Алматы облысы Жамбыл
ауданы
«Қарғалы ауылы №1 орта
мектебі» КММ
Бастауыш сынып
мұғалімі,педагог-зерттеуші
Ихсанова Райгуль
Орынбековна
Мәтінмен жұмыс барысында
оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту
Оқу сауаттылығы –
функционалдық сауаттылықтың бір түрі. Оқу сауаттылығы оқушылардың
қарапайым оқу мәдениеті мен дағдыларының қаншалықты деңгейде екенін
анықтайды. Заманауи қоғамдағы өмірге деген дайындықтың маңызды
параметрі ретінде қарастыралатын оқу сауаттылығының негізі –
мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру. Оқу сауаттылығы - оқушылардың
мәтін мазмұнын түсіне білу және оларға ой жүгірте білу, мәтін
мазмұнын өз мақсаттарына жету үшін пайдалана білу, қоғам өмірінде
белсенділік таныту мақсатында білімдері мен мүмкіндіктерін дамыту
қабілеттері.
Оқу сауаттылығын арттыру үшін
мұғалімдер оқушының мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруы
керек. Бұл үрдіс «бір» дегенде қалыптаспайды, сондықтан жылдар бойы
үздіксіз жүріп тұратын әдетке айналуы керек. Әр мұғалім өз әдісі
арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын арттырудың амалдарын қолданады.
Мәтінмен жұмыс бастамас бұрын, меніңше, оқушы мәтіннің не екенін,
оның құрамы мен мазмұндық түрлерін жете білуі керек деп ойлаймын.
Мәтін – белгілі бір тақырыпқа негізделген, сабақтастық пен
тұтастықтан құралып, тізбектелген сөйлемдер жиынтығы. Мәтінде
біртұтас ой жинақталып, ақпарат беру мақсаты
көзделеді.
Оқушының мәтінмен жұмыс істеуі
- оқушының мәтінді түсіну, мәтінге қатысты берілген сұрақтарды шеше
білу дағдыларының қаншалықты екенін анықтау
деңгейі.
Мәтінге қатысты берілген
сұрақтарды шешудің мынандай бірнеше жолын ұсынғым
келеді:
Мәтінді оқымас бұрын, мәтінге
байланысты берілген сұрақтың тапсырмасынан бастап оқу. Бұл әдіс
менің іс-тәжірибемде жиі кездесіп жүрген тәсілдің бірі. Біріншіден,
оқушылар тапсырмаларды оқып алғаннан соң, мәтін мазмұнын оқу
барысында бірден сол сұрақтың жауабын іздеуге кіріседі. Мәтінді
оқып отырғанда оқушының миы автоматты түрде оны түсінуге және
шешуге бейімделіп оқитын болады. Себебі оқушы мәтін мазмұнын
оқымай, берілген сұрақтар арқылы мәтіннің не туралы екенін анықтай
алады. Екіншіден, бұл уақытты тиімді қолданудың амалы деп те айтар
едім.
Мәтінге байланысты сұрақтың
тапсырмасын мұқият оқып, оқушыдан не сұрап тұрғанын жете түсініп
алу керек. Кейбір берілген тапсырмалар бірнеше сұрақтан тұрғандай
көрінеді. Бұл оқушының зейініне, ойына күдік тудырудың жолы.
Сондықтан оқушы әр тапсырманы зерделеп түсінуі өте маңызды. Мәтінге
байланысты берілген тапсырманың жауап нұсқаларын міндетті түрде
қарап шығу. Кейде оқушыларда жауап нұсқаларын оқып отырғанда
асығыстықпен барлық нұсқаларды оқымай, ұқсас берілген жауапты
белгілеп қою қателері кездеседі. Себебі жауап нұсқаларының
біреуінде жауап тұрғандай көрінеді, ал келесі жауап нұсқасы
тапсырма сұрағына одан да анық жауап беруі мүмкін. Сондықтан оқушы
міндетті түрде жауап нұсқаларын толық оқуы керек. Бұл қателік
көбіне мәтін тақырып анықтауда немесе негізгі ойды табуда
кездесетін сұрақтардан кездеседі.
Сұрақтарды оқушы ыңғайыңа
қарай емес, сұрақта не сұрап тұрғанына тұжырым жасау қажет.
Оқушыларға мәтіннің негізгі ойын түсіну маңызды емес, оқушы сұрақта
не жайлы сұралғаны маңызды екенін естен шығармауы керек. Себебі
сұралған нәрселер мәтінде айтылған ой болып
табылады.
Оқушы көлемді берілген
тапсырмалардан қорықпауы керек. Себебі сұрақтың көлемі немесе
ұзақтығы тапсырманың күрделі екенін дәлелі емес. Көлемді
тапсырмаларда көбінесе оқиға беріледі, сондықтан оқушы оқиғаны көз
алдына елестету арқылы жауапты шешуде қиналмауы әбден
мүмкін.
Берілетін мәтіннің негізгі,
кілтті ойы әдетте соңғы сөйлемдерде кездеседі. Сондықтан оқушы
мәтінді мұқият оқи отырып, соңғы ойға баса назар аударуы керек.
Егер уақыт аз қалатын болса, негізгі ойды соңғы сөйлемдерден
іздегені дұрыс болады. Себебі кез келген тақырыптың шешуші ойы
қорытынды бөлімде тұрады.
Қорыта айтқанда, мұғалім
оқушыға осы мәтін сұрақтарын шешуде ұсынылып отырған жолдарды
түсіндіріп, тәжірибиеде қолдануға дағдыландыратын болса, оқушы
мәтінмен жұмыстағы қиындықтарды шеше
алады.
Мәтінді түсініп оқу,
тапсырмаларын дұрыс орындау – оқу сауаттылығының бастамасы мен
негізі деп толықтай айта аламын.
Қолданылған әдебиеттер
тізімі:
1.Ұлттық есеп PISA-2022
зерттеуіндегі Қазақстан нәтижелері Астана,
2024
4.Әдебиеттік оқу. 3 сынып
Б.Т.Қабатай , Ү.К.Зейнетоллина , В.А.Қалиева Алматы «Атамұра»
2018.
5. Қазақстан Республикасында
орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш, негізгі орта және
жалып орта білім беру аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні
бойынша педагогика кадрларының арттыру курсының бағдарламасы.
Мұғалімге арналған нұсқаулық. Педагогикалық шеберлік орталығы,
2016