400 000+ дайын материалды шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар, көрнекіліктер және авторлық материалдар - 690 тг-ден бастап
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу қалай жүргізіледі?

Материал туралы қысқаша түсінік
Мектепте жүргізіп жатқан мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу туралы жазылған. Курстан өтіп келген соң, мектепте курспен бірге үдеріс те жүріп жатыр. Мұғалімдерге көмегі болады деп ойлаймын. Кейбіреуге ой салуы мүмкін, кейбіреуі өзіне қажетін алуы мүмкін
Материалдың қысқаша нұсқасы

Төлешова Гүлмира Болатқызы

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, тренер

Еңбекшіқазақ ауданы

«Рахат ауылдық округі №1 орта мектеп»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі


Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу қалай жүзеге асырылады?


Сабақты зерттеу – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл.

Ал іс-әрекеттегі зерттеу – осы үдерісті іске асыратын адамдардың өз тәжірибелерін өзгертуі, жүйелі және мұқият зерттеу барысында тәжірибелерін жақсартуы және зерттеу әдістері мен тәсілдерін қолдануы болып табылады

Зерттеу – мұғалімнің кәсіби тәжірибесін дамытудың қуатты құралдарының бірі. Белгілі бір мәселені зерттей отырып, мұғалім өз тәжірибесін жетілдіре алады. Бүкіл әлемде мұғалімдер Сабақты зерттеу мен Іс-әрекеттегі зерттеу тәсілдерін кеңінен қолданып жүр. Бұл үдеріс қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде де жүргізіле бастады. Мен де бұл үдерісті мектеп тренері ретінде өз мектебімде жүргізуге ұйытқы болдым. Қай жұмыстың болмасын өзіндік қиыншылығы болатыны заңды. Үдеріс барысында түсінбейтін тұстар да көп кездесті. Осы үдерісті егжей-тегжейлі түсіну мақсатында 2018 жылдың қараша айында Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығынан «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму курсын тренер Ошақбаева Аманкүл Әлдибекқызынан бітіріп келдім. Мектепке келіп 80 сағаттық 20 күнге жоспарланған курсты бастап кеттім. Курс бағдарламасының негізгі мақсаты: Сабақты зерттеу және Іс-әрекеттегі зерттеу тәсілдерін іске асыру шеңберінде мұғалімдерге өз педагогикалық тәжірибесін бағамдап жетілдіруге, зерттеу дағдыларын дамытуға көмектесу. Курсқа 11 мұғалім өз ниеттерімен, өз қызығушылықтарымен келіп жазылды. Тренеріміз курс бағдарламасын меңгерте жүріп, үдерісті жүргізу керек екенін айтқан болатын. Бұл үдеріс талмай еңбектенуді қажет ететіндіктен, мұғалімнің қызығушылығы болғаны абзал. Осылайша Сабақты зерттеу үдерісін жүргізуге үш топ құрылды. Әр топтың жетекшісі бекітілді. Сабақты зерттеу- топ болып ынтымақтамаса жүргізілетін үдеріс. Топ мүшелері сабақты бірлесе жоспарлайды, өткізеді, қадағалайды, талдайды. Сабақты зерттеу циклін өткізу кезінде мұғалімдер оқыту тәжірибесіне жаңа әдістер енгізеді немесе оны жетілдіреді, әріптестеріне таратады. Сонымен 1-топ мүшелері: Мұқанжанова Айгүл, Рысбаева Айжан,Сахибек Гүлайым, Сәрсенбинова Гүлзат, Орақбаева Мира 7 «А» сыныбына «Галерея шарлау» әдісі бойынша оқушылардың белсенділігін арттыру тақырыбында, 2-топ мүшелері Шәрібек Ботакөз, Изимбетова Құндыз, Аюбайұлы Қанат 6 «А» сыныбында «Шеңбердегі әңгіме» әдісі арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, ал 3-топ мүшелері Жұмашева Тілеухан, Батырхан Шыңғыс, Тургенбаева Данелия 5 Ә сыныбында «Оқушылардың сұрақ қою дағдысын жетілдіру» тақырыбы бойынша 3 топ Сабақты зерттеу үдерісін жүргізуде. Сабақты зерттеу үдерісін жүргізу арқылы:

  • Мұғалімдерде бірлесіп жұмыс істеу мәдениеті қалыптасады;

  • Өз тәжірибелерін жетілдіреді;

  • Сабақты зерттеу үдерісін не үшін жүргізетінін түсінеді;

  • Зерттеу қадамдарымен танысады;

  • Тәжірибе негізінде алынған ұсыныстарды өз тәжірибелеріне пайдалана алады;

  • Сабақты зерттеу тобын құрудың қыр-сырын меңгереді;

  • Бақылау, қадағалау дағдылары дамиды;

  • Зерттеу сабағын талдаудың, нәтижесін әріптестеріне ұсынудың жолдарын үйренеді.

Мұғалімдер Сабақты зерттеу үдерісін топ болып жүргізумен қатар, әр мұғалім Іс-әрекеттегі зерттеуді де жүргізіп жатыр. Іс-әрекеттегі зерттеу - бұл қолданбалы сапалық зерттеу. «Іс-әрекеттегі зерттеу» терминін алғашқы рет Курт Левин 1946 жылы енгізді. Бұл іс-әрекеттің жоспарлау, әрекет ету және бағалау кезеңдерін қамтитын, спираль түрінде дамитын үдеріс түрінде сипаттайды. Іс-әрекеттегі зерттеу кезеңдері:

  1. Жоспарлау. Бұл кезеңде шешімі ізделетін проблемалар айқындалады. Зерттеу сұрағы, оны шешу жолдары қарастырылады. Зерттеу тақырыбына қатысты әдебиеттерге шолу жасалады. Әріптестерімен сөйлеседі, кеңеседі.

  2. Жоспарды іске асыру. Зерттеу сұрағы айқындалып, әдебиетке шолу жасалып, зерттеу құрылымы таңдалғаннан кейін, мұғалім зерттеу жоспарын іске асыруға кіріседі. Дерек жинайды. Дерек жинау әдістерін таңдау кезінде таңдалған зерттеу тақырыбының ерекшелігін ескерген жөн. Дерек жинау барысында жиналған деректердің күні, ұзақтығы, тәсілі, саны көрсетілетін журнал толтырып отырған дұрыс. Дерек жинаудың да көптеген түрлері мен шарттары бар.

  3. Рефлексия. Жүргізілген нәтижеге бағытталған іс-әрекеттерді, тізбектелген сабақтар топтамасындағы, сабақтан тыс уақыттағы, рефлексия барысында алынған нәтижелерді бағамдау.

  4. Жоспарға өзгеріс енгізу. Зерттелген проблема шешілді ма? Оны қай фактімен дәлелдей аласың? Егер жақсармаса, іс-әрекетке қандай өзгеріс енгізу керек? Іс-әрекеттегі зерттеу – циклді үдеріс. Зерттеу барысындағы алынған деректер жаңа мәселе тудырып, зерттеу жоспарына өзгеріс енгізуі мүмкін.

  5. Нәтиже. Іс-әрекеттегі зерттеудің нәтижесі (жағымды болуы міндетті емес) зерттеу аяқталғанда немесе жағдайды жақсартуға бағытталған зерттеудің жаңа циклін жоспарлағанда ұсынылады. Зерттеу нәтижелерін талдау, тұжырымдар мен қорытындылар көпшілікке ұсынылады.

Курс мүшелері өз сыныптарындағы проблемалар жөнінде ойланып, ең бірінші шешуге тиіс проблемалар бойынша мұғалім тәжірибесіндегі зерттеуді жүргізіп жатыр. Атап айтсам, 7 «Ә» сыныбында Мұқанжанова Айгүл мен Рысбаева Айжан «Неге оқушылар үй тапсырмасын күнделікті орындап келмейді?», Сәрсенбинова Гүлзат пен Сахибек Гүлайым «Оқушылардың ағылшын пәнінен ауызша сұрақтарға дұрыс және толық жауап беру дағдысын қалай қалыптастыруға болады?» деген зерттеу сұрақтары бойынша жұмыс жүргізсе, Шәрібек Ботакөз бен Изимбетова Құндыз 6 Г сыныбында «Өзіне сенімсіз, ойын ашық жеткізе алмайтын, қызығушылығы төмен оқушыларды интербелсенді әдістер қолдану арқылы қалай өзгертуге болады?», 5 «Д» сыныбында Аюбайұлы Қанат «Жаратылыстану пәніне деген оқушылардың ынтасын қалай арттыруға болады?», Жұмашева Тілеухан 5 В сыныбына «Сканерлеп оқыту арқылы оқушылардың түсініп оқу дағдысын қалай жетілдіруге болады?», Тургенбаева Данелия осы сыныпта «Ондық және жай бөлшектерге амалдар қолдану ретін білуді қандай тиімді әдістермен шешуге болады?» деген сұрақтармен қатар тарих мұғалімі Батырхан Шыңғыс та аталған сыныпта «Неліктен оқушылар ауызша сұрақтарға жауап бере алмайды?» сұрақтары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Іс-әрекетті зерттеу не үшін керек?

  • Іс-әрекеттегі зерттеу білім алушылардың өз тәжірибелерінің ұтымды және ұтымсыз жақтарын бағалап, рефлексия жасауға жаңа мүмкіндіктер ұсыну үшін;

  • Жаңа әдістерді, идеяларды зерттеп, сынақтан өткізу үшін;

  • Жаңа тәсілдердің тиімділігін бағалау үшін;

  • Білім алушылар өзара кері байланыстарын қамтамасыз ету үшін;

  • Бақылау, қадағалау дағдысын жетілдіру үшін т.б.

Сабақты зерттеу де, іс-әрекеттегі зерттеу де – зерттеу түрлері. Екеуі де бірнеше циклдан тұрады. Екеуінде де оқушылар жайлы дерек жиналады. Айырмашылығы: Сабақты зерттеу мұғалімнің кәсіби біліктілігін, білімін жетілдіреді. Топ болып жұмыс жүргізеді. Барлық мәселені бірге шешеді.

Іс- әрекеттегі зерттеу оқушының проблемасын шешеді. Мұғалімнің өзі тізбектелген сабақтар топтамасын өткізеді, түрлі әдістерді қолдана беруге болады, өзі рефлексия жасайды, ойланады, жоспар құрады.

Мұғалім мамандығы көп ізденуді, көп еңбектенуді, үнемі ойлануды, жүйелі жұмыс жүргізуді қажет етеді. Сондықтан заман көшінен қалмай, бір орында тұрып алмай, ілгері жылжиық, дәстүрден шығып, тәжірибемізді өзгертейік. Еңбегіміздің нәтижесін көріп, сапалы өнім көрсетейік. Үдеріс басынан бастап дұрыс бағытты ұстанса, нәтижелі зерттеу жүзеге асырылатыны хақ.

«Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету» - деген екен Уильям Шекспир. Осы қағиданы басшылыққа алып, өз тәжірибемізге өзгерту енгіземіз деп ойлаймын





Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу. МАН

  2. Сабақты зерттеуді қалай сапалы жүргізуге болады? Әдістемелік ұсыным . Ошақбаева А.А.

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
2 ұстаз жүктеп алған
26.03.2019
6894
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі