400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 23 материал табылды

Мазмұндамалар жинағы

Материал туралы қысқаша түсінік
Бастауыш сынып мұғалімдері үшін
Материалдың қысқаша нұсқасы


Алғы сөз


Өсіп келе жатқан баланың бойындағы жалпы азаматтық қасиет ортасымен тікелей қарым-қатынас нәтижесінде жүзеге асады. Қарым-қатынастың негізгі құралы сөйлеу. Айтылған ойды ауызша жеткізу әсерлі болғанымен, қысқа мағынада қалып қояды. Ендеше адамның ішкі ойын жеткізудің ең тиімді жолы жазбаша сөйлеу.Бастауыш мектепте оқытудың мазмұнын жетілдірудің басты шарты оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамыту болып табылады.Егер оқушының жазу стилін бастауыш сатыдан бастап қалыптастыратын болса, онда ойы ұшқырланып, жазуға икемділігі арта түседі. Сондықтан оқушының жазба тілін дамытуда бағыт-бағдар бере отырып, олардың жеке ерекшеліктеріне қарай ойлау тілін дамытуға тікелей ықпал ететін әдіс-тәсілдерді жан-жақты ойластыру қажет. Бастауыш сынып оқушыларының жазба жазба сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мұғалімнен үлкен жауапкершілік пен шығармашылық ізденісті талап етеді. Мәтін мазмұнын ауызша және жазбаша баяндау арқылы оқушының өзіндік сөйлеу тілі қалыптасады.

Мазмұндама жазу оқушылардың жазба мәдениетінің свуаттылығының кілті.

Мазмұндамалар жинағында білім мазмұнын ақпараттандыру жағдайында компьютерлік технологияны пайдалана отырып, әр түрлі бағытта берілетін мазмұндамалар жинақталған.
Көп жылғы тәжірибенің нәтижесінде іріктелген, ұлтымыздың тарихынан, салт-дәстүрінен хабардар ететін, тәрбиелік мән бар материалдар, шығармашылық тапсырмалар арқылы 1-4 сынып оқушыларының тілін, ойын және жүйелі сөйлеуін қалыптастыратын, міндетті мүмкіндік жағдайлар ескеріліп, дамыта оқытуды көздейтін жұмыстар берілген. Байланыстырып сөйлеуге қойылатын талаптарды ескере отырып, тіл дамытудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін толық қамтып, тілдік материалдар арқылы оқу, жазу және тәрбие мәселелерін бірлікте қарастырған құрал. Мұндағы басты міндеттер мыналар:

  • оқушының ойын дамыту арқылы жазбаша сөйлеу тілін дамыту;

  • көрген-білгенін қысқаша баяндауға бағыт беру;

  • қоршаған ортасына зерттеу жүргізе отырып, ойтұжырымдарын қағаз бетіне түсіруге дағдыландыру;

  • берілген мәтіндер негізінде өз бетімен әңгіме құрай білуге үйрету;

  • мәтіндердің мазмұнын өз ойымен кеңейтіп жазуға баулу;

  • мәтін мазмұны бойынша ойын бейнелеуге, суреттеуге бағыт беру;






1-сынып

Қарлығаш пен торғай

Қарлығаш ұя салды. Дайын ұяға торғай орналасып алды. Торғайға қарлығаштың шамасы келмейтін болды. Ол көмекке басқа қарлығаштарды шақырды. Көп қарлығаш ұядан торғайды қуып шықты. Қарлығаш өз ұясына қайта орналасты.

Сұрақтар

  1. Қарлығаш не салды?

  2. Ұяға не орналасып алды?

  3. Қарлығаш басқа қарлығаштарды неге шақырды?

  4. Көп қарлығаш ұядан нені қуып шықты?

  5. Қарлығаш қайда орналасты?


Аралардың достығы

Орманда бір топ ара тұрыпты. Бәрі еңбекқор болыпты. Үнемі гүлден шырын жинапты. Өздері тату тұрыпты. Сондықтан балдай тәтті өмір сүріпті.

Сұрақтар:

  1. Орманда қанша ара тұрыпты?

  2. Бәрі қандай болыпты?

  3. Үнемі не теріпті?

  4. Өздері қалай тұрыпты?

  5. Сондықтан қалай өмір сүріпті?


Сағаты бар шортан

Бір жұмысшы шортанды ұстап алды.

Ол шортанды үйіне алып келді. Әйелі балықты тазалады. Балықтың ішінен қол сағат шықты. Жұмысшы сағатты бұрады. Сағат жүріп кетті.

Сұрақтар:

  1. Жұмысшы не ұстап алды?

  2. Кім шортанды үйіне алып келді?

  3. балықты кім тазалады?

  4. Балықтың ішінен не шықты?

  5. Жұмысшы сағатты қайтты?

  6. Сағат қайтті?


Үш мысық

Үш сұр мысық бір тышқанды көрді. Үшеуі бірдей тышқанға ұмтылды. Тышқан ұн тұрған шараға күмп берді. Мысықтар бірге түсті. Тышқан қашып кетті. Үш сұр мысық ақ мысықтар болып шыға келді.

Сұрақтар:

  1. Үш сұр мысық нені көрді?

  2. Қаншасы тышқанға ұмтылды?

  3. Тышқан қайда күмп берді?

  4. Мысықтар қайтті?

  5. Тышқан қайтті?

  6. Үш сұр мысық қандай болып шыға келді?



2-сынып

Бірлестік

Құмырсқа қыста жейтін тамақ жинап алмақшы болды. Ол тамақ іздеп айналаны қарады. Құмырсқа бір күні үлкен дән тауып алды. Дән өте ауыр екен. Құмырсқа дәнді орнынан қозғай алмады. Ол көмекке серіктерін шақырды. Серіктері құмырсқаға көмектесуге келді. Олар ауыр дәнді жабылып сүйреп кетті. Сөйтіп, құмырсқа дәнді апармақшы болған жеріне оңай жеткізді.

Сұрақтар:

  1. Құмырсқа неліктен айналаға қарады?

  2. Ол серіктерін неге шақырды?

  3. Құмырсқа дәнді не істеді?


Ақ қошақан

Ақ қошақан енесімен бірге өріске шығатын. Ол өрістің шөбіне тойып, секіріп ойнайтын.

Бір күні ақ қошақанның екі алдыңғы аяғы ақсап қалды. Ол енді жүре алмайтын болды.

Серік оған шөп жұлып әкеп берді, нан берді, су берді. Шүберекпен аяқтарын таңып қойды. Көп кешікпей ақ қошақанның аяқтары жазылды. Ол өріске кетті.

Сұрақтар:

  1. Ақ қошақан не істеуші еді?

  2. Ақ қошақан неліктен өріске шыға алмады

  3. Ақ қошақанды Серік қалай күтті?

  4. Серіктің ісіне қандай баға берер едіңдер?

  5. Сендер мұндай жағдайда не істер едіңдер?


Көктем хабаршысы

Көктем де келді. Ауылдың ортасынан қақ жарып ағып жатқан өзен таси бастады. Қар еріп, сай-саланы су алды.

Ауыл қариялары қолдарын көлегейлеп, ұшқан құстарға жиі қарайды. Олар сол сәтті тосады.

Бір күні тырналар келді. Жұрттың бәрі тыраулаған тырналардың соңынан ұзақ қарап тұрды. Ертесіне жұрт жер жыртуға шықты.

Жоспары:

  1. Көп күткен көктем.

  2. Тырналар.

  3. Жер жырту.




Сүйкімді лақ

Биыл көктем ерте келді. Қар суы сарқырап ағып жатыр. Қой қоздап, ешкілер лақтап, ауыл абыр-сабыр. Кей біреулері егіздеп тауып, лақтарын жарытпады. Оларға емізікпен сүт беру Ерланға тапсырылды. Ерлан бұл іске құлшына кірісті. Жылы сүтке тойған лақтар маңырауын қоя қойды. Біраздан кейін маужырап, тәтті ұйқыға кетті. Ерлан оларға сейірлене қарап әлі тұр. Не деген сүйкімді лақтар!

Сұрақтар:

  1. Жылдың қай мезгілі еді?

  2. Ауыл қандай күйде?

  3. Ерланға қандай жұмыс тапсырылды?

  4. Лақтар қалай рақаттанды?

  5. Лақтар қандай?


Көл жағасында

Біздің ауылдың жанында кішкене көл бар. Көлдің суы мол. Айналасы жап-жасыл шөп. Ауылдың құс фермасы осы көлдің жағасында орналасқан. Құс фермасының тауығы, қазы, үйрегі осы кішкене көлдің жағасындағы көгалға жайылып жүреді. Ауылдың құс фермасы жылдан-жылға ұлғайып келеді.


Кептер

Үйде Еркін мен қарт әжесі болды. Өзгенің бәрі жұмыста. Әжесі қарап отыра алмайды. Жүн түтеді, ұршық иіреді.

Әжесі немересін есік алдындағы легенді алып келуге жұмсады. Еркін есік алдына шықты. Ол мысықтың кептерді талап жатқанын көрді. Еркін кептерді мысықтан құтқарып алды.

Ол кешікті. Әжесі шыдай алмады. Сыртқа шықты. Еркін болған жайды әжесіне айтты. Әжесі немересінің мейірімділігіне сүйсінді.

Сұрақтар:

  1. Үйде кімдер болджы?

  2. Әжесі үйде немен айналысады?

  3. Еркін қайда шықты?

  4. Еркінге әжесі не үшін сүйсінді?


Көк шыбық

Еркін мен Жарас есік алдына алты шыбық отырғызды. Су алыс, шелектеп тасып құйды. Арада он шақты күн өтті. Шыбық бүршік жарып келе жатты. Екеуі қайта-қайта барып көреді.

  • Мынау – менің ағашым, - дейді Жарас.

  • Анау – менікі, - дейді Еркін.

Шыбықтарды әлдеқашан екеуі меншіктеп алған. әкесі де балаларына дән риза.




Сынған аяқ

Сейіт байқаусызда аяғын сындырып алды. Ойбайлап жылаған баласын көрген шешесі талып қалды. Оны Сейіт көрді. Сынықшы Сейіттің аяғын қайта салды.

Сейіт қатты қиналды. Бірақ қабағын шытпады. Оған өз жанынан ана жанының қиналғаны ауыр еді.

Сұрақтар:

  1. Сейітке не болды?

  2. Анасы не істеді?

  3. Сейіт неге қабағын шытпады?



3-сынып

Бүлдірген тере барғанда.

Бүлдірген өзен, бұлақ бойына көп өседі.

Бір топ бала бүлдірген теретін шелек, кәрзеңке алды. Олар бүлдірген өсіп тұрған жерге жетті. Бұл жер жап-жасыл, жібек кілем төсеп тастағандай. Ойпаңдар да, бұта-өсімдіктер де көкпеңбек. Айнала төңірек, жердүние маужырап тұр. Не деген сұлу табиғат.

Балалар біраз тамашалап тұрды да, бүлдірген теруге кірісті. Бүлдіргенді тойғандарынша жеді. Апарған ыдыстарын да толтырып алды.

Содан соң бұлақ бойындағы көгалға отырып демалды. Түскі тамақтарын ішті.

Кешке қарай ауылға қайтты. Бұл күн балаларға өте қызықты өтті.

Жоспар:

  1. Бүлдірген теруге бару.

  2. Бүлдірген өскен жердің табиғаты.

  3. Бүлдірген теру.

  4. Демалу және ауылға қайту.


Құлын, қозы, лақ.

Жаз. Өрісте лақ, құлын, қозы кездесе кетті. Іші пысқан олар бірігіп ойнамақ болды. Әуелі нендей ойын қызық екенін талқыға салды.

Сөзді ақ лақ бастады:

  • Ойынның қызығы – тауға шығу. Тастан-тасқа секіру.Әрі қан тарайды, әрі епті боласың.

Қошақан лақтың сөзін жаратпады:

  • Секіріп, атылып ойнау ойын емес. Ойынның қызығы – қошқарша сарт-сұрт сүзісу. Әрі күшің толады. Әрі бұлшық етің қатаяды.

  • Сендердің ойындарың көңілге қонбайды. Ойнаған соң шапқылап жарысайық. Тұра қалып тебісейік, - деді құлын.

Үшеуі қызылкеңірдек болып ұзақ керісті. Ақыры келісе алмай, әрқайсысы өз жөніне кетті.

Сұрақтар:

  1. Жылдың қай мезгілі еді?

  2. Төлдер не істемек болды?

  3. Лақ қандай ойын ұсынды?

  4. Қошақан ше?

  5. Ал құлын ше?

  6. Ақыр не істеді?


Бүлдірген тере барғанда

Абай бала күнінде бүлдіргенге құмар болады. Жәнібек өзенінің бойында бүлдірген көп деп естиді.

Бір топ бала атқа мініп сонда барады. Олар аттарын тұсап қояды. өздері бүлдірген тере бастайды. Бүлдіргенді тойғанша теріп жейді. Содан кейін апарған ыдыстарын да толтырып алады. Абай шешесіне бүлдіргеннің ең жақсыларын бөлек теріп алады. Оған басқа балалар таңғалады.

Сұрақтар:

  1. Абай жас жас күнінде неге құмар болды?

  2. Балалар бүлдірген теруге қай жерге барады?

  3. Олар бүлдіргенді қалай тереді?

  4. Абай бүлдіргеннің ең жақсыларын кім үшін тереді?


Аңқау күшік

Біздің мойнақ деген күшігіміз бар. Мойнақты шеңберден қарғып өтіп шығуға үйретпек болдық. Бірақ күшік шеңберден қарғымады. Содан соң қағазға мысықтың суретін салдық. Оны шеңберге жапсырдық. Мойнақ суретті көрді. Аңқау күшік суретті тірі мысық екен деп, оған оқтай атылды. Сөйтіп, Мойнақ шеңберден қарғуды үйренді.

Сұрақтар:

  1. Олардың несі бар?

  2. Мойнақты неге үйретпек болды?

  3. Мойнақ қайтты?

  4. Қағазға ненің суретін салды?

  5. Аңқау күшік не істеді?

Мойнақ нені үйренді?


Орман сағаты

Мен әр демалыс сайын ауылға атама барамын. Менің атам – орманшы. Өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі туралы көп біледі. Мен атамнан көп нәрсе үйрендім.

Бірде атам екеуіміз орман ішін аралап жүріп, алаңқайға шықтық. Алаңқайда әртүрлі гүлдер жайқалып өсіп тұр. Атам бір гүлге қарап, сағаттың бес болғанын айтты. Мен таңғалдым. Атам маған әр гүлдің қай уақытта ашылып, қашан жабылатынын білсең, онда уақытты білу қиын емес екендігін айтты.

«Жас натуралистер» кітабынан




Жолбарыстың терісі

Бір сараң шал жолбарыстың тырнағына түсіп қалыпты. Сол кезде мылтық ұстаған баласы көмекке келеді. Батыл бала жолбарысты нысынаға алуға ыңғайланады. Мұны көзі шалып қалған сараң шал айқайлап жіберіпті:

- Байқа балам, артқы аяғын дәл табанынан көздеп ат. Жотасынан ата көрме, терісі бүлінеді. Онда терінің құны көк тиынға тұрмай қалады, - депті.

Сұрақтар:

  1. Шалға не болыпты?

  2. Көмеке кім келеді?

  3. Баласы не қылды?

  4. Сараң шал баласына не деді?


Балық аулау

Балалр өзенге кетті. Олар қолдарына қармақ алды. Олар көп балық ұстады. Жаңбыр жауды. Балалар ағаштың астына тығылды. Олар су болмады.

Немесе:

Балалар балық аулауға кетті. Қолдарында қармақ бар. Бір кезде жаңбыр жауды. Балалар ағаштың тасасына тығылды. Олар су болмады.

Сұрақтар:

  1. Балалар қайда кетті?

  2. Олар қолдарына не алды?

  3. Не жауды?

  4. Балалар не істеді?

  5. Олар су болды ма?


Құдық басында.

Досжан шелекті қарына қыстырып, қорадағы атқа беттеді. Құдық басында кісі көп екен. Жетпістегі Қалтай қария бүкшеңдеп су тартып жатыр. Бір-екі бала состиып анадайдан қарап тұр. Досжан оларға алара бір қарады. Ол шелекті сұрап алды. Қарт кісі емес пе, ентігіп қалыпты. Досжан қарияның атын суғарып берді. Бір кезде Бағила әжей суға келді. Досжан шелегіне су құйып берді. Шағын екі шелек суды әжейдің үйіне жеткізді. Әжей Досжанға рақмет айтты.

Жоспары:

  1. Досжанның құдыққа қарай беттеуі.

  2. Қалтай қарияның су тартуы.

  3. екі баланың қарап тұруы.

  4. Досжанның көмегі.

  5. Бағила әжейдің келуі.

  6. Досжанның әжейге жасаған көмегі.

  7. Әжейдің алғысы.

  8. Сен өзің үлкен адамдарға көмектесесің бе? Сол туралы қысқаша жаз.


4- сынып

Қимас дос

Сырттан дауыс естілді. Бақыт ашық терезеден мойнын созды. Келіп тұрған сыныптасы Болат екен.

- Кітапханаға бара жатырмын. Алған кітаптарымды оқып бітірдім. Жүр кеттік.

Бақыттың көзі Болаттың қолындағы екі кітапқа түсті. «Қалай тез оқып шыққан?» деп ойлады ол. Ал мұның алғаны жұқа ғана кітапша еді. Оның да үзіп-жұлып тек суреттерін көріп шыққан. «Әлі оқығам жоқ» деуге досынан ұялды.

Сәлден соң екеуі балалар кітапханасының ішіне енді. Жайна апай оларды жылы қарсы алды.

  • Алған кітаптарыңды осылай ұқыпты ұстағандарың жақсы, - деді, бұлардың кітаптарын көріп жатып. – Қалай, қызық па екен?

  • Апай өте қызық екен! – деп, Болат кітап мазмұнын айтуға көшті.

Бақыт болса шып-шып терлеген маңдайын алақанымен бір сүйкеп өтті. Тақта алдында да бұлай қысылған емес.

  • А-пай мен де кітап алайыншы, келесіде айтам... Әдемілеп айтам... – деді ол.

  • Алсыншы, апай. Оқиды ол! – деп Болат қиылды.

  • Жарайды, сенем сендерге! Кітапқа құштар болсаң, ол да Болаттай жақсы жолдас, қимас дос бола алады, - деді Жайна апай Бақытқа жымия қарап.

Сұрақтар:

  1. Болат Бақытты қайда шақырды?

  2. Бақыт не ойлады?

  3. Екеуі қайда келді?

  4. Болатқа Жайна апай не үшін риза болды?

  5. Бақыт неге қысылды?

  6. Жайна апай балаларға не дедеі?

  7. Болат апайға не деп қиылды?

  8. Сен Жайна апайдың пікіріне қосыласың ба?


Мейірім

Көктем. Мамыр айы маужырап, қырат пен сай-саланы қыс бойы мекендеген қасат қар еріп, сылдырап, жылға-жылғамен ағады.

Төңірек тегіс түрленіп көку шөп қаулап өсуде. Ақ. Сары, қызыл гүлдері көздің жауын алған тау бөктері түсті кілемдей құлпыра түскен.

Отияр ауылының қасындағы айналасын қамыс көмкерген терең көлдің маңайы жыл құстарының ызу-қиқу шуына толы. «Қой қоздап, қорада шу».

Осындай бір күні жалғыз үй-шопан қыстауының қорасына зып беріп ана үйрек ұшып кірді. Мұны Жасұлан байқап қалды да, дереу әжесіне келіп хабарлады.

Әжесі екеуі күні бойы аңдыды. Ана үйрек қораға ұя салыпты. Демек, балапан басып алмақшы.

Міне, жайлауға көшетін мезгіл де жетті. Ана үйрек әлі қозғалмастан ұясында жатыр. Әже немересінің меселін қайтармай, құстың амандығын сақтап қалу үшін қыстауда қалып қойды.

Көп ұзамай қауырсын қанат балапандарын ертіп, ана үйрек дүр етіп қорадан ұшып шықты.

Қария мен алты жастағы Жасұлан бірте-бірте жоғарылап ұшып бара жатқан құстарға қарап, қош айтып, көздеріне жас алды.


Ақылсыз бұқа

Ертеде бір қара бұқа болыпты. Ол өзімен бірге жайылатын басқа сиырларды менсінбепті. «Менің туысы бөлек, күшім мол. Бұлармен бірге жүруге тиіс емеспін», - деп, басқаларға көзін алартыпты. Әлі жеткенді сүзіп, күн көрсетпепті. Күндердің күнінде ол бір үйір жылқыға кезігеді. Сонда әлгі бұқа мынадай ойға кетеді: «Осы сиырлар теңім емес. Одан гөрі мен жылқылардың үйіріне қосылайын», - дейді. Жылқы не істесе ол да соны істейді. Тіпті кісінеуді үйренеді. Үйір басы айғыр не айтса соны бұлжытпай орындайды. Айғырға кім ұнамаса, бұқаға ол да жаман болып көрінеді.

Сөйте-сөйте айғырдың оң қолы болып алады. Жайылымның шөбін қызғанып, сиырларды, торпақтарды жәбірлейді.

Бір күні ауа райы түнеріп, аспанды қара бұлт торлайды. Аяқ астынан бір топ аш қасқыр жылқының үйіріне шабуыл жасайды. Жылқылар қасқырдан қашып, құтылып кетеді.Әрине,бұқа сорлы жылқыға ілесе алмай, әбден қалжырайды. Үйірлі қасқыр оны қамап алады. Жаны қысылған бұқа өлім тұзағы таяғанда Зеңгібаба тілінде өкіре бастайды. Сол маңайда жайылып жүрген бір топ сиыр әлгі дауысты ести сала көмекке келеді. Қасқырларды мүйізбен қуып, бұқаны аман–есен алып қалады.

Содан бері бұқа ешуақытта өз тегін сатпауға, қорламауға ант етіпті.

Жоспары:

  1. Кесірлі бұқа

  2. Қара бұқа жылқы ішінде.

  3. Қасқырдың шабуылы.

  4. Бұқаны құтқару.

  5. Бұқаның анты.


Қош тырналар

Мамыр айы. Ауыл шетіндегі ағашы мен қамысы сол өзен үсті құстар әуеніне толған. Құйқылжата салған сан алуан әуезді үнге диқан құлағын тосып келеді. Бір кезде жағалаудан екі үрпек балапанды көзі шалды. Ұясынан түсіп қалған шығар деп ұяны іздеді. Таба алмады. Содан соң екі балапанды үйіне әкеліп, асырамақ болды. Қос балапанның жүні желге үлп-үлп етеді. Диқан оларды басындағы тақиясына салып алды.

Үйге келген соң, балапандарды бөлмеге жайғастырды. Ақ ұлпа мақтадан ұя жасады. Ұсақ жемдер шашып, шағын ыдысқа су құйды. Бір айдан соң қос балапандардың жүндері түлеп, қанаттары шыға бастады.

Екі айдан соң қос балапан тырнаға айналды. Мойны ұзын әрі иір, қанаты көкшіл қара.

Күз келді. Күн суытқан кезде ауыл үстінен тізбектеле ұшып бара жатқан тырналар көші көрінді.

Қос тырна тұмсықтарын көкке қадай, ұшуға ыңғайланды. Олар қанаттарын қағып-қаығп жіберіп, аспанға тырналардың соңынан ұша жөнелді. Диқан қол бұлғаған күйі қала берді.

Сұрақтар:

  1. Жылдың қай мезгілі?

  2. Өзен үсті ненің әуеніне толған?

  3. Диқан қандай күйде еді?

  4. Ол нені көріп қалды?

  5. Диқан балапандарға қандай қамқорлық жасады?

  6. Қос балапан қай құсқа айналды?

  7. Балапандардың түрі қандай?

  8. Тырналар көші қай кезде көрінді?

  9. Қос балапан қайтті?


Иман

Көбеннің көкесі көшеден көңілсіз келді. Күнде жұмыстан келгенде үйге күлімдеп кіретін.

Көбен көкесінің шәркесін алып беріп:

  • Ол не көке, тыныштық па? – деді.

  • Имансыз екен! – деп көкесі қабағын түйді.

  • Ол қандай кісі? – деді Көбен.

Жұмыстан шаршап қайтқам. Автобусқа мінсем, отырарға орын жоқ. Бір қара баланың қасына келіп тұрдым. Ойпырмай орын беретін түрі жоқ. Терезеге телміріп, теріс қарап отыр.

  • Орныңнан тұр! Үлкен кісіге орын бер! – демедіңіз бе?

  • Сабыр сақтап, имандылық көрсету керек, балам.

  • Мен сізге түсінбей тұрмын, көке. Иман деген не сонда?

  • Иман әдептілік, сабырлылық, инабаттылық, ізеттілік...

  • Әлгі қара бала иманнан жұрдай екен-ау, көке!

  • Ондай баланы тәрбиелеу керек. Имансыз болма, балам!


Жоспары:

  1. Көңілсіздік.

  2. Болған оқиға.

  3. Имансыз болма.


Мұз астындағы ұйқы

Қыстың алғашқы аязынан кейін көлдің бетін айнадай жылтыр мұз басты. Мұз әлі жұқа болғанымен, күн сәулесін көлегейлеп, су асты күңгірт тартты. Бұрын мұндайды көрмеген жас сазандар су астының күңгірт тартқанына абыржып қалды. Мұны байқаған кәрі сазан түсіндіріп жатыр:

  • Жыл сайын осылай болады. Біраздан кейін мұздың үстін қар басады да, мүлде қараңғылық орнайды.

  • Әже, ондай қараңғыда талшық-нәрді қалай іздейміз?

  • Уақыты келгенде білесіңдер. Аю сияқты біздің сазан тұқымы да қыста тамақ жемейді. Ал, соңымнан еріңдер!

  • Кәрі сазан көл астында талай қыстаған. Көлдің терең жерлерінің бәрі білетін. Оның соңынан басқа сазандар ілесті. Бәрі тереңдегі бір қуысқа жиналды да, ұйқыға жатты. Су астын қараңғылық басты.


Жоспары:

  1. Аяз

  2. Судың күңгірт тартуы.

  3. Сазандардың абыржуы





Қолқанат

Айдос жаз бойы бақшада жұмыс істеді. Жүйектерді суғарды. Арам шөптерді отады. Қолынан күрек, кетпені түспеді.

Бақшадағы қарбыздар қампиып өсті. Қызанақтар нарттай қызарды.

Айдос достарына қарбыз сойып берді. Достары Айдостың еңбегіне риза болды. Осылайша Айдос қолқанат бала атанды.


Сұрақтар:

  1. Жаз бойы Айдос не істеді?

  2. Бақшадағы көкөністер қалай өсті?

  3. Айдос достарына не берді?

  4. Достары ризашылықтарын қалай білдірді?

Жоспары:

  1. Айдостың еңбегі

  2. Бақша өнімдері

  3. Қолқанат бала


Теңбіл доп

Қанатқа әкесі теңбіл доп сатып әперді. Оны көрген Қанаттың қуанышында шек болмады. Ауладағы балалардың бәріне көрсетіп шықты. Бұлар күнде аулада футбол ойнайтын болды. Допты тепкілей бергендіктен теңбіл доп ескіре бастады.

Бірде көрші көшенің балалары Қанаттарды футболдан жарысқа шақырды. Қанат достарымен ойында жеңіп шықты. Жеңімпаздарға сыйлыққа теңбіл доп берді.

Сұрақтары:

  1. Әкесі Қанатқа не әперді?

  2. Қанат не істеді?

  3. Қанат достарымен не ойнайтын болды?

  4. Сыйлыққа не берді?


Күзгі орманның көріністері

Мен орман ішін аралап жүрмін. Төңірегіме тесіле қараймын. Бұл не ғажап! Орман мүлде өзгерген. Жаздағы жап-жасыл түсі сұп-сұр бола қалған. Тек шырша мен қарағай ғана жазғы өңін өзгерте қоймаған.

Аяқ астына қарай қалсам, жерге сары кілем төселген секілді. Жер жүруге ыңғайлы, жұп-жұмсақ. Әр жерден ағараңдап қайың көрініп қалады. Бірақ ол жапырақсыз. Оның қалың бұтақтарының арасынан көгілдір аспан көрініп тұр. Ағаштардың бұтақтары желдің ығына қарай теңселіп, қозғала түседі.

Е. Сыздықова

Сұрақтары:

  1. Орманнан қандай өзгерістер байқалады?

  2. Қандай ағаштар түсін өзгерпейді?

  3. Жер бетін неге теңейді?

  4. Ағаш бұтақтары қандай?


Балалық шақ

Абайдың жасы он үшке толған еді. Басқа балалардай емес, үйден көп шықпайды.

Ол әжесі Зере мен шешесі Ұлжанның қызық әңгімелерін тыңдайды. Абай әңгіме,ертегі аңыздарды жалықпай, ынтыға тыңдауға бар. Оның әжесі шебер әңгімеші еді. Әңгімесін қызықтырып айтады.

Абай әжесі шаршаған кезде шешесіне әңгіме айтқызатын. Анасы Ұлжан ұзақ жырларды, айтыстарды, өсиет,әзілдерді жатқа айтатын.

М.Әуезов

Сұрақтар:

  1. Абай он үш жасында қандай болған?

  2. Зере әжесі әңгімені қалай айтатын?

  3. Ұлжан анасы қандай әңгімелерді айтушы еді?


Жасырынбақ

Қалтарысқа тығылып,

Жасырынбақ ойнадық.

Бір тұрып, бір жығылып,

Ойынға біз тоймадық.


Жүзге дейін санасам,

Бәрі бұғып алапты.

Сарайды ашып қарасам,

Сара ұйықтап қалыпты.

Р.Наурызбаева


Жануарларға құйрық неге керек?

Қасқыр, түлкі және ит тоңғанда тұмсығын құйрығымен орап алып ұйықтайды. Олардың құйрығы жүгіргенде тез және жалт бұрылуына көмектеседі. Тиін болса құйрығының көмегімен секіріп бара жатып та бұрылады. Жаздыгүні сиыр мен жылқыға шыбын-шіркей, соналар қонып, оларға маза бермейді. Олардан құйрықтарын соғып қорғанады.



Қара мысық пен қара лақ.

Жұмыстан келе жатсам, қақпаның алдында бір қара мысық шоқиып отыр. Ол маған қарап мияулап, соңымнан ерді. Үйге алып келдім. Бір сәттен кейін-ақ кішкене қызыммен достасып алды. Қызым оған ат қойды. Көп ұзамай қара мысық үйдегі қара лақпен де тіл тапты. Кәдімгідей бірін-бірі қуалап ойнайды. Түнге қарай екеуі бір бұрышқа бұйығып, ұйқыға кетеді.

А. Нұрғазин

Сұрақтары:

  1. Қара мысықты қай жерден тауып алды?

  2. Қыз мысыққа қандай ат қойды?

  3. Мысық немен дос болды?



Менің елім

Осы кең-байтақ үлкен жерде әрбір адамның туған жері - өзінің ауылы, көшесі, үйі бар. Ол – оның кішкентай отаны. Осындай кішкентай туған жерлерден үлкен Отан құрылады. Сен осы жердің қай бұрышында тусаң да, бүкіл жер – сенің Отының, туған елің. Сен оны мақтанышпен:

  • Бұл менің елім – Қазақстан Республикасы! – дейсің.

Ө. Қанахин


Күнді сүйген

Бақша ішінде жүрген Айнұр бірде:

- Ата, мына бір өсімдік кеше кешкілікте басын былай бұрып тұрған. Ал бүгін басқа жаққа бұрыпты. Мұнысы несі? – дейді.

Атасы оның күнді ерекше сүйетінін түсіндірді. Айнұр бақшаға кірсе болды, әлгі күнбағыстың жанына жүгіріп барады. Кішкене шелегімен арықтан су тасып, түбіне құяды. Күн сүйетін өсімдік жақсы өссін! Мұрнының ұшы тершіп, шашы көзіне түсіп, құнжыңдап жүргені.

  • Ата, күн сүйетін өсімдікті жеген адам қандай болады? – деп сұрады Айнұр.

  • Күн - өмір. Күн сүйген өсімдікті жеген адам өмірлі болады. Гүлдей жайнап жүреді, - деді атасы.

Қ. Шынбатыров



Жанашырлық

Ел жайлаудан түсті. Сәкен жүкті түсіріп, ауылды аралап кетті. Іңкәрбектің балалары Сәкенді қоршап алды. Олар жаз бойы не істегендерін айтып жатыр. Іңкәрбек кедей адам болатын. Жазда ел жайлауға көшкенде, бұл олардың қыстауын күзетіп қалатын. Сәкен амандасты.

- Өмір – жасың ұзақ болсын, Сәкен қарағым! Келіп сәлем бергеніңе рахмет. Мен Омар байдың қысқы шөбін дайындап бердім. Бірақ ол ақымды төлемеді, - деді.

- Ренжімеңіз, ағай, еңбегіңіз өтеледі, - деді Сәкен. Ертеңіне Іңкәрбек үйге келіп, Сәкенге алғысын айтады. Ол ақысын алған екен.

М. Сәбитұлы

Сұрақтар:

  1. Жылдың қай мезгілі деп ойлайсың?

  2. Сәкен кімдермен амандасты?

  3. Сәкенге Іңкәрбектің балалары не жайында айтты?

  4. Іңкәрбек жайлауға неге бармай қалды.

  5. Сәкен қандай көмек көрсетті?

Керемет нәрселер

Сендер ұшқыш кілем туралы ертегіні білесіңдер ме?

Бұл ертегіні баяғы заманда ойлап шығарған. Ол кезде кілем болған. Бірақ ұшақ болмаған.

Адамдар ертеде ұшып жүруді көп аңсаған. Сондықтан да олар ұшқыш кілем туралы ертегіні ойлап шығарған. Ал қазірде мұндай керемет нәрселер көз алдымызда болып жатады.

Бізде ұшқыш кілем жоқ. Бірақ ұшақ бар. Оған ұшқан құс та жете алмайды.

Сұрақтар:

1. Ұшқыш кілем туралы ертегіні қай кезде ойлап тапты?

2. Адамдар бұл ертегіні не үшін ойлап шығарды деп ойлайсыңдар?

3. Адамдардың бұл армандары қалай жүзеге асты?

4. Ұшақты суретте.


Жоспары:

  1. Адамдардың арманы.

  2. Ұшқыш кілем.

  3. Арманның орындалуы.


Шөккен қала.

Оңтүстік Америкада Мексика дейтін ел бар. Мексиканың астанасы – Мехико қаласы. Ғалымдардың анықтауы бойынша, қала бұдан жетпіс жыл бұрынғы деңгейінен жеті метр шөккен. Қаланың кейбір аймақтары соңғы отыз жыл ішінде алты метр төмен түскен. Бұл неліктен?

Қаланың шөгу себебі – қала астындағы су шамадан тыс көп пайдаланылған. Қала астындағы су тартылып қалған. Соған орай жердің жоғары қабаты да төмен түскен. Жермен бірге қала да шөккен.

Тақтаға жазылатын және түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: Оңтүстік Америка, Мексика, Мехико, деңгей, жоғары қабат.

Сұрақтар:

1. Мексика деген жер қай жерде орналасқан?

2. Қала неше метрге дейін шөккен?

3. Қаланың шөгу себебі?

4. Шөгу дегенді қалай түсінесің?


Жоспары:

  1. Оңтүстік Америкадағы қала

  2. Қаланың шөгуі

  3. Қаланың шөгу себебі


Қоян

Бір мезгілде күн батты. Ауылға жақын жерде бір қоян тұрушы еді. Түн болды. Қоян бір құлағын көтеріп тыңдап, артқы аяқтарымен шоқиып отырды. Біраздан соң қалың қардың үстімен секіріп барып отырды. Жан-жағына жалтақтап қарай бастады.

Маңайында қардан басқа еш нәрсе жоқ. Айдың жарығымен қар жалт-жұлт етіп, толқын секілді құбылып жатыр. Қоян қырманға қарай орғи жөнелді. Жолда ескі таныстарынан екі қоянға кезікті. Олармен біраз ойнап жүрді.

Ауылда от сөнген. Иттің үргені басылған. Жалғыз-ақ, бір үйден баланың жылаған даусы естілді. Бұл тез қырманға келіп жетті. Мұнда өзінің жолдастарына кез болды. Бәрі ойнады. Бидай мен сұлыны жеп, түннің жартысын өткізді. Бір мезгілде күншығыстан бозарып таң көрнеді. Біздің қоян қайтадан жүгіріп, ініне келді. Екі құлағын арқасына салып, екі көзін ашқан қалпымен ұйықтап кетті.

М. Дулатов

Сұрақтар:

1. Күн батысымен қоян не істеді?

2. Қоян қай жаққа жөнелді?

3. Түнде қар қалай құбылып жатыр?

4. Жолда нелерге кезікті?

5. Қоян қырманда не істеді?

6. Қоян таң атқанда қалай келді?

7. Ол қалай ұйықтайды екен?


Кімнің ісі дұрыс?

Бір күні сабақ біткен соң Марат екеуміз үйге қайтып келе жаттық. Алдымызда балалар шаңғы теуіп жүр екен. Екеуміз байқамай шаңғы жолына шығып кетіппіз. Жарысып жүрген балалардың алды бізге жетіп те қалды. Мен оларға бөгет жасамау үшін дереу жолды босаттым. Ал менің досым Марат әдейі жол үстінде тұрып қалды. Алдыңғы бала Маратты қағып кеткісі келмей, бір жағына жантая кетті. Сол кезде оның таяғының ұшы Маратқа тиіп кетті. Марат баланың таяғын тізесіне қойып, екіге бөліп тастады. Ол баланы ұратын еді, мен ерік бермедім. Мараттың қылығы дұрыс па?


Сұрақтар:

1. Марат екеуіміз қайда келе жаттық?

2. Біз қайда шығып кеттік?

3. Марат не істеді?

4. Ал шаңғы тепкен бала ше?

5. Марат неге ренжіді?

6. Мараттың қылығына сен қалай қарйсың?

Жоспары:

  1. Сабақтан қайтқан балалар

  2. Ойнап жүрген балалар

  3. Мараттың жолда тұруы

  4. Шаңғышы баланың ісі

  5. Мараттың қылығы

Достар

Зейін қар басқан бақта жүр. Бір-екі торғай ұстап алмақ. Оларды үйге апарып, қолға үйретпек. Бірақ жолы болмады. Мұны көрген ағасы қолға үйретудің басқы жолын айтты.

Ағасы екеуі ағаштың төменгі жағына жем шашатын тақтай орнатты. Ағасы айтқандай торғайлар оған үйреніп алды. Шашқан бидайды тақтайдың үстіне қонып жей бастады. Кейін қорықпайтын болды.

Зейнел-Ғаби Иманбаев





Саққұлақ

Көрші ағайдың иті күшіктегенін естіген Айбек елең ете түсті. Көкесінен күшік әкеліп беруін өтініп жүрген. Енді мына хабар мүлде дегбірін кетірді.

Сөйтіп жүргенде бір күні көкесі бауырын жаңа көтерген, жұдырықтай ғана ала күшікті алып келді. Айбектің қуанышында шек болмады. Күшігіне ат қойғанша асықты. Айбек күшігін «Саққұлақ» деп атады.

- Иттің маубас болмағаны жақсы, - деп, көкесі Айбекке күлімсіреп қарады.

Сұрақтар:

1. Айбек неге елеңдеді?

2. Көкесі не әкеліп берді?

3. күшікке не деп ат қойды?

4. Көкесі ит қандай болуы керек деді?

5. Сен ит қандай болу керек деп ойлайсың?


Тауық

Ернұрдың әжесінің тауықтары көп еді. Әжесі күнделікті оларға жем-суын беріп тұратын. Жемін шашқан кезде тауықтар тез жиналып, дәнді шоқи жөнелді.

Бірде аулада олардың қимылын қызықтап тұрған Ернұр:

- Ой, Әжемнің тауықтары тәртіпті сақтай біледі екен. Жемді жинап, ауланы тазартып жатыр, - деді мәз болып.

Сұрақтары:

  1. Әжей не өсірді?

  2. Жемді көрген тауықтар қайтеді?

  3. Ернұр неге мәз болды?

Жоспары:

  1. Әжейдің тауықтары

  2. Тауықтардың іс-әрекеттері

  3. Тәртіпті тауықтар


Қарлығаштың қасиеті

Біздің қораға қарлығаш ұя салды. Мен оны сырттай бақылап жүрдім. Жерге нан қиқымын шашып едім, ол қиқымды балапандарының аузына апарып салды.

Бір күні мынадай оқиға болды. Әдеттегідей қарлығаш баласына тамақ тасып жүрді. Барлық балапан ауыздарын ашып, анасына қарап отырған. Кенет біреуі сап-сары нәжісін шығара беріп еді, анасы көз ілеспес шапшаңдықпен қағып алып, сыртқа ұшып кетті.

Мен аң-таң болдым. Бұл сонда ұя лас болмасын дегені ме? Әлде адамдардың басына түсіп, үстін бүлдірмесін дегені ме?

Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: Нан қиқымы, көз ілеспес, аң-таң.

Сұрақтары:

1. Бала қарлығашқа қалай көмектеседі?

2. Бір күні қандай оқиға болды?

3. Бала неге аң-таң болды?

4. Қарлығаш не үшін бұлай істеді?

Жоспары:

  1. Қарлығаштың ұясы

  2. Баланың көмегі

  3. Қарлығаштың тазалығы

  4. Баланың таң қалуы



Ақылды құмырсқа

Құмырсқа бір тыным тауып отырмайды. Бірде құмырсқа балаларына тамақ іздеп шықты. Оның өткір көзі арықтың арғы бетіндегі тәтті үгіндіге түсті. Арықтың арғы бетіне қалай өтерін білмеді. Малтып өтсе, су ағызып кетуі мүмкін. Құмырсқа өсіп тұрған шиді көрді. Шиді арықтың үстіне құлатып еді, көпір болды да қалды. Ол қатты қуанып кетті. Шидің үстімен арықтың арғы бетіне өтіп, олжасын балаларына арқалап әкелді.

Міне, тапқыр, ақылды, еңбекқор деп құмырсқаны айт.

Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: тыным, өткір көзі, үгінді, олжа, еңбекқор.

Сұрақтар:

  1. құмырсқа нені көрді?

  2. Құмырсқа судан неге өте алмады?

  3. Қандай айла ойлап тапты?

  4. құмырсқаға сипаттама бер.

Жоспар:

1. еңбекқор құмырсқа

2. Арықтың ар жағындағы үгінді

3. Құмырсқаның айласы

4. Құмырсқаның олжасы

Ат пен есек

Бір кісі аты мен есегіне жүк артып, қалаға келе жатты. Есек жолда шаршап, атқа:

-Жолдасым, менен азырақ жүк алшы. Мен көтере алмай өлейін деп келемін, - деді.

Бірақ ат жәрдем етпеді. Жолшыбай есектің халі бітіп, жығылып өлді. Сонан соң иесі есектің барлық жүгін және терісін сыпырып алып, атқа артты. Сонда ат: «өз обалым өзіме, егер есектен азырақ жүк алсам, бұл оқиға болмас еді. Енді, міне, сорлап есектің барлық жүгін және терісін арқалап келе жатырмын», - деп ойлады.

Ы. Алтынсарин

Сұрақтар:

  1. Есек аттан не деп көмек сұрады?

  2. Есектің неге жүк көтеруге шамасы жетпеді?

  3. Ат неге өкінді?

Жоспары:

1. Ат пен есекке жүк арту

2. Есектің аттан көмек сұрауы

3. Аттың өкініші


Екі соқа

Бір зауыттан екі соқа қатар істеліп шықты. Біреуі егіншінің қолына түсті. Егінші онымен жер жырта бастады. Екінші соқа еш қимылсыз аулада жатты.

Арада бірнеше ай уақыт өткен соң, екі соқа кездесіп қалды. Жұмыс істеген соқа күмістей жалтырап тұр. Ал қимылсыз жатқан соқа тот басып, қарайып кеткен.

Тот басқан соқа жалтырап тұрған соқадан:

  • Сен неге мұнша жалтырап, әдеміленіп кеткенсің? – деп сұрады.

  • Мен еңбек еттім. Еңбек кімнің де болса шырайын кіргізбей ме? – деп жауап берді анау.

Ы. Алтынсарин

Тақтаға жазылатын сөздер: қимылсыз, күмістей, тот басып, әдеміленіп, шырайын.

Сұрақтар:

1. бірінші соқа кімнің қолына түсті? Екінші соқа ше?

2. Кездескенде соқалар қандай болды? Екі соқаны салыстыр.

3. Тот басқан соқа не деп сұрады?

4. Егіншінің соқасы не деп жауап берді?

Жоспары:

  1. Екі соқа

  2. Бірнеше уақыттан кейінгі кездесу

  3. Тот басқан соқаның сұрағы

  4. Егіншінің соқасының жауабы

Екі әтеш

(халық ертегісі)

Ертеде бір кемпір-шалдың екі әтеші болған екен. Олар қолдарына түскен жемдерін сол әтештерге беріпті. Бір күні кемпір құстарына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер жүгіріп келді. Шұбар әтеш досынан жемді қызғанып, бергісі келмейді. Сөйтіп, әтеш досын қайта-қайта шоқып, жем жегізбей мазасын алады. Ақырында екі әтеш төбелесе кетеді. Екеуінің үсті-басы жұлым-жұлым болады. Бұлар таласып жатқанда, көрші үйдегі тауықтың балапандары келіп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.

Сұрақтар:

  1. Ертегі не туралы?

  2. Әтештер неге төбелесті?

  3. Әтештер қандай болды?

  4. Жемді кім жеп кетті?

Жоспары:

  1. Екі әтеш

  2. Қызғаншақ әтеш

  3. Әтештердің төбелесі

  4. Жемсіз қалған әтештер



Арыстан мен қозы

Бірде арыстан тұрған тордың ішіне жаңа туған қозыны әкеліп тастады. Түк білмейтін жаңа туған қозы арыстаннан қорқудың орнына оның жанына жақын барып, үсті-басына иіскілеп, мазасын алды. Арыстанды өзімнің шешем деп ойласа керек. Мұны көрген аң патшасы жас қозыны бас салып жеудің орнына аңқиып тұрып қалды. Ал қозы болса одан әрі еркінсіп, жақындай түсті.

Айбатты арыстан жас қозының сүйкімді сәби қылығына қайран қалғандай, жылылықпен қайта-қайта қарай берді. Оны жей салуға батылы жетпеді. Сөйтіп, аш арыстан еріксіз көзін жұмып, қалғып кетті.

Леонардо Да Винчи

Тақтаға жазылатын сөздер: иіскелеп, аңқиып, айбатты, сүйкмді, жылылықпен, еріксіз.

Сұрақтар:

1. Арыстанға жеуге нені берді?

2. Қозының қылығын суреттеңдер

3. Арыстан неге қозыны жемеді?

4. Арыстанның мейрімділігін суретте.

Жоспары:

  1. Жаңа туған қозы

  2. Қозының еркелеуі

  3. Мейірімді арыстан


Менің көжегім.

Атам екеуіміз ауыл сыртындағы орманда тұрамыз. Атам – бал омартасының күзетшісі. Бір күні бұтаның түбінен қоянның көжегін тауып алдым. Үйге алып келіп асырадым. Көжегім қолға әбден үйренді. Қайда барсам да, соңымнан қалмайды. Түсте мектептен қайтар кезде, алдымнан шығады. Оған күнде нан беремін.

Атам бір күні мен жоқта ауылдан келген ағайымның баласына көжегімді беріп жіберіпті. Көжегімді бергенге өкпелеп, бір күн тамақ ішпей жүрдім.

Бірде есік алдында отыр едім, бірдеме аяғымды сипап өткендей болды. Қарасам, көжегім! Бас салдым. Содан бері көжегімді ешқайда жібермедім.

М. Төкенов

Сұрақтар:

  1. Атасы не әкеліп берді?

  2. Бала көжекті қалай қарады?

  3. Атасы көжекті кімге беріп жібереді?

  4. баланың көңіл күйі неге өзгереді?

  5. Бір күні қандай оқиға болады?

Жоспары:

  1. Кішкентай көжек

  2. Бала мен көжек

  3. Көжектен айырылу

  4. Баланың көңіл күйі

  5. Көжектің оралуы


Сөмке мен Салақбай

Сабақтан келген бойда сөмкені еденге тастай сала Салақбай ойынға тартты.

Салақбай есіктен шығысымен үш жасар інісі Садыр сөмкені құлағынан тартқылап тұрғызды. Үстіне кішкентай жастықты салды да, ат қылып мініп алды. Сөмкенің белі майысып кетті. Шабан екен, алға жылжымай қойды. Кенет, сөмке өкпесі қысылып, бір жағына қиқаң етіп қисая кетті.

Ол сөмкені ашып жіберді де, төмен қарай төңкерді. Ішіндегі құралдары бірі қалмастан саудырап төгілді. Қолындағы қайысты сөмкенің құлағына байлады да, дырылдатып сүйреп ала жөнелді. Еден сөмкенің бетін осқылап жырым-жырым етті.

Сөмке шыдап бақты. Салақбай келер деп үміттенді. Бірақ ойынның қызығына берілген Салақбай тез арада оралмады.


Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: сөмкенің құлағы, белі майысып, қайқаңдап, шабан, өкпесі қысылып, демігіп, саудырап төгілді, қайыс, бетін осқылап, жырым-жырым.

Сұрақтар:

  1. Сабақтан келген Салақбай не істеді?

  2. Інісі Садыр сөмкемен қалай ойнады?

  3. Сөмке қандай жағдайды басынан кешірді?

  4. Ойыннан кейін сөмкенің түрі қандай болды?

  5. Сөмке кімді күтті?

Жоспары:

  1. Ойыншыл Салақбай

  2. Садыр мен сөмке

  3. Сөмкенің жағдайы?

  4. Жырым-жырым болған сөмке

  5. Сөмкенің үміті

Қайықта

Көлде бір ескі қайық тұратын. Онымен біз арғы жаққа өтіп, жидек теретінбіз. Бір күні бір топ бала қайыққа міндік. Ішіндегі үлкені болғандықтан мен қайық естім.

Көлдің шетіне жақындадық. Қайықтың бір жағында отырған балалар еңкейіп қалғанда, қайық ауытқып кетті. Қайықтың ішіне су толып кетті. Қайығымыз суға бата бастады.

Біздің бағымызға қарай, қайық батқан жердің суы кеудемізден-ақ келді. Әрең дегенде көтеріп, суын төктік. Қайығымызды жағаға алып шықтық.

Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: қайық есу, ауытқып, бағымызға қарай.

Сұрақтар:

1. Қайықпен балалар қайда баратын?

2. қайық суға не үшін батты?

3. Суда қандай қауіпсіздік ережесін сақтау керек?

4. Балалардың аман қалуының себебі не?

Жоспары:

  1. Жидекке бару

  2. Қайықтың аударылуы

  3. Қайықты жағаға алып шығу



Ақ аю

Солтүстік Мұзды мұхитында қыс өте ұзақ және суық болады. Жылдың екі-үш айында ғана аздап күн жылынады. Ол жерде ақ аю көп болады. Ақ аюлар балық жейді. Олар сеңнің ішінде қозғалмай жатқанда мұз сияқты болып көрінеді. Балықтар оны мұз екен деп қалады. Балықтар қасына жақындағанда, шап беріп ұстап алады.


Тақтаға жазылатын сөз тіркес: Солтүстік Мұзды мұхит.

Сұрақтар:

  1. Солтүстік Мұзды мұхит туралы не білесің?

  2. Ақ аю немен қоректенеді?

  3. Ақ аю балықты қалай ұстайды?

Жоспары:

  1. Ақ аюдың мекені

  2. Ақ аюдың қорегі

  3. балық ұстауы



Піл

Піл ыстық жақта болады. Ол ағаш арасында жүреді. Өзі үлкен, сирақтары жуан болады. Пілдің ұзын тұмсығы бар. Сол тұмсығымен ол үлкен ағаштарды қопарып тастай алады. Адам оны күшін пайдалану үшін асырайды. Оған ауыр жүктер артады. Ерте заманда пілдерді соғыс көлігі ретінде де пайдаланған. Піл жас ағаштардың жапырақтарын, түрлі жемістерді жейді.


Сұрақтар:

  1. Піл қайда өмір сүреді?

  2. Пілді адамдар не үшін асырайды?

  3. Піл немен қоректенеді?

Жоспары:

  1. Пілдің мекені

  2. Пілдің адамдарға пайдасы

  3. пілдің қорегі



Жаман жолдас

Екі дос ағаштың арасымен келе жатып, бір аюға кездесті. Олардың біреуі әлсіз, ауру екен. Аюды көрген кезде сауы ауру жолдасын тастап, жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді. Ауру, әлсіз досының ағашқа шығуға дәрмені болмайды. Ол жерде етпетінен түсіп, өлген кісідей демалмастан жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен. Аю жатқан адамның қасына келіп, иіскелеп, дыбысы білінбеген соң жөніне кетеді.

Аю кеткен соң ағаштың басындағы жолдасы жерге түсіп, ауру досынан:

  • Аю сенің құлағыңа не деп сыбырлап кетті? – депті.

  • «Басыңа қиыншылық түскенде, сені жалғыз тастап кеткен жолдасың жаман екен деді»,- деп досы жауап беріпті.

Ы. Алтынсарин

Жоспары:

  1. Екі достың аюмен кездесуі

  2. Сау баланың әрекеті

  3. Ауру баланың айласы

  4. Досына берген жауабы

Гауһар

Гауһар шанасын сүйретіп, сыртқа шықты. Аспан ап-ашық. Ауада шым-шым аяз бар. Батуға айналған күн қызарып көрінді. Гауһардың екі беті қып-қызыл. Жағасы қырау-қырау. Қас қарайды. Аспаннан жұлдыздар көріне бастады. Гауһар үйге кірді. Әжесі немересін бауырына басып, басынан сипады. Гауһар әжесіне риза болып жатып, әп-сәтте ұйықтап кетті.

С. Сарғасқаев

Сұрақтар:

  1. Гауһар қайда шықты?

  2. Қысқы дала қалай суреттеліп жазылған?

  3. Гауһар үйге қай уақытта кірді?

  4. Әжесі немересін қалай қарсы алды?



Бірлік

Данияр мектептен келсе, үйдің алды омбы қар боп қалыпты. Ол тамағын ішіп, аздап демалды. Киініп аулаға шықты. Қорадан қол шанасын алып, оған талдан тоқыған қорапты тоқып бекітті. Қолына күрек алды. Ауланың қарын тазартуға кірісті. Қорапқа қар толтырып, оны шанамен алысқа апарып төкті. Бірақ қар таусылар емес.

Осы кезде Даниярға көмекке көрші үйдегі досы Нариман келді. Нариман да қол шанасын сүйреп шығыпты. Екеуі екі шанамен қарды тез тасып бітірді. Осыдан кейін Нариманның үйінің алдына барды. Бұлардың жанына көмекке Берік пен Серік келді. Төртеуі ойнап күліп жүріп, қызу еңбекке кірісті. Олардың бұл еңбектеріне үлкендер сүйсіне, қызыға қарады.

Осылайша төрт дос күш қосып, төрт үйдің алдын лезде-ақ қардан тазартып шықты. Мұның аты – бірлік еді.

Е. Өтетілеуұлы

Сұрақтар:

  1. Данияр мектептен келсе, үйдің алды не боп қалыпты?

  2. ол ауланы тазалау үшін не істеді?

  3. Оған көмекке кімдер келді?

  4. Әңгіме неге «Бірлік» деп аталған?


Тырналар

Көктем жаршысы – тырналар. Көктемде тыраулап тырналар келді. Көк аспаннан олардың әсем үні құлағыңа шалынады. Аспанға қарасаң, тізбектеле ұшқан тырналарды көрісің. Олар күзде тастап кеткен мекеніне қайта ұшып келеді. Күн ұясына қона, олар аялдама жасайды. Олар түні бойы қонақтап демалады.

Ертеңгі сапарға күш жинайды. Тырна - өте сақ құс. Күзетте кәрі тырна тұрады. Таңның атқанын бірінші болып сезеді. Ол жақындап келе жатқан адамды сезсе, тыраулап қатер белгісін береді. Сондықтан оны бар даусымен орманның басқа тұрғындарына хабарлайды.

К. Адамбаева

Сұрақтар:

  1. Көктем жаршысы деп қандай құстарды айтады? Неліктен?

  2. Тырналар қалай ұшады?

  3. Олар күзде тастап кеткен мекеніне қайтып орала ма?

  4. тырна қандай құс?

  5. Күзетте тұрған тырна қатерді қалай хабарлайды?


Мейірім

Көктем. Мамыр айы. Төңірек тегіс түрленіп, көк шөп қаулап өсуде. Тау бөктері түкті кілемдей құлпыра түскен. Ақ, сары, қызыл гүлдер көздің жауын алады.

Ауыл маңындағы терең көлдің маңайы жыл құстарының қиқулаған шуылына толы. Осындай бір күні Жасұландардың қорасына бір ана үйрек ұшып кірді. Мұны Жасұлан байқап, дереу әжесіне хабарлады.

Әжесі екеуі күні бойы аңдыды. Ана үйрек қораға ұя салыпты. Демек, балапан басып алмақшы.

Міне, жайлауға көшетін мезгіл жетті.

Ана үйрек қозғалмастан әлі жатыр. Әжесі немересінің меселін қайтармай, құстың амандығын сақтап қалу үшін қыстауда қалып қойды.

Көп ұзамай үйрек қауырсын қанат балапандарын ертіп шықты. Олар аспанға дүр етіп көтерілді. Қария мен кішкентай Жасұлан жоғарылап ұшып бара жатқан құстарға қарап, көздеріне жас алды.

Т. Әбдірайым

Жоспар:

  1. Көктемнің келуі

  2. Күтпеген қонақ

  3. Үйректің балапан басуы

  4. құстардың жылы жаққа қайтуы


Асыл әдет

Ернұр – анасының ең жақсы қолғанаты. Ол алдымен үй сыпыруды үйренді. Алғашында сыпырғыш Ернұрдың еркіне көнбей, қолынан сусып кете берді. Сондықтан ол сыпырғышты екі қолымен мықтап ұстап алатын болды. Сыпырғыш біразға дейін еркіне көнбей жүрді. Ал анасы еңкейсе болғаны, үй ішіндегі қоқыстың бәрі есіктен шыға жөнелетін. Ернұр сыпыра бастаса, олар есіктен төрге қарай қашатын. Бұрыш-бұрышқа тығылып қалатын. Бірақ ынталы бала ықылас қойған ісін тындырмай қоюшы ма еді. Ақыры Ернұр үйді тап-тұйнақтай етіп сыпырып қоятын болды. Сөйтіп, бұл жұмыстан апасының қолын босатты.

Әр сенбі сайын Ернұрдың анасы үй ішін тазартатын. Сол кезде Ернұр тымпаң-тымпаң етіп, кішірек бөлмені өзі жуып шығады. Бұл да оның бұлжымас әдеті болып алды.

Анасына болысқан бала оқуда да үздік болады. Өйткені ол ерінбейді. Жасында ерінбейтін бала өскенде ең бақытты азамат болады.

Ә. Нұршайықов

Сұрақтар:

  1. Ернұр анасына кім болады?

  2. Ол үй сыпыруды қалай үйренді?

  3. Апта сайын Ернұрдың анасы не істейді?

  4. Ернұр үлкейгенде қандай бала болады?






















Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
5 ұстаз жүктеп алған
28 желтоқсан
1852
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі