Кіріспе
"Мектепте қазақ тілі мен көркем әдебиет шығармаларын оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі - жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету",- деп көрсеткен қазақ тілі бағдарламасының түсінік хатында.
Тіл дамыту - баланың ойлау процесімен байланысты әрі психологиялық, әрі тіл білімінің зерттеу обьектілерінің бірінен саналады. "Баланың тілін дамыту жеке сөздердің басын біріктіріп, сауатты сөйлеуге баулу - психология мен тіл ғылымының заңдылықтарымен тығыз байланысты құбылыс".
Мектепте балалардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру тіл сабақтарының негізінде қалыптасады, яғни оқушылар оқу барысында ойлау дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді. Ойлауды дамытудың негізгі құралы - тіл.
Бала ойы тіл арқылы, тілдегі ұғым атауы болған сөздер арқылы айтылады да материалдық формаға енеді. Ал ой толық сөз күйінде білдіргенде ғана айқындалып, айшықтала түседі. Түрлі айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен қасиеттері, адамдардың өзара қарым-қатынасының санадағы бейнелері болып табылатын ойлау формаларын бейнелейтін материалдық құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, оқушының тілі байыған сайын оның ойы да дамиды. Керісінше ойы даму нәтижесінде тілі де байып, шұрайлана түседі деген сөз.
Ойды екінші біреуге түсінікті етіп жазып, не сөйлеп жеткізу үшін оқушының бай сөздік қоры, жақсы тыңдай білуі, ең қажетті ойды дәл таба білуі, екінші біреудің ойын өз сөзімен жеткізу дағдысы, пікірін нақты фактілер арқылы дәлелдей алуы тиіс. Бұл үшін оқушыларды белгілі бір жүйемен, жоспар жасап сөйлеуге қалыптастырып, тезис, конспект жазуға баулып, айтылып отырған ойдың негізгі желісін өз сөздерімен жазып, не айтып берулеріне жаттықтыру, яғни байланыстырып сөйлеуді дамыту қажет.
Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге қалыптастыру қазақ тілі пәнінің ғана емес, әрбір сыныптарда өткізілетін әдебиет сабақтарының да негізгі обьектілерінің бірі болып саналады. Сол себепті байланыстырып сөйлеуді дамыту – оқушы тілін дамытудың мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыруды, сауатты жазуға баулуды, жұрт алдына қысылмай еркін сөйлей білуге, мәтінді дұрыс оқып, мазмұнын толық түсіне білуге үйретуді қамтиды. Бұл сияқты жұмыстардың түрлері сөз жоқ, оқушының ой-өрісін, тілін дамытудағы басты мәселелер болып табылады. Олай болса, тіл дамыту мәселесінің обьектісін, әдістемесін анықтауда тіл мен әдебиет пәндері бірлікте қарастырылады. Газет-журналдар мен кітаппен жүмыс, мәтінді талдау, оларға жоспар түзгізу, мінездеме беру,табиғат көріністерін суреттеу, суретпен жұмыс істеу, мазмұндама және шығарма жаздыру т.б. сияқты мәселелерде тіл мен әдебиеттің заңдылықтарын қатар пайдаланып отыру негізгі жұмыс түрлері болып табылады.
Біз бұл еңбегімізде жазба жұмыстарының оның ішінде мазмұндама жаздыру мәселесін сөз етпекпіз, көңіл аудармақпыз.
Мазмұндама - дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.
Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуға тиіс. 1/ оқушының өз ойы болуы; 2/ өз жанынан қосымша оқиға қосуы; 3/ өздігінен қортынды жасау; 4/ мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасындағы мәтінді ІII жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау; 5/ қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту; 6/ кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;
7/ мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып мазмұндау; 8/ берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.
Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.
Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).
Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:
1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;
2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;
3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кино-фильмдері;
4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;
5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;
6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;
7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;
8) жабайы аңдар және құстар;
9) түрлі кәсіп жайында;
10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын- жазушылары, билері мен батырлары т.б.
Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, "Күз", "Қыс", "Көктем" т.б. тақырыптар. Сөз жоқ, әр сыныпта шәкірттің жас ерекшеліктеріне, біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-сыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.
Мұғалім оқушының таным процестерін (ойлау, қабылдау, ес, қиял т.б.) дамытуға игі ықпал ететін мазмұндама мәтіндерін таңдап ұсынғаны мақұл.
Жеткіншек жастағы оқушылардың тілін, байланыстырып сөйлеуін дамытуда әсіресе мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін сөз тіркестері мен сөйлем синтаксистерін меңгерту жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрлерінде сөйлемдер құрастырумен шектелмейді, сонымен қатар тұтас мәтін түзулері тиіс.
Оқушыға мазмұндама мен шығарма жаздырғымыз келсе, онда мәтін жайында түсінік берілуі қажет. Олай етпейінше күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мәтіннің түрлері, оның негізгі белгілері, жасалу жолы, құрамына енетін сөйлемдер мен қайырымдардың (абзац) өзара байланысы және оның стилі жайында мағлұмат берілсе, оқушылар шығарма (мазмұндама) композициясын дұрыс құрып, айтайын деген ойын жүйелі жеткізген болар еді.
Жеткіншек жастағы оқушыларға мәтін жайында мәліметтер беруді неден бастаған жөн? Ең алғаш мәтін жайлы түсінікті теориялық жақтарын практикамен ұштастыра түсіндірген мақұл.
Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер бейнелі сөздер автоматтанып оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады.
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:
I. Дайын мәтін бойынша мазмұндама.
II. Сурет бойынша мазмұндама.
III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.
-
Дайын мәтін бойынша мазмұндама
Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:
а) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.
ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, бірақ баяндалу формасын өзгертіп баяндау.
б) Қысқарта баяндау.
в) Толықтырып мазмұндау.
a) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. Бұл дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па? Мұны әр түрлі түсінуге болады. Бірінде оқушы мәтін мазмұнын терең меңгеріп, ондағы кейбір сюжеттің, көріністің, өзіне үнаған сөз үйірімінің бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбір оқушы мәтін мазмұнын өз сөзімен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келіп соғады. Бірінші жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба құп. Ал өткінші, тек баға алу үшін бір-ақ рет пайдаланып, кейіннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны. Тәжірибелі ұстаздардың мазмұндама мәтінін дәл қайталамай оқушы өз сөздерімен беруді тіл дамытуда анағұрлым нәтижелі екенін сөз етеді.
Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдерге мына мәселелерді ескергенін жөн көреді: мазмұндама мәтінінің мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтіндегі барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.
Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандайда болмасын әсерлі шығарма ұсынылғанмен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезімін тудыра алмас еді. Өйткені мазмұндама мәтіндерін оқушыларға оқып беруде мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болуының маңызы зор. Бұл жөнінде орыстың ұлы педагoгi К.Д.Ушинский: «... Бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын мүғалім табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, алайда зейіні жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет", - дейді .
Бала психологиясын жете білетін А.С.Макаренко да балалармен қарым-қатынаста дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ол балаларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болу керек екенін айтады. Сондықтан мазмұндама мәтінін оқығанда мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн. Мәнерлеп оқуда екі түрлі талап қойылады. Олар - физикалық және психикалық. Біріншіден, оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау болса, ал екіншісіне, оқудың ритімін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау,дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б.жатады.
Міне сондықтан мазмұндама мәтінін мүғалімнің өзі оқып берген жөн. Одан кейін мазмұны айтылып, мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестері (фразеологизмдер) түсіндіріледі. Мазмұндау жоспары түзіледі. (Алғашқы кезде мұғалімнің көмегімен, кейіннен оқушылар өз беттерінше жоспар құрады).
Жоспар жазылмақшы мәтіннің мазмұнына байланысты жай және күрделі болып келеді. Мәтінге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегеніміз – мәтін мазмұнын бөлім-бөлімге бөліп беру деген сөз. Мәтінді жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның іс-әрекеттің орындарын алмастырып алмау үшін қажет. Жоспарлау мәтіндегі әңгіме болып отырған негізгі мәселені тани білуге баулиды. Мәтінге жоспар жасау әдетте, жай жоспар, күрделі жоспар жолымен жүзеге асырылады. Мысалы, мына бір мәтінді алайық.
Құмырсқаның қанағаты
Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатады. Ол құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ. Бір тобы індерін кеңейтіп жатыр. Екінші тобы үлкен құртты сүйреп келеді. Енді біреулері күзетте түр.
Ғұлама бір құмырсқаны ұстап алып:
- Сенің басың неге үлкен?- деп сүрайды.
- Ақылым көп!
Кұйрығың неге үлкен?
- Қайратым көп! Өзімнен қырық есе жүкті көтере аламын, - дейді.
- Ал белің неге жіңішке?
- Қанағатшылмын!
- Жарайды, ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетті. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?
Бір жылға жеткізер едім, - дейді құмырсқа.
Ғұлама құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды.
Бір жыл өткен соң сауытты ашып қараса, құмырсқа қимылсыз жатыр екен. Қасындағы бидайдың жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін құмырсқа орнынан тұрады.
-Бір жылға жетеді деп едің. Жыл өтті. Ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай деп сұрайды ғұлама.
- Иә, ол дәнді мен бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен біржылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, деп жауап беріпті құмырсқа
Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?
Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, депті құмырсқа.
Келтірілген мәтінге құрылған жай жоспардың үлгісі
Мазмұндау жоспары
1. Ғұламаның құмырсқаның илеуіне тап болуы.
2. Ғұлама мен құмысқаның өзара әңгімесі.
3. Ғұлама құмырсқаның қанағатын қалай сынады?
4. Құмырсқа қанағатшыл екенін қалай дәлелдеді?
Күрделі жоспардың үлгісі
Мазмұндау жоспары
1. Ғұлама тап болған құмырсқа илеуі.
a) індерін кеңейту;
ә) азық-түлік әзірлеу;
б) күзетте түру.
2. Ғұлама мен құмырсқа арасында болған әңгіме.
a) басының үлкен болу себебі;
ә) құйрығының үлкен болу себебі;
б) белінің жіңішке болу себебі.
3. Ғұламаның құмырсқаны сынауы.
a) сауытқа салу;
ә) бір жыл өткен соң;
б) құмырсқаның халі.
4. Құмырсқаның қанағатшыл екенін дәлелдеуі.
a) жарты дән;
ә) төрт-бес жылға жеткізу.
5. Қортынды
a) қанағатшыл болу - тамаша қасиет.
ә) Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау. Мұнда 1 жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. Мысалы:
Шын достық
Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.
Досымыз екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.
Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.
Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.
Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.
Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.
- Менікін құйыңыз, - дедім.
Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып, Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды. Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналған үміт оты қайта маздап жана бастады.
Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.
Мұғалім бұл мәтінмен таныстырмас бұрын оқушылардың жолдастық, достық, адамгершілік және жақсылық түсініктерін анықтап, олар жайында пікір алысады. Ұстаз мәтінді мәнерлеп оқып, мағынасы түсініксіз сөздерді (сәулелі болашақ, аузын арандай ашып, ауру меңдеп, дауа, сөнуге айналған үміт т.б. ) синонимдер арқылы түсіндіріледі. Оқушылар жоспар түзеді. Алайда жоспар бірінші жақ формасында емес, III жақта құрылады.
Мазмұндау жоспары
1. Білім жолында
2. Өткен өмір елестері
3. Досымбектің науқастануы
4. Қан беру
5. Шын достық
Әр сұрақ жеке-жеке талқыланып, жауаптар алынады. Ұстаз оқушыларға мәтіннің баяндалу формасының өзгеру заңдылықтарын нақтылы түсіндіріп, оның бұлжытпай сақталуын талап етеді.
Жоғарыдағы мәтін III жақ формасында мына үлгідей болуы мүмкін.
Шын достық
Досымбек пен Сәрсен екеуі Қызылжар педтехникумында оқып жүргенде танысты. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ оларды қол бұлғап шақырғандай болады.
Екі дос ылғи бір жатып, бір тұратын. Бір үзім нанға шейін бөліп жейтін, Бір анадан егіз туғандай. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.
Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сәрсенге сұм ажал аузын арандай ашып, досын алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

- Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрады. Бір күні Сәрсен емдеуші дәрігерден:
Бір ғана дауа: таза қан құю, деді дәрігер.
- Менікін құйыныз, - деді Сәрсен.
б)Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі түрі ықшамдап мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннің айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып ең негізгі, түпкі ойды жазады.
Қысқарта, ықшамдап мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады. Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып, қажетті материалды жинақтауға, көп ойды аз сөзбен беруге, пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Ұсынылып отырылған мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап, тандап қолдануға, сөйлемді жинақы құруға, аз сөзбен көп мағына беруге, тілін ширатуға септігін тигізеді.
в) Дайын мәтін бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі бір түрі толықтырып мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап мазмұндауға керісінше берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі.Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.
Жұмыстың бұл түрінде бір әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмысты оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.
Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. Ұстаздардың үнемі есінде болатын мәселе:оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұны олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген, етене таныс зат, құбылыс, оқуға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жүмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.
Жұмыстың бұл түрін қалай ұйымдастыруға болатынына мысал келтірейік.
Мұғалім ұсынылған мәтіннің қысқаша түрін тақтаға жазып қояды.
Мысалы:
Көлеңкеде жеті-сегіз жасар бала ұйықтап жатыр. Улы жылан жақындап келеді. Бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Екі жүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды.
Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мәтінді талдамас бұрын, оқушылардың улы жылан мен құстар жөнінде не білетінін сұрап, олар туралы тереңірек ақпар беріледі.
Мұғалім тақтада жазылған мәтінді таныстырып болған соң:
- Балалар, бұл жұмбақ сөйлемдер не жайында хабардар етіп тұр?
- Бұл сөйлемдер кішкене құстың баланы ажалдан сақтап қалғаны жөнінде сөз болады.
Дұрыс. Балаға ат қойыңдар.
- Болат, Қанат, Сәрсен.
- Дұрыс. Болат деп атайық.
- Бірінші сөйлемді қалай толықтыруға болады?
- Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр.
- Улы жылан кімге жақындап келеді?
Болатқа улы жылан жақындап келеді.
Құрылған сөйлемдердің екеуінде де Болат сөзі қайталанғандықтан, сөйлемдердің көркемдік ерекшелігіне нұқсан келеді. Сондықтан екінші сөйлемдегі Болат сөзін басқа сөзбен алмастырыңдар.
- Балаға, оған, жеткіншекке т.б.
- Дұрыс, бұл жерде оған деген сөзді алайық. Яғни екінші сөйлем "Оған улы жылан жақындап келеді" десек болады. Балалар, жылан тілін байқағандарың бар ма?
- Иә, жылан бір нәрсеге жақындағанда айыр тілін сумаңдатады.
- Дұрыс. Онда екінші сөйлемді "Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді" деп түзетуге болады. Енді үшінші сөйлемді толықтырайық. Құс қайдан шыға келді? Қайда қонды?
- Қайдан келгені белгісіз, жылан мен Болаттың арасына түсті.
- Дұрыс. Бұл сөйлемді "Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді…" Енді жылан мен құстың әрекеттерін сипаттаңдар.
Оқушылар бұл жөнінде әр түрлі ойларын білдіреді. Ең таңдаулы сөйлемдер іріктеп алынады.
Мысалы: Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып,оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір Тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.
Мұғалім кейінгі сөйлемдерді толыққанды етіп түздіру мақсатында мынандай сұрақтар беруіне болады.
- Сәрсен оянған соң нені көрді? Құс не үшін мерт болды? Бала қандай күйде болды?
Оқушылар берілген сұрақтарға өздерінің таңдаған сөйлемдерін ұсынады. Мұғалім ең сәтті сөйлемдерді іріктеп, тақтаға жазып отырады.
Әңгіме соңы былай аяқталуы мүмкін.
Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына аңырап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мұғалім түзілген мәтіннің толықтырылған вариантымен таныстырып, оқушыларға мазмұндаманың тақырыбын қою тапсырады. Балалар бірнеше ұсыныстары саралай отырып "Табиғатты сүй" тақырыбын таңдайды.
Табиғатты сүй
Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр. Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді. Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.
Мазмұндамаға сынып ұжымы болып жоспар құрылады.
Мазмұндау жоспары
Ұйқыдағы бала
Жылан мен құстың айқасы
Таңырқаған бала
Адамзаттың міндеті
Мұғалім:
-
Балалар, түзілген жоспардағы "Адамзаттың міндеті" деген бөлігіне өз беттеріңше жауап жазуларың тиіс. Өйткені онсыз тақырып толық қанды ашылмайды.
Табиғат - баршамыздың анамыз. Оны қорғау - біздің парызымыз. Әрқайсысың өз міндеттеріңді айқындап, не істеу керектігі жайында ойларыңды жазыңдар.
Қазақ халқының табиғатқа байланысты салт-дәстүрі туралы не білесіндер?- деп берілген мазмұн мәтінін толықтырып жазу тапсырылады.
Оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.
II. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру
Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз? мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада даяр мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып мазмұндама жазу оқушылардың ойы мен тілін дамытып қоймай, оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.
Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар;
1.Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама.
2.Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.
Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіріп те жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұндай мазмұндама түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.
a) сурет бойынша мазмұндаманы мына жүйеде жүргізуге болады.
Алдын ала дайындалған қыс келбеті бейнеленген суретті іліп, сұрақ-жауап тәсілі бойынша дайындық жұмысы жүргізіледі.
1.Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны немен дәлелдейсіңдер?
2. Суреттің алдыңғы жағында кімдер көрінеді? Олар не істеп жүр?
3. Балалардың көңіл-күйлері қандай?
4. Ауа райы қандай деп ойлайсыңдар?
Суретке қандай ат қоямыз?
Қандай ой қортындысын жасаймыз?
Суреттің мазмұны жоғарыдағы жоспар бойынша талқыланып, сұрақтарға дұрыс берілген жауаптар іріктеледі.
Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді мәнерлеп оқып шығады.
Сырғанақта
Қыс. Жексенбі күні болатын. Асан таңертең тұрып, терезеден сыртқа көз тастаса, түнде үлпілдеген ақша қар жауыпты. Көше де, үйлердің шатырлары да, көк тіреген биік ақ қайыңдар да ақ мамыққа оранған. Жаңа жауған аппақ қар асыл тастай жалт-жұлт етеді. Аспан шайдай ашық, айнала мүлгіп тұр. Үп еткен жел жоқ, тып-тыныш. Асан таңертеңгі тамағын ішіп, сыртқа шықты.
Балалар сағат он бір кезінде ауыл маңындағы өзенге жинала бастады. Олар өзеннің биіктеу жағына қар үйіп,төбешік жасаған болатын. Сырғанақ тебуге келе жатқан балаларға Асан да ілесті. Барлығы жылы киінген. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Қыс қызығына ертерек жеткісі келіп, асыға басып келеді. Бәрі көңілді.
Өзен жағасы. Балалар беттерін аязға сүйдіріп, ойын қызығына берілген. Бірі төбеден етекке қарап шанамен зуласа, кейбірі өзенді тұмшалаған көк мұз үстінде коньки теуіп зырлайды.
Төрт бала қардан Аққала соғып, оған тезектен қара қас, сәбізден қызыл мұрын жасап әлектенуде. Қайдан әкелгені белгісіз басына түбі тесік шелек кигізіпті. Сонысына қарамай Аққала өте көңілді. Екі езуі құлағына жетіп, қыс қызығына түскен балаларға тамашалай қарап тұрған сыңай танытады. Сонымен бірге ол: "Балалар, ойынға беріліп, ертеңгі сабақтарыңды ұмытып кетпеңдер!" деп тұрғандай.
Табиғат ананың көңілсіз кезеңі жоқ. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы мен қызығы бар.
Мұғалім мазмұндама мәтінін оқып болғаннан соң, әрбір қайырым суретпен салыстырылады. Балаларға мағынасы түсініксіз деген сөздер мен сөз тіркестері синоним сөздер арқылы түсіндіріледі. Кейбір сөздердің орфографиясын есте сақтау қажеттілігі ескеріліп, тақтаға жазылады.
Ұжым болып мазмұндаманың жоспары түзіледі.
Жоспардың үлгісі
1. Таңертеңгі табиғат көрінісі.
2. Өзен жағасында.
3. Балалардың қыс қызығы.
4. Балалар соққан аққала
5. Қортынды.
Мәтін мазмұнын құрылған жоспар мен суретті салыстыра отырып бірнеше оқушы айтып шығады.
Мұғалім қортынды жасайды. Балалар мазмұндама жазуға кіріседі.
ә) сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыру.
Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін алдын ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.
Мұғалім дайын мәтіннің мазмұнын жоғарыдағы біз ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға меңгертеді.
Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырылған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз варианттарын айтып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең басты ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады. Яғни шәкірттердегі ойлаудың абстаракт- логикалық түрінің дамуына игі ықпал етеді.
Мысалы: 5-сыныпта Ж.Садықовтың "Түлкі" әңгімесі негізінде салынған сурет бойынша өткізілген мазмұндаманы келтірейік.
Түлкі
Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кіріпті.
Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін алаңдата берді. Бірақ саңылау құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.
Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қоранын ішіне оп-оңай секіріп түсті.
Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.
Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.
Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді.
Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін", деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.
Мұғалім мазмұндама мәтінін дауыстап оқып шығып, әңгіме мазмұнын оқушыларға талқылатады. Оқиға желісі толық игертіліп болған соң, мұғалім:
- Балалар, бұл әңгіме бойынша қанша сурет салуға болады?
Мәтін бойынша неше сурет салуға болатындығы, әр суретте нелер бейнелену керектігі жөнінде оқушылардың ең таңдаулы ұсыныстары іріктеледі.
Балалардың ұсыныстары негізінде бұл әңгіме бойынша бес сурет салуға болатындығы анықталады.
Оларға мынандай тақырыптар қойылды.
Тапсырма: Мәтінді өздерің аяқтап шығыңдар.
1. Түлкі қора төбесінде.
2. Түлкі қора ішінде.
3. Өлген түлкі.
4. Алданған Айша апай.
5. Қашқан түлкі.
Ұжымдық талқылаудың негізінде сурет саны белгіленіп, мәтіннің мазмұнына сай олардың әрқайсысына нелер бейнелену қажеттігі анықталады.
Мұғалім алдын ала дайындалған суреттерді бірінен соң бірін тақтаға іліп, әр сурет бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.
Талдау соңында әңгіме мәтіні мен суреттер салыстырылып бірнеше оқушы баяндап шығады.
Мазмұндаманың жоспарын құрмаса да болады. Өйткені әрбір суреттің тақырыбы жоспар есебінде жүреді.
Мұғалім қортынды жасайды. Оқушылар әңгіме мазмұны мен сюжетті суреттерді негізге ала отырып, мазмұндама жазады.
III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама
Оқушының өмірге белсенді поэзиясын оның адамгершілік мінез-құлқының қажетті жағдайына айналатындай етіп қалай қалыптастыру керек? Жеке бастың белсенділігінің қандай қырларын осы процеспен байланыстыруға болады? Бұл сұраққа танымал ғалым Т.И.Шамова оқушының танымдық әрекеті: алдымен қиял мен ойлау белсенділігіне сыртқы әсер ішкі белсенділіктің нығаюына себепші, оның өтуіне бақылау жасаушы орта болып саналатындығына байланысты деп жауап береді. Әрине, аталған әрекеттің жемісті болуына септесетін фактор бұл ғана емес, өз бетінше қиялдау мен ойлауды да белсенді ету керек. Академик А.Д.Александров бұл орайда мектеп балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше ойлауға да тәрбиелейтіндігін, ал мұның өзі қоғамның саналы мүшесіне керек қасиет екендігін атап айтады. Бұл тұжырымды академик М.А.Лавлернтьев те қостайды.
Оқушының өз бетінше ойлауын проблемалы ситуация туғызу негізінде, шығармашылық ойлау оқушылардың кез келген танымдық мәселесін шешуде әр алуан тәсілдерді іздестіру процесінде жүзеге асырылады.
Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу ең тиімді тәсіл екендігін осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі қуаттайды. Сонымен бірге, қабілеттілік, әсіресе, өз бетінше ойлау қызметі процесінде табысты дами түсетіндігі айқын. Осыған орай ойлауды белсенді ету үшін проблемалы оқытуды қолдану тиімді болмақ. Танымал психолог C.Л.Рубинштейн өз бетінше жұмыс істеу саналы әрекеттің қалыптасуы мен оның негіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды.Міне сондықтан оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді. Білімді шығармашылықпен пайдалануда оқушылардан мазмұндама мәтінін сәтті аяқтау үшін алдыңғы бөлігіне жымдаса логикалық байланысқа түскен сюжет ойластырумен бірге оны көркем тілде баяндап жеткізу талап етіледі. Бұл әрекет ең алдымен игерген материалдардың синтезінен тұрады. Белгілі бір толық мәтінді түзу үшін оқушыдан үшқыр қиял мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Егер оқушы мазмұндаманы талап деңгейінде орындап шықса, оның тасасында ұзақ ойлау процесі тұрғандығын естен шығармағанымыз жөн. Сол себепті оқушыларға мұндай қасиетті қалыптастыру үшін қажетті ситуация туғызылды деп түсіну керек.
Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруда мақсат оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.
Бұл шығармашылық жұмыс түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қортындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік "менінің" қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы "туа біткен тілдік қабілетін" ояту.
Мұғалім бұл жұмысты жеңілден ауырға қарай жүргізу принципі негізінде әрекет етіледі. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған әңгіменің оқиға желісі, сюжеті суреттер арқылы бағыт- бағдар беру негізінде жүргізіледі. Демек, оқушылар аяқталмаған мәтінді сюжетті суреттерге және ұжым болып құрылған жоспар негізінде жазып шығады.
a)келесі кезеңде аяқталмаған мәтін жартылай түзілген жоспар, әңгіме соңына бағыт-бағдар беретін сюжетті суреттер негізінде мазмұндама жаздыру;
ә)аяқталмаған мәтін мен әңгіменің сәтті тұжырымдауға сілтеме жасайтын жоспар негізінде мазмұндама жаздыру;
б)соңына дейін түзілмеген жоспар мен аяқталмаған мәтін арқылы мазмұндама жаздыру.
Міне, осылайша, мазмұндама жаздыру бірте-бірте күрделеніп, оқушыларға "өнер алды" болып табылатын тілдің қыр-сырын игертуге, байланыстырып сөйлеуге игі ыкпал етеді.
Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруға мысал келтірейік.
Ақылды жігіт
Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:
-
Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:
-
Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:
-
Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:
Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.
Одан шығып келе жатыр едік, ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен", - дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.
Сонда қыз тұрып:
Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.
Сұрақ-тапсырма
Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.
Осылайша оқушының ойлауына итермелейтін ситуация туғызылуы. Оқушыны "неліктен?", "қалай?", "не үшін?" деген сұрақтар мазалайды. Олар өз ақыл-ойын, қиялын осы мәселені шешуге бағыттайды. Детирминді, яғни адамның белгісізді білгісі келу қажеттігінен туатын ой процесі пайда болады.
Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған проблемалық, ізденгіштік сипат береді. Бұл ойлау процесінің ең елеулі белгісі. Егер бала одан сұрайтын нәрсені білетін болса, онда ол ойланбайды. Ол есінде сақталған, бұрыннан бар білімін пайдаланады да "Ойлау проблемалар, міндеттер бар болғандықтан туады да белгісіздіктен, түсініксіздіктен белгілікке, түсініктілікке қарай қозғалу болып есептелді".
Мәселе нақты болса, міндет те нақты болады, соның нәтижесінде оны шешуге арналған ізденіс те дұрыс және дәл бағыт алады. Сондықтан міндетті нақтылап анықтау – оны шешу үшін жасалған алғашқы қадам болып табылады.
Жоғарыдағы "Ақылды жігіт" әңгімесі бойынша мұғалім оқушылардың алдында міндет қойды. Оқушылар өзінше іздеуі, ұқсас және әр түрлі шешім табуы керек. Өзіндік қортындыға келуі тиіс. Міне мұндай жағдайда оқу әрекеті айқын проблемалық сипатқа енеді.
Оқушы берілген тапсырманы дұрыс шешу баланың үлкен қанағаттану сезімін тудырады. Жүк жеңілдегендей болып, табыс қуанышы оқушының алдына жаңа, бұдан да қиын міндеттер қоюға, соны шешу үшін ұмтылуға итермелейді.
Әрине мұғалімнің қойған сұрақтарына кейбір оқушы талап деңгейінде жауап бере алмауы да мүмкін. Мұндай жағдайда ойлану болған жоқ деп айтуға негіз бар ма? Жоқ, ізденіс, адамға бұрын белгісіз нәрселерді ашу ретіндегі ойлау әрине болады, алайда дұрыс ойлау заңдылықтарын игермегендіктен сәтсіз аяқтады. Мәселені дұрыс шешкен оқушылардың еңбектерін үнемі талқылау арқылы оларға бағыт-бағдар беріліп, шындықты жаңаша түсіну жолы қалыптастырылады.
Жоғарыда келтірілген әңгімені сәтті аяқтаған оқушының мазмұндамасын мысалға келтірейік.
Сонда қыз тұрып:
"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.
Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:
- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.
Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуда атқаратын рөлі ерекше. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Баланы көркем сөз өнерін үйретудің, баулаудың ең басты қажеттілігі осында.
VIII СЫНЫП
Қасқыр, қарсақ, күзен
-
Менің көптен бері айтып жүретін тілегім орындалды. Атам өзімен бірге мені бірге мені қақпан құрып жүрген жеріне апаратын болды, - деп бастады Серік әңгімесін.
Мен қарны кебежедей жалқау күрең биедегі атамның артына мінгесіп келемін.
Бір топ шидің түбіне жеткенде, атам да, мен де қызық жағдайға қайран қалып тұрып қалдық.
Қарға көміле қойылған қасқыр қақпанына мойнынан түскен қарсақтың қарны жарылып, жып-жылы буы шыға шегі шұбатылып жатыр.
Мойны үзілуге жақындаған. Шарасынан шыққан көзі қанталап кетіпті. Алдыңғы жағынан орын таба алмағандай, домалана қыстырылған тілі езуінен қылтиып шығып тұр. Айнала опыр-топыр. Шашыраған қан. Қарсақ ізінен басқа, кішкене бір аңның келген ізі бар да, қайтқан ізі жоқ. Енді бір жалпақ із оңға қарай кеткен, онымен қатарласа қан аққан.
Атынан түсіп, әр белгіге еңкейе зер салып қараған атам, кішкене ойланып тұрды да:
- Fажап! Бұрын-соңды кездеспеген жағдай, деп таңдайын бір қағып, атқа қайта қонды. - Не де болса мына кеткен қасқырдың ізіне түсеміз.
Білмейтіні жоқ деп санайтын тәжірибелі аңшы атамның мынадай таңдануы, мені одан бетер таңдандыра түсті. Біз ізді қуалай кете бердік. Бұл арадан шыға бергендегі қасқыр іздерінің арасы алшақ-алшақ. Кей жерлерде бір орында қар шашып тұрып алған сияқты. Немесе әлде бір жаумен үлкен айқасқа түсіп, асыр салған ба дерсің?
Жүре келе із арасы жақындай түсті. Шамасы жүрісі бәсеңдей бастаса керек. Қан тамшылары әрі көбейе, әрі қоюлана түскенге ұқсайды. Мына жерде баяу келе жатқан бір кіші аңның ізі көлденеңдей кездесті. Ол із осы жерден былай шұғыл бұрылып, әр жерден бір түсе, оңға қарай ұзап кеткен.
- Апырай, қасқырдың көзі жіті болушы еді, мына кеткен қоянды қууға да шамасы келмегені-ау, тегі! деді, аз кідіре, кіші ізді көзімен ұзатып салған атам.
Енді біраз жүргеннен кейін, із қарға біресе тереңдей батып, біресе батпай ала-құлаланып жетті, және қисық- қисық түсе бастады.
Із бойымен тамшылай аққан қан, енді үздіксіз сорғалап, ақ қағазға түскен қызыл сияның өрнегі сияқты анық көрінеді.
-
Мына іздердің қарға бір жағынан ғана батып отыруын "ақсақ ойылу" дейді аңшылар. Бұл – қасқыр жүрісінің бәсеңдей бастауынан болған жай, - деп түсіндірді атам.
- Ата, ақырын жүрсе, қасқыр соғұрлым ептеп баспай ма, қайта қатты шауып отырғанда көп батады емес пе?- дедім.
- Жоқ, Серік, қатты жүргенде, қасқыр салмағы төрт аяғына бірдей түсіп отырады. Және көп аңның ішінде қасқырдай түзу жүретін аң кемде-кем. Түзу жүрсе, алысқа шабады, қиналмайды, денесін еркін жинап отырады. Ал енді мына іздің қисық түсуіне қарағанда, қасқыр әлсіреп, түзу жүре алмай, ырғалаңдай бастаған сияқты. Ал қасқыр қанының барған сайын көбейе түсуінің себебін өзім де түсіне алмай келемін…
Біз ізге түсіп, бастарына көбік қардан қалпақ киген қалың қызыл талға жеткенше, шет жағында сұлап жатқан үлкен сұр қасқырдың үстінен шықтық.
Аттан түсіп, қасқырды қос ауыз мылтықтың сүмбісімен түртіп аудара берген атам, селк ете қалды.
-
Серік, мына ғажапты қара! деп, қасқырдың тамағынан көзін алмастан, мылтықтың серіппесін ашты.
Атты тізгінінен жетелей, мойнымды создым. Жүрегім су өте қалды. Қасқырдың өндіршегін қиып, тамағының астына жабысып алған кішкене аңның құйрығы бұлаңдап қозғалады. Арқасы ақырын бүлк-бүлк етіп, қанды құныға сорып жатыр. Аузы ырсиған қасқырдың ашулы езуі "әттең, қапыда кеттім, әйтпесе!…" деген өкінішін айтып жатқан секілді.
- Мынау күзен, - деді атам түсіндіріп, - қақпандағы қарсақты боршалап кеткен осы күзен болды. Бұл - кіші аң болса да, қауіпті аң. Бір нәрсеге атылғанда, мұның қимылына көз іліспейді. Қасқыр келгенде, жемін қызғанып, тамағына жабысқан екен. Қысылған қасқыр құтылмасын білген соң, үйреншікті жеріне тартып отырған ғой.
Кеудесін кере, ауаны рақаттана жұтып, ауыр дем алған аңшы атам:
-
Пай-пай, бірінің қанын бірі ішулерін қарашы бұлардың. Жыртқыштың аты жыртқыш емес пе!- деді мылтықтың серіппесін тартып қалып.
Байқағыш балалар
Қуаң тартқан күзгі дала. Ауыл сыртындағы айдын жазықта екі бала доп ойнап жүгіріп жүр. Кейде бірін-бірі жазыла қуып, кейде допқа таласып ұршықтай иріледі…
Кенет жел тұрды. Арыстанды-қарабастың қозыны, қоянды алдына сап қуып кететін қу желі. Ауылды иықтай өтетін қара жолдың борпылдақ топырағы борай жөнелді. Аспан әлемі бейне бір сары дария сапырылысқандай шайқалады. Жел бораған сайын уілдеп, ышқына соқты. Күз аңызағы қуратқан бұта атаулы ағытылған қозыдай жамырап, желдің алдына түсіп жөңкіліп барады. Ең алдымен елпілдеп ебелек кетті. Тозақтанған қоян жүн топтана торғайдай ұшты. Сасырлар сасқанынан сайды сағалады. Бәрінен де мұндайда қаңбақ қызық қой. "Көшерімді жел білсін, қонарымды сай білсін" деп дөңгелеп безіп барады.
Екі бала асау аттай астаң-кестеңі шығып тулаған табиғат құбылысына таңырқай қарап тұрды. Көп көріністерді көздерінен сүзіп өткізді. Қаңбақпен қатарласа дөңгелеп келе жатқан қалпаққа көзі түсті. Қуып жетіп, ұстап алды. Қалпақты ұстап алған бала:
- Мына қалпақ қарт адамдікі екен ,- деді.
Екінші бала:
- Жаяу адамдікі екен, - деді.
Бірінші бала қалпақты шыр айналдыра көріп:
- Сол қолы жоқ, шолақ адамдікі екен, - деді.
Екінші бала қалпақтың іші-тысын байыптай қарап, аз ойланды да:
- Бұл қалпақ әйелі жоқ, бойдақ адамдікі екен, - деді.
Сұрақ-тапсырма: Бірінші бала қалпақты қарт адамдікі екенін, сол қолы жоқ, шолақ адамдікі екенін қайдан білді?
Екінші бала жаяу адамдікі екенін, әйелі жоқ, бойдақ адамдікі екенін қайдан білді?
Жауап: Екінші бала қалпақты ұстап тұрған жолдасына қарап:
- Бұл қалпақтың қарт адамдікі екенін сен қайдан білдің?- деп сұрады.
Сонда жолдасы оған көп ойланбай-ақ:
- Қалпақ жас адамдікі болса, қуып жетіп ұстап алар еді. Ал сен жаяу адамдікі екенін қайдан білдің?
- Астында мінген аты болса, қарт адам болса да атымен қуа қайырып ұстап алған болар еді. Сол қолы жоқ, Шолақ екенін сен қайдан білдің?
Сонда бірінші бала қалпаққа қарап тұрып:
- Алшысынан келген ақ қалпақтың оң жақ етігінің сырты теңгенің аумағындай дөңгеленіп, мөр басқандай қарайып қалыпты. Қалпақты ылғи оң қолымен киіпті, сол қолының жоқтығын содан білдім. Ал қалпақтың әйелі жоқ бойдақ адамдікі екенін қайдан білдің?
Сонда екінші бала:
-
Қалпақтың қайырылған сыртына тебен ине шаншып, сабағымен шандып орап қойыпты. Әйелі бар адам болса, ине алып жүріп не қылсын, мен содан білдім.
Әңгіме осы жерге келгенде екі бала ту сыртынан келіп қалған жалаң бас, сол қолы жоқ, егде адамды көрді.
Бұл қарт шынында да әйелі жоқ, сол қолы шолақ, көрші ауылда тұратын өздеріне таныс адам еді.
( Ө.Тұрымжанов )
Мазмұндау жоспары
1. Екі бала ойыны.
2. Кенет көтерілген жел.
3. Табиғат құбылысы.
4. Қаңбақ пен қалпақ.
5. Бірінші бала болжауы.
6. Екінші бала жорамалы.
7. Бірінші бала жауабы.
8. Екінші бала не айтты.
9. Қалпақ иесінің алғысы.
Алғашқы жауынгерлік тапсырма
Ұшақтар майданның алғы шебіне бет алып көтеріліп еді, барған сайын қалың орман төбесінен жоғарылап биіктей түсті. Жау бекінісінің алдыңғы шебі құмырсқаның жолындай иреңдеп қана көрінеді.
Талғаттың2 ұшағына атылған жау зениттерінің түтіні көктегі ала шарбы бұлттай болып аспан әлемін тұмандатса,оқтары ұшақтың о жағынан бір, бұ жағынан бір зулай ағып, жалын шашады. Ол жау оғын дарытпастан, байтақ теңіздің көк бұйра толқынында жүзген жалғыз кемедей қайқаңдап, биіктеп барады. Жоғарлаған сайын ноқаттай болып көрінеді.
Бара-бара биіктей түскен N 7 ұшақ бір шоқ ақша бұлтқа кіріп жоқ болды. Әне, қылт етіп қайта көрінеді. Тағы да бұлттан шыға келіп, батыстан соққан желге кеудесін төсей жөнелді. “Қанатымда қаһар бар” дегендей айбатпен анда-санда бір қайқаңдап, қалықтай ұшады. Жарқ етіп тағы да кенет көтеріліп, биіктегі бір шоқ бұлтқа кіріп жоқ болды. Қас қаққандай ғана уақыт өтті. Бұлттан суырылып төмен қарай жұлдздай ағып бара жатқан қара нүктені ұшақ деу қиын еді.
Үлкен бомба сияқты бір уыс боп түйіле түсті. Ол осы бетінде жау батареясының ортасына өзі бомба болып жарылатындай. Шапсаң және енді бетін қайта бұра алмастай тез,жерге жақындай келіп тастаған бомбадан түтін аралас сұр бағана көкке бойлайды.
Осындай айлалы әдіспен жаудыра тастаған бомбадан жау батареясының күл талқаны шықты. Өз ісінің нәтижесін байқау үшін төменге үңілгенде талқаны шығып, арша-арша болып жатқан жау бекінісін көрді.
Талғат берілген бұйрықты орындап, әужайға қарай бет түзегенде, жаудың екі истребителі ортаға алды. Енді не істеу керек? Төмендесе жерден атылатын зенит оғына тап болуы кәдік. Жоғарыда екі бірдей истребительге қалай қарсы тұрмақ? Талғаттың бұлтарып алған бағытынан аумай кете беруіне ырық бермей, жау ұшқыштары екі бүйірден шабуыл жасады. Жау ұшағы: "Сен менің тұтқынымсын" дегендей өжеттеніп қайталай берді. "Шынымен-ақ әуеде тұтқынға алынғаным ба? Жоқ, бұл қорлықтан өлгенім артық, не болса да көрейін…,"- деп, Талғат ұшақты жерге қарай бар жылдамдықпен тастап жіберді. Алдыңғы шептегі жаудың зенитінен жауған оқтан сескеніп, жоғары көтерілгенде баяғы екі истребитель оны қайтару мақсатымен құйрық жағынан шығып атқылағанда ұшақтың құйрығындағы винтін жұлып түсті. Машина қатты шайқалып, төңкеріліп барып қалпына келді. Енді қайта соқса, ұшақтың талқаны шықпақ. Әзірше бензин бак пен мотор аман. Осы жай ғана үмітін өшірмеді.
"Ендігі шабуылды күтпей-ақ ұшақты тастап жан сақтау керек пе? Жоқ, олай етуге болмайды. Өлсем, машинамен бірге… Жоқ, босқа өлуге де болмайды. Бірін қиратып өлу керек,"- деп, Талғат ұшағын оң жақ қанатындағы истребительге қарсы бұрып, шабуылға ұмтылды. Осы кезде екі ортаға қанатында қызыл жұлдызы бар "Як" келіп киліге кетті. Талғат бұл ұшақтың қайдан шыққанын, қашан келгенін біле алмады. Кеудесін қуаныш кернеп, көзі жайнап сала берді.
(С. Бақбергенов)
Мазмұндау жоспары
1. Майданның алғы шебіне ұшып келе жатқан ұшақтың көрінісі.
2. Жау батареясына бомба тастау.
3. Жау истребителімен кездесу.
4. Талғаттың ойы.
5. "Як" ұшағының көмекке келуі.
Сегізаяқ
Мен тасқа отырып, теңізге көз жібердім. Кенет менің сол жағымнан әлдеқандай бір айқай-шу естілді. Мен сол жаққа қарап, су ішінде алысып жатқандарды көрдім. Екі қытай әлдеқандай бір жануарды таяғымен қысып алып, жағаға лақтырып тастамақ болып жатыр.
Олар әрі қорқып, бірақ сонда да айрылып қалғысы келмей, жармасып-ақ жатыр.
Мен қастарына жүгіріп бардым.
Осы кезде жәрдемге тағы да үш қытай жетіп келді. Зор сегізаяқ жағаға өте жақын еді, мен оны анықтап көрдім. Оның түсінің қандай екенін айту қиын, түсі ылғи өзгеріп отырады: бірауық көгілдір, бірауық жасыл, бірде сұр, бірде сарғыш тартып кетеді. Қытайлар сегізаяқты қайырға қарай сүреген сайын, оның да күші әлсірей түсті. Ақыры, оны жағаға сүйреп алып шықты.
Бұл - бір үлкен қапшық еді, бұтақ-бұтақ көп аяғы бар. Ол бірден бұтақ басқан екі-үш қысқашын аспанға көтергенде, оның бұлбұлдың тұмсығындай үлкен қара тұмсығын көруге болады. Кейде тұмсығы сорайып сыртқа шығады да, кейде тіпті ішіне батып кетеді. Тұмсығының орнында кішкентай ғана жырық қалады. Оның өте бір қызық жері - көзі, адамның көзіне сондай ұқсайтын басқа бір айуанды табу өте қиын.
Бірте-бірте сегізаяқтың қимылы бәсендей түсті. Денесі де қалшылдай бастады. Сыртқы бояуы да семіп көбіне көкшіл сұрғылт түске ене бастады.
Ақыры, бұл айуанның тынышталғаны сонша, тіпті сескенбей-ақ қасына келуге болатын болды. Мен оны өлшеп алдым. Бұл бас-аяғы бар айуанның өкілі өте ірі екен. Барлық денесі жиналған қапшықтың ұзындығы 80 сантиметр, қысқаштарының (аяқтарының) ұзындығы бір жарым метрдей болса, жуандығы 12 сантиметрге дейін барады.
Сегізаяқтың осы бір өкілін қай музейге болса да ұялмай қоюға болатын еді, бірақ менің лайықты ыдысым мен жеткілікті формалинім болмады. Сондықтан оның бір сирағының сынығын ғана қанағат еттім.
Бұл сирақты мен қаңғыма шаяндардың қабығын таба алмай, аң-таң болдым. Оны сегізаяқтың аяғының сынығы сорып алыпты. Демек, оның аятарының бұл қасиеті оны кесіп алып, формалині бар банкаға салғаннан кейін де біраз уақытқа дейін қалмайды екен.
Кешке қарай қытайлар мені сегізаяқтың етімен силады. Олар оны теңіз суын қайнатқан қазанда пісіріпті. Оның еті аппақ, созылмалы, дәмі ақ саңырауқұлақтың дәміне ұқсас.
(В. Арсенов)
Әңгіме өткізу үшін сұраулар:
1. Қытайлардың іс-әрекеті.
2. Қытайлардың алысып жатқандары не?
3. Сегізаяқтың түсі неліктен өзгеріп, кұбылып отырады?
4. Бұл сегізаяқтың түрі, аяқтары қандай?
5. Көзі қандай? Денелерінің ұзындығы, жуандығы қаншалық?
6. Банкадағы шаянның қабығы қайда кетті?
7. Сегізаяқты не үшін аулайды?
Тапсырма: Әңгімені берілген жоспар бойынша өткен шақ, III жақпен мазмұндап жазыңдар.
Мазмұндау жоспары
1. Теңіз жағасындағы арпалыс.
2. Сегізаяқты жағаға сүйреп шығару.
3. Сегізаяқ түсінің құбылмалылығы.
4. Сегізаяқ тұлғасының сипаты:
a) тұмсығы, ерекшелігі;
ә) көзі, сипаты;
б) денесінің, аяқтарының ұзындығы, жуандығы.
5. Банкаға салынған сирақ, оның әрекеті.
6. Сегізаяқ етінің ерекшелігі.
Тұтқиылдан шабуыл
Қазылған ор, атылған оққа қарамастан майдан шебін бұзып өтіп, жаудың ту сыртына шығып алдық. Ай тастай қараңғы. Үзап алғаннан кейін барар бағытымызды түзеп алып, Айтулы қаласына қарай жолсыз жермен тартып келеміз. Мана майдан шебінен өткенімізде, бізді атқылаған жаудың зеңбірегінің үнінен жер сілкінгендей болып еді. Енді жым-жырт, құлазыған үнсіз далаға кездестік.
Айтқан қалаға да жақындап қалдық, Танкілердің бәрі де бензинмен суарылған, дыбыстары жөнді шықпайды. Қалаға жақындап келіп, барлаушылар жіберіп едік, олар немістердің көшеде бейбастақ істеп жүрген бір-екі офицерін ұстап әкелді.
Біздің қолбасшының айтқаны дәл екен, он жеті эшалон1 келіп жетіпті. Ішінде кілең танкілер тиелгенінің өзі он бір. Қай жерде қандай күштер тұрғанын белгілеп алдық та, төртке бөлініп станцияның төрт жағынан шықтық. Таң атып келеді. Қимылдаудың кезі жетті.
Майданнан алыс жатқандықтан, немістер бейқам екен. Тек ұшақтардан қорғануға әзір болу керек, көк жүзін тілгендей прожекторлардың ғана сәулесі көзге жиі түседі.
Дыбыс білдірмей жақындап келіп, төрт жақтан кие жөнелдік. Немістердің сасқандығы сондай, әзір тұрған зениткаларын сол аспанға қараған күйінде гүрсілдете бастады.
Аспанға кетіп жатыр. Біз бірінен соң бірін таптап, алға қарай ұмтылып келеміз.
Станция төбесіне өрт жалыны минут сайын күшейіп, жалынан күмбездер орнап, кейбір жеріне жанар тау да пайда болды. Неміс қаруларының да үні шыға бастады. Бірақ бұл бізге қарсы атылып жатқан оқтың үні емес. Біздің оғымыздан, оғымыз салған өрттен тұтанып жарылған снаряд пен бомбалардан бензин басына от тиіп, жалын құша құлап түсіп атқан болат, шойындардың үні. Шегірткедей қаптап аспанға жарқырап ұшқан қалың оқтың арасынан қып-қызыл күйінде ұшып жүрген білектей темірлер де көрінеді. Қарсыласқан біреу жоқ. Тек немістердің безілдей қашып бара жатқанын өрт сәулесімен алыстан ғана көріп жүрміз. Дәл сол немістер Берлинге дейін қашса да, мен оларды қорқақ демес едім. Өйткені мынадай от сұрапылына қарсы келу мүмкін емес.
( Ә.Әбішев)
Тапсырма: Мәтінді мазмұндау жоспарын жасап, үшінші жақпен мазмұндап жазыңдар.
Қасқыр бөлтірігін қалай баулиды
Қалқаман кішірек айбалтасымен екі қайыңды тамырын шаба қопарып, сабағы кере құлаштай шоқпар жасады да, кішірегін Жандосқа беріп, үлкенін өзі алды.
Шоқпарларын иықтарына салған олар қалың ағаштың ішіне кірді. Зәулім биік боп өсіп тұрған, етегіне күн көзін түсірмейтін бұл қалың ағаштың ішіне өскен шөп ешкі бүлдіргеннің жапырақтары екен. Олардың басына үркердей боп шоқтала шыққан бүлдіргендер күп-күрең боп пісіп қапты. Ауызға салса бырт етіп жарылып кетеді, тілді үйірген қышқыл дәмі қымыз татиды…
Бүлдіргенді балалар жеп те, қалталарын толтырып та біраз тергеннен кейін:
- Енді жолымызды байқайық, - деді Қалқаман.
Олар ілгері жүрді. Қалың ағаш өскен дөңнің қыратында ескі қыстаудың жұрты бар екен. Көп заманнан бергі жұрт болу керек, ізі-түзі бітіп, көзіне алаботасы, бидайығы аралас қалың шалғын шығып кетіпті.
Ескі қыстаудан әрі ұзамай қалың ағаш сиреп, дала көріне бастады. Сол кезде олардың құлағына бақырған лақтың даусы естілді. Елеңдеген балалар тұра қап құлақ түрсе, шынында лақ даусы. Өте ыңғайсыз дауыс сияқты. Дауыс әлсін-әлсін қайталай береді.
- Анық лақ!- деді Қалқаман.
- О қайдан келеді? деді үрейленіп тұрған Жандос. Бұл маңайда ел көрінбейді ғой.
- Қасқыр әкеледі, - деді Қалқаман.
- Қасқыр?!
- Иә.
Қыстаудың желке жағында, қалың орманнан оғаштау өскен биік шоқ ағаш тұр. Әдетте ондай жерде ауылдың зираты болады. Лақ даусы сол шоқ ағаштың ар жағынан естілді.
Балалар зират арасымен жасырынып барып қараса, әрірек бір үп-үлкен лақты бөлтіріктер қақпақылдай қуып, жан-жағына тістемей талап жүр. Жанталасқан сорлы лақ қамалаған бөлтіріктердің қарсы келгенін сүзбек боп ұмтылса, кейінгі жақтағылары тістелей бастайды, оларға бұрылайын десе, артындағылары тістейді.
Лақтың аянышты халін көрген Қалқаманның қаны ызып кетті де, шоқпарын көтере ақырып қап, тұра ұмтылды. Күтпеген кезде аяқ астынан шыға қалған адамның даусын естіп, іле өзін көргенде бөлтіріктер жалт қарап, аңырып тұра қалысты. Адамды медеу көргендей, қысылған лақ та маңырап қоя берді. Жандос та шоқпарын көтере айқайлап жүгірді.
Қалқаманның лақты құтқарам деген үміті алданды. Обаның ар жағынан үлкендігі тайыншадай бір қасқыр шыға келді де, айқайлап жүгіріп келе жатқан Қалқаман мен Жандосқа одырая бір қарап, лақты бас салды. Алдыңғы екі аяғынан қапсыра тістеген лақты ол сілкіп иығынан тастады да, қалың ағашқа қарай көлденеңдеп тартты. Бөлтіріктері соңынан шұбай жөнелді. Балалар жүгіре қуып айқай салған болды. Қасқырлар оны елең де қылған жоқ, көсіле шауып, қалың орманға кіріп кетті.
(Мұқанов)
Мазмұндау жоспары
1. Орманға саяхат.
2. Ешкі бүлдірген.
3. Лақ даусы, Қалқаман жорамалы.
4. Лақтың аянышты халі.
5. Қалқаман лақты құтқарды ма?
Кенжалы шешен
Жылқыларын барымтаға алдырған бір әлсіз ауыл еліндегі бір пысығын Кенжалыға жіберіпті. Ол есіктен кіре бере:
- Ассулаумағалайкум, алдияр, естіген құлақ - екеу,-депті де тұрып қалыпты.
Кенжалы оған:
-
Уағалейкумсалам, батырым, көрген көз үшеу, қайта бер, - депті.
Сонымен келген шаруасын бітірген кісі еліне қайта бет алыпты. Жолда қасына ерген серіктері, не болғанын ұқпай қалған болса керек, бұл не, қалай? - деп сұрапты.
Сұрақ-тапсырма: Мұнан сендер не ұқтыңдар?
Жауап: Даугерлердің басшысы былай деп жауап беріпті:
- Біз қолды болған жылқымыз туралы екі түрлі хабар естідік. Алдияр, оған сіз не дейсіз, - деп сұрадым биден.
- Оның рас, батыр, жылқылырыңды айдап әкеткен барымташыларды көрген үш куә бар. Сол арқылы өзім қайтарып беремін, - деді би. Сонымен біз кері қайттық деп түсіндіріпті.
Бала Қазыбектің билігі
Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:
- Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым, - деп тұлпардың шылбырына жармасады. Атты бәйгеге қосып отырған иесі:
- Жоқ, бұл мүлде жала, өзімнің кер биемнен туған қолтума малым, - дейді. Көпшілік екі жағына да "сенікі жөн" деп айта алмай, содан барып қаз дауысты Қазыбектің әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек те шешімін кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады. Екі даугердің дәлелдеріне құлақ түре жүріп, оған тұжырымды билік айта алмай дағдарып отырған әкесін байқап, жеті жастағы Қазыбек даугердің
біріне:
-
Сенің танығыштық қырағылығыңыз қандай? деген сұрақ қояды. Оған "Мен атымды тай күнінде жоғалттым" деген адам:
-
Мен енесін көрмей, одан туған төлін көрсем, енесін жаза баспай танимын, - дейді. Сонда Қазыбек атты бәйгеге қосқан адамға:
-
Кәне, сіздің танығыштық қырағылыңыз қандай?-дейді.
- Мен енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын, - дейді.
Сонда Қазыбек тұрып:
Сұрақ-тапсырма: Бала Қазыбек қандай билік айтты деп ойлайсыңдар?
Жауап: Сонда Қазыбек тұрып:
-
Жарайды, енді екеуіңіз барыңыздар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңіздер, - дейді. Олар барып алып келгенде:
-
Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді өзің әкелген қозының енесін алып келіңіздер,- дейді.
Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп, қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан әкелген саулық қозыны алмайды, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды.
Ал "Тай күнінде жоғалттым" деген адам саулыққа қозысын салғанда, енесін еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.
Қазыбек көпшілікке қарап:
-Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар?- дегенде, көпшілік бір ауыздан:
- Ат-тай күнінде жоғалтқан адамдікі, - десті.
Құрбандық
Жер бусанып жатыр. Ана бие қыс бойы төрт қабырғадан мезі болған, көктемнің күн шуағына жадырап, асыр сала ойнақтаған құлынына сүйсіне қарап, тобық бойы көтерілген көкмайсаны бортылдата жұлып оттап тұрған. Кенет басын оқыс жерден жұлып алды. Әлгіде ғана маңынан ұзамай жүрген құлыны ұзын, арық аяқтарын алға соза қырдан аса шапқылап барады. Жүрегі бір жамандықты сезгендей оқыранып алды да, соңынан жөнелді. Қуып жетуге таяқ тастам жер қалғанда бір бүйірден жүк көлігі шыға келді. Сасып қалған ессіз құлын айдалаға қашу орнына машинаға қарай бет түзеді. Жаны ыршынған ана бие соңғы дәрменін жиып, көліктің алдына жетті. Түйсіксіз төлін кеудесімен қаға, екпінімен жер сүзе құлады.
Іңір қараңғылығы түсе салбырап қалған артқы аяғын сүйрете басып, ауылға ілбіп жетті. Демін әзер алып, ентіккен құр сүлдерін көргенде өзін шарқ ұрып іздеген иесінің көңіл-күйін түсінгендей. Әлгінде үрейі ұшып, бетімен лағып кеткен төлін көре алмаған соң, ащы үнмен шұрқырай кісінеп қоя берді. Қайдан шықканы белгісіз, жортандай келіп, бауырына ене берді. Құлынның жұпар исін мейірлене иіскеді. Бауырын солқылдата емген төлінің ыстық ерніне тәні ерігендей көзін жұмып біраз тұрды. Буындары босап, жарық дүние шыр көбелек айналып, көзі қарауытты. Ақтық күшін жинап баурындағы құлынынан сәл алшақтады. Жарық дүниені қимағандай әсем мойнын соза біраз тұрды да, қалшылдап барып жерге гүрс етіп құлап түсті. Алқымына өткір пышақ тақалғанда да тұяқ серпіп, селт еткен жоқ. Тек бірте-бірте жанары тайып бара жатқан көзінен парлаған ыстық тамшылар топыраққа тамып жатты.
(K.Тілепова)
Мазмұндау жоспары
1. Асыр сала ойнақтаған құлын.
2. Жүк машинасы.
3. Ана биенің әрекеті.
4. Жаралы бие.
5. Көзден парлаған ыстық тамшылар.
6. Әңгімеден қортынды шығарыңдар.
Ата - балаға сыншы
Ертеде бір данышпан өмір сүріпті. Оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып ер жетіпті. Айдан ай,жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде қария ұйықтай алмай дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі мен қызы:
- Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ әлде алыста жүрген балаларыңызды сағындыңыз ба?- дейді.
- Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қыз әкесіне келіп:
-
Арманыңызды айтыңыз, мүмкін көмегіміз тиіп қалар, - дейді.
Қария айтады:
- Ешқандай құпиям жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиіс. Соны білу менің арманым.
Қызы сәл ойланып:
- Ой, ата, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз,- деп, қызы мен кемпірі жол қамына кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, қөп жүрді ме кім білсін? Бір күні үлкен ұлына жетеді.
Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіріп қойып, қамырын салып жатқанда, шал баласына қарап:
-
Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші,- дейді. Ұлы жақсы жері дәу де болса санның еті шығар деп, сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиеді.
- Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, - дейді. "Еттің де жаман жері бола ма?"- деп, ұлы сәл ойланып тұрып: "Әсте тіс өтпейтін сіңір жаман жері шығар", - деп сіңірден кесіп береді. Сіңірді алып, аздап ауыз тиеді. Артынша тамақ та келеді. Асын жеп, сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасып қайтады.
Данышпан қарт жүріп отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Ол да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Екінші ұлына да қарт риза болады. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Қайтар кезде екі ұлына қойған сауалын кіші баласына да қояды. Сонда кенжесі мұнда бір сыр бар шығар деп ойлайды. Сосын бастың тілінен кесіп береді.
- Балам, енді жаман жерінен кесіп берші?- дейді.
Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі:
-
Балам, мұның қалай, жақсы жерінен кесіп бер десем, тілінен кесіп бердің, жаман жерінен десем, тағы да тілінен бердің, - дейді.
Сұрақ-тапсырма: Сонда кенже ұлы не деп жауап берді деп ойлайсыңдар. Үш баласының қайсысы ақылдырақ?
Жауап: Сонда баласы:
- Ой, ата-ай, сіздің мені сынап отырғаныңызды біліп тұрмын. Жақсы да, жаман да ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. "Екі елі ауызға төрт елі қақпақ" дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмайды. "Басқа пәле тілден",- деген екен. Қарт үшінші ұлының ақылдылығына өте риза болған екен.
Данагүл
Бірде Төле би алыстағы жекжаттарына барып, атқосшы екеуі ғана қайтады. Үшінші күні олар қырық қарақшыға тап болады. Қатыпезерлер аттары мен киімдерін тартып алады.
Сонда Төле би:
- Әй, батырлар, сендерге мал керек пе, әлде жан керек пе? Егер жан керек болса, бір шал мен бір жігітті өлтіріңдер де, ат-тонын алыңдар. Ал енді мал керек болса, мен сендерге бір қора мал берейін. Екеумізді босатындар.
Сонда қырық қарақшының басшысы:
- Бізге, әрине, мал керек. Мына шөлде не үшін жүрміз? Мал үшін жүрміз. Қара басың қалқиып малды қалайша бермексің? - дейді.
- Менің малым көп, мен бай адаммын. Жүз түйе, жүз жылқым бар. Жасым алпыстан асты. Маған жанымнан мал артық па? Өлсем артымда қалмай ма? Мен ауылға хат жазайын. Кенже ұлыма құда түсіп, біреудің қызын әпермек болдым. Соған қырық құнан, жиырма буыршын, сегіз ақ бас атан берсін. Он босағамда күмісім, сол босағамда алтыным бар. Өзімнен басқа тірі жан білмеуші еді, - деп Төле би:
- Алтын қадірлі ме, күміс қадірлі ме?
- Ой, алтын қадірлі! Алтынныңыз болса, соны жіберсін деңіз, - деді қарақшылардың басшысы.
Екі қарақшы Төле бидің аулына келеді.
- Тосқауыл деген кісі мына қағазды беріп жіберді. Кенже ұлына қыз айттырған екен. Мына малды берсін,- дейді.
Ауыл адамдары ақылдаса келіп, мал бермек болады. Сонда Төле бидің келіні Данагүл:
- Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қарақшылардың қолына тұтқын болып түскен екен…
Сұрақ-тапсырма: Данагүл атасының жұмбағын қалай шешті? Әңгімені өз беттеріңше ой қорытындысын жасап, аяқтаңдар.
Автор былайша аяқтаған
- Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қарақшылардың қолына түскен екен. "Қырық құнан берсін" дегені, қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені "Жиырма буыршын берсін" дегені, жиырма палуан берсін дегені. "Сегіз ақ бас атап берсін" дегені, сегіз ақсақал келсін дегені. Сол босағадағы алтыны мен едім, Оң босағадағы күмісі баласы еді. Атам мені артық көруші еді. "Жұмбағымды шешер" деп ойлаған екен. "Алтынымды түгел берсін" дегені, "Мені алып келсін" дегені, деді.
Отырғандардың бәрі Данагүлдің ақылына таң қалысты.
-
Жарайды, мал береміз, - деп екі қарақшыны, бір-екі күн қонақ етті. Үшінші күні Малды жинап жолға шықты. Екі қарақшы жол бастап келеді. Бірнеше күн жол жүріп, құмның шетіне іліккен соң Данагүл:
- Ал енді жақындап қалдық, Сіздер алдымен барып, хабар беріңіздер, - дейді.
Алпыс жігіт, сегіз ақсақал соңдарынан жарысып ілесіп келе жатқан еді. Ойларында дәнеңе жоқ екі қарақшы оза шауып қосқа келді.
Тапсырма: Әңгімені өз беттеріңше аяқтап шығыңдар.
Сапақтың жауабы
Сапақтың бозбала кезі болса керек. Шешендігімен ауызға іліккен жас баланы сынымақ ниетпен Әулиеатада тұратын ел ағасы Ысақ деген кісі оны қонаққа шақырыпты. Екі жолдасымен келген Сапақты жақсылап күтіп, ертеңінде аттандырарда Ысақ:
-
Шырағым Сапақ, қазақтың кейбір мақалдарына түсінбедім, соның мәнін сенен сұрайын деп едім, - дейді.
-
Сұраңыз, Ысеке, шамамның келгенінше жауап беріп көрейін.
-
"Ер егіз болады, еңбек жалғыз болады" дейді, соған түсінбедім. "Қырық жыл байлық бар, қырық жыл жарлық бар" дейді, бұған да түсінбедім. Дүниенің қызығы не? Бақ қызық па, байлық қызық па, бала қызық па?
Сенен соны сұрайын деп едім.
- Ысеке, бұның бәрі біздің сұрап, сіздің шешетін нәрсе екен.
- Неге, Сапақ шырағым, "Асыл-тастан, ақыл-жастан" демей ме?
- Онда сауалдарыңызға жауап қайтарып көрейін,- депті Сапақ.
- Ер егіз деп айтуға болмайды. Анадан егіз туғанмен екеуі екі жерден қыз алады. Әйелдері егіз болмаған соң, олар егіз бола алмайды. Көргенді жерден қыз алсаң, өзіңнің жоғыңды білдірмей қонағыңды оң қабағымен қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салып отырса, егізің сол болады. Еңбекті жалғыз деген - ол да әйелден. Көргенсіз жерден қыз алсаң, от басының күлін шашып, келген қонағыңды ішке тартпай, сыртқа тепсе, қанша көпшіл болып, қанша еңбектенгеніңмен жалғыз қаласың.
Бірінші байлық денсаулық. Адам қырыққа келгенше бай емес пе, күш қуатың бойыңда, денсаулықтан артық байлық бар ма? Одан әрі ыңқыл-сыңқыл көбейіп, ауырмайтын жерің, сыздамайтын сүйегің қалмайды, Сексенге дейін қырық жыл жарлылықтың мәні осы болар.
Бақ дегеніміз тойға келген қыз емес пе? Байлық дегеніміз қолға ұстаған мұз емес пе? Бала деген артта қалған із емес пе?- деген екен.
Байсерке абыз
Байсеркенің айтқаны орынды, болжамы дұрыс келгендіктен халық оны "Дуалы ауыз" атапты.
Бір күні елден шыққан екі жалқау келіп:
-
Абыз ата, болашағымызды болжап беріңізші, жолымыз болып олжалы оралар ма екенбіз? - деп сұрапты.
Сонда Байсерке:
-
"Талапты ерге нұр жауар". Ерінбей іздеп, жалықпай еңбектенген азаматқа мал табылмай ма? Оның болжайтын несі бар, - депті.
-
Еңбектеніп несіне әуреленеміз? Ақ теңіздің ар жағында ақша жауып тұрады дейді. Сол рас болса, барып аламыз да, арбалап тасимыз. Бұған не айтасыз?- дейді екі жігіт.
- Е, жігіттер, еңбексіз мал табылмас, егінсіз нан алынбас. Менен ақыл сұрасандар: "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген. Мал іздесеңдер еңбек етіңдер. Ондай жұмыс ауылдан да табылады.
Жалқаулар еңбексіз мал тапқысы келетінін айтады. Ақ теңіздің ар жағында ақша жауып түрған жерге баруға бел байлайды. Соны болжап беріңіз деп тағы да қолқалайды. Сонда қарт керегенің басында тұрған домбырасын қолына алып:
- Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ, Көзің көрмейтін, қолың ұстамайтын, мал бар дейді жігіттер. Алжып жүрген көк бөрі, ақсақ қойдан үміткер. Ақ сөйлегіш ақ марту, осының жайын біліп бер, - деп, тыныстап алады да:
- Оны іздеген азамат темір етігінен теңгедей қалғанда, темір таяғы тебендей болғанда табады, - дейді.
- Басында шашы, аузында тісі жоқ алжыған шалдың айтқаны осы болса, ақылшыға жарыған екенбіз!,- деп жалқаулар ақша жауған Ақ теңізді іздеп жолға шығады.
- Бәкесі-ау, айдалада ақша жауа ма?, дейді шалдың кемпірі, - еңбексіз мал табыла ма? Солай деп неге айтпадыңыз жігіттерге?
- Е-ей, мен айттым емес пе? Сайда саны жоқ мал бола ма? Құмда ізі жоқ аң бола ма? Темір етік теңгедей болуға көңіл жете ме? Темір таяқ тебендей болуға – өмір жете ме? Дауыл болмай жауын болмас, ит күшіктеп сауын болмас. Жалқау адам - жер қадірін білмес, жетесіз жігіт - ел қадірін білмес, - дейді қарт Абыз.
Арада айлар өтеді. Аспаннан жауған тегін ақшаны таба алмай, азып-тозған қос жалқау еліне қайтып зорға жетеді.
("Ел аузынан"кітабынан)
Тапсырма: Жоспар құрып, мазмұндап шығыңдар. Ой қорытындысын жасандар.
Базаршы жігіт пен ақылды қыз
Ертеде бір бидің жалғыз ұлы болыпты. Ақылдылығы мен әділдігі үшін ел аузына іліккен би ұлының болбыр өскеніне налыйды екен. Бірде алыс сапар үстінде келе жатқан әке баласын сынамақ болып:
-
Қарағым, ұзақ жолды қалай қысқартуға болады? дегенде ұлы мандытып жауап бере алмайды.
- Ой, жетесіз, әсерлі әңгіме айта білсең жолдың қысқарғаны сол емес пе,- деп қатты күйінеді.
Би бір күні ұлының алдына жүз саулық салып, базарға айдатады. Сапарға шығар алдында шартын айтады:
-
Балам, мына малды базарда ретін тауып үш рет сатып, пұл етерсің. Бір рет сатсаң сен маған ұл емессің, үйдің бетін көрме, - дейді.
Әкенің қатал сынына ұшыраған байғүс бала малын айдап базарға келсе, сатып алушылар көп екен. Саулықтардың құнын сұраған халыққа:
- Әр басын үш реттен сатамын, - дейді иесі.
- Оу, бір қойды үш рет сатқанды кімнен көріп едің? деп таңырқаған жұрт теріс айналып кете беріпті.
Күн артынан күн жылжып, малы өтпей, әбден қажып, шаршаған базаршы жігіт малының жанында бүк түсіп жата береді.
Жігіттің мұң басқан жүзін көріп аяп кеткен бір жас қыз:
- Неге сонша жабырқаусың, жігітім!- деп сұрайды.
Жігіт болған жайдың бәрін баяндайды. Мән-жайды түсінген қыз сонда былай депті:
Сұрақ-тапсырма: Қыз қандай ақыл айтты деп ойлайсындар? "Ретін тауып үш рет сатарсың" дегенді қалай түсіндіруге болады.
Жауап:
-
Қораңдағы малды үш рет сату үшін менің айтқанымды бұлжытпай орындауың керек. Алдымен анау қара орманнан ағаш қиып әкеліп, қора жаса. Қойды сонда ұста. Уақыт өткенде қораң қиға толады. Малдың жүні өседі. Содан кейін қиды бір сат, жүнді екі сат. Малдың өзін және сат. Бір баста үш рет сату деген осы.
Жігіт ақылды қыздың айтқанын мүлтіксіз орындапты.
"Ел аузынан" кітабынан
Батырдың даусы
Ерте заманда Оқжетпестің шыңына бір бүркіт ұя салыпты. Балапаны темір қанат болғанда өлімтік пен жемтік, тышқан мен саршұнақ сияқтыларға көзінің қырын да салмай, бірден қозы, лаққа түсіпті. Соларды аулауға баулапты. Бара-бара үш жылғы ту қойды, алты жасар азбанды көкке бір-ақ көтеретін болыпты. Небір құсбегілер қанша аңдығанмен қолға түсіре алмапты. Атып тастауға қыранды өлімге қимапты.
Бір күні жаңағы бүркіт көп сиырдың шетінде келе жатқан құнан өгізге тырнақ салыпты. Бірақ өгізді көтеріп әкете алмапты. Ыза кернеп тырнағын батыра беріпті, батыра беріпті. Ақырында аяғы қарысып, өгіздің етінен тырнағын суыра алмай қалады. Өкірген дауысқа ауылдан андыздап адамдар жетіп келсе, өгіздің үстінде жабысып бүркіт отыр. Болат тырнақтар қолқа-жүректі тесіп өтсе керек. Өгіз өліп қалыпты. Бүркіттің өн бойын арқанмен шандып, өгіздің терісін пышақпен тілгілеп, жырта қарыс кіріп кеткен тұяқты әзер дегенде суырып алыпты.
Бүркіт, әрине, өгіздің иесіне тиеді. Бірақ қанша айналдырғанымен құстың тілін білмейтін адам ырқына көндіре алмайды. Көзі жайнап шаңқ-шаңқ етеді. Ана кісінің одан сайын зәресі ұшады, маңына жуи алмайды.
Бір айдай уақыт өткен шақта бұл хабар қанжығалы қарт Бөгенбайдың жорықтарда бірге жортқан қанды көйлек серігі, Атығай руынан шыққан Андығожа батырға жетеді.
Қыс түсіп, қар үш жауған соң Андығожа батыр бүркітін қолына қондырып, жанына бір топ адам ертіп, Көкшенің бойына аңға шығады. Бір сайдан бұлаң етіп қызыл түлкі жөнеле береді. Батыр бүркітінің томағасын сыпырып қалады. Бірақ бүркіт түлкіге қарамай, аспанға тіке атылады. Көкке шырқап шығып, үш рет саңқылдап, күн батыс қайдасың деп тартып отырады.
Батыр бүркітінен айрылады. Ол ойлана-ойлана: "Бұл Оралдың ақиығы еді ғой. Қыран ата-бабасының туып-өскен жеріне тартқан екен" деген тоқтамға келеді. Жанына үш жігіт ертіп, жетектеріне қос аттан алып, батыр Оралды бетке ұстап жолға шығады. Айшылық жол жүріп Орал сілеміне жеткенде, бір үйге қонады, Жол сұрасып, жөн біліскеннен кейін үй иесі:
- Бүркітің келді, батыр. Бір аяғында балақ бауы бар. Айтуыңызға қарағанда сол. Анда-санда көрінеді, көрінгенде мал демейді, жан демейді, қорқу-жасқану дегенді білмейді, шүйіліп келіп түседі. Сегіз "найзасын" салып жібереді де, аспанға бір-ақ көтеріледі.
Батыр өзінің құс салғанда мінетін Таушұбарына мініп Оралға шығады.
Құстың көзі қиядағыны көреді. Үстіне құлын жарғақ киген батыр иесі мен астындағы Таушұбарын таниды. Саңқылдап аспанға көтеріледі. Құсын батыр да көреді. Айғайға басады. Қүс өзіне таныс дауысты естіп, есінен танып қалса керек, айналап қалықтайды да жүреді. Үш айналып шыққанда, батыр тағы айғайлайды. Сол кезде бүркіт зу етіп келіп, батырдың қолына қонады. Үйіндісі үш қанат үйдей құстың екпінінен Таушұбар теңселіп кетіпті, бірақ жығылмай тұрып қалыпты.
("Ел аузынан" кітабынан)
Генерал Ямаситаның жұмбақ қазынасы
1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың бас қаһармандарының бірі - Жпония генерал-лейтенанты Томоюки Ямасита. Ол - Бирма, Малая, Маньчжурия, Жаңа Гвиная, Сингапурды Жапонияға бағындырған атақты сардар. Өкініштісі сол: атақ-даңқы әлем есінде даңқты жеңістермен қалмай, авантюристік істерімен қалды. Бұл күнде жас ұрпақ Жапонияның әскери қолбасшыларының бірде-бірінің есімін білмейді. Ал Томоюки Ямаситаның есімі ауыздан түспей, аспандап тұр.
Оның сыры неде?
1944 жылы Ямасита Америка қарулы күштерінен Филиппин аралдарын қорғауға жібереді. Көреген қолбасшы соғыстың өздері үшін сәтсіз аяқталатынын болжап, қорғанысты ұйымдастырудың орнына жеңісті соғыстарда өз қолына жинақталған алтын мен қымбат тастарды жасырумен шұғылданған. Қолына түскен тұтқындарға Лусон аралынан 40 метр шамасындай түнел қаздырған. Онда жұмыс істегендердің, қаздыруға басшылық еткендерін бірін қалдырмай түгел аттырып жіберген.
Сөйтіп жер қойнына жасырылған байлықтың жалғыз иесі Ямасита болып қалады. Ол байлықтың мөлшері 200 миллиард доллар екен. Бірақ Ямасита ол байлықтың қызығын көре алмады. Өйткені 1946 жылы дарға асылды.
Бір адамның емес, түгел бір елдің өміріне жететін қыруар қазына жер астында қалды. Ол байлықтың жасырынған жерінің картасы бар ма, жоқ па белгісіз. Қазына іздеушілердің қолында неше түрлі карталар жүр. Ал оның үстінен түскен ешкім жоқ. Қысқасы, Жапон генерал-лейтенанты Ямасита жасырған қыруар алтын бұл күнде әлемнің дәулет құмарларын шырт ұйқыдан оятады. Оны тауып, қазынаға құйып алу мақсатымен әлемнің ең таңдаулы қазына іздеушілері мен барлаушылары осында тоғысқан. Араларында алаяқ авантюристер де жеткілікті. Жалған ақпар, өтірік карталар жасап, бір-бірін дұрыс жолдан шатастыруда. Кісі өлімі, терроризм құтырынып тұр.
Ямасита өзі өлгенмен, артында шешуі қиын жұмбақ, бітпес дау тастап кеткендей.
("Қазақстан әйелдері" журналы)
Мазмұндау жоспары
1. Генерал Томоюки Ямасита.
2. Көреген қолбасшының әрекеті.
3. Қыруар байлықтың генералға бұйырмауы.
4. Қазына іздеушілер.
5. Шешуі қиын жұмбақ.
Тапқыр Таймас
Ертеде қылышынан қан тамған бір зұлым хан жоқты сылтауратып, жазықсыз халықты жазалай беріпті. Сол елде адал еңбегімен күн кешкен ақылды Таймас деген жігіт болыпты. Жұрт дау-дамайын шешу үшін үнемі соған келіп жүгінеді екен. Әлгі хан халықтың өзінен емес, Таймастан ақыл сұрайтынына намыстанып, оның көзін жоймақ болады. Талай рет жала жауып, тұзақ құрса да тапқыр Таймас құтылып кете берген.
Әбден айласы таусылған хан барлық уәзірлерімен ақылдасып, оны құртудың амалын тапқандай болады.
Таймасқа өтірік жала жауып зынданға тастайды да, халыққа хан былай деп хабарлайды:
-
Уа, халайық, үкім әділ болу үшін, екі жапырақ қағаздың біреуіне "өмір", екіншісіне "өлім" деп жазамын да Таймасқа ұсынамын. Ол екі қағаздың біреуін алуы тиіс. Сонда не жазылса, Таймасқа кескен ең соңғы жазам сол. Бұл жолы да құтылып кетсе, өмірбақи тиіспеймін.
Бір күні хан бүкіл халықты жинайды да жігітті жазалауға кіріседі. Жұрт алдында жендеттер бүктелген екі қағазды ыдысқа салып ұсынады. Алайда екеуіне де "өлім" деген сөз жазылған еді.
Сұрақ-тапсырма: Мұндай жағдайда өмірді қалай сабақтап қалуға болады? Таймас өлім тырнағынан қалайша құтылды деп ойлайсыңдар? Әңгімені өз беттерінше аяқтаңдар.
Жауап: Таймас ханның арам ойын біледі де қағаздың біреуін алып, аузына салып шайнап-шайнап жұтып жібереді.
Бұған хан да, халық та таңданады. Оның бұл тосын қылығына хан не істерін білмей сасып қалады.
Сонда халық арасынан бір қария шығып: "Уа, хан ием, жігіт қағаздың біреуін жұтып қойды, сол қағазды алды деп есептейік. Ендеше қалған қағазды ашып оқиық та, жігіттің жұтқан қағазында не жазылғанын білейік",- депті.
Екі қағазға да "өлім" деп жазған хан амалсыз қалған қағаздағы сөзді оқуға мәжбүр болады. Сөйтіп Таймас ханның зорлық-зомбылығынан біржолата құтылып кетіпті.
("Ел аузынан" кітабынан)
Қыпшақ Сейтқұл
Қыпшақ Сейтқұл отыз үй кедейді қайтсем тамағын тоқ, көйлегін көк етіп, халық қатарына қосамын деп ойлады. Саудамен шұғылдануға мал жоқ, Барымталап мал алсам, күндердің күнінде олар бізден қарымта қайтарар. "Жортуыл басы жолда қалар" деп, бұрынғылардың айтуынша, ол бізге қол емес деп табады. Сонымен бәрін ой елегінен өткізе отырып, бір шешімге келеді.
Сейтқұл әуелі тұрмысқа қолайлы орын іздейді. Көп жерді кезіп жүріп, ақырында Торғай маңындағы Қабырға деген өзеннің бойын таңдайды. Қатал қысты өткізіп, көктемнің жайлы шуақ кезінде отыз үй кедейді Қабырға бойына көшіріп келеді.
Жаңа мекенге келісімен бүкіл жамағатымен қолдарына кетпен алып жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен арық қазып, егінге су жібереді. Бабы жақсы болған егін мол өнім берді. Артық астықты төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Сейткұл егіс көлемін жылдан-жылға молайтып табыстарын еселей түсті. Арық басына шығыр орнатып, жаңа жерлерді игеруге күш салды. Еткен еңбек зая кетпеді. Табыс та тасқындай түсті. Артық астық малға айырбасталып, байыған үстіне байи түсті. Мұны көріп көшпелі елдің жарлы-жақыбайлары Сейтқұлға қосылып, бес-алты жылда отыз үйлі ауыл төрт жүз үйге таянды.
Дәулетті де бай жұртқа көз алартатындар көбейді. Адал бейнет, табан ет, маңдай термен табылған дәулетті жаудан, ұрыдан, дала тағыларынан сақтаудың қамын ойлады. Солардан сақтану үшін Сейтқұл халқымен кеңесіп, бір қолайлы жерден шымнан биік те берік қорған салдырды. Малын қорғауға қарулы қарауыл ұйымдастырды. Бұлардың "бір жеңнен қол, бір жағадан бас" шығарар ұйымшыл халық екенін байқаған оңай олжаға қызыққандар батып келе алмады. Бұл жағынан көңілі жайланған Сейтқұл Бұхара, Қоқанға мал айдатып, орнына қажетті тауарлар алдырды. Жылда егін орағынан соң, қорған алдында жәрмеңке ұйымдастырды. Айналасындағы көшпелі халық малын, жүн-жұрқасын, тері-тергесін алып келіп егінге, тауарға айырбастайтын болды. Осылайша бір жағы егін, екінші жағы саудамен айналысқан Сейтқұлдың жұрты асқан бай болыпты.
Сұрақ-тапсырма: Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады.
Халқының ынтымағы үшін
Сырдың орта тұсы жері құнарлы, малға жайлы қыратты даланы екі рулы ел, Қоңырат пен Сіргелі, қатар қоныстанған екен. Бірде шағын той-тамашасы кезінде көкпардағы қақтығыста басына сойыл тиген жасөспірім атынан құлап мерт болады. Жігітінен айрылып, ыза мен кек кернеген сіргелі жағы қатты толқиды. Көңіл айта келіп, ымыралыққа шақырған игі жақсылардың әрекеттерінен ештеңе шықпапты. Дала заңына сай құн төлеу, жер беру сияқты ұсыныстарын қабылдамапты. Кектеніп тастүйін болған ел жұдырықтай түйіліп елін шабамыз, біз де олардың азаматын өлтіреміз. "Қанға-қан" деп кектенген сіргелілер дүрлігіп алған көрінеді.
Аузы дуалы, не беделді кісілердің тоқтау сала айтқан сөздері, бейбіт жолмен шешімге келу ұсыныстары ешкімге дарымапты. Егер мәселе қан төгіспен шешілетін болса, сіргелі жағының күші басым көрінеді, Әрі ашу-ыза мен кек дүлей тау қопарар қайратты қоздырар емес пе?!
Ақыры скі жақтан да ат жалын ұстаған ер азаматтары білек сыбана шығып, мәселе ашықтан-ашық қарулы қақтығыс нәтижесінде шешілетін жағдайға жетіпті.
Ұрыс майданы мен мезгілі белгіленіпті.
Жылау-сықтау мен зарлау, қақтығыстың соңы немен тынарын білмеген халықтың қайғысы зіл-батпан болып, елдің еңсесін езген жайт болыпты.
Айтылған уақытта уәделі жерге сақадай-сай атқа мінген жігіттер қарама-қарсы тұрыпты. "Қанға-қан" ұраны айтылып, аттың басын жіберсе, қырғын қантөгіс болары хақ. Іргелес екі елдің арасында жазылмас терең сызат түсері анық.
Сол мезетте көршілес елден келген пайғамбар жасындағы Қайыржан ақсақал атын қамшылап ортаға шығыпты. Қара бұлттай түнере қолын көтеріп:
- Уа, ағайын тоқтатыңдар! Бұл зұлмат хабарды есітіп, жеткен жерім осы болды. Бұл сойқанға кім кінәлі? Кім-кімді әдейі өлтірді, өлім хақ емес пе?! Ол жас кәріні таңдамайды. Алланың үкімі осылай болыпты, оған қарсы шығып, ата-баба жолымен болатын келісімді неге қабылдамайсың, сіргелі балалары?- депті.
Сонда сіргелі жағының үлкені алға шығып.
- Бұл - бітісуден кеткен іс. Мұны тек қанға қан төгу жолымен шешеміз, - депті.
- Басқа лаж жоқ па сонда?
- Жоқ, жоқ, - деп дүрлігісіпті желігіп алған жастар.
Қайыржан атының басын кілт бұра артына қарап:
- Басқа лаж жоқ болса, онда тыңда, ағайын, менің құдайдан тілеп алған жалғыз ұлым Мұзаппар осы жерге менімен ере келді. Елдің тыныштығы, халықтың бірлігі үшін мен өзімді де, жалғыз баламды да құрбандыққа шалдым. Шабыңдар, қанымызды судай ағызыңдар да басылындар, ел күйзелмесін, - депті.
Сәл үнсіздіктен соң:
- Тағдыр осылай болды, ұлым, кел ортаға дегенде, 16-17 шамасындағы жас өрен атын қамшылай әкесінің қасына келіп, қасқая тұрған екен. Мұндай шалт қимыл мен ерлік ерекше толғаныс тудырып, жауыққан жұртты сабасына түсіріп, елді ымыраға келтірген екен.
(Нұрахмет Мұталиев)
Мазмұндау жоспары
1. Тойдағы қаза.
5. Мұзашардың ерлігі.
2. Екі елдің ымыраға келмеуі.
3. Қарулы қақтығыс жағдайы.
6. Жауыққан жұрттын ымыраға келуі.
4. Қайыржан ақсақалдың әрекеті.
Бала патша
Ерте заманда Мұхит деген ханның сарайына балалар жиналады екен. Олардың ішінде Жақып деген бала хан, екіншілері уәзір, бек, үшіншілері жендет болып ойнайды. Барлық балалар Жақып ханның билігіне риза болып, бас иіп тұрады екен. Сөйтіп балалар Жақып ханның берген әмірін мүлтіксіз орындап, үйлеріне кеш қайтып жүреді.
Күндердің бір күні Мұхит ханның алдына екі кісі дауласып келеді. Сондағы даулары: екеуінің де жетелеген екі қара биесі, олардың арасында бір ала кұлын бар. Құлын екі биені де емеді. Биелер де ала құлынды қабылдайды. Дауласып келгендер: "Менің биемнен туылған, менің құлыным", - дейді.
Хан сұрастырып көрсе, екі биеде өткен күні құлындаған екеуі де көрмеген. Күндіз биелер бір құлынды тең емізіп жүргенін бірақ көрген. Дау осыдан басталыпты. Қара қылды қақ жаратын әділ хан шешімін таппай дал болып отырғанда, бір жас бала:
- Ой, құдай-ай, осынша адам бір құлынның қай биеден туғанын айқындап бере алмай отырғанын қарашы! Егерде Жақып хан болса, бұл істі бағана-ақ шешіп беретін еді!- депті.
Бұл сөзді естіген Мұхит:
-
Ей, бала, осы дауды сендердің хандарың шеше ала ма?- деп сұрапты. Сонда бала:
- Әрине, тақсыр, - деп жауап беріпті.
Сонда хан бір адамды жіберіп, жеті жастағы бала хан Жақыпты ойнап жүрген жерінен алдырыпты.
-
Балам, бұл дау жайында сен не дер едің?- депті
Мұхит.
Сонда балалардың ханы:
- Бұл көп ойланарлық іс емес қой, - дейді.
Сұрақ-тапсырма: Жақып дауды қалай шешті деп ойлайсындар? Қай биенің құлыны екенін қалай анықтауға болады?
Жақып бір шыны су алдырады. Құлын құлағының ұшынан кесіп, шыныдағы суға үш тамшы қан тамызады. Бірінші кісі биесінің құлағынан да үш тамшы қан алып, шыныдағы суға оны да тамызып:
- Мына құлын бұл кісінің биесінен туылмаған,- дейді.
Содан соң тағы да бір шыны су алдырып, оған тағы да құлынның үш тамшы қанын, екінші кісі биесінің құлағынан үш тамшы қан тамызып көріп:
- Мына құлын осы осы биенің құлыны, - депті.
Сұрақ-тапсырма: Жақыптың мұндай шешімге келуінің себебін түсіндіріңдер.
Жауап: Жиналған жұрт:
- Балам-ау, мұны қалай ажыраттың?- деп сұрайды.
Сонда Жақып:
- Өз енесінің қаны су ішінде өз құлынының қанымен қосылып кетеді. Ал басқа құлынның қанымен араласпай, екі бөлек жүреді, - деп екі шыныдағы қандарды жұртқа көрсетеді. Шынында да Жақыптың айтқанындай болып шығады. Ал ала құлынды өз иесі алып кетіпті.
Бала Жақыпқа Мұхит хан риза болып, үлкен сарай салдырып беріпті. Ол өзге балалармен бірге сонда ойнайтын болыпты.
Ат - аспаннан, нұр – бейіштен
Қай ата-ана болмасын, дүниеге келген нәрестеге жақсы есім беруге тырысады. Сәбиіне халық сүйген аяулы хандардың ныспын қою себебі де, ел-жұрттың қамын жейтін ұл-қыз болсыншы деген ізгі ниеттен келіп шыққан.
Ел аузында мынадай бір аңыз сақталған. Бір кісі өзінің жалғыз ұлына Бекет әулиенің есімін беріпті. Кейін әлгі бала ер жетіп, азамат болған кезде де әкесінің аузына қарап, жалтақтай берсе керек. Қартайған әкеге таяныш болудың орнына, қайта-қайта қолын жайып, көмек сұрайтын дағдысын қоймапты. "Әке, жолым ауыр болды. Мұндай бақытсыз болармын ба?" - деген ынжық ұлдың қор қылығына күйінген әке:
- Саған әулие Бекеттің атын бергенім аз болды ма, енді менен мұнан үлкен қандай жақсылық дәметесің?- деп жалғызына қамшы ала жүгіріпті.
XIX ғасырдың орта кезінде Абыз бидің батасын алмақ болып үш жігіт ел сыйлаған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап, оларға өзінше баға берген би бір кезде үшінші жігітке қарап: "Шын асылдың көзінде жасыл от болады", деуші еді. Қарағым-ай, ныспыңды айтшы?- депті. Сонда әлгі жігіт:
-
Әкемнің ныспы Жаманбала, өзімнің есімім Кәріпжан, дей бергенде, Абыз би бармағын тістеп, тіксініп қалыпты.
- Тек! "Ат-аспаннан, нұр-бейіштен" деуші еді. Ой, пәлі-ай, бекер болған екен, бекер болған екен, деп басын шайқаған Абыз би отырып-отырып былай деген екен.
Арысын жауға бермес,
Намысын дауға бермес.
Елдің ері, кісі танысам, сен боларсың,
Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың.
Кәріпжан қартайған кезінде "Жаманға бұйырған көп жақсы аттың бірін маған неғып қимады екен", деп налиды екен. Өйткені қара қылды қақ жарған әділ би өз кіндігінен перзент көрмепті.
("Наурыз" кітабынан)
Мазмұндау жоспары
1. Адам есімі.
2. Аңыздағы әке баласына еткен жақсылығы.
3. Абыз қарттың өкініші.
4. Кәріпжанның наласы.
5. "Ат-аспаннан, нұр-бейіштен" дегенді қалай түсінесің?
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
мұғалімдерге көмек мазмұндама

шағым қалдыра аласыз