Материалдар / Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

Материал туралы қысқаша түсінік
Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнамақ. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге оқыған құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты.
Авторы:
09 Маусым 2023
320
8 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«МЕКТЕП ПЕН АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ»

Балаларды саналы, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы, асыл мұраты. Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол отбасындағы баланың бас ұстазы - ата-ана.
  
«Балапан ұяда нені көрсе , ұшқанда соны іледі» - демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды , болашақ өркениетке қосар үлесі бар. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнамақ. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге оқыған құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты. Орынды тәрбие арқылы адам баласының тағдыры шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде, қай елде болмасын үлкен мән берілген. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» деген ұтымды ой айтқан. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету де өз пайдасын тигізеді.
Отбасы – белгілі-бір дәстүрлерді, адамшылық бейнені, идеялды, жақсы сөз, ұнамды мінез, ыстық ықылас, қуаныш, ашық әңгімелесу арқылы да баланың көңілін тауып, ішкі сырын ашуға болады. Дегенмен, жұмыс барысында көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарастарынан елеулі қателіктерді байқап жүрміз. Кейбір отбасылар баланы киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуді ғана өз міндеттеріне алып, тәрбие мен білім беру ісін мектеп мойнына жүктейді. Енді біреулері баласын орынсыз сөгіп, көңіліне қаяу түсіріп жатса, бірі «адам болар бала өздігінен оқып үйренеді» дегенді алға тартады. Мұндай теріс түсініктер баланың келешегіне зиян келтіреді. Ал, орынсыз балағаттап, баланың абыройына нұқсан келтіру ата-ананың бала алдындағы, қоғам алдындағы беделін төмендетеді. Бүгінгі таңдағы бала тәрбиесіндегі кездесетін мұндай олқылықтардың алдын алу үшін ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар қай кезде де бірлесе отырып жұмыс жасауы керек.
Адамның адамшылдығы жақсы ата-ана мен білікті тәрбиешіден. Тәрбиенің таразы секілді екенін ескерсек, екі басының тең түсуіне көп көңіл бөлген абзал. Тәрбие ісіндегі ең басты жауапкершілік өздерінде екендігін ұмытып, баласының мінез-құлқы үшін қоғамға кінә артатын ата-аналардың кездесіп жататыны өкінішті-ақ.
Бүгінгі кейбір жастарымыздың бойындағы келеңсіз қасиеттер мен жағымсыз мінез-құлықтардың қалыптасуына осындай жауапсыз ата-аналардың кемшілігі де өз әсерін тигізбей қоймайды дер едім. Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі жаңа заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Оған қойылар талап жан-жақты жетілген адамды тәрбиелеу. Ойлы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ата-ана, мектеп пен бала ынтымақтастықта отырып, білім ордасындағы тәрбие отбасында жалғасын табатындай етіп ұштастыра білгеніміз жөн. Қазақ зиялыларының бірі М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Әрине, отбасы өзінің дербес әрекеті арқылы тәрбие саласында ауқымды мәселелерді шешуде әлсіздік танытады .Ол үшін отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту өте маңызды. Ал, тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық және ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс.

Ата-ана балаға сөзден гөрі іс, күнделікті жақсы әдет-ғұрып өнегесі күшті әсер ететінін ескеру керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәрсе шықпайды.
Ата-аналар үйымының рөлін көтеру кез келген мектеп үшін оңай емес. Көп жағдайда бұл мәселе ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты уақыттарының жетіспеушілігі сияқты объективті себептерлермен түсіндіріледі. Дегенмен, оның себептерін тек ата-аналар ортасынан іздеу дұрыс емес. Бастамашылық мектеп жағынан бәрібір басым болу керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс – қимылың үйлестіруші қоғамдық институт. Өзара іс-әрекеттің мақсаты мен міндеттерін мектеп жалғыз өзі, тиісті мәселеге тек өзінің ұстанымына сүйенген түрде анықтаса, ал ата-аналар оларды іске асыру сатысында ғана қамтылса, нәтиже төмен болады. Мектеп ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, олардың кез келген бастамасын көтермелеп отыруы қажет.

«Тәрбиелілік – адам етеді, тәрбиесіздік – надан етеді» деген халық тағылымы бар. Тәрбиенің сан-саналы қырлары бар десек, ата-ана өз ұрпағының жан-жақты болып өсуіне ықпал ете білуі қажет. Бала мектепке келгенге дейін ақыл-есі кіріп, үлкен-кішімен қарым-қатынас жасау, өзара сыйласудың әліппесін отбасынан алып келеді. Кей жағдайда ата-ана баласының: «Тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды, басқа тәрбиені ертең мектеп үйретеді» деп барлығын мектепке, ұстаздарға ысыра салады, сол себепті де кейбір оқушылар күнделікті өмірдегі қарапайым тәртіпті білмей, мұғалімге қиындық келтіреді. Мектеп мұндай жағдайда тек баланы ғана оқытып қоймай, ата-ананың педагогикалық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенде ғана, тәрбие өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Ата-ананың бүкіл үміті - баласы болса, сол баланың әрбір қуанышты сәті - ата- ана қуанышы. Қазіргі кезде, күн сайын өзгеріске толы мына өмірде балаға дұрыс тәрбие беруде бірлік болмаса, бала сәл нәрсеге еліктеп, ілесіп кетуі мүмкін. Әсіресе бала түрлі жат-әдет, діни ағымдарға ілесіп кетпеуі үшін де тәрбиені босаңсытуға болмайды.
Дегенмен, бүгінгі отбасыларындағы ата-аналардың бала тәрбиесін заман талабына сай ұйымдастырудағы қабілеттері мен мүмкіндіктері бірдей болмай отыр. Ол үшін отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту өте маңызды. Ата-ана мен ұстаздың біріге жұмыс істеуі ең алдымен балаға пайдалы. Екі жақтың қамқорлығын сезінген бала өз тарапынан да жауапкершілік көрсетіп, үлгілі тәрбие мен мектептегі тәрбие бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп отырса ғана нәтижеге жетпек. 
Бір елдің болашағын көргің келсе, сол елдің қазіргі жастарына қара - деген екен бір ғұлама. Қазіргі ұрпақ еліміздің жарқын болашағы, жанашыры және иесі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ елінің болашағы үшін бүгіннен бастап бар күш - жігерімізді салып, аянбай еңбек етсек нәтижелі іске де қол жеткізіп қалармыз. Жеткізіп  жатқан жемісті жетістіктеріміз де жоқ емес. Мектеп - кеме, білім - теңіз демекші, бала бар жақсылық пен игілікті, тәрбие мен білімді мектептен алады. Дегенмен бар салмақ мектепте десек  артық айтқан болар едік. Бала тәрбиесі мен білім беру ісінде отбасы мен қоғамның қосар үлесі ұшан - теңіз. Отан - отбасынан басталады деген жақсы сөз бар халқымызда. Отбасы мүшелерінің балаға әсері дұрыс болуы керек. Жақын жанашырлары  әрдайым балаға тек түзу жол көрсетіп отырса, әсіресе тәрбие беру жолында халықтық педагогиканы пайдаланса, оның берер көмегі мол деуге болар еді.Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, - деген Әл-Фараби бабамыз. Ал тәрбиені балаға беретін отбасы, мектеп және қоғам. Осы үшеуі бірлесе жұмыс істегенде ғана өнімді де өнегелі ұрпақ шығатыны белгілі. Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып, мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай көтеріп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге, сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы, биязы -оспадарлығына қарамастан тыңдай білуге үйретеді. Себебі тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады. Әр халықтың  осы секілді өзіндік жақсы ерекшеліктері болады. Неге сондай тиімді әдіс-тәсілдерін пайдаланбасқа. Біздің халқымыздың да тәрбиеге тұнып тұрған алуан түрлі үлгі-өнегесі жетерлік. Баланы тәрбиелеу үшін тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек десек, ата-аналар мен мектеп ұстаздары және балаға әсер етуші жан-жағындағы қоғам мүшелерінің өздері де толыққанды саналы болуы әбден маңызды.Атадан балаға қанмен тараған ақылдылық,  байсалды мінезді тәжірибе мен білім толықтырса, төңірегіне нұр шашып тұратын азаматтар солардан шығады. Сондықтан оқу, үйрену, тыңдау, іздену, талаптану әрбір өзін құрметтейтін адамның басты бағыты болуы керек.

Игілікті болашақ жолында өзара ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқан  отбасы мен мектептер аз емес. Соның бірі ретінде өзім қызмет атқарып жүрген мектеп туралы бірер сөз айтқым келеді. Бұл мектеп өзінің мақсат қойғыштығы мен жүйелі жұмыс жүргізе білудегі асқан шеберлігін осы ұжымның өсіп - өркендеуіне пайдаланып, білім нәрімен сусындап жатқан әрбір баланың өмірін жақсы жағынан өзгерту жолында зор жауапкершілікті сезіне жұмыс жүргізеді. Ексең орасың – дейді халық даналығы. Жемісті білім алуы үшін оларға жан-жақты қадағалау жүргізіледі. Сабақтан кешікпеуі мен сабақты босатпауы басты назарда ұсталады. Күнделікті жүргізілген бақылау оқушылардың назары мен бар зейінін түбегейлі сабаққа ғана аударуына негіз болды. Мұғалімдер де жұмысын тоқтаусыз, үнемі ізденіс жүргізіп отырады.Егер адамдар ертеңгі күніне сенбесе, бәрі де құлдырайды. Америка ештеңе де істемейді. Істеп жатқандар американдықтар деген сөз бар. Ұйым ештеңе істемейді, істейтіндер ұйымдағы әрбір қызметкердің өзі және оларды үйіріп басқара білетін басшы.

Мектебімізде ата-ана, оқушы-мұғалім арасындағы байланысты нығайту жеке тұлғаны қалыптастыру және сапалы оқыту мен саналы тәрбие беру мәселесі алдыңғы орында. Мектеп – отбасы – қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту, серіктестікті қалыптастыру, қауымдағы ата-аналармен бірлескен жұмысты көрсету мақсатында мектебімізде жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - «Бала тәрбиесіндегі жазалау мен мадақтау», «Мен және менің отбасым», «Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыптарында тренинг сабақтар мен семинарлар, түрлі тәрбиелік іс-шаралар атап айтар болсақ әжелер арасында «Ал, кәнеки әжелер», аналар мен қыздар арасында «Шешеге қарап, қыз өсер», әкелер мен ұлдар арасында «Әкеге қарап ұл өсер» тақырыптарында сайыстар ұйымдастырылып отырады. Ата-аналар жиналыстарында «Бала тәрбиесі», «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі», «Отбасындағы ұл мен қыздың қарым-қатынасы», «Бала тәрбиесі- баршаға ортақ» атты баяндамалар және «Біз қандай ата-анамыз?», «Балаңыздың 1-сыныпқа дайындығы қалай?», «Сіздің өміріңізде бала қандай орынға ие», «Сіз балыңызды білесіз бе?», «Сіз және сіздің балаларыңыз» атты тест, сауалнамалар жүргізіліп отырады. «Әжелер алқасы» мен «Әкелер алқасының» құрамы құрылып, жұмыс жүргізуде. Егерде мектебімізде қандайда бір ата-аналар арасында түсініспеушіліктер туындап жатса біздер ең алдымен осы әжелер мен әкелер құрамының мүшелері көмекке келеді. 
Қай кезде болмасын отбасы мен мектептен өз дәрежесінде жақсы білім, өнегелі тәрбие алған бала қоғам үшін қажетті де маңызды тұлға екендігін естерінен шығармауымыз керек. Сөз соңында айтпағым, отбасы болсын, мектеп, қоғам болсын қай -қайсысы да өз міндеттерін дұрыс түсініп, бірлесе, жұмыла жұмыс жасаса оң нәтиже беретіні айдан – анық. Ең бастысы, бәрі де өзіміздің  еліміздің бедерлі болашағы мен келелі келешегі үшін екендігін ұмытпасақ болғаны.

В.А.Сухомлинский өзінің «Ата-ана педагогикасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қоғамдық тәрбие отбасынан басталады». Әсерлеп айтқанда, әуелі отбасында тамыры бітеді де, бұталары да, гүлдері де, жемісі де содан шығады. Ендеше: “Тәрбиенің негізгі тірегі - ата-ана мен ұстазы екенің ескере отырып, осы бағытта бірігіп жұмыстанайық, ағайын!” дегім келеді.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ