мұғалімдерге көмек мазмұндама

Тақырып бойынша 21 материал табылды

мұғалімдерге көмек мазмұндама

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдерге көмек мазмұндама
Материалдың қысқаша нұсқасы

Кіріспе


"Мектепте қазақ тілі мен көркем әдебиет шығармаларын оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі - жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету",- деп көрсеткен қазақ тілі бағдарламасының түсінік хатында.

Тіл дамыту - баланың ойлау процесімен байланысты әрі психологиялық, әрі тіл білімінің зерттеу обьектілерінің бірінен саналады. "Баланың тілін дамыту жеке сөздердің басын біріктіріп, сауатты сөйлеуге баулу - психология мен тіл ғылымының заңдылықтарымен тығыз байланысты құбылыс".

Мектепте балалардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру тіл сабақтарының негізінде қалыптасады, яғни оқушылар оқу барысында ойлау дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді. Ойлауды дамытудың негізгі құралы - тіл.

Бала ойы тіл арқылы, тілдегі ұғым атауы болған сөздер арқылы айтылады да материалдық формаға енеді. Ал ой толық сөз күйінде білдіргенде ғана айқындалып, айшықтала түседі. Түрлі айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен қасиеттері, адамдардың өзара қарым-қатынасының санадағы бейнелері болып табылатын ойлау формаларын бейнелейтін материалдық құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, оқушының тілі байыған сайын оның ойы да дамиды. Керісінше ойы даму нәтижесінде тілі де байып, шұрайлана түседі деген сөз.

Ойды екінші біреуге түсінікті етіп жазып, не сөйлеп жеткізу үшін оқушының бай сөздік қоры, жақсы тыңдай білуі, ең қажетті ойды дәл таба білуі, екінші біреудің ойын өз сөзімен жеткізу дағдысы, пікірін нақты фактілер арқылы дәлелдей алуы тиіс. Бұл үшін оқушыларды белгілі бір жүйемен, жоспар жасап сөйлеуге қалыптастырып, тезис, конспект жазуға баулып, айтылып отырған ойдың негізгі желісін өз сөздерімен жазып, не айтып берулеріне жаттықтыру, яғни байланыстырып сөйлеуді дамыту қажет.

Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге қалыптастыру қазақ тілі пәнінің ғана емес, әрбір сыныптарда өткізілетін әдебиет сабақтарының да негізгі обьектілерінің бірі болып саналады. Сол себепті байланыстырып сөйлеуді дамыту – оқушы тілін дамытудың мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыруды, сауатты жазуға баулуды, жұрт алдына қысылмай еркін сөйлей білуге, мәтінді дұрыс оқып, мазмұнын толық түсіне білуге үйретуді қамтиды. Бұл сияқты жұмыстардың түрлері сөз жоқ, оқушының ой-өрісін, тілін дамытудағы басты мәселелер болып табылады. Олай болса, тіл дамыту мәселесінің обьектісін, әдістемесін анықтауда тіл мен әдебиет пәндері бірлікте қарастырылады. Газет-журналдар мен кітаппен жүмыс, мәтінді талдау, оларға жоспар түзгізу, мінездеме беру,табиғат көріністерін суреттеу, суретпен жұмыс істеу, мазмұндама және шығарма жаздыру т.б. сияқты мәселелерде тіл мен әдебиеттің заңдылықтарын қатар пайдаланып отыру негізгі жұмыс түрлері болып табылады.

Біз бұл еңбегімізде жазба жұмыстарының оның ішінде мазмұндама жаздыру мәселесін сөз етпекпіз, көңіл аудармақпыз.

Мазмұндама - дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуға тиіс. 1/ оқушының өз ойы болуы; 2/ өз жанынан қосымша оқиға қосуы; 3/ өздігінен қортынды жасау; 4/ мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасындағы мәтінді ІII жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау; 5/ қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту; 6/ кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;

7/ мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып мазмұндау; 8/ берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.

Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.

Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).

Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:

1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;

2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;

3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кино-фильмдері;

4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;

5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;

6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;

7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;

8) жабайы аңдар және құстар;

9) түрлі кәсіп жайында;

10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын- жазушылары, билері мен батырлары т.б.

Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, "Күз", "Қыс", "Көктем" т.б. тақырыптар. Сөз жоқ, әр сыныпта шәкірттің жас ерекшеліктеріне, біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-сыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.

Мұғалім оқушының таным процестерін (ойлау, қабылдау, ес, қиял т.б.) дамытуға игі ықпал ететін мазмұндама мәтіндерін таңдап ұсынғаны мақұл.

Жеткіншек жастағы оқушылардың тілін, байланыстырып сөйлеуін дамытуда әсіресе мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін сөз тіркестері мен сөйлем синтаксистерін меңгерту жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрлерінде сөйлемдер құрастырумен шектелмейді, сонымен қатар тұтас мәтін түзулері тиіс.

Оқушыға мазмұндама мен шығарма жаздырғымыз келсе, онда мәтін жайында түсінік берілуі қажет. Олай етпейінше күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мәтіннің түрлері, оның негізгі белгілері, жасалу жолы, құрамына енетін сөйлемдер мен қайырымдардың (абзац) өзара байланысы және оның стилі жайында мағлұмат берілсе, оқушылар шығарма (мазмұндама) композициясын дұрыс құрып, айтайын деген ойын жүйелі жеткізген болар еді.

Жеткіншек жастағы оқушыларға мәтін жайында мәліметтер беруді неден бастаған жөн? Ең алғаш мәтін жайлы түсінікті теориялық жақтарын практикамен ұштастыра түсіндірген мақұл.

Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер бейнелі сөздер автоматтанып оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады.

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:








I. Дайын мәтін бойынша мазмұндама.

II. Сурет бойынша мазмұндама.

III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.


  1. Дайын мәтін бойынша мазмұндама


Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:

а) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.

ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, бірақ баяндалу формасын өзгертіп баяндау.

б) Қысқарта баяндау.

в) Толықтырып мазмұндау.


a) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. Бұл дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па? Мұны әр түрлі түсінуге болады. Бірінде оқушы мәтін мазмұнын терең меңгеріп, ондағы кейбір сюжеттің, көріністің, өзіне үнаған сөз үйірімінің бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбір оқушы мәтін мазмұнын өз сөзімен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келіп соғады. Бірінші жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба құп. Ал өткінші, тек баға алу үшін бір-ақ рет пайдаланып, кейіннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны. Тәжірибелі ұстаздардың мазмұндама мәтінін дәл қайталамай оқушы өз сөздерімен беруді тіл дамытуда анағұрлым нәтижелі екенін сөз етеді.

Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдерге мына мәселелерді ескергенін жөн көреді: мазмұндама мәтінінің мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтіндегі барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.

Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандайда болмасын әсерлі шығарма ұсынылғанмен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезімін тудыра алмас еді. Өйткені мазмұндама мәтіндерін оқушыларға оқып беруде мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болуының маңызы зор. Бұл жөнінде орыстың ұлы педагoгi К.Д.Ушинский: «... Бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын мүғалім табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, алайда зейіні жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет", - дейді .

Бала психологиясын жете білетін А.С.Макаренко да балалармен қарым-қатынаста дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ол балаларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болу керек екенін айтады. Сондықтан мазмұндама мәтінін оқығанда мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн. Мәнерлеп оқуда екі түрлі талап қойылады. Олар - физикалық және психикалық. Біріншіден, оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау болса, ал екіншісіне, оқудың ритімін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау,дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б.жатады.

Міне сондықтан мазмұндама мәтінін мүғалімнің өзі оқып берген жөн. Одан кейін мазмұны айтылып, мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестері (фразеологизмдер) түсіндіріледі. Мазмұндау жоспары түзіледі. (Алғашқы кезде мұғалімнің көмегімен, кейіннен оқушылар өз беттерінше жоспар құрады).

Жоспар жазылмақшы мәтіннің мазмұнына байланысты жай және күрделі болып келеді. Мәтінге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегеніміз – мәтін мазмұнын бөлім-бөлімге бөліп беру деген сөз. Мәтінді жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның іс-әрекеттің орындарын алмастырып алмау үшін қажет. Жоспарлау мәтіндегі әңгіме болып отырған негізгі мәселені тани білуге баулиды. Мәтінге жоспар жасау әдетте, жай жоспар, күрделі жоспар жолымен жүзеге асырылады. Мысалы, мына бір мәтінді алайық.



Құмырсқаның қанағаты


Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатады. Ол құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ. Бір тобы індерін кеңейтіп жатыр. Екінші тобы үлкен құртты сүйреп келеді. Енді біреулері күзетте түр.

Ғұлама бір құмырсқаны ұстап алып:

- Сенің басың неге үлкен?- деп сүрайды.

- Ақылым көп!

Кұйрығың неге үлкен?

- Қайратым көп! Өзімнен қырық есе жүкті көтере аламын, - дейді.

- Ал белің неге жіңішке?

- Қанағатшылмын!

- Жарайды, ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетті. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?

Бір жылға жеткізер едім, - дейді құмырсқа.

Ғұлама құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды.

Бір жыл өткен соң сауытты ашып қараса, құмырсқа қимылсыз жатыр екен. Қасындағы бидайдың жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін құмырсқа орнынан тұрады.

-Бір жылға жетеді деп едің. Жыл өтті. Ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай деп сұрайды ғұлама.

- Иә, ол дәнді мен бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен біржылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, деп жауап беріпті құмырсқа

Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?

Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, депті құмырсқа.


Келтірілген мәтінге құрылған жай жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұламаның құмырсқаның илеуіне тап болуы.

2. Ғұлама мен құмысқаның өзара әңгімесі.

3. Ғұлама құмырсқаның қанағатын қалай сынады?

4. Құмырсқа қанағатшыл екенін қалай дәлелдеді?

Күрделі жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұлама тап болған құмырсқа илеуі.

a) індерін кеңейту;

ә) азық-түлік әзірлеу;

б) күзетте түру.

2. Ғұлама мен құмырсқа арасында болған әңгіме.

a) басының үлкен болу себебі;

ә) құйрығының үлкен болу себебі;

б) белінің жіңішке болу себебі.

3. Ғұламаның құмырсқаны сынауы.

a) сауытқа салу;

ә) бір жыл өткен соң;

б) құмырсқаның халі.

4. Құмырсқаның қанағатшыл екенін дәлелдеуі.

a) жарты дән;

ә) төрт-бес жылға жеткізу.

5. Қортынды

a) қанағатшыл болу - тамаша қасиет.

ә) Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау. Мұнда 1 жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. Мысалы:



Шын достық


Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.

Досымыз екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.

Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.

- Менікін құйыңыз, - дедім.

Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып, Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды. Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналған үміт оты қайта маздап жана бастады.

Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.


Мұғалім бұл мәтінмен таныстырмас бұрын оқушылардың жолдастық, достық, адамгершілік және жақсылық түсініктерін анықтап, олар жайында пікір алысады. Ұстаз мәтінді мәнерлеп оқып, мағынасы түсініксіз сөздерді (сәулелі болашақ, аузын арандай ашып, ауру меңдеп, дауа, сөнуге айналған үміт т.б. ) синонимдер арқылы түсіндіріледі. Оқушылар жоспар түзеді. Алайда жоспар бірінші жақ формасында емес, III жақта құрылады.


Мазмұндау жоспары

1. Білім жолында

2. Өткен өмір елестері

3. Досымбектің науқастануы

4. Қан беру

5. Шын достық

Әр сұрақ жеке-жеке талқыланып, жауаптар алынады. Ұстаз оқушыларға мәтіннің баяндалу формасының өзгеру заңдылықтарын нақтылы түсіндіріп, оның бұлжытпай сақталуын талап етеді.

Жоғарыдағы мәтін III жақ формасында мына үлгідей болуы мүмкін.

Шын достық


Досымбек пен Сәрсен екеуі Қызылжар педтехникумында оқып жүргенде танысты. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ оларды қол бұлғап шақырғандай болады.

Екі дос ылғи бір жатып, бір тұратын. Бір үзім нанға шейін бөліп жейтін, Бір анадан егіз туғандай. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сәрсенге сұм ажал аузын арандай ашып, досын алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

- Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрады. Бір күні Сәрсен емдеуші дәрігерден:

Бір ғана дауа: таза қан құю, деді дәрігер.

- Менікін құйыныз, - деді Сәрсен.


б)Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі түрі ықшамдап мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннің айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып ең негізгі, түпкі ойды жазады.

Қысқарта, ықшамдап мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады. Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып, қажетті материалды жинақтауға, көп ойды аз сөзбен беруге, пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Ұсынылып отырылған мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап, тандап қолдануға, сөйлемді жинақы құруға, аз сөзбен көп мағына беруге, тілін ширатуға септігін тигізеді.

в) Дайын мәтін бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі бір түрі толықтырып мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап мазмұндауға керісінше берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі.Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.

Жұмыстың бұл түрінде бір әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмысты оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.

Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. Ұстаздардың үнемі есінде болатын мәселе:оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұны олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген, етене таныс зат, құбылыс, оқуға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жүмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.

Жұмыстың бұл түрін қалай ұйымдастыруға болатынына мысал келтірейік.

Мұғалім ұсынылған мәтіннің қысқаша түрін тақтаға жазып қояды.

Мысалы:

Көлеңкеде жеті-сегіз жасар бала ұйықтап жатыр. Улы жылан жақындап келеді. Бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Екі жүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.

Мәтінді талдамас бұрын, оқушылардың улы жылан мен құстар жөнінде не білетінін сұрап, олар туралы тереңірек ақпар беріледі.

Мұғалім тақтада жазылған мәтінді таныстырып болған соң:

- Балалар, бұл жұмбақ сөйлемдер не жайында хабардар етіп тұр?

- Бұл сөйлемдер кішкене құстың баланы ажалдан сақтап қалғаны жөнінде сөз болады.

Дұрыс. Балаға ат қойыңдар.

- Болат, Қанат, Сәрсен.

- Дұрыс. Болат деп атайық.

- Бірінші сөйлемді қалай толықтыруға болады?

- Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр.

- Улы жылан кімге жақындап келеді?

Болатқа улы жылан жақындап келеді.

Құрылған сөйлемдердің екеуінде де Болат сөзі қайталанғандықтан, сөйлемдердің көркемдік ерекшелігіне нұқсан келеді. Сондықтан екінші сөйлемдегі Болат сөзін басқа сөзбен алмастырыңдар.

- Балаға, оған, жеткіншекке т.б.

- Дұрыс, бұл жерде оған деген сөзді алайық. Яғни екінші сөйлем "Оған улы жылан жақындап келеді" десек болады. Балалар, жылан тілін байқағандарың бар ма?

- Иә, жылан бір нәрсеге жақындағанда айыр тілін сумаңдатады.

- Дұрыс. Онда екінші сөйлемді "Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді" деп түзетуге болады. Енді үшінші сөйлемді толықтырайық. Құс қайдан шыға келді? Қайда қонды?

- Қайдан келгені белгісіз, жылан мен Болаттың арасына түсті.

- Дұрыс. Бұл сөйлемді "Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді…" Енді жылан мен құстың әрекеттерін сипаттаңдар.

Оқушылар бұл жөнінде әр түрлі ойларын білдіреді. Ең таңдаулы сөйлемдер іріктеп алынады.

Мысалы: Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып,оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір Тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.

Мұғалім кейінгі сөйлемдерді толыққанды етіп түздіру мақсатында мынандай сұрақтар беруіне болады.

- Сәрсен оянған соң нені көрді? Құс не үшін мерт болды? Бала қандай күйде болды?

Оқушылар берілген сұрақтарға өздерінің таңдаған сөйлемдерін ұсынады. Мұғалім ең сәтті сөйлемдерді іріктеп, тақтаға жазып отырады.

Әңгіме соңы былай аяқталуы мүмкін.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына аңырап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мұғалім түзілген мәтіннің толықтырылған вариантымен таныстырып, оқушыларға мазмұндаманың тақырыбын қою тапсырады. Балалар бірнеше ұсыныстары саралай отырып "Табиғатты сүй" тақырыбын таңдайды.




Табиғатты сүй


Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр. Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді. Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мазмұндамаға сынып ұжымы болып жоспар құрылады.

Мазмұндау жоспары

Ұйқыдағы бала

Жылан мен құстың айқасы

Таңырқаған бала

Адамзаттың міндеті


Мұғалім:

  • Балалар, түзілген жоспардағы "Адамзаттың міндеті" деген бөлігіне өз беттеріңше жауап жазуларың тиіс. Өйткені онсыз тақырып толық қанды ашылмайды.

Табиғат - баршамыздың анамыз. Оны қорғау - біздің парызымыз. Әрқайсысың өз міндеттеріңді айқындап, не істеу керектігі жайында ойларыңды жазыңдар.

Қазақ халқының табиғатқа байланысты салт-дәстүрі туралы не білесіндер?- деп берілген мазмұн мәтінін толықтырып жазу тапсырылады.

Оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.



II. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру


Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз? мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада даяр мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып мазмұндама жазу оқушылардың ойы мен тілін дамытып қоймай, оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.

Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар;

1.Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама.

2.Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.

Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіріп те жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұндай мазмұндама түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.

a) сурет бойынша мазмұндаманы мына жүйеде жүргізуге болады.

Алдын ала дайындалған қыс келбеті бейнеленген суретті іліп, сұрақ-жауап тәсілі бойынша дайындық жұмысы жүргізіледі.

1.Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны немен дәлелдейсіңдер?

2. Суреттің алдыңғы жағында кімдер көрінеді? Олар не істеп жүр?

3. Балалардың көңіл-күйлері қандай?

4. Ауа райы қандай деп ойлайсыңдар?

Суретке қандай ат қоямыз?

Қандай ой қортындысын жасаймыз?

Суреттің мазмұны жоғарыдағы жоспар бойынша талқыланып, сұрақтарға дұрыс берілген жауаптар іріктеледі.

Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді мәнерлеп оқып шығады.



Сырғанақта


Қыс. Жексенбі күні болатын. Асан таңертең тұрып, терезеден сыртқа көз тастаса, түнде үлпілдеген ақша қар жауыпты. Көше де, үйлердің шатырлары да, көк тіреген биік ақ қайыңдар да ақ мамыққа оранған. Жаңа жауған аппақ қар асыл тастай жалт-жұлт етеді. Аспан шайдай ашық, айнала мүлгіп тұр. Үп еткен жел жоқ, тып-тыныш. Асан таңертеңгі тамағын ішіп, сыртқа шықты.

Балалар сағат он бір кезінде ауыл маңындағы өзенге жинала бастады. Олар өзеннің биіктеу жағына қар үйіп,төбешік жасаған болатын. Сырғанақ тебуге келе жатқан балаларға Асан да ілесті. Барлығы жылы киінген. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Қыс қызығына ертерек жеткісі келіп, асыға басып келеді. Бәрі көңілді.

Өзен жағасы. Балалар беттерін аязға сүйдіріп, ойын қызығына берілген. Бірі төбеден етекке қарап шанамен зуласа, кейбірі өзенді тұмшалаған көк мұз үстінде коньки теуіп зырлайды.

Төрт бала қардан Аққала соғып, оған тезектен қара қас, сәбізден қызыл мұрын жасап әлектенуде. Қайдан әкелгені белгісіз басына түбі тесік шелек кигізіпті. Сонысына қарамай Аққала өте көңілді. Екі езуі құлағына жетіп, қыс қызығына түскен балаларға тамашалай қарап тұрған сыңай танытады. Сонымен бірге ол: "Балалар, ойынға беріліп, ертеңгі сабақтарыңды ұмытып кетпеңдер!" деп тұрғандай.

Табиғат ананың көңілсіз кезеңі жоқ. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы мен қызығы бар.


Мұғалім мазмұндама мәтінін оқып болғаннан соң, әрбір қайырым суретпен салыстырылады. Балаларға мағынасы түсініксіз деген сөздер мен сөз тіркестері синоним сөздер арқылы түсіндіріледі. Кейбір сөздердің орфографиясын есте сақтау қажеттілігі ескеріліп, тақтаға жазылады.

Ұжым болып мазмұндаманың жоспары түзіледі.

Жоспардың үлгісі

1. Таңертеңгі табиғат көрінісі.

2. Өзен жағасында.

3. Балалардың қыс қызығы.

4. Балалар соққан аққала

5. Қортынды.


Мәтін мазмұнын құрылған жоспар мен суретті салыстыра отырып бірнеше оқушы айтып шығады.

Мұғалім қортынды жасайды. Балалар мазмұндама жазуға кіріседі.

ә) сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыру.

Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін алдын ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.

Мұғалім дайын мәтіннің мазмұнын жоғарыдағы біз ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға меңгертеді.

Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырылған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз варианттарын айтып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең басты ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады. Яғни шәкірттердегі ойлаудың абстаракт- логикалық түрінің дамуына игі ықпал етеді.

Мысалы: 5-сыныпта Ж.Садықовтың "Түлкі" әңгімесі негізінде салынған сурет бойынша өткізілген мазмұндаманы келтірейік.





Түлкі


Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кіріпті.

Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін алаңдата берді. Бірақ саңылау құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.

Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қоранын ішіне оп-оңай секіріп түсті.

Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.

Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.

Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді.

Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін", деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.

Мұғалім мазмұндама мәтінін дауыстап оқып шығып, әңгіме мазмұнын оқушыларға талқылатады. Оқиға желісі толық игертіліп болған соң, мұғалім:

- Балалар, бұл әңгіме бойынша қанша сурет салуға болады?

Мәтін бойынша неше сурет салуға болатындығы, әр суретте нелер бейнелену керектігі жөнінде оқушылардың ең таңдаулы ұсыныстары іріктеледі.

Балалардың ұсыныстары негізінде бұл әңгіме бойынша бес сурет салуға болатындығы анықталады.

Оларға мынандай тақырыптар қойылды.

Тапсырма: Мәтінді өздерің аяқтап шығыңдар.


1. Түлкі қора төбесінде.

2. Түлкі қора ішінде.

3. Өлген түлкі.

4. Алданған Айша апай.

5. Қашқан түлкі.

Ұжымдық талқылаудың негізінде сурет саны белгіленіп, мәтіннің мазмұнына сай олардың әрқайсысына нелер бейнелену қажеттігі анықталады.

Мұғалім алдын ала дайындалған суреттерді бірінен соң бірін тақтаға іліп, әр сурет бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.

Талдау соңында әңгіме мәтіні мен суреттер салыстырылып бірнеше оқушы баяндап шығады.

Мазмұндаманың жоспарын құрмаса да болады. Өйткені әрбір суреттің тақырыбы жоспар есебінде жүреді.

Мұғалім қортынды жасайды. Оқушылар әңгіме мазмұны мен сюжетті суреттерді негізге ала отырып, мазмұндама жазады.




III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама


Оқушының өмірге белсенді поэзиясын оның адамгершілік мінез-құлқының қажетті жағдайына айналатындай етіп қалай қалыптастыру керек? Жеке бастың белсенділігінің қандай қырларын осы процеспен байланыстыруға болады? Бұл сұраққа танымал ғалым Т.И.Шамова оқушының танымдық әрекеті: алдымен қиял мен ойлау белсенділігіне сыртқы әсер ішкі белсенділіктің нығаюына себепші, оның өтуіне бақылау жасаушы орта болып саналатындығына байланысты деп жауап береді. Әрине, аталған әрекеттің жемісті болуына септесетін фактор бұл ғана емес, өз бетінше қиялдау мен ойлауды да белсенді ету керек. Академик А.Д.Александров бұл орайда мектеп балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше ойлауға да тәрбиелейтіндігін, ал мұның өзі қоғамның саналы мүшесіне керек қасиет екендігін атап айтады. Бұл тұжырымды академик М.А.Лавлернтьев те қостайды.

Оқушының өз бетінше ойлауын проблемалы ситуация туғызу негізінде, шығармашылық ойлау оқушылардың кез келген танымдық мәселесін шешуде әр алуан тәсілдерді іздестіру процесінде жүзеге асырылады.

Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу ең тиімді тәсіл екендігін осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі қуаттайды. Сонымен бірге, қабілеттілік, әсіресе, өз бетінше ойлау қызметі процесінде табысты дами түсетіндігі айқын. Осыған орай ойлауды белсенді ету үшін проблемалы оқытуды қолдану тиімді болмақ. Танымал психолог C.Л.Рубинштейн өз бетінше жұмыс істеу саналы әрекеттің қалыптасуы мен оның негіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды.Міне сондықтан оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді. Білімді шығармашылықпен пайдалануда оқушылардан мазмұндама мәтінін сәтті аяқтау үшін алдыңғы бөлігіне жымдаса логикалық байланысқа түскен сюжет ойластырумен бірге оны көркем тілде баяндап жеткізу талап етіледі. Бұл әрекет ең алдымен игерген материалдардың синтезінен тұрады. Белгілі бір толық мәтінді түзу үшін оқушыдан үшқыр қиял мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Егер оқушы мазмұндаманы талап деңгейінде орындап шықса, оның тасасында ұзақ ойлау процесі тұрғандығын естен шығармағанымыз жөн. Сол себепті оқушыларға мұндай қасиетті қалыптастыру үшін қажетті ситуация туғызылды деп түсіну керек.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруда мақсат оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.

Бұл шығармашылық жұмыс түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қортындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік "менінің" қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы "туа біткен тілдік қабілетін" ояту.

Мұғалім бұл жұмысты жеңілден ауырға қарай жүргізу принципі негізінде әрекет етіледі. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған әңгіменің оқиға желісі, сюжеті суреттер арқылы бағыт- бағдар беру негізінде жүргізіледі. Демек, оқушылар аяқталмаған мәтінді сюжетті суреттерге және ұжым болып құрылған жоспар негізінде жазып шығады.

a)келесі кезеңде аяқталмаған мәтін жартылай түзілген жоспар, әңгіме соңына бағыт-бағдар беретін сюжетті суреттер негізінде мазмұндама жаздыру;

ә)аяқталмаған мәтін мен әңгіменің сәтті тұжырымдауға сілтеме жасайтын жоспар негізінде мазмұндама жаздыру;

б)соңына дейін түзілмеген жоспар мен аяқталмаған мәтін арқылы мазмұндама жаздыру.

Міне, осылайша, мазмұндама жаздыру бірте-бірте күрделеніп, оқушыларға "өнер алды" болып табылатын тілдің қыр-сырын игертуге, байланыстырып сөйлеуге игі ыкпал етеді.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруға мысал келтірейік.





Ақылды жігіт


Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:

  • Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:

  • Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:

  • Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:

Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.

Одан шығып келе жатыр едік, ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен", - дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.

Сонда қыз тұрып:

Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.

Сұрақ-тапсырма

Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.

Осылайша оқушының ойлауына итермелейтін ситуация туғызылуы. Оқушыны "неліктен?", "қалай?", "не үшін?" деген сұрақтар мазалайды. Олар өз ақыл-ойын, қиялын осы мәселені шешуге бағыттайды. Детирминді, яғни адамның белгісізді білгісі келу қажеттігінен туатын ой процесі пайда болады.

Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған проблемалық, ізденгіштік сипат береді. Бұл ойлау процесінің ең елеулі белгісі. Егер бала одан сұрайтын нәрсені білетін болса, онда ол ойланбайды. Ол есінде сақталған, бұрыннан бар білімін пайдаланады да "Ойлау проблемалар, міндеттер бар болғандықтан туады да белгісіздіктен, түсініксіздіктен белгілікке, түсініктілікке қарай қозғалу болып есептелді".

Мәселе нақты болса, міндет те нақты болады, соның нәтижесінде оны шешуге арналған ізденіс те дұрыс және дәл бағыт алады. Сондықтан міндетті нақтылап анықтау – оны шешу үшін жасалған алғашқы қадам болып табылады.

Жоғарыдағы "Ақылды жігіт" әңгімесі бойынша мұғалім оқушылардың алдында міндет қойды. Оқушылар өзінше іздеуі, ұқсас және әр түрлі шешім табуы керек. Өзіндік қортындыға келуі тиіс. Міне мұндай жағдайда оқу әрекеті айқын проблемалық сипатқа енеді.

Оқушы берілген тапсырманы дұрыс шешу баланың үлкен қанағаттану сезімін тудырады. Жүк жеңілдегендей болып, табыс қуанышы оқушының алдына жаңа, бұдан да қиын міндеттер қоюға, соны шешу үшін ұмтылуға итермелейді.

Әрине мұғалімнің қойған сұрақтарына кейбір оқушы талап деңгейінде жауап бере алмауы да мүмкін. Мұндай жағдайда ойлану болған жоқ деп айтуға негіз бар ма? Жоқ, ізденіс, адамға бұрын белгісіз нәрселерді ашу ретіндегі ойлау әрине болады, алайда дұрыс ойлау заңдылықтарын игермегендіктен сәтсіз аяқтады. Мәселені дұрыс шешкен оқушылардың еңбектерін үнемі талқылау арқылы оларға бағыт-бағдар беріліп, шындықты жаңаша түсіну жолы қалыптастырылады.

Жоғарыда келтірілген әңгімені сәтті аяқтаған оқушының мазмұндамасын мысалға келтірейік.

Сонда қыз тұрып:

"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.

Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:

- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.


Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуда атқаратын рөлі ерекше. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Баланы көркем сөз өнерін үйретудің, баулаудың ең басты қажеттілігі осында.



































VI СЫНЫП


Жылқы қалай жүйрік болды?

( Ертегі )


Ерте заманда жануарлардың ішіндегі ең сымбаттысы да, жүйрігі де сиыр болған екен. Оған еш жануар тең келмепті. Күннен-күнге сиырдың мінезі өзгеріп, өзімшілдік, көкіректік пайда болыпты. Бірде ол жайылып жүрген жылқыға кезігіп:

- Ей тойымсыз ашқарақ! Сөзіме құлақ сал! Менімен жарысасың ба? - дейді.

- Мейлі, жарыссақ жарысайық, - депті жылқы.

Жарыс басталады. Сиыр құстай ұшып, жылқыдан озып келе жатады. Жол ортасына жеткенде ол:

- Әй , суыр пасық, су әкел, - дейді айқайлап.

Суыр:

- Сиыр сасық, су мұнда!- деп, оған сасық су ұсынады.

Сиыр суды сіміріп алып, алды-артына қарамай безіп қырдан асып кетеді. Жылқы болса жол ортасына ентіге жетіп суырға:

- Суыр сұңқар, су қайда?- дейді. Мұның сыпайы сөзіне риза болған суыр:

Жылқы тұлпар, су мұнда!- деп таза, мөлдір суды береді. Таза суға қанған жылқы сиырдан озып, мәреге бұрын жетеді. Міне, содан бастап жылқы жануарлардың ішіндегі ең сұлуы да сымбаттысы, жел жетпес жүйрігі болған екен. Ал сиыр сол оқиғадан кейін, қарны местей болып, бар сымбатынан айрылып, ұзаққа шаба алмай қалыпты. "Жақсы сөз - жарым ырыс", "Жақсы сөз жан семіртеді" деген осы да.



Шын достық


Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады…

Жастық шақтың бірінен-бірі өткен аяулы күндері таудан аққан тас бұлақтың суындай жылысып, ғасыр дариясының кең арнасына құйылып жатты. Сол кең арнада ағын судың толқынындай үміт, тілек қайығы шарқұрып, бізді ілгері қарай әкетіп барады. Досымбек екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осылардай болсын",- дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Күнде барып халін біліп тұрамын. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен-күнге ауруы мендеп, халі нашарлап барады.

-Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.

- Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.

Дереу өз қанымды сарапқа салдым. Түн қараңғылығы қоюланып әлемді ала бастаған еді. Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды.

Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналғандай үміт оты қайта маздап жана бастады.

Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.


Мазмұндау жоспары

1. Білім жолында.

2. Өткен өмір елестері.

3. Достық.

4. Қан беру.

5. Шын достық.



Ақжайық


Өзеннің жар қабағында Өсер әкесімен әңгімелесіп отыр:

- Ол былай болыпты, балам! Алыстағы қатпар-қатпар асқар таудан басталған бұл Жайық елеусіз ғана бұлақ екен. Адамның адаммен танысқанындай, сол өңірдің барлық бұлағы бас өзекке құя беріпті. Бас өзек ұлғайып, суы молайып, арналы өзенге айналыпты. Судың түсі көк,өзі айнадай мөлдір болыпты. Тұнығында балық ойнап, байлық жиналыпты. Күндердің-күнінде өзен жағасын баласы бар бір кәрі әже мекендепті. Баласы кішкентай қайығына мініп, балық аулап, күнді батырыпты. Бірақ құралы нашар жас балықшының ауына ештеңе түспепті. Ертелі-кеш ұстаған бірді-екілі шабақпен жарлы жандар күн кешеді.

- Балық неге ілікпеді, әже?- деп сұрапты баласы.

- Маңдайыңның тері көбірек төгілсе, балық та ілігер, балам, - депті әжесі.

Бала ауын тереңге қайта жаяды. Тынбай еңбек етеді. Бір кезде ау суға батып кетіпті. Бала ауды тарта бастайды. Ау ауыр тартады. Бала әрі шаршайды, әрі қалжырайды. Мандайынан ащы тер шұбырып, Жайыққа құйылады. Тердің ақысындай болып, балық та қайықты толтырады. Қысылған бала әжесін шақырады. Әжесі баласының терін күнде келіп, жаулығының ұшымен сүртеді екен. Бүгін жаулығы да су болып қалыпты. Тынбай шұбырған терден Жайық суының бұрынғы көгілдір түсі өзгеріп, ағара беріпті, ағара беріпті. Балықшылардың маңдай тері Жайық суының түсін осылайша өзгерткен екен. Содан бері Жайық өзені Ақжайық аталыпты.

("Балдырған" журналынан.)

Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу


Жиренше шешен жолаушылап келе жатты. Бір ауылдың тұсына келгенде, үлкен өзеннің өткелін таба алмай аңтарылып тұрып қалады. Осы кезде өзеннің арғы жағасынан су алуға келген сұлу қыз көрінеді. Жиренше дауыстап:

- Бұл өзеннің өткелі қайда?- деп сұрайды.

Қыз:

- Ана жақта бір өткіл алыс, алыс болса да жақын. Берірек бір өткіл бар жақын, жақын болса да алыс, - дейді.

Жиренше бұл сөздің мағынасына терең бойламай, жақын деген өткелге келеді. Атын қамшылап суға қойып кетеді. Өзеннің орта шеніне жеткенде жылдам ағыс өткел бермей атын жығып, үсті-басын малмандай су етеді. Әзер дегенде түскен жағасына қайта оралады. Сонан соң "алыста болса, жақын" деген өткелге барады. Арғы жағалауға оп-оңай қиналмай өтеді.

Жиренше сұрастыра жүріп, әлгі қыздың үйіне келеді. Төрге жайғасқан соң ол қызға:

  • Қарағым, өзегім талып алыстан келемін, тамағыңның тәттісін әкел, деді.

Қыз:

-Бір тамақ бар ащы, ащы да болса тәтті. Бір тамақ бар тұщы, тұщы болса да ащы. Жиренше:

- Ащы да болса тәтті деген тамағыңды келтір,- деді.

Қыз тұрып қораптан бір уыс тұз алып, жігіттің алдына қояды. Жиренше мұны көріп:

- Қалқам-ау, құр тұзды қалай жеймін?- деді.

Сонан соң үн-түнсіз, тұзсыз қара көже құйып береді.

Жиренше қыздың айтқан сөз мәнісіне түсініп, өзінің үй иесі беретін мәзірін күтпей, тәтті тамағынды бер деп сұрағанына ұялды.



Доғал ұрысы


Соғыс кеңесінің шешімі бойынша Аманкелді сарбаздарды екі-үш жерге бөледі. Қора-қопадан, қалың қардан бекініс жасатып, мергендерді, айбалташы, найзашыларды патша әскері келетін жолға қояды. Жай халықтың үрейленбеуі, қырғынға ұшырамауы үшін, оларды соғыс болатын жерден көшіреді. Сөйтіп патша әскеріне қарсы соғысқа әзер тұрады. Сарбаздардың азаттық жолындағы күреске беріліп жауға деген өшпенділігі артқаны сонша: барлауда жүріп, қоршауға түсіп қалған екі сарбаз қолма-қол ұрыста екі-үш солдатты өлтіріп, құтыла алмайтын болған соң тірі қолға түспей, өздерін өздері атып өлтіреді. Қанішер патша жендеттері олардың басын кесіп кетеді.

Патша әскері әуелі сарбаздың күшін, соғыста қолданылатын әдісін білмек болып, екі күндей барлау жүргізеді. Бірақ бұдан ешқандай нәтеже шығара алмайды. Өйткені қора-қораны, қалың қарды бекініс етіп алған мергендер күтпеген жерден оқ жаудырады. Барлауға жіберілген солдаттар қайтып оралмайтын болады. Сондықтан патша әскері Батпаққардан шығып, Доғал өткелі жағасындағы штабқа жақын бет алып келеді. Сарбазды үрейлендірмек болып зеңбіректен оқ жаудырады. Бірақ зеңбірек оғы сарбаздың жиылып тұрған жерінен әрі асып түседі, қалың қарға түскен снаряд жарылмайды. Сөйтіп зеңбірек соғысқа жарамсыз болып шығады. Ендігі қару пулемет пен винтовка болады. Ал шана үстіне орнатып алыстан атқан пулемет оғы әр жерге паналап жатқан сарбазға, мергендерге оншалық зиян келтіре қоймайды.

Сонымен сарбаздың соғыс әдісін тек кейінгі күндері білген патша әскері енді олардың жиын жеріне өте жақын келіп соғысады. Мергендерді Амангелдінің өзі бастайды. Мұнда ол табандылықтың, жүректіліктің асқан үлгісін көрсетеді. Пулеметшілерді оққа ұшырып, шабуылға шыққан солдаттарды беттетпей қояды. Ал өте қауіпті, қысылшаң кезде соғыс әдісін өзгертіп патша әскерінің күшін, шабуылының бет алысын бұрып жіберіп отырады. Мергендер қоршауда қалған жағдайда атты сарбазды шабуылға шығарады. Сарбаздарды қоршап алмақ болып солдаттар ат қойғанда, Ақөткел жағасында тұрған тағы бір бөлек сарбаздар ұран салып, жаудың артынан түре тиеді. Ат үсті соғыста найзашы, айбалташылыр шапшаңдықтың, әдісқойлықтың асқан шеберлігін көрсетіп, атты солдаттарды кері шегінуге мәжбүр етеді. Патша әскері енді жаяу соғысады. Әр қораға бекініп алған мергендерге пулемет, винтовкадан жақын тұрып оқ жаудырады. Бірақ қораның қабырғасынан, үйдің терезесінен тұрып атысқан

мергендер көпке дейін алдыртпайды.

(А. Нұрқанов)


Тапсырма:1.Аманкелді Иманов жайында оқыған кітаптарыңды, жеке әңгіме, өлеңдерді еске түсіріңдер. Аманкелді батырдың ерлік істері жөнінде оқығандарыңнан есте қалғандарын әңгімелеп айтып беріңдер.

2. Мәтінде кездесетін бұрынғы өткен шақ етістіктерді жедел өткен шақ түріне айналдырып мазмұндандар.



Қылыштан өткір қызыл тіл


Байырғы Жетісу жеріндегі көшпенді елдің мал шаруашылығымен айналысып жүрген үш-төрт кедей-кепшігі өзара ақылдасып, аз ғана жерге тары егуді жөн көріпті. Қолда барлардың өзінің күшін, соқасын жалдап алып, жер жыртуға кірісіпті. Осы өңірдегі жұртты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Тезек төре қарапайым шаруалардың бұл ісін ұнатпапты. Сойылын соғар төрт-бес жандайшаптарын жіберіп, егіншілерді жан-жаққа қуыпты. Құрал-саймандарын қиратыпты. Озбырлықтан жәбір көрген кембағалдар еңірегенде етегі жасқа толып ауыл ақсақалы Малдыбай қарияға келіп мұңдарын шағыпты. Тентек төренің Мына зұлымдығына жаны күйзелген Малдыбай қарт өзінің төсек тартып, сырқаттанып жатқанына қарамастан атқа қоныпты.

Әдетте төре отырған үйдің сыртынан ешкім де атпен дүбірлетіп жүрмейтін болса керек. Осы тәртіптің бұзылғанын білген төре жан-жағында отырған үзеңгілестеріне таңырқай қарайды. Сыртта тұрған Малдыбай ат үстінен:

Төбелерде төбе бар,

Қара жермен барабар.

Төрелерде төре бар,

Көк төбетке барабар.

Қара жерді қорыған,

Қайран ғана "есіл ер", - деп қамшысын бүйіріне таянып тұра қалыпты. Мынадай қаһарлы сөзді күтпеген Тезек төре сөз елге тарап кетер деп қауіптеніп,аузымен құс тістеген Малдыбай қартты аттан түсіріп, айыбын төлепті.

("Ел аузынан" кітабынан )



Жетес би


Төле би тоғыз жасында сексенге келіп отырған Жетес биді іздеп келеді. Екі-үш күн қонақ болған соң, Төле би қайта еліне жүрмек болғанда Жетес би оған бата береді.

Сөздің соңында:

- Балам, басқа бұйымтайыңды айта отыр. Тағы немді қаладың? - дейді.

Сонда Төле би:

О, қасиетті ата! Ат берсеңіз - өледі, тон берсеңіз тозады. Онан да өлмейтін, тозбайтын тағы бір бұйымтайымды айтайын, - дейді.

Төле би:

- Әр он жастың арасын бір белес десек, соны неге ұйғарап, неге баладыңыз? - дейді.

Сонда Жетес би:

-Онға келдім: ойнадым, қызығына тоймадым. Жиырмаға жеттім: бойладым, онда да балалықты қоймадым. Есейе келе жақсы сөзге сүйіндірдім, жаман сөзге күйіндім. Барымды бойға киіндім, сұлу қыз- келіншектерге шүйілдім, жауларыма түйілдім. Отызға келдім: алтайы қызыл түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым. Қатар-құрбының көңілін қалдырмадым. Қырыққа келдім: арғымақтай аңқылдадым, тау тағысындай саңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, құз қырандай шаңқылдадым. Барымды жоқ деп сарқылмадым. Елуге келдім: биік қырға шықтым, арғы жағынан алыс жақынын байқамадым, дәулетімді шайқамадым. Алпысқа келді: алты тарау жолға түстім, қайсысының алыс-жақынын білмедім. Жетпіске келдім: жеңілгенімді білдім, бала мен келінге билігімді бердім, айтқанына көндім, айдауына жүрдім. Сексенге келдім: оң жағым от, сол жағым су, алдым жар, артым құз, қалай қозғалсам да тірлік деп біле алмадым, - депті.


Тоқсабайдың сөзден тосылуы


Атақты Тоқсабай шешен жолаушылап келе жатып, бір ауылдың сыртында қозы баққан сегіз жасар балаға жолығып:

- Балам, бұл қозы кімдікі? - деп сұрапты.

- Ата, бұл қозы қойдікі.

-Кімнің баласысың?

- Әкемнің баласымын.

- Әкеңнің аты жоқ па еді, шырағым, - депті.

- Әкемнің қара аты да, ақ аты да, торы аты да, сары аты да, құла аты да бар, - депті.

Шешен ішінен "Мынау бір қиқар бала екен…" деп ойланып қалады.

Таутекенің мүйізінен жасалған сылдырмақты шақшасын ердің басына қағып-қағып насыбай атады. Сонда бала тұрып:

- Ата, шақшаңыз ненің мүйізі, - депті.

Балаға іштей қиястанған Тоқсабай:

- Бұл біздің елдің қоянының мүйізі, - депті. Шешен өтірігін сезген бала: "Елі азғанның жері тозған" деген рас екен-ау. Біздің ел қоянның мүйізінен шаңырақ иеді. Сіздің елдікі шақшаға ғана жарапты ғой, - депті.

Тоқсабай тойтарма сөзге қарсы түк айта алмапты.


Сұрақ-тапсырма: Бала жауабында екі үлкен қате бар. Ол қандай қателер?


Жауап: Тоқсабай шешен қозы кімдікі?- деп сұрады. Бала ненікі? деген сұраққа жауап берді. Баланың екінші жауабында "Қара аты да, ақ аты да…" деп жауап берді. Ал шын мәнінде ақ ат болмайды. Қазақ оны ақ боз ат дейді.



Ақымақ дос


Бір мырза орманнан қонжықты ұстап алып, жас баласындай бағыпты. Бір күндері мырза қатты ауырыпты. Аюға қараған кісі болмай, ол да қатты жүдепті. Аурудың беті қайтып біраз тәуір болған соң, есік алдына шығып отырады. Ол күн шуаққа маужырап қалғи бастайды. Бірақ беті-қолына шыбын қонып, шыдатпайды. Соның бәрін әлгі аю байқап отыр екен. Мырзасына тыныштық бермегені үшін шыбынға қатты кіжінеді. Ыза буған аю қатты жұлқынғанда, байлаған шынжырын үзіп жібереді. Жүгіріп барып, мырзаның бетіне табанымен салып жібереді. Өзі әлсіз қожасы қалпақтай ұшып, сол жерде-ақ жан тапсырады.

Бұл оқиға Дәуіт пайғамбардың заманында болған екен. Аюға қандай жаза лайық деп, оны пайғамбарға сүйреп апарады.

Әзірет Дәуіт:

- Қожаңды не себепті өлтірдің?

Аю жылап:

- Қожам мені баласындай күтіп, асыраған еді. Ол ауырған кезде мені күткен кісі болмай, қожамның жазылуын зарыға тіледім. Бүгін ауруынан тәуір болып, далаға шыққанына қуанған едім. Мырза есік алдына отырып қалғиын деп еді, шыбындар тыныштық бермеді. Шыбынды қорғайын деп ұрғанымда, не себепті екенін білмеймін қожам өліп қалды, - деді.

(Ы.Алтынсариннен)


Сұрақ-тапсырма: Бұл әңгімеден қандай қорытынды жасауға болады.


Жауап: Ақымақ достан, ақылды дұшпан артық,



Тәбітай мен Шорман


Қаржастан Қарауыл елінің жігіттері жылқы алыпты. Сол жылқыны іздеп қырық кісімен Шорман төрт ата Қарауылға келіпті.

Шорман:

- Мен бес байталдың соңынан қуып, мал іздеп келгенім жоқ, Намыс іздеп келдім. Намысымды аламын, болмаса өзіме лайық сыбағалы мүше, толық ер құнындай алтын алып тынамын, - депті.

Қарауыл елі алыстағы қаңлы Тәбітей шешенді алғызады. Оның үстінде жаз болса да аяғында тері ұйық, үстінде бұзау тері жарғақ, басында түйе тері тымақ екен.

Амандасып отырысымен Шорман:

- Әй, Тәбітай, бай кім, батыр кім, би кім? депті.

Сонда Тәбітай:

- Сен оның біреуі де емессің. Қас батырдың елін жау араламас болар. Батыр болсаң менің жігітім барып малыңды алмас еді. Әділ бидің елін дау араламас болар. Би болсаң ордаңды тастап бес байталдың соңынан ел- жұртыңды тастап келмес едің. Бай да емессің, бай болсаң өзіңнің Ақша атаңның баласы Омбы қаласында неге жұмыс іздеп жүр? Оны неге жиып алмайсың?- депті.

Сөзден жеңілген Шорман Қарауыл жаққа қарап:

- Әй, момынның баласы-ай! Жүйрікпен ел еруде тезек тасып, көшкенде арба сүйретіп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып ұстайсыңдар-ау!- дейді.

Біраз бөгеліп отырған Тәбітай;

  • Бәйгеден өзі келетін жүйрікті баптап не қылсын!- депті.

Далаға шыққан соң Қарауылдың жігіттері:Тәбеке-ай, соңғы сөзге жауапты тым бөгеліп бердіңіз-ау! - депті.

- Ол менің кедейлігімді бетіме салық қылып отыр. Мен арсыздықпен жауап бердім. Сендердің кигізген киімдерің мен міңгізген аттарыңды айтайын ба?- депті Тәбітай оларға.



Жамандыққа жақсылық


Қызылбас патшасының Абдулла деген бас уәзірі бар еді. Бір күні ол көшеде келе жатқанда халық ұстап алып:

  • Дегенімізді істе, істемесең өлтіреміз, - депті. Әсіресе батырырақ біреуі уәзірдің жағасын жыртып сақалынан жұлмалапты. Уәзір ашуланбай, патшаға барып бұлардың талаптарын орындауға көндіріпті. Өзінің көрген жәбірі үшін халықты жазаламауын өтініпті.

Ертеңіне Абдуллаға бір саудагер келіп:

  • Тақсыр, кеше сіздің жағаңызды жыртып, сақалыңызды жұлмалаған кісіні айтайын деп келдім. Ол Назым деген көршім, алдырып жазалаңыз - дейді.

Уәзір саудагерді қайтарып, Назымды шақыртып алады. Назым болса: "Менің кешегі қылығымды біреу айтып қойған екен ғой",- деп қорыққаннан үрейленіп,ткеле-ақ Абдулланың аяғына жығылады.


Сұрақ-тапсырма: Уәзір Назымға қандай жаза қолданды деп ойлайсыңдар?


Жауап: Уәзір Назымды жерден тұрғызып алып:

- Мен сені жазалау үшін шақырмадым. Саудагер көршің жақсы кісі емес екен. Сенің кешегі білместігіңді маған келіп айтты. Екінші рет одан сақтанып жүргейсің,соны ескертейін деп алдырған едім, - депті.

(Ы. Алтинсариннен)



Қаршыға мен қоян


Бір жарты шақырымдай жүрген соң, кейін қайтейін деп бұрыла бергенімде, анадай жерден бір нәрсе көзіме елестеп кеткендей болды. Бақсам, оным жер бауырлай ұшып келе жатқан болу керек. Ол тура ұшпай, біресе олай, біресе былай бұлтарып ұшып келеді.

Дәл сол кезде, қай жермен жүрерін өзі де білмей, біресе шөптің арасымен, біресе бұталарды жинай өтіп, біресе қу тақырдың үстімен өкпесін өшіре, зымырап келе жатқан қоянды көзім шалды. Қоян менің тұсымнан өте бергенде, қанатты қарақшы ілгері қарай екпіндеп аға түсті де, алдындағы қоянды шап беріп, тырнағымен бүріп алды. Бірақ оны аспандатып алып кетуге шамасы келмеді.

Қоян арқасына мініп алған дұшпанын арқалап зымырай берді.

Жыртқыш қоянды қанатымен тоқтатайын деп еді, онысынан түк шықпады. Сол аяғын қояннан алмай, оң аяғын босатып жіберіп, жолында кездескен түрлі өсімдіктердің сабағынан, қу шөптерден ұстап, айрылғысы келмеді. Бірақ олары жұлынып кете берді де, қоян арқасына салт мінген ғажайып құсымен әрі қарай зымырай берді.

Сөйтіп бара жатқанда, жолдарында бір шегіршін кездесті. Оның тұсынан өте бергенде, қанатты жыртқыш шегіршіннен шап беріп, ұстай алды. Құстың аяғы екі жаққа қарай керіліп қалды. Сол аяғы қоянды арқасынан бүріп жібермей тұрды, оң аяғы шегіршіннің түбірінен айрылар емес. Қоян тартынып, тыпырлай бастады. Сол кезде қаршыға қоянды өзіне қарай тартып әкелді де, өткір тұмсығымен басынан шұқып-шұқып қалды. Қоян тітіреп кетті де, аздан соң жан тапсырды. Тек сол кезде ғана барып жыртқыш тырнағын шегіршіннен суырып, қоянды екі аяғымен бірдей бүріп алды. Ол жан-жағына қарап алып, қанатын қақты да, аспандап ұшып кетті.

Қаршыға қоянын көтеріп, тоғайға қарай ұшты. Оның соңынан іле-шала бір-екі қарға да ұшып кетті. Қарғалар қаршығадан кейін өздеріне де бірдеме түсіп қалатынын жақсы білді.

(В.Арсеньев)


Әңгіме өткізу үшін сұраулар: 1. Құс неліктен бұлтарып ұшып келді? 2. Құс қоянды тоқтату үшін қандай әрекеттер жасады?


Тапсырма: Бұл әңгіменің мазмұндау жоспарын әрқайсың өздерің жасаңдар да, әңгімені мәтінге жақындата отырып, өз аттарыңнан, яғни бірінші жақ, осы шақпен мазмұндап жазыңдар.



Құстар неліктен күзде ұшып кетеді?


Осы құстар күзде неге ұшып кетеді? Қыстың ызғарынан қашып, жылы жаққа ұшып кетеді дейін десек, онда неге барлық құстар бірдей ұшып кетпейді? Торғай мен қарғалар жылда қалып қояды емес пе? Оның үстіне қанатты саяхатшылардың қайсы бірі күзге дейін қар қылаулап, алғашқы үскірік соққанша кетпейді.

Ерте көктемде ұшып келген үйрек, шағала, бозторғай және қызғыштардың ұяларын қар басып қалатыны болады. Құстар қардың өзінен қорықпайды. Қар жауған соң, ұшып кететін құстар қоректенетіндей ештеңе болмай қалады. Шыбын-шіркейлердің бәрі күзде-ақ жоғалып кеткен: біреулері қысқа ғұмырын тауысқан, басқалары мықтап жасырынып, қысқы ұзақ ұйқыға берілген. Демек, шыбын-шіркейлерді азық ететіндердің қыста тамақ тауып жеуі мүмкін емес.

Құстардың біразы жаз бойы әр түрлі шөп, бұта және ағаштардың дәндерін азық етеді. Алайда өсімдік дәнінің көбі піскен соң жерге төгіледі де ұзамай қар астында қалады.


Сұрақ; Мәтіндегі келтірілген пікірлерден тиісті ой қорытындысын шығарыңдар.


Жауап: Құстардың көпшілігі қар мен ызғардан тамақ таба қорыққаннан емес, қысқа қарай алмайтындықтан ұшып кетеді.



Рух айбыны


Ерте-ерте-ертеде ақылы да, айласы да асқан хан болыпты. Хан болған соң айналасындағы елдерден сыр тартпай, сын іздемей жата ма?! Оңтайы келсе, өзіне қаратып алғысы кеп, тыңшысын жіберіп, жансызын жөнелтіп отырады ғой…

Күндердің бір күнінде сол хан осы мақсат пен көрші жатқан екі елге жансызын жібереді. Біраз уақыт өткеннен кейін әлгі жансызы қайтып оралады.

- Не көріп, не білдің?- дейді хан.

- Алғашқы елден көргенімді, ұлы хан ием, құдай көрсетпесін. Жаным шошып, төбе құйқам шымырлайды. Жау жоқ, кездің өзінде, күндіз-түні қылыштарын сайлап, қанжарларын қайрап, қалқандарын қаңғырлатып, найзаларын шошандатып отыр. Шынымды айтайын, хан ием, ол елден шошып оралдым.

Ал екінші көрген елді әуейілеу ел ме деп қалдым. Қай-қайдағы бір сүйектері баяғыда қурап қалған ата-бабаларына ас беріп, қай-қайдағы бір өткен-кеткендерін еске алып, мойындарын созып ән айтып, өңештерін жыртып жыр соғып жатқан біреулер, - дейді.

Сонда хан басын төмен салып ойланып отырып-отырып, бір кезде мырс етіп күліп: "Күндіз-түні қылышын сайлап, қанжарын қайрап, жау жоқ кезде жау күтіп, жау жоқ кезде жау іздеп отырған елден қорқатын ештеңе жоқ. Ол ел түптің-түбінде жаудан, немесе өзінің жауыздық пиғылынан жазасын алады. Біріне-бірі ала көз боп, бірімен-бірі қырқысып, ақырында тоз-тоз боп кетеді. Ол ел көп ұзамай-ақ атымыздың тұяғына иленіп, табанымыздың астына түседі дей бер.

Ал, ата-бабаларының әруағын шақырып, өткенін түгендеп, жеткенін ардақтаған, әнін асқақтатып, жырын айбындатқан ел - намысын жанып, рухын шыңдап жатқан ел ғой. Ондай елді жеңе алмаспыз. Ол елмен, абзалы, сіз-біз деп араласып, іргемізді сөкпей, тату боп өмір сүрген жөн болар", - деген екен.



Қасқырдың "бөлтіріктері"


1920 жылы пастор Синг Батыс Бенгалия (Үндістан) штатының бір деревнясына ауық-ауық келіп жүретін "орман перілері" жайында әңгіме естиді. Мұны көргендер "перілердің" адамға ұқсайтынын, бірақ төрт аяқтап жүретінін айтады. Ондаған адамның осы сияқты әңгімелерін естіген Синг "перілерді" зерттеп, шындыққа көз жеткізуді мақсат етеді.

Шаруалардың бірі оған "Орман перілері" жиі келетін жерді көрсетеді. Синг сол араға торуыл жасап, өз көзіне өзі сенбестей құбылысқа тап болады. Әлгі жерге алдымен үш қасқыр және екі бөлтірік келеді. Олардың ізінше адам тәрізді екі пенде пайда болады. Қасқыр сияқты бұлар да төрт аяқтап, асықпай басып келеді.

Мұны ақырына дейін анықтау үшін Синг қасқырлардың апанына енуді ұйғарады. Өйткені жаңағы бұрын-соңды кездеспеген "отбасы" сонда барып тығылады. Синг аңшыларды ертіп, апанға жақын келеді. Екі ересек қасқыр бірден жортып ала жөнеледі. Бірақ қаншық қасқыр бөлтіріктерін қасық қаны қалғанша қорғауға бел байлайды. Оны атып өлтіргенде апанның ішінен екі бөлтірік және тағы болып кеткен екі қыз бала табылады. Бұлардың жас шамасы ересектеуі - жеті-сегіз жасар, кішісі - екі жасар болса керек. Амала деп аталатын кішісі көп кешікпей жаңа жағдайға көндіге алмай өліп қалады. Ал Камала дейтін үлкені он жеті жасқа дейін өмір сүреді. Синг оның өмір қарекеттерін 9 жыл бойы күнбе-күн баяндап жазып отырады.

Камала күн сәулесі мен оттан қатты қорқады. Тек шикі ет жеп қана күн көреді. Төрт аяқтап жүреді. Кыз көбіне күндіз ұйықтап, түнде бөлме ішін кезіп жүреді. Адамдармен бірге тұрған алғашқы күндері "апалы-сіңілі қасқырлар" түнімен ұлып шығады. Соның өзінде олар белгілі бір уақытта ғана: кешкі сағат он шамасында, түнгі сағат бірде және таң алдында ұлиды. Камаланы адамға айналдыру өте қиын болды. Ол көпке дейін ешбір киім кимеді. Үстіне кигізген нәрсенің бәрін жыртып тастай берді. Үсті-басын жуғанға қатты қарсылық білдіріп, өлердей қорқады. Адам арасында жүрген екі жылдан кейін Камала түрегеліп тұруды және екі аяғымен жүруді үйренді. Бірте-бірте ол түнде ұйықтап, тамақты қолмен жеуді, шай мен сүтті ыдыспен ішуді үйренді.

Мүлде тағы боп кеткен балаға адам тілін үйрету бұдан да қиын болды. Камала қасқырлар ортасынан келгеннен кейін жеті жыл өткеннің өзінде не бары 45 сөз ғана түсіне білді. Он беске келгенінде оның есі екі жасар баладай еді. Ал он жетіге келгенде "қасқыр тәрбиесін алған" баланың ой-өрісінің дамуы төрт жасар адамның деңгейіне әрең жетті.

("Әлемде талай қызық бар" кітабынан)екен






Батыр баба


Жидебай бабамыз тек ел қорғаған батыр ғана емес, өте әділетті де болған. Ол бірде соғыс арасында шабуылдан соң еліне келіпті. Бір замандасының үйіне барып, ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырса, ауыл іргесінде жайылып жатқан малға қасқыр шауыпты. Батыр баба тоқтаған үйдің бұзауын арам өлтіріп кетіпті Бұл болмашы оқиға үй иесі реніш білдірмесе де Жидебай батыр ойланып отырып, былай депті:

- Апырай, мен осы үйге келмесем, бұзауды қасқыр жемес еді! Үй иесі маған алаң болып, бұзауын қасқыр жеді. Бұл қиянат қой!-депті де, қосшы жігітті өз аулына жіберіп, бір бұзау алдырып беріпті. Осыны естіген ел қатты танданыпты. Жидебай батырдың әділеттілігін сөз етіп, бұдан былай жүгініске осы кісінің алдына келетін болыпты. Ол әділ билік айтып, халықты бірлікке, адалдыққа шақырыпты. Ішкі жаудан да, сыртқы жаудан да сақ болуды үйретіпті. Абылай ханның саясатын қолдап, халықты жұмылған жұдырықтай ынтымақта болуын уағыздаған.


Мазмұндау жоспары

1. Жидебай баба.

2. Малға қасқырдың шабуы.

3. Жидебай батырдың әділеттілігі.

4. Батыр бабаның халықты бірлікке шақыруы.




Бөлтірік шешен


Бір ұры Бөлтірік шешенге:

  • Көршілес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлап едім, бірақ иелері қуа келіп, бәрін айдап әкетті, депті.

- Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен, депті.

- Түк те қалған жоқ,- депті ұры.


Сұрақ-тапсырма. Бөлтірік шешен нені меңзеп отыр. Шынында ұрыда не қалды?


Жауап: Бөлтірік:

- Сенде ұры-қары деген екі ат қалды, - деген екен.

"Ел аузынан" кітабынан






Түлкінің күлкісі


Елпеңдей жүгіріп келе жатқан түлкінің сирағы сарышұнақтың ініне түсіп кетіп, кептеліп қалыпты. Қанша әуреленсе де, қайта тартып шығара алмайды. Інінде жатқан саршұнақ сұғынып тұрған түлкінің табанын қытықтай бастайды. Қытыққа шыдай алмаған түлкі өзінен-өзі ыржаңдап күле береді. Сөйтіп, күліп тұрғанда қасына қасқыр келіп:- Күле бересің, қандай қызық көрдің?- деп сұрайды таңданып,

Сонда түлкі:

- Әлемде болып жатқан қызықты көрсең, сенің де ішег-сілең қатар еді, - дейді ыржалақтап.

Бұған қасқыр нанып қалады да, сол қызықты көзімен көргісі келіп ынтығады.

- Қане, қане маған көрсетші!- деп жалынады.

Түлкі қылмыңдай қарайды қасқырға.

- Ол үшін мына тесікке аяғыңды тығып, тура қарсы алдыңнан көз алмай қарап тұруың керек.

- Ендеше былай тұр!- деп, қасқыр кимелеп кеп, түлкінің аяғын іннен суырып алады да, өзінің жуан түрпі сирағын сұғып жібереді.

Мұны көріп, індегі саршұнақ ойланып қалады. "Жаңа қытықтап едім, сонда да кетпей қойды. Енді мұны сұқпастай қылайын", деп, қасқырдың өкшесін кеміре бастайды.

Қасқырдың жаны көзіне көрініп, түлкіге жалынады:

- Құтқара гөр, досым!…

- Дүние кезек деген осы, өзің малды қалай жейтін ең, енді сені де біреу сирағыңнан кеміріп көрсін!- деп, кете беріпті түлкі алды-артына қарамай.

("Ертегілер" кітабынан)




Түлкі, қараторғай және қарға


Қараторғай бір кішкене қайыңға ұя салып, балапан шығарады. Бір уақытта балапандары үлкейе бастайды. Бірде қайыңның қасынан өтіп бара жатқан түлкі биіктегі ұяны көреді. Бірақ бойы жетпейтін болған соң, қараторғайды алдап соғуды ойлайды.

  • Жұрттың бәрі егінін егіп бітірді, дейді түлкі. Менің соқам сынып қалып еді, соны жөндеуім керек, мына қайыңды кесемін.

  • Кеспе,- деп жалыныпты қараторғай, балапандарым әлі ұша алмайды, қайда қоямын оларды?

- Олай болса, балапандарыңның біреуін бер!

Қараторғай ойға шомады. Не істеу керек? Берсе, қайсысын береді? Қай саусағыңды кессең де бәрібір жаныңа бірдей батады. Сол араға қарға келіп қалады да:

Қорықпа, қараторғай, - дейді, - түлкі қайыңды кесе алмайды. Кесетін балта-шоты да жоқ.

  • Менің балтам мынау, деп түлкі құйрығын бұландатады.

Онымен түк те істей алмайтынын қарға біледі.

- Қане, кесе ғой, ендеше…

Қулығын өткізе алмаған түлкі енді қарғаға өшігеді. Бір күні түлкі кішкене төмпешікке шығады да төрт аяғын көкке серейтіп жата кетеді. Қарға өлген түлкі екен деп, қасына келіп, шоқи бастайды.

- Ақылгөйім, түстің бе қолға?- деп, түлкі шап беріп ұстап алады. Қазір сазайыңды тартқызамын.

- Бір өтінішім бар: ағайыма істегенді істей көрме,-деп жалынады карға.

- Ағайыңа не істеп еді?

- Оны дөңгелектің қуысына тығып, жардан домалатып жіберген.

- Ендеше тура соны істеймін!

Түлкі сол жазаны қолданбақ болады да, дөңгелектің күп-шегіне тыққан кезде, қарға екінші жағынан зып беріп шығып кетеді.

Сөйтіп, түлкі тағы да алданып қалады.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.01.2025
198
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі