Тіл тағдыры – ел
тағдыры.
Тәуелсіздігімізге қол
жеткізгенімізге де 30 жыл толуға жақын. Алайда, бұлқынсақ шамамыз
жетпей, айғайласақ, дауысымыз жетпей тұрған бір мәселе бар. Ол –
мемлекеттік тіл мәселесі. Қазақ тілін әлі күнге тұғырына көтере
алмай қиналудамыз. Өзге ұлтты қайдам, өз ана тілін менсінбей
қарайтын қара көзді бауырлар қаншама? Қазақ тілінің мемлекеттік
мәртебесі Ата заңымызда айқындалғанымен, өмір талабы, заман
сұранысы, қоғам қажеттілігіне айнала алды ма? Қазақ тілінің
қолданыс аясын кеңейту жолындағы әрбір қазақстандықтың рөлі қандай?
Ана тіліміздің өркендеуіне біз не істеп жүрміз?
Ештеңе...
Қазақ тілін біле тұра , әрекет
етпейміз, өз тілімізде сөйлемейміз. «Ана тілін білмеген – ақылы жоқ
желікбас, Ана тілін сүймеген – халқын сүйіп жарытпас» деген сөз
бүгінгі жағдайды суреттеп тұрғандай...
Тіл – ол тірі құбылыс.
Оны күнделікті өмірде қолданған сайын ол гүл сияқты құлпырады,
гүлденеді. Ол үшін жоғары білім, кандидат, доктор дәрежесі де қажет
емес. Жай қарапайым өмірде күнделікті қолдансақ, аясы да, өмірі де
ұзарады. Ол үшін әр қазақ өзінен бастап, бірнеше әрекет жасаса
жеткілікті. «Әрекет бар жерде берекет бар» демекші, нақты
қадамдарды ұсынамын:
1/ Бесік жыры айтылып, қазақ
ертегілері оқылсын;
2/ Әр қазақ баласын қазақ
бала-бақшасына, қазақ мектебіне берсін;
3/ Үйде, түзде, кез келген
жерде қазақ қазақпен қазақша сөйлессін;
4/ Ұлттық өнермен шұғылдансын
немесе хабардар болсын / ұлттық би, домбыра, қазақша күрес,
тоғызқұмалақ үйірмелері/
5/ Күнделікті тұрмыста,
қызметтерде тіл таңдау мүмкіндігі болса, «қазақша», «қазақ тілі»
батырмасын таңдау #ұсақ-түйек деп ойламаңыз. Үлкен жетістіктер,
жеңістер осындай ұсақ-түйектен тұрады.
6/ Теледидардан, ғаламтордан
қазақша бағдарламалар мен сайттарды қарау;
Тілді құрметтеуде, білуде
отбасының маңызы зор. Себебі отбасы- мемлекеттің бір бөлшегі. «Ана
тілі» сөз тіркесінде Ана деген сөз бар. Ана тілі ана сүтімен
дариды. Ана қай тілде сөйлесе, сәбидің тілі, алғашқы сөздері де сол
тілде шығады. Ендеше еліміздің қыз-келіншектерінің құлағына «алтын
сырға». Жаратқан қазақ қылып жаратқан соң, тілді білу, сүю – парыз.
Болашағымыз жарқын болу үшін бүгін аянбай еңбек етуіміз керек. Мың
жерден білімді, өзге тілдерді біліп керемет болсаң да, өз тіліңді,
әдебиетіңді, мәдениетіңді, тарихыңды білмесең- толық мәнді тұлға
бола алмайсың. Оян, қазақ! Үлкен жол кішкентай қадамдардан
тұрады.
Мен жанбасам
лапылдап,
Сен жанбасаң
лапылдап,
Ол жанбаса
лапылдап
Аспан қалай
ашылмақ?
Ойлан,
қазақ!