400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 29 материал табылды

мақала Тәуелсіздік - ең басты құндылық.

Материал туралы қысқаша түсінік
Мен –қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске Айта бергім келеді, айта бергім.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Тәуелсіздік - ең басты құндылық.


Мен –қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім.


Дәурені жүрген тұсында “бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген” Күлтегін батыр мен Білге қағанды атқа қондырған да түркі халқының болашағы еді. Ұлт қамын, ұрпақ қамын жеген олар “түн ұйықтамады, күндіз отырмады, қызыл қанын , қара терін төкті ”.

Сөйтіп:

“Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылды.

Аз халықты көп қылды

Тату елге жақсылық қылды”.

Олардың төгілген тері, аққан қаны текке кетпеді. Елі іргелі болды, қазынасы алтын мен күміске, даласы малға, киіз үйі жанға толды.

Айналасындағыларға: “ Қағаны – алып екен,

Ақылгөйі- білге екен,- дегізді.

Қуатты түркі қағанатын құрды. Төл тарихымыздың бастауы болды. Ерліктің елге – ұран, ұрпаққа мұра болып қалуы ұлттың ұлылық сипатының айрықша белгісі екендігін көрсетіп кетті.

Ұлт ұлылығы ел тағдыры таразыға түскен алмағайып күн туғанда “Аллалап атқа қонып, аруақтап жауға шабар ерлерінің ”, ақылы асқан данасының, жалын жүректі жастарының оқ пен судан беті қайтпайтын өжет қасиетімен танылмақ.

Бүгінгі күн биігінен өткенге ой көзімен қарасақ, тәуелсізідікке деген алғашқы қадамды:

“Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа”, -деп, ел қамын жеген Асан қайғы бабамыздың,

... Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке.

Жауға қарай аттандым

Жеткіз деп құдай тілекке!-деп, атойлап өткен Ақтамберді жыраудың,

... Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім,- деп, “шамырқанған болат, шамданған асау”, алдаспандай жарқылдаған Махамбеттің отты жырларымен басқан екенбіз.

Саналы ғұмырында ащы өксік, ауыр шермен астасқан өлеңдер жазып, халқының мұңын жырлаған ұлы Абай “қалың елі, қазағының” ұрпағына “атаның емес, адамның ұлы болуды”, ғылымды “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен” игеріп, дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануды өсиет етті.

Береке басы ел бірлігінде болатындығына көзі жеткенде:

“ Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең істің бәрі бос”,- деп, татулыққа, береке-бірлікке шақырды.

Қисық қылышты, қиғаш қабақ ойратпен өткен қантөгіс соғыстан қалжыраған қазақ орыстан пана іздеді. Оттан қашып, суға тап болды. “Қайыс ноқта” қалың орыстың ат төбеліндей билеушілері қазақтың қамы үшін емес, қисапсыз байлығы мен шұрайлы жерін бауырына басып қалуды мақсат тұтып, құшағын ашты. Қарашекпендерін қара құрттай өргізді. Қазаққа өз жерінде кірменің күйін кештірді. Ендігі қазақ “өз ырқы өз қолынан кетіп ”(Абай ), “орынды жерде орыннан, жоралы жерде жолдан қағылып”, (Ахмет) кіріптар күй кешті.

Ресейдегі қалың орыс көзқарас қайшылығының арқасында екіге бөлінді, бірі қашты, бірі қуды. Қашқаны – ақ, қуғаны - қызыл болды. Ағы жер болды, қызыл ер болды. Момын еліміз теңдік тигендей қуанды. Бірақ бұл қуаныш та көпке бармады.

Кіші Октябрь жасауды бет перде қылған Голощекиндік зымиян саясат халқымыздың тарихы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің жанашырлары: Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтерді қанды тырнағымен бүріп алып, ажал оқпанына лақтырды.

Жол бастар көсем, сөз бастар шешенінен айырылған халқымыз сең соққан балықтай, басқа ұрған жылқыдай сенделді. Төл тарихының жарқын беттерін жазған жақсыларын жарқыратып көрсете алмайтын кіріптар күй кешті. Долы дауыл сапырған көк теңізде ескексіз қалған қайықтай қалтылдаған халықтың барар жері, басар тауы қалмай, өрісі тарылды. Ақыл тапқан аттысы Алтай асып , бас сауғалады, қара жаяуы қыр аспай, оқпанынан ажал шашқан бесатар мен зеңбіректің жемі болды.

Елдің қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар ұлдары еменнің иір бұтағындай мызғымас берік мінезімен, ұлтын сүйген ұлық қасиеттерін, азаматтық көзқарастарын қарақан басының қамынан биік қойып, бастарын имей өтті.

Уақыт – ұлы емші. Тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Арыстар халқына қайта оралды. Оралғанда да естелік болып, ескерткіш болып, жазылған жыр, ашылған сыр болып қана оралды.

Ескі жараның орны тартылып, орнына өртеңге шыққан көктей болып көк өскін шығып, түнерген қабақ жадырап, бүгілген бел жазыла бергенде от пен оққа бөленген алапат күндер басталды.

“Сапырған дауыл, тебіренген теңіз, тулаған толқын, шайқалған шың-құз, қып-қызыл өрт ” (Қ.Аманжолов) адам бойындағы азаматтық арды, намысты, ұлттық тәрбиені , ерлікті сынға салды. Қатерлі күндердің отты көрігінде халықтар достығы, ерлердің ерлік қасиеті шыңдалды.

Төлеген , Мәлік, Бауыржан, Қасым, Әлия, Мәншүктер өзге ұлт ұландарымен қатар сапқа тұрып, ел қорғауға аттанды. Қазақтың қанында бар жауынгерлік рух қан майданда жай отындай жарқылдады. Ерлеріміздің ерлігіне таң қалғандар тамсанып, таңдайының суын жұтты.

Туған елге деген ұлы махаббат Рақымжанның қолымен Жеңіс туы болып жау ордасына тігілді. Ел мерейі үстем болды. Аға буынның ерлік күресі кейінгі ұрпақ-біздер үшін азаматтық ар сақтаудың қасиетті үлгісіндей болды.

Зұлмат заманның әлегінен туған жерінен қуылған көп ұлттың өкілдерін кеудесінен итермей, маңдайынан сипап , бауырына тартқан, “асы жоққа ас беріп, аты жоққа ат берген ”, “жалаңашқа шекпенін шешіп берген ” біздің ұлтымыздың қасиеті қандай ұлы терең әрі мағыналы, мейірімі қандай ғажайып қуатты әрі қарапайым еді!

Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде тәуелсіздік алғанға дейін көзіміз ашық болғанмен, көңіліміз ұйқыда, қолымыз бос болғанмен, тіліміз байлауда, алтын толы сандықта отырғанымызбен, кілт басқада болды.

Жетпіс жыл билеп-төстеген өктемдік пен империялық пиғылдың астамшылығы мен қысымы ұлттық намысты, азаматтық арды жоқтаған өрімдей ұл-қызды желтоқсанда алаңға шығарды. Жас қазақтың өр намысты қайсар дауысы әлемді шарлап кетті. Ғасырдың желі суырып, суы шайған қиюы кеткен қораш тамдай опырыла құлаған ескі жүйенің әлсіздігін күллі дүниеге әйгілі еткен де қайсар халқымның ұл-қыздары. Солардың жан қиярлық ерлігінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еркіндігіміздің туын көтеріп, өз алдымызға ел болдық. Тұтас халық қуанышқа бөленді. Тұңғыш рет жалпы халықтық дауыс беру арқылы ел басын - Президентті сайладық.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің егемендігін қалыптастырып, баянды етуде сіңірген еңбегі қыруар. Елімізді астанасын қалың қазақтың ортасына, қасиетті Сарыарқаның төріне көшірді. Бүгінде Астанамыз күннен-күнге көркейіп, сәулеттеніп бүкіл әлем таныды. Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы бүгінде мектеп партасында отырған жастардың алған білім мен тәрбиесіне байланыстылығын, сондықтан да жастарға қамқорлық жасау керектігін біздің мемлекетіміздің басшысы нақты ісімен дәлелдеп берді.

Көршілес елдердегі болып жатқан әрқилы жағдайлар бізден үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен байсалдылықты талап етеді. Оқыста отқа түсіп, өз қолымызбен құрған отау, көтерген шаңырағымызды өз қолымызбен талқандап тастаудан асқан қасірет жоқ. Досқа күлкі, дұшпанға таба болудан артық қайғы болмаса керек.

Ардақты ақын аға Мұхтардың “Нарынқұм трагедиясы” поэмасында мынандай бір жыр жолдары бар:

“... Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын,

Оның тартар азабы да соншама!

...Мен сенемін күні ертең

Ақыл-ойын пір тұтар деп ұлы өлкем.

Күліп жайсаң күн ғажайып,

Ел наласы тарқар деп ! ”

Мұнда кешегі қасіретті күндерде ел үшін азап шеккен ерлердің ерлік күресінің елесі мен ертеңгі жарқын болашаққа кәміл сенген өр көңілінің биік арманы бар.

Бүгінде еңбектеген баладан , еңкейген кәріге дейін қабағы ашық, жүзі жайдары. Ерен еңбекпен тәуелсіздігіміздің көк байрағын көкке самғатып, елдігіміздің іргесін бекітіп жатырмыз. Міне, ширек ғасыр уақытта жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз күллі әлем назарында екендігі анық.

Күллі қазақ “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, Елбасының сындарлы саясатын қолдап,ел ішінің берекесі үшін, баянды болашақ пен Мәңгілік елдің тұрақтылығы үшін еңбек ету, елдігіміздің, азаматтығымыздың белгісі деп білемін.

Шетсіз, шексіз,қиырсыз ұлы дала,

Шуақ болып шашылмай жылына ма ?

Сүй Отанды !

Шыныңмен сүйіп өт те,

Гүл боп қадал ойына, қырына да,- деп , ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырға қосқан ел, әлем таныған Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстанымыздың 28 жылдығы құтты болсын, ағайын! Болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болғай!



Дәнеш Кагиликов

Алматы облысы,

Қаратал ауданы,

Үшкөмей орталау мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
23 қаңтар
457
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі