мұғалімдерге көмек мазмұндама

Тақырып бойынша 21 материал табылды

мұғалімдерге көмек мазмұндама

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдерге көмек мазмұндама
Материалдың қысқаша нұсқасы

Кіріспе


"Мектепте қазақ тілі мен көркем әдебиет шығармаларын оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі - жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету",- деп көрсеткен қазақ тілі бағдарламасының түсінік хатында.

Тіл дамыту - баланың ойлау процесімен байланысты әрі психологиялық, әрі тіл білімінің зерттеу обьектілерінің бірінен саналады. "Баланың тілін дамыту жеке сөздердің басын біріктіріп, сауатты сөйлеуге баулу - психология мен тіл ғылымының заңдылықтарымен тығыз байланысты құбылыс".

Мектепте балалардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру тіл сабақтарының негізінде қалыптасады, яғни оқушылар оқу барысында ойлау дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді. Ойлауды дамытудың негізгі құралы - тіл.

Бала ойы тіл арқылы, тілдегі ұғым атауы болған сөздер арқылы айтылады да материалдық формаға енеді. Ал ой толық сөз күйінде білдіргенде ғана айқындалып, айшықтала түседі. Түрлі айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен қасиеттері, адамдардың өзара қарым-қатынасының санадағы бейнелері болып табылатын ойлау формаларын бейнелейтін материалдық құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, оқушының тілі байыған сайын оның ойы да дамиды. Керісінше ойы даму нәтижесінде тілі де байып, шұрайлана түседі деген сөз.

Ойды екінші біреуге түсінікті етіп жазып, не сөйлеп жеткізу үшін оқушының бай сөздік қоры, жақсы тыңдай білуі, ең қажетті ойды дәл таба білуі, екінші біреудің ойын өз сөзімен жеткізу дағдысы, пікірін нақты фактілер арқылы дәлелдей алуы тиіс. Бұл үшін оқушыларды белгілі бір жүйемен, жоспар жасап сөйлеуге қалыптастырып, тезис, конспект жазуға баулып, айтылып отырған ойдың негізгі желісін өз сөздерімен жазып, не айтып берулеріне жаттықтыру, яғни байланыстырып сөйлеуді дамыту қажет.

Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге қалыптастыру қазақ тілі пәнінің ғана емес, әрбір сыныптарда өткізілетін әдебиет сабақтарының да негізгі обьектілерінің бірі болып саналады. Сол себепті байланыстырып сөйлеуді дамыту – оқушы тілін дамытудың мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыруды, сауатты жазуға баулуды, жұрт алдына қысылмай еркін сөйлей білуге, мәтінді дұрыс оқып, мазмұнын толық түсіне білуге үйретуді қамтиды. Бұл сияқты жұмыстардың түрлері сөз жоқ, оқушының ой-өрісін, тілін дамытудағы басты мәселелер болып табылады. Олай болса, тіл дамыту мәселесінің обьектісін, әдістемесін анықтауда тіл мен әдебиет пәндері бірлікте қарастырылады. Газет-журналдар мен кітаппен жүмыс, мәтінді талдау, оларға жоспар түзгізу, мінездеме беру,табиғат көріністерін суреттеу, суретпен жұмыс істеу, мазмұндама және шығарма жаздыру т.б. сияқты мәселелерде тіл мен әдебиеттің заңдылықтарын қатар пайдаланып отыру негізгі жұмыс түрлері болып табылады.

Біз бұл еңбегімізде жазба жұмыстарының оның ішінде мазмұндама жаздыру мәселесін сөз етпекпіз, көңіл аудармақпыз.

Мазмұндама - дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуға тиіс. 1/ оқушының өз ойы болуы; 2/ өз жанынан қосымша оқиға қосуы; 3/ өздігінен қортынды жасау; 4/ мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасындағы мәтінді ІII жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау; 5/ қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту; 6/ кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;

7/ мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып мазмұндау; 8/ берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.

Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.

Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).

Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:

1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;

2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;

3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кино-фильмдері;

4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;

5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;

6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;

7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;

8) жабайы аңдар және құстар;

9) түрлі кәсіп жайында;

10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын- жазушылары, билері мен батырлары т.б.

Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, "Күз", "Қыс", "Көктем" т.б. тақырыптар. Сөз жоқ, әр сыныпта шәкірттің жас ерекшеліктеріне, біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-сыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.

Мұғалім оқушының таным процестерін (ойлау, қабылдау, ес, қиял т.б.) дамытуға игі ықпал ететін мазмұндама мәтіндерін таңдап ұсынғаны мақұл.

Жеткіншек жастағы оқушылардың тілін, байланыстырып сөйлеуін дамытуда әсіресе мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін сөз тіркестері мен сөйлем синтаксистерін меңгерту жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрлерінде сөйлемдер құрастырумен шектелмейді, сонымен қатар тұтас мәтін түзулері тиіс.

Оқушыға мазмұндама мен шығарма жаздырғымыз келсе, онда мәтін жайында түсінік берілуі қажет. Олай етпейінше күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мәтіннің түрлері, оның негізгі белгілері, жасалу жолы, құрамына енетін сөйлемдер мен қайырымдардың (абзац) өзара байланысы және оның стилі жайында мағлұмат берілсе, оқушылар шығарма (мазмұндама) композициясын дұрыс құрып, айтайын деген ойын жүйелі жеткізген болар еді.

Жеткіншек жастағы оқушыларға мәтін жайында мәліметтер беруді неден бастаған жөн? Ең алғаш мәтін жайлы түсінікті теориялық жақтарын практикамен ұштастыра түсіндірген мақұл.

Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер бейнелі сөздер автоматтанып оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады.

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:








I. Дайын мәтін бойынша мазмұндама.

II. Сурет бойынша мазмұндама.

III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.


  1. Дайын мәтін бойынша мазмұндама


Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:

а) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.

ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, бірақ баяндалу формасын өзгертіп баяндау.

б) Қысқарта баяндау.

в) Толықтырып мазмұндау.


a) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. Бұл дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па? Мұны әр түрлі түсінуге болады. Бірінде оқушы мәтін мазмұнын терең меңгеріп, ондағы кейбір сюжеттің, көріністің, өзіне үнаған сөз үйірімінің бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбір оқушы мәтін мазмұнын өз сөзімен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келіп соғады. Бірінші жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба құп. Ал өткінші, тек баға алу үшін бір-ақ рет пайдаланып, кейіннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны. Тәжірибелі ұстаздардың мазмұндама мәтінін дәл қайталамай оқушы өз сөздерімен беруді тіл дамытуда анағұрлым нәтижелі екенін сөз етеді.

Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдерге мына мәселелерді ескергенін жөн көреді: мазмұндама мәтінінің мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтіндегі барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.

Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандайда болмасын әсерлі шығарма ұсынылғанмен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезімін тудыра алмас еді. Өйткені мазмұндама мәтіндерін оқушыларға оқып беруде мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болуының маңызы зор. Бұл жөнінде орыстың ұлы педагoгi К.Д.Ушинский: «... Бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын мүғалім табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, алайда зейіні жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет", - дейді .

Бала психологиясын жете білетін А.С.Макаренко да балалармен қарым-қатынаста дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ол балаларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болу керек екенін айтады. Сондықтан мазмұндама мәтінін оқығанда мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн. Мәнерлеп оқуда екі түрлі талап қойылады. Олар - физикалық және психикалық. Біріншіден, оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау болса, ал екіншісіне, оқудың ритімін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау,дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б.жатады.

Міне сондықтан мазмұндама мәтінін мүғалімнің өзі оқып берген жөн. Одан кейін мазмұны айтылып, мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестері (фразеологизмдер) түсіндіріледі. Мазмұндау жоспары түзіледі. (Алғашқы кезде мұғалімнің көмегімен, кейіннен оқушылар өз беттерінше жоспар құрады).

Жоспар жазылмақшы мәтіннің мазмұнына байланысты жай және күрделі болып келеді. Мәтінге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегеніміз – мәтін мазмұнын бөлім-бөлімге бөліп беру деген сөз. Мәтінді жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның іс-әрекеттің орындарын алмастырып алмау үшін қажет. Жоспарлау мәтіндегі әңгіме болып отырған негізгі мәселені тани білуге баулиды. Мәтінге жоспар жасау әдетте, жай жоспар, күрделі жоспар жолымен жүзеге асырылады. Мысалы, мына бір мәтінді алайық.



Құмырсқаның қанағаты


Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатады. Ол құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ. Бір тобы індерін кеңейтіп жатыр. Екінші тобы үлкен құртты сүйреп келеді. Енді біреулері күзетте түр.

Ғұлама бір құмырсқаны ұстап алып:

- Сенің басың неге үлкен?- деп сүрайды.

- Ақылым көп!

Кұйрығың неге үлкен?

- Қайратым көп! Өзімнен қырық есе жүкті көтере аламын, - дейді.

- Ал белің неге жіңішке?

- Қанағатшылмын!

- Жарайды, ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетті. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?

Бір жылға жеткізер едім, - дейді құмырсқа.

Ғұлама құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды.

Бір жыл өткен соң сауытты ашып қараса, құмырсқа қимылсыз жатыр екен. Қасындағы бидайдың жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін құмырсқа орнынан тұрады.

-Бір жылға жетеді деп едің. Жыл өтті. Ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай деп сұрайды ғұлама.

- Иә, ол дәнді мен бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен біржылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, деп жауап беріпті құмырсқа

Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?

Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, депті құмырсқа.


Келтірілген мәтінге құрылған жай жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұламаның құмырсқаның илеуіне тап болуы.

2. Ғұлама мен құмысқаның өзара әңгімесі.

3. Ғұлама құмырсқаның қанағатын қалай сынады?

4. Құмырсқа қанағатшыл екенін қалай дәлелдеді?

Күрделі жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұлама тап болған құмырсқа илеуі.

a) індерін кеңейту;

ә) азық-түлік әзірлеу;

б) күзетте түру.

2. Ғұлама мен құмырсқа арасында болған әңгіме.

a) басының үлкен болу себебі;

ә) құйрығының үлкен болу себебі;

б) белінің жіңішке болу себебі.

3. Ғұламаның құмырсқаны сынауы.

a) сауытқа салу;

ә) бір жыл өткен соң;

б) құмырсқаның халі.

4. Құмырсқаның қанағатшыл екенін дәлелдеуі.

a) жарты дән;

ә) төрт-бес жылға жеткізу.

5. Қортынды

a) қанағатшыл болу - тамаша қасиет.

ә) Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау. Мұнда 1 жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. Мысалы:



Шын достық


Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.

Досымыз екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.

Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.

- Менікін құйыңыз, - дедім.

Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып, Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды. Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналған үміт оты қайта маздап жана бастады.

Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.


Мұғалім бұл мәтінмен таныстырмас бұрын оқушылардың жолдастық, достық, адамгершілік және жақсылық түсініктерін анықтап, олар жайында пікір алысады. Ұстаз мәтінді мәнерлеп оқып, мағынасы түсініксіз сөздерді (сәулелі болашақ, аузын арандай ашып, ауру меңдеп, дауа, сөнуге айналған үміт т.б. ) синонимдер арқылы түсіндіріледі. Оқушылар жоспар түзеді. Алайда жоспар бірінші жақ формасында емес, III жақта құрылады.


Мазмұндау жоспары

1. Білім жолында

2. Өткен өмір елестері

3. Досымбектің науқастануы

4. Қан беру

5. Шын достық

Әр сұрақ жеке-жеке талқыланып, жауаптар алынады. Ұстаз оқушыларға мәтіннің баяндалу формасының өзгеру заңдылықтарын нақтылы түсіндіріп, оның бұлжытпай сақталуын талап етеді.

Жоғарыдағы мәтін III жақ формасында мына үлгідей болуы мүмкін.

Шын достық


Досымбек пен Сәрсен екеуі Қызылжар педтехникумында оқып жүргенде танысты. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ оларды қол бұлғап шақырғандай болады.

Екі дос ылғи бір жатып, бір тұратын. Бір үзім нанға шейін бөліп жейтін, Бір анадан егіз туғандай. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сәрсенге сұм ажал аузын арандай ашып, досын алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

- Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрады. Бір күні Сәрсен емдеуші дәрігерден:

Бір ғана дауа: таза қан құю, деді дәрігер.

- Менікін құйыныз, - деді Сәрсен.


б)Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі түрі ықшамдап мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннің айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып ең негізгі, түпкі ойды жазады.

Қысқарта, ықшамдап мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады. Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып, қажетті материалды жинақтауға, көп ойды аз сөзбен беруге, пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Ұсынылып отырылған мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап, тандап қолдануға, сөйлемді жинақы құруға, аз сөзбен көп мағына беруге, тілін ширатуға септігін тигізеді.

в) Дайын мәтін бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі бір түрі толықтырып мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап мазмұндауға керісінше берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі.Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.

Жұмыстың бұл түрінде бір әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмысты оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.

Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. Ұстаздардың үнемі есінде болатын мәселе:оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұны олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген, етене таныс зат, құбылыс, оқуға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жүмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.

Жұмыстың бұл түрін қалай ұйымдастыруға болатынына мысал келтірейік.

Мұғалім ұсынылған мәтіннің қысқаша түрін тақтаға жазып қояды.

Мысалы:

Көлеңкеде жеті-сегіз жасар бала ұйықтап жатыр. Улы жылан жақындап келеді. Бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Екі жүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.

Мәтінді талдамас бұрын, оқушылардың улы жылан мен құстар жөнінде не білетінін сұрап, олар туралы тереңірек ақпар беріледі.

Мұғалім тақтада жазылған мәтінді таныстырып болған соң:

- Балалар, бұл жұмбақ сөйлемдер не жайында хабардар етіп тұр?

- Бұл сөйлемдер кішкене құстың баланы ажалдан сақтап қалғаны жөнінде сөз болады.

Дұрыс. Балаға ат қойыңдар.

- Болат, Қанат, Сәрсен.

- Дұрыс. Болат деп атайық.

- Бірінші сөйлемді қалай толықтыруға болады?

- Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр.

- Улы жылан кімге жақындап келеді?

Болатқа улы жылан жақындап келеді.

Құрылған сөйлемдердің екеуінде де Болат сөзі қайталанғандықтан, сөйлемдердің көркемдік ерекшелігіне нұқсан келеді. Сондықтан екінші сөйлемдегі Болат сөзін басқа сөзбен алмастырыңдар.

- Балаға, оған, жеткіншекке т.б.

- Дұрыс, бұл жерде оған деген сөзді алайық. Яғни екінші сөйлем "Оған улы жылан жақындап келеді" десек болады. Балалар, жылан тілін байқағандарың бар ма?

- Иә, жылан бір нәрсеге жақындағанда айыр тілін сумаңдатады.

- Дұрыс. Онда екінші сөйлемді "Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді" деп түзетуге болады. Енді үшінші сөйлемді толықтырайық. Құс қайдан шыға келді? Қайда қонды?

- Қайдан келгені белгісіз, жылан мен Болаттың арасына түсті.

- Дұрыс. Бұл сөйлемді "Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді…" Енді жылан мен құстың әрекеттерін сипаттаңдар.

Оқушылар бұл жөнінде әр түрлі ойларын білдіреді. Ең таңдаулы сөйлемдер іріктеп алынады.

Мысалы: Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып,оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір Тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.

Мұғалім кейінгі сөйлемдерді толыққанды етіп түздіру мақсатында мынандай сұрақтар беруіне болады.

- Сәрсен оянған соң нені көрді? Құс не үшін мерт болды? Бала қандай күйде болды?

Оқушылар берілген сұрақтарға өздерінің таңдаған сөйлемдерін ұсынады. Мұғалім ең сәтті сөйлемдерді іріктеп, тақтаға жазып отырады.

Әңгіме соңы былай аяқталуы мүмкін.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына аңырап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мұғалім түзілген мәтіннің толықтырылған вариантымен таныстырып, оқушыларға мазмұндаманың тақырыбын қою тапсырады. Балалар бірнеше ұсыныстары саралай отырып "Табиғатты сүй" тақырыбын таңдайды.




Табиғатты сүй


Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр. Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді. Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мазмұндамаға сынып ұжымы болып жоспар құрылады.

Мазмұндау жоспары

Ұйқыдағы бала

Жылан мен құстың айқасы

Таңырқаған бала

Адамзаттың міндеті


Мұғалім:

  • Балалар, түзілген жоспардағы "Адамзаттың міндеті" деген бөлігіне өз беттеріңше жауап жазуларың тиіс. Өйткені онсыз тақырып толық қанды ашылмайды.

Табиғат - баршамыздың анамыз. Оны қорғау - біздің парызымыз. Әрқайсысың өз міндеттеріңді айқындап, не істеу керектігі жайында ойларыңды жазыңдар.

Қазақ халқының табиғатқа байланысты салт-дәстүрі туралы не білесіндер?- деп берілген мазмұн мәтінін толықтырып жазу тапсырылады.

Оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.



II. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру


Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз? мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада даяр мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып мазмұндама жазу оқушылардың ойы мен тілін дамытып қоймай, оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.

Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар;

1.Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама.

2.Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.

Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіріп те жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұндай мазмұндама түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.

a) сурет бойынша мазмұндаманы мына жүйеде жүргізуге болады.

Алдын ала дайындалған қыс келбеті бейнеленген суретті іліп, сұрақ-жауап тәсілі бойынша дайындық жұмысы жүргізіледі.

1.Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны немен дәлелдейсіңдер?

2. Суреттің алдыңғы жағында кімдер көрінеді? Олар не істеп жүр?

3. Балалардың көңіл-күйлері қандай?

4. Ауа райы қандай деп ойлайсыңдар?

Суретке қандай ат қоямыз?

Қандай ой қортындысын жасаймыз?

Суреттің мазмұны жоғарыдағы жоспар бойынша талқыланып, сұрақтарға дұрыс берілген жауаптар іріктеледі.

Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді мәнерлеп оқып шығады.



Сырғанақта


Қыс. Жексенбі күні болатын. Асан таңертең тұрып, терезеден сыртқа көз тастаса, түнде үлпілдеген ақша қар жауыпты. Көше де, үйлердің шатырлары да, көк тіреген биік ақ қайыңдар да ақ мамыққа оранған. Жаңа жауған аппақ қар асыл тастай жалт-жұлт етеді. Аспан шайдай ашық, айнала мүлгіп тұр. Үп еткен жел жоқ, тып-тыныш. Асан таңертеңгі тамағын ішіп, сыртқа шықты.

Балалар сағат он бір кезінде ауыл маңындағы өзенге жинала бастады. Олар өзеннің биіктеу жағына қар үйіп,төбешік жасаған болатын. Сырғанақ тебуге келе жатқан балаларға Асан да ілесті. Барлығы жылы киінген. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Қыс қызығына ертерек жеткісі келіп, асыға басып келеді. Бәрі көңілді.

Өзен жағасы. Балалар беттерін аязға сүйдіріп, ойын қызығына берілген. Бірі төбеден етекке қарап шанамен зуласа, кейбірі өзенді тұмшалаған көк мұз үстінде коньки теуіп зырлайды.

Төрт бала қардан Аққала соғып, оған тезектен қара қас, сәбізден қызыл мұрын жасап әлектенуде. Қайдан әкелгені белгісіз басына түбі тесік шелек кигізіпті. Сонысына қарамай Аққала өте көңілді. Екі езуі құлағына жетіп, қыс қызығына түскен балаларға тамашалай қарап тұрған сыңай танытады. Сонымен бірге ол: "Балалар, ойынға беріліп, ертеңгі сабақтарыңды ұмытып кетпеңдер!" деп тұрғандай.

Табиғат ананың көңілсіз кезеңі жоқ. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы мен қызығы бар.


Мұғалім мазмұндама мәтінін оқып болғаннан соң, әрбір қайырым суретпен салыстырылады. Балаларға мағынасы түсініксіз деген сөздер мен сөз тіркестері синоним сөздер арқылы түсіндіріледі. Кейбір сөздердің орфографиясын есте сақтау қажеттілігі ескеріліп, тақтаға жазылады.

Ұжым болып мазмұндаманың жоспары түзіледі.

Жоспардың үлгісі

1. Таңертеңгі табиғат көрінісі.

2. Өзен жағасында.

3. Балалардың қыс қызығы.

4. Балалар соққан аққала

5. Қортынды.


Мәтін мазмұнын құрылған жоспар мен суретті салыстыра отырып бірнеше оқушы айтып шығады.

Мұғалім қортынды жасайды. Балалар мазмұндама жазуға кіріседі.

ә) сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыру.

Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін алдын ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.

Мұғалім дайын мәтіннің мазмұнын жоғарыдағы біз ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға меңгертеді.

Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырылған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз варианттарын айтып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең басты ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады. Яғни шәкірттердегі ойлаудың абстаракт- логикалық түрінің дамуына игі ықпал етеді.

Мысалы: 5-сыныпта Ж.Садықовтың "Түлкі" әңгімесі негізінде салынған сурет бойынша өткізілген мазмұндаманы келтірейік.





Түлкі


Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кіріпті.

Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін алаңдата берді. Бірақ саңылау құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.

Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қоранын ішіне оп-оңай секіріп түсті.

Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.

Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.

Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді.

Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін", деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.

Мұғалім мазмұндама мәтінін дауыстап оқып шығып, әңгіме мазмұнын оқушыларға талқылатады. Оқиға желісі толық игертіліп болған соң, мұғалім:

- Балалар, бұл әңгіме бойынша қанша сурет салуға болады?

Мәтін бойынша неше сурет салуға болатындығы, әр суретте нелер бейнелену керектігі жөнінде оқушылардың ең таңдаулы ұсыныстары іріктеледі.

Балалардың ұсыныстары негізінде бұл әңгіме бойынша бес сурет салуға болатындығы анықталады.

Оларға мынандай тақырыптар қойылды.

Тапсырма: Мәтінді өздерің аяқтап шығыңдар.


1. Түлкі қора төбесінде.

2. Түлкі қора ішінде.

3. Өлген түлкі.

4. Алданған Айша апай.

5. Қашқан түлкі.

Ұжымдық талқылаудың негізінде сурет саны белгіленіп, мәтіннің мазмұнына сай олардың әрқайсысына нелер бейнелену қажеттігі анықталады.

Мұғалім алдын ала дайындалған суреттерді бірінен соң бірін тақтаға іліп, әр сурет бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.

Талдау соңында әңгіме мәтіні мен суреттер салыстырылып бірнеше оқушы баяндап шығады.

Мазмұндаманың жоспарын құрмаса да болады. Өйткені әрбір суреттің тақырыбы жоспар есебінде жүреді.

Мұғалім қортынды жасайды. Оқушылар әңгіме мазмұны мен сюжетті суреттерді негізге ала отырып, мазмұндама жазады.




III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама


Оқушының өмірге белсенді поэзиясын оның адамгершілік мінез-құлқының қажетті жағдайына айналатындай етіп қалай қалыптастыру керек? Жеке бастың белсенділігінің қандай қырларын осы процеспен байланыстыруға болады? Бұл сұраққа танымал ғалым Т.И.Шамова оқушының танымдық әрекеті: алдымен қиял мен ойлау белсенділігіне сыртқы әсер ішкі белсенділіктің нығаюына себепші, оның өтуіне бақылау жасаушы орта болып саналатындығына байланысты деп жауап береді. Әрине, аталған әрекеттің жемісті болуына септесетін фактор бұл ғана емес, өз бетінше қиялдау мен ойлауды да белсенді ету керек. Академик А.Д.Александров бұл орайда мектеп балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше ойлауға да тәрбиелейтіндігін, ал мұның өзі қоғамның саналы мүшесіне керек қасиет екендігін атап айтады. Бұл тұжырымды академик М.А.Лавлернтьев те қостайды.

Оқушының өз бетінше ойлауын проблемалы ситуация туғызу негізінде, шығармашылық ойлау оқушылардың кез келген танымдық мәселесін шешуде әр алуан тәсілдерді іздестіру процесінде жүзеге асырылады.

Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу ең тиімді тәсіл екендігін осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі қуаттайды. Сонымен бірге, қабілеттілік, әсіресе, өз бетінше ойлау қызметі процесінде табысты дами түсетіндігі айқын. Осыған орай ойлауды белсенді ету үшін проблемалы оқытуды қолдану тиімді болмақ. Танымал психолог C.Л.Рубинштейн өз бетінше жұмыс істеу саналы әрекеттің қалыптасуы мен оның негіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды.Міне сондықтан оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді. Білімді шығармашылықпен пайдалануда оқушылардан мазмұндама мәтінін сәтті аяқтау үшін алдыңғы бөлігіне жымдаса логикалық байланысқа түскен сюжет ойластырумен бірге оны көркем тілде баяндап жеткізу талап етіледі. Бұл әрекет ең алдымен игерген материалдардың синтезінен тұрады. Белгілі бір толық мәтінді түзу үшін оқушыдан үшқыр қиял мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Егер оқушы мазмұндаманы талап деңгейінде орындап шықса, оның тасасында ұзақ ойлау процесі тұрғандығын естен шығармағанымыз жөн. Сол себепті оқушыларға мұндай қасиетті қалыптастыру үшін қажетті ситуация туғызылды деп түсіну керек.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруда мақсат оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.

Бұл шығармашылық жұмыс түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қортындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік "менінің" қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы "туа біткен тілдік қабілетін" ояту.

Мұғалім бұл жұмысты жеңілден ауырға қарай жүргізу принципі негізінде әрекет етіледі. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған әңгіменің оқиға желісі, сюжеті суреттер арқылы бағыт- бағдар беру негізінде жүргізіледі. Демек, оқушылар аяқталмаған мәтінді сюжетті суреттерге және ұжым болып құрылған жоспар негізінде жазып шығады.

a)келесі кезеңде аяқталмаған мәтін жартылай түзілген жоспар, әңгіме соңына бағыт-бағдар беретін сюжетті суреттер негізінде мазмұндама жаздыру;

ә)аяқталмаған мәтін мен әңгіменің сәтті тұжырымдауға сілтеме жасайтын жоспар негізінде мазмұндама жаздыру;

б)соңына дейін түзілмеген жоспар мен аяқталмаған мәтін арқылы мазмұндама жаздыру.

Міне, осылайша, мазмұндама жаздыру бірте-бірте күрделеніп, оқушыларға "өнер алды" болып табылатын тілдің қыр-сырын игертуге, байланыстырып сөйлеуге игі ыкпал етеді.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруға мысал келтірейік.





Ақылды жігіт


Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:

  • Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:

  • Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:

  • Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:

Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.

Одан шығып келе жатыр едік, ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен", - дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.

Сонда қыз тұрып:

Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.

Сұрақ-тапсырма

Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.

Осылайша оқушының ойлауына итермелейтін ситуация туғызылуы. Оқушыны "неліктен?", "қалай?", "не үшін?" деген сұрақтар мазалайды. Олар өз ақыл-ойын, қиялын осы мәселені шешуге бағыттайды. Детирминді, яғни адамның белгісізді білгісі келу қажеттігінен туатын ой процесі пайда болады.

Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған проблемалық, ізденгіштік сипат береді. Бұл ойлау процесінің ең елеулі белгісі. Егер бала одан сұрайтын нәрсені білетін болса, онда ол ойланбайды. Ол есінде сақталған, бұрыннан бар білімін пайдаланады да "Ойлау проблемалар, міндеттер бар болғандықтан туады да белгісіздіктен, түсініксіздіктен белгілікке, түсініктілікке қарай қозғалу болып есептелді".

Мәселе нақты болса, міндет те нақты болады, соның нәтижесінде оны шешуге арналған ізденіс те дұрыс және дәл бағыт алады. Сондықтан міндетті нақтылап анықтау – оны шешу үшін жасалған алғашқы қадам болып табылады.

Жоғарыдағы "Ақылды жігіт" әңгімесі бойынша мұғалім оқушылардың алдында міндет қойды. Оқушылар өзінше іздеуі, ұқсас және әр түрлі шешім табуы керек. Өзіндік қортындыға келуі тиіс. Міне мұндай жағдайда оқу әрекеті айқын проблемалық сипатқа енеді.

Оқушы берілген тапсырманы дұрыс шешу баланың үлкен қанағаттану сезімін тудырады. Жүк жеңілдегендей болып, табыс қуанышы оқушының алдына жаңа, бұдан да қиын міндеттер қоюға, соны шешу үшін ұмтылуға итермелейді.

Әрине мұғалімнің қойған сұрақтарына кейбір оқушы талап деңгейінде жауап бере алмауы да мүмкін. Мұндай жағдайда ойлану болған жоқ деп айтуға негіз бар ма? Жоқ, ізденіс, адамға бұрын белгісіз нәрселерді ашу ретіндегі ойлау әрине болады, алайда дұрыс ойлау заңдылықтарын игермегендіктен сәтсіз аяқтады. Мәселені дұрыс шешкен оқушылардың еңбектерін үнемі талқылау арқылы оларға бағыт-бағдар беріліп, шындықты жаңаша түсіну жолы қалыптастырылады.

Жоғарыда келтірілген әңгімені сәтті аяқтаған оқушының мазмұндамасын мысалға келтірейік.

Сонда қыз тұрып:

"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.

Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:

- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.


Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуда атқаратын рөлі ерекше. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Баланы көркем сөз өнерін үйретудің, баулаудың ең басты қажеттілігі осында.



































VII СЫНЫП



Жидебай мен Қараменде шешен


Жидебай шешен өзі қадір тұтатын Қараменде шешенге Бөлтірік деген баланы жіберсе керек. Сонда айтқан сәлемі:

- Төрт нәрседен үміт бар, бір нәрседен үміт жоқ. Қара сақалды әкем бар, Қара шашты шешем бар. Бес жетім жанымды қинайды. Осы сөзіме жауап берсін, - деген екен.


Сұрақ-тапсырма: Жидебай шешен бұл сөзіне сен қалай жауап берер едің?


Жауап: Жидебай жолдасының сөзіне Қараманде шешен:

- Ауру жазыламын деп үмітті, жарлы байырмын деп үмітті, қашқан құтылармын деп үмітті, ұлсыз адам ұл туар деп үмітті. Шіркін, үмітсіз тек қарттық екен. Алғашқы екі ауыз сөзінің мәні осы болса керек. Ал қара сақалды -әкесі, қара шашты шешесі болса, бала мен келінге қарап қалыпты-ау! Қайран ер, екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсын.

Аңға салынбаған құс - жетім, жүгірмеген ат - жетім, қатары біткен қарт - жетім, анасы өлген бала - жетім, оны көрген аға - жетім, - деп жауап беріпті.




Түлкі


Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерін шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кірісіпті.

Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін аландата берді. Бірақ сақ құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.

Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қораның ішіне оп-оңай секіріп түсті.

Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.

Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.


Тапсырма: мәтінді аяқтап шығыңдар.


Мазмұндау жоспары

1. Аш түлкі.

4. Қорадан шығу әрекеті.

2. Түлкі қуанышы.

5. Түлкінің амалы.

3. Түлкі тауық қорасы ішінде.


Мазмұндаманы былайша аяқтауға болады

Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді. Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты.Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін",- деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.

(Ж.Садықов)




Жер бетінде адам қалай пайда болды?


Бұдан 5800 жыл бұрын Тигр мен Евфрат қос өзеннің аңғарында Шумер өркениеті пайда болды. Оның жетістігін қазіргі ұрпақ иелігіне жаратып келеді. Қызығы сол: қайсыбір ғылыми жаңалықтарды, әсіресе аспан әлемі мен ғарыш жөніндегі жаңалықты Шумерлердің өздері де түсінбеген. Аяқ астынан шарықтаған ғылыми жетістіктер уақыт өте келе ілгері даму орнына, ұмытыла бастаған. Бұдан шығатын қорытынды: Шумерлердің шарықтап дамуы табиғи даму емес, сырт күштердің әсерінен болған.

Америка ғалымы Алан Элфорд Шумер жазуларына, Египет мұраларымен еврейдің "Көне өсиет" кітабындағы деректерді жинақтай келіп, төмендегідей қорытынды жасайды. Күн системасында бізге белгісіз 10-шы планета бар. Оны Шумерлер Нибиру (Қиғаш) деп атаған. Ол 3600 жылда ғана күнді бір айналады екен.

Алан Элвордың пікірі мынаған саяды: жоғарыдағы Нибиру планетасында бұдан 300 мың жыл бұрын техногендік өркениет етек жайған. Біздің жыл санауымыздан бұрын 270183 жылы Нибируліктер минерал тастар зәрулігінен жерге түскен. Сол кезден 18 мың жыл өткенде жер бетінде олардың алғашқы қаласы Эриду пайда болды. Арада тағы 25 мың жыл өткенде Энки есімді көсемінің басшылығымен олар Африкадан шахталар қаза бастайды. Жан төзгісіз қиын жұмысқа шыдамаған Нибируліктер 183783 жылы көтеріліске шығады.

Міне, осы кезден бастап келімсектер әлі миы жетілмеген, күрделі жұмысқа жарамайтын жер тұрғындарын жұмыс күші ретінде пайдалануды ойластыра бастайды. "Геналық инженерия" тәсілімен олардың ойлау қабілетін күшейткен. Сырт кейіптеріне де елеулі өзгерістер еңгізген. Өздерінің тектік қабілетін дарытқандықтан, жер тұрғындары ақылды, әрі әдемі болған.

Екінші Американ ғалымы Занария Сити жоғарыдағы пікірді дамыта түседі. Мессопатамия өңірінің жер жағдайын мұқият зерттеген ол Нибируліктердің ғарыш кемесі қонатын әуежайы Сиппар қаласында, ал олардың "баскару пункті" Ниппур қаласында болған дейді.

Нибиру планетасының күнге жуықтауы жерге колайсыз жағдайлар туғызып отырған. 10983 жылы ол жерге 12 миллион км жақындыққа келгенде, тартылу заңы бойынша теңіз суы аспанға көтеріліп, қайта төгілгенде жерді басып қалған. Топан су әлгі құрылыстарды бұзып кеткен.

Отаршылар алауызды болып, жер бетіндегі байлыққа таласқан сыңайлы. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2024 жылы ядролық соғыс болған. "Күкірт отынына" жанып кететін Садом, Гоморра қалалары соның айғағы. Ядролық шабуылға ұшыраған негізінен Синай жарты аралы.

Біздің жыл санауымызға дейін 200 жылы Нибиру тағы да Күн аумағына жақындаған. Келімсектер сол кезде жерді тастап, өз планеталарына қайтып оралған.

Біздің ақыл-ойы жетілмеген бабаларымыз оларды жаратушы құдай деп білген. Нибируліктер жер тұрғындарының қанына генетикалық өзгерістер еңгізіп қана қоймай, қыздарына үйленген, көптеген ұрпақ қалдырған.

Жер бетінде адамның жаралуы жұмбақ қалпында қалып отыр. Жоғарыдағы әңгіме көп болжамдардың бірі деп қабылдаған жөн болады.


Мазмұндау жоспары

1. Шумер өркениеті.

2. Алан Элфорд болжамы.

3. Занария Ситидің пікірі.

4. Адамзат қалай таралды деп ойлайсыңдар?





Сонарда


Ауыл адамдары сонарға таң қараңғысынан аттанды. Басшысы - Шымболат. Ойлары қасқыр жатады-ау деген жерлерді алыстан сүзіп, қасқырды мылтығы барлар, ит ұстағандар дала жақ бетте тосқауылдап, тасаланып тұруға тиіс…

Жандос Жолбарыстың қарғыбауынан ұстап, қалың жолдың ішінде отыр еді. Жел жақтан қасқыр қаққандардың айқай-шуы жақындап қалды. Жандос көзін тіксе, дала жақтағы бір белеске бытырай өрлеп, бес-алты қасқыр кетіп барады…

Жандос "һайт" - деп үлгермей, қасқырларды көзі шалған Жолбарыс жұлқына жөнелді. Аңшы да атына міне шапты.

Ол алдағы адырдың қырына шыққанша, қасқырлар арғы жазыққа ұзап шыққан екен. Қуған иттердің біразы "бәрібір жеткізбейді" деп күдер үзгендей, аңырап тұрып қапты. Енді біразы жолда қалуға ұялғандай, сылбыр

созылып барады.

Қасқырлардың бет алысы екіге айрылыпты. Көпшілігі қиғаштай шығысқа қарай ойысыпты. Олардың шабысы өте пысық. Ал батысқа беттеген екеуі томпаңдай қатар жарысып барады. Шабыстары ақырын.

Жандостың ойы жарысқан екеуді қууға кетті де, атының басын бұра жөнелді. Жақындаған кезде байқаса жарысқанның бірі - қасқыр, біреуі - өзінің Жолбарысы! Екеуі арбаға пар жеккен аттай бірінен-бірі мойнын бұра қарап, шауып келеді.

"һайт!"- деді, Жандос таяна беріп. Адамнан қаймығып жөнеле берген қасқырды ит мойнынан ала бергенде, екеуі айқаса кетті. Сонда да тіс салыса алмай, алдыңғы аяқтарын тіресіп түрегеп кетті. Сол кезде өшігуі шектен шыққан ит қасқырды кеудемен соғып жіберіп, тоңқалаң асырды да, тұрып үлгермей алқымынан ала түсті. Иттің аузы касқырдың сол жақ тамағынан жабыса қапты. Қасқыр қалай арпалысса да босатар емес. Ырылын күшейтіп, алқымға жабысқан аузын толғай түседі.

Ит сол қылқындырған қалпымен қасқырды тұншықтырған кезде, Жандос та жетті. Атынан домалай түсе қалған ол итіне жақындайын деп еді, ырылдап тесірейе қараған қызыл көзі өңменінен өтіп кете жаздады… "Күшігім, күшігім"- деп, Жандос жақындайын деп еді, жауырынан шап беріп ұстаған Шымболат оны өзіне қарай тартып алды.

- Өлгің келіп тұр ма?- деді ол Жандосқа, көрмей тұрмысың ызасы басылмауын. Алып тастайды! Жолама! Біраз сықсын қасқырды, сөйтіп құмарынан шықсын… Өлген қасқырды басып, ит біраз жатты да, аздан соң ғана қасқырдың алқымынан аузын босатып алды.

(С.Мұқанов)





Мазмұндау жоспары

1. Ауыл адамдарының қасқыр аулауға шығуы.

2. Жандос пен Жолбарыс.

3. Қасқырдың әрекеті.

4. Қатар жарысқан екеу.

5. Ит пен қасқырдың айқасы.

6. Ыза болған Жолбарыс.



Арыстан мен ит


Лондонда тағы аңдарды жұртқа көрсететін орын бар еді. Көрген ақысына ақша немесе тағы аңдарды тамақтандыру үшін ит немесе мысық алатын.

Бір адам аңдарды көргісі келді. Ол көшеден иттің бір күшігін ұстап алып, хайуанаттар көрсететін жерге алып келді. Оған аңдарды көруге рұхсат етті. Күшікті жесін деп, арыстан тұрған торға лақтырып тастады.

Ит құйрығын қысып, тордың бұрышына барып тығылды. Арыстан иттің қасына келіп, оны искелей бастады.

Ит шалқасынан жата қалып, аяғын көтерді де, құйрығын бұлғандата берді.

Арыстан оны аяғымен қозғап, аударып тастады. Ит ұшып түрегелді де, арыстанның алдына шоқиып отыра қалды.

Арыстан итке қарады да, басын екі жаққа кезек бұрып тұра берді, бірақ итке тиген жоқ.

Иесі арыстанға ет әкеп тастап еді, арыстан оны екіге бөліп, жартысын итке қалдырды.

Кешкісін арыстан ұйықтауға жатқанда, ит оның қасына жатып, арыстанның аяғына басын қойды.

Содан бастап ит арыстанмен бір жерде тұрды. Арыстан оған тимеді. Тамағын жеп, итпен бірге жатып ұйықтайтын болды.

Бір күні бір адам хайуанаттар тұратын жерге келіп өзінің итін таниды. "Бұл менің меншікті итім еді, сондықтан өзіме қайтарып бер"- деп өтінді аңдардың иесіне. Аңдардың иесі итті қайтарып бергісі келіп, тордан шығармақшы болып шақыра бастамақшы еді, арыстан күжірейіп, өкіре бастады.

Сонымен арыстан мен ит торда бір жыл бойы тұрды.

Бір жылдан кейін ит ауырып, өліп қалды. Арыстан тамақ жеуді қойды. Үнемі итті иіскелеп, аяғымен қозғаумен болды.

Иттің өліп қалғанына көзі жеткеннен кейін, арыстан секіріп, күжірейіп, қаһарлана бастады. Құйрығымен өзінің бүйірін сабалап, тордың қабырғасына соқтықты, Оның темір шабақтары мен еденін кемірді.

Ол күні бойы соқтығып, тордың ішінде арпалысып, өкірумен болды. Бір мезгілде өліп жатқан иттің қасына жатып, тына қалды. Өлген иттің иесі алып кетпекші болып еді, бірақ арыстан оның маңына ешкімді жолатпады.

Содан кейін өлген итті аяғымен құшақтап, сол күйінде бес күн жатты. Алтыншы күні арыстан өліп кетті.


Мазмұндау жоспары

1. Бұл оқиға қай жерде болған еді?

2. Тордағы күшік.

3. Арыстанның әрекеті.

4. Күшіктің иесі.

5. Иттің өлімі.

6. Арыстанның қасірет шегуі.

7. Арыстанның өлімі.

8. Хайуанаттардың бір-біріне деген тағы да қандай достық мысалын білесіңдер?



Жеміс бағында


Көктем тағы да келді. Алғашқы күн күркіреп, алғашқы жылы жаңбыр жауып өтті. Мойыл, шие, алмұрт, алма ағаштары гүлдеді. Жеміс бақшалары аппақ, жазық дала жап-жасыл болды.

Шатырлардың кемерлерінде қора торғайлар таранады. Ауада боз торғайлар шырылдайды. Бал аралары белуарларынан гүлге көміліп бал жинауда.

Енді бір-екі жұмадан кейін гүлдер төгіліп, гүлдердің орнына жеміс түйірлері көзге түсе бастайтын болар. Бал аралары дала гүлдеріне ауысар. Құстар сайрауын қойып, балапандарын асырауға кірісе бастар. Одан кейін бірнеше жұма өткен соң, шиелер қызарып, мойылдар қарайып, алмалардың түйірі үлкейе бастар. Қара бидай дәнін тастар. Құстар топ-топ болып ұшып жүрер. Аяңдап күз де жетер.

Күздігүні алма бағына барып көргеніңіз бар ма еді? Егер де барып көрген болсаңыз, алманың иісін ұмытқан жоқ шығарсыз. Әсіресе, кешке қарай қандай тамаша! Күн батып, шөптердің үстінде шық суы мөлдіреп тұрған кезде сіз бақ ішінде жүр екенсіз дейік. Алманың иісімен ауа жұпар аңқиды. Немесе таңертеңгі мерзімде қандай! Күн жаңа ғана көтеріліп жатқан кез. Шөптердегі шық тамшылары моншақтай мөлдіреп, жылт-жылт етеді. Жерге дейін иілген бұтақтардағы қылғылт хорошовкалардың' үсті көгілдірлене дымқостанып тұр. Қызыл хорошовканың бірін үзіп алып, жұпар иісті алманы аузыңызға салып кеп жібердіңіз. Сондағы жеген алманың дәмін ұмытқан жоқ шығарсыз! Ал мен ешқашан да ұмыта алмаймын! Бір-екі алманы қалтаңызға сала қайтсаңыз күн ұзаққа дейін үйдің іші алманың хош иісіне толады да тұрады ғой.

Ал енді күздігүні алманы жиятын кезде ше? Хорошовкалардың қабығы ғана емес, ішіне дейін қызарып піскен мезгілі бұл. Қып-қызыл болып піскен алмаларды басқышпен шығып, ептеп қана үзіп алып, корзинкаларға ақырын ғана салады. Толған корзинкаларды бір жерге төгіп үйе береді. Ана жерде де мына жерде де үюлі жатқан тау-тау алма. Сол кездегі адамдардың қуанышын көрсеңіз! Жадыраңқы жүзбен күлім қаққан адамдар ойын-күлкіден бір минут тыным таппайды.

Піскен алманы жинап алу жақсы ғой!

Ал енді сіздің наурыз айларында, белуардан қарға малтығып жүріп, алма ағашының түбін топтаған кезіңіз болды ма? Немесе терлеп-тепшіп алма ағаштарының түбін қопсытқаныңыз бар ма? Әлде жапырақтарына ұялаған жәндіктерді бір-бірлеп теріп алып, отқа өртегеніңіз бар ма? Немесе көктемгі қырау түскен кездерде әр жерге үйіп қойған қураған қоқыстарға от тигізіп, алма ағаштарының гүлдерін қыраудан қорғаған кезіңіз болды ма? Гүлдердің бүрлерін жапырақ бүрлерінен айыра аласың ба? Көктемнен (көктем кезінде жұрттың бәрі де айыра алады), күздігүнін айыра аласың ба? - деп, сұрап отырмын.

Мынау Fаяз бұл бүрлерді бала кезінен-ақ айыра білетін еді. Білетін еді деуім, әкесінің жанына еріп баққа барып, гүлдердің бүрін қарап жүрген кездері қашан, баяғыда өтіп кеткен. Бақша баптауды ол әкесінен үйреніп қалды. Әкесі сияқты ол да алма ағашын өсірді. Шие, қара өрік, қарақат екті. Оның әкесі оқи-жаза білмейтін сауатсыз адам еді. Ал Fаяз ауылдағы жеті жылдық мектептегі кеңес өкіметі тұсында бітірді. Бақша шаруашылығы кітаптар, журналдар алдырып оқиды. Ол соңғы күндерде өз аулы үшін үлкен бір бақша өсіруді ойлады.

( Ибраһим Ғази)


Мазмұндау жоспары

1. Көктемде бақта:

a) жеміс ағаштары гүл ашты;

ә) бақтағы құстар, аралар тіршілігі;

б) жеміс түйіндері және олардағы өзгеріс.

2. Күздігүні бақта:

a) бақ іші күн батар алдында;

ә) таңертеңгі бақта;

б) алма жинау.

3. Бақ күту.

4. Fаяз - бағбан.







Қақпатас басында


Қақ басында жалғыз шынар өскен биіктің төбесіне жеке біреу жортып шыға келді. Алыстан қараған адамға шынар қалпағы жалғыз аттының қасына ұстаған қалқаны тәрізденеді.

Күн еңкейіп қалған. Қайнар қайнауда көлеңке ұзарыпты.

Жалғыз атты Мұхит болатын. Ауылдан жолаушыларға азық арттырып өзі ілгері озып шыққан еді. Жеткенше асық боп суыт жүрді де, күн еңкейе Тасегеннің аузына келіп ілікті. Оның шыққан биігі Қақпатас деп аталатын. Тасеген өлкесіне түсер жердегі төбе тау өлкесінің аузына қойылған қарауыл сияқты, Мұның басынан қараған адамға төмендегі өлке айнала қабағы мен табанына шейін түгел көрінетін. Ол Қақпатас басына айналасына, өлке аңғарына көз жіберіп тұр.

Көлеңке жаққа қараған Мұхиттың көз алдында: биіктен шәугім қазандай көрініп шұп-шұңқыр өлке жатыр. Өлкенің ұзына бойын иректеп әріден шыққан Көкдолы бұлаң қағады. Тап Қақпатастан оның ашулы сарыны қатты естіліп тұрған жоқ. Күбірлеген қыз үні сияқты әлдене сыпсың-сыпсың етеді. Сеңгір өзенінің тап Көкдолы сияқты шығыс беттен шығып, Құттыашыққа қарай асыға зымырағанына қарап, әне бір жылдары Жақсылықтың оны

"Арман ағысы" деп атағанын Мұхит білуші еді, Расында, Көкдолы да Сеңгір секілді шығыс жақтағы арғы беттің аңсаған арманындай асыға бүлқынады. Тасегеннің шығыс жақ басында Көкдолының қысылып атқыған шыңдар қойнауы тас түйнектей үңірейіп тұр…

Ал шұңғыл өлке бойы Мұхиттың былтырғы көрінгеніндей емес, әр жерінде қызыл ту, жалаулар желбіреп, жалқын болуға еніпті. Құмырсқадай қыбырлап жатқан адамдар көзге шалынады. Өлкенің құбыла жақ қабағы бас-аяғы күндік жердей, қошқыл, бітік орман. Едәуір жерден де сыңсығаны естіледі. Орманға қарсы қабақтарда көк бұйра қия, жоталарды ендеп қыбырлаған мал жүр. Ойдағы жалаулардың ара-арсынан ақбоз үйлер ақ жұмыртқадай көрінеді.

Мүхит ойдағы өлкеден көзін алып, өзі тұрған айналасын, оңын, солын шолғанда, биік жайлаумынаурады: әр жерде тағы да ақ жұмыртка - киіз үйлер, көл бетінде жылжи жүзген көп құс сияқты отар-отар қой, үйір-үйір жылқылар жатыр. Жасыл теңіз беті көтеріліп басылып, көтеріп басылып тербеле толқиды.

( F. Сланов)

Мазмұндау жоспары

1. Қақпатас басына шыға келген жолаушы.

2. Қақпатастың сипаты (пішіні).

3. Биіктен қарап тұрған

Мұхиттың нелер жатыр? алдында

4. Көкдолы өзені.

5. Шұңғыл өлке бойы.

6. Жайлау көрінісі.

Қаз дауысты Қазыбек


Қазыбек бірде елге белгілі болған кезде бір балаға дауласып екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:

-Мына баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мына әйел қалай алғанын білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, қайтарып беруін сұрасам бермейді, - дейді.

Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр, - дейді.

Қазыбек екі әйелдің сөзін тыңдап, біраз отырып қалады. Сәлден кейін Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ Сондықтан мынадай билік еткім келеді, - дейді.

Сұрақ-тапсырма: Қазыбек би қандай билік айтты деп ойлайсыңдар?


Жауап: Қазыбек баланың екі қолынан әйелдерге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап тұрып:

- Екеуіңе қара қылдай қақ бөліп беремін, осыған ризасындар ма?- дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

- Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! - деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:

- Ойбай, биеке-ау! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз!деп безек қағады.

Содан барып Қазыбек: Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, - деп билік айтады.



Ер Жәнібек


Ер Жәнібек – жоңғар хандарының шапқыншылықтарынан қазақ елін, жерін қорғауға қатысқан атақты батыр. Сондай-ақ заманында ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген айтулы шешен де. Абылай жоңғар шапқыншыларымен соғысып жүргенде, он сегіз жасар Жәнібек қолды артынан қуа келеді. Келсе қазақтар бытырап, хан қайырып жүр екен. Аты барлыққан Абылайға шапқыншылар жақындап қалады. Жәнібек атынан түсіп, астындағы көк дөненін ханға көлденең тартады.

- Қарағым-ай, өзің қайтесің?- дейді Абылай.

- Сіз қолға түссеңіз ел басшысысыз қалар, мен қолға түссем қазақтың бір әйелі ұл туар, - дейді жігіт.

Абылай тың атқа мініп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Бір қалмақ батырының атын аударып мініп, қоршаудан Жәнібек те аман шығады.

  • Бала, ат бергеніңнен сөз бергенің асты ғой, осы жолғы олжаның басы сенікі. Кәне, менен бір қалағаныңды алшы, - дейді хан Жәнібекке, ұрыстан кейін іздетіп тауып алып.

Абылай екі айтқанда үндемей, үшінші айтқанда

Жәнібек:

  • Тақсыр, бір басыма жетерлік дәулетім бар, оң тізеңізден орын берсеңіз болады, - дейді.

  • Батырға орын бар, мана не сұраса да бір тілегін берермін деген уәдем бар еді, - дейді Абылай оң жағында отырған биіне. Би бір айтқанға орнынан қозғала қоймай, екі айтқанда Жәнібекке ала көзімен қарап:

  • Әкең алдына қойған асты жөндеп іше алмайтын атаның аяғы еді. Саған хан қасында не бар, атқосшы болсаң да жетпей ме?- дейді.

- Жақсының жанына арашасы болдың ба? Екі ауыз ескі сөз білдім деп хан қасында отыруға сенің нең лайық? Хан екі айтса, қадірі кетеді, қара екі айтса, ары кетеді. Бір құшақ қу ағаштан бір оқтық қайың шығады. Әкем жарлы болса, сондай-ақ болар, былай тұр, деп биді қолынан ұстап тұрғызып жіберіп, ханның оң жағынан орын алады. Жігіт содан бастап белгілі батыр, басқыншыларға қарсы қол бастап жорықтарға қатысады, ер Жәнібек атанады.


Тапсырма: Жоспар құрып, мазмұндама жазыңыздар.



"Жапалақ көрсең атып ал…"


Күндердің бір күні Сүлеймен патша:

  • Алтын, күміс ақ ордаларда отыра-отыра жалықтым. Енді маған әдеміленген ақ сүйектен, кемдігі жок ақ сүйектен, ылғи ғана бас сүйектен үш қабат сарай салынсын! Сарайдың бірінші қабаты әйелдердің, екінші қабаты еркектердің, үшінші қабаты құстардың бас сүйегінен қалансын!

Хан жарлығы екі емес. Сонымен қаһарлы ханның қайырымсыз жарлығы орындала бастайды.

Күндерде бір күн кезек ағайынды үкілерге келіп, патша жарлығы бойынша ең кенже інісі Байғыздың сүйегін апарып берер уақыт жетеді. Бірақ қайсар да батыр Үкі хан жарлығын орындамайды. Ол Жапал інісін жардың жарығына, Байғыз інісін тастың қуысына тығып тастап отыра беріпті. Құстарды қыру міндетін атқаратын Көкжендет дейтін қанды балақ құс болатын. Ол Үкіге жетіп келіп:

- Хан жарлығын неге орындамайсың? Байғыздың басы қайда, тап!- депті.

- Үкі қос құлағын тікірейтіп алады да, кет дегендей жуан шеңгелін сермеп қалады. Жармаса қалса, жазым боларын сезген жендет құс:

- Қап бәлем, патшаға айтармын!- деп кете барады. Сол бетімен ұшып келе жатса, ағасының тілін алмай, тығылып жатқан Жапал жалп-жалп етіп, жар басында ойнап жүр екен. Көкжендет Жапалдың жанына келіп:

- Байғыз ініңді тауып бер. Патшаның тойына бақыршы болып, тамаққа тоярсың, деп алдайды. Әрі қорқақ, әрі опасыз Жапал тастың қуысында жатқан кенже інісі Байғызды жау қолына ұстап береді.

Міне сол күннен бастап, Жапал аты өшіп, ол Жапалақ атаныпты. Опасыздық жасап, өз бауырын бір үзім жемге сатқаны үшін: "Жапалақ көрсең атып ал, жаманнан бойыңды сатып ал",- деген халық қарғысы мақал боп содан қалған екен.

Үкі қасиетті құс атанып, оның балақ жүнін қыз-бозбала бөркіне тағатын болыпты.

("Ел аузынан" кітабынан ).



Байлық, Бақыт, Ақыл


Ерте заманда Байлық, Бақыт , Ақыл үшеуі бас қосады. Олар өзара өткен-кеткен әңгімелерді айтысады. Сөз кезегінде үшеуі адам баласына тигізетін пайдасы жайында таласып қалады.

Алдымен Байлық сөз алып:

  • Менің арқамда адам баласының төрт түлігі сай, үйі дүние- мүлікке бай, ішіп-жемі мол болады. Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ, - деп кеудесін қағады.

Сонда Бақыт былай дейді:

  • Мен бақпын, кімнің басына қонсам соның атақ-даңқын шығарамын. Мансабын аспанға көтеремін. "Ақ дегені - алғыс, қара дегені қарғыс" дөкей етемін. Қарсы келген дұшпанды жер етемін.

  • О достарым, мен сендердің таластарына қосылмаймын. Үшеуміз тең тудық, Бірақ мен бірер ит көйлекті сендерден бұрын тоздырдым. Айтыстарың көңілге қонбайды. Мен-ақылмын. Сондықтан бекер даурығып менменсініп сөйлегенді жақтырмаймын. Үшеуміз де адам баласына қажетпіз.Көңілдеріне келсе де айтайын, екеуің де маған бағыныштысыңдар. Адам баласы менсіз өмір сүре алмайды. Келіспесеңіздер данышпанға жүгінейік. Төрелігін сол айтсын,-дейді Ақыл сабырлы түрде. Сөйтіп үшеуі данышпанға келеді.


Сұрақ-тапсырма: Адамзатқа Бақыт, Байлық, Ақылдың қайсысы қажеттірек деп ойлайсыңдар? Данышпан қандай төрелік айтуы мүмкін?


Жауап:

Үшеуінің таласын тыңдап алған Данышпан:

Өмірдің өзі сабақ: Байлық – бір жұттық. Бақыт баянсыз. Ақыл бар жерде ғана байлық та, бақыт та, бірлік те, тірлік те, ынтымақ та түгел. Ақылмен бәрін ойдағыдай басқаруға болады. Ақылдың еңбек деген сүйеніш тұтқасы бар. Оның алмайтын қамалы, қолы жетпейтін ырзығы жоқ. Сондықтан ақылды болып еңбек ете білген адам баласы байлыққа да, бақытқа да кенеліп, мәнді де сәнді өмір сүре алады,-деген екен.






Ақылды жігіт


Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:

  • Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:

  • Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:

  • Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:

Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.

Одан шығып келе жатыр едік ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен",- дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.

Соңда қыз тұрып:

- Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.


Сұрақ-тапсырма: Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.


Автор бүл әңгімені былай аяқтаған.

"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.

Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:

- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.

("Балдырғаннан")




Зерделі


Баяғыда Зерделі деген шешен болыпты. Бір күні ол бір топ жолдастарымен жаһан кезіп келе жатып, бір қарияға кездесті. Сәлемдесіп, жөн біліскеннен кейін қария Зерделіге:

- Балам, ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, санат неден шығады, оғат неден шығады, соны білесің бе?- депті.

- Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады, тату болса ағайын бірі құйрық, бірі жал қанат содан шығады. Қой терісін қорлама, жанат содан шығады. Халқы үшін қарттар қам жесе, санат содан шығады. Өнерсіз болса бозбала, оғат содан шығады,- депті. Қария Зерделіге риза болыпты. Үйге түсіп, дәм татуға шақырыпты.

Қымыз ішіп отырып, Зерделі:

- Ата, екеуіңіз қалай?- деп сұрапты.

- Екеуім үшеу болды, - деп жауап беріпті қарт.

- Алысыңызбен қалайсыз, жақыныңызбен қалайсыз?

- Алысым араздасты. Жақыныммен жауша жағаласамын.

- Тәттіңізбен қалайсыз?

- Балам-ай, тәтінің де дәмі азая бастады ғой.

- Несиеңіз тие ме, ата?

-Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным соның арқасы,-депті.

Қариямен қоштасып, атқа қонған соң, Зерделінің жолдастары:

- Қариямен екеуінің соңғы сөздеріңді біз ұқпадық, соны түсіндірші, - деп өтініпті.


Сұрақ-тапсырма: Қария мен Зерделінің жұмбақ сөздерін түсіндіріңдер. Әңгімені жалғастырып жазыңдар.


Жауап: Зерделі былайша түсіндіреді.

  • Екеуіңіз қалай дегенім, екі аяғыңыз қалай? дегенім еді. Қария:

- Екі аяққа әлсірегеннен, бір таяқ қосылып, үшеу болды, - деді.

- Алысыңызбен қалайсыз, дегенім, алыстағыны көре аласыз ба?- дегенім еді. Қария:

- Алыстағыны көрмейтін болдым, - деді.

- Жақыныңызбен қалайсыз?- дегенім, - тамақ ішім-жеміңіз қалай?- дегенім еді. Қария:

- Әр жерде бірде ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күн көремін, - деді.

- Тәттіңізбен қалайсыз?- дегенім,- ұйқыңыз қалай?- дегенім еді. Қария:

- Ұйқым азайды, - деп жауап берді.

- Несиең тие ме?- дегенім,- балаларың күте ме, еңбегіңізді өтей ме? - дегенім еді. Қария:

- Дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын, - деді.

(Балдырғаннан)



Батыр қыз


Түтеген боран әлі тынған жоқ. Оған сан алуан зеңбіректердің зіркілі қосылды. Көк жерге түскендей, жер сапырылысып тұр. Минут сайын үдей түсті. Қасындағы адамның тек ернінің қимылдағаны ғана көрінеді. Елең- алаңда іркес-тіркес қаптаған танкілер өтті. Оның соңынан қаптаған жаяу солдаттар алғаұ. Ию-қию. Қолын соза құлаған сары ала киімді фашист офицерін көргенде, Әлия оның жылтырап жатқан көкшіл шыныдай көзінен жарық дүниені қызғанғандай, аяғымен бір тепті. Адамның бетіне аяғы қатты тигенде, Әлияның жүрегі дір ете түссе де, бойына бір күш жүгіргендей болды.

Жылы орнынан қозғалған жау бұта сайын жармасып, қатты қарсылық көрсетті. Талай адам жараланады. Әлия талай жаралы жауынгерлерге көмек көрсетті.

Қарлы боранда өртенген үйді кім көрген, түтін мен буы бірге бұрқырайды. Әрі суықтан, әрі қозғалған күштен қорғанға фашистер қатты қарсылық көрсетті… Берікболдың пулеметіне сол деревняның батыс жағындағы жолды алуға бұйырылды. Әлия олармен бірге кетті. Үстеріндегі ақ халат қап-қара. Бұта жыртып балақтары, жеңдері жырым-жырым. Тек отты көздері мен тістері ғана жылтырайды. Олардың әрқайсысы бірінің сырын бірі сол жылтыраған көздерінен сезгендей.

Берікбол шаңғыға оратылған пулеметті сүйрете жөнелді. Оның соңында Әлия мен Петров. Кешкі ала көлеңкеде олар жау сыртындағы жолды кесе нысанаға алып, пулеметтерін құрып жатты. Қараңғы түсе деревнядан лық-лық болып шыққан жау адамдары жолдың екі жағына анда-санда мойындарындағы автоматтарынан оқ жаудырып келеді. Бұл да олардың қашқан үрейлерінің белгісіндей. Жүзден астам қараңдаған топ жақындаған сайын, Әлия атсаңдаршы дегендей, Берікболдың иығынан жұлқылайды. Оған асықпа дегендей, ол үлкен қара көзімен бадырая қарап:

- Бір оқ шығын кетпейтін жерге келсін,- дейді сабырмен. Кешкі қапырықта қасқыр шапқан қойдай дүрлігіп, ұйқы-тұйқы болып келе жатқан топ өкпе тұстарынан өте бергенде, "Максимка"1 олардың сиықсыз түрлерін мазақтағандай сақылдап қоя берді. Оның аузынан шыққан жалын фашистердің тобын минутта жапырып жіберді. Олардың кейінгі тобы шеп құрып жата қалып, пулеметтің жалыны шыққан жаққа дүркін-дүркін оқ боратты.

Берікбол толас минутты пайдаланып, орындарын ауыстырды. Жау тағы бас көтеріп, жолдан шыға, Берікболдар жатқан жылғаға қарай беттеді. Олар пулеметтерін қайта құрып, кезеніп жатып қалды.

Әлия пулеметті оң жағындағы томаршаның түбіне әкеліп орнатып, таянып қалған жауға жапыра оқ боратты. Селдіреген фашист топтары біртіндеп кейін серпілді. Оның соңынан қуған өзіміздің солдаттар көрінді. Аз тыншу.

Олардың қалғандары қауырт жүгіре жүріп, қолдарындағы қарудан оқ төгілдіре тағы шабуылға көтерілді.

"Максимка" тағы жалын бүрікті. Жау жапырақтай қиылып, қатарлары сиреп, кейін серпілді. Иін тірескен жау біртіндеп, келген тоғайларына қайта сіңіп кетті.

Артиллерияның айқайының тынуын күткендей бағанағы көк шинельділер тоғайдан қаптап шығып, тағы ілгері бой тасалай жүгірді. Тағы бір лек шықты. Олар осы жолы әлгі ақтық пулеметтің үні өшкен шығар деп, еркін ұмтылып келеді.

Бір кезде біздің "Максимка" енді жаудың оң жақ қанатынан қиғаштай соқты. Алаңқайға қаптап келіп қалған жау солдаттары құйын тигендей ұйтқып, ұмар-жұмарымен құлады. Кейбіреулері жан далбасамен алға ұмтылады, омақаса құлайды.

Қаптаған жау беті тағы тойтарылды. Осы кезде бізге көмекке келген әскер бөлімі де жетті. Қарсы шабуыл басталды.

Полковник бастаған төрт офицер "Максимканың" соңғы үні естілген жерге қарай қарды омбылап, бірінен-бірі озып жүгіріп келеді.

Міне, жетті. Пулеметті құшақтай құлап, кеудесінен қан дірдектеп жатқан жас қазақ қызын көрді. Полковник оны өзінің туған баласындай қолына көтеріп алып, бетінен сүйіп, оның құлағына: "Әлия! Әлия!"- деп айқайлады. Бірақ онда үн жоқ. Тек әлдене айтқысы келгендей кезерген еріндері ғана жыбырлайды.

Полковник кішкене қыздың алдында бас киімін алып, алға, кек алуға кекті ызамен кетіп бара жатты,

(А. Лекеров)


Мазмұндау жоспары

1. Түтеген боран.

2. Жау жанталасы.

3. Берікболға берілген жауынгерлік тапсырма.

4. Әлия ерлігі.

5. Полковник серті.



Күй құдіреті


Құрмаш ой құшағында. Міне, саусақтары қос шекке жанасты. Домбыра сыңар дауыспен тыңқ-тыңк етті де, үнсіз қалды. Сосын қос шекке қатар тіл біткендей асығыс былдырлай жөнелді. Қайта үзілді. Кенет домбыра булыға өксіп, ыңырси үн қатты. Алдиярдың қолындағы ет жерге түсіп кетті. "О, ғажап, бұ не, Құрмаш алжыған ба, қалай? Шертіп отырғаны зарлы аза, қапалы шер ғой!"

Бірақ шал қателескен екен, күй бірте-бірте түзеліп, күшейе түсіп, әбден қатайып алды. Сөйтсе, Құрмаш шежіре шерткен жыраулардай өз күйін ел басына түскен қайғы-қасіреттен әдейі бастапты. Кенет ол өткен күннің барлық күйінішін жүрегінен жұлып тастағандай болып, басын көтеріп алды да, шанақты шарт қимылмен қағып алды. Арқыраған арынды күй ақтарыла жөнелді. Лапылдаған дауылпаз үн таяу маңдағы үйлерден де асып, ауыл үстіне дабылдады.

Өзін-өзі қайталар емес бір сәтке. Домбырасын толғаған сайын он саусақтан естімеген жаңа күй туындайды. Жаяулар тоқтап қалған. Салт аттылар да тізгін тартып, осылай бұрылып келуде.

Құрмаштың өңі құп-қу. Шақырайта ашқан екі көзін жиылған жұрттың басынан асыра, киіз үйлерден әрідегі сары белдерге қарап, бірақ еш нәрсе көрмей отыр. Қанатын қомдап, ұшуға оқталған сұңқар-сынды…

Домбырасы тағы да шер төгіп, зарлап, безілдей жөнелді. Тағы да күндей күркіреген қуатты дүбір естілді. Мың сан тұяқ дала төсін дірілдетіп, кісінеген жылқы үнінь шақылдаған семсер дыбысы басқандай. Көбесінен күй төгілген көп саусаққа көз ілесер емес.

Бір сәт қос шекті сатырлата қағып-қағып жібергенде, асқақ сарын шапшып аспанға атылғандай болды. Алдиярдың жүрегі аласұрып, сыздап кетті. Күй буын- буынына түсіп, дуалап тастағандай. Екі көзін Құрмаштан ажырата алар емес.

Бұрын күй тыңдағанда аздап теңселіп отырушы еді, қазір қимылсыз қатып қалыпты. Кең даланың барша сотқарлығы мен шалқар шексіздігі осы күйдің бойына жиналғандай. Жапанды кезген жауынгер қазақтың, түз перзентінің өршіл рухын еліктіре түскендей. Қазір Алдиярдың құлақ түбінде мың сан қыпшақ қолы батырлар жырын шырқап тұрған тәрізді…

Қарт орнынан тұрды. Киіз үйдің ішінде одан әрі шыдап тұра алмады. Табалдырықтан аттады да, құдды суқараңғы адам құсап, ақ таяғын алдына соза ұстаған қалпы, домбырашыға қарай жылжыды. Бір басып, екі басып, тіпті ақырын келеді. Оған мынау жарық дүниені түгелімен домбыра дабылы билеп алғандай, ал байтақ дала сол сарынға қосыла гулеп тербеліп жатқандай сезіледі.

Домбырашы қолын үртіс көтерді… Шарт етті де, меңіреу тыныштық орнай қалды.

Алдияр тоқтай алар емес, қыбырлап әлі жүріп барады. Күй сарыны құлағанда әлі күмбірлеп тұр.

  • Тарта бер, Құрмаш, Құрманғазы! деп дауыстап жіберді қария. Тұла бойы қалш-қалш етеді. Құрмашта үн жоқ. Аяқталмаған күйінен шыға алмай, әлі есін жия алмай тұрды.

  • Алдыңнан жарылқасын, ақиығым, самғай бер асқардан-асқарға мынау қырандай! Бұрынырақ білмеппін, азат туған азаматым екенсің. Сен енді жалғыз Сағырбайдың ғана баласы емессің, жалпақ елдің мақтан тұтар перзенті болмақсың. Даңқың ассын, Құрманғазы, жақсы атты бол еліңе!

(Ә.Әлімжанов)


Мазмұндама жоспары

1. Ой құшағындағы Құрмаш қүйінің басталуы.

2. Домбырадағы шерлі, зарлы үн.

3. Күйдің үнінің қыпшақ батырларының жырына ұқсауы.

4. Алдияр қарттың батасы.



Ерлік деген не?


Ерлік - табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі. Халықта: туа батыр болмайсың, жүре батыр боласың деген нақыл бар. Ерлік деген әр түрлі жағдайда пайда болады. Ұрыс үстінде жаралану немесе өлу жауынгер үшін кездейсоқ нәрсе емес, сол саяси ұрыс даласында болып қала беретін ерлік оқиғалардың көпшілігі де кездейсоқ емес, ол - қиындық атаулыны жеңуге ынтық, жанын шүберекке түйе әзірленген дайындықтың жемісі. Кейде мүлде күтпеген жағдай болып қалады, сол бойда жауынгер де өзіне төнген қауіп-қатер салмағын мойнымен көтере тұра, табанда жаңа шешім алады. Идеялық шыңдалған, моральдық-адамгершілік сапасы жоғары жауынгерлердің ішкі дүниесінде азаматтың борыш алдындағы жауапгершілік, беріспеске бел байлаған жауынгерлік құмарлық түрінде ішкі адамгершілік қасисттері оянады, Міне, осы ішкі таяныштар ғана ерлік күшін қасиеттері оянады. Міне, осы ішкі таяныштар ғана ерлік күшін нығайтады, қандай қиыншылық кезең болса да, жауынгердің ұрыс даласында лайықты қадамдар жасауын қамтамасыз етеді. Өлім мен өмір егескен шақта ар-намысты сақтап қалатын етеді. Ерлік дегеніміз үлкен мақсаттар жолында жасалған ерекше қадам, ол осындай қоғамдық маңызды қадам болғандықтан, мұндай қадам қоғам тарапынан өзіне құрмет те табады.

Бандиттер де адам таң қалатын айлалы батыл қадамдар жасайды, өте бір сын сағаттардан да құтылып кете алады. Бұл да ерлік пе? Жок, бұл ерлік емес, олай болмайтын себебі: сырт алғанда, дене күшін барынша жұмылдыру күші жағынан ерлік дегенге ұқсастығы болғанымен, ішкі қозғаушы күшіне келсек, ол мораль қарсы, қоғамға жат, адамгершіліктен аулақ. Қайталаймын, жөні түзу жауынгердің бүкіл саналы өмірі ұрыс жағдайының талабына қарай ерлік жасауына, жаумен соңғы демі біткенше шайқасуға әзірлік болып өтеді. Сондықтан ерлік - кездейсоқ қадам емес, ұзақ тәрбиенің жемісі. Ерлікті белгілі бір қадамның дұрыстық не терістігіне қарай өлшеу керек. Тек өз ісінің мақсаты мен міндетін ұғынғанда ғана адамның ерлікке ұмтылған қадамында мән бар. Егер адам тапсырманы орындай тұра, оның қауіптілігін білмесе, өзінің қандай тәуекелге бара жатқанын ұғынбаған, оның не екенін сезінбеген болса, қалай болады? Тіпті тапсырма ойдағыдай орындалды делік. Оның осындай жолдағы қадамын ерлік деп айту дұрыс па? Моральдық жағынан, дұрыс емес!

(Б.Момышұлы)


Мазмұндау жоспары

1. Ерлік дегеніміз не?

2. Ерлік күшін нығайтатын нәрсе не?

3. Бандиттер айласы да ерлік пе?

4. Халық батыры деп кімдерді айтамыз?



Палуан үлесі


Үлкен боз атқа жегілген жеңіл арба Қазығұрт тауының батыс жақ бөктерімен Шымкент-Ташкент арасындағы тас жолға қарай ойысып келе жатты. Айдап келе жатқан он үш-он төрттегі жас бала. Арбаның дәл ортасына молдасын құра отырған алып бейнелі айбары зор, келбеті кесек жатқан бір адам. Арба жеңіл де болса елу пұт жүкке мыңқ етпейтін мықты еді. Оның үстіне көлемді жүк болмаса да, салмағы жағынан едәуір болатын. Ат айдаушы бала мен ұсақ-түйек темірді есептемегенде, алып бейнелі кісі бір жүз жиырма екі килограмм тартады. Қысқалау сабы бар балға он алты килограмм, арбадан тұмсығы шығып келе жатқан рельс екі жүз сексен сегіз килограмм, әрқайсысы он килограмм келетін бір буда шыбық темірлер де бар. Олар да соның үстінде. Шынжыр, тақтайын, тағы-тағыларын қосқанда, үстіндегі екі адамнан басқа, жарты тоннадан асатын салмақ еді. Қос аттың жүгін тартатын боз ат болмаса, жай атқа бұл жүкті сүйреп жүру қиын да еді.

Боз аттың бұл жүкті дамылсыз сүйрегеніне ай жарымнан аса уақыт өтті. Шыжыған шілденің аяғын ала Шымкенттен шығып еді де, Шәуілдер, Шаянды, Арыс, Бадамды, Мақтарал, Кировты, Сарыағаш, Келесті, Бостандық, Қаратасты аралап, Қазығұрт колхозына қонып, ат шалдырып алып, Шымкентке қайта оралайын деген беті осы болатын.

- Жолдың айрылатын жеріне жақындадық, ата, -деді бала.

Үлкен кісі жамбасындағы кенеп қаптың бұрышын бар-жиған бармағымен мыжғылап қойып:

- Балам, мына бір шөбі бар төмпешікке бұрылшы. Атты шалдырып, қапшықтағыны санап көрейік. Мөлшерге келсе, Шымкентке тіке-ақ тартып кетерміз.

Бала айтқан жеріне бұрылып, атын доғарды. Үлкен кісі арбадан қапшықты алды да, брезент шекпенін төмпешіктің үстіне жайды. Қапшықтың аузын шешіп, түбін сілкіп жіберді. Жабағы жүндей түйдектелген қағаз ақша шекпеннің үстіне төбе болып үйрілді.

  • Әй, балам, мынау ақшаның жүз сомдығын бір бөлек, елу сомдығын бір бөлек, ұсақтарын өз алдына шығара бер. Мен санап буа берейін.

Ақшаның көпшілігі жүз теңгелік еді, ұзақ отырып санап, он мың теңгеден буа берді. Буманың он бір бөлігін қапқа салғанда бес мың теңгедей ұсақ ақша қалды.

- Балам, осыны орамалыңа түйіп, шешеңе апарып бер. Інілеріңнің керегіне жаратсын. Ал, балам, енді сен жазуды жақсы жазасың ба?

- Жаман, ата.

- Қалам, қағазың бар ма?

- Бар.

- Қағаз, қаламыңды ал да, мен айта берейін, сен жаза бер.

"Отан қорғау комиссарына! Жетпіс бес жастағы қазақ халқының палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлынан туысқандық және жолдастық тілек. Қаныпезер қара ниетті жауды тез жеңу үшін күшімнің сарқындысын көрсетіп, жүз мың теңге ақша жинадым. Самолетпен келген жау сомалетпен жойылсын! Қартайғанда жалаңаш кеудеме тас сындыртып, иығыммен рельс иіп, тісіммен жүк тиеген арба сүйреп, қыртыстанған шекемнен ашы тер шығарып тапқан қаржыма бір самолет соқтыр. Отан соғысының ер жүрек армиясына мінгізген атым болсын!

Тілегімді қабыл ет! Көп жаса!"

Осы хатты жаздырып, қайталап оқытып, төс қалтасына салды да:- Балам, атыңды жек. Шымкентке тіке тарт. Бұл ақшаны банкіге өткізейін, - деді.

(Қ.Әбдіқадіров)




Алғашқы нысана


Неміс шебіне танк те кірді. Әлия да кірді. Ырғып барып, дөңгелек окоптардың біреуіне түсті, винтовка нысанасын дұрыстап жан-жағына көз жіберді. Біздің артта келе жатқан жауынгерлерді көздеп, оларға ажал оғын жөнелтіп, жаудың мергені отыр. Мергеннің бар назары-шабуылдап, біресе лап беріп, біресе жер бауырлап келе жатқан кеңес әскерлерінде. Үнемі ата бермейді, керектісін таңдап, дәлдеп қана көздейтін сияқты. Ол танк қалтасымен жетіп үлгерген Әлияны байқамай да қалды. Өзі снаряд отымен жанып жатқан шарбақтың іргесіне келіп отырғанда да, сол отты шарбақты бетке ұстап, тасадан атады. Жасыл шинелін желбегей киіпті, бір иығындағы пагоны жыртылып кетіпті де, қозғала қалса ит құлағындай салпандайды. Картозын1 шешіп тастаған ба, жоқ әлде жоғалтқан ба, жирен, сұйық шашы желмен желпілдеп жалаң бас отыр. Өзінің атысына сүйсініп, адам өлтіргеніне куанып, әбден желігіп алған түрі бар. Мұны біздей, көзі тұздай, кемиегі жыбырлап, оқ атқан сайын сүйсініп қалғандай болады. Әлиядан небары таяқ тастам жерде отыр. Окопқа келіп түскеннен кейін Әлияның өте жақыннан бірінші көрген жауы да, нысанаға алған бірінші қарауылы да осы мерген болды. Өші қозып кеткен Әлия басқа жерден емес, жау мергенді жирен шашы желпілдеген тұстан - нақ самайдан атты. Жүреден отырған беті енді шалқақтай құлады да, мылтығы қолынан найза бойындай жерге ұшып кетті. Бұл шебер мерген болуға тиіс, оны бақылап жатқан басқа бір серігі де бар сияқты, Әлия отырған окоптың жиегін сумаңдаған оқтар келіп жалады. Әлия бұға отырып, оқтар келген бағытка асқан сақтықпен, түйіле қарап, назар түйген еді. Тура өзіне қарай сүйретіле жылжып, ара-тұра атып қойып, онысымен мұны бұқтыра түсірмек болып амал жасап, жақындап қалған жау лейтенантын көзі шалды. Лейтенанттың оқалы погоны, жасыл картозының мандайындағы айдар бас құс бейнелес белгісіне дейін, топырақты тырнай ұмтылған тарамысты, тырнақты саусақтарына дейін бұүған көрініп қалды. Әлияның денесі суынып, әлденеден тітіркене, жеркене қалғандай болды. Ол жылжып келе жатқан бойы автоматынан Әлия окопының үстін жаба тағы бір дүркін оқ бората түскен орайда, енді қайталай боратқанша үлгертпей, Әлия оған граната сермеп қалды. Граната оның алқымынан барып жарылып, лейтенантты келе жатқан жерінен жоғары көтеріп, бір бүйірге қарай лақтырып тастады. "Сол керек саған!" - деп, Әлия тістене қойды.

(Ж.Жұмақанов)


Тапсырма: Мәтінге жоспар құрып, мазмұндап шығыңыз.




Сан мен Есімнің ұлдары


Ертедегі ерте замандарда әділдігі мен адалдығын арқау еткен бір данышпан кедей қарт өмір сүріпті. Жалғыз лашығын басына пана, кәрі кемпірін өзіне сүйеу тұтып, қоңыр салкын өмір сүріпті. Шалдың аты Сан екен де, кемпірінің аты Есім екен. Сан мен Есімнің кедейлігі сонша киерге киім, ішерге асы болмапты, Содан күндердің бір күнінде Сан қарияның түсіне ақ киімді Қызыр баба кіріп: "Балам, кедеймін деп кейіме, жарлымын деп жасыма! Адалдығың мен әділдігің үшін Алла тағала саған рахымы түсіп, арыстандай алты ұл, оған қоса есепсіз мал береді. Балалардың бірлігі тірлігімен ұштасқандай тату да мейрімді болады" деп аян береді. Осы үміттің жетегінде қария аз жүрді ме, көп жүрді ме, кемпірі Есім алты бірдей ұл табады. Айтқандай-ақ онымен қоса есепсіз көп мал да бітеді. Алайда басына біткен бақ пен дәулеттің қызығына шалқымай ақылды қарт ұлдарының болашағын ойлайды: "Менің болса кәрі қойдың жасындай ғана жасым қалды. Қартайғанда көрген қызығым, балаларым болды. Мал-мүлік ендеше сол балаларымның несібесі болар. Ағайынды алыстатар қу дүние ғой. Ұлдарым ер жеткенде мал үшін аралары алшақтамасын. Сондықтан есімдерін есеппен қояйын" деп Есептік, Реттік, Жинақтық, Болжалдық, Топтау және Бөлшектік деп қояды. Көп ұзамай Сан мен Есім дүниеден өтеді. Көз жұмарында: "Балаларым, аттарыңа заттарың сай болсын" деген бір ауыз өсиет тастап кетеді. Балалар ер жетіп, он сегізге толғанда енші алып, үй болатын кез де келеді. Әке өсиетіне құлақ асқан балалары өздерін тиесілі мал-мүлікті бөліске салады. Сонда Есептік бір, екі, үш деп санап жүріп, ешбір қосымшасыз жүз ірі қараны қанжығасына байлайды. Екінші ұлы Реттік аса ұқыпты болса керек, асықпастан бірінші, екінші,…тоғызыншы, оныншы деп санай жүріп, әр он жылқыдан біреуін алып отырады. Оның да малының саны жүзге жеткенде, кезекті Жинақтыққа береді. Жинақтық өзге балаларына қарағанда аса сабырлы да қанағатшыл екен, Ол сансыз жылқыдан көңіліне ұнаған сәйгүліктердің жетеуін ғана таңдап алады. Оның үстіне жеті санының қасиеттілігін мойындап, онан әрі асқысы келмейді. Болжалдық үнемі ашық-жарқын жүретін ақкөңіл болып өскен екен. Малдардың нақты санына жетпей-ақ шамалап сексен-тоқсан шақты қараны бөліп алады да, кезегін інісіне береді. Топтау өзгелерге қарағанда малжандылау екен. Жылқыны топ-тобымен санай жүріп, әр ту биеге бес-бестен құлынды артығымен алып, бес жүздей мал алады. Ал кенже ұлы Бөлшектік боса ағаларынан қалған көп малдың төрттен бірін ғана алып, қалғанын айдаладағы кедей-кешіккетерге теңдей бөліп, өзінің әділдігі мен жомарттығын арттыра түседі. Міне, содан бері Сан мн Есімнің балалары күллі әлемдегі жанды мен жансыздың сандық атауларына айналыпты.

(Хадиша Меделханова)





Ғайша сұлу


Баяғыда Момынбай деген байдың үш қызы болыпты. Үлкенінің аты Ғайша екен. Ғайшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай сұлу скен.

Момынбайдың қойын бағатын Бек деген жігіт болыпты. Ол әке-шешесінен ерте айрылып, жоқшылықты көп көріп өседі.

Бір күні Бек өзенге шомылып келе жатса, апалы-сіңілі үш қыз суға келе жатады. Ғайша Бекті көріп түр-тұлғасына, келбетіне қызығады.

Ақыры Бек пен Ғайша бір-біріне ғашық болады. Бірақ бірігіп шаңырақ көтереміз деуге байдан бата алмайды. Момынбай болса ішінен: "Осы боталарымды ешкімнен қалыңмал алмай сүйгендеріне қосамын. Шырақтарым бақытты болсын!" - деп ойлайтын.

Бір күні бай қыздарына бір-бірден алма беріп:

  • Қыздарым, кімді ұнатсаңдар, соны алмамен ұрыңдар. Ақ батамды беріп сол жігітке ұзатамын, - дейді.

Мұны естіген Момынбайдың қол астындағы барлық халық түгел жиналады. Тіпті көрші елдерден де үміткерлер келеді. Үш қыздың ортаншысы мен кішісінің ұнатқандары байдың балалары болады. Ал Ғайша сұлу өзінің сүйгені Бекті таңдайды. Көрікті де, ақылды қызының бұл қылығына Момынбай қатты өкпелейді. Басқа қыздарына той жасап, жасау-жабдығымен ұзатады да, Ғайшаға еш нәрсе бермей ұзатады. Алайда екі жас оған ренжімейді. Өз еңбектерімен күн көреді.

Күндердің бір күнінде Момынбай қатты ауырады. Бұған бақсы-балгерлер арыстанның жүрегін ғана ем болатынын айтады. Бай барлық үрім-бұтағын жинап алып:

  • Балаларым, осындай жазылмас дертке душар болдым. Тәуіптердің айтуы бойынша, арыстанның жүрегін пісіріп жесем ғана науқасымнан құлан таза айығады екенмін. Маған қайсысың арыстанның жүрегін алып келіп бересіңдер, - дейді жаны қысылып.

- Арыстанның атын естіген екі күйеудің жүректері дауаламайды. Сонда Бек тұрып:

- Мен алып келемін, әке,- дейді де аңға аттанып кетеді.

Қамысты көлге барып, арыстанды аңдып жүріп қақпанға түсіреді. Енді оған пышақ сала бергенде, арыстан босанып өзіне қарай бас салады. Бек азулы жыртқышпен көп алысып, әрең дегенде жеңеді.

Ғайша арыстанның жүрегін пісіріп, әкесіне әкеледі. Қуанған бай көзіне жас алып:

  • Балаларым, бақытты болыңдар. Ендігі бар байлығым сен екеуіңдікі, - деп ақ батасын беріпті.

(М.Құдайбергенқызы)


Мазмұндау жоспары

1. Момынбай байдың қыздары.

2. Бек пен Ғайша.

3. Қыз әкесінің ниеті.

4. Fайшаның қалауы.

5. Әке өкпесі.

6. Момынбайдың науқастануы.

7. Бектің әрекеті.

8. Әке батасы.




Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.01.2025
209
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі