Кіріспе
"Мектепте қазақ тілі мен көркем әдебиет шығармаларын оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі - жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету",- деп көрсеткен қазақ тілі бағдарламасының түсінік хатында.
Тіл дамыту - баланың ойлау процесімен байланысты әрі психологиялық, әрі тіл білімінің зерттеу обьектілерінің бірінен саналады. "Баланың тілін дамыту жеке сөздердің басын біріктіріп, сауатты сөйлеуге баулу - психология мен тіл ғылымының заңдылықтарымен тығыз байланысты құбылыс".
Мектепте балалардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру тіл сабақтарының негізінде қалыптасады, яғни оқушылар оқу барысында ойлау дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді. Ойлауды дамытудың негізгі құралы - тіл.
Бала ойы тіл арқылы, тілдегі ұғым атауы болған сөздер арқылы айтылады да материалдық формаға енеді. Ал ой толық сөз күйінде білдіргенде ғана айқындалып, айшықтала түседі. Түрлі айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен қасиеттері, адамдардың өзара қарым-қатынасының санадағы бейнелері болып табылатын ойлау формаларын бейнелейтін материалдық құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, оқушының тілі байыған сайын оның ойы да дамиды. Керісінше ойы даму нәтижесінде тілі де байып, шұрайлана түседі деген сөз.
Ойды екінші біреуге түсінікті етіп жазып, не сөйлеп жеткізу үшін оқушының бай сөздік қоры, жақсы тыңдай білуі, ең қажетті ойды дәл таба білуі, екінші біреудің ойын өз сөзімен жеткізу дағдысы, пікірін нақты фактілер арқылы дәлелдей алуы тиіс. Бұл үшін оқушыларды белгілі бір жүйемен, жоспар жасап сөйлеуге қалыптастырып, тезис, конспект жазуға баулып, айтылып отырған ойдың негізгі желісін өз сөздерімен жазып, не айтып берулеріне жаттықтыру, яғни байланыстырып сөйлеуді дамыту қажет.
Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге қалыптастыру қазақ тілі пәнінің ғана емес, әрбір сыныптарда өткізілетін әдебиет сабақтарының да негізгі обьектілерінің бірі болып саналады. Сол себепті байланыстырып сөйлеуді дамыту – оқушы тілін дамытудың мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыруды, сауатты жазуға баулуды, жұрт алдына қысылмай еркін сөйлей білуге, мәтінді дұрыс оқып, мазмұнын толық түсіне білуге үйретуді қамтиды. Бұл сияқты жұмыстардың түрлері сөз жоқ, оқушының ой-өрісін, тілін дамытудағы басты мәселелер болып табылады. Олай болса, тіл дамыту мәселесінің обьектісін, әдістемесін анықтауда тіл мен әдебиет пәндері бірлікте қарастырылады. Газет-журналдар мен кітаппен жүмыс, мәтінді талдау, оларға жоспар түзгізу, мінездеме беру,табиғат көріністерін суреттеу, суретпен жұмыс істеу, мазмұндама және шығарма жаздыру т.б. сияқты мәселелерде тіл мен әдебиеттің заңдылықтарын қатар пайдаланып отыру негізгі жұмыс түрлері болып табылады.
Біз бұл еңбегімізде жазба жұмыстарының оның ішінде мазмұндама жаздыру мәселесін сөз етпекпіз, көңіл аудармақпыз.
Мазмұндама - дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.
Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуға тиіс. 1/ оқушының өз ойы болуы; 2/ өз жанынан қосымша оқиға қосуы; 3/ өздігінен қортынды жасау; 4/ мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасындағы мәтінді ІII жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау; 5/ қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту; 6/ кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;
7/ мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып мазмұндау; 8/ берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.
Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.
Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).
Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:
1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;
2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;
3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кино-фильмдері;
4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;
5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;
6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;
7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;
8) жабайы аңдар және құстар;
9) түрлі кәсіп жайында;
10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын- жазушылары, билері мен батырлары т.б.
Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, "Күз", "Қыс", "Көктем" т.б. тақырыптар. Сөз жоқ, әр сыныпта шәкірттің жас ерекшеліктеріне, біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-сыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.
Мұғалім оқушының таным процестерін (ойлау, қабылдау, ес, қиял т.б.) дамытуға игі ықпал ететін мазмұндама мәтіндерін таңдап ұсынғаны мақұл.
Жеткіншек жастағы оқушылардың тілін, байланыстырып сөйлеуін дамытуда әсіресе мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін сөз тіркестері мен сөйлем синтаксистерін меңгерту жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрлерінде сөйлемдер құрастырумен шектелмейді, сонымен қатар тұтас мәтін түзулері тиіс.
Оқушыға мазмұндама мен шығарма жаздырғымыз келсе, онда мәтін жайында түсінік берілуі қажет. Олай етпейінше күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мәтіннің түрлері, оның негізгі белгілері, жасалу жолы, құрамына енетін сөйлемдер мен қайырымдардың (абзац) өзара байланысы және оның стилі жайында мағлұмат берілсе, оқушылар шығарма (мазмұндама) композициясын дұрыс құрып, айтайын деген ойын жүйелі жеткізген болар еді.
Жеткіншек жастағы оқушыларға мәтін жайында мәліметтер беруді неден бастаған жөн? Ең алғаш мәтін жайлы түсінікті теориялық жақтарын практикамен ұштастыра түсіндірген мақұл.
Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер бейнелі сөздер автоматтанып оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады.
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:
I. Дайын мәтін бойынша мазмұндама.
II. Сурет бойынша мазмұндама.
III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.
-
Дайын мәтін бойынша мазмұндама
Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:
а) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.
ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, бірақ баяндалу формасын өзгертіп баяндау.
б) Қысқарта баяндау.
в) Толықтырып мазмұндау.
a) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. Бұл дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па? Мұны әр түрлі түсінуге болады. Бірінде оқушы мәтін мазмұнын терең меңгеріп, ондағы кейбір сюжеттің, көріністің, өзіне үнаған сөз үйірімінің бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбір оқушы мәтін мазмұнын өз сөзімен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келіп соғады. Бірінші жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба құп. Ал өткінші, тек баға алу үшін бір-ақ рет пайдаланып, кейіннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны. Тәжірибелі ұстаздардың мазмұндама мәтінін дәл қайталамай оқушы өз сөздерімен беруді тіл дамытуда анағұрлым нәтижелі екенін сөз етеді.
Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдерге мына мәселелерді ескергенін жөн көреді: мазмұндама мәтінінің мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтіндегі барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.
Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандайда болмасын әсерлі шығарма ұсынылғанмен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезімін тудыра алмас еді. Өйткені мазмұндама мәтіндерін оқушыларға оқып беруде мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болуының маңызы зор. Бұл жөнінде орыстың ұлы педагoгi К.Д.Ушинский: «... Бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын мүғалім табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, алайда зейіні жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет", - дейді .
Бала психологиясын жете білетін А.С.Макаренко да балалармен қарым-қатынаста дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ол балаларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болу керек екенін айтады. Сондықтан мазмұндама мәтінін оқығанда мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн. Мәнерлеп оқуда екі түрлі талап қойылады. Олар - физикалық және психикалық. Біріншіден, оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау болса, ал екіншісіне, оқудың ритімін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау,дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б.жатады.
Міне сондықтан мазмұндама мәтінін мүғалімнің өзі оқып берген жөн. Одан кейін мазмұны айтылып, мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестері (фразеологизмдер) түсіндіріледі. Мазмұндау жоспары түзіледі. (Алғашқы кезде мұғалімнің көмегімен, кейіннен оқушылар өз беттерінше жоспар құрады).
Жоспар жазылмақшы мәтіннің мазмұнына байланысты жай және күрделі болып келеді. Мәтінге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегеніміз – мәтін мазмұнын бөлім-бөлімге бөліп беру деген сөз. Мәтінді жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның іс-әрекеттің орындарын алмастырып алмау үшін қажет. Жоспарлау мәтіндегі әңгіме болып отырған негізгі мәселені тани білуге баулиды. Мәтінге жоспар жасау әдетте, жай жоспар, күрделі жоспар жолымен жүзеге асырылады. Мысалы, мына бір мәтінді алайық.
Құмырсқаның қанағаты
Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатады. Ол құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ. Бір тобы індерін кеңейтіп жатыр. Екінші тобы үлкен құртты сүйреп келеді. Енді біреулері күзетте түр.
Ғұлама бір құмырсқаны ұстап алып:
- Сенің басың неге үлкен?- деп сүрайды.
- Ақылым көп!
Кұйрығың неге үлкен?
- Қайратым көп! Өзімнен қырық есе жүкті көтере аламын, - дейді.
- Ал белің неге жіңішке?
- Қанағатшылмын!
- Жарайды, ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетті. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?
Бір жылға жеткізер едім, - дейді құмырсқа.
Ғұлама құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды.
Бір жыл өткен соң сауытты ашып қараса, құмырсқа қимылсыз жатыр екен. Қасындағы бидайдың жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін құмырсқа орнынан тұрады.
-Бір жылға жетеді деп едің. Жыл өтті. Ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай деп сұрайды ғұлама.
- Иә, ол дәнді мен бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен біржылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, деп жауап беріпті құмырсқа
Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?
Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, депті құмырсқа.
Келтірілген мәтінге құрылған жай жоспардың үлгісі
Мазмұндау жоспары
1. Ғұламаның құмырсқаның илеуіне тап болуы.
2. Ғұлама мен құмысқаның өзара әңгімесі.
3. Ғұлама құмырсқаның қанағатын қалай сынады?
4. Құмырсқа қанағатшыл екенін қалай дәлелдеді?
Күрделі жоспардың үлгісі
Мазмұндау жоспары
1. Ғұлама тап болған құмырсқа илеуі.
a) індерін кеңейту;
ә) азық-түлік әзірлеу;
б) күзетте түру.
2. Ғұлама мен құмырсқа арасында болған әңгіме.
a) басының үлкен болу себебі;
ә) құйрығының үлкен болу себебі;
б) белінің жіңішке болу себебі.
3. Ғұламаның құмырсқаны сынауы.
a) сауытқа салу;
ә) бір жыл өткен соң;
б) құмырсқаның халі.
4. Құмырсқаның қанағатшыл екенін дәлелдеуі.
a) жарты дән;
ә) төрт-бес жылға жеткізу.
5. Қортынды
a) қанағатшыл болу - тамаша қасиет.
ә) Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау. Мұнда 1 жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. Мысалы:
Шын достық
Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.
Досымыз екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.
Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.
Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.
Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.
Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.
- Менікін құйыңыз, - дедім.
Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып, Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды. Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналған үміт оты қайта маздап жана бастады.
Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.
Мұғалім бұл мәтінмен таныстырмас бұрын оқушылардың жолдастық, достық, адамгершілік және жақсылық түсініктерін анықтап, олар жайында пікір алысады. Ұстаз мәтінді мәнерлеп оқып, мағынасы түсініксіз сөздерді (сәулелі болашақ, аузын арандай ашып, ауру меңдеп, дауа, сөнуге айналған үміт т.б. ) синонимдер арқылы түсіндіріледі. Оқушылар жоспар түзеді. Алайда жоспар бірінші жақ формасында емес, III жақта құрылады.
Мазмұндау жоспары
1. Білім жолында
2. Өткен өмір елестері
3. Досымбектің науқастануы
4. Қан беру
5. Шын достық
Әр сұрақ жеке-жеке талқыланып, жауаптар алынады. Ұстаз оқушыларға мәтіннің баяндалу формасының өзгеру заңдылықтарын нақтылы түсіндіріп, оның бұлжытпай сақталуын талап етеді.
Жоғарыдағы мәтін III жақ формасында мына үлгідей болуы мүмкін.
Шын достық
Досымбек пен Сәрсен екеуі Қызылжар педтехникумында оқып жүргенде танысты. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ оларды қол бұлғап шақырғандай болады.
Екі дос ылғи бір жатып, бір тұратын. Бір үзім нанға шейін бөліп жейтін, Бір анадан егіз туғандай. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.
Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сәрсенге сұм ажал аузын арандай ашып, досын алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

- Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрады. Бір күні Сәрсен емдеуші дәрігерден:
Бір ғана дауа: таза қан құю, деді дәрігер.
- Менікін құйыныз, - деді Сәрсен.
б)Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі түрі ықшамдап мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннің айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып ең негізгі, түпкі ойды жазады.
Қысқарта, ықшамдап мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады. Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып, қажетті материалды жинақтауға, көп ойды аз сөзбен беруге, пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Ұсынылып отырылған мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап, тандап қолдануға, сөйлемді жинақы құруға, аз сөзбен көп мағына беруге, тілін ширатуға септігін тигізеді.
в) Дайын мәтін бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі бір түрі толықтырып мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап мазмұндауға керісінше берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі.Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.
Жұмыстың бұл түрінде бір әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмысты оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.
Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. Ұстаздардың үнемі есінде болатын мәселе:оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұны олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген, етене таныс зат, құбылыс, оқуға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жүмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.
Жұмыстың бұл түрін қалай ұйымдастыруға болатынына мысал келтірейік.
Мұғалім ұсынылған мәтіннің қысқаша түрін тақтаға жазып қояды.
Мысалы:
Көлеңкеде жеті-сегіз жасар бала ұйықтап жатыр. Улы жылан жақындап келеді. Бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Екі жүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды.
Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мәтінді талдамас бұрын, оқушылардың улы жылан мен құстар жөнінде не білетінін сұрап, олар туралы тереңірек ақпар беріледі.
Мұғалім тақтада жазылған мәтінді таныстырып болған соң:
- Балалар, бұл жұмбақ сөйлемдер не жайында хабардар етіп тұр?
- Бұл сөйлемдер кішкене құстың баланы ажалдан сақтап қалғаны жөнінде сөз болады.
Дұрыс. Балаға ат қойыңдар.
- Болат, Қанат, Сәрсен.
- Дұрыс. Болат деп атайық.
- Бірінші сөйлемді қалай толықтыруға болады?
- Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр.
- Улы жылан кімге жақындап келеді?
Болатқа улы жылан жақындап келеді.
Құрылған сөйлемдердің екеуінде де Болат сөзі қайталанғандықтан, сөйлемдердің көркемдік ерекшелігіне нұқсан келеді. Сондықтан екінші сөйлемдегі Болат сөзін басқа сөзбен алмастырыңдар.
- Балаға, оған, жеткіншекке т.б.
- Дұрыс, бұл жерде оған деген сөзді алайық. Яғни екінші сөйлем "Оған улы жылан жақындап келеді" десек болады. Балалар, жылан тілін байқағандарың бар ма?
- Иә, жылан бір нәрсеге жақындағанда айыр тілін сумаңдатады.
- Дұрыс. Онда екінші сөйлемді "Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді" деп түзетуге болады. Енді үшінші сөйлемді толықтырайық. Құс қайдан шыға келді? Қайда қонды?
- Қайдан келгені белгісіз, жылан мен Болаттың арасына түсті.
- Дұрыс. Бұл сөйлемді "Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді…" Енді жылан мен құстың әрекеттерін сипаттаңдар.
Оқушылар бұл жөнінде әр түрлі ойларын білдіреді. Ең таңдаулы сөйлемдер іріктеп алынады.
Мысалы: Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып,оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір Тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.
Мұғалім кейінгі сөйлемдерді толыққанды етіп түздіру мақсатында мынандай сұрақтар беруіне болады.
- Сәрсен оянған соң нені көрді? Құс не үшін мерт болды? Бала қандай күйде болды?
Оқушылар берілген сұрақтарға өздерінің таңдаған сөйлемдерін ұсынады. Мұғалім ең сәтті сөйлемдерді іріктеп, тақтаға жазып отырады.
Әңгіме соңы былай аяқталуы мүмкін.
Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына аңырап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мұғалім түзілген мәтіннің толықтырылған вариантымен таныстырып, оқушыларға мазмұндаманың тақырыбын қою тапсырады. Балалар бірнеше ұсыныстары саралай отырып "Табиғатты сүй" тақырыбын таңдайды.
Табиғатты сүй
Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр. Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді. Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мазмұндамаға сынып ұжымы болып жоспар құрылады.
Мазмұндау жоспары
Ұйқыдағы бала
Жылан мен құстың айқасы
Таңырқаған бала
Адамзаттың міндеті
Мұғалім:
-
Балалар, түзілген жоспардағы "Адамзаттың міндеті" деген бөлігіне өз беттеріңше жауап жазуларың тиіс. Өйткені онсыз тақырып толық қанды ашылмайды.
Табиғат - баршамыздың анамыз. Оны қорғау - біздің парызымыз. Әрқайсысың өз міндеттеріңді айқындап, не істеу керектігі жайында ойларыңды жазыңдар.
Қазақ халқының табиғатқа байланысты салт-дәстүрі туралы не білесіндер?- деп берілген мазмұн мәтінін толықтырып жазу тапсырылады.
Оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.
II. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру
Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз? мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада даяр мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып мазмұндама жазу оқушылардың ойы мен тілін дамытып қоймай, оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.
Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар;
1.Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама.
2.Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.
Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіріп те жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұндай мазмұндама түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.
a) сурет бойынша мазмұндаманы мына жүйеде жүргізуге болады.
Алдын ала дайындалған қыс келбеті бейнеленген суретті іліп, сұрақ-жауап тәсілі бойынша дайындық жұмысы жүргізіледі.
1.Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны немен дәлелдейсіңдер?
2. Суреттің алдыңғы жағында кімдер көрінеді? Олар не істеп жүр?
3. Балалардың көңіл-күйлері қандай?
4. Ауа райы қандай деп ойлайсыңдар?
Суретке қандай ат қоямыз?
Қандай ой қортындысын жасаймыз?
Суреттің мазмұны жоғарыдағы жоспар бойынша талқыланып, сұрақтарға дұрыс берілген жауаптар іріктеледі.
Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді мәнерлеп оқып шығады.
Сырғанақта
Қыс. Жексенбі күні болатын. Асан таңертең тұрып, терезеден сыртқа көз тастаса, түнде үлпілдеген ақша қар жауыпты. Көше де, үйлердің шатырлары да, көк тіреген биік ақ қайыңдар да ақ мамыққа оранған. Жаңа жауған аппақ қар асыл тастай жалт-жұлт етеді. Аспан шайдай ашық, айнала мүлгіп тұр. Үп еткен жел жоқ, тып-тыныш. Асан таңертеңгі тамағын ішіп, сыртқа шықты.
Балалар сағат он бір кезінде ауыл маңындағы өзенге жинала бастады. Олар өзеннің биіктеу жағына қар үйіп,төбешік жасаған болатын. Сырғанақ тебуге келе жатқан балаларға Асан да ілесті. Барлығы жылы киінген. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Қыс қызығына ертерек жеткісі келіп, асыға басып келеді. Бәрі көңілді.
Өзен жағасы. Балалар беттерін аязға сүйдіріп, ойын қызығына берілген. Бірі төбеден етекке қарап шанамен зуласа, кейбірі өзенді тұмшалаған көк мұз үстінде коньки теуіп зырлайды.
Төрт бала қардан Аққала соғып, оған тезектен қара қас, сәбізден қызыл мұрын жасап әлектенуде. Қайдан әкелгені белгісіз басына түбі тесік шелек кигізіпті. Сонысына қарамай Аққала өте көңілді. Екі езуі құлағына жетіп, қыс қызығына түскен балаларға тамашалай қарап тұрған сыңай танытады. Сонымен бірге ол: "Балалар, ойынға беріліп, ертеңгі сабақтарыңды ұмытып кетпеңдер!" деп тұрғандай.
Табиғат ананың көңілсіз кезеңі жоқ. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы мен қызығы бар.
Мұғалім мазмұндама мәтінін оқып болғаннан соң, әрбір қайырым суретпен салыстырылады. Балаларға мағынасы түсініксіз деген сөздер мен сөз тіркестері синоним сөздер арқылы түсіндіріледі. Кейбір сөздердің орфографиясын есте сақтау қажеттілігі ескеріліп, тақтаға жазылады.
Ұжым болып мазмұндаманың жоспары түзіледі.
Жоспардың үлгісі
1. Таңертеңгі табиғат көрінісі.
2. Өзен жағасында.
3. Балалардың қыс қызығы.
4. Балалар соққан аққала
5. Қортынды.
Мәтін мазмұнын құрылған жоспар мен суретті салыстыра отырып бірнеше оқушы айтып шығады.
Мұғалім қортынды жасайды. Балалар мазмұндама жазуға кіріседі.
ә) сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыру.
Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін алдын ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.
Мұғалім дайын мәтіннің мазмұнын жоғарыдағы біз ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға меңгертеді.
Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырылған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз варианттарын айтып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең басты ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады. Яғни шәкірттердегі ойлаудың абстаракт- логикалық түрінің дамуына игі ықпал етеді.
Мысалы: 5-сыныпта Ж.Садықовтың "Түлкі" әңгімесі негізінде салынған сурет бойынша өткізілген мазмұндаманы келтірейік.
Түлкі
Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кіріпті.
Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін алаңдата берді. Бірақ саңылау құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.
Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қоранын ішіне оп-оңай секіріп түсті.
Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.
Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.
Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді.
Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін", деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.
Мұғалім мазмұндама мәтінін дауыстап оқып шығып, әңгіме мазмұнын оқушыларға талқылатады. Оқиға желісі толық игертіліп болған соң, мұғалім:
- Балалар, бұл әңгіме бойынша қанша сурет салуға болады?
Мәтін бойынша неше сурет салуға болатындығы, әр суретте нелер бейнелену керектігі жөнінде оқушылардың ең таңдаулы ұсыныстары іріктеледі.
Балалардың ұсыныстары негізінде бұл әңгіме бойынша бес сурет салуға болатындығы анықталады.
Оларға мынандай тақырыптар қойылды.
Тапсырма: Мәтінді өздерің аяқтап шығыңдар.
1. Түлкі қора төбесінде.
2. Түлкі қора ішінде.
3. Өлген түлкі.
4. Алданған Айша апай.
5. Қашқан түлкі.
Ұжымдық талқылаудың негізінде сурет саны белгіленіп, мәтіннің мазмұнына сай олардың әрқайсысына нелер бейнелену қажеттігі анықталады.
Мұғалім алдын ала дайындалған суреттерді бірінен соң бірін тақтаға іліп, әр сурет бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.
Талдау соңында әңгіме мәтіні мен суреттер салыстырылып бірнеше оқушы баяндап шығады.
Мазмұндаманың жоспарын құрмаса да болады. Өйткені әрбір суреттің тақырыбы жоспар есебінде жүреді.
Мұғалім қортынды жасайды. Оқушылар әңгіме мазмұны мен сюжетті суреттерді негізге ала отырып, мазмұндама жазады.
III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама
Оқушының өмірге белсенді поэзиясын оның адамгершілік мінез-құлқының қажетті жағдайына айналатындай етіп қалай қалыптастыру керек? Жеке бастың белсенділігінің қандай қырларын осы процеспен байланыстыруға болады? Бұл сұраққа танымал ғалым Т.И.Шамова оқушының танымдық әрекеті: алдымен қиял мен ойлау белсенділігіне сыртқы әсер ішкі белсенділіктің нығаюына себепші, оның өтуіне бақылау жасаушы орта болып саналатындығына байланысты деп жауап береді. Әрине, аталған әрекеттің жемісті болуына септесетін фактор бұл ғана емес, өз бетінше қиялдау мен ойлауды да белсенді ету керек. Академик А.Д.Александров бұл орайда мектеп балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше ойлауға да тәрбиелейтіндігін, ал мұның өзі қоғамның саналы мүшесіне керек қасиет екендігін атап айтады. Бұл тұжырымды академик М.А.Лавлернтьев те қостайды.
Оқушының өз бетінше ойлауын проблемалы ситуация туғызу негізінде, шығармашылық ойлау оқушылардың кез келген танымдық мәселесін шешуде әр алуан тәсілдерді іздестіру процесінде жүзеге асырылады.
Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу ең тиімді тәсіл екендігін осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі қуаттайды. Сонымен бірге, қабілеттілік, әсіресе, өз бетінше ойлау қызметі процесінде табысты дами түсетіндігі айқын. Осыған орай ойлауды белсенді ету үшін проблемалы оқытуды қолдану тиімді болмақ. Танымал психолог C.Л.Рубинштейн өз бетінше жұмыс істеу саналы әрекеттің қалыптасуы мен оның негіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды.Міне сондықтан оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді. Білімді шығармашылықпен пайдалануда оқушылардан мазмұндама мәтінін сәтті аяқтау үшін алдыңғы бөлігіне жымдаса логикалық байланысқа түскен сюжет ойластырумен бірге оны көркем тілде баяндап жеткізу талап етіледі. Бұл әрекет ең алдымен игерген материалдардың синтезінен тұрады. Белгілі бір толық мәтінді түзу үшін оқушыдан үшқыр қиял мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Егер оқушы мазмұндаманы талап деңгейінде орындап шықса, оның тасасында ұзақ ойлау процесі тұрғандығын естен шығармағанымыз жөн. Сол себепті оқушыларға мұндай қасиетті қалыптастыру үшін қажетті ситуация туғызылды деп түсіну керек.
Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруда мақсат оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.
Бұл шығармашылық жұмыс түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қортындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік "менінің" қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы "туа біткен тілдік қабілетін" ояту.
Мұғалім бұл жұмысты жеңілден ауырға қарай жүргізу принципі негізінде әрекет етіледі. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған әңгіменің оқиға желісі, сюжеті суреттер арқылы бағыт- бағдар беру негізінде жүргізіледі. Демек, оқушылар аяқталмаған мәтінді сюжетті суреттерге және ұжым болып құрылған жоспар негізінде жазып шығады.
a)келесі кезеңде аяқталмаған мәтін жартылай түзілген жоспар, әңгіме соңына бағыт-бағдар беретін сюжетті суреттер негізінде мазмұндама жаздыру;
ә)аяқталмаған мәтін мен әңгіменің сәтті тұжырымдауға сілтеме жасайтын жоспар негізінде мазмұндама жаздыру;
б)соңына дейін түзілмеген жоспар мен аяқталмаған мәтін арқылы мазмұндама жаздыру.
Міне, осылайша, мазмұндама жаздыру бірте-бірте күрделеніп, оқушыларға "өнер алды" болып табылатын тілдің қыр-сырын игертуге, байланыстырып сөйлеуге игі ыкпал етеді.
Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруға мысал келтірейік.
Ақылды жігіт
Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:
-
Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:
-
Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:
-
Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:
Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.
Одан шығып келе жатыр едік, ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен", - дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.
Сонда қыз тұрып:
Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.
Сұрақ-тапсырма
Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.
Осылайша оқушының ойлауына итермелейтін ситуация туғызылуы. Оқушыны "неліктен?", "қалай?", "не үшін?" деген сұрақтар мазалайды. Олар өз ақыл-ойын, қиялын осы мәселені шешуге бағыттайды. Детирминді, яғни адамның белгісізді білгісі келу қажеттігінен туатын ой процесі пайда болады.
Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған проблемалық, ізденгіштік сипат береді. Бұл ойлау процесінің ең елеулі белгісі. Егер бала одан сұрайтын нәрсені білетін болса, онда ол ойланбайды. Ол есінде сақталған, бұрыннан бар білімін пайдаланады да "Ойлау проблемалар, міндеттер бар болғандықтан туады да белгісіздіктен, түсініксіздіктен белгілікке, түсініктілікке қарай қозғалу болып есептелді".
Мәселе нақты болса, міндет те нақты болады, соның нәтижесінде оны шешуге арналған ізденіс те дұрыс және дәл бағыт алады. Сондықтан міндетті нақтылап анықтау – оны шешу үшін жасалған алғашқы қадам болып табылады.
Жоғарыдағы "Ақылды жігіт" әңгімесі бойынша мұғалім оқушылардың алдында міндет қойды. Оқушылар өзінше іздеуі, ұқсас және әр түрлі шешім табуы керек. Өзіндік қортындыға келуі тиіс. Міне мұндай жағдайда оқу әрекеті айқын проблемалық сипатқа енеді.
Оқушы берілген тапсырманы дұрыс шешу баланың үлкен қанағаттану сезімін тудырады. Жүк жеңілдегендей болып, табыс қуанышы оқушының алдына жаңа, бұдан да қиын міндеттер қоюға, соны шешу үшін ұмтылуға итермелейді.
Әрине мұғалімнің қойған сұрақтарына кейбір оқушы талап деңгейінде жауап бере алмауы да мүмкін. Мұндай жағдайда ойлану болған жоқ деп айтуға негіз бар ма? Жоқ, ізденіс, адамға бұрын белгісіз нәрселерді ашу ретіндегі ойлау әрине болады, алайда дұрыс ойлау заңдылықтарын игермегендіктен сәтсіз аяқтады. Мәселені дұрыс шешкен оқушылардың еңбектерін үнемі талқылау арқылы оларға бағыт-бағдар беріліп, шындықты жаңаша түсіну жолы қалыптастырылады.
Жоғарыда келтірілген әңгімені сәтті аяқтаған оқушының мазмұндамасын мысалға келтірейік.
Сонда қыз тұрып:
"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.
Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:
- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.
Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуда атқаратын рөлі ерекше. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Баланы көркем сөз өнерін үйретудің, баулаудың ең басты қажеттілігі осында.
V СЫНЫП
Табиғатты сүй
Көлеңкеде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жеті-сегіз жасар балаға қарай айыр тілін сумаңдатып улы жылан жақындап келеді. Күтпеген жерден қайдан шыға келгені белгісіз бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес- кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аяғын санап басып жақындай түсті. Бала жайына қалды. Екі түз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір түмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.

Тапсырма: бұл оқиғадан қандай қорытынды шығаруға болады?
Жауап: Құстар - адамзаттың қанатты достары. Оларға қамқорлық жасауымыз қажет. Жалпы табиғатты қорғау - бәріміздің міндетіміз. Өйткені адамзат - табиғаттың бел баласы. Қоршаған ортаға зиян келтіру, оны ластау - өзіңнің келешегіңе балта шабумен тең. Адамның тағдыры табиғатпен байланысты. Ол болмаса, адам да жоқ. Адамзат табиғатқа бағынышты екенін естен шығармау керек. Ол үшін табиғатты сүй! Жер-анаңды қадірле! Жер бетіндегі тіршілік иелерінің бәрі де өз туысың екенін ұмытпа. Жыланға да қастық қылмай, үйге келсе, ақ құйып шығарып сал!
( Т. Дәуренбеков )
Мазмұндау жоспары
1. Ұйқыдағы бала.
2. Жылан мен құстың айқасы.
3. Таңырқаған бала.
4. Адамзаттың міндеті.
Абайдың жастық шағы
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі іріленіңкіреп, бала-бозбалалық қалпына бейімделген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.
Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазір қаладан қайтқандық және аурудан қысылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн көзінде болмағандық белгісі. Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез-машығы да бір алуан боп, өзінше үйлесті.
Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы - әжесі. Одан қала берсе, шешесі.
Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күн кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:
- Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?- деп, кішкене тақпақтап бастап еді, Абай соны үғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:
-Е-е … Бұлдыр,бұлдыр күн өткен. Бұрыңғыдан кім өткен?…- деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді…
Кішкентай күнінен ертегі-әңгімені көп сүйетін бала осы күндерде, осы жазда тіпті көп есітіп, көп білім алған сияқты.
(М. Әуезов)
Мазмұндау жоспары
1. Абайдың жас мөлшері, дене бітімі, бет пішіні.
2. Абай реңіндегі өзгерістер.
3. Мінез-машығы, тапқан жаңа ермегі.
4. Абайдың әжесі.
Суырлар мен қараторғайлар достығы
Қырдың етек жағын дүрбімен қарап тұрсаң, күнде өзіміз көріп жүрген даланың кәдімгі қараторғайлары мен бозторғайлары еріксіз көңіл аударды. Олар аяқтарын бір басуға ерініп, майланып кеткен денелерін әрең көтеріп, баппен жайылып жүрген суырлардың асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүр.
Суырлар бұларға риза сияқты, қумайды. Қайта әдейілеп жондарын, шалқасынан жата қалып төсін, бауырын тосып, торғайларға қытықтатып жатқандай. Бұлардың осы қылықтарына қарап тұрып, бала кезімізде қарт аталарымыздың біздерді шақырып, арқаларын қасыттыратыны көз алдыма елестеп кетті. Суырлардың италақазбен бірге ойнап, қағысып-жұлысып, мына кең далада асыр салып жүргендерін көріп, талай қызықтағаным бар болатын.
Суырлардың іргесіндегі иесіз қалған індерге бұлар жылда ұя басып, тату-тәтті, өсіп-өніп жататыны белгілі. Кейде суырлардың інін италақаз тартып алса да, бір-біріне олар әбден етене болып үйреніп кеткен.
Ал торғайлар мен суырлардың мына ойыны маған түсініксіздеу көрінді. Бұлардың осы тату қылықтарына таңданып, себебін анықтауға қызыға кірістім. Жақындап зер салып қарасам, әлгі торғайлар суырлардың денесін неше түрлі шыбын-шіркейлерден, қанын сорып, түймедей болып тырсиған кенелерден, бүргелерден арылтып, күнделікті керегін теріп жеп жүр екен.
"Балақтағы бит аттан түсіреді", демекші, суырлардың қанын сорып, бей-берекетін кетіріп жүрген кене, бүрге сияқты бәлекеттерден мына торғайлардың көмегімен арылып, алдағы қысқы ұзақ ұйқыларының бұзылмауы үшін олар мол қор жинауға алаңсыз кірісуде.
1. Тапсырма: Тақырыпқа қажетсіз детальдарды алып тастап, мазмұндап шық.
Бас кескен балта
- Әкел бері!- деп, ат үстінен қолын созғандардың арасынан біреуі атын тебініп, үндеместен кеп, тұзақтап алған шылбырын Итбайдың мойнына салып жібергенде, "Бұл кім?" деп, Бүркітбай қараса, Темірбек екен.
Шылбыр Итбайдың мойнына іліккенде атын тебініп тарта жөнелген Темірбекке Бүркітбай қадала қарап еді, беліне қыстырған ақ балтаның жүзі жарқ-жұрқ етті. Көкпар тартқандағыдай, жұрт оның артынан сатыр-сұтыр шаба жөнелді.
Бүркітбай жан-жағына қараса, аты жоқ жалғыз қалып барады екен. Итбай үйінің мүлкін талап алып жатқан жаққа қарай жүгіріп еді, қаңтарулы біраз аттар тұр. Шетіндегі біреуіне міне салып, бұл да Итбайды алып қашқандардың артынан төпей жөнелді.
Жұрт ойыса шауып алды, бір кезде ошарылып тоқтады. Астындағы атын борбайлап, шоғырланған жерге Бүркітбай келсе, Итбай шала-жансар сұлап жатыр екен.Үстіндегі киімін, денесін жер айырып тастаған. Айнала қоршаған жұрт Итбайдан қорыққандай аттан түспей көздерімен атып тұр. Жұртта үн жоқ… Итбайдың қасында жаяу тұрған - жалғыз Темірбек. Оның бір қолы Итбайдың мойнындағы тұзақта, бір қолында көсілте ұстаған балта.
- Уа, жұртым!… деп, ыңырсыған дауыспен бір кезде Итбай сүріне-қабына, қолымен жер тірей, басын көтере беріп еді, Темірбек қылқындыра тартып тұрған тұзақты босатып жіберді.
"Дәмдес болған шіркіннің жаны ашып кетті-ау", деп, ойлады әркімдер. Сол кезде аттан секіріп түсе қалған Қожантай:
- Сазайы берілді!- деді айқайлап сөйлеп, Итбайға ұмтылып:
- Жанын қияйық шіркіннің, мұсылман баласы ғой. Мұның қасықтай қанына қайсымыз тоямыз.
-Бауырым!… деген ыңырсыған дауыспен аяғынан тұруға шамасы келмей, тізесінен отырған Итбай қолын созғанда, Қожантайдың сүйегісі келіп жанына барып қалып еді, Темірбектің балтасы жарқ ете түсті.
Қожантайға созған екі қолының арасынан төсі арқылы домалап барып, Итбайдың басы жерге түсті.
(С.Мұканов)
Тапсырма: Әңгімені қысқаша түрде мазмұндап жазып беріндер.
Торғай
Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін. Итім алдымда жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп, құстың исін сезгендей-ақ төрт тағандап бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың сары жағал, ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті. Жел жол жағалауындағы қайыңдардың басын теңселтіп тұр еді. Балапан жаңа ғана өсіп келе жатқан сүйрік қанатын дәрменсіз жайып, қимылсыз отыр. Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл алдына келіп қонды. Байғұстың зәресі ұшып, түсі бұзылып кеткен. Жүнін үрпитіп шырылдауда. Иттің арандай ашылған аузына, ақсиған тістеріне қарай бір-екі рет тап берді.
Ол жан ұшырып өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Бал бөбегі балапанын өз денесімен бүркемек болды. Титтей денесі қорыққаннан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп жүр.
Оның көзіне ит қандай дәу болып көрінді екен десеңші! Бірақ балапаны отқа түскенде, ол бас сауғалап бұтақта отырып қала алмады. Ол өз ықтиярынан, өз еркінен басым бір күш жерге ұшырып түсірді.
Менің итім төбеге ұрғандай тоқтап, кейін шегінді. Ол да әлгі күшті мойындаған тәрізді.
Мен итімді тез өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың ұлы аналық жүрегінің күшімен таң қалдырды.
Мен жөніме кеттім.
( И. Тургенов )
Тапсырма: Төмендегі жоспар бойынша әңгімені үшінші жақпен мазмұндап жазындар.
Мазмұндау жоспары
1. Аң аулаудан қайтып келе жату.
2. Иттің әрекеті.
3. Ақ үрпек балапан.
4. Иттің балапанға жақындауы.
5. Үлкен торғайдың әрекеті.
6. Иттің қарсыласпау себебі.
7. Автордың сезімі.
Балапан торғай
Қолында аша ағашы бар сұр кепкалы бала жақындай түссе де, балапан торғай бейқам отыра берді.Тек аяғының дәл астындағы шарбақ ағаш сақ ете түскенде, ол селк ете қалды. Жантас екінші рет атып үлгергенше, балапан торғай жан далбасалап ұша жөнелді.
Темір қанат торғай алыс шырқап ұша алмайтын еді. Көшенің ар жақ бетіндегі бір шоқ талға әрең жетіп қонды. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты.
Әккі Жантас ентелеп тағы жетті. Рогаткасын жүгіріп келе жатқан бойда оқтап алды. Қалт тұра қалып және атты. Тас бұл жолы зу етіп, балапанның төбесін жалап өтті. Ол көзін жыпылық еткізіп, бұға қалды.
Жантас балапан торғайдың қыр соңынан қалмады. Ауылды шыр айналдырып қуа берді. Өкпесі өшіп, әлсіреген балапанның енді көтеріліп ұшуға халі қалмады.
Үрейі ұшқан балапан жүнін үрпитіп, дуалға жабыса түсті. Әлсіз аяқтары сырғанақтап, аянышты үнмен шыр-шыр етті. Бірақ безбүйрек Жантас оған құлақ асар емес.Қол созым жерде тұрып атқылай бастады.
Кенет Жантастың арт жағынан:
- Әй, о немене?- деген дауыс саңқ ете қалды. Жалт қараса, Қожа жүгіріп келеді екен. Жантас балапанды тездетіп, тағы бір атып жіберді. Бұл жолы атылған тас иесінің жауыз ниетін құптап ұшты. Дәл топшасынан дөп тиген тас балапан торғайды домалатып түсірді.
Торғайды Қожа ұстап, мәпелеп үйге әкелді. Газет бетіне нанның үгіндісін сеуіп, тұмсығын тақады. Бірақ балапан торғай жемек түгіл, басын оңды-солды бұрып, татып алмады.
Қожаның босатып қоя беруі мұң екен, балапан жорғалап барып, кереуеттің астына еніп кетті.
Ертесіне ол жаңа "пәтерге" көшті. Оны Қожа жасаған еді. Кәмпиттен босаған шағын жәшікке ол темір тордан төбе шегеледі. Кішкентай етіп, ашпалы есікше жасады. Балапанды соған кіргізіп жіберді де, сыртындағы тиекшесін іліп қойды.
Арада бір жетідей уақыт өтті. Балапан тыңайып, есейіп қалды. Енді оны балапан деудің өзі лайықсыз еді. Жүні құлпырып, арқа тұсы күдістеніп, ірі тұлғалы кәрдімгі қара жағал қораз торғай кейпіне келді. Топшасының ауырғаны да басылды.
Бір күні Қожа:
-
Тағы бір кездессең, мен сені танитын болайын,- деп, ол торғайды аяғына қалайыдан сақина кигізді. Содан соң тұмсығынан шөп еткізіп сүйді де, әуелетіп ұшырып жіберді. Біртін-біртін биіктеп, балапан торғай бұлдырап көрінбей кетті.
( Б. Соқпақбаев )
Тапсырма: Жантас пен Қожаның іс-әрекетіне баға беріңдер.
Темір
Әдетте, темірді өте мықты дейміз. Одан берік ештеңе жоқ дейміз. Үстінен тонналап жүк поездары өтетін аса ірі көпірлер темірден салынады. Сонда не, темір мәңгілік пе? Мәселен бүгіндерде Египет перғауындарының алтын жүзік, сақина тағы басқаларын кездестіруіміз ықтимал, ал темірден жасалған заттарын табу мүмкін емес? Неге?
Темір берік метал екені рас. Бірақ ең осал, сенімсіз зат та темір болып табылады. Неге?
Темірдің бірден-бір жауы - ылғал. Жауын-шашын, ылғалдан темірді тот басып, бірте-бірте тозады, "ағзасы" әлсірейді. Ылғал неғүрлым көп жерде, темірден жасалған құрылыстар да соғұрлым тез істен шығады. Ерте замандардағы темірден соққан заттардың біздің дәуірімізге жетпеу себебі содан. Терең су астында жүз елу жыл жатқан темір бұйымдарды тот басып, ыдыратудың әсерінен қайшымен қиюға да болатынын өмір дәлелдеген.
От
Қыстың күндері пеш жаққанда біршама уақыт бойы нақ бір музыка ойнағандай гуілдеген дыбыс естіліп тұрады. Оған қоса пештің есігі сықырлап, тарсылдап, өзінен-өзі қозғалысқа түседі. Бұл не сонда?
Оның жауабы оңай. Пеш жаққан кезде ішіндегі ауа қызады да, салмағы жеңілдейді. Сөйтіп мұржа арқылы жылдам сыртқа шығады да, жанып жатқан пешке үй ішіндегі салқын ауа кіреді. Ол да тез жылынып, қызған кезде кейде баяу, кейде катты гуілдеген дыбыс пайда болады.
Өрт сөндіргенде су іздейміз. Лаулап жанған отты өшіретін басқа амал жоқ па? Отты өшіретін бірден-бір әрі тиімді тәсіл су бүрку. Неге?
От ауа арқылы жанады. Ал су ауа жібермейді. Сондықтан от тез сөнеді.
Отты сөндіретін басқа да амал бар. Жалынға құм, топырақ тастаса да сөнеді. Себебі олар да ауаға тосқауыл бола алады. Кейде жанып жатқан отқа одеял жауып, сыпыртқы, қапшықпен ұрып та өшіреді.
Екі дос
Ертеде ел арасында жаугершілік жиі болатын кезде, қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады.
Бірде әскерлер бір өзеннің бойында шатыр тігіп дамылдапты. Тұтқиылдан жаудың көптеген қалың қолы шабуыл жасапты. Тонаған мал-мүліктерін тиеп кетіпті. Қолға түскен азаматтарды айдан әкетіпті. Әлгі екі достың біреуі жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғанын естіген екінші батыр күздің қара суығын елеместен, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. Анталаған жау әскерлері оны тарпа бас салады. Жауынгер өзін қолбасшыларына апаруын өтінеді. Ағып келген соң ол жаудың қолбасшысына:
Мен қолдарыңа түскен жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Менің оған айырбасқа берер малым жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін. Ол - өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, ол үшін өзімнің өмірімді қияр едім, - дейді.
Қолбасшы оны сынамақ болып:
- Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол өміріңнің бір бөлшегін ғана берсең болды, - дейді.
- Ол не?- дейді досын құтқаруға асыққан жігіт.
- Маған сенің көздерің керек, - дейді қолбасшы, - екі көзіңді ойып аламын.
- Айтқаныңыз болсын, көзімді тезірек ал да, досымды босат, - дейді.
Жігіт бұл сыннан толқусыз өтеді. Әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын артып, күлімдеп келе жатады.
Мұны көрген қолбасшы:
- Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп, қапыда бас салған жағдайда болмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғады,- деп түйеді. Сөйтіп өз әскеріне шегінуге бұйрық береді.
( "Ел аузынан" кітабынан. )
Ит өршелене үрді
Ит басын алдыңғы аяқтарына салып жатып алып өршелене үрді. Оның тура алдында дуалға жабысып, бүрісіп мысықтың баласы отыр. Ол жалынышты мияулайды. Ал оның маңында, талас немен тынар екен дегендей, оны қызықтап екі бала тұр. Бір әйел мұны терезеден көре сала, далаға жүгіріп шықты. Ол итті қуып жіберді де, балаларға кейін:
- Ұялсандаршы, - деді.
- Неменеге ұяламыз. Біз ештеңе істеген жоқпыз, деді балалар таңданып.
- Сол ештеңе істемегендерің ұят-ақ,- деді ызалы : әйел
(В.Осеева)
Сұрақ-тасырма: Әйел неге кейіді, балалар өздерін неге кінәлі санамады, олардың бұл ісі жөнінде сендер не дер едіңдер?
Екі батыр
Ертеде қазақ жерін жоңғарлар басып алыпты. Қазақтың Қожан, Мәнжі деген қос батыры қол жинап, туған елін азат етуге жорыққа шығыпты. Олар жауларын тысқырып отырып, Бүркітші тауына жетіпті. Осы арада екі жақтың да әскері шатырларын тігіп, дем алуға жатыпты.
Жоңғарлардың бір шалы қазақтарға елшілікке келіпті. Ойы - қазақ батырларын өз көзімен көру.
Мәнжі батыр Қожанды аға тұтып, атын ерттеп жүретін көрінеді. Шал келген кезде сол әдетімен ат ерттеп жатыпты.
- Сен кім боласың? - деп сұрапты одан шал.
- Мен Қожан батырдың ат ерттеушісі боламын, депті Мәнжі.
- Ендеше, сен маған Қожанды көрсетші,- депті елші.
- Мен қазір қазанаспаға бір-екі тас әкеле қояйын, сосын жолықтырармын, - деп, Мәнжі төбеге қарай кетіпті. Іле-шала оралыпты. Екі қолтығына кебежедей екі тасы бар батырды көрген елші асығыс атқа қоныпты. Қолбасына барып, көргенін айтыпты.
"Егер атқосшысы екі кебежедей тас көтерсе, батыры қандай болмақ?" деп жау сол түні қашып кетіпті.
Не тәтті?
Жиренше шешен бір күні жолда келе жатып алдынан қарсы кездескен бір баладан:
- Дүниеде бәрінен не тәтті, балам? - деп сұрайды.
Сонда бала:
- Бал тәтті, - деген екен.
- Ал жұмсақта не жұмсақ?
- Мамық жұмсақ,
- Қаттыда не қатты?
- Тас қатты.
Бұл баланың жауабын тыңдап тұрған екінші бала:
- Осы сұрақтарға мен жауап беріп көрейін, рұхсат етсеніз, - деп өтінеді.
Сұрақ-тапсырма: екінші бала бұл сұрақтарға қалай жауап берді деп ойлайсыңдар?
Жауап:
-
Ал айта ғой, балам, не тәтті?- дейді Жиренше шешен.
-
Ананың сүті, - деп жауап беріпті бала.
-
Не жұмсақ?
-
Анамның алақаны!
-
Ал енді не қатты? - деп сұрағанда.
-
Атаның жүрегі, - деген екен.
Шешен екінші баланың жауабына риза болып, батасын беріпті.
("Ел аузынан" кітабынан)
Отыншы
Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кедейлерге тамақ, киім беріпті. Ол: "Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі де бар шығар?",- деп, даладан іздеп келе жатса, үстіне қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен.
Атымтай соған келіп: "Бүгін Атымтай кедейлерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?",- дегенде әлгі адам: "Жоқ, маған Атымтайдың мырзалығының кажеті жоқ…", - депті.
Сұрақ-тапсырма: Отыншы Атымтайдың шақыруын неге қабыл алмады?
Отыншы кедейдің жауабы:
… Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Адал еңбекпен бала-шағасын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем етуге әлі жетіп, соған әдеттенген адамға Атымтайдың қажеті жоқ, сондықтан бармаймын, - депті.
(Шәкәрім Құдайбердіұлы)
Әнет баба
Алдына сәлем бере және елді ынтымақтастыру жөнінде келген Төлеге Әнет баба садақтың алты оғын біртіндеп сындырып, екі бүктеп, он екі шыбық етіп ортасынан буып:
- Төле шырағым, мынаны енді сындырып корші, дейді. Төле бірден бір бума шыбықты қалай сындырсын. Оны Әнет бабаға кайтарып:
- Айып етпеңіз, бұл жұмбағыңызды түсінбедім, Әнет баба, - депті.
Сұрақ-тапсырма: Мүмкін бұл жұмбақтың шешуін сіз түсіндіріп берерсіз.
Жауап: Сонда Әнет баба мынадай өсиет айтыпты:
-Төле жан, ешқашан өзімшіл болма. Көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тыңдасаң, көп те сенің дегеніңді орындайды. Көп болсаңдар, өзара ынтымақты болсаңдар, сендердің белдеріңді де ешкім сындыра алмайды. Ал әрқайсың жеке-дара болып, ынтымақтарың жараспайтын болса, мына жеке шыбықтарды сындырған секілді әркім-ақ бірліктеріңді бұзып, берекелеріңді кетіреді.
Петр патшаның жазалануы
Ресей Балтық бойындағы Риганы жаулап алады. Петр патша князь Меньшиков пен граф Шереметьевке сый ретінде жер бөліп береді. Олардың үлесіне тиген жер Рига қаласының қарапайым адамына тиесілі екен. Ол патшаға арызданып барады.
-
Жерімді біреу тартып алғандай не күнәм бар? деп.
Оның арызын тыңдап тұрып патша:
-
Арызың дұрыс болса, қазыларға өтініш ет, - дейді.
Кісі қазыларға арызданып барады. Олар арыздың анық-қанығына жету мақсатында Меньшиковты шақыртып, жауап алады, Ол:
-
Жерді маған патшаның өзі сыйға берген, - дейді. Қазылар патшаның өзінен жауап алу үшін оған да хабар береді.
Патша болған істі мойындайды.
Қазылар мынандай үкім шығарады: "Петр патшаның мұнысы дұрыс емес, нахақ біреудің жерін сыйға берген, сондықтан жер иесіне қайтарылуы тиіс".
Патша бұл үкімді естіген соң, орнынан тұрып қазылардың бетінен сүйіпті.
- Әділдіктеріңе ризамын, заңға патша мен бағынғанда, басқаларға не жосық, - депті.
(Ы.Алтынсариннен)
Жомарт
Атымтай Жомарт өзі есепсіз бай бола тұра күн сайын бір мезгіл жұмыс киімін киіп алып, от жарып, шоп тасиды екен. Бір күні жақын досы:
- Жомарт, құдай берген дәулетіңіз бар. Солай болса да өз басыңызды кемшілікке салып, түгі жоқ жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мәнісі не? деп сұрапты.
Сонда Атымтай:
- Оған түрлі себеп бар: біріншісі, жүйрік ат, асыл киім, асқан дәулетті өне бойы әдет етсең көңілге жел кіргізеді. Сол желікпен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, кем-кепшікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншіден, бар бола тұрып, мұным кемшілік емес, тегін біліп, кейінгілер ғибрат алсын деймін. Үшіншіден, күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сіңеді. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі таңдайдан кетпейді екен. Төртіншіден, Алла тағаланың берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне кінәлі болармын деп қорқамын, - деді.
(Ы. Алтинсариннен)
Сұрақ-тапсырма: Өзің өскенде дәулетті болсаң, қандай боламын деп ойлайсың?
Білгеннің пайдасы
Қарт ұста күні-түні тынбай жұмыс істеп отырады екен. Оған көрші Броун деген байдың баласы күнде ұстаның ісін қызықтап жүреді екен. Бір күні ұста балаға:
- Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсеңші. Кім біледі, бір күндері сол өнердің өзі кәдеңе асар, - дейді. Бала үйренсем үйренейін деп, шеге соғып жүріп, бірнеше уақыттан соң, бұл өнерді жете меңгеріп алады. Бірнеше жыл өтіпті. Елде жаугершілік басталып, Броунның мал-мүлкі таланып, тақыр кедейге айналыпты. Үй-ішімен қашып басқа қалаға паналапты. Ішерге ас, киерге киім таба алмай сенделіп жүргенде, сол қаланың әкімі:
- Әскерге көп етік қажет, оған шеге жетіспеуде. Шеге соғатын шеберлер келіп, даярлауға көмектессін, - деп жарлық етеді. Броунның баласы еріккеннен үйренген өнері есіне түсіп, қала әкіміне барып жолығады. Оның ұсталығын көрген әкімшілік жұмысқа қабылдайды. Ол өз өнерін арқасында көп мал тауып, өмірінің соңына дейін кемтарлық көрмепті.
(Ы. Алтинсариннен)
Сұрақ-тапсырма: Қандай ой қортындысын жасауға болады?
Жауап: Үйрен де жирен. Жігіт сегіз қырлы, бірсырлы болсын.
Бала Сырым
Сырым кішкене бала кезінде далада бір қарт кездесіп, оған сәлем беріпті. Сонда қарт:
- Балам, амансың ба? Кімнің баласысың? - депті.
- Сіздің балаңызбын, - депті Сырым. Қарт тағы сұрапты. Сырым әлгі сөзді қайталапты. Үшке дейін сұрапты, Сырым сол жауабын үшке дейін қайталапты. Содан соң қарт:
- Неге менің балам боласың?- депті.
Сұрақ-тапсырма: Сырымның "Сіздің балаңызбын" деуінің сыры неде?
Жауап: Сырым:
- Неге сіздің балаңыз болмаймын, өзіңіз емес пе "Балам, аман ба?" деген, - депті.
Қасқыр мен ит
Бір күні қасқыр аштан бұралып келе жатып түгі жылтыраған итті кезіктіреді. "Сен қайдан тойып жүрсің?", - деп сұрайды қасқыр одан. Ит:
- Қайдан тойдың дейтінің бар ма, қожайыным сүйекті шала мүжиді де лақтырып жібереді, көжесінің жартысын төге салады, - депті.
- Ендеше мені баста сол жаққа, - дейді қасқыр. Ауылдың тұсына таман жақындағанда иттің қажалған мойнына көзі түсіп кетіп қасқыр:
- Мынау неден болған? - дейді. Ит тұрып: Неден дерің бар ма, бұл қарғыбаудың ізі ғой, дейді.
Сонда қасқыр:
-
Бүйтіп тамақ тойдырғаннан азаттығым жақсы, деп, қасқыр жөніне кеткен екен.
Сұрақ-тапсырма: Қайсысынікі дұрыс деп ойлайсындар?
Ақылды ит
Біз отбасымызбен Ашхабат қаласында жұмыс істеп жүрген болатынбыз. Сол күні жұмыстан кеш қайтқанбыз. Бірден ұйықтап кеткен жоқ болатынбыз. Әйелім кітап оқып, мен стол басында қағаздарымды ақтарып отырған болатынмын. Ал нәресте қызымыз бесікте жатқан. Кенет итіміз жатқан жерінен атып тұрып, қызымызды көйлегінен тістеп есікке қарай ұмтылды. Бұрын-сонды иттің мұндайын өмірі көріп-білмеген болатынбыз. Құтырған екен деп ойладық. Мен мылтығымды ала ұмтылдым. Әйелім екеуміз жүгіре басып, далаға шықтық, Сол-ақ екен, артымызға қарасақ біз отырған үйдің шаңырағы ортаға түсіпті. Біздің көзімізше бүкіл қаланың жер сілкінуден тас-талқаны шығып, құламаған үй қалмады. Осылайша итіміз үй-ішімізбен төніп келген ажалдан аман алып қалды.
Жоспар құрып, мазмұндап шығыңыз. Ой қорытындысын жасаңыз.
Жауап: Ит - жеті қазынаның бірі.
Жұмбақ сөз
Ұзақ жолдан шаршап келе жатқан жігіт бір ауылға келіп түседі. Үй иесі қарт кісі екен. Сәлем беріп үйге кірген жігітке ақсақал:
- Сәлемшіл болсаң, жоғары шық, мысығым!- дейді.
Жігіт іштей "мысығым" несі деп ойлайды. Жол қағып шаршап келген ол қисайып көзі ілініп кетеді.
Сүт пісірім уақыт шамасында әлгі қария:
-
Тұр, арыстаным, тамақ дайын болды, дейді жігітке.
Жолаушы бұл сөзіне де таңданып, еш нәрсе демей, тамақтанып болған соң аттануға әзірленеді. Кетерінде ақсақал жігітке:
- Жолың болсын, жаршым!- дейді.
Сұрақ-тапсырма: Қарияның жұмбақ сөздеріне (мысығым, арыстаным, жаршым) түсіктеме беріңдер.
Жауап: Қазақта "Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң қонақ иесі ұялады" деген мақал бар. Тосын қонақ алғаш рет үйге келгенде "Қалай қарсы алар екен?" деп жалтақтай келеді. Ақсақалдың "Жоғары шық, мысығым" деуі содан. Қонақ келген соң үй иесі "Қонақтың көңілін, жай-күйін қалай тапсам екен?" дейді. Қарияның "Тұр,арыстаным" дегені содан. Ал үшіншісі, қонақ аттанып кеткен соң, көрген сый-сыйапатын қай жерде, қалай айтса да өз еркінде. Үй иесінің "Жолың болсын, жаршым" деуі сондықтан.
Ит пен мысық неге араз?
Ертеде ит пен мысық өте тату болған екен. Екеуін де адам асырап, үйінде ұстапты. Күндердің бір күнінде бір адамның май сіңген тері дорбаға салып сақтап жүрген алтыны жоғалады. Қанша іздесе де табылмайды. Алтыннан айырылған адамның күйі тайып, жүдеулене бастайды. Тапқан-таянғаны ішіп-жеуге жетпеуге айналады. Мұны көрген ит пен мысық қатты қынжылып, қожасының жоғалған алтынын іздеуге кіріседі. Екеуі ой-қырды аралап, бармаған тауы, баспаған жері қалмайды. Ақыры титықтап, үйлеріне қайтады.
Ит пен мысық ұнжырғасы түсіп, үнсіз келе жатқанда, кенет қожасының май сіңген дорбасының иісі мұрындарын жарып жібере жаздайды. Қуанғаннан ит қыңсылап, мысық мияулап жібереді.
Ит айнала жүгіріп, тіміскілеп, ақыры бір тышқанның інін тырналап қаза бастайды. Мысықтың қуанышы қойнына сыймай, аңдып қарап отыра береді. Ит көп азаптанып, тышқан інінің түбіне жетсе, алтын салынған майлы дорбаны тышқан тығып қойған екен. Ит:
- Мынаны көрдің бе? деп алтынды мысықтың алдына лақтырып тастайды. Мысық сол кезде иесіне жағынбақ болып, иттен бұрын алтынды ала қашады. Мысық үй-үйдің төбесімен қарғи жүгіріп, иесіне жетеді де, алтынды тастай салады. Мұны көріп, қожасы қуанып кетеді. Мысықты бауырына басып, аймалай береді. Сөйтіп тұрғанда қара терге түсіп, сабалақ-сабалақ болып, арсаландап ит те жетеді. Келген бойда қожасының аяғына оралып, қыңсылай еркелейді. Ештеңені түсінбеген ол итін теуіп, жекіріп қуып тастайды. Жәбір көрген ит ызаланып, мысыққа тап береді. Қожасы арашалап, екеуін зорға айырып алады да, мысықты үйіне алып кетеді. Сол күннен бастап итті үйіне жолатпайды. Мінеки, содан бері ит пен мысық бірі мен бірі араз болып қалыпты. Мысықтың тышқанға өштесуі де сол күннен басталыпты.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
мұғалімдерге көмек мазмұндама

шағым қалдыра аласыз