
Ертегі
«Мақта қыз
бен
мысық»
Баяғыда Мақта қыз
болыпты. Мақта қыз
үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық
келмейді. Қыз: – Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп
болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз
айтпайды. Сонан соң мысық: – Ендеше қатығыңды төгем! – дейді. Мақта
қыз: – Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді. Мысық қатықты төгеді.
Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: – Апа, апа,
құйрығымды берші! – дейді. Мақта қыз: – Менің қатығымды төле!
–дейді. Мысық сиырға барады. – Сиыр, маған қатық берші! – дейді.
Сиыр: – Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді.
Мысық ағашқа барып: – Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді. Ағаш:
– Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді. Мысық
суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді. – Қыздар, қыздар,
маған су беріңіздерші! – дейді. Қыздар оған: – Бізге сағыз әкеліп
берсең, біз саған су береміз, – дейді. Мысық дүкенге барады. – Әй,
дүкенші, маған сағыз берші! – дейді. Дүкенші: – Маған жұмыртқа бер!
– дейді. Мысық тауыққа барады. – Тауық, тауық, маған жұмыртқа
берші! – дейді. Тауықтар: – Бізге дән әкеліп берсең, біз саған
жұмыртқа береміз, – дейді. Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара
жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас
салады. – Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді. Тышқан
қорыққанынан: – Үйімде бір табақ тары бар, – дейді. Мысық: – Маған
бір уыс тары бер, – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп
береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді;
жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды
апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа
береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр
қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың
құйрығын береді.