Мақала тақырыбы: Мәңгілік
елдің – мәңгілік тілі.

Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі - қазақ тілін құрметтеу, оны білу - біздің
әрқайсымыздың асыл парызымыз. «Ана тіліне салғырт қарау - өз
халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау» деген
пікірді Бауыржан Момышұлы өткен ғасырда-ақ айтып кеткен.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын
мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күннің талабы екені
баршамызға мәлім.
Тәуелсіздікке қол жеткізген
сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан
Назарбаев сынды ұлт көшбасшысы бар «Қазақ елі» аз уақыт ішінде
бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Елбасы өз жолдауында:
«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда
қиын. Бұл - әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан
өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан
берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Біз өзгенің
қателігінен сабақ алуымыз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана -
Мәңгілік ел болу. Бұл біздің өз қолымызда» деп атап көрсеткен.
Елбасы жолдауында айтылған осы сөздер әрбір саналы азаматтың жанын
тербері сөзсіз.
Тілсіз қоғамның қандай түрі
болса да өмір сүре алмақшы емес, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана
пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл –
қоғамның жемісі. Тіл біздің мақтанышымыз, тіл біздің барымыз
да, нарымыз да болып қала береді. Сондай-ақ, тіл әрбір адамға ана
сүтімен бірге еніп, қалыптасатын күш. Сол ананың сүтімен дарыған
ана тіліміздің қуаты, күші, рухы қашанда қазақ деп жүрегі соққан
азаматтар мен азаматшалар үшін үлкен мәртебе екені
сөзсіз....
Тілдерді қолдану мен дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып,
оны іске асыруда облыстық, аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп,
жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада мемлекеттік қызметте,
қоғамдық-саяси және әлеуметтік-кәсіпкерлік саласының барлық
бағыттарында мемлекеттік тілді батыл қолданысқа енгізу көзделген.
Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында тіл
жөнінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі
кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.
Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп,
өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Қазақ тілі – біздің
рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді
пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған
буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға
түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға
тиіспіз.
«Енді ешкім өзгерте алмайтын
бір ақиқат бар – ана тіліміз мәңгілік елмен бірге мәңгілік тіл
болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы деп
білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде
қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз
қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек”,– деп кесіп
айтты. Елбасымыз елінің қамы мен жаны үшін аянбай
еңбек етіп қана қоймай, бүгінгі күнге дейін ата-бабамыздан мұра
болып жеткен тіліміздің мәртебесін асыруға атсалып жүргенін бәріміз
білеміз. Тіл-адам жанының айнасы. Тіл арқылы біз өсе де аламыз, тіл
арқылы біз өше де аламыз. Сондықтан мәңгілік елеміздің мәңгілік
тілінің тұғырын биікке көтеру-мына біздің, яғни жастардың қолында
екенін сөзімнің соңында айтқым келеді. Тіліміздің мәртебесі қашанда
биік болсын!
Туған тілдің абыройын
асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық
келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық
мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын
парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды
тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі
орасан зор. Осы ойымды жүйелейтін болсам, мен тәуелсіз елімнің
азаматы ретінде туған тіліме мынадай үлес қосудамын. Мен қазақ
тілінде білім аламын, қазақ тілінде көркем сөйлеп, сауатты
жаза аламын, қазақ әндерінен рух алып, ерекше рухпен орындап,
жүрегіме жылу ұялатамын, өзі қазақ болса да, өз тілін шұбарлайтын
қазақтың ұл-қыздарына ақыл-кеңес беремін және т.б осындай үлесімді
қосып жатқан жайым бар. Бұл менің мұғалім ретіндегі парызым деп
білемін. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері
осындай іс-әрекеттер арқылы тілімізді жандандыруға болады деп
санаймын.
Қостанай
қаласы
«Манаш Қозыбаев атындағы №23
орта мектебі» ММ
Қазақ тілі мен әдебиет
мұғалімі: Искиндирова Ляззат Аристанбаевна
