Тақырып бойынша 11 материал табылды

Мақала "Шешендік сөздердің тілдік ерекшеліктері"

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне қосымша материал
Материалдың қысқаша нұсқасы

Шешендік сөздердің тілдік ерекшеліктері


Әдеби тіл нәр алған бастаулардың бірі-шешендік өнер тілі. Шешендік сөздер – халықтық көркем тілдің сұрыпталған көрінісі. Оқу-жазусыз-ақ бабамыздың осындай көркем сөз өнерін жетік меңгергеніне таңданасың, тамсанасың. Шешендік сөздерді әр кез оқыған сайын онда қолданыс табатын тілдік құрылымдар сыры қызықтыра түседі.

Шешендік сөздердегі тақырып мәселесі біздің айтайын деп отырған әңгімемізге байланысты емес. Ол туралы жазылып жүр, зерттеліп жүр.

Біз қарастырмақшы мәселе – шешендік сөздердің тілдік ерекшеліктері. Шешендік сөздердегі лексемалардың стильдік қызметі туралы мәселе – өте актуальды мәселе. «Қазақ әдеби тілінің мәдениетін көтеруде ...ғылымның шешендіктану деген саласын жасау керек» деп тұжырымдайды ойын профессор Р.Сыздықова ( Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі. Алматы, «Ғылым», 1987, 111-бет). Бұл процесс тек жеке тілдік элементтердің қызметін анықтау нәтижесінде ғана жүзеге асады.

Шешендік сөздердегі лексемалардың атқаратын қызметі, түрі, формасы да бірдей емес.

Омонимдер мен омофондар. Шешендік сөздерге лексиканың бұл түрі, көбінесе, сатиралық кейде юморлық образ жасауда белсенді қызмет атқарады. Мысалы, «Бекмағанбет пен Жәукенің қағысуын» алайық:

«Бекмағанбет Омбы еліне бара жатып, жолда Жәуке дегеннің үйіне қонады. Тамақ ішіп отырғанда Жәуке еттің майын Бекеңе қарай итере отырып: «Беке, алыңыз, бұл жүрекке тиетін сары май емес қой», - дей беріпті. Олай дейтіні – Бекмағанбет Сарымай дейтін әйелді аламын деп көп әуреленіп, ақыры ала алмай қалған жайы бар екен.

Бекмағанбет жауаптан тосылып қалыпты. Сонда Бекеңнің жанындағы жолдасы Хасен деген жігіт аңдып отырып:

- Бекең, әрине, майды талғап жейді ғой, көңіліне жақпаса, құлағына сырға тақса да қайтсін ондайды,-депті. Онысы – Жәуке де Сырға деген әйелді аламын деп, ала алмай айырылып қалған екен.

Жәуке сөзден тоқтап, үндемей қалыпты. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Алматы, 1988, 122-бет)

Осы шағын текстегі екі омоним: сары май – Сарымай мен сырға – Сырға жеңіл қалжың, орасан тапқырлық тудырып тұрған стилистикалық единица. Тек сөз зергері ғана оларды дәл осылай ұтымды қолдана алады. Шешендік сөздерде омонимдердің қолданылу, көбіне, ұтымды қолдану себебін олардың ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі қолданыс табатынына байланысты деп есептейміз.

Антонимдер көркем сөзде өнімді қолданылатын лексикалық единицалардың бірі болып табылады. Антонимдер негізінен қарама-қарсы мағынада, салыстыру мағынасында қолданылады. Мысалы, «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың» деп келетін сөйлемде антонимдер осы функцияны атқарып тұр. Антитеза – шешендік өнерге жақын, төл құбылыс. Олардың қайсысын алсаң да, антитезасыз кездесетін тілдік құрылым сирек. «Алуан-алуан молда бар, тек алу үшін жаралған. Олар «ал» дегенді өлтіріп, «бер» дегенді ғана қалдырған (Байдалы шешен сөзі). Немесе, Сырым туралы сөзден үзінді келтіріп көрелік: «Қадірін білсеңіз, жеңіл де емес, алып жүруге ауыр да емес»,- дейді әйел (Шешендік сөздер. Алматы, 1967, 39-бет). Осы үзінділердегі «ал-бер, жеңіл-ауыр» антитезалары сөйлемде эмоционалды қызмет атқарып, тыңдаушының назарын басты нәрсеге аударуға көмегін тигізіп тұрады.

Шешендік сөздерге антитезамен қатар қолданылатын лексемалардың бір түрі – антифразис. Антифразис деп бір сөздің орнына қарама-қарсы екінші бір сөзді қолдануды айтамыз. Антифразис шешендік сөздерге сатиралық реңк береді, айтылар ойға ащы әзіл, жеңіл күлкі үстейді. Шешендік сөз бұларсыз болмайтыны кім-кімге де белгілі. Антитеза мен антифразис – шешендік сөздердегі сатира мен комизм элементтерін жасаушы стилистикалық фигура.

Келесі сөз қылатын фигура, ол – пароним. Пароним деп дыбыстық жағынан ұқсас, кейде бір дыбыстың ғана өзгешілігі бар, ал мағынасы әр басқа лексемаларды атайды. Паронимдер түбір паронимдер және туынды паронимдер түрінде кездесе береді. Паронимдер – шешендік сөздерде мол кездесетін құбылыс. Мысалы, «Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады деп еді, шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деп еді. Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз»,- депті Қаражігіт би. (Шешендік сөздер. 62-бет) Осы үзіндідегі қазына – қазба – пароним сөздер. Сөйлесуші оларды мағына айырмашылығын көрсету мақсатында қолданған, салыстыру үшін пайдаланған. Шешендер кейде паронимдерді түйдектеп қолданып отырған. Паронимдерді ұтымды дұрыс қолдану туған тілдің ойды әсерлеп, өрнектеп жеткізу қызметін кеңейте түседі.

«Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе?

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе?

Қатын жаман болса

Бұл жалғанның тозағы емес пе?

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе?

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе? – деп сайрайды қаз дауысты Қазыбек (Шешендік сөздер. 67-бет). Осындағы мазағы, азабы, тозағы, шырағы, пырағы деген паронимдер текстің ритмикалық құрылысының әдемі, сұлу болып келуіне көмегін тигізіп тұр.

Шешендік сөздердің сөз тігісін көркем ететін, экспрессия тудыратын басты құралдардың бірі ретінде, өз алдына стильдік бір тәсіл түрінде қалыптасқан дәстүрлері бар. Олар – қайталау тәсілі, дыбыс әуезділігі, ырғақ үйлесімі, өлшем мен ұйқас, аллитерация мен ассонанс құбылыстары. Бұлар – шешендік сөздер табиғатына тума құбылыстар. Академик З. Ахметов осы туралы былай дейді: «Өлеңдік формада тек ән, жыр, эпостық аңыздар ғана шығарылып қоймаған. Тіпті халықтық көркем прозалық шығармалар ( ертегілер, аңыздар, әңгімелер, шешендік сөздер және т.б.) өздерінің құрылым-құрамы жағынан поэтикалық сөз тігісіне өте жақын, оларда ырғақты сөз тігісіне өте жақын, оларда ырғақты сөз орамдары жиі, ұйқас та, дыбыстық қайталаулар да жиі кездесіп отырады, көбінесе, ұйқасқа негізделген белгілі бір өлшемі бар мақал мен афоризмдер де мол» (З. Ахметов. Өлең сөздің теориясы. 1973). Осы ерекшеліктерге шешендік сөздерден мол мысал келтіруге болады. Мысалы, Малтақан шешеннің сөзін алайық:

«Бір жерден кемпір күңкілдеді:

Қақпыштан құр емес деп сандығым.

Бір жерден бала дүңкілдеді:

Байдан әкеп соям деп жалға алатын жандығын». (Сөз тапқанға қолқа жоқ. А., 1988. 154-бет).

Осы үзіндіде Қ, Ж дыбыстарының аллитерация жолымен берілуі және сандығым, жандығым, күңкілдеді, дүңкілдеді деген сөздердегі С, Ж, Д, К фонемаларынан басқа дыбыстарының үндес келуі сөйлемге эмоционалдық реңк беріп тұр. «Де» көмекші етістігінің қайталанып келуі де үзіндіде өз орнын тауып қолданылған. Ал әкеп соям сөздеріндегі соңғы буындар редукцияланып, басқа жолдармен ықшамдалып ұйқасқан. Немесе, тым айлакер, қу, өзі ұры ұстайтын парақор Кәрібайға Қуат ақынның сөзін келтірейік:

«Сен жаманның баласы Кәрібайсың,

Мен түгіл өз әкеңді танымайсың.

Алдыңа екі даугер қатар келсе,

Пара бергенін құдайдай жарылқайсың».

Сонда Кәрібай арғы жағын айта көрме деп жалыныпты. Осындағы Кәрібайсың, танымайсың, жарылқайсың деген сөздердегі – сың жіктік жалғауының қайталануы арқылы ұйқас жасалып, жүрекке әсер етерлік эмоционалдық реңк жасаушы тәсіл ретінде қолданылған. Я болмаса, Байдалы шешеннің: «Саудыратып салып жүрген сауабыңыз болса, басқаларға үлестіріп беріңіз. Ал ханның куәсі жылаумен бітпейтіні туралы қай бидің алдына барсаң да менікі дұрыс, сенікі теріс»,- деген сөзіндегі саудыратып салып жүрген сауабыңыз деген тіркестер оссонанс, аллитерация тәсілімен беріліп, Таумұрындай дін иелерін үннен қалдыруға бірден-бір себепші болған. Мұндай тілдік тәсілдері Шернияз сөздерінен де табуға болады. Оның «әуелі жерміз палауын, соңынан жерміз анауын. Асылмаған етті көрдік, ұялмаған бетті көрдік» деген сөзі шешенді сыйламаған ауылды күлкі етіп бітеді. Осындағы палауын, анауын, етті, бетті, асылмаған, ұялмаған деген сөздердегі Л, Н, С, Б фонемаларынан өзге дыбыстардың және болымсыз етістік категориялы есімшелердің бірдей болып келуі сөйлемге ұйқас беріп, көркемдеп тұр. Бұл тәсілдер – шешендік сөздердің тілдік ерекшелігінің үздік үлгісі.

Шешендік сөздердегі қорытынды ой туғызатын сөйлемдердің көбі риториялық сұраулы сөйлемдер болып келеді. Шешендік сөздер тексіне статискалық тұрғыдан қарайтын болсақ, біз оның құрамында сұраулы сөйлемдердің барлық түрінің орасан мол қолданылып және ол сөйлемдердің өте актив стилистикалық қызмет атқаратынын анықтай аламыз. Мысалы, «Жиренше шешеннің әйелі Қарашаштың Жәңгір ханға айтқанын» алайық:

«Ас айныса не түзейді?

Халық айныса не түзейді?

Хан айныса не түзейді?

Тұз айныса не түзейді?»

Сұраулы сөйлемдердің былай сатылы түрде келуі, көркем тексті кейде дамытуға, кейде қорытындылауға тікелей себепші болады. «Соны сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» деп келетін сұраулы сөйлемдер – сарказм элементін тудыратын синтаксистік құрылымдар.

Біздің назарымызды аударған тағы бір мәселе – шешендік сөздер тексінің құрылымдық, структуралық ерекшелігі. Бұл тұрғыдан да тек осы шешендік сөздер тексіне ғана тән ерекшеліктерді анықтай алдық деп айта аламыз. Ол ерекшеліктерге мыналар жатады:

1. Шешендік сөздер тексі қарапайым, сонымен қатар күрделі. Оның себебін былай түсіндіруге болады. Кез келген даналық сөз халыққа бағытталып, солар ұғынсын деген мақсатта айтылады. Бұл жағынан, олар – қарапайым. Сондай-ақ лексикалық құрамында түсініксіз сөздер барынша сирек, тіл шұбарлығы жоқтың қасы болып келеді. Екінші жағынан, астарлы мән, терең даналық өте қысқа әрі нұсқа түрде беріледі. Бұл тұрғыдан, олар ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтел жанрының тілі сияқты, логикалық ойға бағытталған күрделі сипатқа ие.

2. Шешендік сөздер тексінің құрылысы өзіндік заңдылықтарға сәйкес құрылады және қалың бұқараның қабылдауына өте ыңғайлы болып келеді. Жалпыға түсініктілік – шешендік сөздердің тағы бір өзіндік ерекшелігі. Осы ерекшелігі оны қазіргі публицистикамен жақын етеді.

Шешендік сөздер тексіне тән тағы бір қасиет – олардың абзацтарының берілу ерекшелігі, әсіресе, алғашқы және соңғы абзацтардың ролі. Шешендік сөздерде алғашқы абзац айтылар ойды дамытушы, текст кеңейтуші форма функциясын атқарды. Бұл үлгі ауыз әдебиетінде басым. Соңғы абзац – айтылар ойды қорытындылаушы абзац. Әдетте, барлық оқиғаның түйіні де осы абзац болып келеді. Абзац – актив қолданылатын стилистикалық единица. Оның текстегі ролі қазақ лингвистикасында әлі кең зерттеле қойған жоқ. Бұл ерекшелік – барлық шешендік сөздерге тән қасиет.

Біз қарастырған мәселе, халқымыз аса жоғары қастерлейтін шешендік сөздің тілдік ерекшеліктерінің кейбір түрлері ғана. Ал оның жан-жақты, толық зерттелуі – алдағы міндет.


Талдықорған қаласы Еркін ауылдық округіндегі №26 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жумадилова А.Қ.


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
21.04.2021
683
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12