жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
мақала: Оқулықтағы олқылықтар қашан оңалады?
Оқулықтағы олқылықтар қашан оңалады?
ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Ғылым мен техника шарықтап дамыған ғасыр. Дамыған мемлекеттермен еліміздің терезесін теңестіретін негізгі фактор-білім мен ғылым. Сондықтан да бүгінгі таңда әлемдік даму мен өркениет көшіне тек азаматтары жан-жақты білімді, талантты елдер ғана ілесе алды. Себебі, әлемде күнде бір жаңалық, күн сайын жаңа технология пайда болып, білім мен ғылым қарыштап даму үстінде. Бұл туралы елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз бүгінгі таңда әлемдік білім мен ғылымға сай дүниежүзілік бәсекеге төтеп бере алатын білімді де, білікті, саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Себебі, олар ертеңгі егемен елдің тізгінін ұстайтын азаматтар»,-деген сөзі бұған дәлел. Тәуелсіздік алған уақыт ішінде еліміздің білім саласында, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында игі істер атқарылуда. Бұл-бүгінгі оқушы, ертеңгі азаматтар үшін үлкен мәртебе. Алайда, кейінгі жылдар орта мектептің оқу бағдарламасы мен оқулықтарының жиі өзгеруі, сапасының сын көтермей, салғырт құрастырылуы, берілген материалдардың әр түрлі болуы, оқушының ой, логикасына кері болуы, шамадан тыс ауыр болуы, т.б. бала біліміне кері әсерін тигізуде. Барлық пәндерде берілген материалдар жүйесіндегі, оқушы білімі үшін ауырлығы, қисынсыздығы туралы баспасөзде, радио, теледидарда ғалымдар, ұстаздар, ата-аналар талай мәрте мәселе көтерді. Алайда, бүгінге дейін одан шыққан қорытынды жоқ. Бұл мақалада орта мектеп бағдарламасы мен оқулықтарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәніне байланысты бірнеше олқылықтар мен көкейде жүрген ойларды айтуды жөн көрдім.
1). Сонау 1992-93 жылдары белгілі тілші-ғалым К.Ахановтың құрастырған 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында Лексика саласынан кейін, синтаксисті енгізіп, сөйлем мүшелері, олардың сұрақтары, тұрлаулы, тұрлаусыз түрлерін жеке-жеке берген еді. Олардың әрқайсысын оқытуға бір-бір сағаттан бөлінген. Сонда оқушы әр сөйлем мүшелерінің сұрақтары мен шартты сызықтары туралы меңгеріп шығатын. 5-сыныпта меңгерген оқушы 8-сыныпта қайталап берілгенде қиналмайтын. Ал, қазір 5-сыныптан бұл тарауды алып тастаған. Сөйлем мүшелері туралы тек 8-сыныпта беріледі. Бастауыш мектептің 4-сынып оқулығын қарап отырсақ, тек тұрлаулы мүшелер, олардың сұрақтары туралы ғана айтылады да, тұрлаусыз мүшелер мүлде айтылмайды. Сөйте тұра, 6-7-сыныптардың оқулығында әр сөз табынан кейін олардың сөйлемдегі қызметі жайлы қысқаша шолып бір-бір ғана мысал мен ереже беріледі. Мәселен, 6-сыныпта сын есімнің сөйлемдегі қызметі деген тақырыпта ереже мен мысалдар кесте арқылы көрсетіліп, әр сөйлем мүшесіне бірлі-екілі мысал келтіреді де, жаттығу беріп, ондағы сөздерді сөйлем мүшелеріне талдаңдар, - деп тапсырылады. Бұл бөлінген бір сағатта мұғалім, әрине, жан-жақты түсіндіруге тырысып бағады. Алайда, сын есімнің «қандай?», «қай?» -деген сұраққа жауап беретінін білетін балалар, ереженің ішіндегі: зат есім орнына жүріп, зат есімнің қызметін атқаратын, заттанған сын есім дегенді бір сағатта толық меңгере алмайды. Бұған себеп:
а). сыныптағы оқушылардың білім деңгейі, қабылдауы әр түрлі.
ә). Төменгі сыныпта бұл туралы таныспаған оқушыға талдап кету-өте қиын.
Сөйлемдегі атқаратын қызметі мен ауқымы жағынан ең күрделі сөз табы -Етістік. Төменгі сыныптан етістіктің ережесі мен сұрақтары жайлы ғана білетін бала, 5-сыныпта бұл туралы мүлде таныспайды. Сөйте тұра 6-сыныпта, 7-сыныпта етістіктің барлық грамматикалық категорияларын (тұлғаларын) өтіп, ең соңында етістіктің сөйлемдегі қызметі туралы бір сағат танысады. Міне, осы кезде етістік тұлғаларының ішіндегі, есімше, тұйық етістік сияқты әрі есім сөз орнына, әрі етістік орнына қолданылатын түрлері мен олардың қызметтері туралы түсіндіру өте қиын. Бұл мәселе - барлық сөз таптарына ортақ болып отырған мәселелер. Сонда қалай? Бастауыш сыныпта тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер мен сұрақтары, астының сызылу белгілері туралы толық меңгермеген, 5-сыныпта таныспаған оқушы қалай сөйлем талдауды бір сағатта меңгере алады. Бастауыш сыныпта бастауыштың сұрақтары кім? кімдер? не? нелер? – деп қана беріледі. Бірақ, оның тәуелдік жалғауының үш жағында тұрып, сөйлемде бастауыш болатын 16 сұрағы айтылмаса да 6,7-сыныптарда қысқаша шолып, бір-бір мысалмен шектеліп, тура жаттығу береді де, талдау жасатады. Сондықтан егер сөйлем мүшелері мен олардың түрлеріне оқушы дұрыс талдау жасай алатын болсын десек, 1992-93 жылдардағы К.Ахановтың құрастырған оқулығын қайта енгізу керек сияқты. Ол оқулықтың тағы бір артықшылығы – жаңа оқулыққа қарағанда жұмыстары да оңай.
2). «Әдебиет» оқулығы да соңғы жылдары жиі-жиі өзгеруде. Кейбір тақырып-материалдар өте ауқымды, күрделі беріледі. Бұл – оқушы үшін өте ауыр. Қарапайым мысал: 6-сыныпта Б. Майлиннің «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесі берілген. Бұл әңгіменің күрделілігі, кейіпкерлер мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің ауырлығы сонша, оқушыға түсіндіру өте қиын. Мұғалім қаншама талдап, жан-жақты ашып түсіндірсе де, оқушының тақырыпты меңгеріп, өз тілінде түсініп, мазмұнын ұғуы екіталай. Сонымен қоса 1992-93 жылдары шыққан «Әдебиет» оқулығында оқушылардың түсінуіне оңай, тілі жатық, оқиғасы қызық «Түйебай» әңгімесі (Б. Майлиннің) болған еді. Бұл әңгімені тіптен осыдан 35-40 жыл бұрын 5-сыныпта біздің буын да оқып өскен едік. Алайда, осы әңгімені оқу бағдарламасынан алып тастап, биыл ғана, яғни 2013-2014 жылғы оқу бағдарламасына кіргізіпті. Ал, оқулық жоқ. Сонда қалай оқымақ? Жарайды, Б. Майлиннің шығармалар жинағы бар, оны тауып алған мұғалім бірдеңе етіп оқытар, ал енді ол оқулық жетпеген, шалғайдағы алыс ауыл мұғалімдері қалай оқытады? Бұл айтылған – бір ғана мысал. Биылғы 2013-2014 оқу жылында әдебиет оқулығынан көптеген бұрынғы тақырыптар алынып тасталып, жаңа тақырыптар енгізілді. Бұл қалай жасағаны? Егер бағдарламаны өзгертіп, тақырыптарды жаңалап енгізетін болса, алдымен оқулықтар неге толық шығарлымайды? Бұл да оқушы біліміне үлкен зиянын тигізетін дүние екені түсінікті.
3). Бұл да әдебиетке байланысты. Бүгінгі таңда еліміз дүниежүзілік өркениеттің көшінен қалмай, күн сайын ілгері дамуда. Шет елдермен алуан түрлі байланыстар жасаудың нәтижесінде ел-елдің білімімен, өнерімен, мәдениетімен, ғылыми жаңалығымен теледидар, ғаламтор арқылы жете танысып отырмыз. Алайда, бір таңғаларлық жағдай – шет елдің әйгілі жазушы – қаламгерлерінің классикалық туындыларымен бүгінгі ұрпақ жете таныса алмауда. Әрине, олар ғаламторда бар шығар, бірақ оны ешкім оқымайды. Орта білім беретін мектептерде шетел әдебиеті деген пән бағдарламада жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың 70-80 жылдары 9,10-сыныпта «Шетел әдебиеті» деген пән арнайы аптасына 1,2 сағат өткізіліп, әлемдік классиктердің туындыларымен оқушылар толық танысатын. Орыстың ұлы жазушылары Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы, М.Горькийдың «Ана» романы мен «Дауылпаз» жыры, Америка жазушысы Т.Драйзердің «Америкадағы қасіретті оқиғалар » романы, М.Твен шығармалары, Болгария жазушысы Д.Димов, Куба жазушысы Э.Хэмингуей, Үндінің әйгілі жазушысы Р.Тагор, Жапон жазушысы К.Такаширо, Ағылшын жазушылары Г.Р.Хаггар, Ж.Верн, Француз жазушылары Э.Золя, Р.Роллен, Ф.Рабле т.б. өмірі мен шығармаларын оқып, танысып өскен буын әлем әдебиетін жете түсінетін еді. Ал, бүгінгі таңда орыс әдебиеті орта мектепте оқытылады, ол шетел әдебиеті арнайы жеке пән ретінде оқытылмайды. Тек әр сынып оқулығының соңында көктемге қарай бірлі-екілі шетел жазушыларының өмірбаяны мен бір шығармасы беріледі. Сондықтан бүгінгі таңдағы өскелең ұрпақ әлем әдебиетінің інжу-маржандарымен танысып өскені дұрыс болар еді.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы ой – пікірлер ескеріле отырып бала білімі сапалы болу үшін оқулықтағы олқылықтар бір жүйеге түссе, сондай-ақ тіл білімінің синтаксис саласы бойынша сөйлем мүшелері мен бірыңғай мүшелер 5-сынып оқулығына қайта енгізілсе; орта мектептің 9,10-сынып бағдарламасына «Шетел әдебиеті» пәні арнайы курс болып оқытылса деген ой бар. Жалпы соңғы жылдары салғырт та сапасыз құрастырылған оқулықтардағы олқылықтардың зардабын оқушылар тартуда. Бұл қателіктер тез арада жөнделіп, бірізділікке түсер деген үмттеміз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген