түрмеден босанып шығады.
1936 жылы ол Қызылжар қаласындағы мектепке орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1937 жылы Алматыға келеді.
Мағжанның табиғат лирикасы
Бұл тақырыпта біршама ғалымдар пікір білдірді. М. Базарбаев Мағжанның «Жазғы жолда», «Қысқы жолда», «Жел», «Айға» өлеңдеріне тоқталып, былай дейді. «Ақын тау туралы толғансын, не дарқан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді»
М. Әлімбаев «Толқыннан толқын туады» кітабында «Еділде» деген өлеңнің көркемдігін саралай келе: «Жұмабайұлы Мағжанның мектеп оқулықтарына бүгін де өзі сұранып тұрған өлеңдері аз емес. Өйткені уақыт озғанымен, өлең тозбаған. Бұл әсіресе табиғат жайындағы туындыларына тән!», – деп, «Жаз келеді», «Жазғытұрым» өлеңдерін атайды.
Ал Бақыткамал Қанарбаева «Жырымен жұртын оятқан» атты Мағжан туралы монографиясында табиғат лирикасына қысқаша түйіндеу жасай кетеді. «Гете тәрізді Мағжан да табиғатқа жан бітіріп жырлайды. Оны «Күзді күні» өлеңіндегі табиғатты адам тәрізді жылатып, сыбырластырып сырластыруынан, «Сең» өлеңіндегі сары аяз бен қардың ғашық жардай қыс кезінде құшақтасып бірге жүргенімен, көктем шығып жер ери бастағанда күннің қызуына шыдай алмай еріп кетуін жанды суреттеуінен білеміз. «Жиіленді қара орман» өлеңінде аппақ қар жамылып жатқан орманды түс көріп жатқан адамға балауы да осы ойымызды нығыздай түседі. Аймауытов айтқандай, қазақ әдебиетінде табиғатқа жан бітіріп суреттеуде Мағжанға жетер ақынның жоғы рас»
Мағжан мен Абай табиғат лирикаларының қаншалықты алшақтағанын сараласақ, М.Әуезовтің мына пікірінен аңғарамыз: «Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ дәл таудың таулық, шындық қалпын суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспалдарға бейімдеп көрсететін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді.
Мағжан кезінде Абайдан соңғы күшті ақын саналды. 1918 ж. «Абай» журналының №5 санындағы Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтың «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында былай баға берілген: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт әм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін, нәрсемен жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар».
Мағжан өлеңдерінде қасірет те, реализм де бар. Қай тақырыптағы өлеңдерін алсақ та, ешкімге ұқсамас ерекшелігін көреміз. Мысалы, «Жазғы жолда»:
Дала. Дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара.
Келем жалғыз, жаяумын.
Жаныма ерген жолдас жоқ.
Төрт жағым дала – жер де көк.
Жылауға да таяумын.
Шілде. Оттай ыстық күн.
Дала -өлік. Жоқ бір үн.
Жер де жатыр тұншығып.
Жол жыландай иірілед,
Шаң ерініп, үйірілед.
Ешбір леп жоқ, тып-тыныш.
Бұл өлеңінде романтизм бар. Өз сезімі арқылы, жан дүниесімен байланыстырып табиғатты суреттейді. Әдемі жаз бен көшті бірыңғай жеңіл ырғаққа түсіріп, бірыңғай әдемі бояумен суреттейді. Ал Мағжан өлеңінде тылсым дүние қоршауындағы лирикалық кейіпкердің аласұруы асқақ түрде беріледі. «Қысқы жол» өлеңінде:
Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,
Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі.
Бұл – қысқы боранның суреті. Мұнда да лирикалық кейіпкер қысқы түнде жалғыз өзі жолаушылап келе жатады. Бұл өлең де жоғарыдағы «Жазғы жолда» өлеңіне ұқсас. Екеуінде де жалғыз жолаушы табиғатпен алысып, өліммен де арпалысқандай. Мағжан лирикасында жалғыз «мен» бар. Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының бір ерекшелігі.
«Жазғытұрым» өлеңі де кейіптеу тәсілімен ойнақы жазылған. Абайдың «Жазғытұрым өлеңінде» күн – күйеу, жер қалыңдық боп алынса, Мағжан күнді – ана, жерді бала етіп басқа қырынан келеді. Абай әуелі көктемді суреттеп алып, кейін күн мен жерге көшеді. Ал Мағжан бірден Күннен бастайды.
М.Әуезов: «Күнді – күйеу, жерді – қалыңдық етіп, осындай образбен теңеу мәдениетті әдебиетінің үлгі дәстүрінен ескіріп қалған, мифтік теңеу болады», – дейді .
«Болды, міне, дәл алты ай,
Жаттың ұйықтап, еркетай
Ұйқың қанды, тұр қозым,
Аш көзіңді, жұлдызым!»
Деп маңдайдан ақырын.
Жұмсақ жылы сәулемен.
Сипап жерді Күн күлер.
Ақын мұнда ана мен бала арасындағы махаббатты тұтас табиғатқа ауыстырған. Негізі Жер-Ана деген ұғым ақын-жазушыларда көп қолданылады. Мағжан нақты тақырыбына қарай, көктемнің шығуы Күнге байланысты болғандықтан, өмірде де анасыз бала тумайдындықтан Жерді – бала, Күнді – ана етіп алған. Атаулары Күн, Жер болғанымен, әрекеттері кәдімгі ана мейірімін, бала еркелігін сипаттап отырған секілді. Күн – Ана әуелі ұйықтап жатқан жер – нәрестесін «қозым», «жұлдызым» деп еркелетіп, жылы сәулесімен сипап оятып алады. Жер – бала аяқтарын көсіліп, есінеп, еркелеп жатқанда жел де оны сүйгісі келеді.
Жоғарыдағы «Жазғы жолда», «Қысқы жолда» өлеңдерінде лирикалық кейіпкер біреу ғана болатын. Ал «Жазғытұрым» ,«Сең» өлеңдерінде кейіпкерлер бірнешеу болып, табиғаттағы тұрақты болып тұратын құбылыстар мен адамдар арасында болып жататын әртүрлі әрекеттер, сезімдер, қарым-қатынастар ұқсастығына қарай бір-бірімен қабысып жатады. Мысалы, «Сең» өлеңіндегі табиғат құбылысы адамдарда болатын махаббаттағы тұрақсыздықты, алданып қалуды көрсетеді. Мағжанның табиғатындағы кейіптеу көбінесе адамдар сезіміне, махаббатқа арналады. Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының екінші бір ерекшелігі. «Толқын» өлеңінде толқындар жар кейпінде бейнеленеді:
Қорыта айтқанда Мағжанның табиғат лирикасы ақынның стилін айғақтай түседі. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы аңғарылады. Табиғат жұмбағы мол тылсым дүние болса, Мағжанның табиғат лирикасы да сол табиғаттың өзі секілді. Бұл салада қазақ әдебиетіне Мағжанның жаңалық қосқаны даусыз.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
-
Абай энциклопедиясы. Атамұра баспасы. 1995ж. (720 бет)
-
11 сынып арналған қазақ әдебиеті. Мектеп баспасы 2007ж.
-
Интернет желісі.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген