Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
«М.Әуезов – қазақ әдебиетінің тарланы»
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
«М.Әуезов – қазақ әдебиетінің тарланы»
Мақсаты:
Білімділік: Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат беру. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу.
Дамытушылық: Оқушылардың өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу,ой-өрісін , рухани жан дүиесін байыту. Ойын ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: Әлем таныған Әуезовтың ұлылығын дәріптеу. Қазақ елінің мақтанышына айналған заңғар жазушыны құрметтеуге, оқушыларды елін сүюге, әдебиетті білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: М.Әуезовтың шығармашылығына байланысты презентациялық слайдтар, «Əуезов әлемі » кітап көрмесі.
Жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар,оқушылар, кеш қонақтары!
Жүргізуші:Бүгін ұлы тұлға,заңғар жазушы,қоғам қайраткері, Абайтанушы ғұлама ғалымның дүниеге келгеніне 125 жыл толуына орай өткізгелі отырған кешімізге қош келдіңіздер!
Жүргізуші: Иә, М.О.Әуезов Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте дүниеге келген.
Мұхтар Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен.
Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді.
Н.Погодин айтқан
Жүргізуші: Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да – сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу – әр қазақтың абыройлы борышы.
Дінмұхамед Қонаев, мемлекет қайраткері
Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқатата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек. Шыңғыс Айтматов.
Жүргізуші: Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой. Бержерон, француз жазушысы
«Мұқаң - әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бір де бірінде осалдық көрсетпеген, бәрінде де орасан күшті, бәрінде қатар және тең ұстаған адам.» Абайша айтқанда, «Қас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің үлгісі болатын.»
Зейнолла Қабдолов
Жүргізуші:Ақындар арнаулары
Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған.Мысалы:Қасым Аманжолов «Мұхтар аға!», Сырбай Мәуленов «Мұқаңа», Расул Ғамзатов «Мұхтар аға», Әбдіраштың Жарасқаны «Тарих заңы», Мұхтар Шаханов «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?».
Бұл оқылған дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әлемге әйгілі жазушыны дәріптеу - біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз.
Әдебимонтаж:
1-оқушы: Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Алғашқыда 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
2-оқушы: Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының«Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.( Мұхтар Омарханұлы Әуезов құрметіне шығарылған марка)
3-оқушы: Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары - Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері - Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік - Кебек» алып келді. Шығарма өзегі - эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстурлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кетпеген. Билер сахнасы - көркемдік тамаша табыс. Кемшілік, олқылықтарды ескеріп, Әуезов пьесаны 1943 жылы қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі - «Түнгі сарын». Бұл - қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды.
4-оқушы: Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды. 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
5-оқушы: «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды.
Жүргізуші: М.О.Әуезовтың шығармашылық өміріне саяхат жасау мақсатында «Әуезов асыл-мұрасы» атты кітап көрмесіне шақырамыз.
Қорытынды:
Жүргізуші: Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндесе, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн-өзi тануы, өзiн-өзi бағалауы, өзiн-өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ. Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
Жүргізуші: Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М.Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады.
Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектеп
«М.Әуезов – қазақ әдебиетінің тарланы»әдеби кеш.
Жауапты:Абетова Р.К
Қазақ тілі пән мұғалімі Ертаева А.Х
2022 оқу жылы